М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, таратпа материал. 10 сабақ.


«Маңдайдағы стикер»

Абай

Ұлжан

Құнанбай

Мәкіш

Қалиқа

Дәркембай

Ербол

Шүкіман

Жиренше

1-жұп

 Парсы, түркi кiтаптары бұны бiресе Шираздың гүлзарына әкетедi. Самарқанның мазар ғымараттарына қадалтады. Мәру, Мешhедтiң миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңiлтедi. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселерiне, кiтапханаларына тартады. Осылардан бiр ауық орысша кiтапқа түскенде Орта-азия, Иран Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тiрлiгiн айқын тани түскендей болады. Абайды бүгiн өзiне үңiлдiрген – жаңағы елдер мен уәлаяттардың дәл бүгiнгi көрiнiсi.

 Оқи отырып, кей жайларды анық айқын етiп хатқа жазып келедi. Керуен көшетiн сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгiн айрықша керек болған.

 Бұл кiтаптардан алған хабардың бәрi қазiр аттанатын жолаушы үшiн керек. Абай оқи отырып, кей кездерде, бала шақтан көп естiген сонау алыс мұнар iшiндегi шаhар, уәлаяттарға беттеп, "осы сапарға өзiм жүрер ме едiм" деп, қызығып та қояды. Көрмек, бiлмекке қызығады.

2-жұп

Абай жаңа байқады, артындағы үлкен есiк кең ашылып, ар жағында келе жатқан бiр сый адамды күткендей екен. Таң атқалы бұл бөлменiң есiгi ашылып, кiсi кiргенi осы едi. Абай бұрылып қарай бере, келе жатқандардың кiм екенiн бiлдi. Жай басып, ауыр тыныс алып, демiгiп келе жатқан өзiнiң шешесi. Бұл күнде денесi ауырлап, жүрiс қозғалысы үлкен қиындыққа айналған Ұлжан есiктен кеп көрiнгенде, оның екi жағынан екi әйел қолтықтап, сүйеп келедi екен. Абай орнынан шапшаң тұрып шешесiне көрпе салды. Түсi Абайға ұқсаған, сәнмен киiнген ақсұр сұлу келiншек жастықтар әкеп қойды. Барлық тұлғасы Құнанбай тектес бұл жас әйел – осы үйдiң келiнi, Абайдың апасы – Мәкiш. Екiншi әйел – Ұлжанның ауылдан ере жүрген жолдасы – Қалиқа. Ол бәйбiшенiң алдына жалтыраған жез шылапшын мен қашқардың әсем, сопақ құманын әкеп, су құйды.

3-жұп

 Абай апасының түсiне қарап аз бөгелiп, ойланап қалды. Оның iшiн түсiнедi. Қалада үлкен үйдiң ерке келiнi болғанмен Мәкiш туған жұрағатын, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бiр қимас ыстық жүрекпен, соншалық тiлеулестiкпен тебiренедi. Бұның дәл бұл халдегi көңiл күйiн жете ұғыну үшiн, жастай жат елге ұзатылған қыз болып, дүниеге соның көзiмен қарау керек. Ол бiр мұңы да, назы да көп, күрсiн арманы да көп, нәзiк сыр.

 Уақыт қана емдейтiн, ұзап барып айығатын, әзiрше үзiлмес шер.

 Абай Мәкiш күйiн танып, шешесiне айтпақ болған ашық ойларын бұның көзiнше айтпай-ақ қояйын деп едi, Мәкiш ол еркiне қойған жоқ:

 – Қазақ баласы емес, тiптi осы жақтан бiрде-бiр жан бармаған жол дейдi. Қайта оралып, аман-есен келе ме, жоқ па? – дедi.

 Iркер жайды Мәкiш өзi айтып отыр. Абай бiрер шыны шай iштi де, тоқтап қалды. Астыңғы үйдегi бапты аспазшы пiсiрген ыстық самсаны да жеген жоқ. Түн бойы кiтаптан жазып шыққан қағазын қайта алып, соған қарап отырып, шешесi мен Мәкiштiң сұраған сөзiне ендi жауап айтты. Мәкiшке қарап отырып айтты.

4-жұп

Құнанбай мен Ызғұтты алда келедi екен. Артынан шұбырып, қоршап келе жатқан кiсi көп. Бiрақ, қалың жұрт алдыңғы бөлмеде қалды. Ол да жасаулы, үлкен бөлме едi. Онда да ас әзiрленiп жатқан. Мынау үйге Құнанбаймен iлесе, осы үйдiң иесi Тiнiбек кiрдi. Құнанбайдың көп уақыттан бергi сыйлас құдасы да, досы да өзi. Қала байы, сыпайы, таза киiнген. Отырыста да жайылып отырмайды. Ұлжанға ерсi көрiнген бiр әдетпен бала шәкiртше жүгiнiп отырды. Жоғары шық дегенге шықпай, Мәкiштiң ғана жоғарғы жағынан кеп жайғасқан. Онда да Құнанбайдың шынысын өзi әперiп, қызмет қып отыру үшiн әдейi осы араны алған екен. Имам, хазреттердi күтiп алатын, өздерiнше дағдылы, тәрбиелi отырыс, кiшiлiк отырысы. Ишан пiрдiң алдындағы мүриттер бейнесiндей.

5-жұп

 Құнанбай Ұлжан жанына отырды да, Мәкiш пен Абайдың жүздерiне қарады. Үй iшiнiң қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдетi едi. Бұл жолы балаларын әсiресе барлағандай. Құнанбайдың өз түсi бұл кезде кәрiлiктiң алғашқы ызғарына анық iлiнгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпiске iлiнiп болғанша, бурыл ғана боп келiп едi. Қазiр ағы деңдептi. Бет, маңдайында ажымы тереңдеген. Бiрақ бойы әлi сұңғақ, әлi етiнен арылған жоқ. Жүрiсте, отырыста Құнанбай әлi тiп-тiк.

 Қазiргi бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзi қинап, алаң еткен кiсi емес. Мәкiштiң екi көзi қызарып, өңi қуқыл тартқанын көрдi де, жылағанын бiлдi. Алдыңғы бөлмеден жаңа кiрiп, бiрiндеп келiп үстел жанына отырып жатқан жақындар iшiнде Тәкежан, Оспан, Жақып, Майбасар, Ғабитхан бар едi.

 Бұл жолға Құнанбай бiр жыл бұрын бекiнген болатын. Бекiнумен бiрге былтырғы көктемнен берi қарай, жаз бойы, күз, соғым кездерi босын, бәрiнде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзiрленiп келген.

6-жұп

Мәкiшке тағы бiр рет көз тастап, ойлана түстi де Құнанбай үн қатты:

– Ей, менiң балаларым, дос-жарым, iнi-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өттi. Үй-iшi жым-жырт, шай да құйылмай тоқтап қалған едi. Құнанбай кеудесiн көтерiңкiреп, қарсы алдына жалғыз көзiн салмақпен қадай отырып, сөйлеп кеттi: – Сендер менi осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. "Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмеймiз-ау, кеткенi-ау" деп, есiркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға менi қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келiнге, мал басында малшыға "әй, өй" деп отырып өлетiн бай-бай шал боп өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менiң ендiгi қалған тiрлiгiмнiң мұраты. Бәрiңе айтар бiр өтiнiшiм, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетiп, қаза тапқаным естiлер болса, сол шақта да бiрде-бiрiң менi аяп, мүсiркеп: "әттең өкiнiп өлдi-ау, арманда кеттi-ау" деп еске алма. Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен де армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлi сендер алда татар балды да, зәрдi де татып өткем. Аз ба, көп пе, бұйрықты күндердi туыс боп, бауырлас боп, бiрге кештiк. Сол маған қанағат. Үбiрлi-шүбiрлi боп, тiршiлiк кешiп жүргенмен, әрқайсымыздың өлiм қазамыз өз бетiмен, оқшау келедi. Тобыңнан, шоғырыңнан айыра келедi. Ол келген соң, қай жерде келгенiнде, қай сәтте келгенiнде не таңдау бар? Қуыс шатты ең соңғы мекенi еткен кәрi арқардың келте соқпағындай.аз тiрлiгiм қалды.

7-жұп

 – Мен сүйген мен күйгендi айтам. Сүйгенiм оралмастай алыста. Ал айнымастан қасымда, жадымда қалар – жалғыз күйiгiм ғана, соны айтқан соң желге кеткенмен бiр емей немене?

 – Күйiгiң не? О не деген сөзiң? Сенде қандай күйiк болушы едi? – деп, Мәкiш Абайға кiнәлай да, сынай да қарады. Iнiсiнiң қабағы шытынды да, өңi тағы қуаң тартты. Толықша бiткен дөңгелек жүзiнде әлi бiрде-бiр ажым жоқ. Кесек сұлу бiтiмiне бұл күнде ұзаңқырап шыққан қиық мұрты да жақсы жарасады. Селдiр қара сақалы да бетiнiң көлемiн бұзбай, сәл ұзарып қана барып тоқтапты.

 Қазiр Мәкiш барлап қараған шақта Абайдың мұрын мен бетiнде азырақ жылтырап бiлiнген, майда жұмсақ бiр нұр бiлiнедi. Жаңа ғана толып жеткен жiгiттiктiң анық сұлу ажары. Отты, саналы көздерiнiң ақ, қарасы айқын. Ажары таза, көздерi әрi көрiктi, әрi ыстық тиедi. Бiр қараған кiсiнi қайта тартып, ерiксiз қаратқандай, алмасы бардай, әсерлi көз. Жiп-жiңiшке боп, ұзын сызылған қап-қара қасы да жiгiт жүзiнiң жақсы ажарын аша түскендей.

 Мәкiш өз туысына, iнiсiне iштей мақтаныш ете қарады. "Күйгенiм бар" дегенiне сенген жоқ. Сонда да айтқыза түсiп, танығысы келдi.

8-жұп

 – Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзiнiң үнi. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақысы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде менi шақырып отырған Тоғжаным ғой! – деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кеттi.

 Абайдың құбылысы орасан болғанмен, ендi Ербол бұны түсiне бастады. Шынында өзi де қайран боп тұр. Жаңағы үн бұған да алғаш үйде естiлген кезiнде-ақ бiр таныс дауыстай тиген. "Осы кiмнiң даусы" деген ой бұған да келiп едi. Бiрақ Абай дегбiрi қашып, ес тоқтатпаған жас баладай боп, аласұрып, ұмтылып барады. Ерболды сүйрей жетектеп, әлгi ән шыққан үйге қарай ентелеп, есi-дертi ауып кетiпті.

 9-жұп

 Ендi аз бөгелiстен соң, басына сұрғылт шапан жамылған, бетiнiң жарымын бүркеңкiрей түскен, орта бойлы бiр қыз кiрдi. Мұрны қоңқақтау, қара торы көрiнедi. Шекей қызы – қалыңдық осы болу керек. Дәл осының артынан шолпысы ақырын сылдырап, ақ жүзiне жұқалау қызылы нұрдай жарасқан анық Тоғжан өзi келедi екен. Сыпайы жымиып, күлiңкiреп кiрдi. Мiнсiз аппақ тiстер қолмен қойғандай. Екi бетiндегi нәзiк жарастық қызылы, асығып күткен қызыл арай таң сәрiндей.

 Әлi де айықпаған ұяң сыпайылықпен қонақтарға қарап ақырын амандасқанда, реңiне шұғыл толқын кiрдi. Бет ұшындағы жұқалаң қызыл тұтасып, бар жүзiне ду етiп тарады.

 Үлбiреген, бала жастықтың аса қатты қысылған, қымсынған белгiсi бiлiндi. Оны ұялтқан Абай едi.

 Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсiнi келiп тұр. Бет бiтiмi, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жiбек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бiр қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрiнетiн аса сұлу, сүйкiмдi ауыз, мұрнындай. Аз көтерiңкi қырлы мұрны ұш жағына келгенде жұмырланыңқырап, өзгеше келiстi бiткен. Жұқалаң қызыл ерiндерiнде балалық, кiнәсiздiк лебiндей, ыстық әсер демi бар. Айналасын қуантып, сүйсiндiргендей, жазықсыз нәзiк күлкi қуаныш бар. Анық Тоғжан жары осы. Бiрақ, жаңа түсiнде көрген сияқты, ертерек күндегi үлбiреп тұрған жас Тоғжан. Ең алғаш сәт сағатта Сүйiндiк үйiнде, көктем кешiнде, Түйеөркеште көрген сол сұлуы. Қайран, ғажап хал үстiнде жаңа туған ай көрдi. Бұрынғы сүйiктi айдың, қайта жаңғырып, айнымаған тұлғасымен қайта айналып келiп, тiрлiк аспанынан, өзiне сай оқшау орнын алғанындай

 10-жұп

 Абайжан, балам, ниетiңдi ұғындым. Қызыққан кiсiң кiм? Оны да мына Жиренше танытты. Маған ақыл салыпсың. Жақсы ма осыным дейсiң ғой? Жақсы демеймiн, сөзiм қысқа. Мен айтардың көбiн өзiң көзiңмен де көрiп өсiп ең, көп қатынның бiрi мен болғанда, сол көп қатынның бiрiнен туған көп баланың бiрi сен боп, өсiп ең? Сырлас, шерлес ек қой. Тәттi ме едi маған да? Жеңiл ме едi саған да? Бiз басқан iздi баспаса дегенде, мында бiр ойлайтыным осы бiр жер едi. Өкiнесiң деп қорқамын. Алды қызық көрiнгенмен, оңай түйiлгенмен, арты зәр едi мұның. Опық жейсiң, жақсы балам. Мiне, айтарымды айттым. Бiрақ көрер қызық та сенiң өзiңдiкi, татар зәр де өзiңнiң ғана сыбағаң. Мына Жиренше де, мен де былай қаламыз. Қинаған қаупiмдi айтып шықтым. Ендiгiңдi өзiң бiл! Өзiң ойлап, өзiң шеш! – дедi.

Бағалау парағы

Оқушының аты-жөні

үзіндіден кемінде 2 көркемдегіщ құралды анықтады (1-3 ұпай)

көркемдегіш құралдың қолданылу мақсатын талдады. (1-3 ұпай)

көркемдегіш құралдың үзінді идеясымен байланысын анықтады. (1-3 ұпай)

үзінді идеясын бөлім идеясымен байланыстырды. (1-3 ұпай)

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу