Шытырманда. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 5 сабақ.


ШЫТЫРМАНДА

1

Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мiнiп ел аралаған жоқ.

Көбiнесе Жидебайдағы ауылда шешелерiнiң қасында болды. Көктемге шейiн күндiз-

түнi кiтап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кiтапқа анықтап оқталғаны осы едi. Араб, парсы тiлiн, бiрталай сөздерiн ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бiр жұмадай

Ғабитханның тәпсiрiне қарап, бұрынғы бiлген тiлдерiн қайта құрастырып алды. Содан әрi мұның қолына түскен әрбiр қалың кiтап соншалық бiр қатты сағынып жолыққан ыстық

қымбат досы тәрiздi болды. Ғабитхан да кiтап оқығыш болатын. Соның кiтаптарының

iшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абулқасым Туси-

фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатталғази»,

«Мыңбiртүн», Табары жазған тарих, «Жүсiп-зылихалар», «Ләйлi-мәжнүндер», «Көрұғлы»

сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар. Аздан соң, кешкi шайдан асқа шейiнгi мезгiлде Абай кейбiр оқып шыққан кiтаптарын үй iшiне әдемi әңгiме

қып айтып берiп отыратын әдет тапты. Бұған әжесi себеп болды.

Зере Абайдың кiтапқа берген ықласын байқап, бiр күнi кешке:

– Қарағым, осының ақыл. Iшкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма!

Ұқсама аналарға! – деген.

Әжесi кiтап қадiрiн жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын

бiр тамаша әңгiме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар боп, баршасы телмiре

тыңдайтын. Анда-санда Айғыз да кеп естушi едi. Ол Кәмшат кеткелi қатты жүдеу. Үлкен

қара көздерi аларыңқырап, барлық жүзi сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары

көкшiлденiп, әдемi жүзiне уайым көлеңкесi түскен тәрiздi. Үнсiз уайымдаған ана қаралы.

Абай бұл шешесiнiң күйiн қабақпен таниды. Ол келген кештерде әңгiмесiн ерекше

ықыласпен айтады.

Абай әңгiме айтуға бiр түрлi шешен, шебер боп барады. Ғабитхан, тiптi оқып шыққан

кiтаптарды, Абай хикая қып айтқанда, бар бейiлiмен, жақсы iлтипатпен тыңдайтын.

Бiр жаманы, жалғыз-ақ көктем болып, мал төлдей бастаған уақытта қызық кiтаптың

бәрi тегiс оқылып, бар әңгiме айтылып қалды.

«Әңгiме, әңгiме», – деп, Абайға емiнiп отыратын үй iшi ендi, алғаш Абай айтқан

әңгiмелердi, кейбiр малшы қатынға немесе балаларға қайта айтқызып, қайта тыңдасатын

болды.

Бiрақ олардың айтуы Абайдай емес, дәмсiз, үстiрт.

Ұлжан соларын сезiп, кей кезде тоқтатпақ боп:

– Қыс өттi. Жаз шығып, мал төлдеп қалды. Ертектiң кезi өттi. Әйтпесе, қыс аяғы ұзап

кетедi. Қой-ақ қой! – деп қалжың етiп, тоқыратып тастайтын.

Бірақ шешелер оңашада Абайға жақсы кітаптың жақсы хикаяларын қайтадан ескерте

беруші еді.

Ғабитхан мен Абай екеуі маңайда кітабы бар молда сүрей, кәріден, шала сопылардан

бірен-саран кітап тапқызып алысты. Тағы бір кезде Ғабитхан әдейілеп тұрып, Қарашоқыға, Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді.

Құнанбай Қарқаралыда Хасен молда арқылы бірталай қызық кітаптар алғызған еді.

Оны елге де жеткізген. Бiрақ Абай бiр рет:

– Бiзге берiңiз!– деп сұрағанда:

– Қасымда отырып, өзiме де естiртiп оқып бер! Сүйтсең берем. Әйтпесе қызығын

өзiм көрiп, өзiм ғана бiлем дегенiңе бермеймiн!– деп, бергiзбей қойып едi.

Абай әке қасына барғысы келмегендiктен ол кiтаптардан да құр қалып жүрген.

Ғабитхан соның есесiн тауып, бiрер күн сұрап жүрiп, алып келдi. Үй iшiне де, Абайға да

Ғабитханның табысы үлкен олжа едi.

Бiрақ дәл осы кiтаптар келген күннiң ертеңiнде Абайға шақырту кеп, Қарашоқыға

жүрiп кеттi.

Күнкенiң аулына Абай келiсiмен, Құнанбай мұны Құлыншақ аулына жұмсады.

Әкесiнiң Құлыншаққа айтатын сөздерiн Абай ұғынып ап тысқа шыққанда, мұнымен бiрге

барғалы Қарабас әзiр тұр екен.

Құлыншақ аулы алыс емес болатын. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұрынғы Қодар

қыстауының арғы жапсары Торғай руына тиiстi. Құлыншақ – сол Торғайдың басты

кiсiсiнiң бiрi.

Қарашоқыны бөктерлеп, Аймаңдай аттың жол жорғасымен жүрiп отырып, Абай:

– Шыңғыстың бөктерi тегiс көктептi-ау!– деп айналаға көз жiберiп келе жатты.

Аласа, ал күрең бетеге, даланы да, бөктер, беткейдi де тегiс көгертiп, жасарта

бастаған. Бiрақ, аспан ашық емес.

– Жалғыз-ақ осы бiр суық жел мен бұлт айықпайды екен!– дедi.

Екi-үш күннен берi бұл өңiрде күн бұлыңғыр болған. Және қыстың соңғы салқын

тынысы сияқтанып бiр суық жел бiлiнушi едi.

– Е, сәуiр жаңа туды ғой. Сәуiрдiң басы осылай бұлтты суық болатын әдетi ғой!– деп, Қарабас қыстыгүнi қар болатынын айтқандай, мерзiм айтты.

– Неге? Сәуiр қыстың айы емес! Жаздың айы емес пе? Жылда бүйтед деймiсiң?

– Жылда сүйтедi. Сәуiрдi, осы, жұлдызша не дейдi?

– Апрель дейдi.

– Ендеше, сол апрелiң осы. "Сәуiр болмай, тәуiр болмас" деп, бұрынғылар текке

айтпаған. Сәуiрдiң басындағы суық бiтпей, жаз шықпайды дегенi, – деп, Қарабас Абайға

ай-айдың мәнiн айта бастады.

Бұл жөнiнде Қарабас атшабарда Абай сезбей жүрген көп бiлiм бар екен. Сәуiр - бұл

айдың арабша аты. Қазақша – мамыр. Одан соң маусым. Абай қазақша ай атының бәрiн

сұрап, қайта-қайта қайырып жаттап алды.

Бiрақ сәуiр турасындағы жаңағы сөздi алғаш есiткенi осы едi. Жазға салымның ең

жайсыз кезiн әнеугүнi әжесi "отамалы" деп атап едi.

– Осы "отамалы" немене? Не деген сөз өзi?– деп, Абай соны сұрады.

– Отамалы көкек айының он бiрiнде кiрiп, он жетiсiнде шығады. Желсiз, борансыз

өтпейдi. Қыстың ең соңғы зәрi сонда. Отамалы деп атанғаны бiр байдың Отамалы деген

қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектiң суығы басталған

уақытта, әлгi қойды жайылысқа шығармайық боран болады. Қойдың қыстан титықтап

шыққан кезi, малыңнан айрыласың десе, байы бiр дiнi қатты кәпiр екен. Сен тоғышарлық

қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күнi, құдай көрсетпесiн, бiр қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып

кетiп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсiп өлiптi. Көкектiң

суығы – "отамалы" атанғаны содан дейдi. Әжең бақыр, соны бiледi ғой, – дедi Қарабас.

Осыдан соң:"айдың тоғамы" деген не? "Өлi араның" не мәнi бар? "Қыр күйек" неден

қойылған? Абай осыларды да сұрастырып, көп қызық әңгiмелер есiттi. Аздан соң

есепшiлер жайын, есепшiнiң тәжiрибесiн де сұрастырып:

– Күн қайырып, есеп айтуға өзiң қалайсың?– дедi, жаңағының бәрiн бiлiп, бәрiн

жақсы әңгiме еткен Қарабас есепшiден аман емес шығар деп ойлап едi Абай.

Қарабас күлiп:

– "Күнәң аз болса, күн есепте!" дейдi екен осы күнде молла, қожа. Бiрақ қолдан

келсе, есепшi болған жақсы-ақ қой. Мен құнт қылмай., құр қалып жүрмiн. Болмаса, есепшiлердiң айтқаны аумай келетiн жылдар болады, – дедi.

Бiрқатар жол жүрiп кеп, екi салт атты Қодар қорасының тұсына жеттi. Абай, Қодар

мен Қамқаның басына бұрылып құран оқып, үндемей, томсарған күйiнде iлгерi тартты.

Анада көрген қатал суық суреттер көз алдына, дәл бүгiн таңертең көргендей боп

қайта елестеп едi. Өзiнiң сол күнi аққан ыстық жасы, қасiрет жасы да есiне түстi.

Ауылға кеп түскенде Абайдың түсi үлкен кiсiнiң түсiндей боп томсарған, салқын едi.

Құлыншақ аулы әлi қыстауда екен. Күн жылынған кезде тамнан шығып, қыстау

жанына кигiз үй тiгiп отыратын әдет болушы едi. Қарашоқыдағы Құнанбай аулы

сүйткенмен Құлыншақ олай етпептi.

Өзiн бала көргенмен, Құнанбай жiбергенiн ескерiп, Құлыншақ Абайды үлкен кiсiдей

қарсы алды. Қонақтар отырып амандасып болған соң:

– Уай, қатын, қазан көтер мына қонаққа!– деп бұйрық еттi. Құлыншақтың "бес қасқа"

деп атанған, бес мықты ұлы болатын. Олардан қазiр Манас қана үйде отыр. Бұл "қасқа"

десе дегендей, еңгезердей екен. Жалпақ маңдайлы, нұр жүздi балуан тұлғалы жас жiгiт

Құлыншақтың немересi едi. Үндемей отырып, домбырасын тыңқылдатып тартады да, қонақтарға салқын қарап қояды.

Үйде әзiр тұрған шай бар екен. Манастың келiншегi дастарқан жайып, шай жасай

бастады. Жүзi жұқалау келген, самай шашы жып-жылтыр, қырлы мұрын, қара торы

келiншек аса бiр таза, шапшаң көрiндi. Бар қозғалысында әдемi сыпайылықпен қатар, ширақ сергектiк бар. Отырған үйiне жылылық, жарастық бергендей келiстi әйел.

Соның кiрген-шыққан қимылына қарай отырып, Абай:

– Құлыншақ аға!– деп, сөз бастады.

Құлыншақ Абайға қарай түсiп, үлкен сар шақшасын тырнағымен сыртылдата қағып

отырып, бiр кезде көк бұйра насыбайын екi танауына құшырлана тартып қойды.

– Әкем сiзге сәлем айтып едi.

– Сәлемет болсын.

– Айтқаны, мына жердегi Бетқұдық жайы. Бұрын Борсаққа тиiстi қоныс екен.

Ақпердi Борсақ қыстауын алған соң, қонысы мен өрiсiн тегiс алдым дейдi ғой. Соған

былтыр күздiгүнi қыстауға кiрер алдында сiздiң ауыл қоныпты. Бiрталай отырыпты. Қазiр

жаз шыға:"қорасының жаны болған соң, тағы қонып жүре ме? Мен iрге тигiзбей, күздiгүнi пiшенiн шауып алайын деп ем, осыны Құлыншақ маған қиса екен! Қонбаса екен!" деп, әкеме өтiнiш айтыпты.

– Е-е, Ақпердi оны айтсын, ал, әкең не дейдi?

– Әкем Ақпердiнiң осы сөзi орайлы ғой. Құлыншақ қонбаса жақсы болар деп, осысәлеммен жiбердi, - дедi.

Қысылған да iркiлген де жоқ. Баппенен, үлкен кiсiдей айтып шықты.

Құлыншақ үндемей, басын изеңкiреп отырып мырс ете бердi де:

– Шай iш! Кәне, жақындаңдар!– деп шайға қарай қозғалды. Абай да шай iше бастап, Құлыншақтың жауабын күтiп отыр.

Құлыншақ бiрер шыны шай iшкенше үндемей, сазара түсiп, бiр уақытта Абайға оқыс

бұрылды да:

– Уай, балам, әкең осы Бетқұдықтың мәнi-жөнiн ұғынып, түбiн тексердi ме екен?

Борсақ отырған кезде мен кезек қоныс етушi ем ғой. Көгi болса бұрын да орылушы едi.

Қақ бөлiсушi ек қой. Осыны бiлдi ме?– дедi.

– Оны бiлген көрiнедi. Бiрақ тегiнде, меншiк бар да, келiсiм бар ғой, ақсақал. Даусыз

иесi Борсақ едi. Соның меншiгi едi. Құлыншақ иелiк жөнiмен емес, келiсiм ретiмен үлес

алып келген едi. Келiссе. Ақпердiмен де соны iстер. Тек, меншiк Ақпердiнiкi екенiн

ойласын дедi.

– Е-е, ат иесi Ақпердi десеңшi! Ендеше, алдына ат иесi мiнет те, артына бiздi тiлесе мiнгiзiп, тiлемесе мiнгiзбес. Қыстауыңның iргесiнде, желi асындай жерде тұрса. Да, Бетқұдықтан беттi жу десеңшi – деп, Құлыншақ наразы боп, томсарып қалды.

Абай Құлыншықтың ренжiген жайын ұғады. Өз басы ренжiтейiн деп те ойлаған емес.

Басында әке сәлемiмен келсе де, мұның арты үп-үлкен шаруа жайы екенiн онша бағалаған

жоқ-ты. Ендi мынандай үлкен, нағыз адамның амалсыз ренiшiне қарай, өзi айтқан жайдың

ауырлығын ұқты.

– Менiң әкелгенiм осы бiр сәлем. Арғысын өзiңiз бiлiңiз.

– Қайтпек керек? Ақпердi! Ақпердiге құдай бақ бердi, – деп, Құлыншақ ащы бiр мысқылмен күлiп қойды.

Абай Құлыншақтың сабырлы сықағына қызығып күлiп жiбердi. Тартысам деп келген

емес. Және әке қарызынан құтылды. Сондайды шапшаң болжап шыққан Абай жаңағы

Құлыншақ қалжыңын iле жөнелiп:

– Бақ берген емей немене.

Борсақтан қалған аз жердi.

Менiкi деп тап бердi деңiз!–

дедi. Абайдың бұл мiнезiне үйдiң iшi тегiс күлдi. Шай құйып отырған Манастың

келiншегi, әсiресе ырза болды бiлем, қып-қызыл боп, қатты күлiп жiберiп, Абайға жалт

етiп қарап, тамсанып қойды.

Құлыншақ шалқая берiп, Абайға:

– Е, балам-ай, мынау лебiзiң қалай жақсы едi. Тек осыныңды Ақпердi есiткей еттi!–

деп, ырза боп қалды.

Осыдан Құлыншақ Бетқұдық әңгiмесiн былай қойып:

– Шырағым, осы анада Бөжейге берген жас бала қалай екен? Айғыз бишара жылап

қалды деп едi, ол қалай?– деп, Абайдың үй iшiн, Зере жайын, Ұлжан күйiн сұрастыра

бастады. Кәмшат туралы Абай ешнәрсе айтқан жоқ, Құлыншақ қайта оралып:

– Айыпқа мал бермедi деп, Бөжей жағы қомсынады бiлем. Сол кiшкене

қарындасыңның күтiмi де келiстi емес деп есiттiм-ау. Айғыз бақыр соны сезiп қайғырады

ғой, – деп, қайдағы бiр көңiлсiз, шетiн жайларды қозғай бастады.

Абай бұл арада ол әңгiменiң ешқайсысына сыр берiп iшiн ашпақ емес. Құлыншақ

жетектеген сөздерге басқан жоқ.

Азырақ үндемей отырып, өзiнше бiр жөн тауып:

– Ақсақал, осы сiздiң балаларыңыздың "бес қасқа" атанатын себебi не? Соның мәнiн

ұқтырыңызшы?– дедi.

Құлыншақ мына баланың жаңағы сөздерге iлеспегенiн түсiндi де, iшiнен. "байыпты

бала-ау өзi. Салмақ бар ғой. Сыр ашпайын деп отырғанын қарашы. Бұған да үйреткен

екен"...– деп ойлады. Алғашқы сөздерiн тастап:

– "Қасқа дегенi – батыр деп айтқаны" деп болмайды ғой мыналар түге. Жөнiн

мынаның өзiнен сұрасаңшы, – деп Манасты нұсқап қойып:- батыр боп кiмдi мұқатып

жүргенiн кiм бiлсiн. Әйтеуiр қолтыққа дым бүрку ғой. Болмаса, анау бiр кезде Бөкеншi, Борсақ "Қарашоқыны бермеймiн, өлiсем" деп келгенде, әкеңнiң жалғыз ауыз сәлемiн

есiтiп, осы бес баламды ертiп барған мен едiм. Сонда иесi кетiп жатқан иен жерден тым

құрыса бiр құдық тиер деп ем. Тигенi мынау ма? Қасқаның тұмсығы тасқа тигенi осы да!-

деп алғашқы сөздерiне тағы бiр оралып соқты.

– Бүлiнген елден бүлдiргi алма дегенi қайсы? Бөтен болса бiр сәрi. Бөгде емес, Бөкеншiнi қуып алған кiмге құт болады дейсiз? Өкiнiп қайтесiз?– деп, Абай аса бiр

байсалды мәслихат айтты.

Манас пен келiншегi осыны жақсы ұғып ұнатса да, Құлыншақ көнген жоқ. Ол осыдан

соңғы әңгiмелерде Құнанбайға өкпелi болған кiсiнiң қабағын бiлдiрдi.

Абай ар жағынан байқап кеп, Құлыншақтың ойы: "Бөкеншi, Борсақтан жер олжа

қылмадым" деген арман екенiн бiлдi. Соны ұғынумен қатар, жерден басқаны, жемнен

басқаны тыңдағысы келмеген Құлыншаққа iшiнен наразы боп аттанды.

Абай әкесiне Құлыншақтың көнгенiн айтса да, өкпесiн айтқан жоқ. Iстеп келген iсiн

қысқа ғана баян етiп едi.

Бөлек жерде Құнанбай Қарабастан да сұрастырған. Абайдың айтқан сөздерiн түгел

есiттi. Қарабас Абайдың бүгiнгi мiнездерiне ырза екен.

– Балаңыз сөзге ысылып қалыпты. Тiптi бiр үлкен кiсiдей орамды жатыр. Құлыншақ

екен-ау, ұтылады екем-ау!– демедi. Қалай болса да тең сөйлеседi!– деп, мақтай бастап едi.

Құнанбай "Жеттi, доғар" дегендей ишарат қылды да, Қарабасты тоқтатып тастады.

Осының ертеңiнде Құнанбай Абайды және жұмсады. Қасына тағы сол Қарабасты қосып, ендi Сүйiндiкке жiбердi.

Сүйiндiк аулына Абайлар ел орынға отыра келдi. Өз қыстауынан айрылып, қарауылдың бас жағын – Түйеөркеш деген жердi қыстаған Сүйiндiк аулы қазiр тамда

емес, киiз үйде екен. Мал, жан, көп ауыл осы орынды қыстауға лайықтап алғанмен, әлi жаңа қыстау сала алмай, ескiлеу тар қораға сыя алмай, күннiн көзi жылынысымен киiз

үйге шығыпты.

Сүйiндiктiң аппақ үлкен үйi жылы екен, iшi тола тiрелген жүк, буулы тең менен

сандықтар. Оның ар жағы екi босағаға шейiн текемет, алаша, тұскиiзбен қоршалыпты.

Саптама мен тиiн iшiктi әлi тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы

көктемде алғашқы рет киiз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бiр жеңiл салқындық, кең

тыныс бар. Көктемдегi киiз үй Абайға әрқашан таңсық болатын.

Үлкен үйдiң ортасында ала көлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйiндiк бәйбiшесiмен

және екi баласы – Әдiлбек, Асылбекпен – бәрi де қонақтармен бiрге болды. Бұл үйге

әсiресе, өзгеше көктем нұрын енгiзген бiр жан бар. Ол Сүйiндiктiң қызы – Тоғжан. Абай

келгеннен берi Тоғжан үлкен ағасы Асылбектiң отауынан осы үйге бiрнеше рет келiп

кеттi. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тiлменен Тоғжанның келерi мен

кетерiн паш етедi. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркi, бiлек толған неше

бiлезiктерi – баршасы да бұл өңiрден Абайдың көрмеген бiр сәнi сияқты. Толықша келген, аппақ жүздi, қырлы мұрын, қара көз қыздың жiп-жiңiшке қасы да айдай боп қиылып тұр.

Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкiр боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке

шабар жендеттiң жебесiндей.

Тоғжан үйдегi сөзге құлақ салып, не күлiп, не қымсынса, сұлу қастары бiр түйiле

түсiп, бiр жазылып толқып қояды. Елбiреп барып дiр еткен қанат лебiндей. Самғап ұшар

жанның жеңiл әсем қанатындай. Биiкке, алысқа мегзейдi. Абай көпке шейiн Тоғжан

жүзiнен көзiн ала алмай, телмiре қарап қалады.

Қыздың көп кiрiп шығысы қонақтардың қамы екен. Аз уақытта дастарқан жайғызып, күтушi әйелге шай құйғызып, өзi әкесiнiң төменгi жағына отырып, шыныларды әперiп, үй

iшiне қызмет көрсете бастады.

Абай Сүйiндiктен де қысылған жоқ. Бала емес, ысылған, ашық, үлкендерше сөйледi.

Тоғжан кеп отырғаннан кейiн, сүйiндiкке қарап:

– Сүйiндiк аға, осы мына сiздiң жердiң алдындағы Қарауыл дейтiн жалғыз биiк не

себептi Қарауыл атанды екен?– дедi.

Сүйiндiк:

– Кiм бiлсiн, шырағым, – дей түсiп, аз отырып:– Е, Тобықты мен Матайдың

шабуылы, жаулығы қалған ба? Сондағы қуғыншы мен жортуылшының бiрi қойған

атыдағы. Өзi өзге таудан бөлiнiп, айдалаға оқшау барып тұр ғой. Содан қарауылдамай, қайдан қаауылдасын!– дедi.

– Сүйтiп, бұл атты Тобықты қойған дейсiз бе? Тобықты келмес бұрын сондай ат жоқ

па екен?

– Қайдан болсын! Бұл өңiрдегi барлық атты Тобықтының өзi қойған.

– Әй, бiлмеймiн-ау! Бар атты өзi қойса, Шыңғыс дегенi несi екен? Шыңғыс деген

Тобықты бар ма?

– А, жоқ! Мынауың жаны бар сөз. Бәсе, бұ Шыңғыс деген осы үлкен алып таудын

аты неге Шыңғыс атанды екен бұл?– деп, Сүйiндiк өзi де ойланып қалды.

Әдiлбек әкесiнiң мүдiргенiн намыс көрiп:

– Шыңғыс деген сөз "шын қыс" дегеннен, қысының қаттылағынан болыпты-мыс

деседi ғой!– деп едi.

Абай бұған күлдi де:

– Олай болмас. Шыңғыс деген белгiлi хан аты ғой, – дедi.

– Бәсе, осы сөз менiң де құлағыма бiр тиген едi. Жадымда қалмапты. Кәне, бiлсең

өзiң айтшы, шырағым, – деп Сүйiндiк Абайды тыңдағысы келдi.

Жас қонақ Шыңғыс хан жайында өзi бiлген, есiткен әңгiмелерiн айтып кеп, ақырында

өз көңiлiндегi бiраз долбарды қосып:

– Тауының "Шыңғыс", биiгiнiң "Хан" аталғаны содан. Және сонау бiр бөлек тауы

"Орда" аталғаны да сол Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенiн паш етедi. Қарауыл

демек те сол кезден қалған ат емес пе екен?– деп тоқтады.

Сүйiндiк Абай сөзiн қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы iшiлмей, кесесi суып қап едi. Тоғжан әкесiнiң соншалық тыңдағанын ендi байқады. Ол Абайға таңдана

қарап, бiрталайға дейiн көз алмады.

Үй iшi Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап, көңiлденiп қап едi. Асылбек, Қарабастар:

– Қисынды-ақ екен, – дестi.

Шыңғысты былай қойып, тақ осы Сүйiндiк қыстауы Түйеөркештiң қасында тұрған

"Хан" биiгiн, онан соң Мамай қыстайтын анау "орда" деген таудың бәрiн де шештi. Соны

осы күнге шейiн нелiктен аталғанын бiлмей жүру, мұндағы үлкеннiң бәрiне ендi ғана

орасан көрiнiп едi.

Сүйiндiк Абайдың шынысын өзi әперiп:

– Жеп iш, Абай!– деп, ендi қонағының алдына жент пен майды да, бауырсақты да

молырақ ысырып қойды. Әкесiнiң жас қонаққа жасаған осындай бейiлiн де Тоғжан сезiп

отыр.

Бiрер мезгiл Абай өзiне қараған Тоғжанның әдемi қара көзiн байқады. Солғын қарау

емес, Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты.

Абайдың да әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан ұзағырақ

қадалып, көз алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да, көзiн тайдырды.

– Көп жасаған бiлмейдi, көп тоқыған бiледi. Осылайша ұққаның, тоқығаның жақсы, балам!– деп, Сүйiндiк бiр тоқтады. Абай осы сөзге жалғастырып:

– Өзiңiздей кiсiден есiткен сөздер ғой, Сүйiндiк аға!– деп аз отырып,– рұқсат етсеңiз, осы өзiңiз айтқан кейбiр сөздердi де өз аузыңыздан ұғынайын деп ем!– деп Сүйiндiкке

қарады. Тұрпайы емес, сыпайы бастап, орамды келдi. Сүйiндiк:

– Е, сұра, айт, балам! Не сұрамақ ең?– дегенде:

– Ендеше, осы жаңағы кiшi Орданың тұсында Көжекбай, Құлжабайдың жер дауына

билiк айтқан екенсiз. Сонда:"мен қойдың бөлiгiн бөлмеймiн, құдайдың бөлiгiн бөлемiн"!–

депсiз. Осының мағынасы қалай? Соны сұрайын деп ем!– дедi.

Бұл сұраққа Қарабас, Әдiлбек, Асылбек те күлiп жiбердi. Тегi, Абайдан басқаларына

жөнi мәлiм болу керек. Сүйiндiк Абай сұрағына аз тiксiнiп, қалта қарап, ойланып қап едi.

– Шырағым, бұл сөздi әкеңнен ұғынсаң еттi.

– Менiң әкем баламен ашылып сөйлей бермейдi ғой. Бiлесiз ғой.

– Бiрақ жаңағы iске әкеңнiң қатысы бар ғой! Оны бiлушi ме едiң?

Қарабас, Асылбектер әлi күлiп отыр. Олар Сүйiндiктiң қашқалақтағаны мен

сыпайылық сақтағанына және Абайдың жансыз әңгiменi қадала сұрағанына күледi.

– Әкемнiң қатысы барын бiлемiн.

– Ендеше, әкең аты араласқан сөздi ең әуелi әкеңнiң өзiнен ұғынғаның мақұл!

– Бәрекелдi! Сүйiндiк аға, оныңыз жақсы ақыл! Бiрақ... Сол билiк тұсы, сiз бен менiң

әкем екi араңыздың суысқан тұсы болды, дейдi. Ол рас қой?

– Рас!

– Ендеше, сiзбен қалай араздасқанын мен өз әкемнен ғана бiлiп қойсам, мына

Әдiлбек пен Асылбек ағам сiзден ғана ұғынып қойса не болады? Анық шынға жете алмай, сыңар жақ кетемiз ғой. Бiрден, адасамыз. Екiншiден, бала мен бала, мына бiздер, сырттан

қырбай, сырттан шалғай кетiсемiз ғой. Сiз маған, менiң әкем бұл кiсiлерге айтып отырса

таразының басы тең баспас па едi?

Сүйiндiк те, үй iшi де Абайдың мына дәлелдерiн дұрыс көрдi. Қарабас сүйсiнiп кетiп:

– Дұрыс-ау осынысы баланың?– деп, Сүйiндiктiң әңгiмесiн айтқызуға бейiмдедi.

– Балам-ай, алды-артымды орап алдың-ау осы сен ә?– деп, Сүйiндiк ақырын күле

түсiп, екi ойлы боп қалды да Асылбекке қарап:

– Ей, менiң балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзi, ойлаймысыңдар?– деп жақсы жадырап, шын бейiлдендi. Тоғжан шай iшiлiп болса да, дастарқанды жиғызбай, күлiмсiрей түседi. Жиi қарап, Абай көзiмен кездескенде, көптен

бергi сыйлас танысына жасайтын iлтипат бiлдiредi.

Абай әңгiменi алғаш өзi ойлаған жаққа бұрды.

– Сол менiң әкеммен қырбай боп қалған жерiңiздi өзiңiз ұғындыраңыз, Сүйiндiк аға!

– Өтiнсең, айтайын! Бiле жүр! Сенiң әкең Мамай iшiнде Жамантаймен көңiлдес боп

жүрiп, өкiл күйеу болғанда екi жүз қой киген.

– Өкiл күйеуi қалай!

– Өкiл күйеуi шын күйеу емес, тамыр есептi нәрсе.

– Онда "тамыр" деп неге аталмайды?

– Тамырлық құрбылас кiсiнiң арасында болады. Ал жасы үлкен кiсiмен жас жiгiт

тамырласам десе, кейде осылайша өкiл күйеу боп аталады.

– Иә, сонымен?

– Бертiнде сол Жамантайдың баласы Көжекбай өзiнiң Құлжабай деген кедей

ағайынымен жерге таласты. Мырза:"соған билiк айт, жер бөлiгiн айырып бер" деп, менi апарды. Мен екi жағының сөздерiн ұғынып, өз көңiлiмше әдiлдiгiн топшыладым да, "бөлiк

былай болсын" деп жүрiп отырдым. Сенiң әкең өзi де басы-қасында. Арт жағымда

Көжекбайлармен бiрге келе жатыр. Мен бөлiктi өз көңiлiме сыйған әдiлетпен бөлмекпiн.

Байқаймын, жүрiсiм Көжекбайға жақпайды. Тыжырынып, жарыла жаздап келедi. Аздан

соң мырзаға сыбырлап, жалпылдап айта бастады. Әкең сенiң Көжекбайды құп көрдi бiлем, арт жағымнан саңқ етiп дауыстап: "Уай, алапес! Сен қалай жүрiп барасың?" дегенi. Мен

екi жағына тең би емеспiн бе? Ыза боп кетiп: "Уай, тәңiр, қойдың бөлiгiн бөлiп келе

жатқаным жоқ, құдайдың бөлiгiн бөлемiн" дедiм, – деп тоқтап қалды.

– Я, сонан соң не болды?– деп, Абай ар жағын тағы айтқызбақ едi.

– Арғысын қайтесiн, сол, шырағым? Кеттi ғой әйтеуiр, қым-қуыт, шым-шуыт боп!-

деп, Сүйiндiк қолын бiр-ақ сiлтедi де, айтпай қойды.

Абай қып-қызыл боп кетiп, шұғыл ойланып отырып қалды. Шамға қарап қадалып

қалған көздерiнде сол шам отындай үлкен қызғылт, алыс от маздап тұрғандай. Тоғжан

қонақтың мына пiшiнiне ендi жай ғана емес, тамашалап, қызығып қарады.

Сүйiндiк үйiнде Абайдың үндемей қалғанына iшiнен күлiп отырған да кiсi бар. Ол

Сүйiндiктiң кiшi баласы – Әдiлбек. Асылбектей емес, ол ожар, тоң мiнездi болатын. Ендi Абайдың аңырып, дағдарып қалған пiшiнiне қарап өз iшiнен:

"Ал, тiлегенiң сол болса, қарық бол!"– деп, жымиып отыр.

Бiрақ Абай қатты ойланып қалғанмен жасыған жоқ. Аздан соң және өзi бастап екiншi бiр әңгiменi сұрады. Онысы Сүйiндiктiң тағы бiр сөзi. Өскембайға ас берген тұста айтқан

сөзi едi. Сүйiндiк оны да айтпақ болды.

– Мырза өз әкесi Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, қалың елдi жиды

ғой. Тобықтының одан үлкен асы болған жоқ. Естiген шығарсың?

– Естiп ем. Соған сiз де бардыңыз ба?

– Әкеңмен ол кезде қырбай едiм! Бармадым. Бiрақ Айдос, Жiгiтектен, тiптi анау

Мамай Жуантаяқтан да ел қалған жоқ. Жұрттың бәрi көшiп, сонау Көкшетауға барып, ұлы

дүбiр мереке жасады ғой. Сонда Бөжей мен Майбасар келiспей қапты. Майбасар старшын.

Жуантаяқтың бiр ұрылары Наймандағы Бөжейдiң нағашыларына барып, көп жылқысын

әкеп, қырып тастапты. Соның қуғыншысы келiп, Бөжейге: "есемдi әпер!" дейдi ғой. Бөжей

Майбасарға асылады. "Ақылдастыр, малын әпер!"- дейдi. Соған Майбасар:" сандалып, не

айтып жүрсiң?" деп, ренжiтiп тастайды. Бөжей өкпесiнiң басы осы едi ғой. "Ажарым

өтпейтiн болса, шашпауыңды несiне көтердiм?" деп өкпелеп қалады. Сүйтедi де, ас

тарқамай көшiп кетедi. Бұған ерiп Жiгiтек, Байшора, Жуантаяқтан да кеткендер болды.

Осы орайда мен үйде жатып, бiр-екi сөз айтып ем, қадағалап отырғаның со ғой.

– Не айтып едiңiз сонда?

– Бiлмексiң ғой, оны да айтайын

Өзге егіз болғанда, құдай жеке,

Алдыңа ата-анаң - ол бір Меке,

Қырық үйліні қырық пышақ қылып едің,

Өз асың да бұзылдьі-ау, Өскенеке?-

деп ем. Жұрт дегеннiң ұмытпай жүргенi со-дағы!- дедi.

Абайға бұл әңгiмеден әрi тағы бiр әңгiме жатқаны ап-анық көрiндi.

– Мынаның ар жағы да бар ғой. Онысын айтсаңыз қайтедi?

– Ар жағың қайсы, балам-ау?

– "Қырық үйлiнi қырық пышақ қылдың" дедiңiз ғой! Ол би атамның iсi ме, жоқ

басқаның iсi ме едi?

– Абайжан-ай, қайдағыны айтқыздың-ау! Айыпты Өскен-екеңнiң өзi емес. Тағы сенiң

өз әкең едi. Ендi сен маған осыны айтқызып-айтқызып, ертең әкеңмен екеумiздi тағы араз

қыласың-ау, сығыр!- деп, Сүйiндiк күлiп қойды.

– Жоқ, Сүйiндiк аға, бiлейiк деп сұрадым. Сiздiң үстiңiзден шағым жиям деп

сұрамаймын ғой!

– Рас айтасың, балам! Ендеше "қырық үйлi" деген анау Көкен тауының бауырындағы

Уақ болады. Сол ел iшiнара араздыққа басып жүргенде Құнекең араласып, Қонай деген

батырды сүйейдi. Егес күшейiп келген кезде, Қонайға ақыл салып, жау жағын шапқызып

жiбередi. Қапыда қалған ел қарсыласа алмай, көл жағасындағы қалың қамысқа қашып

кiредi екен. Құнекең қамысты өртетiп жiбередi. Сонда өрттен қорқып, қашып шыққан елдi қуғызып жүрiп сабатып, Қонайға жеңгiзiп берген едi. Осыны айтып ем!- деп, әңгiмесiн

бiтiрдi. Абай осыдан соң өзге әңгiме сұраған жоқ. Аздан кейiн ет пiсiп, жұрт асқа отырды.

Абай мен Қарабасты үй iшi бөгде қонаққа санаған жоқ. Сол себептi күндегi дағды

бойынша дастарқан айналасына Сүйiндiктiң барлық балалары да, бәйбiшесi де отырған-

ды. Әкесiнiң төменгi жағынан шешесiмен екi ортадан отырған Тоғжан Абайға қазiр

бұрынғыдан да жақындай түстi. Абай бағанадан берi Тоғжанға бет алдынан қараса, қазiр

көбiнесе қырынан көрiп отыр.

Орташа келген қырлы мұрыны ендi анық көрiндi. Қырынан қарағанда бiртүрлi сүйкiмдi екен. Жұмсақ жұмыр иегiнiң астында жұқа ғана бiр толқындай боп, нәзiк бұғағы

бiлiнедi. Жылтырап таралған шашы қап-қара қалың өрiммен, ерекше аппақ, нәзiк мойнына

қарай құлап түсiптi. Үлкен де, кiшi де емес, әшекей сырғасы дiрiл қағып, дамыл алмай

сiлкiне түсiп тұр.

Әлденеден, белгiсiз себептен Тоғжан пiшiнi қызара түсiп, қайта сұрланады. Толқып

қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуiр өзiнше, өзгеше тыныс алып, лүпiл қағып

тұрған бiр сезiм бар.

Қонақасыға әрқашан аса мырза аталған Сүйiндiк үйi бүгiн де еттi келiстiрiп асқан

екен. Қарабастың өткiр сары пышағы қыстан қалған семiз жаяны да, алтындай сары

уiлдiрiктi де лып-лып сызып, жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр емес, сары ала қып асқан

екен. Қыс бойы бордаққа байлаған, жаңада сойылған қойдың жас сүбелерi де бар екен.

Бапты қып жемек болған семiз қойды жай сойғызбай, үйiткiзiп алыпты. Жас ет, үйiткен

қойдың етi болғанда, мына табаққа тағы да өзгеше дәм бiтiрiп, нәр бердi.

Бiрақ ас осындай бапты боп, үй iшi тегiс ерекше көңiлденiп жеуге кiрiссе де, Абай

жөндi жемедi.

Тоғжан да бiлезiкке толы аппақ жұмыр бiлегiн табаққа қарай сирек созады. Сүйiндiк

пен Асылбек Абайды қайта-қайта:

– Же, шырағым.

– Жесеңшi, Абай! Алмадың ғой!- деп, әлденеше қозғап көрiп едi, Абай жей алған

жоқ.

Ет артынан Сүйiндiктiң көптен сауғызып отырған қысырларының сары қымызы да

келдi. Оны да жақсы әңгiмелесiп, ұзақ отырып iшiстi.

Бұл кештiң соңғы кезiнде Абай алғашқыдай емес, тартынып қалғандай, баяу едi.

Үй иелерi: "жас қонақтың ұйқысы келдi" деп, соған жорыған. Ақыры, төсек

салынатын боп барлық еркектер тысқа шықты. Абай көңiлi бұл кеште өзгеше бiр күштi сезiмнiң әсерiне толы.

Бұрын "ғашық жар" көп оқыған хикаяларда, көп-көп естiлген ауызша әңгiмелерде

болса, бүгiн Абайға ең алғаш рет кiтап емес, әңгiме емес, өзiнiң анық, аппақ мүсiнiмен, күлкiсi, қозғалысы, тынысымен: "сол мен едiм ", "мен мұндамын" деп келгендей.

Сүйiндiк әңгiмелерiнiң артынан, әуел кезде көңiлiндегi тұнып жүрген бiр ауыр сезiм

ренжiткендей, бiрер төңкерiлiп түстi де, қайта шөгiп қалды.

Ол емес, тысқа шығып өз-өзiмен қалғанда, жұлдызды аспанға аса бiр рақат

қуанышпен қарап тұрып, кең тыныс алды.

Орталап қалған ай батысқа таман сызылып барады. Биiк те алысқа тартып брады.

Жүректi де ренiштен, лайдан құтқарып, сондайлық биiкке, қазiргi бұлтсыз аспандай

алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа мегзейдi.

Түйеөркештен Шыңғыстың жақын биiктерi жартылап қана көрiнедi екен.

Қарақошқыл таулар ай астында көкшiл мұнараға оранып, жым-жырт қалғып тұр. Тау

жақтан ақырын ғана жел желпiнедi.

Қалың қой қыбыр етпей тыныштық алып, үнсiз ғана тына алады. Асылбек, Әдiлбектер жатуға кеттi. Көгал сайда отырған бес-алты үйлi ақ ауылдың түңлiгi тегiс

жабық. Ай астында ақ үйлер де мызғып, қалғып тұр.

Сүйiндiк пен Қарабас аттардың маңында жүр. Абай мынадай көктем түнiнен

соншалық бiр тазалық сезiп, таң лебiн танығандай. Бұның жүрегi әдейi арнаған таң лебiн

ерекше ұғынып сезiнгендей.

"Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние мынау маужыраған тынысты нәзiк

түн... Бесiгi ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйi ғой ".

Сүттей жарық, айлы түн. Таң әлi жоқ. Бiрақ жоқ екенiн бiлсе де, Абай әлдеқандай

өзгеше "таңды" сезедi. Күйiк те, үмiт те, қуаныш та, азап та бар, – жүрек таңы. Кеуде

толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезiм. Соның шалқи түсiп шарықтауы көп.

Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай лепiредi.

"Ненi айтады? Не деп түсiнедi? Не сипатты бұл сезiм? Не боп барам? Тағат, сабырым

қайда?

Бойына тоңазығандай бiр дiрiл пайда болды. Себепсiз дiрiлдейдi. Жүрегi де тулап

кеп, өз-өзiнен қысылып, шаншып кеткендей.

"Таң... Жүрек таңы. Сол таңым сенсiң бе? Жарығымбысың, кiмсiң?"

Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр бiлегi, жас баланың етiндей, ақ торғындай

мойыны! Таң осы да... Өзi ғой!

...Ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!

Шынымен бар жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезiммен үнсiз жырлап

тұрған тәрiздi. Тоғжанға арналған, ең алғашқы "ғашығым" деген жарына арналған жан

жарының тұңғыш жолы осы едi.

Ойша екi-үш ауыз махаббат сәлем айтып шықты. Бiртүрлi оңай, рахат боп, өз-өзiнен

құйылып тұрған тәрiздi. Бiрақ сол кезде Қарабас үйiне қарай шақырды. Екеуi тыста

жалғыз қапты. Абай үйге таман келе жатып, жаңағы өлеңiн қайта есiне түсiрейiн деп едi,

"ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!" дегеннен басқасы есiне әзiр қайта түспедi.

Қарабас пен Абай үйге кiргенде Сүйiндiк пен бәйбiшесi биiк төсекке жатып қалған

екен. Сарғыш шегiрен шымылдық үлкендердiң жататын орнын қоршап тұр. Кең үйдiң

төрiне екi қонаққа арналып төсек салынып жатыр. Одан басқа өзге жататын жай

сезiлмейдi.

Тоғжанның өз үйi басқа ғой. Ол Сүйiндiктiң кiшi әйелi Қантжанның қызы екен. Жаңа

үйге кiрерде Қарабас айтқан. Тоғжан, әрине, өз үйiне кеткен болу керек. Үйге кiрген

жерде Абайдың ойлағаны осы. Үйткенi төсек салып жүрген – бағанағы шай құйған сары

келiншек.

Абай төрге қарай қозғала берiп едi. Бiр уақытта шегiрен шымылдық толқып барып

қозғалды да, есiк жақтағы шетiнен шолпы сылдыры естiлiп, Тоғжанның әсем бойы

көрiндi. Қолына бiр торғын көрпенi алып, берi шығып келедi екен. Асықпай, тiптi ақырын

қозғалады. Шолпысының ендiгi сылдырынан өзi қысылған тәрiздi.

Келiншек Абай жататын төсектi баптап салып болып қап едi. Тоғжан қолындағы

торғын көрпенi кеудесiне көтерiп, бауырына қысыңқырап тұрып, келiншекке әдеппен ғана

бұйрық етiп:

– Аяғын, аяқ жағын биiктесеңшi!– дедi.

Абайға бұ да дәл өзiне ғана арналған, өзгеше ықылас сияқты көрiндi. Бiрдеме айтар

едi... Айтқысы кеп едi. Бiрақ, жүрегi лүпiлдеп, аузына тығылғандай боп, түк сөз таба

алмады. Құр ғана қызарып қысылды да, сырт киiмiн шеше бердi.

Тоғжан ақырын, сыпайы ғана кеп, Абайдың төсегiне торғын көрпенi жазыңқырап

қойды да, есiкке қарай қозғалды.

Үнсiз бейiл белгiсiндей үлкен iлтипат жасады. Бiрақ бары сол ғана. "Шын-ақ бары

сол ма? "Әлде, тiптi, бар қонаққа iстейтiн дағдылы сыйлық сияқты ма? Сол ғой! Үлкен

үйдiң есiгiне жеткенше Тоғжан ақырын басып, келiншектi ертiп кетiп барады. Қайта

бұрылмайды.

Дәл шығар жерде ғана, өзiнен бұрын есiк ашқан келiншектi iлгерi шығарып жiберiп, өзi бiр түрлi сұлу қозғалыспен сырт айнала берiп, төрге таман ақырғы рет бетiн берiп, үй

iшiнен сыртымен шықты.

Тоғжан есiкке қарай қозғалғанда, Абай қадалып, телмiре қарап қалып, бешпентiн екi иығынан шеше берiп едi. Бiрақ Тоғжан бiр қарамағанға қайран боп, кеткенiн қимағандай

қалт тұрып қапты.

Ендi Тоғжан есiктен шығар жерде бiр сәтке көз қиығын тастағанда Абайдың

тапжылмай сiлейiп тұрып қалғанын көрдi. Бешпентi екi иығынан түсiңкiрептi де, аппақ

көйлегi ашылып тұр. Екi қолы бiр нәрсеге таңғалғандай жазылып, ыңғайсыз түрде асылып

қапты.

Абай дәл байқады ма, жоқ па? Бiрақ шыға берген Тоғжанның аппақ жүзi қайтадан

тағы бiр рет, соңғы рет қою қызғылтпен ду ете түскендей көрiндi. Және сонымен қатар

жымия күлген ернi аппақ маржандай тiстерiн айқын көрсеткендей болды. Үнсiз күлкiмен

езу тартып кеткен сияқты.

"Бұл не, мысқыл ма, ұят мiнез iстедiм бе?" деп, Абай өз-өзiнен қысылып қалып, тез

шешiндi де, торғын көрпеге оранып, бүк түсiп қалды. Шолпы әуелi жиi сылдырлап, аздан

соң баяулай бастап, тағы бiраздан соң анда-санда бiр ғана шылдыр ете түсiп ұзап барады.

Абай өз жүрегiнiң аттай тулап соққан дүрсiлiн естiдi.

Шолпы үнiн сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бiр

шылдыр еттi де, бiлiнбей кеттi. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кеттi.

Шамды Қарабас өшiрдi.

Шам өшсiн-өшпесiн, Абайдың көз алдына қазiргi мезгiл, бұл сәт самаладай жарық.

Шамның өшкенiн байқаған да жоқ. Көзi жұмулы, көңiлi тыныштықтан, сабыр ойдан

айрылған. Құйын ұстiндегi алай-түлейде.

Бұл түнде таң аппақ атқанша Абай бiр секунд те көз iлген жоқ. Күн шығарда ғана

азғантай мызғыды. Бiрақ үй iшi оянғанда бiрге оянып, ерте тұрды. Өңi сұрғылт тартып, жүдеп тұрды. Шай алдында тысқа шығып, далада бой жазып жүрген уақытта Тоғжан

жатқан үйдi ойша iздедi. Сүйiндiктiң үлкен үйiне жақын тұрған кiшiлеу ақ үй бар.

Асылбектiң отауы болу керек. Содан әрi алты қанат ақ үй тұр. Кiшi үй сол болуға лайық.

Абай қайта-қайта сонда қарайды. Бiрақ ол үйдiң түңлiгi жабық, Тоғжан да шешесi де әлi оянбаған, тұрмаған сияқты.

Далаға Сүйiндiк те шыққан едi. Әкесi тапсырған алық-берiк жөнiндегi сәлемдi Абай

сонда айтып, бұл ауылға келген жұмысын осы таңертеңгi уақытта бiтiрдi.

Шай уақытында Тоғжан келген жоқ. Асылбек, Әдiлбектер де өз үйлерiнде болу

керек. Таңертеңгi мәжiлiске араласпады.

Шаруа бiткен соң Қарабас ертеңгi салқынмен қайтайық деп байлаған. Сондықтан

дастарқан жиылған соң, ол аттарды ерттегелi шығып кеттi.

Абайдың бұл ауылдан кеткiсi келмедi. Қонағуар, жылы жүз, жақсы мiнездi үлкендердiң үйi аса бiр сирек кездесетiн, жайлы ұя сияқты екен. "Осы ауылдың туысы, жақыны болар ма ем? Сұраусыз келiп, санаусыз қонып, түстенiп кетiп жүрер ме ем?"–

дегендей. Бiрақ кетпей болмайды.

Үйде Сүйiндiк пен Абай және Сүйiндiктiң бәйбiшесi ғана қалған уақытта Сүйiндiк

Абайдан Зере жайын, Ұлжан күйiн сұрастырып отырып:

– Аналарыңа сәлем айт, балам!– дедi. Түннен берi үндемеген бәйбiше де Ұлжанға

сәлем айта отырып, Айғызды есiне алды. Содан барып Кәмшат есiне түсiп:

– Шырағым-ау, осы анада Бөжекең аулына жiберген кiшкене қыз не жайда? Айғыз

бишара қайтып қиды соны? Жылатып айырып, қайтiп қана жiбердi екен?– деп, бiр

жағынан наразы боп, сұрастыра бастады. Абай амалсыздан сөйлеп, қысқа ғана жауаптар

қайырды. Бәйбiше бұл жөнде шешiлiңкiрей бастап:

– Бөжейдiң әйелi қатыбас кiсi едi. Өзiнен де туған қызы көп, күтедi деймiсiң кiшкене

пақырды?– деп, қынжылып отыр.

– Е, е, Бөжей бар емес пе?

– Қатыны ойламаса, Бөжей ойлайды ғой! Неге күтпесiн!– деп Сүйiндiк майдаламақ

болды.

– Әй, бiлмеймiн! Ауыл-аймағымен тегiс-ақ:" айыпқа берген қыз ғой. Малын қимай, жанын қиды ғой айыпқа!" десiп, жаман сөздер сөйледi деп есiттiм ғой. Жас баланы

жылатқандары бекерлiк болған ғой өзi. Не десе де iштен шықпап па едi? Айғыз бишарада

не сүлдер жүр дейсiң?– деп, бәйбiше өз-өзiнен босаңсып барып, жылап жiбердi. Екi көзi жасқа толып, қып-қызыл боп, үндемей, мұңайып қалды. Анда-санда күрсiне түсiп, тамсанып қояды.

Абайға бұл ананың мейрiмi тiптi бiр қымбат адамшылық, шын рақымшылық боп

танылды.

Жидебейдағы өз үйiнде Кәмшат жайы осындай бiр айықпас мұң, уайым боп алған-

ды. Сондағы әжесi мен Айғыз және өз шешесiнiң осындай-осындай көзi жасты, көңiлi қаяу

болған көп шақтарын есiне алды.

Бiрақ олар Кәмшатты құр сағынып, құр аяғаны болмаса, мына кiсi айтқан суық

сөздердi есiтпеген сияқты.

Кеше Құлыншақ та, бүгiн мынау ауыл да Кәмшат жайын ылғи "жетiм жандай, күңдiкке, қорлыққа кеткен бишара, әлсiз сорлыдай" сөйледi. Тегiн емес-ау Жидебайға

қайтысымен әжелерiне осы есiткендерiн айтып, Кәмшаттың күйiн бiлдiру керек. Әке не

десе о десiн, бұны iстемей болмайды. Абай осыған байлады. Жүрерде тағы да қымыз iшiп, жолға қарсы тоғайып ап, екi жолаушы атқа қонды.

Сүйiндiк үйiнiң жанынан үлкендерге "қош-қош" айтып, рақмет айтып кетiп бара

жатып, Абай кiшi үйдiң түңлiгiне тағы қарады. Түңлiк әлi ашылмапты. "Тоғжан ендi бiр

көрудi ойламаған ба! Тұруға да, көруге де асықпаған ғой!"

Бала жiгiт көңiлге алақызған толқын алып, амалсыз тебiнiп жүрiп кеттi. Ауылдан

алыстаңқырап бара жатқанда ең соңғы рет артына бұрылып, кiшi үйдi тағы қимай қарап

едi. Үй жанында бiр әйелдiң бойы көрiндi. Басына қара шапан жамылған, ақ көйлегiнiң

етегi шұбала түскен. Тоғжан сияқты. Жаңа тұрған ғой. Бiрақ есiктен шықты да, Абай

кеткен жаққа қарамай, әрi қарай, көгал дөңге қарай ақырын жүрiп кеттi.

Абайдың көңiлiне Тоғжанның шолпысы шылдыр-шылдыр етiп, ап-анық естiлiп бара

жатқан сияқты. Өз жүрегiнiң лүп-лүп соққан қатты толқын ырғағы.

Амалсыз ұзап кеттi. Аты жақсы Түйеөркеш, жан мекенiндей өзгеше ыстық

Түйеөркеш, мынау сәуiрдiң мынандай әдемi ашық рақат сәскесiнде тым құрса, " қош "

демей де үнсiз қалды. Жұмбақ мiнездi боп, сұлу мекен, сұлу жан қалды. Тау iшiнен

шығып, Қарауыл өзенiн қуалап, екi атты бөктерге қарай бұрылғалы келедi.

Ойға түсiп бiр түрлi баяу келе жатқан Абай бiр кезде арт жағанан дүрсiлдеп кеп

қалған ат дүбiрiн естiдi. Жүрегi тағы да түндегiдей қатты тулап, шұғыл бұрылып қап едi.

Орынсыз үмiт тез суынды. Сүйiндiк үйiнiң адамы емес, бiр толықша, қара жiгiт екен.

Мұрты жаңа ғана тебiндеп келе жатқан бала жiгiт жұпыны киiм киген. Астында құнанша

күзеген күрең биесi бар. Абайларға жақындай бере сәлем бердi. Ащық жарқын жiгiт болу

керек. Аппақ сұлу тiстерiнiң баршасын көрсетiп, ақсия күлiп келедi.

Жалғыз жүрген жолды көңiлсiз көрiп, алдыңғы жағында кетiп бара жатқан екi аттыны әдейi әңгiмелесiп отыру үшiн қуып жеткен екен. Күрең биенiң омырауы терлеп

қапты. Танаурап, демiгiп келедi. Екi езуiнде көбiк те бар.

Қарабас пен Абай да жаңа жүргiншiнiң қосылғанын терiс көрген жоқ. Жай

сұрасқанда бұл жiгiт Сүйiндiктiң ауылдасы, Көмекбай баласы Ербол деген жiгiт боп

шықты.

Қарабас Ерболмен оп-оңай бiлiсiп, әңгiмелесiп кеттi. Сөздерiн тыңдап келе жатып

Абай Ерболға шын ықыласпен қарап, әлденеден ыстық көре бастады. Үйткенi, Ербол

Сүйiндiк аулының аса жақын жiгiтi екен. Өзiнiң шешесi мен Тоғжанның шешесi Қантжан

немере қарындас. Ол үйлерге бұл үнемi араласып жүретiн өз кiсiсi боп шықты. Әңгiмешiл, күлегеш Ербол, ендi Абайға бар тұлғасымен ұнай бастады.

Аздан соң бұл екеуi көбiрек әңгiмелесiп, Қарабас шетiрек қалды. Абай Қарауыл

бойында құс көп екен деп, аңшылық мұратын бiлдiрiп едi. Оған Ербол:

– Қаршығаң бар ма? Қаршығаң болса қыдырып келсеңшi! Мен қасыңа ерiп жүрiп

үйрекке де, қазға да кездестiрейiн, – дедi.

Үйде Тәкежанның көк қаршығасы бар-ды. Абай көңiлiне мынау сөздер үлкен медеу

болды. Бағана Түйе өркештен кеткелi:" ендi қайтып қашан келем? Не сылтаумен келе

аламын?" деп өздiгiнен бабын таба алмай келе жатқан бала жiгiтке мына Ерболдың

айтқаны өте бiр рақат табыс көрiндi. Абай мен Ербол құс жайына, аңшылық жайына

аусқан соң тату құрбы сияқтанып кеттi.

Екеуiнiң де айтар сөздерi бiтер емес.

Бiрақ бөктерге шыққан соң Ерболдың жолы бөлiнетiн боп едi. Ол оң жақтағы

Көлқайнарға бұрылмақ екен. Шаруасы сонда. Абайлар болса, Шыңғысты бөктерлеп

отырып, Қарашоқыға, Күнкенiң аулына қарай тартпақ.

Ерболды қиғысы келмеген Абай:

– Көлқайнарда тығыз жұмысың болмаса, бiзбен бiрге жүресеңшi!– дедi

– Е, е, не деп ерем? Не шаруаң бар дегенде не деймiн?– деп, Ербол күлiп жiбердi.

– Шаруаңда жұрттың не ақысы бар! Қыдырасын, қонақ боласын! Құл саламыз.

Ербол Абай сөзiне қызыға бастап:

– Айтқаныңа қызығып тұрмын!- деп, аз ойланды да: – Ә-әй, бiрақ шаруам қалады

ғой, болмайды!– деп, амалсыз байлау айтты.

Аздаң соң Ербол Абайлардан бөлiнiп, Көлқайнарға қарай тартып кеттi. Келгенiнде

күлiп келгенi сияқты, кетерiнде де күле қоштасып айрылды. Абай бұның сол көңiлдiлiгiне

қызыға қарап қалды. Ерболдың алдында түк бөгет жоқ. Тiлесе, Тоғжанды күнде көредi.

Жақыны, туысы, Тоғжанға сондай жақын болудың өзi де бақыт сияқтанып, Абай мына

жiгiттiң сондай халiн қызғанады. Ербол болса, айнымас қызықты көңiлмен желе жортып, ұзап барады. Тоғжан турасындағы ең соңғы үмiт – соншалық ыстық көрiнсе де ұзап

барады.

2

Абайлар Қарашоқыға түс ауа жеттi. Күнкенiң үлкен үйiнде мол жиын бар екен.

Кермеде күмiс ертоқымды көп аттар тұр.

Қарабас Абайға бұл жиынның алыс ел емес, осы маңның өз адамдары екенiн айтты.

Аттарынан таныған.

– Жуантаяқ, Топай, Ырғызбай iшiнiң кiсiлерi. Күндегi жиын ғой. Бiрақ, мынау

жүруге қамдалып, жаңа ерттелген аттар ғой. Түстiктi жеп қойған екен, құр қаппыз!– дедi.

Абай сәлем берiп үйге кiргенде кең үйдiң iшi лық толған кiсi екен. Биiк төсектiң

алдында бар жиыннан иығы асып, ақ көйлегiнiң омырауын ашып тастап, төс жүнiн

көрсетiңкiреп әкесi отыр.

Тарқауға айналып, киiнiп алған үлкендер дәл кетер жерде қымыз iшiп, Құнанбайдың

соңғы сөздерiн тыңдап отыр. Бiр тiзелеп жүгiнiп, тымақтарын киiп отырған кiсiлер де бар.

Үйдегiлер Абайдың сәлемiн алғанмен амандық сұрасқан жоқ. Төсектiң аяқ жағын

ала, жорға Жұмабайға қымыз сапыртып, құйғызып Күнке отыр. Абай соның қасына кеп

отыра бере әкесiнiң соңғы сөздерiн есiттi.

– Қыбыр-жыбыр бар, бiлемiн. Бiрақ " онымыз жоқ " деседi екен ғой. Ал, сенейiн.

Сенемiн деп, жаза шексем де сенемiн!– деп сұрлана түсiп, зiлденiп, – құлақпен есiткеннiң

бәрiн бекер дейiн, көзбен көргендi ғана шын дейiн. Көзiм көргенше шыдайын. Мен деген

дос!– деп, Құнанбай жалғыз көзiмен қадала қарап, төрден босағаға шейiн бiр шолып

шықты. Содан қайта төрге өрлеп, дәл қасында отырған Жуантаяқ Топайдың қартаң

адамдарына көз қадап отырып, - мен деген дос, мен шыдағанша сен де шыда! Тек жалғыз-

ақ мен қозданған күнi "бiрге қозданам" деп шыда! Соны iстесең, құдай ырза, мен ырза.

Әзiрге менiң қолқа, тiлегiм осы-ақ!- деп, тоқтап қалды. "Жүрушiлерге рұқсат" деген

сияқты қып тұжырып едi.

Бар жиын, төрден босағаға шейiн құп-құптап:

– Дегенiң болсын!

– Айтқаның болсын!

– Серт уәдемiз айтылды ғой!

– Тұр дегенiңе тұрамыз!- десiп, жапыр-жұпыр қостап қалды. Абай өз iшiнен:

"Баталасу сияқты-ау! Бiр нәрсеге ел қамдап, серттесу үшiн шақырған-ау!" деп ойлап, жаңағы " дос " деген сөздi есiне алды.

Бiрақ төрден босағаға шейiн бұ да қарап өтiп, бiр нәрсеге iштей ойланып қалды.

Мынау " дос " деп әке атаған кiсiлерi бұрын Абай аз бiлетiн, немесе, тiптi танымайтын кiсiлер. Бұрын мұндай жиын ортасында "дос" деген атпен Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйiндiк, Түсiп сияқты кiсiлер отырушы едi.

Бүгiн оның бiрi жоқ. Анада өзi барған Құлыншақ та жоқ. Басқаша бiр екшеу ғой.

Олардың үстiне тағы да мол дос жию ма? Болмаса, тiптi соларды екшеп тастаған ба? Әлде

дүмбiлез бiрдеңелер бар ма?

Абай Қарқаралыдан қайтқалы ел iшi қыстыгүнi татулықпен, Кәмшатты жылатып

берумен "бiттi, тынды" деп бiлетiн. Содан кейiн үлкен сыбыс та шыққан емес. Iшiнара не

күңкiл барын сұрастырған да емес-тi.

Қонақтың көбi жүрiп кетiп, екi-үш ақсақалды ғана Құнанбай қоналқаға ұстап қалды.

Көпшiлiк кетсе де әкесi толық босамады

Абай өзiнiң Сүйiндiкке барған жұмысын көпке шейiн айта да алмады.

Ақыры бiр әредiгiн тауып, әкесiмен сөйлесiп, мiндетiн ада қылды. Ендi бүгiн мұнда

қонбай Жидебайға қайтсам деп ойлап едi. Әкесiне сол ниетiн айтқанда Құнанбай:

– Немене бұ, қуыршақ ойнайтын қыз ба едiң сен, шешеңнiң қасынан шықпайтын?

Менiң қасымнан сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда болсаң ел көресiн, сөз

ұғасын, тәлiм-тәрбие аласын. Онда не табасын?- дедi.

Абайға бұл сөздер оншалық даусыз хақиқат болып танылған жоқ. Iшiнен: "сiз ата

болсаңыз ол, – ана. Бала, ата-ананың тағылымын бiрдей алып өседi" деп ойлады.

Бiрақ әкесiне тура жауап айтқан жоқ.

– Үйде қаршыға бар едi, биыл құс мол екен. Жидебайға барып азырақ қаршыға

салайын деп ем, – дедi.

Құнанбай бұл жерiне дауласқан жоқ, түсiндi. Бiрақ:

– Тағы бiрер күн аял қыл, ертеңдер сенi Байдалыға жiберiп алғалы отырмын. Содан

әрi қайтарсың, – дедi.

Абай амалсыз көндi де, бел шешіп жайланып, осы өгец шешесінің үйінде қала

тұратын болды.

Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кiсiсi. Кешелер ол да Құнанбаймен араз кiсiнiң

бiрi едi. Ендi соған жiбермек.

Әуелi Құлыншаққа жiбердi. Ол Құнанбайға өкпелi. Сүйiндiк болса, ол да бұрыннан

ренiштi адам. Кеше түнi бойғы әңгiмеде Абай өз әкесi туралы үлкен кiсiлердiң аузынан ең

алғаш сын сөздерiн есiттi. Ол әңгiмелердiң iшiнде талай-талай мәндер жатыр. Сүйiндiк те

Құлыншақтай өкпелi адам. Ал ендi мiне, тiптi Бөжеймен тiзе қосып, әрдайым жаулықты

мықты ұстап жүрген Байдалыға жiбермек. Оның Құнанбайға қарсы араздығы қатты бекiп

қалған тоң сияқты емес пе едi? Көңiлi жiбiдi ме, қабағы жадырады ма? Абай бiлмейдi.

Ендi соған бармақ. "Осы қалай" деп, бiраз ойлана түсiп, Абай өз әкесiнiң iшiн

түсiнгендей болды. Тегi әкесi өзiне жау адамдарға Абайды әдейi жiберетiн болар. "Жау

барын көрсiн, түсiн танысын. Тани келе, көре келе, әкесiне достығы, тiлеулестiгi күшейсiн

" деген болу керек.

Абай осыны ұқты да, қатты толқып, қиналып ойланды. Шытырман. Бiр сәтке Абай

өзi көлденеңнен қарап, шытырман iшiне жалғыз, құралсыз, әлсiз күйде ерiксiз кiрiп бара

жатқан өзiн көргендей болды.

Өзiн-өзi ойша екiге бөлiп, осылайша көлденең көзбен көре жүретiн әдет Абайда әр

кезде болушы едi.

Екi күн өткен соң Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жiбердi. Құлыншақ пен

Сүйiндiктей емес Байдалы бұларға жылы шырай бермедi. Сырты үп-үлкен ақшыл үйге

Абайлар кiре бергенде-ақ Байдалының бiр нәрсеге қатты ашуланып, айғайлап жатқан үнi естiлдi.

Үй iшi әбiгер екен. Босағада малшы қатын үлкен күбiге iркiт пiсiп тұр. Бiр жағынан

кең қазанда құрт қайнап жатыр екен. Үй iшi ыстық. Дәл Абайлар кiре бергенде Байдалы

бiр кiшкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалақпен ұрып:

– Құдай сiлегiр, кетшi былай, құдай сiлегiр. Тыныштық бермедiң ғой, сен-ақ!– деп, жылатқан бойында итерiп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрi шошып, әрi ашуланып

булыға жылады. Басында шыр етiп шыңғырса, ендi шегi қатып көкпеңбек боп, долдана

жылайды. Көзiнiң жасы да,, сiлекейi де шұбырып жатыр.

– Әпкет! Әпкет мынау қараң өшкiрдi!– деп, Байдалы қатынына бұйрық етiп, үйден

айдап шықты.

Үй iшiнiң осы жанжалының уақытында Абайлар сәлем берiп кiрiп, төрге шығып

отырысты.

Байдалы сәлемдi оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды.

Құрт қайнатып жатқан үйдiң қазаны бос болмайды. Ет асқысы келмеген үйге ол бiр

жақсы сылтау болатын.

Абай мынау ыстық үйде, мынадай тырысқақ ашушаң кiсiнiң үйiнде ет асым уақыт

отыруды өз басына жазадай санап едi. Сондықтан еттiң сәтi болмаса тiптi қарсы емес.

Iшiнен Қарабасты мысқылдап:

"Ал бәлем, шоқ! Түстiк болмаса, түбiң түсетiндей көрушi ең! Көрермiн осы үйден

жегенiңдi!"– деп, жымия түстi.

Шынында Қарабастың бiр қиыны – "түстiк" пен " қонақасы " жайын өзге дүниенiң

бәрiнен бұрын ойлап, өзгеше көңiл бөлетiн. Кейде Абайдың қонбайық деген аулына:"

қонайық, бұл үйдiң сүрi мол" деп, тағы бiр кезде: "түстенбейiк, жүрiп кетейiк" деген

жерiнде: "түстенейiк, бұл үй қонақасыға мырза" деп, қайдағы Абайдың iшiн пыстыратын

көңiлсiз, сүйкiмсiз бiр үйлерге ерiксiз аялдататыны болушы едi. Екеуiнiң көп жүргенде

көбiнесе ұғыспайтын жерлерi осы болатын.

Бұл жолы Абай көңiлiне Байдалының ниетi де сай келген сияқты. Үлкен қара

сақалды, суық түстi Байдалы қонақтардың бетiне қарамай, мойнын есiк жаққа бұрып отыр.

Аздан соң күбi пiскен қатынға қарап:

– Қымыз әкел, ас ауыз тигiз мыналарға!- дедi.

Қарабас белдiгiн шешiп, кiшкене орнығыңқырап отыра бастап едi, Абай үйдiң

шырайын одан бұрын бiлiп, бел шешкен жоқ-ты.

Кiшiрек ағаш тегенеге құйылған қымыз келген уақытта Байдалы өзi сапырып, өзi құйып, қонақтарға бiр-бiр шараны бердi де:

– Барыстарың қалай? Не шаруамен жүрсiңдер?– дедi. Абай өзi келген шаруасын сол

арада айтты.

Әңгiме тағы жер жайынан. Құнанбай, ел жайлауға шығардан бұрын, былтыр өзi Қарашоқыдан көшiрген Бөкеншi, Борсаққа Жiгiтек жерiнiң жапсарынан жайлау берген

болатын. Сол ретте осы Байдалының Қаршығалы Қопа деген қоныстарына "Сүгiр мен

Сүйiндiк ауылдары қоса қонсын, бiрге жайласын!" дептi. Абай қымызын iшпей алдына

қойып отырып, сол шаруаны айтып шықты.

Бұл сөздi есiткенде Байдалы қабағын түкситiп жiберiп қатты түйiлдi. Абайға жауап

бермей, зiлдене қарап, қадалып қалды. Абай Байдалының көзiнен жасқанған жоқ. Бала

жүзiнде ашу да, араздық та жоқ. Тек: "мынау кiсi қалай қарайды?" деген тәрiздi кiнәсiз

таңдану ғана бар.

Байдалы кiрпiк қақпай, шұғыл ойланып, үнсiз отырып, ақырында:

– Құп болсын! Қонсын Сүгiр мен Сүйiндiк, не деушi едiм!– дедi.

Қайратты, шапшаң ер адамның байлауы сияқты. Езбедi. Жақтырмаса да, күйiп

отырса да, амалсыз байлауын бiр-ақ кесiп, бiр-ақ түйдi. Сөз бiтiп қап едi. Бiрталай уақыт

үй iшi үнсiз болды. Абай қымызын iшiп болып, рақмет айтып, ендi жүргiсi келгендей ажар

бiлдiргенде ғана Байдалы ырғала түсiп, сөйлей жөнелдi.

– Айтқанына көндiм. Бiрақ сөз ұғушы ма едiң өзiң? Әкеңе айтар сәлемiм бар.

Бұлжытпай жеткiзуге жараймысың, жоқ па?

– Ойдағыңыздың бәрiн айтыңыз, ақсақал! Жеткiз дегенiңiздiң бiр ауызын қалдырмай

апаруға уәде қылайын. Мен тек екi арадағы сәлемшiмiн. Дегенiңiздi жеткiзбей кетсем, я

бұрсам, қиянат болмас па едi? Мойнымда қарыз қалдырмаспын!

Байдалы мына сөзге әбден қанағат қылды. Бала көргенi – бала емес тәрiздi.

– Ендеше жаттан айтсам, сырттан айтқан болады. Саған айтсам, әкеңнiң өз көзiне

айтқаным!- деп, аз бөгелдi де, –"татуластық, табыстық" деп ек кеше тамам Арғынның

тобында. Сол татуласқан сиқым осы ма? Тәттi күнде тағы артыма қалжуыр байлайтын

болса, анадағы араздықтан мұның несi озды? Не жаздым! Сенiң әкеңе не жаздым осы мен, Жiгiтек? Атаң Ырғызбайға атам Кеңгiрбай оң батасын берiп, би сайлап едi. Өз баласы, өз

туысы жоқ емес едi ғой сонда, "осы болсыншы" деп бермеп едi? Ал, бұл болса, бүгiн

мiнеки, алысқа абыройы асса, айналып кеп Жiгiтектi жаныштайды. Жақынға жауықса, жағалап кеп тағы Жiгiтектi жентектейдi. Бiр жiбiмей кеткенi ме үстiп? Шапқа түрте-түрте

барып, ақыры бiр күн " өлермен бол да, отқа түс, соныңды көрмей тоқтамаймын!" дегенi ғой мұнысы. Қоймас болса сол қолқасын алар. Алмай тынбас сенiң әкең! Осыны айт! Бiр

мен емес, "Жiгiтек сәлемi" деп айт осыны! Ал мына жерiн алсын, бiр бұл емес, тағы

тапсын, тағы алсын!– деп, қолын бiр-ақ сiлiктi де тоқтап қалды.

Үй iшi жым-жырт, от әлi маздап жанып жатыр. Үлкен қазанның астын қызыл жалын

дамыл алмай жалап тұр. Әуелде толтыра құйылған iркiт қазiр бiрер қайнап қалған екен.

Кемерiнен орта түсiп, шымыр-шымыр қайнайды. Жаңағы Байдалының ашулы сөздерiнiң

тұсында Абай көзi қазан бетiне түсiп едi. Қоюланып бара жатқан ыстық құрттың ортасы

кей кезде көпiршiк атып сақылдап қайнайды. Сол көрiнiс тап Байдалы ашуындай.

Қайнауы жеткен ашу қызуы жеткен құрттай. Бiр жер емес, қазан бетi әр тұстан бұрқ-бұрқ

етедi. Ол-дағы осы елдегi әр жерден шаң берiп жатқан Құлыншақ, Сүйiндiк, Бөжейлердiң

ашулары сияқты.

Шынында жаңағы аз ғана сөз талай терең түкпiрдiң үстiн басты. Талай түйiндi түртiп

өттi. Талайдан терiлiп жүрген желiсi ұзын дау, себебi мықты кiнәлар жатыр.

Абай Байдалы сөзiне орай айтпақшы емес. Бiрақ жақсы, жаман деп сыр да берген

жоқ. Сәлемдерiн ұғып болып Байдалыға қош айтпақ болып едi. Қамшысын ұстап, тымағын кидi. Осы кезде Байдалы тағы бiр ырғала түсiп:" әлi де тыңдап кет!" дегендей

белгi еттi. Абай тымағын қайта қолына алды.

Қазiр Байдалы бiржолата өзгерген сияқты: кең, баяу, байсалды үнмен тың әңгiме

бастады, Абайға ендi күлiмсiрей қарайды. Бұл пiшiнi жаңағы Байдалыға тiптi ұқсамайды.

Үлкендердiң әр алуан кең мiнезi, терең сыры болатыны бар ғой. Бiрақ тап мынадай, ашуы мен сабырын оңай жұмсап, оңай тежеп, оп-оңай бұрып салып отыратын шын

ұстамды адамды Абай осы Байдалыдан ең алғаш рет көрiп отыр.

Жаңағы ашумен күйген Байдалы ендi майда қоңыр үнге түсiп:

– Осы өздерiң көрiп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның iшiнде көп қойма жатыр, не

керек! Шiркiн, тек қана азғантай Көшкеден шықты ғой. Егер Олжайдан туса, өрiсiн көрер

ең?– деп, бiраз отырды да. Тақауда әне бiр күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар –

барлығымыз Қаумен үйiнде түстенiп отыр едiк. Жиын бiр сөзден бiр сөзге түсiп, шалқып

отырып, ақыр аяғы: "Жә, өзiмiз көргенде мырза кiм?" дегенге келдi. Жұрт ойланып қалды.

Байсал күн шуақта жатқан тағыдай көзiн бiр ашып, бiр жұмып, бүк түсiп сырт қарап

жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты, "мырза-кiм?" дегенге Қаратай жауап берiп,

"мырза – Құнанбай"– дедi. Тағы бiраздан соң ол жиын: "шешен кiм!" дедi. Тағы Қаратай

жауап берiп, "шешен – Құнанбай"– дедi. Екi бел асты. Аздан соң және бiр оралып кеп:"

жақсы кiм?" дестi. Әлгi Қаратай және жауап берiп:" жақсы - Құнанбай "- дедi. Сол кезде

Байсал басын жерден жұлып алып саңқ етiп: –"Уай, Көкше, не оттап отырсың өзiң?" деп

Қаратайға қадала түсiп: – мырза Құнанбай екен, шешен құнанбай екен, жақсы Құнанбай

екен! Ендеше не көкiп алысып жүремiз онымен?"– дедi. Соған Қаратай iле жауап берiп: –

"Уәй тәйiр-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мiн тауып алысып жүрмiн бе? Жалғыз-ақ

"не қылайыны" жоқ қой, сондықтан кетiп жүргем жоқ па?" дедi. Сөз ұғатын бала

сияқтысын ғой!– деп Байдалы осы тұста Абайға сығырая қарап отырып, – дәл осы сөздi сенiң әкең естiмеген болар. Осыны да айта баршы. Кешiрiмi, мейiрiмi жоқ екенiн Көкше

неше жерде көрдi, бiлмеймiн. Бiрақ Жiгiтек соның жоғын күнде көредi. "Кештiм" дегенiн

бiрде-бiр көрмей-ақ кеттiк қой!- дедi.

Жол бойында ешбiр жерде Абайдың аялдағысы келмедi. Оңай емес, әлдеқалай емес, бүгiн естiгенi ерекше. Байдалының аулынан ұзаңқырап шығысымен Қарабасқа:

– Жүр жарысайық!– деп тебiне жөнелдi.

Қарабас жарысты оншалық жақсы көрмеушi едi. Бiрақ Қарашоқыға күн барда жету

үшiн қатты жүрмесе болмайды. Және бұның астындағы – ақтабан қара бедеу, қасқыр

соққан жүйрiк бие болатын. Аймаңдай аттан күйi де төмен емес.

– Ал жүре ғой!– деп, о да жөнелдi.

Екi жолаушы ұзақ шапты. Аймаңдай ат пен қара бедеу кезек озысып, қатты желiсiп

келедi. Өзi озған кезде, Қарабас: "тоқтайық!" деп iркiле берсе Абай қуып жете берiп:

– Тоқтама, жөнел, жөнеле бер!– деп, атына қамшы баса бередi. Қарабас өз iшiнен:

"мына балаға Байдалы сөзi дөп тидi-ау! Шиырығып келе жатқаны сол-ау!" деп ойлаған.

Күн бата берген кезде аттарын қан сорпа қып Қарашоқыға жеттi.

Ауыл сыртында кiшкене тастақ төбе бар едi. Құнанбай Майбасар екеуi сонда отыр

екен. Абай аттан түсе бере, шылбырын Қарабасқа тастады да аял қылмастан әкесiне қарай

тартты. Құнанбай ауылдан қашық отырса да, бұлардың қатты жүрiп келгенiн аттарының

сонау алыстағы ажарынан байқап едi. Қара бие ауыздығын шайнап, тыныштық ала алмай

керменi сүзе тартып тұр. Құнанбай көзiндей, мал сырын бұлжытпай бiлетiн көреген көзге

сол белгiнiң өзi де жеткiлiктi.

Бiрақ ол жайға Құнанбай онша шiмiркенген жоқ-ты. Тегiнде, балаға ат қинайсың, шаруа күйзелтесiң!- деп ұсақ мазасыздық жасамайтын. Сондықтан баланың бiреуi аттың

аяғын кетiрiп немесе зорықтырып өлтiрiп қойса да ұрыспаушы едi. Абайға мұндай

дүниелiк жайында еш уақытта тарлық еткен емес-тi. Қазiргi де қатты жүрiстерiн жай

балалық, желiк жарыс қой деп бiлген.

Бiрақ ол өз бетiне. Ал мынау Абай үйге кiрмей, асыға басып дөң басына келедi.

Жақындап келген уақытта әкесi қадағалап қарап едi. Баласының екi көзi от шашып, бетi қызғылттанып, танауы да желбiрей түседi. Барлық жас ажарында бал-бұл жанған бiр

құбылыс бар. Әншейiндегi салмақты, қоңыр баяу Абай емес.

Баласы тақап келгенде, Құнанбай:

– Немене, балам? Неден ширықтың, жөнiңдi айтшы!– дедi.

Абай әкесiнiң төменгi жағына отыра берiп, өз iшiндегi көңiл күйiн дәл тапқанына

қайран қалды.

Отырысымен көп күттiрген жоқ. Бүгiн Байдалыдан есiткен сөздердi бұлжытпастан, жалғыз түйiрiн қалдырмастан түгел айтып шықты.

Әкесiнен көз алмай қарап отырып сөйледi. Құнанбай басында мұны аса салқын

тыңдады. Тек "Жiгiтектi жаныштаудан тоқтамады ғой!", "босаспады ғой!" деген сияқты

Байдалы дауына жеткен жерде ғана қабағын лезде қатты түйiп ап, Абайға тiксiне қарады.

Баласының өзiн барлап: "осының өзi қандай?" дегендей.

Абай әке көзiнен жасқанған жоқ. Байдалының дауын соншалық зiлдi, ұтымды күйде

айтумен қатар, мына бала өз сұрағын да осы араға қосып отырған сияқты. Әке мен бала ең

алғаш рет шындасып бет ашысатын белге келгендей едi.

Бiрақ Құнанбай өз баласы туралы екi ұшты болуын тез жойып, Байдалы сөзiнiң

салмағына сөз салып кеттi. Есiттi, ұқты. Жалғыз-ақ түк шiмiрiккен жоқ. Ашумен демiгiп, ернiн шығарды. Өз байлауы өз iшiнде. Жауап айтқан жоқ. Абай әкесiне осы сәлемдi әкелгенде, тым құрса бiр шешiлер, бiр сөйлесер деп едi. Ол болмады.

Байдалының алғашқы сөзiн естiртiп бiр тоқтаған едi. Одан тың сөз тумаған соң Абай

аз отырып, Байдалының соңғы әңгiмесiн айтты. Бұл Абайдың, әсiресе, " жауап айтар, не

айтар екен?" деп асығып күткен жайы едi.

Құнанбай баласының осы көңiлiн анық таныды бiлем. Қаратай мен Байдалы үшiн

болмаса да, өз баласы мен өз туысы үшiн бiр жауап керек. Ол тiптi аналардың орайын

беру үшiн, әсiресе, керек.

– Қаратай жүйрiк қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бiрақ өз топшылауым

бойынша, адамның қай мiнезi қасиеттi болса, сол мiнезi мiнi де болады. Мен өмiрде

ұстаған нәрсемдi берiк ұстанам. Жақсылық – кiсiнiң айнымас табындылығында деп

бiлемiн. Соның түбiнен мiн шығатын кез де болатын шығар!– деп, үндемей түнерiп

отырып қалды. Дау айтқан кiсi жоқ.

Абай әкесiнiң жауабын ғана бiлмек едi. Ойландыратын жауап естiдi.

Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгiден де жуасыңқырай түсiп:

– Адам пенде ғой! Пенденiң жоқ-жiтi толған ба?– дедi.

Қияласа да өз мойнына кiнә алып отыр.

Бұл кезде Абайға әкесi жадағай көрiнбедi. Кiнәға, дауға жүйрiк Байдалы сияқты емес.

Ол шешендiктен гөрi басқарақ түкпiрi бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың

сияқты.

Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңiлiндегi түйiнiн аяқтата алмаған, өз

дағдарысымен кетiп едi.

3

Жидебайға қайтардың алдында Абай әкесiнен көшi-қон жайын сұрастырған.

Құнанбай үлкен аулына тез көшсiн деп бұйрық бердi. Бiрақ биылғы көш жолы

жылдағыдай емес. Бұрын Құнанбайға қараған ауылдар осы Қарашоқы тұсына жиылып ап

жайлауға қарай жөнелгенде, Шыңғыс тауынан Бөкеншi асуын басып асушы едi.

– Қазiр бұл тұсқа келмей, Қарауыл өзенiн өрлеп барып, Ақбайтал асуынан асыңдар!-

дедi. Және жазғы жайлау сол асудың тұсымен баратын Бақанас суы болды.

Бақанас, Байқошқар – бұл өңiрдегi Тобықтының ең үлкен өзенi. Шыңғыс сыртындағы

мол жайлаудың ең үлкен өзенi. Шығыс сыртындағы мол жайлаудың ең арғы шетi сол екi су. Бiрақ Құнанбай ауылдары бұрын Байқошқарды қоныс ететiн де, Бақанас өзенi Көкшеге

тиiстi едi.

Қаратаймен қырбай болғандықтан, Құнанбай Көкшенiң жайлауына ортақ болғысы

келгендей.

Бұның ар жағында бiрталай есеп бар. Осы жазда Жiгiтек, Бөкеншi, Көкше боп тағы

да қайтадан бас құрасатын сияқты. Кешегi Байдалы айтқан сәлем тегiн емес. Астыртын

шеп бiрiктiрiп жатқан елдiң дақпырты тәрiздi. Ендеше солардың әр алуан шиырын, сыбыр-жыбырын бiлiп отыру үшiн Құнанбай өзiне қараған елдiң бiразын, дәл сол елдiң

арасына таман кiрiстiрiп жiберу керек.

Жайлау аралас болса, қыдырыс-жүрiс аралас болады. Сыбаға, қонақасы аралас

болады. Сүйтiп мал басы түйiсiп отырса, ел тарту оңай. Ал, мұндай есепке Зере отырған

үлкен үйдiң барғаны жақсы. Бұл көп Тобықтының үлкен санайтын, күтетiн үйi. Және

Күнкедей емес, Ұлжан қонағуар, кең бейiл, мырза.

Оның асы мен көлiгi, өң шырайы адамды дос етедi, тарта бiледi. Iшiне қан қатқан, сонау қатты жаулық болмаса, ет пен терiнiң арасында жүретiн уақ-түйек өкпенi жуып-

шайып отырады. Осының бәрi Құнанбайға ел әпередi.

Ақбайталды басып, Бақанасқа қарай көшiңдер! Бөкеншi, Көкшеменен қоныстас

болыңдар!"– дегендегi Құнанбайдың iшкi есебi осы болатын.

Абай әке есебiн бiлген жоқ. Тек өз аулының жекеленiп көшкенiн лайықсыздау көрсе

де, iштен аса құпия түрде бiр қуаныш сездi. Қарауылды өрлеп көшу, Бақанасқа шейiн бару

жаз бойы Сүйiндiк аулыңа жақын жүру деген сөз. "Өмiрi қосылмас-ай жуықтамас-ау!"–

деген өмiр соқпағы ендi мұны күтпеген кезде Тоғжан ұясына жақын апарды.

Соңғы күндердегi барлық жеңiл, ауыр сезiмдердiң баршасының қатарында Тоғжан

бейнесi жас жiгiттiң көз алдынан кеткен емес-тi. Абай толқыған қуанышын жасыра

алмады. Әкесiне белгiсiз себептен қып-қызыл боп өзгерiп кеттi. Құнанбай бұл өзгерiстi байқаса да себебiн сұрамады. Әрине, Ақбайталға қарай көшуге Абай қарсы болған жоқ.

Жалғыз-ақ өз топтарынан бөлегiрек жайлайтын болған соң, жалғыз ауыл кету тағы

қолайсыз. Соны ғана ескерiп едi. Құнанбай бұл жағын да топшылап қойған екен.

– Жалғыз ауыл болмайсыңдар. Неге жалғыз ауыл боласың? Тiптi сол Жидебай, Мұсақулдағы Көлқайнар, Шүйгiнсудағы Ырғызбай, Жуантаяқ, Қарабатырдан кем қойса, он ауыл сендерге ере көшедi. Бәрiне де сәлем айтам!– дедi.

Жуантаяқ, Қарабатыр дегендерi Құнанбай ауылдарын жағалап жүретiн, қысы-жазы

бiрге көшетiн момын көршiлер едi. Абай оны да мақұл көрдi. Осымен Жидебайға қайтып

кеттi.

Тоғжанды тағы көру үмiтi Абайдың Қарашоқыдан алып қайтқан зор олжасы сияқты.

Жол бойында бар дүниенi ұмытып, бiр Тоғжанның елесiн көз алдына келтiрiп, нелер

ыстық қиялға батты.

"Өмiрдегi ең бiрiншi жалғызым, барым " дегендей неше түрлi еркелеткен нәзiк сөздер

өз-өзiнен сан рет айтылып келедi. Жас жүрегi соғып қана қоймайды, қазiргi Аймаңдай

аттың асығыс дүсiрiндей дүбiр шығады. Бұл шақтағы барлық сезiмi құр ғана жас тiршiлiк

белгiсi емес, кеуде тола лаулап жанған жалындай.

Қарашоқыдан Жидебайға шейiн қатты жортып жүрiп едi. Екi аулының арасында дәл

осы күндей шапшаң жеткен күнi жоқ. Қалайша оп-оңай келiп қалғанын өзi де байқамады.

Жидебайдағы ауыл да киiз үйге тегiс шығып алған екен. Биыл Қарауыл суы мол боп

тасып, Жидебай, Мұсақұл үстiндегi кең қорық көк жайқын қалың шалғын боп келе жатыр

едi. Көп үйлi ауыл кеш мезгiлiнде бiртүрлi бейiлдi, қоналқаға көңiлдене шақырып тұр.

Ауыл айналасы қалың қой. Қозы жамырап, иттер үрiп даңғаза боп жатыр екен.

Абай үлкен үйге түстi де, шешелерiмен амандасып болған соң көшi-қон жайн айтты.

Жылдағы әдет бойынша бұл ел әуелi бауырға қарай, көктемдiк қоныстарға барушы едi.

Ұлжан солай көшермiз деп, қыстауда қалдыратын жүктерiн, қоймаларын сайламаған екен.

Жайлау биыл ерте көктедi. Шыңғыстағы ел бауырға көшпей, жайлауға асығып отыр.

Сондықтан бұл ауыл да дүрмектен қала алмайды.

Ол жағын Ұлжан ұқты. Бiрақ, баласы ойлағандай тез көше алмайтынын бiлдiрдi. Үй

iшiн жеңiлейту, теңдер буғызу, жатақшының жазғы күнiн бейқам ету, баршасы да бұл

ауылды не қылса да бес-алты күн бөгемекке керек.

Абай өз iшiнен: "Сүйiндiк ауылы сыртқа кетiп қалады, жеткiзбей ұзап кетедi-ау" деп

тынышсызданып едi. Шынында сыйлас ауылмен немесе достас жандары бар ауылмен

қатар көшкен қандай қызық. Ертелi-кеш бiрге көшiп, бiрге қонып отырса, күндiз-түн

көрiсе жүрудiң сылтауы көп. Бiрақ шешесiнiң байлауы жаңағыдай шаруа жағына

келгенде, бұзылмайтын байлау болады. Ондайда Ұлжан Құнанбайдың айтқанын да

орындамай, өз билiгiмен кететiн.

Көңiл қаншалық қиял құшып, аласұрса да, Абай амалсыз көндi.

Кешкi астың алдында Абай Зере мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты. Естiгенiнiң

ешбiрiн қалдырмай қатты айтты. Жыласа да, күйзелсе де, шешелердi аяймын деп Кәмшат

жайын бүркеу мүмкiн емес.

Зере күрсiнiп, күңiренiп кеп, Құнанбайды жерледi. Ұлжан үнсiз, жым-жырт, қиналып

отырып-отырып Абайға:

– Осы естiгенiңнiң бiрде-бiрiн Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан жүрегi қақ

жарылып жүр ғой. Бүгiн таңертең:" түс көрдiм, Кәмшат жер ошаққа жығылып қалып, үстi-

басы лаулап жанып барады екен " - дедi. Сүйiндiктiң қатыны аналық мейiрiмi бар кiсi.

Бәрiнен де соның айтқаны тек емес қой. Шыңғысқа жетейiк. Сонан соң өзiң қасыңа бiр

ересек кiсiнi ерт те, тура Шырақтың аулына барып, Кәмшатты өз көзiңмен көрiп, бар

жайын бiлiп кел. Айғызға содан кейiн айтып, әкеңмен шындап сөйлесейiк, - дедi.

Байлау осы болды.

Сол кештен он шақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен аулы Ақбайтал асуынан

асып барып, Шыңғыстың сыртындағы Жiгiтек, Бөкеншi жайлауы болған Қопаның аузына

қонды. Құнанбайдың айтқанындай он шақты ауыл боп көшiп келiп едi. Дәл бүгiн осы

қонысқа жеткенше бұл ауылдар өзге Шыңғыс бөктерiнен көшкен Бөкеншi, Жiгiтектi қуып

жете алмаған. Ең шабан көшкен ауылдар болған-ды.

"Алғаш үлкен ауылдың ерулiгi" деген табақ-табақ еттер, саба-саба қымыздар, көп-

көп қыдырушы қатындармен iлесе келiп-келiп қалды. Құнанбайға жұрттың көңiлi әр алуан

болғанмен, ежелгi салт-машық бойынша бұл өңiрдегi ағайын Зере отырған үйдi жатсынған

жоқ. Бiрақ сыбаға мен ерулiк әкелушiлер көп болса да, бұл келгендердiң iшiнде Бөжей, Байдалыдан немесе Сүгiр, Сүйiндiктен келген белгi болмады. Келiп жатқанның барлығы

момын ағайын. Араз-құразға ынтасы мен бейiлi жоқ, жай шаруаның ауылдары едi.

Үй iшi келушiнiң барлығына ырза болды да, келмегендi санаған жоқ. Жалғыз Абай

ғана өз iшiнен әр мiнездiң мәнiн өзiнше жорыды.

Шешелерiне берген уәде бойынша Абай Бөжей аулына баруға асыққан. Қопаға

қонған күннiң ертеңiнде қасына Ғабитханды ертiп, солай жүрiп кеттi.

Бөжей аулы Қопаның аузынан алыс емес. Батыс жақтағы көк қырқаның астында

Саркөл деген тұщы көлдiң басында. Түс шағында екi жас жiгiт сонда келдi. Саркөл

жағасында жағалай отырған ауыл көп екен. Бөжейдiкiн сұрастырғанда, бие қайтарып

жүрген асау тайлы бала тап орта тұстағы он шақты үйлi ауылды көрсеттi. Бұл бай ауыл

емес, бiрен-саран ғана бозғылт үйi бар. Көпшiлiгi қоңыр үйлi орташа ауыл тәрiздi.

Шынында Бөжей бай болған емес. Орташа, дөңгелек қана дәулетi бар едi. Абайлар Бөжей

үйiнiң сыртына кеп, аттан түсiп жатты. Қазiргi уақытта бұл ауылда бiрде-бiр бөгде кiсi болмау керек. Кермеде де, белдеуде ерттеулi ат жоқ. Жиын болса, көлдiң арғы шетiндегi ақ ауылда болу керек. Саркөл айналасындағы топыры көп ауыл сол тәрiздi. Жас жiгiттер

Бөжейдiң өзiн де үйде жоқ болар деп топшыласып едi. Сол ойлары шын болды. Бөжей

анау ақ ауылдағы жиында. Сонда түстенiп отыр екен.

Аттарын байлап, ендi үйге қарай жүре бергенде Абай осы үйдiң iшiнде әлсiз үнмен

жалынып жылаған кiшкене баланың үнiн есiттi. Ауру баланың жылағаны.

Абай жүрегi жаман белгiнi сезгендей су етiп, қатты аянышпен шаншып кеттi. Үн дәл

Кәмшаттың үнi сияқты. Абайлар үйдi айналып есiкке тақай бердi. Бiрақ дәл осы кезде

жаңағы баланың жылауына ызаланған ұрысқақ дауыс естiлдi. Бар сөзi басқа ұрғандай ап-

анық шығып жатқан Бөжейдiң бәйбiшесiнiң даусы.

– Ырылдатпа! Ырылдатпашы анау көзiң ойылғыр жетiмектi!- деп, зекiп тастап, долы

бәйбiше есiкке қарады.

Киiз есiк ашылып, екi бала жiгiт кiрiп келген екен. Абайлар төрге шықты. Үлкен

үйдiң iшi сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кiлемдi, алашалы екен. Бiрақ салақ үйдiң

белгiсi - сыпырылмаған, төрден олақ жиналған көрпе-жастықтан көрiнiп тұр.

Үй iшiнде, төсек алдында ұршық иiрiп үлкен қара сұр қатын отыр. Танауы

қусырылып, ернi қатты жыбырлаған қара қатын аса бiр ұрысқақ қатал жан сияқты.

Биiк төсектiң бас жағында жер төсек бар екен. Соның үстiнде Бөжейдiң екi бойжеткен қызы кесте тiгiп отыр. Жасына жеткен қыздардың пiшiндерi - сұлу да, сыпайы

да емес. Түксиген, сүйкiмсiз. Және шешелерiндей ашушаң, қатқыл адамдар сияқты.

Осы төсектердiң бас жағынан Абайлар отырып, үй iшiмен ақырын ғана амандасты.

Мажырасып қарсы алған үй iшi де болған жоқ.

Жылаған Кәмшат екен. Ол қонақтардың оң жағында, бiр жаман жыртық, жаялықтың

үстiнде бүк түсiп жылап жатыр. Басында жастық та жоқ. Тек бiр жаман жыртық

шапанның жеңi жасталыпты.

Кәмшат жаңа келген кiсiлердi танымады. Бiрақ үй iшiнiң қаттылығын осы жаңа

келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, дiрiлдеп, бiр түрлi әлсiз үнмен тағы жылады.

Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көздi Кәмшат қазiр сатқақ ұрғандай

арықтап, құп-қу шөлмектей боп қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетiнде ғазап пен сор

көлеңкесi бар сияқты. Кiрпiктерi ұзарғн. Екi ұрты кәдiмгi қайғы шеккен, аштық көрген

үлкен адамдардың, бетiндей боп, тозығы жетiп, жиырылып тұр.

Үлкейiп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерiнен кесек-кесек жастар тамшылайды.

Күтiмсiз, қор болған бала шын бишаралық қалпында жатыр.

Осы жайды көрiп, болжай сала, Абай мен Ғабитхан екеуi қатарынан Кәмшатқа

созылды.

Бала танымай, терiс бұрылып, тартына бердi.

Ғабитхан мынау көрген күйiне шыдай алмай:

– Ей, мазлұма! Нилер ғазап көргенсiң сен бейгүнаh мазлұма!- деп, жылап жiбердi.

Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей.

Үйдегi әйелдер мыналардың көзiнше сыр бермеймiн деген боп, анау-мынау жай

айтып жатты.

– Өзге бала сап-сау! Жалғыз оса бала бақырға бiр жаман iш ауру тиiп, толас таппай

қойғаны!– деп, бәйбiше жайма-шуақтаған болды.

– Iшiң ауырса, аузың тый дейдi! Бала неме бiле ме? Өзi кiшкентай түзеле берсе

болды, кешке шейiн бар тамақты малшылайды!

– Сүйтiп отырып қайтып жазылсын! Содан... Өзiнен... Ғой!– деп, екi қыз, топас

түрдегi бiр кекселiк айтып жатыр.

Абай бұл үйдiң iшiмен тiлдескен жоқ. Жанашыр мейiр жоқ, суық жандар, келген

жерден-ақ Абай көңiлiне түрпiдей тиген.

Бөжейдiң қатыны шай қойғызбақ сияқты боп қам iстей бастағанда, Абай:

– Ішпеймiз, жүремiз!- дедi.

Кәмшаттың мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бишаралығын көрiп отырғанда

тамағынан ас өтер орын жоқ.

Жұрт кiсi өлгенде: "бауырым, бауырым" деп жылайды. Өлген соң "бауыр" деп

танығаны не қажет? Абай ендi бiраз отырса, Кәмшатты құшақтап, бауырына қысып

жатып: "сорлы бауырым, жазықсыз бауырым!"– деп, зар шегер болса да, мынадай iшi дұшпандықпен қатып қалған көн көңiлдi жандардың алдында оны iстесе, адасқаны. Бiр

есептен жаңағы екi қыздың сөзiне қатты ыза болып, намыстанып, талқан қып ұрысып-

ұрысып кетер едi. Алғаш бiр ойлап, алқымына ашу тығылып келген күйi сол едi. Бiрақ ол

мiнезi Кәмшат үшiн пайда емес. Қайта оның ғазабын арттыра түседi. Амал құрып отыр.

Қатты сенделу үстiнде бәйбiше берген қымызды да iшпедi. Тiптi ұрттамастан жерге

қойды. Кiмге кектенедi! Кiмдi кiнәлап ұрсады? Жалғыз осылар ма? Бұлар ғана емес! Абай

осыны ойлап тез қоштасты да, Бөжей үйiнен шыға жөнелдi. Ерекше бiр ыза мен шер өне

бойын кернеп алды. Кеш бата өз ауылдарына қайта жеткен уақытта Абай көңiлiнен осы

күй бiр сәт арылған жоқ, бiр мысқал кемiген де жоқ едi.

Үлкен үй мен қонақ үйдiң арасына тартылған кермеде Құнанбайдың ер-тоқымы

ерттелген ұзын торы аты тұр екен. Қасында бiр-ақ бөтен ат бар. Әкесi бұл аулына жаңа

келген тәрiздi. Оқшау келгенi жақсы болды. Абай Кәмшат арызын түгел жеткiзбекке нық

бекiнiп, үйге кiрдi.

Ойлағандай Құнанбай бүгiн оңаша келiптi. Қасында жорға Жұмабай ғана бар екен.

Жiгiттер үйге кiрген кезде, осы үйге Айғыз да келдi. Ана жүрегi бiр жаманатты

сезгендей бұны асықтырып, осылай жетектеп келген. Күндiз Абайдың Бөжей аулына

кеткенiн Айғыз бiлетiн. Ол үйге кiрiсiмен көп бөгелмей Абайға қарап:

– Не көрдiң, не бiлдiң, Абайжан? Бiлдiң бе әлгi сорға туған бейбақ бауырыңның

күйiн?– дедi. Жалын атып тұрған шер үнi.

Зере мен Ұлжан да Абайға осындай сұраулар берiскен жүзбен бұрыла қарасты.

Абай әкесiне көз салып едi, үндемей, түйiлiп Айғызға аса салқын қарап қалған екен.

Өзi күйiп келген Абай әке жүзiнен қаймыға алмады.

– Көрiп, бiлiп келдiк. Кәмшат ауру. Әл үстiнде. Бiздi танымады. Бауыры суып, аямас

қас көргендей барлық жанды... Не айтайын?– деп тоқтап қалды. Әкесiнiң алдында кiсi зарын да, өз уайымын да еш уақытта бүйтiп айтып көрмеген-дi.

Құнанбай оқыс бұрылып Абайға суық қарады да, үндемедi.

Әйелдiң бәрi үнсiз жылап, аh ұрып, күрсiнiп отыр.

Түсiне ашу, көзiне жас толған Айғыз, дiрiлдеген үнменен:

– Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетiмегiм-ай! Не қарғысқа ұшырап туып

ең?– дей берiп едi, Құнанбай сол қолын шұғыл көтерiп қап:"доғар!" дегендей ишарат

қылды. Қарғыс шарпуынан бетiн қорғаған сияқты қозғалыс.

Мұның әмiрiнен жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бiрақ сыбырлап сөйлеп, тұншыға жылады. Құнанбай ақырып:

– Қысқарт ендi, басыңа көрiнгiр, не көрiндi, басыңмен кеткiр!– дедi.

Айғыз жауап қайырған жоқ. Бiрақ Абайдың қасында отырған Ұлжан жаулығының

ұшымен көзiн сүртiп:

– Өртенсең де, үндемей өртен дегенi ме? Кәмшатты ойласа, бүгiн емес, көптен

күңiренедi бұл жандар. Кiмге айтады? Қайда айтады?– дедi. Құнанбай оған да барын

айтқызбай тежеп:

– Жә, бiрiң бастап, бiрiң қостамай! Басалқы, басу айтады десе, о несi?- дедi. Ұлжанға

Айғыздай зекiрген жоқ, кiнәлай сөйледi.

Үй iшiнiң наразы үнiн осылай баспақ. Бiрақ онысына Зере болған жоқ.

– Қорқытпа келiндерiмдi! О несi?– деп қатты зекiп қап, iлгерi жылжып кеп, екi қолымен жер тiреп отырып, баласының жүзiне аса суық қарады. Абай өз әжесiнiң мұндай

қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты.

Зере Құнанбайға әлi де қадала қарап, түйiлiп отыр. Құнанбай шешесiнiң ажарын сездi де, жуаси түстi. Көзi де шеше көзiнен тайқып кеттi.

– Айында, аптасында бiр көредi. Арыз мұңын саған айтпай кiмге айтады? Қатты

болсаң қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп, қайда барасың өзiң? "жер тәңiрiсi сенсiң" деп қошеметшiң айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол

әкесiң, бiлдiң бе? Айтам ғой, "жер тәңiрiсiмiн" десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен

жоқ. Сен де бенденiң ұлысың, анадан туғансың. Менмiн сенi тапқан. Мынау аналар

аналық зарын айтады. Кәмшат турасында күйзелтiп, күңiрентiп отырсыңдар, сендер, бiздi.

Тап ендi емiн, тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетiмегiмдi!- деп, қатты бұйрық етiп

тоқтады.

Үй iшi үнсiз едi. Құнанбай тез жауап айта алмай, буылып қалды. Талайдан естiмеген

үнiн есiттi; анасының үнi - ардың үнi боп, қатты қадалып тұр.

– Қайтейiн? Мен қайтейiн? Кеше исi Арғынның игi жақсысы бұйырды!– деп, шешесiне арыз шағып бiр тоқтады.

Абайдың аса терiс көргенi сол бұйрықтың өзi.

– Рақым, мейiрбандық жоқ, не деген жаны ашымас қатыбас байлау сол байлаудың

өзi? Тату етер байлау да емес. Көңiлге қату бiтiретiн байлау ғой және Кәмшаттан

зорлықпен айырған Жiгiтектi мұндағы ана, бауыр қайтiп жақын көре алады? Мал алмай, мазасыз масыл жас баланы алғанға олар қайтiп ырза болады? Олардың рақымсыз, надан, топастарына салсаңыз. Кәмшаттың барлығынан да бес байталды артық көрсе қайтесiз?

Ендеше, ортамыздағы ең әлсiз, ең пұшайман бiр ғарiптi қайда тастап отырмыз? Ит жемеге

тастап. Отырғамыз жоқ па?

Әкесiне Абай сөзi ұтықты көрiндi. Өзi тiптi ойға келмеген соны сөз. Бiрақ бұл баласы

бiр беткей кетiп отыр. Қазақ жолы, ел салты емес, өзге бiр сүрлеуге түсiп кеттi.

– Әй, шалағай балам-ай, көңiлiң түзу болғанмен, жолдан тыс жайылып отырсың ғой!

Бағанағыдай емес, ендi мынау үйдiң iшiн күйзелткен жайды бiрге ойласқандай.

Абайды "шалағай" десе де, ақыл кеңесiне алған сияқты. Және бұған жылы жауап айтқаны

Ұлжан, Айғызға да жалына бастағаны тәрiздi. Анық соның белгiсi. Тағы бiраз үндемей

отырып барып:

– Ағайын жолы бұлай ма? Араз елдi жамастырам деп, қалыңға қыз да берiседi. Күң

есептi, қатын есептi бередi. Бiз, берсек, ет бауыр бала қыл деп берiппiз. Қорлыққа бердiк

пе? Тек сын Бөжей басында ғой. Бiле бiлсе, менiң балам оның баласы болмайтын несi бар

едi? Жат деп, жау ұрпағы деп, дұспан көрiп кiрпiдей жиырылса, қарыз оның мойнында

емес пе? Тiптi жазықты болсам, мен жазықты шығармын. Бесiктен шығарып, адам ұлы

деп, соның бауырына берген балам жазықты ма едi? Қатын-қалаш, ауыл аймағына тым

құрыса соны ұғындыра алмаса Бөжейдiң аяқтағы суға ағып өлгенi. Ғой!- дедi.

Бұл сөзiнде Бөжейдi жеңер дәлелi бар едi. Абайдың өзi де өмiрiнде алғаш рет

Бөжейден түңiлгендей боп қайтқан. "Қатыны ант ұрған болса, ең болмаса жөнге салса

неттi?"– деп ойлаған. Бұл ойын бағана жолшыбай Ғабитханға айтқан-ды.

Ұлжан мен Жұмабай және Айғыз боп Бөжейдiң қатынын кiнәлады. Ол жақтан

жаңғыз аяқтап кеп жатқан суық қатал сөздердiң бiрталайын айтысып өттi. Айғыз тұп-тура

аямай: "дұспандық етiп жүрген Бөжейдiң қатыны" деп байлады.

Осының ертеңiнде Құнанбайдың сәлемiмен Бөжей аулына Жұмабай барып қайтты.

Көршiлес, қартаң қатынның бiрiн Айғыз да Бөжейдiң бәйбiшесiне жiберген. Оған:

– Балама өгейлiк қып отыр. Ақылы болса, ары болса, бүйтер ме едi? Күтiмсiздiкпен

дерттi қыпты, - деген кiнәлар айтқызды.

Жұмабай Бөжей аулынан түнерiп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей жауабына

түгел қанды. Бөжей қасында Байдалы, Түсiптер бар едi. Қатыны да Айғыз жағынан

есiткендерiн жеткiзген-дi. Үй iшiмен, ағайынымен күңкiлдесiп алып, Бөжей Құнанбайға

ашулы жауап айтыпты.

– Құнанбай жаққан отқа менiң арым өртендi. "Жарасы жазылды, сынығы бiттi" дей

ме екен? Не жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде өзгелер үйелменiмен

өртенсе де, өзiмнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан не шықты. Шашыраған бiр

ұрығы ма? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсiн, күйдiрмесiн ағайын!– дептi.

Үлкен ызаның сызы жатыр. Тоңы жiбiмеген араздық қайтадан тағы бiр рет: "Мен

арылған жоқпын" дегендей жота көрсеттi.

Құнанбай демiгiп тыныс алып, қап-қара боп кеттi. Бөжейдiң бұл жауабынан Абай да

қатты түңiлген едi.

– Адамшылық рақым қайда? Өзге емес. Ақылсыз, надан қатыны емес, Бөжей өзi өсте

ме екен? Көз алдында соншалық жазықсыз нәрестенi ұзақ өлiмге бұйырып, сол үшiн және

биттей де шiмiрiкпеу не деген қаттылық? Әншейiнде мiнездi, мейiрбан көрiнетiн сырты

екен ғой. Өзiне сын жетпей, жұртты сынап жүргенде сүйтедi екен ғой. Ендеше, жауығып,

қарсыласып, кiнәлап жүрген Құнанбайдан қай қасиетiмен артты?– деп, аса наразы боп

қалды.

Құнанбай бұл арада шешiлген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап:

– Менiң балам адамзат баласы емес, өштескен қасқырдың күшiгiндей көрiнгенi ғой.

Көрге бiрге кететiн жаулық десеңшi мынаны. Аузына осы тiрi жүрген ұрпағымның

қайсысы түссе де, шайнап тастағалы, көзге шұқып жоқ еткелi отырған түр ғой мынау!

Жалғыз-ақ тәуекел! Тостым, күттiм артын!– деп, тоқырап қалды.

Осыдан кейiн аз күн өткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жаман хабар оқыс

келдi.

Кәмшат өлiптi. Және таңертең өлген баланы сол күнi түс ауа қойып та бiтiрiптi.

Керек десе, Құнанбай аулына, Айғыздай көзi тiрi шешесiне хабар да айтпапты. Айғыз бен

Ұлжандар есiткенде бүгiн қойшыдан есiтiп отыр.

Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мiнезiне шынымен

аса қатты ренжiдi. Әнеугi жауап бiр көңiл қалдырған болса, мынау iсi тiптi бiр қырыс

надандық пен қаталдық тәрiздi. Бөжей өзi осыны сезген болу керек. Кәмшат өлген күнi ол:

"Айғызға хабар қылсақ нетедi?" деп, үй iшiмен, Байдалымен ақылдасқан едi. Бiрақ осы аз

күннiң iшiнде Құнанбайдың Жiгiтек жерiнен Бөкеншiге қоныс әперiп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермедi.

Қопа мен Қаршығалы сияқты қоныстарды Бөкеншiге Жiгiтектен алып бергеннен

берi, қазiр мiне күн сайын көшi-қон да, жайылыс-өрiс, биебау да даулы болып тату ағайын

тоңырайысып барады.

Байдалы, Түсiптер күнде көрiп, күнде сезiп: "Бөкеншiнi өкпелетiп алмасақ екен, қолтығымыздан шығарып алмасақ екен" деп, дамылсыз күдiктенiп отыратын болған. Сол

мазасыздықтың өзi де Құнанбайға бұларды өшiктiрiп отырған. Бұл жайдың бәрiн танып

сезген Бөжей Құнанбайға қатты ашулы едi.

Кәмшат жайы осындай күйiп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдiң рақымсыз

боп жүргенi рас.

Абай көңiлiнде Бөжейдi Кәмшат үшiн, жазықсыз жас нәресте үшiн айыптаған үкiмге

ақтау жоқ. Үлкенмен араздық, дәл бұндай адмшылық ар сыналатын жерге арашашы бола

алмайды.

Хабар-ошарсыз Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қатуланды.

Астыртын хабармен Құнанбайдың үлкен аулына Арғызбай, Топай, Жуантаяқтардың көп

iрi кiсiлерi жиналып қалған. Солардың тобына Құнанбай Бөжей мiнезiн шағып, көпке

кiнәлатып отырып, тағы кiсi жiбердi.

Бұл жолы Жiгiтекке барған Жұмабай емес, Ызғұтты мен Жақып. Құнанбайдың жан

күйер жақындары.

Бөжейге кеп:

– Бұ не қылғаның? Шабындыдан келген күң бе едi? Құнанбайдың бел баласы, оң көзi емес пе едi? Тым құрыса iштен шыққан анасына хабар айтып, топырақ бұйыртсаң еттi! Бұ

не деген бiлместiк, не деген өштiк?- деп сөйледi Ызғұтты.

Бөжей мен Байдалы, Түсiп бiрiгiп отырып жауап бердi:

– Сыныққа сылтау таба алмай. Отырған Құнанбай ғой. Қаршадай қыз өлдi деп сауын

айтып, ас берушi ме ем? Тiптi берсем де, басым сырықтан арылар ма едi? Кiнәласа, құн

тiлесiн ендi менен. Бiрақ, тек әлi жетсе алып көрсiн!– деп, Бөжей бiр-ақ томырылды.

Жер ашуы қайнар кезiне жеткен сияқты. Бұл сөздер биылғы жазды не қылса да үлкен

лаңның, зор бәленiң жазы етуге айналған сөздер едi.

Ызғұтты мен Жақыпты жөнелтiсiмен Бөжейлер өздерiне қараған бар ағайынды

баталасуға шақырыпты.

Сол күнi кеше Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекiнiп жатқанда, Байсал, Қаратай, Сүйiндiктер боп, Бөжей аулында, Саркөл үстiнде серт байлау жасасты.

Ел-елдiң жайлаудағы өрiсiне жеткен кезi емес. Әлi жаздың басы. Шыңғыстан жаңа

ғана асып қонысқаны осы едi.

Ендi екi жағы да тез-тез көшiп, Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жәнiбек сияқты кең

қоныстарға, алыс өрiстерге жетiп алмақ. Ендiгi жаз күндерi, барлық жайлау күндерi, майдандасқан шептер мен жұлысқан топтардың күнi, түнi болатын сияқты түрi бар.

Жалпы Тобықты қауырт, асыға көшiп келедi. Жiгiт атаулы сойыл шоқпарын сайлап, жаз мiнетiн аттарын жиi-жиi таң асырып, асыға жаратып жүр.

Қызу өсiп, күн санап өрбiп келедi. Көршiлес ауылдарда күн сайын тыныштығы

кеткен мазасыз айғай дырду көбейiп, кәрi-жас та, қатын-қалаш та: "кеп қалды!" "тиiп

кеттi", "алды, жұлды!" деген, суық хабарларды күтiп, елеңдеп ұйықтайтын болып едi.

Зеренiң аулы осы дегбiрсiздiк, мазасыздық үстiнде үдере көшiп отырып Бақанасқа

жеттi. Қонғаны кеше ғана едi. Маңында он ауыл емес, қазiрде отыз-қырық ауыл оралып

қапты. Ертеңдi-кеш қалың жиын, қарулы азамат Ұлжан, Айғыз үйлерiн күндiз-түнi басып

жататын болды. Құнанбай Бақанасқа жеткенше осы аулынан кеткен жоқ. Топырдың бәрiн

осында жиып ұлықтық әмiр бұйрықтарын да осы арада атқарады. Барлық атшабар, старшын, билер де бүгiндер Бақанас бойында. Бұл атраптағы отыз-қырық ауыл тегiс, ендiгi бiр өзгеше жиынның ордасы сияқты боп алды. Сияз емес, сайлау емес, ас берiп, ат

шаптырған емес. Не құдалық береке де жоқ. Сылтаусыз болса да жиын айықпайтын бiр

шоқы боп алды.

Абай әкесiнiң ендiгi сырын бiлмейдi. Үлкен кiсiлер кеп, әке қасын қоршағаннан берi және Кәмшат өлiп, үй iшiн, аналар көңiлiн уайым басқаннан берi Абай әке қарекетiнен, ендiгi мақсұтынан шетiрек қалған-ды.

Бақанасқа бұл ауылдар жеткен күннiң ертеңiнде көршiлес Жәнiбекке, Тезектiң

Қарашоқысына, Қазбалаға Жiгiтек, Бөкеншi, Көтiбақ та жетсе керек едi. Бiрақ әлденеден

олар келмептi. Сұрастырғанда: кейiндеп, Ақтомар, Қаршығалы, Шақпақ тұстарында қапты

деген хабар келдi. Егескенде, иiн тiресе, таласа көшетiн әдет болушы едi. Бастапқы екпiн

сондай-ақ едi. Не болды екен? Немене есеппен бұғып қалды екен? Осыны үлкендi-кiшiнiң

әрқайсысы: "Бұл қалай? Нелiктен?" – десiп сұрасып жүргенде, түс кезiнде Бақанас бойына

бiр өзгеше хабар шұғыл кеп қалды.

Ызғұттының аулына түсiп, сусын iшiп аттанған Бөкеншiнiн үш жолаушысы айтыаты:

"бес күннен берi Бөжей науқас едi. Соңғы күнде сол науқастың бетi бұзылған тәрiздi.

Бөжей өзi шоши ма? Болмаса, сақтықта қорлық жоқ дей ме? Әйтеуiр кеше кешке бар

жанкүйер ағайынын шақырып, арыздасып жатыр дегендi есiттiк"– дептi.

Бұл жүргiншiлердiң сөзi ұшқары сөз емес, шын едi.

Бақанастың суық бетке әзiрленiп жүрген елiнiң бүгiн күнi бойғы аузындағы сөзi осы

болды. "арыздасып жатыр дейдi! Байсал, Байдалы, Түсiптер жыласып арыздасыпты

дейдi!", науқасының бетiнен ағайын шошиды дедi!"– "жазым боп кете ме қайтедi?"–

деседi. Далада малшы атаулы бiр-бiрiне кездессе, қосақ басында қатындар кездессе, ат

үстiнде азамат кездессе, ас үстiнде үй iштерi - абысын-ажын күңкiлдессе, тегiс сөйлейтiн

сөз осы болды.

Осы күннiң ертеңiнде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген хабар да

жеттi. Өткен түнi, ел жатар кезде жан тәслiм қыпты.

Бұл хабарды Жұмабай ат үстiнде естiп Ұлжан үйiне келгенде, ол үй таңертеңгi шайын iшiп отыр екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан Абай, Оспан

Тәкежан отыр едi.

Бөжейдiң өлiмiн есiткенде, үй iшi тегiс аңтарылып, селт еттi. Бiрталай уақыт жым-

жырт отырып, үн қата алмай қалған үлкендер, мынау тосын хабарды ендi-ендi, әркiм әр

түрде сезiне бастап едi.

Құнанбай қатты сұрланып алып, түрулi тұрған есiктен алыстағы көк адырға қадалып

отырып, ернiн жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды.

Зере жалын атып, зор күйiнiшпен күрсiнiп қойып кесек-кесек жас ыршытты.

Абайдың екi өкпесi аузына тығылғандай боп, тынысы бiтiп, жүрегi қатты соғып кеттi.

Бақанастағы Ырғызбайдың бұл ауылдары Бөжейдiң өлiмi туралы айрықша хабаршы

келер деп күттi. Ағайын арасының ежелгi айнымас заңы бойынша, жаназаға шақырар деп

едi.

Әншейiнде қаншалық қиян-кескi араз боп жүрсе де, "торқалы той, топырақты өлiм"

дегенге келгенде, араздық ұмытыла тұратын. Әсiресе, Бөжейдей кiсiнiң өлiмiнде

жыласпаған, қойыспаған ағайын болу мүмкiн емес.

Құнанбай да, Зере, Ұлжан да осы сәскеге дейiн хабаршы келмегенiн түсiне алмай, аса

дағдарған едi.

Жаназаға деп саба, сойыс, үй қамдап, өз жолымен барудың жайын да шолақ-шолақ

сөйлескен болатын. Бiрақ кешке шейiн тосса да хабаршы келмедi. Сұмдық көрiнсе де, көнбестерiне шара жоқ. Бөжейдiң өлiмiне Құнанбайды шақырмапты. Әдейi алалап

тастапты.

Бұл не Бөжейдiң өлердегi өсиетiнен немесе артына ие боп отырған Байдалы, Байсал, Түсiптердiң мiнезiнен. Қайсысы болса да осал соққы емес. Кеудесiне араздықтың қаны

қатқан ағайын, ендi мiне, өлiм екеш өлiмiмен де оқ атып кеткендей! Аталас жақын Олжай

iшi былай тұрсын, тiптi қалың Тобықты iшiнде, алыс аталардың арасында да дәл мынадай

алалау, кеудеге түрту болған емес.

Құнанбай қатты қиналып, ақыр аяғы ызаға кеттi. Кешпес қатал ызаға кеттi. Өлiге

шара жоқ. Әсiресе исi Тобықтыдан берi iстелмеген қатыбас, жат сұмдықты шығарып

отырған Байдалы, Байсалдарға кiнәсi көп.

Бiрақ сонымен қатар ендi бүгiнге шейiн келген әзiрлiк, жаулыққа, жұлысуға беттеген

әзiрлiк өзгеретiн, iркiлетiн болды. Оны Құнанбай анық түйдi. Сондықтан Бақанастағы

ауылдардың басшы кiсiлерiне және Ұлжан үйiне:

– Жай, шаруаларыңды бағып, тек тыныш тұра берiңдер!- дедi де, өзi Жұмабайды

ертiп, Байқошқар суының басына кеп қонған Күнкенiң аулына кеттi.

Майдан болғалы тұрған ауылдардың үстiнде ендi майдан болмайды деген сөз.

"Аласапыран болар, әлек-алқын жазы болар" деген бұл жаз, ендi, тiптi басқаша болатын

тәрiздендi. Қандай олар? Онысы анық мәлiм емес. Бiрақ қалай да мынандай өлiм үстiнде

ат мiнiп, аспап асынып жұлқысу жоқ болатын шығар.

Жаназаға, Бөжейдiң жаназасына шақырылмаған Зере, Ұлжандар өлердей күйiп, өзгеше шерлi боп қалған едi. Бiрақ iстер шара жоқ. Кiнәсыз екi мейiрбан, жазықсыз екi жан Бөжейге деген көз жастарын үйлерiнде отырып төктi. Бөжейге арналған құрандарын,

"тие берсiнiн" өз үйлерiнде, өз балаларына, Абай мен Ғабитхандарға оқытты. Шелпектерiн

пiсiртiп, дастарқандарын жайғызып, бiр жетi бойында өз үйлерiнде аза қылып отырысты.

Бұл күндерде Қаршығалыдай кең қонысқа жайыла қонған Жiгiтек, Бөкеншi, Көтiбақ

атаулының сансыз көп ауылдарының үстi қалың нөпiр, қара нор едi.

Ол өлкеге Бөжейдi жоқтап, ертеңдi-кеш, күндiз-түнi "бауырымдап" аңыраған, аңдыздап, ат қойып, ағылып кеп, төгiлiп түсiп, жыласып жатқан әйел-еркек, жас-кәрiнiң

ұшы-қиыры жоқ.

Алыс-жақындағы Бөжейдiң бастас, тiлеулес ағайындары бөлек-бөлек, үлкен-үлкен

үйлерi мен сойыстарын, сабаларын, күтушi еркек, әйелдерiн түгел алып келiскен. Өлiмдi күтудiң ерекше бiр көптен берi болмаған салтанаты туып едi.

Алыс жайлауға, Құнанбай ауылдары жеткен өрiске бұл өлкенiң елi жете алмай қалды.

Ең болмаса Бөжейдiң жетiсiне шейiн, немесе тiптi қырқына шейiн "жыласатын ағайынды",

"бата оқырды" осы кең қоныс – шалқарда тоспақ болды.

Бөжей өлген күннiң ертеңiнде Байсал, Байдалы, Түсiп, Сүйiндiк боп, ертемен

байласқан байлау осы едi. Сол жаңағы адамдарға бейiм ауыл-аймақтар тегiс бiр-ақ күн

iшiнде осы Қаршығалыға кеп Бөжейдiң ауылдарын айнала қоршап, ортаға алып қонысқан-

ды.

Бөжей ұзақ ауырған жоқ. Жиыны бiр-ақ жұма ауырды, бiрақ қатты жығылған бетiнен

берi қарай алмады. Алғаш төсек тартып жатысымен-ақ денесiн жер тарта бергендей болды

да, бетiн суыққа салды. Науқасының үшiншi күнiнде тыныштық, тақат таба алмай, тынысы бiтiп, жанталасып, өне бойы оттай күйiп жатты.

Өлiмдi көп көрген Байсал Бөжейдiң тамырын ұстап, үнсiз, ауыр күдiктiң үстiнде отыр

едi. Қастарында Байдалы, Түсiп, Сүйiндiктер бар болатын.

Аз ғана достарынан басқа бөтен жан жоқ. Бөжей осы сәтте айтып қалғысы келдi ме?

Әйтеуiр бiр орайда Байсал отырып:

– Науқасы соқпа ғой! Соқпаның осындай қатқыл келетiнi болушы едi, со ғой! Бiр тер

шықса, қалың тер шықса, айығар едi! Буып тұрған тер ғой – дегенде, Бөжей қабағын түйiп, тiстенiп, бар қайратын жинап алғандай болды.

Қаны қашқан, сарғылт, жүдеу жүзiне көкшiл таңбадай ашу келдi. Әр сөзiн бөлiп, бiрде қатты, бiрде сыбырмен айтып, қылғынып, демiгiп отырып:

– Соқпа! Сырттың соқпасы ма? Iштi жеген жегiнiң соқпасы ма? Әйтеуiр... Келдi ғой

толайым. Құнанбайдың жерi кеңiр! Мен көшермiн бұл дүниеден! Кетермiн! Бөгет болмай

кетермiн! Бiрақ... Күндерiң не болар?- дедi.

Мынау отырған төрт досының iшiнде сыр берiп жылаған – жалғыз Сүйiндiк. Анау

үшеуi үн қатқан жоқ. Тастай түйiлiп сазарысты да, жым-жырт қалды.

Бөжейдiң арыздасқаны да, тiл қатып сөйлегенi де сол. Осыдан кейiн бiр жанға бiр

ауыз сөз айтқан жоқ. Арада тағы төрт күн өткен соң қайтыс болған.

Құнанбайға хабар бергiзбеген Байдалы мен Байсал. Ел жатар кезде Бөжейдiң тынысы

бiттi де, түн ортасына дейiн естерiнен айрылғандай боп, барлық қатын-қалаш, бала-

шағамен бiрге жаңағы үлкендер де өкiрiп, өксiп жыласып отырды. Байсал бiр рет қалың

жиын жылап кеп, жағалай көрiскен кезде, түрегеп тұрған қалпынан тәлтiректеп, жығылып

та кеттi. Сүйенiп тұрған таяқ та тiреу болмады. Талып кеткен уақыты едi. Осыны көрген

соң Байдалы Түсiп пен Сүймндiктi ертiп, Байсалды жиыннан, жылаған шудан оңаша алып

шығып, оқшау барып отырып

– Жылағанмен жақсы Бөжей қайта ма? Тiрiлер болса, күңiренген дүние, төгiлген жас

аз ба? Әнеки, – дедi. Түн аспанын қақ жара шулап, боздап, зарлап, жатқан қыз-қатын, ер-

азамат жаққа қол нұсқады.

Жалын атып, аh ұрып, күрсiнiп алып:

– Естi жи, Байсал! Белдi бекем бу, түге!– деп өзгелерге де әмiр, бұйрық сияқты сөз

тастап, – ақыл қосыңдар одан да! Хабаршы жөнелтейiк. Қамға кiрiсейiк!- дедi.

Қалған жай бәрiне де мәлiм едi.

Бұл үлкендер осы түнде қырық-елудей жiгiт-желеңдi және бiрер ақылшы кәрiнi қастарына алып, өлiктiң артын күтетiн қамға кiрiстi.

Хабарды кiмге берiп, кiмге бермеудi Байдалы өзi атаған. Сол ретте Құнанбай

ауылдарын қатардан әдейi шығартып тастаған-ды.

Отыз-қырық кiсiдей шапқыншы түн ортасы ауа бергенде қос-қос атпен әзiр болды.

Жарау ат, айғырды мiнiп, қалың Тобықтымен көршiлес Керейдiң, Матайдың, сонау тiптi Қарқаралы жағындағы Шор мен Бошанның басты-басты жерлерiне де жат, суық хабарды

алып, шашырай шауып жөнелген-дi.

Түн бойы ұйықтамаған Байдалылар күн шыға бергенде, Бөжейдiң өз үйiнiң жанына, осы өлкедегi ең үлкен үй Сүйiндiктiң сегiз қанат аппақ үйiн әкелiп тiккiзген. Үй тiгiлiп

болысымен, iшiне бөтен жасау-жабдық кiргiзбей, тек есiктен төрге дейiн кiлем ғана

жайғызды. Оң жаққа үлкен сүйек төсек кiргiздi. Үстiн көмкерумен қара кiлеммен тегiстеп

болып, сол төсекке Бөжейдiң сүйегiн әкеп салғызды. Жаназасын шығарғанша өлiк осында

болмақ.

Бөжейдiң өлiгiн өз үйiнен шығарып, мынау үйге әкеп қою қаралы қатындар мен

Бөжей қыздарының зарлауын қатты үдетiп едi. Байдалы сүйектi орналастырып болысымен

сол өлiк үстiне тiккен ақ үйдiң оң жақ белдеуiне өз қолымен әкеп қара тiктi.

Бұл жұмыс өлiктiң артын күтудiң үлкен бiр сертi едi. Қара дегенi – ұзын найзаның

басына тiгiлген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан болса, сол төрелердiң

өздi-өз тұқымының туларын тiгер едi. Ақ тулы, көк тулы, ала тулы деген төрелердiң

тұқым-тұқымы. Жiк-жiгi осындайда көрiнетiн. Ал, қарадан кiсi өлсе тудың түсi өлiктiң

жасына қарай болады. Ол жөндерге келгенде, Байдалы ескiге жүйрiк Сүйiндiкпен ғана

ақылдасты.

Сүйiндiк жас кiсi өлсе туы қызыл болатынын, кәрi өлсе, ақ болатынын айтып келдi де, "Бөжейдей орта жасты кiсiнiң қаралы туы – бiр жағы ақ, бiр жағы қызыл болу керек"

дегендi айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тiккен ту - қара дегенi осы.

Бөжей өлген күннiң ертеңiнде тiгiлген осы қара бөжейдiң өлiмi өзге өлiмнен ерекше

күтiлетiнiн жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас берiледi, жыл бойы арты қатты күтiледi деген болатын. Қара тiккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген

ырымын жасады. Бұл әдеттiң екiншi бiр белгiсi тағы бар. Байдалы қараны тiгiп, барлық

жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол үйдiң екi жақ босағасына

екi ат жетектелiп келдi. Бiрi – доға жал семiз күрең ат. Екiншiсi – дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат – Бөжейдiң қыс мiнетiн аты. Қара көктi - осы жаз

басынан байлап жүр едi.

Бөжейдей азаматтарының ыстық көзiндей болған екi серiк аты келгенде барлық

үлкендердiң өздерi де еңiреп-еңiреп жiберiстi. Бiреулер таяғына сүйенiп, бiрнеше кәрiлер

жер тiреп жыласып:

– Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай!– десiп, күңiренiп едi. Өзгеден бұрын бойын

жиып алған тағы Байдалы болды. Ол әуелi оң жақ босағада тұрған күрең атқа кеп:

– Жануар-ай, иең кетiп тұл қалдың ғой, сен бейбақ!– деп, жақындап келдi де күрең

аттың кекiлiн шорт кестi. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тiрсегiнен жоғары

келтiре, қалың құйрығын да борт-борт кесiп алды.

Қара көк атқа да соны iстеп, тұлдаған екi атты барлық осы өңiрдiң өзге жылқысынан

бөлек түске кiргiзiп қоя бердi. Қара тiккен жерде ас берудiң сертi айтылды. Мынау

тұлданған екi ат келесi жылға шейiн мiнiлмейдi. Қол тимей семiрiп барып, жыл асқан соң

иесiнiң асына сойылады.

Байдалы екi аттың артынан қарап тұрып:

– Қара көктiң жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерiмнiң

қаралы ер-тұрманы осыған ерттелсiн, тұлдаған киiмдерi осы жануарға жабылсын!– дедi.

Бұл сөзi байлау едi.

Осыдан соң Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық басты ру, бай ауылдарының мал иелерiн алып отырып, Бөжейдiң жаназасына, пiдиясына байлайтын

мал-мүлiктiн әңгiмесiне кiрiстi.

"Өлiм – бардың малын шашар, жоқтың артын ашар". Бөжей бай болмасын, бiрақ жоқ

емес. Әсiресе, ағайын тұрғанда, мынадай шебi бүтiн тұқымы тұрғанда, неге жоқ болады!

Тiрiде тiлеуi бiр туысқан өлiсiнде неге ұмытады? Бет топырағы жасырынбай тұрып.

Қайтып ұмытады?

Осыны айтыспаса да ойламаған ағайын жоқ.

Сондықтан олар Бөжейдiң өз үйiне салмақ түсiрген жоқ. Керек десе бiр лақты да

өзiнен шығартпасқа бекiстi. Ертең батаоқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тiккен үй, әсiресе өткен-кеткеннiң бәрiн шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан

болса, аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргiншiсi болсын, баршасы да бұл бiр

жылдың бойында, ылғи ғана Бөжейдiң үйiне түсетiн болады. Солардың тие берсiнi, тiлек

батасы Бөжейге сауап, "өлгендердiң артын күту, аруағын күту сол сауабын ойлауда" деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздердi де Байдалылар еске алды.

Сонымен Бөжейдiң өз үйiнiң шығыны әлi алда жатыр. Ол санаусыз көп. Ендеше

мынадай қауырт шығасыны ол үйдiң өзiне салмай, бөлiп әкету шарт.

Жиылған ағайын ынтымағы сараңдыққа бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан болмаған

бай пiдия және де осы Бөжейдiкi болатын болды.

Бастығы Сүйiндiк, Байсалдар болып: "азаға салғаным", "қосқаным", "аруағына

арнағаным" деп шеттерiнен қос ат, iңген, жамбы, тай тұяқ, қой тұяқ сияқты бұйымдар

атасты. Сүйтiп, кеңес аяғында пiдиясының өзi талай тоғыз болып саналды. Бас тоғызы

түйе, екiншi тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкi тоғыздары және iшiк, кiлем сияқты тоғыздар

едi.

Осы таңертеңде, дәл осы кеңесте, мынау қара тiккен ақ үйге бұдан былай мол жасау, қаралы сәндi жасау жиюдың жайы да байланды.

Сүйiндiк, Байсал, Байдалы бар, бәрiнiң үйлерiнде, тең, сандықтарында жатқан қаралы

қалы кiлем, қымбат iшiк, өзгеше тон, тұскиiз сияқты асыл бұйымдар тегiс осы үйге әкелiп

жиылмақ. Түске жақын ақ үйдiң iшiне әзiрше жасау қып iлмесе де, ертең өлiк шыққан соң

iлетiн боп барлық септiң жасауларын да әкелiсiп қойысты.

Бұл кезде Бөжейдiң өз үйiнiң iшiнде қара сұр бәйбiше шаршысын шорт байлаған.

Қара шашын тарқатып, екi иiнiне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған

жүзiнде көк тамырлары бiлiнедi. Екi бетiнiң ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын

сақтап, жарадар боп тұр.

Бөжейдiң екi қызы да бастарындағы бөркiн тастап, қара салыны шорт байласып

алыпты. Бұлар әкелерi өлiсiмен, қайғылы, шерлi, бiр ұзақ жоқтаудың сарынын тапқан

екен. Бүгiн таңертеңнен берi жаназашыларға көрiскенде сол жоқтауларын айтумен отыр.

Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды. Аңыраған ел жер қайысқан қалың нөпiр боп

кеп, бiрнеше күн жыласып, аза салып болды да, ақыры Бөжейдiң жаназасын шығарды.

Сүйегiн бұл жайлауға қоймай, Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстiне апарып, Тоқпамбетке қойды. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз

Құнанбай айналасы болды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу