Бел-белесте. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал.


 БЕЛ-БЕЛЕСТЕ

 1

 Күн түске жетпей-ақ Бақанас бойы қайнап, шыжып кетті. Аспанда теңгедей бұлт жок. Бұл атрапта бұлт көрінбегелі және бір тамшы жауын жаумағалы талай күн болды. Шыңғыс сыртының өзге жайлауы қоңыр салқын, жауынды келсе, дәл осы Бақанас суынан оңтүстікке қараған жақ өзгеше бір бүк, ыстық болушы еді. Суы молдығына және көк шалғынымен қатар қарағанды, көкпекті, ақ от, қара отына қарап қоныс етеді. Әйіпесе, мынау теріскендеп қалың қара биіктін арғы сыртынан артық жер жоқ. Абай үй ішінен қатты пысынап тысқа шыққанда, бұл маңдағы жан иесінің бәрі де ыстықтан мезі боп күйзеліп жүр екен. Үлкен ақ үйдің жанында жүндес сары ала төбет тілін салақтатып, аузын арандай ашып, қатты солықтайды. Бойдақ жылқының бәрі жайылысты тастап, сонау биік адырдың басына шығып ап үйездеп тұр. Өрістен қайтқан қоралы қой да су маңына шұбырып, баурын сызға төсеп, бүйірін соғып жатыр. Жайылысты ойлар емес. Қумаса су қасынан тұрар емес. Сиыр атаулы Бақанас суынан бөлінген қара су, шалшық суларға кіріп, көлбей-көлбей жатып апты. Бірен-саран оқшау шыққан тайынша, құнажын болса, сәйгелдің куғынына ұшырап, құтырғандай жосып жүр. Құйрығын шаншып алып, қос танауы делдиіп, екі көзі дәл бір сойғалы жатқандай аларып, ежірейіп ап, жынданғандай жүйткиді. Барлық жұрт түңліктерін жауып, іргенің көбін белдеуге шейін шалқита көтеріп, түріп тастапты. Абай қайда барарын білмей, біртүрлі мең-зең боп, есінеп, іші пысып тұрды да өзенге қарай тартты. Мұрнының ұшы тершіп, басынан күн өтіп, Бақанастың ыстығына наразы боп, асығып келеді. Өзен жағасына келсе Оспан, Смағұл бастаған көп кішілеу балалар салқын, мөлдір суда асыр салып, шулап, ойнап, мәре-сәре боп жатыр екен. Абай бұлардың қасынан оқушауырақ кетіп, жалғыз шомыла бастады. Осы жазда малтып үйренген. Бақанастың кең қара суын әрліберлі екі жүзіп өтті. Бойы қатты сергіп, көңілденіп ап енді сүңги бастады. Өзге балалардың шуында Абайдың жұмысы жоқ-ты. Бірақ анадайдан Абайдың сүңгігеніне қызығып тұрған Оспан, бар баланы ертіп келді. Өзін-өзі жалаңаш санына шапалақтап Абайға айқайлап: - Сүңгі, сүңгі! Тағы сүңгі! Солай! - деп бұйырып келе жатып, бір сәтте, жолындағы Смағұлдың арқасына секіріп мініп алды. Смағұл мұны лақтырып, түсіріп тастаймын деп бұлқынып еді.

 - Иә, жығарсың? Сен түгіл қысырдың асау тайы - ақ тай да жыға алмаған Оспанды. Қанша мөңкісең де түспеймін! - деп, Смағұлдың мойнын құшақтап қысып ап, екі аяғымен тепеңдеп тебініп қояды. Смағұл Оспанның зорлығына еріксіз көніп, жүгіріп жортып, Абай қасына келді де суға Оспанмен бірге шолп етіп құлай кетті. Абай Оспанның тентектігінен мезі болатын. Осыдан бірер жыл бұрын бұл інісімен өзі де ойнап, асыр сап кететін болса, биылдар беймаза көріп, шеттей беретін. Тіпті ыза қыла берсе, зекіп ұрсып, қуып жіберетін. Қазірде де Оспандар шулап келгенде, Абай жақтырмай, тайқып шықты. Киіне бастады. Оспан Абайдың тұнжырлығын елеген жоқ. - Абайша сүңгимін! - деп, саяз жерге етпетінен жата қалады да, артын тоңқитып, мөңкіген тайдай, екі аяғын шапшыта береді. Абай асықпай киініп боп, енді үйге қайтпаққа артына бұрылып еді. Жар жағасына Тәкежан кеп тұр екен. Сұлу киінген әдемі бозбала Тәкежан ат үстінде, қолында қаршығасы бар. Астындағы жирен жал кұла дөнені қатты терлепті. Күміс жүгеннің ауыздығын тістеп, әрлі-берлі көлбектеп, ет қызуын баса алмай тұр. Тәкежанның қанжығасында бір сары ала қаз, екі үйрек бар екен. Барлық бала соны көре сала: - Ей, аға!.. - Әй, ағатай, маған!.. - Маған!.. Маған берші! - деп, судан ырши-ырши жүгірісті. Тәкежан құс салып қайтқанда, осындай алдынан шығып жүгірген балаларға, кейде, аң олжасын беретін. Бірақ, балаларды шетінен зар қақтырып, жалындырып, көп-көп сұратып барып қана береді. Тез бермейтінін біліп, балалар да талмай сұраушы еді. Тәкежан Абайға қарап мақтана күлді. Өзінің жігіт болып каршығаға құс ілдіретінін Абайға әрқашан бұлдаушы еді. Оны әлі өзінің шерігіне де татымайтын бос, болбыр бала көретін. Өйткені Тәкежан осы жазда қайнына да барып келді. Өзінің жігіт-желең жолдастары да бар. Казірде түн сайын қыз аңдып, ауыл-ауылды шулатып та жүреді. Абай ондайдың біріне жараған жоқ. Оспан мен Смағұл Тәкежан қасына қатар жалынып, жүгіріп барып еді. Тәкежан ол екеуіне үлкен кісіше зіл тастап, әуелі боқтап алды. Абайдан бөлек, бір үлкендік белгісі тағы осындайында. Ол аса боқтампаз. Құнанбайдың алдында мысықтай үндемей отырып, былай шыға бере, бала-шаға, малшыжалшыны сықпыртып боқтап жүру оның дағдысы болған. Оспан мен Смағұлды жалындырып алды да, екі үйректі қанжығасынан шешіп беріп жатып: - Жаман енеңді... қос қара! Ертеңді-кеш суды лайлағанша, тым құрыса, бүлдірген терсеңдерші! - деді. - Бүлдірген? - Қай бүлдірген? - Бүлдірген кайда? - Ей, ағатай, айтшы! - деп, Оспан мен Смағұл тағы жалынды.

 Бала атаулының, жаз болады десе, ерекше сағынатыны - бүлдірген. Бірақ, Бақанастың өз өңірінде ол өспейді. Өзге кай жерде бар? Пісті ме, жоқ па? Онысынан да әлі хабар алысқан жоқ-ты. Бүлдірген дегенде Абай да елең етіп, сұрастыра бастады. Тәкежан жаңа ат үстінде жүріп естіпті. Бақанаспен қатар ағатын Жәнібек суы бар. Соның анау қара адырының ар жағында, Шыңғысқа қараған бас жағында бүлдірген тұнып тұр деп естіпті. Бүгін-ертең ол араға Жігітек, Бөкенші көшіп келеді. Ел келсе, мыналар тере алмай қалады. Ендеше асығыс барып, теріп қайту керек. Тәкежан осыны айтқанда, жаңағы көп бала алағызып: - Жүр ендеше барайық! - Барып теріп қайтайық! - Жүріңдер! - Ал, ат ұстаңдар! - Иә, сәт бүлдірген, бүлдірген! - десіп, бар бала ойнақ салды. Бүлдіргенге баруға Тәкежанның өзі де әзір екен. Ол Абайға да: «Жүр!» - деді. Абай ойланып, баяулап тұрды да, ақырында тым құрыса атқа мініп сергіп келмек боп қоса көнді. Сонымен, бір шай қайнатым арасында Абай, Тәкежан бастаған барлық ұсақ бала тай-құнандарына мініп-мініп ап, желе шауып, шыға келісті. Араларындағы үлкендері Абай мен Тәкежан. Ұсақ балалардың көпшілігі жеке-жеке тайға мініп, бірен-сарандары екіекіден мінгесіп алып, Абайларға ілесе шыққанда жұрттың бәрінің артында қалған Оспан болды. Ол биешілердің «Жуас тай мін» дегеніне көнбестен, бүгін ғана үйретілген қысырдың асау тайы - ақ тайды таңдаған. Ақ тай соңғы үш-төрт күннен бері Оспанның есінен кетпейтін құмары. Дередей үлкен, өзі жұп-жұмыр ақ тай - қысырдың тайы. Енесі - асау көк бие. Ақ тай енесінің асаулығынан былтыр байланбаған. Биыл арда емеді. Шу асаудын өзі. Соған жақында көзі түскен Оспан жас биеші Масақбайға жабысып жүріп, бүгін таңертең биенің бас сауымының тұсында бұғалықтатып, шынғыртып ұстатып алған. Масақбай осы жылқыдағы асау атаулының албастысы. Оспанның жалынғаны еріксіз көндіріп, Масақбай таңертеннен бері сол тайды үйреткен-ді. Тайдың асаулық қияңқылығы сондай екен, біресе шапшып мөнкіп, біресе шыңғыра тулап кетіп, Масақбайдыда екі рет жыққан. Бірақ өзге асаудан көрмеген ызаны көріп, екі жығылып алған Масақбай, ақ тайға қатты ызаланып алған. Құлақтан басып, бұғалықпен буындырып, екі езуін шұрайлап, тайды өлердей жазалаған. Үстіне үлкен жабу салып, оны басқұрмен шандып-шандып, қарғып мініп алған. Басқа-көзге төпелеп, шапқылатып, қан сорпа қып кеп, бағана желі басына байлап тастамақ болған. Бірақ Масақбайдың өнеріне қызығып, өзі де қызып алған Оспан, тай әлсіреп келген кезде, жұрттың: «Тоқта!» дегеніне болмастан қарғып мініп алған-ды. Екі езуі қан боп жыртылып қалған тай әлі де өлердей қияңқы екен. Оспан мінген жерде тағы да қайтадан шапшып секіріп, кәп қияңқылық етті.

 Өзі жеңіл балаға оңай көнгісі келмей, қанша қырсық жасаса да Оспан жығылмай қойған. Оның бағана Смағұлға мақтанғаны да сол. Қазір желі басында қалғанда, Оспанды бөгеген сол ақ тай болатын. Тай ежелгі асаулыққа салып, тағы мөңкіді. Бірақ Оспан жығылып, қорқудың орнына, құшырланып сабай береді де, езу тартып күліп қояды. Баланы жыға алмаған тай, ақыр аяғы ала қашып, шаба жөнелген. Оспанның тілегені сол. Ол өзі ағызып келе жатқан тайды онан сайын борбайлап, басқакөзге төпеп: - Аруақ! Аруақ! - деп ұран салып, жосытып отырып Абайларды қуып жетті. Ақ тай Оспанның ырқына әлі көніп болған жоқ екен. Ағызган күйінде сыңар езулеп, мойнын бұрып, қырындай шауып кеп, бар денесімен Тәкежанның құла бестісін қойып кетті. Жұрттың бәрі де ығысып, бөгелеңдеп қалды. Оспан тайын бұрып, көптен сытыла бергенде, ақ тай тұра қалып, мойнын ішіне алып, шыңғырып жіберіп жаман мөңкіді. Абай Оспанды аяп: «Мерт бола ма?» деп қорықты. Жалғыз-ақ Оспанның пішініне көзі түскенде қайран болды. Баланың үлкен көздері от шашып, өрттей жанып алыпты. Асаумен алысқан арпалысты жаны сүйгендей. Қоркыныштан биттей елес жоқ. Қайта: «Тулай түс» деп, қызыққан сияқты. Тай бұдан құтылмақ боп, нелер қиястық жасаса, соның бәріне де сол секундта Оспан қолма-қол тәсіл жасайды. Бұл кезде Оспанның балалық жындылығы, ұрдажықтығы бір жолата жогалғандай. Ол Абай көзнде - алыс-жұлыстың бір балуаны сияқтанды. Жұрттың бәрі амалсыз иіріліп тұра қалып, ақ таймен Оспанның арпалыс майданына қарады. Тәкежан да таңдайын қағып, Оспанды боқтай түсіп, сүйсініп тұр. Тайдың мөңкігенінен сескеніп, Оспанға болысайық деген ересек балалар болып еді. Оспан асығып айғайлап, шолақ бұйрық етіп: - Тиме! Аулақ! - деді. Осы кезде ақ тай мойнын ішіне алып, басынан асырмақ боп ортқып мөңкіді. Оспан екі аяғын тайдың қос қолтығына тығып ап, шалқалап жатып алды. Түсіре алмаған тай лезде екі артқы аяғын аспанға сермеп тепкіленді. Онда Оспан тағы да тақымын жазбастан еңкейіп ап, тайдың мойнын құшақтап жатып алды. Тағы бір сәтте ақ тай оқыс шапшып қап, таласқан иттей қос аяқтап шаншылып еді. Оспан мынау қимылға тіпті сүйсініп кетті білем. Екі беті қыпқызыл боп, қайратты шаштары үдірейіп, жалт етіп Абайларға қарап сақ-сақ күліп жіберді. Жағалай үнсіз тұрған жұрт та тегіс сүйсіне күлді. Тәкежан, өз басы өмірінде мұндай қимыл жасап көрген емес еді. Оспанның ерлігіне қайран қап: - Түу, сарамас. Мынау неткен көз жоқ бетбақ еді? - деп, құла бестіні қамшымен бір салды да, желіп кетті. Барлық балалар қоса қозғалған. Ақ тай да қайтадан көндігіп, шаба жөнелді. Оспан тағы да қамшылап борбайлап: 142 - Аруақ! Аруақ! Масақбай! - деп, асаудың албастысы - Масақбай биешіні аруақтай сыйлайтынын көрсетті. Бағанадан бері Оспанның шын сыйынғаны сол Масақбайдың айла-тәсілдері болатын. Бүлдірген иісі аңқыған, көк майса шалғыны бар, жасыл беткейде балалар жеміс теріп жатқалы көп боп еді. Күн екінтіге қарай жақындап, адыр-адырдың көлеңкесі молайып, сай-сайларда қоңыр салқын самал соға бастаган. Аттарын тұсап-тұсап тастаған балалар бүлдіргеннің қызығына әлі қанған жоқ. Алғаш кеп түскен бір беттен жылжымаса да, сол алаңның өзінің жемісін де мойыта алған жоқ. Жегеннен асқанды тақия, тымақ, дорба, қалталарға да сықап жатыр. Бір мезгілде бар баланың құлағына ап-айқын боп дүрілдеген қалың үн келді. Қаулаған өрт, қаптаған қолдың шабысы сияқты. Балалар елең-елең етісті. Араларындағы үлкені Тәкежан мен Абайға қарасты. Абай бұл дүбірдің мәнін ұққандай, саспай ғана Шыңғыс жақтағы бір белеске қарап отыр екен. Сол белестің ар жақ деңгейін жалбылап келе жатқан қалың жылқының жоны көрінді. Кең сайға қарай түсіп келе жатыр. Қылаңы көп, шұбартқан жылқы жиі-жиі пысқыра түсіп, жіті басып келеді. Араларында тай, құлындар кісінейді. Өзге жылқыдан озғындап шығып, ойнақ салып шапқылаған құнан-дөнендер де көрінді. Балалардың тайлары бұл дүбірді байқап, тегіс алағыза бастаған екен. Тұсауларымен қарғып, сол жылқыға қарай тартқысы келгендер бар. Тай-құнандар бастарын тегіс көтеріп, қос құлақтарын қалың жылқы келе жатқан жаққа қарай қайшыландыра шаншып ап, үйірсек үнмен шұрқырай кісінеді. Бала атаулы тегіс аттарына жүгірді. Елсіз өңірде көрінген қалың жылқы - көшкен елдің жылқысы екен. Балалар аттарына мінісіп, беттерін ауыл жаққа бұрғанда, жаңағы жылқы асқан белден асып, ойға таман түсіп келе жатқан қалың көш көрінді. Ол бес түйені тізген бір көш өзге нөпірдің алдын ала оқшау шықты. Соған тіркес он түйелі, тағы он бес түйелі, сегіз-тоғыз түйелі салқар-салқар көштер бірі артынан бірі шығып, шұбарыта, шұбатылып келеді. Алғаш өткен жылқының артын ала көп аттылар келеді екен. Қолдарына сойыл, шоқпар, баулы құрық ұстаған еркектер бар. Әредікте томағалы бүркіттерін балдағына қондырып алған ықшам жігіттер де көрінеді. Бұл топ Абайлар жақындағанша қиыс өте берді. Соның артынан келе жатқан ең алдыңғы үлкен көш Абайдың да, барлық балалардың да көздерін еріксіз тартты. Бұл көштің айналасын қоршаған аттылар көп, барлыгы да әйелдер. Өңшең сәнді киінген қыз-келіншек пен егде тартқан бәйбішелер. Мінген аттары ылғи семіз жорсалар мен келісті бедеулер. Әйелдердің ер-тұрманы, тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүгендері тегіс жалпақ күміске малынған. Жарық күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етіседі. Үлкен кештің алдында есік пен төрдей жерде аттарын қатар бастырып бір топ қыз келеді. Тап орталарында ерттеулі күйде бос жетектелген, кекілі күзелген, қара көк ат бар. Сол топтан әнтек кейін үлкен көштің алдын бастап 143 келе жатқан сұп-сұр жүдеу бәйбіше екен. Басына жұқа қара желек жамылыпты. Бұл бастаған он бес түйелі көштің сәні өзгеше көрінді. Бар түйенің үстіне артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қоңыр алаша, қара ала текемет көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара жамылшыларымен баяу ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді. Көштің түріне таңданып, үнсіз тоқтап қалған балалар тобы мынадай салтанатты көріністің алдын кесіп өте алмады. Енді амалсыз көш өткенше қарап тұратын болды. Басында бұларға көш адамдарынан көз салган кісі жоқ еді. Бірақ алдыңғы қыздар тобы енді жакындап, қастарына кеп қалған екен. Солар ғана өзінше, біртүрлі түйсінгендей болды білем. Аралары азырақ ауысып, аз ғана бөгелісті де, бір кезде бір топ қыздар ортасынан екі қызды ілгерірек бөліп шығарды. Бағанағы кекілі кесілген қара көк ат сол екі қыздың орталығында жетекте екен. Оспан аңырып таңданып, Абайдың қасына кеп: - Бұлар кім? Бұл қандай көш? - деп тақат таба алмай, ағасын қамшымен түрткілеп, мазасызданып тұр еді. Қазір екі қыз бөлініп алға шыққанда, олардың көрінісіндегі елден ерекше бір жайды байқап, Оспан қатты күліп жіберді. - Ойбай, Абай, ананы қара! Тымақты қара! - Абай бұған ашулы түрмен жалт қарап, қатты түртіп қап: - Тоқта, кұтырма! - деді. Оспан Абайдан сескеніп қап, аузын басып, тайының жалын құшақтап, үнсіз күліп жатты. Бұған ерсі көрінген сурет Абайдың өзінің де өмірде ең алғаш көрген көрінісі. Бұл көш қаралы көш екенін - Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағанаақ таныған болатын. Өзге көштен бөлек болатыны мәлім. Бірак, қазір мына екі қыз істеген іс сол бөлектің ішінде де бір өзгеше болды. Олары өзге қыздан бөлінгенде байқалды. Бастарына еркектің бас киімін киіпті. Қара мақпалмен тыстаған жұқа қара елтірі тымақтары бар. Қыз кимейтін бас киімнің артын алдына келтіріп, теріс киіпті. Енді ғана анық көрінді, орталарына жетекке алған тұлдаған қара көк аттың үстіне Бөжейдің ер-тоқымы ерттеліпті. Ер үстіне сол Бөжейдің осы өткен қыста Қарқаралыға киіп барған қызыл күрең ішігі жабылыпты. Ердің қасына қамшысын шәншіп, соған да теріс қаратып, Бөжейдің қысқы түлкі тымағын кигізіпті. Екі қыз бөліне салысымен мына көлденеңпен қарап тұрған аттыларды көріп, шырқай созып, қаралы мұңды дауыс айта жөнелген. Көш бойында, ауыл үстінен өтсе, немесе бөгде жүргіншілер жанынан өтсе, қаралы көштің қара жамылған осындай қыздары дауыс айтатын салты. Қыздар соны бастаған екен. Бір күліп, жыны қозып алған Оспан бұндай жайдың бәрін қайдан ұқсын. Өзі ес білгелі, дәл өз үйлерінен өлім шықпаған. Өлімді бұлайша күтуді көрмеген бала бұл жерде ұқтырам десе де ұқпас еді. Оған жаңағы көз алдынан өткен көріністің бәрі ерсі көрінді де соған күлді. Абайдан қорыққанынан басын көтере алмады. Бірақ тайының шоқтығына жабысып жатып көзінің қиығымен сығалап қарап қояды да, екі иіні дірілдеп, шек-сілесі қатады. Алғашқы екі қыз 144 қиыс өтіп, дауыс бастасымен, кейіндеп келе жатқан бес қыз да аттарының басын қатарластырып ап, баяу бастырып отырып, анау екеуінің дауысына қаралы дауыс қосты. Абай бұларға көз сала беріп, елең етіп, аласұрып қалды. Қамшысының бүлдіргесін саусағына ілген күйде, оң қолын шұғыл көтеріп қап: «Тоқтасаң нетті?» дегендей, өтініш айтқандай. Бірақ, үн қата алмады. Жүрегі лүпілдеп соғып, өңі сұрланып, әлсіз қолын шарасыз халде құла бестінің жалына сылқ түсірді. Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргені осы. Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жапжаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған кұбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы шолпандай. Ат үсті жүріс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары - Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазіргі жүзін бір түрлі мағыналы нұрға малғандай. Ақ маңдай, алпақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр. Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр. Топ өтіп кете бергенде, өзге төрт қыз үнінің ішінен Тоғжанның өзгеше жібек талды, бөлекше үнін анық естіп аңғарғандай болды. Шын Тоғжан үні ме? Жоқ, басқа қыздікі ме? Білу қиын болса да, Абайға мынандай топтан жырылған бөлекше сұлу ырғақ Тоғжан көмейінен ғана шығатындай. Сырттап бара жатқан Тоғжанның арттан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нәзік-еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап ерілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан бері де көзін жұмса әрдайым кұлағына шылдырлай түсіп, былдыр етіп: «Есіңде бармын ба!» деп кететін осы шолпының осы үні. Өзгеше көрініс, лезде бұлт сөгіліп, сұлу айды жарқ еткізгендей болды. Абайды естен тандыра биледі де, өзгеше бір нұр шұғласына бас идіргендей боп кетті. Бірақ бұл сезім бір ғана сәт еді. Осымен қабат жас жігіт көңіліне тағы талай алай-түлей ұйтқып кеп, бір өзгеше жүрек құйынын соқтырғандай болды. Жылаған Тоғжан, жылаған Бөжей қыздары, барлық қаралы көш, иесіз, тұл кетіп бара жатқан анау қаралы киім, тұл ат - баршасы осы барлық қауымның қайғысын да Абайға өзгеше терең түсіндірді. Жаназаға шақырмай, Құнанбай қылмысын кешпей, жылау зарына араластырмай келе жатқан осыншалық мол қауым. Ортасында Тоғжандай гауһары бар қауым Абайларға «Былай тұр! Көрме! Саған рұхсат жоқ!» дегендей суық, қатал. Бірақ, әділ үкім айтып бара жатқан сияқты. Абай жүрегіне бұл серпу өзгеше өкініш, өксік әкелгендей. Жылаған ғашығы, жылаған жақын бауыр, қауым ел, өліп кеткен кешегі Бөжей - баршасы да Абайдың өз басын да жазалағандай. «Мен жазықты ма 145 едім!» дегендей болса да, налытып тұрып кіналағандай. Бұл әсіресе ауыр толқын. Абай үнсіз мүлгіп, зарлы жоқтауды бар жанымен тыңдап тұрып, өзінөзі де, бар дұниені де ұмытып кетіпті. Бір сәтте қасында тұрған біреу түртіп қап: «Жүрейік» дегендей болды. Абай жаңа оянғандай, алаң етіп жалт қарады. Тәкежан екен. Ол Абайдың түсін көрді де, тыжырынып, кекете күліп: - Өй, неменеге сораңды ағызып тұрсың, - деп, тіпті зекігендей. Абай қабағын қатты түйіп, селт етіп, бетін сипады. Жыладым деп ойлаған жоқ-ты. Көзінен үнсіз ауыр, ыстық тамшылар ағып кеткенін байқамаған екен. Үлкен көш өтіп кетіпті. Артқы көштермен екі арасында ұзақтау алаң пайда болған екен. Тәкежанмен бірге барлық топ қозғала берді. Бағанадан бері тайының жалын құшып тұрған Оспан ыржақтап күлуден әлі басылмаған. Енді басын көтеріп ала сала, қасындағы бір баланың тымағын жұлып алып, теріс киіп жіберіп, сақылдап күліп, ақ тайды тебініп кеп қалды. Қалжақ пен тентектікке есі-дерті кетіп қалған Оспан ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсе керек. Жайбарақат еркін отырып, тақымын да қыспастан тебініп қалғанда, ақ тай секіріп мөңкіп кеп кетті. Оспан тізгінін де қымти алмай қалып еді. Байқаусызда тулаған тай тентек баланы оп-оңай ытқытып, топ ете түсірді. Бірақ Оспан жығылса да, есінен жаңылған жоқ. Тайының шылбыр-тізгінінен айырылмай, жабыса түрегелді. Түк көрмегендей ыржақтап күліп, екі беті нарттай жанып тұр. Ақ тайға ес жиғызбастан қайта карғып мініп алды да, борбайлай қамшылап, құйғыта жөнелді. Өзге балалар да шаба жөнелісті. Тәкежан мен Абай жай аяңдап қозғалды. Тәкежан інісіне жаңағының үстіне тағы да бір үлкендік көрсетпек болды. - Баламысың, жоқ қатынбысың? Сен ненің ақысы деп жыладың осы? - деді. Абай Тәкежанға енді ыза болды. Кінәлай сөйлеп, қарсы ұрысты. - Сенің үлкен боп, ес білгенің со ма? Бауыр емес пе еді? Бөжекеңе өзің неге жыламайсың? - Е, жыласатын не қалып еді? Жаназасына да шақырмай қойған жоқ па? Соны да ұқпаймысың? Ұққан екенсің, қарқ қыпсың! Шақырмаған тірілер! Сол үшін өлі Бөжей жазықты ма? - Бөжей әкеңмен араз болғандықтан шақыртпады! - Бәсе араздық... сол араздыққа кім кінәлі? Кім жаулықты көп етті? Соның бәрінің ақ-қарасын сен айырып, танып болған шығарсың? - Болайын, болмайын, мен әкемнің жағындамын! - Бәсе, одан да соныңды айтсаңшы! «Үлкенмін, ақылым бар, кісіге де ақыл айтам» дейсің! Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ереді дейсің ғой. - Өй, сен не сандалып келесің осы? Үйдегі алжыған әжеңнің ақылынан басқа ақыл жоқ деп алғансың ғой өзің тіпті. - Ал, сен болсаң, сол өзің қостаған әкеден де түк ұғып, түк ақыл алмайсың! - Е, мені бір жайын өскен жабайы деп пе ең өзің? Енеңді... - Бар «өстім» дегенде, тапқаның осы боқтығың ғой! Малшы-жалшыны жазықсыз боқтап, мардамсығаннан басқа түк үлкендігіңді көрсемші! - Бәлем, тұра тұр, осыныңның бәрін де әкеме айтам! - Айтсаң айта ғой! Мен де сенің жаңағы «алжыған» деген сөзіңді әжеме айтайын! - деп, Абай Тәкежанға қайсарлана қарады. 146 Тәкежан бұл жерге келгенде ерегістен амалсыз тайқып кетті. Тегінде, үлкен жанжалға тауаны жоқ, бұдырсыз болатын. Әкеге шағым жеткізу алыс та қиын. Айтқанын мақұл көре қоя ма, жоқ па? Онысы тағы екі талай. Ал, мынау Абай сүйенген «әже» деген - әлдеқайда қатер жер. Тегінде Зере көп ашуланбайды. Ал, бірақ оқта-текте қатуланып түйілсе, әлі күнге аса зәрлі. Осы биылғы көктемнің өзінде Тәкежан көрші үйлердің бір кексе қатынын байқаусыз боқтап алып, жаман бәлеге қалған. Жазықсыз қатын қатты ренжіп, жылап отырып, Зере мен Ұлжанға барғанда, кәрі әже ашу шақырып, күйіп кеп, Тәкежанды алдына дереу шақыртып алып тергеу салған. Тәкежан әжесінің аяздай суық ашуынан, қатты түйілген көзінен қорқып, өтірік айтпақ, танбақ боп жалтарып көрген. Ақыры тіпті ант ішуге де барып қап еді. Сол арада Ұлжан мен Зере өзгеше ашуланып кетіп, кәрі әже қолындағы ақ таяқпен мұны басқа салып-салып кеткен болатын. Сол уақиға осы жаңада ғана, Тәкежан: «Жігіт болдым, қайныма барам» деп, әзірленіп жүрген күннің өзі де болған. Осының бәрі жаңағы ерегіс аяғында Тәкежанның есіне түсті де, енді осы бәленің бәрін жуып-шаймақшы болды. - Өй, кетші әрі енеңді... - деп, шіреніп тұрып бір боқтады да, құла бестіні борбайлап шаба жөнелді. Абай бұдан құтылғанына ырза боп, кейін қалды. Ақырын аяңдап келе жатыр. Жаңағы сезімдерін, жаңағы Тәкежанмен дау үстіндегі ойларын қайта есіне келтіріп соған тереңдеді. Дау үстінде, ойда жоқтан тіліне оралса да, «Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді» деген сөз мұның өзіне қазір бір өзгеше мәні бар, өрісті ойдай... көрінді. Жынысының шиырымен шұбыру, жымын басу кімнің қолынан келмейді? Жыртқыш қайуан екеш, о да біледі. Бола алсаң - ол болма, адам бол! Жалғыз келе жатқан Абайды ендігі бағындырған ойы осы. Дәл осы бетте бүгін Абай өз тұқымының бір жанымен дауға түсті. Осынысы өзіне бір ажарлы, басқаша беттің басы тәрізді боп сезілді. Сондайлық салқын сыншы ойлар арасына осы жолда қайта-қайта Тоғжан келбеті келеді. Сәт сайын оралып, гүл жібектей бұралып кеп, мұны жақсы болуға үндейді. Мінсіз таза махаббатқа шақырғандай, жан ашыр рақымға шақырғандай болады. Бар дүние, бар адамзатты қоса сүйгізіп, қоса қымбат санататын аса бір қадірлі игілікке ымдап жетектегендей. Бұл қиялға мүлгігенде Абай Бақанасқа қалай жеткенін байқамай да қалды. Бөжей ауылдары Жәнібекке көшіп келгенін Абайдан естісімен, сол күні түнде Зере мен Ұлжан Байқошқардағы Кұнанбайға кісі шаптырды. - Дәл қасымызға келіп қонып отыр. Енді аялдасақ ағайынның бетін қайтіп көреміз? Бата оқырын қалай жасасын дейді? Және Байқошқар, Бақанастағы екі ауыл қосыла бара ма? Соны тез шешіп, жөн айтсын! - депті. Құнанбайдың өзінің күткені де осы кез сияқты екен. Ол дәл осы түннің өзінде қасына Күнкені алып, тағы он шақты қарт-қария, жігіт-желең алып Бақанасқа келді. Сонымен Бақанастағы барлық жиырма шақты ауыл ерте қамданып саба жиып, сойыс әзірледі. Әр ауылдың апаратын шамасына лайық - қой, қозы сойыстары сол таңертеңде сойылып, асылып та қалған. Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады. Және азаға салғаным деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды. 147 Осындай қамның бәрі биенің бас сауымына шейін түгел бітті. Қалың топ - бата оқыршы шаңқай түс кезінде сансыз кеп салтты боп күнбатыстағы Жәнібекке қарай тартты. Барлық жиын - елу қаралы еркек, отыз-қырықтай қатын. Араларында Абай, Тәкежан сияқты жастар, Оспан сияқты балалардан да бір топ бар. Жұрттың бәрі ат үстінде. Тек Зере мен Ұлжан және сол екеуінің қасына мінген Сары апаң деген әйел мен екі жас келіншек қана арбада. Құнанбай бұл арбаны өзге жұрттан ерте қамдатып, бұрын жүргізіп жіберген. Сол арба жарым жолға барды-ау деген кезде өздері аттанған-ды. Бақанас өзені мен Жәнібек өзенінің екі арасы тай шаптырымдай-ақ жер. Құнанбай қасындағы көп қошеметшінің ішінде Ырғызбайдан: Майбасар, Жақып, Ызғұтты сияқты туысқандары. Және Құнанбай жағында жүрген әлденеше рулардың ақсақал, қарасақалы бар. Ат үстіндегі әйелдер бөлек топ боп кейінірек келе жатыр. Олардың ортасында Құнанбайдың үлкен әйелі Күнке, сонан соң Айғыз және Қалиқа сияқты абысын-ажын. Кәріден - Таңшолпан сияқты шешелер де бар еді. Аттылардың қалың тобы осындай лек-лек боп, Құнанбай шоғырын алдына салып келе жатқан. Бір сәтте осы жұрт екі қоныстың арасындағы сар жазықты айғай-шуға батырып, оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп Жәнібекке қарай ат қойды. Бұл елдің ежелгі ырымы бойынша әлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты осылай алыстан айғайлап: «Ой-бай, баурым!» деп, жылай шабу болатын. Сол шабысты ең әуелі үлкендер бастамақ керек, Бағанадан қалың топтар Құнанбай шоғырына қарап келе жатыр еді. Қазір сол Құнанбайлар өздері де үн салып, аттарын борбайлап, еңкейе шауып жөнеліп берді. Арттағы еркек, әйел, бала-шаға топтары да сол сәтте дүрк жөнелісті. Абай орта бір топтың ішінде келе жатқан. Қасында Күнкеден туған ағасы Құдайберді, атшабар Жұмағүл, жорға Жұмабай және Тәкежан, Оспан сияқты аға-інілері болатын. - Ойбай бауре-е-м! - Аға екем! - Аскар белім! - Құт берекем! - деп, Абай қасындағы кекселеу кісілер шырқап жылап, үн салып келеді. Атшабар Жұмағұл мен Тәкежан болса, аттарының екі жағына кезек қисайып, құлап кететін кісі тәрізденіп, ауытқып жосытады. Сырт ажарлары шынымен егілген, есінен танып, бауыры езілген кісілер тәрізді. Абай жай ғана, тұра шауып келе жатып, ана екеуінің соншалық сырт құбылысына сенген жоқ. Тартымды, бір қалыпты шапқан, бірақ шынымен «ой баурымдап» шапқан Абай қасындағы Құдайберді сияқты. Абай тегінде аз ойласып жүрсе де, осы ағасының мінезін ұнатушы еді. Қазірде өзін соның шамасында ұстап, «сол істегенді істесе мақұл болар» деп білді. Дүркірей ағылып, шулап шапқан топ Жәнібектің көк майса кең саласында жыпырлай қонып отырған сансыз көп ауылдардың үстінен шыға келді. 148 Зерелердің арбасы да дәл осы кезде қалың ауылдардың тап ортасындағы үлкен ақ күмбез үйлі - Бөжей аулына жеткен екен. Жапыр-жұпыр көрісіп жатқан сияқты. Ақ үйдің өзі өзге үйлерден оқшауырақ, белдеуінде қара тігулі тұр. Қаралы ауылды мына кейін шыққан аттылардың тануы оңай болған. Көп ауылдың сыртындағы саржотаға шығып, барар бетті тез аңғарып алған шапқыншылар енді ыра төмен жосылды. Қою шұбар селдей боп шулап, аңырап ақты. Абай орта тұста келе жатып, ақ үйдің сыртында оқшауырақ жерде ұзынұзын ақ таяқтарға төстері мен қос қолдарын тіреп, бүгіліп тұрған отыз шамалы еркекті көрді. Бата оқыршыларды тосып, жылап тұрған жанкүйер жақындар. Шауып кеп түсе бере таныды. Тап ортада Байдалы, Байсал, Қараша, Түсіп бар екен. Шеттеу тұста Балағаз, Базаралы сияқты жас жігіттер де ақ таяқтарға таянып егіліп тұр. Шауып келген үлкендердің аттарын анадайдан жүгіре-жүгіре шығып, ұстап-ұстап алып, иелерін қолтықтап түсіріп, еркектерге көрістіргелі жетектеп әкетіп жатқан көп-көп ықшам жігіттер бар. Барлық бата оқыршыға сондай бір-бір күтуші тап келгендей, мол жеткендей болды.

 Жылаған Байдалы, Байсалдарды көргенде, Абайдың сай сүйегі босап кетті. Аттан түсе бере, шын аяныш жас төгіп, еңіреп жіберді. Тыстағы еркектермен бір-бір кұшақтасып, көрісіп болған үлкендерді сол арада қолма-қол ақ үйге қарай айғайлатып, жылатып әкетіп жатыр. Жылаудың үлкені сол үйдің ішінде, қатындар ортасында. Көп еркектің арасына Абай да кірді. Үлкен күмбез ақ үйдің іші оң жақ босағадан дәл төрдің ортасына дейін қатар тізіліп, мықындарын қос қолдарымен таянып, аңырап жылап отырған қатындарға толы екен. Тап орта тұста басына қара желек жамылған Бөжейдің бәйбішесі аңырап отыр. Көзінен шын жас, зар жасы бірсін-бірсін ағып жатыр. Одан жоғары төртбес қыз дауыс айтып отыр. Үйдің іші бұл кезде тұтас аңырап зарлаған мол жылау еді. Отырған әйелдердің алдына жылап келген еркектер тізе бүгіп отыра кетіп, құшақтасып көрісіп жылайды. Абай Құдайбердінің артында. Бағанадан бері соның ізімен кезек алып келе жатқан. Жағалай отырған бар қатынды адақтау тым ұзақ болар еді. Және босағадан төрге шейін бос отырған бір қатын жоқ. Соны аңғарған Құдайберді тура Бөжейдің өз бәйбішесіне қарай жылап барды. Сол кісі алдыңғы көрісушіден босаған соң, құшақтап, аңырап: - Аға-екем, бауырым! - деп бас салды. Абай да сол жерден бастап көрісіп, жоғары отырған қыздар жаққа қарай ауысты. Үй іші осындай жаппай көріс үстінде бірқатар жыласып ап, енді тегіс ажырасып, жағалай отырысты. Еркектер бұл кезде ақырын жыласып отыр да, әйелдің де көбі басылып қалды. Тек Бөжейдің қатыны мен бес қыз ғана зарлап отыр. Арманын, жесір калғанын, ерте айрылғанын айтып бәйбіше жылап, жұртты егілдіре түсті де, ақыры саябырлап барып тоқтады.

 Сонан соң үлкен ұзақ жоқтаудың сарынына түскен қыздар. Олардың өзгеше бір суық зарлы жоқтау ырғағы бар. Дауыстары құйып қойғандай дәл бірдей шығады. Жалғыз-ақ бес қыз тұтас ұзақ айтқан жоқ. Бәйбіше тоқтаған соң, өзге қыздар да басылып, екі-ақ қыз адақтап шықты. Ол Бөжейдің екі бойжеткен қызы. Бұлар бар сөзін анық қып, анда-санда «аһ» деп, жалын атып қойып, сұңқылдап зарлап отыр. «Әкекем... жеткізбей кеттің... арманда кеттің... зармен кеттің, жетім бейбақ біз болдық... пана кім?.. Неге аңыраттың?» деген сияқты жерлерге келгенде, барлық үйдің іші қайта егіліп, тыйыла алмай, тұншыға жыласады. Абайға да шын жылаудың ең ауыр кезі осы болды. Ол көз жасын тіпті ірке алмай қойды. Буына жаздап, булыға жылап отыр. Осымен біраз барды да, екі қыз әкелерінің әміріне, әміріндегі ерлік, жақсылық істеріне түсіп кеп, бір сәтте дауыстың мәнін аса бір тосын жайға салды. Бөжейдің өзін қойып, тұстастарын айтып келіп, әркімді атай отырып үйдің іші тегіс жым-жырт тына қалған уақытта, бір кезде Құнанбай атын сап еткізді. Төрде төмен қарап, тымағын көзіне киіп, тұнжырап отырған Құнанбайды мынау екі қыздың қатал даусы басқа соққандай болды. Бірақ бұл - дауыс. Намаз сияқты бұзылмайтын жол-жора. Айтар сөз, тыяр тыйым, істер шара жоқ. Екі қыз сөздерін барған сайын қатайтып, қадалып кеп: Жау боп шықты Ырғызбай Айыпқа бердің бір қызды-ай, - деп бір кетіп және бір сәтте: Оның аты Құнанбай, Жүйріктігі құландай Шұбарлығы жыландай... – деп, жарып өтті. Жалғыз көзге дәлдеп тұрып қамшы ұрғандай қатал жаза. Құнанбай қасындағы үлкендер бәле шығып кете ме дегендей қыбылжи бастады. Жөткіріп, қақырынып, қозғалақ қақты. Бірақ Құнанбай тістеніп ап, сыр бермей шыдап берді. Абай дәл бұл кезде ұялып қысылғаннан өлердей боп отыр. Ол үй ішімен көрісіп кеп отырған соң байқады. Анау бір топ қыздың ішінде Тоғжан да отыр екен. Бірақ ол бетіне салы жамылып, сырт беріңкіреп, қырын отыр. Абайдың ары, әсіресе, сол Тоғжаннан ұялғандай, енді ішінен: «Ойпырмай, мынаны көргенше жер жарылып, жұтып кетсеші бізді!» - деген бір ой ойлады. Сөйткенше, төрде отырған біреудің қатты тамсанған үнін есітті. Қараса - Сары апаң екен. Ол ашулы түспен түйіліп, қара шапанды басына жамыла беріп, жүрелей отырып ап, айғайлай жөнелді. Сезінің басы Бөжейді мақтау мен сол жақсыны жоқтау еді. Соның аяғын шұбыртып кеп:

 Мына да қарлар не дейді? Жақсыдан жаман көбейді. Ескінің асыл көзі еді, Ұрлап та көмдің Бөжейді, - деп, қатты айғайлап, қалт тоқтады. Екі жақ та: «Айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін осы әйелдердің ауыздарымен айтысты. Осыдан әрі қайталаған да, өршіген де сөз болған жоқ. Қос қыздың даусы тағы біраз созылып барып тоқтап еді. Сол кезде Зеренің дәл қасында отырған Ғабитхан молда жүгініп, жөткіріп алды да, бұхар мақамымен тәбәрәкті соза жөнелді. Үй іші тегіс жым-жырт. Сілейіп, қатып мүлгіп қалды. Құнанбайдың Бөжейге жасаған бата оқырының түрі осы боп еді. Әйелдерді осы үйге қалдырып, еркектерді бөлек оңаша үйге апарып, қаралы ауыл қонақ етті. Ауыл несі, күтуші болған Байдалы, Түсіптер. Бірақ шай, қымыз үстінде де, ет үстінде де, бата оқыршылар мен ауыл иелерінің арасында шүйіркелескен сөздер болған жоқ. Анда-санда Байдалы мен Құнанбай жауаптасқан уақытта, біріне бірі сыпайы ғана сөйлейді. Байдалы Құнанбайдың шынысын өзі әперіп, шайына сары майды өзі салып, бейіл көрсетіп отыр. Бірақ, барлары сол ғана. Сөйлесейін десе, сырттары сыпайы болысқан болмаса, айтысар жай жоқ сияқты. Тек бірер кез, мал тойыны туралы, шөптің бұл өңірдегі биылғы шығымы туралы ғана сөздері болды. Тағы бір рет, көршілес Керей мен Найманның осы жаздағы аттаныстарын, бір-бірінен барымта алысып, шабысып қалғанын айтысты. Құнанбайлар екінті мен ақшам арасында аттанар кезге шейін дәнекер болған осы әңгіме ғана. Бата оқыршылар сол кеште үнсіз, қоңыр тартып, жайлау-жайлауына қайтысты. Бір қарыздан кұтылғанына «уһ»дегендей боп, Күнкені ертіп, Байқошқарға қайтты. Жол бойында бәйбішесіне оның айтқан жалғыз сөзі: - Күтсең, Сары апаңды күтсеңдерші! - деген ғана байлау еді.

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу