Қылмыстық жаза түсінігі және одан босату шарттары. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал.
Қылмыстың қоғамда жасалу себептері :
Кедейшілік
Жұмыссыздық
Мәдениеттің төмендігі
Адамгершіліктен азғындау
Отбасылық тәрбиенің дәрменсіздігі
Маскүнемдіктің етек алуы
Нашақорлық
Құқық қорғау органдары қызметінің қанағатсыздығы т.б.
Жаза түрлері :
• Айып салу
• Құқықтан айыру
• Қоғамдық жұмысқа тарту
• Еңбекпен түзету жұмысы
• Бас бостандығын шектеу
• Тұтқындау
• Әскери тәртіп бөлімінде ұстау
• Бас бостандығынан айыру
• Сотталушының мүлкін тәркілеу
• Өлім жазасы
Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлері – 79 бап
• Айыппұл :
• Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру ;
• Қоғамдық жұмыстарға тарту ;
• Түзеу жұмыстары ;
• Бас бостандығын шектеу ;
• Бас бостандығынан айыру ;
Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады
ҚР Қылмыстық Кодексінде қылмыскердің кінәсін жеңілдететін жағдайлар :
• Кінәлі істеген қылмысының зардабын өзі жойса
• Адам қылмысқа отбасы ауырлығы жағдайында, тағдыр басқа салған тауқымет салдарынан барса
• Қылмыс әлдекімнің мәжбүрлеуінен – қорқытуынан, материалдық жағынан тәуелді етуінен жасалса
• Қылмыс қажетті қорғаныс кезінде, қылмыскерді ұстау, бұйрықты орындау кезінде жасалса
ҚР Қылмыстық Кодексінде қажетіне қарай қылмыс жасаушының кінәсін ауырлататын жағдайлар :
• Қылмысты бұрын қылмыс жасаған адам қайталап жасаса
• Қылмысты адамдар тобы ұйымдасқан түрде жасаса
• Қылмыс жас балаға, қарт адамға қарсы және адамның дәрменсіз жағдайында жасалса
• Қылмысқа балалар немесе психикалық кемтар адамдар тартылса
• Қылмыс ерекше қатігездікпен, жәбірленушіні қорлау, оның қадірін, арын аяққа басу әрекеттерімен жасалса
• Қылмыс кәсіби антын бұза отырып жасалса
• Қылмыс киім формасын немесе өкілеттілікті куәландыратын құжатты пайдалана отырып жасалса.
Қосымша
Жаза — бұл мемлекеттің жасалған қылмысқа деген реакциясы. Егер қоғамға қауіпті әрекет жазаға әкеліп соқпаса, онда ол қылмыс болып есептелінбейді. Қылмыстың жазалану белгісі, қылмыстың міндетті белгісі болып табылады.
Жаза — соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттің мәжбүрлеу шарасы. Ол қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және ол адамды қылмыстық заңда көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу болып табылады.
Жазаның белгілері:
жаза — бұл мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше шарасы,
жаза жеке сипатта болады. Ол тек қылмыскерге ғана қолданылады және ешқандай жағдайда да басқа адамдарға жүктелмейді (мысалы, кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскердің ата-анасына);
жаза әрқашан қылмыс жасаған адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге байланысты оған белгілі бір моральдық қасірет әкеледі және белгілі бір құндылықтардан айырады.
Жазаның мақсаты
Жазаның мақсаты деп түпкілікті әлеуметтік нәтижелерді айтады, оған жазаны қолдану мен жүзеге асыру арқылы қол жеткізуге болады. Жазаның мақсаттары мынадай:
а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Ол кінәлі адамға жазаны қолдану қылмыстық әрекет жасау нәтижерінде бұзылған жеке және қоғамдық мүдделерді қалпына келтіруді және қол сұғу объектісіне келтірілген зиянды өтеуді білдіреді;
ә) сотталушыны түзеу. Бұл мақсат кінәлінің теріс бағдарын өзгертуге бағытталған. Егер адам басқа жаңа қылмыстаp жасамаса және қылмыстық заңның сақталуының қажеттілігін сезіне бастаса, түзеуге қол жеткізеді;
б) жаңа қылмыстардың жасалуының алдын алу. Бұл мақсатты әрбір нақты қылмыс үшін қылмыстың жауапты бекітуді және жаза тағайындау мен оның орындалуын бұлтартпауды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізіледі. Жазамен сескендіру адамдардың санасы мен әрекетіне әсер етеді.
Жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.
Қосымша
Қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босату туралы түсінік және оның түрлері
Қылмыстық жауапкершіліктен босату кінәліні жасаған қылмыстан кейінгі барлық құқықтық салдардан босатуды білдіреді. Алайда қылмыстық жауапкершіліктен босату адамды кінәсіз деп тануды білдірмейді, өйткені жасалған әрекет үшін азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен, сондай-ақ әкімшілік тәртіптік немесе қоғамдық жазаданбосатылмайды. Қылмыстық жауапкершіліктен босату тек қылмыс жасаған адамға ғана қолданылады. Сондықтан да, егер адамның әрекетінде қылмыс белгілері жоқ болса, онда мұндай адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сот, прокурор, тергеуші, анықтау органының қызметкері қолдана алады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершіліктен босатудың мынадай түрлері қарастырылған. Шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату. Адам мынадай шартпен шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін: кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасау, келтірілген зиянды өтеу, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектесу.
Қажетті қорғану шегінен асқан кезде қылмыстық жауапкершіліктен босату. Қажетті қорғану — бұл адамның коғамға пайдалы әрекеті. Алайда қажетті қорганудың шегінен асып кетуі қылмыс деп танылады, өйткені, нәтижесінде адамды өмірінен заңсыз айыруға, сондай-ақ оның денсаулығына ауыр зардап келтіруге жол берілуі мүмкін.
Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату. Мұндай босатуға егер айыпты адам:
- бірінші рет қылмыс жасаса;
- жасалған қылмыс кішігірім немесе орташа ауыр санатқа жатқызылса;
- жәбірленушімен татуласса, ол жәбірленушінің тиісті іс жүргізу нысанында айыпты адамға деген талабынан бас тартуынан көрінеді;
- жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырған жағдайда жол берілуі мүмкін.
Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату. Қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімі деп қылмыс жасаған күннен бастап, сот үкімі заңды күшіне енген кезге дейінгі мерзімді айтады, содан кейін заңда көзделген шартты жағдайларда қылмыстық жауапкершілік жоққа шығарылады. Мұндай босату қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзімдер өткен жағдайда жүзеге асады:
- кішігірім қылмыс жасалғаннан кейін екі жыл;
- орташа ауырлықтағы қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
- ауыр қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;
- аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл. Ескіру мерзімі қылмыс жасалған күннен бастап сот үкімінің заңды күшіне енген сәтіне дейін есептеледі.
Қосымша
Жағдаят
А деген азамат Б деген азаматтың үйіне туған күн кешіне келеді. А деген азамат Ш деген азаматшаның iPhone телефоның ұрлап кетеді. Ш деген азаматша құқық қорғау органдарына шағымданады. Құқық қорғау органдары ір номері бойынша А деген азаматтың ұрлағаны белгілі болды. Құқық қорғау органдары А деген азамат алғаш рет қылмыс жасағаны үшін айыппұл төлеу жазасын ғана береді.
Бір адамның әйелі қатты ауырып қалады. Ешқандай ем көмектеспейді. Әбден басы қатып не істерін білмей отырғанда, дәрігер келіп көшенің арғы жағындағы ғалымның үйіндегі дәрімен емдеуге болатының айтады.Әлгі адам сол үйге қарай жол тартады. Қарызға беруін сұрайды. Бірақ ғалым оған келіспейді. Үміті үзілген адам үйіне қайта келіп, ауырып жатқан әйелін көреді. Сол түні ол ғалымның үйіне барып дәріні ұрлап кетеді. Таңертен ғалымның үйінде үлкен шу шығып, құқық қорғаушыларға кеше келген адам ұрлап кеткенін айтады. Бірнеше күннен кейін сот отырысы болады. Сотталған адамға сөз берген кезде: «Мен ол дәріні қызғаныштан ұрлаған жоқпын, не болмаса өзімме алып көбейтіп пайда көру үшін ұрлаған жоқпын. Әйелімнің жазылып кететіне көмектесетін жалғыз жол болғасын осындай қадамға бардым...» деп айтады. Сот отырысы ұрлаған адамды соттамай тек белгілі бір уақыт аралығында ғалымға ақшасын қайтарып беруін талап етеді.
Қосымша
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi
3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
40-бап. Жаза түрлерi
1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
1) айыппұл;
2) еңбекпен түзету жұмысы;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) қамаққа алу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру;
5) сотталушының мүлкін тәркілеу
6) құқықтан айыру
7) тұтқындау
8) әскери тәртіп бөлімінде ұстау
9) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
41-бап. Айыппұл
1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу.
42-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары дегеніміз – сотталған адамның жалақысынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде мемлекет кірісіне ақша өндiрiп ала отырып, оны негізгі жұмыс орны бойынша еңбекке тарту және ол сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) жиырмадан қырық пайызға дейінгісін ай сайын мемлекет кірісіне аударып отыру арқылы орындалады.
2. Еңбекке қабілетсіз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе өндірістен қол үзіп оқу орындарында оқитын адамдарға түзеу жұмыстары тағайындала алмайды.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
3. Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.
44-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға бiр жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқуда жоқ бас бостандығын шектеуге сотталғандар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда, бірақ жылына екі жүз қырық сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады. Бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
45-бап. Қамаққа алу
1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді.
2. Қамаққа алу отыз тәуліктен тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.
3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге тағайындалмайды.
4. Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді.
46-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды колония-қонысқа жiберу немесе жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу арқылы оны қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
2. Үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.
3. Өмір бойына бас бостандығынан айыру он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды. Кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыру белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.
47-бап. Өлiм жазасы
1. Өлім жазасы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі.
2. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды.
3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.
48-бап. Мүлiктi тәркiлеу
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігіндегі, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.
49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру
1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.
2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?