Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 19 сабақ.
Көркем шығармадағы сыртқы композиция компоненттері
Сюжеттің әр бөлігін бір бүтінге тұтастырып, оларды шығармадағы оқиғаның даму барысына қарай жүйелі орналастыратын компонент - композиция. Алайда күрделі «композиция» ұғымының ауқымы әлдеқайда кең. Мектептегі әдебиетті оқыту тәжірибесінде композицияға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көп жағдайда композиция сюжет пен оның элементтері туралы түсінікпен ғана шектеледі. «Композиция – көркем шығарманың құрылысы» деген хрестоматиялық анықтаманы да оқушы жатқа білгенімен, оның мәнін терең түсіне бермейді.
Кең мағынасында композиция – көркем форманың құрылымы және оның ең бірінші қызметі - бір бүтіннің барлық бөлшектерін біріктіру. Екінші қызметі – шығармадағы образдарды жүйе-жүйесімен орналастыра отырып, белгілі бір көркемдік мағына жүктеу.
Композицияны шартты түрде сыртқы және ішкі деп жіктеуге болады. Шығарма композициясын талдау барысында жиі кездесетін кемшілік - студенттер көбінесе оның сыртқы құрылымына: томдарына, бөлімдеріне, тарауларына көп тоқталып жатады. Туындыны тарауларға бөлудің көмекші сипаты ғана бар, ол композициялық құрылымның ішкі қабаттарына бағынады. Алайда сыртқы композицияның барлық шығармаларда бола бермейтін: арнау, эпиграф, пролог, эпилог, күнделік, хаттар т.б. сияқты белгілерін назардан тыс қалдырмау қажет.
Әсіресе, шығармадағы негізгі ойды түсіну үшін эпиграфтарды талдау маңызды. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы «Әйел тұрмай, еркек оянбайды» мәтелі, Ә. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының эпиграфына алынған «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау, құрғырлар» деген Абай өлеңі туындының идеясын айқындай түсетін көркемдік кілттің қызметін атқарған. Кейде бір шығармаға бір емес, бірнеше эпиграфтар берілуі мүмкін. Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» шығармасында концепциясы бір-біріне қарама-қарсы, бірін-бірі жоққа шығаратын екі түрлі эпиграф повестің екіұдайылық мазмұнына, жақсылық пен жамандықтың бітіспес тартысы тақырыбына айқын бағдар береді. О.Бөкеевтің «Атау-кере» повесіне берілген екі эпиграф - Матерлинктің «Ара жасаған қоғамдық өмірдің деңгейіне жету үшін, адам баласының алдында екі талай ұзақ жол жатыр» және «Көптен безген көмусіз қалар» деген халық нақылы шығарма композициясында концептуалдық қызмет атқарған.
Эпиграф нақты мәтіндік және мәдени парадигмадан (үлгіден) дайын күйінде алынып, мақал-мәтел, белгілі шығармалардан, өлеңдерден үзінді, өнегелі және қанатты сөздер т.б. үлгісінде беріледі. Ол шығарманың көркемдік әлемінде түрлі қызмет атқарады: жазушының шығармашылық нысанынан хабар береді, шығарманың сюжеттік, концептуалдық және стилистикалық бояуын айқындайды, автордың позициясын танытады, оқырманды эпиграф болған мәтінге бағыттап, ассоциация қалыптастырады.
Арнау автордың шығарманы кімге және не себепті арнап отырғанын көрсетеді. Оның да кейбір жағдайда туынды композициясын түсінуге септігін тигізетін жағдайлары бар. Мысалы, М.Мағауиннің «Көкбалақ» романын Сүгірбай күйшінің, Жүнісбай домбырашының ізгі рухына, халқымыздың музыкалық мұрасын қастерлеп, сақтаған қария атаулыға бағыштауы, А.Алтайдың «Прописка» әңгімесін Желтоқсанда із-түзсіз кеткендердің рухына бағыштауы туралы арнаудың туынды идеясына тікелей қатысы бар.
Композицияның сюжеттен тыс бөлігі: пролог (грекше prologos – кіріспе сөз) – әдеби туындының алғы сөзі. Мұнда негізгі сюжетке дейінгі бірнеше оқиға баяндалуы мүмкін. Ол оқырманды енді болатын оқиғаға дайындап, назарын аударып, сюжеттің кіріспесі қызметін атқарады. Ежелгі Грекияда пролог көрермен көңілін сахнаға аудару, арнау, жарлау мағынасында да қолданылған. Қазақ әдебиетінде С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романының алғашқы тарауларын пролог деп бастаған.
«Менің құрдастарым» романы - жазушының тұңғыш әрі соңғы романы. Автордың роман жанрындағы өзіндік ізденістерін көреміз. Роман композициясы қызғылықты. Ол прологтан, кірме әңгімелерден, шегіністерден, тараулардан тұрады. Оқиға басталмас бұрын автор прологта оқырмандарымен сырласып, романның жазылу тарихы туралы, шығармаға қалай кіріскені, оның жанына, сезіміне не әсер еткені туралы әңгімелейді. Тұтастай социалистік реализм үлгісінде жазылған романның әсерлі тұсы да – пролог. Ол романтикалық пафосымен, өмірге құштарлығымен, эмоциялық қуатымен ерекшеленеді. Мұнда жазушының балалық шағы жайында естеліктері де бар. Автор оны «Роман туралы әңгіме» немесе романның увертюрасы деп атаған. Бірінші жақтан «Мен» деп баяндалатын алғы сөзде С.Ерубаевтың жасқа тән жалынды сезімі, рухани максимализмі, қиялшылдығы, кеңес заманына қалтқысыз сенімі бейнеленген. Бұл бөлім романның барлық тарауларына ортақ өзекті ойды романтикалық арнада баяндап, лейтмотив қызметін атқарады: «Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі – менмін... Міне, бұл әңгіме сезімнен басталып менің бастан кешірген аса тәтті минуттеріме, өмірімнің беталған бағытына арналмақшы» - деп ойын сабақтаған автор өміріне, бала қиялына әсер еткен кітаптарды сөз етеді.
М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романының кіріспесі, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінің басы, С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы автордың таптық идеяны уағыздаған алғы сөзі, Ә.Таразидің «Жаза» романындағы қолжазбаның қолына қалай түскендігі туралы автордың түсініктемесі, Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесіндегі күнделікпен таныстыратын алғы сөзі т.б. прологтардың аталған шығармалардың жанрлық сипаттарына орай қазақ әдебиетіндегі үлгілері де әр түрлі. Ж.Әбдірашевтың «Арманым – алыс күндерім» лирикалық шегінісінде прологпен қатар эпилог та бар. Прологқа автордың ақындық өнердің азабы мен өлең дерті туралы алғы сөзі енсе, эпилог ақынның елегізген көңілі жайындағы сырдан тұрады. Р.Тоқтаровтың романдарында да («Абайдың жұмбағы», «Тұлпардың сыны») пролог пен эпилог шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымында аса ұтымды қызмет атқарып тұрады.
Сюжет шешімінен кейін кейіпкерлердің іс-әрекеті, өзара тартысы аяқталған соң, олардың одан арғы хал-жағдайына қысқаша мәлімет беру эпилог деп аталады. Эпилог (грекше epilogos – соңғы, кейінгі сөз) – шығарма шешімінен кейінгі қорытынды бөлім. Мысалы: М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының эпилогында бала мен аққудың өлімінен кейінгі көлдің қазіргі жетімсіреген жағдайы, аққулардың бұл араға мүлде оралмай кетуі суреттеледі.
Композиция – көркем шығармадағы элементтердің, құрамдас бөліктердің, образдардың белгілі бір тәртіппен, рет-ретімен, жүйелі орналасуы. Ол шығарма мазмұнымен тікелей байланысты. Кемел композициясыз жақсы шығарма тууы мүмкін емес. Композиция – көркем шығарманың формалық құрылымын ғана реттеп қоймай, ішкі әлемін де үйлесімге келтіреді. «Нағыз кемел туындыда, - дейді Л.Н.Толстой, - бір өлеңді, бір көріністі, бір айшықты сөз тіркесін, бір бөлшекті шығарманың тұтастығына, бүтін бітіміне нұқсан келтірмей, өз орнынан басқа жерге ауыстыра алмайсыз» [1, 131]. Ойшылдың бұл пікірі, ең алдымен, шығарма композициясына, оның тұтастық сипатына қатысты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?