Қазақстан Республикасындағы отбасы құқығының қайнар көздері. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал.
Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 Заңы
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала; 2) бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам; 3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен материалдық көмек көрсетуді, өмірде қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтік оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабілетті жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар; 4) баланы әлеуметтік оңалту – бала жоғалтқан әлеуметтік байланыстар мен функцияларды қалпына келтіру, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету ортасын толықтыру, оған қамқорлық жасауды күшейту жөніндегі іс-шаралар; 5) баланың әлеуметтік бейімделуі – өмірде қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мінез-құлық қағидалары мен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, сондай-ақ басынан кешірген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі; 6) баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар; 7) баланы экономикалық жағынан қанау – бұл бала еңбегінің ең нашар нысандары, оның ішінде кәмелетке толмағандармен сауда жасау, оларды қылмыстық әрекетке немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға, жезөкшелікпен айналысуға, порнографиялық суреттер шығаруға немесе кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту, сондай-ақ жұмысқа қабылдау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі жастан кіші балалардың еңбегі; 8) жетім бала – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала; 9) қамқоршылық – он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны; 10) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны; 11) мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар – мемлекет белгілеген әлеуметтік қызметтер көрсетудің, нормалар мен нормативтердің ең төменгі көлемін қамтитын, балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ететін негізгі көрсеткіштер; 12) мүгедек бала – тіршілік етуінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организмінің функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығына зақым келген он сегіз жасқа дейінгі адам; 13) патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам (патронат тәрбиелеуші) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегі тәрбиенің нысаны; 14) өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар – қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын балалар; арнаулы білім беру ұйымдарындағы, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы балалар
4-бап. Балалардың тең құқықтылығы
1. Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие.
2. Некеден де және некесіз де туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады.
3-тарау. БАЛАНЫҢ НЕГIЗГI ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы
1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.
2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды.
3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы:
1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау;
2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру;
3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қолдау;
4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу;
5) бiлiктi медициналық көмек көрсету;
6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау;
7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi.
9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы
Әрбір бала туылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тіркелуге тиіс. Туылған кезінен бастап оның аты, әкесінің аты және тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқығы, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқығы бар. 10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы
1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы
1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.
2. Мемлекеттiк органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылықты жүзеге асыратын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi. 12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы
1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.
2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.
13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары
1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.
2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп алуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар. Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.
3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар. Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы. Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарыменайқындалады.
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы
1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар. 2. Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі жетiм бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда олардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алуға құқығы бар. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй жетiм балаларда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болған кезеңде олар кәмелетке толғанға дейін сақталады. 5. Он төрт жасқа толмаған жетім баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үйін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.
15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы
1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi.
4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы
1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.
4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады. 16-1-бап. Баланың экономикалық қанаудан қорғалу құқығы
Әрбір баланың экономикалық қанаудан қорғалуға құқығы бар.
20-бап. Баланың мiндеттерi
Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ОТБАСЫ
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар. 22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары
Әрбір бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие.
23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi
1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері өздерiнің қабiлетi мен қаржы мүмкіндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
25-бап. Баланың ата-анасымен бiрге тұру құқығы
1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?