Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 12 сабақ.


1 оқушы

«Атау-кере» повесі бүкіл адамзаттық мәселелерді қозғайды. Повесть оқиғасының басында Еріктің реалистік сипаты басым болса, шешімінде мифтік сипаты байқалады. Қаламгер адамдар өмірін аралар дүниесіне ұқсатады. Еріктің көк басты сонаға айналып кетуі және Қатын суының арғы бетіндегі жұмбақ қыз – символ. Ерікті мифтік бейне ретінде қараудың өзі оның құбылуына байланысты. Бір түрден екінші түрге ауыса алатын – тек миф кейіпкерлері. Повесть соңында Еріктің құбылуына мән бере отырып, бұл повесті «Повесть-миф» деп атауға болады. Повестегі Шал образында романтизм сарыны байқалады. Шығармадағы Шал да, Таған да қоғамда бет алған адамның рухани әлсіреуінен шығудың шығар жолын, амалын табуға тырысады.

Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады. Романды уақыт тұрғысынан бағамдасақ мұнда жазушы XX ғасыр дертін, кеңестік жүйедегі саналы адамдарды сан мәрте сансыратқан қасаңдықтар тұсын көрсетеді. Жазушы кейіпкер баяндауы арқылы 1930 жылдардағы ашаршылық тұсындағы қым-қуат тірлікке уақыт тұрғысынан тоқталады. Сондай-ақ жазушы шығармасында діни уақыт атаулары да жиі қолданылады. Романда іс-әрекеттің жүзеге асуын кеңістіктегі уақытпен тікелей байланысады. Мұны жазушы былай береді: "Тоғай арасындағы суыртпақ жол ауылдың шетіне алып шықты. Бұл кезде күн екіндіге таяп, бағанағы ыстықтың беті қайта бастаған. Еріктің былтырдан бері ауылға келгені осы. Өзгермеген". "Күн сәске болғанда, ақ тер, қара тер болып, быршып терлеп, бет ауызын жыламышы су басқан Таған балтаны лақтырып жіберді де: "шөлдедім"-деп, аю талағандай қорқынышты үнмен айғайды салды дерсің". Жазушы шығармада адамның іс-әрекетінің жүзеге асуы барысы мен оған себеп етуші кеңістікті уақытпен байланыстырып, тәуелді етеді.

2-оқушы

Романның басты үш кейіпкері Таған, Ерік, Айна – замандастар. Ерік пен Айна ерлі-зайыпты. Алайда олардың үшеуі – шығармадағы үш негізгі арнаны құрайды, үшеуі – үш әлем, үш категория. Осы үш категорияның философиялық көзқарасына қосалқы әсер ететін төртінші кейіпкердің де өзіндік пәлсапасы бар. Ол шығармада – Нюра Фадеевна. Автордың өзіндік толғаныстары шығармада жиі ұшырасады. Шығармадағы кейіпкер пайымдаулары арқылы автор шығармада өзіндік субъективті ойын көрсетеді және ойын сюжет желісімен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар автордың моральдық өресі кейіпкерлер писихологиясы арқылы астастырылып беріледі. Жазушы өз көзқарасын кейіпкер философиясы мен психологиясы арқылы байланыстырып көбіне монолог арқылы көрсетеді. Романда жазушы Тағанның "НЕГЕ БІЗ ОСЫ..." деген лекциясы арқылы өз ойын толық жеткізеді. Шығарма кейікерлерінің портреті бір-бірімен мейлінше байланыспайды. Шығармада сюжет әрине бар. Бірақ автор шығарманы оқиға желісіне орайлатып емес, адамзатқа тән рухани аштық пен жалғыздыққа бағыттаған.

3-оқушы

Таған кешегі от ауызды, орақ тілді, жалындап тұрған жас аспирант. Үлкен білімнің жолына түсіп, әлі көп ешкім бара қоймаған тың, батыл тақырыптарда ғылыми еңбек жазып жүрген жас ғалым. Алайда кеңестік жүйедегі барша саналы жандарды сан мәрте сансыратқан қасаңдықтар алдынан шығып, тауы шағылады. Жұмысынан, дос-жараннан, жары мен баласынан айырылады, одан кейін мүлде құрдымға құлаған. Жас ғалым келе жатқан жаңа заманның елесін, жылымық лебін сезініп, өзін еліне, қоғамға қажетті адам санап, ғылым жолындағы ізденіс-жаңалықтары арқылы мысқалдай болса да пайдасын тигізуді парыз санайды. Таған – қандай қоғамның болмасын ажырамас бөлшегін құрайтын зиялы қауым өкілі, соның ішінде жеке бастық пасық мүддеден мүлде биік тұрған, елін, ұлтын алға бастырсам дейтін адал, таза, озық ойдың адамы, біз айтып отырған романдағы үш арнаның прогрестік, дамушылық, қазіргі тілмен айтқанда демократиялық мазмұнын білдіреді. Бірақ «әркімге еңбегіне қарай, әркімге қабілетіне қарай» дейтін әдемі ұранды жариялағанымен, ең алдымен саналы, қабілетті деген мүшелерінің көзін құртуға тырысқан тоталитарлық жүйеде Тағандар азшылық, Тағандар әлсіз, ең бастысы қауіпті санатқа жатады. Оларды құртудың, қудалаудың сан-түрлі амал-тәсілі ойлап табылғаны мәлім, соның бірі «атау кере» аталып, талай жақсы мен жайсаңның түбіне жеткен арақ болатын. Әйтпесе, бір партияның диктатындағы барған сайын құлдырап бара жатқан тоталитарлық қоғамда ең алдымен ұлттық қасиеттердің, адамгершілік болмыстың жоғалып бара жатқанына қарсы дауыс көтерген Тағандардың: «біздер тарих-ананы қатты ренжіттік, өз ұлтымыздың тарихын кісенде ұстадық, киесі ұрады деп білмедік. Шала-жансар оқулыққа сендік, шала сауаттыларға сендік, шабына от түссе де айтайық: өкімет басында отырғандардың бар-барлығына сендік, олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды. Міне сондықтан да халық адасты... адам жадынан, есіне айрылды», – деп келетін батыл лекциялары тыңдаушыларға мемлекеттік жүйенің тоқырағандығын, басқару тетіктерінің тозғандығын айқара ақтарып беретіні белгілі. Жалпы, кеңестік жүйенің «химиялық қаруына» айналған алькаголді ішімдік жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас бір ұлттардың азып-тозуына дейін жеткізгені сібір халықтарының тағдырынан әбден мәлім жайт. Мұндай қыл көпірден қазақтардың аман өтуі дәстүрлі тағамының құрамында ежелден айран, боза, қымыз сынды ашыған сусындардың болуы, яғни ағзаның дайындығынан ғана құдай сақтаса керек.

4-оқушы

Ерік өзінен озғандарды, суырылып алған шыққан шешенсігендерді өлердей жек көреді, ол студент кезінен бері «мейманасы тасығандардың мысын басу, басына бақ қонғандарды басындырмау үшін жаралғандай» бойын соқыр қызғаныш билеген қараниет, пасық жан. Ғылым-білім, мәдениет-өнер жолындағылардың бәрін еңбексіз күн көретін арамтамақ санап, зиялы атаулыны ата-жауындай көреді. Бір кезде өзінен тым биікте тұрған, ғылым мен білімде қатарластарына дес бермеген аспирант кластасы Тағанның араққа ғана жеңіліп, алқаш атанып, ендігі бір жұтым сыра үшін мұның құлы болуға дайын екендігін көргенде төбесі көкке жеткендей қуануы да сондықтан. Аярлығының шексіздігі сонша - бір ауылда бірге өскен досының бейшаралық кейіпке түсіп, қамқорлыққа мұқтаж күйін көре тұра, атының артына мінгізбестен ауылдан қиян тауға қарай жаяу салпақтатады, ол аздай енді оны өмір бойы құлдықта ұстауды ойлайды. Өзіне қажеттінің барлығын ақшаға сатып алуға болады деген дүлей сенімге келіп, біржола байлықтың түбіне түскен. Бұл мақсатына жету үшін Ерік Алтайдың жомарт табиғаты аямай бертін бар байлықты: жан-жануарын, аң-құсын, қарағай, балын, егер мүмкін болса тауын тас-топырағымен, орман-тоғайын тамыр-жапырағымен қаладан вертолетпен келетін тамыры Прохор деген дәл өзіндей сұмдарға сатып жіберуге дайын. Мұның бойында туған жердің табиғатына жан ашу, елдің қажетін ойлау, жұрттың алға басуына немесе мемлекеттің мүддесіне қызмет ету дейтін сезім-түйсіктің нышаны да жоқ. Тіпті туған анасы мен жарына да жаны ашымайтын, түпкі мағынасын өзі де түсіне бермейтін беймәлім мақсатына ерекше тоңмойын, тасырлықпен ұмтылады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу