Б. Мұқай «Өмірзая» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 2 сабақ.


"Өмірзая"

Автор: Баққожа Мұқай

Түсінік: Рымғали Нұрғали

Жүз елу жылдық (екі жүз елу емес) отарлық кеп, әсіресе, оның екінші жарымы – орыс-совет кезеңі туған халқымыздың ұзақ шеру тарихындағы ең ауыр заман болды. Ашық, көпе-көрнеу жүргізілген геноцид – 1916 жылғы сүргін, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. 1941-1945 – орыс-герман майданында алдыға салып, ажалға айдаған қырғын, одан соңғы, ел аман, жұрт тыныш кезеңдегі атомдық апат - өз заманында байтақ жеріне сай ордалы жұрты болған қазақ халқының табиғи өсімін кері шегереді, жер басып жүрген жұртын екі еседен артыққа кемітіп, болашақ межесін төрт-бес есеге төмен түсірді, нәтижесінде, 1898 жылғы бүкіл Ресейлік санақта әпсі Түркістан қауымының негізгі бөлігін құраған, яғни, жалғыз өзі өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз, қарақалпақты түгел қосқандағыдан үш-төрт есе көп болған қайран қазақтың сирағы қырқылып, қанаты сынды, бір кезде осыншама ұлан-байтақ жерге лықып отырған ұлы халқымыз селдіреп, жетім, жалбағай күйге түсті. Бұдан жүз жыл бұрын, өзбек 727 мың, тәжік 350 мың, түркімен 281 мың, қырғыз 202 мың болған кезде 4 миллион 84 мыңға жеткен қазақ қазір қанша болатын еді деп ойлаудың өзі жүрегі бар азаматты қияли қылар еді. Кем дегенде отыз миллионға жетер едік. Тіпті, басқа ағайындар сияқты он, жиырма есе өспей-ақ қояйық, небәрі төрт-бес есе көбейген болсақ, қазіргі орыс-орманын қосып есептегенде он бес миллионға жетпей жатқан республикамызда кемі жиырма миллион қазақ отырар еді ғой. Тіпті, он төрт-он бес-ақ болсыншы. Алшаң басып жүрер едік. Өзіміз де басқа, ісіміз бен сөзіміз де басқа...

Бұл – қазақ мәселесінің аса мәнді бөлігі, әйтсе де, бір ғана жағы. Отарлық жүйе өндіршегіңді үзіп, өркеніңді қиюмен ғана шектелген жоқ. Ғайыптан тірі қалған, жер басып жүрген әрбір кісіңнің санасын да улады. Сені ұлттық кейіптен ғана айырып қойған жоқ, адамдық атаулыдан аластады. Сені тарихы болмаған, мәдениеті дамымаған, өзіндік қасиеттен ада хайуан дәрежесінде көрсетуге тырысты. Отаршылдық – игілік деп жарияланды. Құлдық тәртіп – бақыт болып шықты. Басқаша ойлағандар, өзінің адамдық тұрғысына ұмтылғандар, яғни, біз де кісіміз, біздің де тарихымыз, мәдениетіміз болған деп дәлелдеуге тырысқан, бас көтерген азамат тікелей жазаға тартылды. Бірте-бірте отаршылдың жарғысы бұлжымас заңға айналды, отаршылдың тәртібі әдет-ғұрыпқа айналды, отаршылдың ой-жүйесі талассыз ақиқатқа айналды. Құлдық қамытындағы жұртыңыз өзінің құл екенін сезінбейтін жағдайға жетті, мазақ пен қорлық әдепкі өмір қағидасы болып көрінді. Отаршылдықтың тікелей геноцидке жалғас ең үлкен зардабы – рухтың езілуі екен.

Танымал жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы осы құлдық сана, рухтың жанышталуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік.

Жалпы жұрт, тіпті жазарман қауым ортасында бүгінгі әдеби үрдіс туралы теріс ұғым қалыптасып отыр. Кері кеткен сияқтымыз, құлдырап кеткен сияқтымыз, елеулі ештеңе жоқ сияқты. Расында да, кітап шығару ауырлады, атауы азайды, таралымы шектелді, жұртқа жетуі қиын болды, т.т. Шын мәнісінде осының бәрі сандық көрсеткіш қана. Әрине, сан деген жақсы. Оған кімнің таласы бар. Бірақ әдебиет қашанда сапамен өлшенбек. Көркемдік сапа ғана емес. Шынайылық деңгейімен, қоғамдық өмірдің терең қатпарларын қопарған ауқым, қуатымен. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қаламгер – қазақта жүз елу жылдан бері болмаған, тіпті, орыстың ұлы әдебиетін жасаған Толстой мен Тургеневтің өзінің еншісіне бұйырмаған толық еркіндікке жетіп отыр. Ауыз өзіңіздікі, қаламыңыз азат! Ұлттың тәуелсіздігі, Қазақ мемлекетінің қайта құрылуы ең алдымен қазақ Жазушысына еркіндік берді. Әуелгі жемісін көзбен көріп отырмыз. Бұрын айтылмаған шындық, ақтарылмаған кесапат – халқымыз өткерген, әсіресе, советтік кезеңде бар қияметін көрген зобалаңдар қағаз бетінде көркем таңбаланып, жарияға шыға бастады. Бұл ретте мен марқұм Бекежан Тілегеновтің ғасыр соңы, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының үздік табысы  саналуға тиіс «Қара жел» , “1986 жыл” романдарын, Қабдеш Жұмаділовтің ғасыр шежіресі деп атауға лайық «Таңғажайып дүние» атты естелік кітабын, Тұрысбек Сәукетаевтың  қазақ қажырын рухани кейіптеген «Ай қараңғысы» романын алдымен атар едім. Теріп, түгендей келсек, тақырыбы соны, тұрпаты бөлек тағы қаншама шығарма табылмақ. Бүгінгі сөз – осы қатардағы “Өмірзая” романы турасында.

Әдетте, жадағай сын әлдебір шығарманы көтергісі келсе, қызғылықты, жеңіл оқылады, тартып әкетеді деп атап көрсетеді. Баққожа романының тартып әкететіні рас. Бірақ өте ауыр оқылады. Мен тура бір аптада әрең бітірдім. Бүге-шігесін қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сипаттап отырған өмірдің зіпбатпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз... – советтік шындық дер едім.

«Советтік шындық» – біз запы болған сөз. Бояма, жалған. Жәреуке, жандайшал. Қисық айнадан қарасақ, бәрі керемет. Ал шын мәнісінде, қазақ халқын қырған, жойған, кембағал қалыпқа түсірген, өркенін қиып, өскінін тапаған – осы советтік, коммунистік жүйе емес пе! Ендеше, “советтік шындық” ұғымы өзінің нақты мағынасын алуы керек. Сол мағынаның көркем бір көрінісі – «Өмірзая» романы екен.

Отарлық кеп қандай халықты болмасын зағип, кембағал жағдайға келтіреді. Ең ауыр салмақ ұлттың намысы бар, санасы бар, кеудесі бар абзал азаматтарының басына түспек. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев не үшін күресті, басын неге жойды. Күреске жетелеген – ар, намыс, бүгінгі болмыс, келешек ұрпақ қамы, басын жойған – отарлық қанды тәртіп. Біз ең үлкен арыстарымызды атап отырмыз, атаққа шықпаған, бірақ дәл осы орайда шәйіт болған асқаралы азамат неше мың. Аяусыз қанды қырғыннан соң ұлттық рух жер болып жанышталды, бірақ өлген жоқ. Күрестің басқа бір, дәл осы кезең үшін ұтымды тәсілдерін қарастырды, бұрынғыдай қуатты, бұрынғыдай көп болмаса да, ұлттық қайраткерлердің жаңа бір толқыны, жаңа ұрпақ, жаңа төл күреске шықты. Ұлттық сананың қайта жаңғыруы 1960 жылдардың орта шенінен басталса керек. Баққожа романы ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы қазақ идеясы турасында.

Романның ой тұрғысын тиянақтаушы – Алдияр Ақпанұлы деген қарт. Ескінің сарқыты, тарихшы профессор. Атағы алашқа мағлұм адам. «Азамат – құл, ару – күң», - дейді бір сөзінде. Күлтегін ескерткішіндегі, табғаш жұртының боданына түскен түрік халқы туралы айтылатын: «Ер ұлдары құл болды, ару, пәк қыздары күң болды», – деген сөз ойға оралады. Қашанда кіріптар жұрттың көретіні осы. Алдияр ақсақал отаршылдық сабағын жақсы біледі, ұлтын жарыққа жетелеу жолындағы күрес құралы – халқының тарихи зердесін ашу деп санайды. Осы орайда, арда жұртының бостандығын сақтап қалу жолындағы қайтпас күрескер Кенесары хан туралы дәйекті зерттеу жазады. Әлбетте, ресми саясатқа қайшы бұл еңбек халыққа жат деп, идеялық қателік, ұлтшылдық адасу деп жарияланып, атақты ғалымның басына қара бұлт орнайды, күштілер тарапынан қудалауға ұшырап, мына қан құйылып, сал ауру болып қалады. Профессор Алдиярдың түбіне жеткен – отарлық саясаттың ұраншылары ғана емес, қиын кезеңде бас сауғалап кеткен шәкірттерінің де опасыздығы. Отарлық саясаттың ең мәуелі жемісі ретінде бодан жұртта құлдық сана қалыптасқан. Адамгершілікке жат мінездер белең алған. Жеке бастың қауіпсіздігі ғана емес, жандайшап мансапқорлық, пайдакүнемдік пен майдагерлік жетекші орынға шыққан. Кез келген кісінің қызмет бабында өсуі, адам қатарына қосылып, әдепкі тіршілік жасауы – осы, қоғамды қозғаушы үстем сананы қаншалық дәрежеде игергеніне байланысты.

Ғұлама профессорды оп-оңай құлатқан, институт ректоры Мұса Байларов деген бар. Әлдебір жоғары мансапты партия қызметкерінің жегжаты. Сөзде майда, істе аяусыз. Өз заманының әдіс-амалын жете меңгерген. Бір көрімге тәуір адам, ал қулығына құрық бойламайды. Ар-ұят жағы атымен жоқ. Ең ақырында, Желтоқсан дүрбелеңі кезінде өкімет әрекетіне қайшы сөз айтып, көзге шалынып қалған туған әкесін өз қолымен жындыханаға әкеп тығып жібереді. Бұрын құдайдай табынып, сыртынан жағынып, жер-көкке сыйғызбай мақтап отыратын «үлкен кісіні» енді жау ретінде әшкерелеп сөйлеп береді. Роман авторының байыптауынша, бұл Мұса Байларов та отаршылдық сананың жемісі. Бірақ құрбаны емес. Құрбан – Алмас деген жас жігіт.

Басындағы еркінен, аузындағы сөзінен айрылған, әй десе жазаға тартылатын отар жұрттың санасын үрей жайлаған. Табиғи жағдай. Адам – темір емес. Үздіксіз қуғын қажытады, тынымсыз сүргін мұқалтады. Мұндай кезде жүйкесі жұқа, дәті босаң жандар жай ғана бас сауғалаушы емес, бас сауғалау жолындағы жандайшап сатқынға айналуы мүмкін. Алмас қабілетті жігіт, әуелде оң жолда болады, бірақ тиесілі кісілер осы бір жолының ресми саясатқа қайшы келетінін ескерткеннен соң-ақ берекесі қашады. Өзімен ниеттес, тілектес жігіттерді жалаға береді, ақыр түбінде ұстазына пәле жабады. Бірақ жеме-жемге келгенде, ар-ұяты жеміріп, ақиқатын айтады. Ақыры, қайтадан қолға түсіп, жалған куәлік жасап, Желтоқсан қозғалысына қатысқан барлық таныстарын түрмеге, бұл оқиғаға мүлде араласпаған ұстазын өлімге кесіп береді. Үрей – тауансыздыққа, тауансыздық – опасыздыққа бастап әкелді.

Әдетте, ұнамсыз кейіпкер бейнесін жасау жеңілірек деп есептеледі. Шындығында олай емес. Жамандықтың өлшемі біреу болғанымен, сыр-сипаты сан қилы. Баққожа бейнелеген мансапқор Мұса, жандайшап Жақия, әщады Мақсұт, опасыз Алмас - өзара нақты дараланған, әрқайсысының ішкі жан әлемі терең ашылған, іс-әрекеттері сенімді, қай-қайсы да өмірде бар тірі тұлғалар ретінде көрінеді. Советтік шындық дүниеге әкелген, шебер қалам айна-қатесіз кейіптеп шыққан.

Қалай десек те, аталмыш кісілеріміз жағдайдың жемісі, заманның құлы. Басқа бір орта, басқа бір қоғамда дәл осындай болар еді, тек қызметінің бағыт-бағдары ғана өзгерер еді. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Кешегі қызылкөз балшабек бүгін көкезу ұлтшылға  айналды. Кешегі қазақ тарихын мансұқ етушілер бүгін сол тарихтың екпінді қайраткері. Кешегі опасыз жандайшап бүгін мемлекеттің үлкен бір тұтқасында отырған болуы мүмкін, тіпті, халқына пайдалы қызмет жасауы да мүмкін. Еліңіздің іргесі бүтін болса. Бастан жыға қисайса, әуелгі қалпын табады. Жаудан әрмен шабады. Тек Құдайдың көзі түзу болсын. Тәңірі-тағала аспаннан түскен азаттығымыздан айырмағай...

Сонда, дейміз-ау, адам – заманның перзенті екен: кешегі жаманыңыз бүгін жақсы болыпты, дүние қисайса, бүгінгі жақсыңыз – жаман болып кетуі мүмкін екен, сонда дейміз-ау, әуел бастан оң жолда, ақ жолда болған кім бар? Кім бары қалай? Арыда Кенесары- Наурызбай, беріде Ахаң-Жақаң... Одан беріде? – дейсіз ғой. Одан беріде де... болған шығар. Ел аман, жұрт орнында, абзал аналар алып ұл тумаушы ма еді, болған шығар, жүрген шығар бір жерде, азаматтың бәрі аранға түсіп, атылып жатуы шарт емес қой... Әлде, өлгендерді ғана жоқтаушы ма едіңіз?..

Баққожа «Өмірзая» романында ажалға қарсы шапқан азамат туралы жазыпты. Басты кейіпкері де сол – Аяған Қуатов. Зерделі тарихшы, жасы отыз беске жеткен, қалыптасқан азамат. Парасаты, кісілігі, мейірбандығы... бар мінезіне тәнті боламыз. Бірақ роман үшін ғана емес, біз үшін де ең басты қасиеті – туған халқын сүйетіні. Намыс, жігері. Ақыр түбінде мінге айналған, басын алып жейтін тағы бір мінезі – қызбалығы.

Аяған әуел баста Совет өкіметінің қағазға жазылған заңына сенеді. Бұрмалаушылар – беріде деп ойлайды. Ұстазы, профессор Алдияр Ақпанұлының жолын әрі қарай жалғастырып, ол Кенесары хан туралы еңбек жазса, бұл Сыздық төре туралы көлемді зерттеуін тәмамдайды. Бар шырғалаң содан басталған. Әуелі асқар таудайсүйеніші Алдияр ақсақал құлаған. Содан соң өз басына қатер төнеді. Қалжуыр байланып, жұмыстан шығарылған. Бірақ Аяған әділ заңның күшіне сенеді. Ақсақалдың да, өзінің де ешқандай жазығы жоқ. Демек, қуану керек. Аяған ең жоғарғы Советтік мекемелерге, ең биік партиялық басшыларға арыз жазады. Жаздым, жаңылдым деп емес, ісім ақ, қазақ тарихына қиянат жасалып отыр деген сарында. Нәтижесінде әуелі түрмеге түседі, одан шығысымен жындыханаға қамайды, ақыр аяғында азаптап өлтіріп тынады. Міне, отарлық кезең – зобалаң заман шындығы!

Біздің күрескер азаматымыз – отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, ежелгі эпос кейіпкері емес. Бірақ сол эпостың басты тұлғасы болған нағыз отаншыл азамат. Соған орай жан дүниесі бай, санасы биік, рухы берік. Өзгеше жан, кәдімгі адам. Өзгешесі – отарлық заманда, бұрынғы емес, кейінгі, біздің заманда ұлттық сана тұрғысынан ой ойлаған, отандық мұрат тұрғысынан қызмет атқарған азаматтар аз ғана болды. Кәдімгісі – Баққожа кейіпкері табиғи тұлға, елінің болашағын ойлап қамығуымен қатар, жеке басының қам-қайғысы да мол қиналады, тарығады, кейде бойын қорқыныш билейді, тән азабынан именеді, еңіреп жылап, жер болатыны да бар, бірақ ақыр түбінде қайсарлығы жеңеді, қандай қиындық көрсе де ақ жолдан, ұлт мұратынан айнымайды. Аяғанның азапты өмірінің ең соңғы сәттері... Ес пен түнек арасында көзіне Кенесары хан мен Сыздық төре елестеген.

« – Қор болып тірі жүргенше арпалысып өлмек жөн. Тұр орныңнан! – дейді Кенесары хан. Аяған орнынан тұрып кетпек болып талпынады, бірақ әл-дәрмені жетпейді, денесін зілмауыр жүк басып тұр.

– Шыда, батыр, шыдап бақ. Елім деп еңіреген талай боздақ көрген. Күш жина, серпіл, күрес, – дейді Сыздық төре».

Аяған күресіп-ақ бақты тұруға, серпілуге, қайтадан күрес жолына түсуге талпынды. Бірақ пенденің дені қаншама берік болса да, тәні әлсіз. «Тіріге опа бермеген жалғанды қап-қара түнек басты». Аяғанның демі үзіліп, шыбын жаны шырқырап көкке ұшты...

Баққожа романында күрес жолындағы азаматтардың бәрі де шәйіт болады. Сұмпайылар мен опасыздар ғана қалады. Бірақ халық рухының өлмегені, елдің әлдебір терең қойнауында жаңа ұрпақ өсіп келе жатқаны оймен аңдалып, көңілмен ұғылғандай. Роман-трагедияның ең басты мұраты – отарлық заманның қара түнек зұлматын айғақтау екен. Бұл мақсат өзінің үдесінен шыққан. «Өмірзая» романының қасиеті де осында.Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kzhttp://m.adebiportal.kz/kz/retailing/view/325



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу