Жарасқан Әбдірашев «Дала, сенің ұлыңмын!» поэмасы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал.
1-таратпа
Әдеби сын деген не?
Әдеби сын көркем шығармаға эстетикалық баға беріп, бейнеленген өмір шындығының көркемдік шындыққа қалайша айналғандығын саралайды, оның мән-маңызын түсіндіреді, әдеби өмірдің бүгінгі ерекшелігін айқындап, бағыт сілтейді. Әдеби сынының әдебиет тарихынан бір айырмашылығы ол – бүгінгі шығармаларды талдап, оларға қазіргі кезең талаптары тұрғысынан баға береді. Әдеби шығарманы оқыған адам ол жөнінде өз пікірін, көзқарасын білдіреді. Әдеби сын – оқушыға тура жол көрсететін ақылшы. Сын көне заманда туғанымен, ол көп уақыт авторлардың көркем шығарманы ұнатуы немесе ұнатпауы дәрежесінен аса алмаған. Әдебиеттің жанрлары жіктеліп, өркен жая бастаған сайын Әдеби сынының мақсаты мен міндеті де күшейе түскен. Сыншылдық ой-пікірдің туу, өркендеу тарихы әр кезеңде, әр әдебиетте әр қилы болды. Пушкинге дейінгі орыс Әдеби сыны шығарманың ұнаған, ұнамағын айтудан ара-тұра әсемдік сипатын немесе кемшілік кінәратын көрсетуден әріге бармады. Құлы сыншы Белинский тұсында көркем шығарманың тұтас бітім-болмысына, ой мен образдың бірлігіне, жазушыдың өмір шындығына, заманға көзқарасына назар аударылды. Добролюбов «шыншыл сынды» уағыздағанда, сынның принциптік сиапты айқындала түсті.
2-таратпа
Бақытжан Майтанов «Ақын кетіп барады...»
(қысқартылып алынған)
...Туған жер, халқы мен ана тіліне деген шынайы, мөлдір көңілді ақын «Дала сенің ұлыңмын» (1975) атты арнайы кітабында ойы, сыры өзектес жырлар арқылы сарқылмай өрнектеді. Мұнда сол дәуірдің әсері де жоқ емес. Бірақ Ж.Әбдірашев уақыттың жұқалтаң талабын күмәнсіз талант жүрек алауымен жеке өміріндегі мағыналы күйге бұра біледі.
Туған дала,
Менсіз талай қамалдар
алыныпты!..
Сенің арың –
Маған да ар.
Кешір мені,
кеш келіппін өмірге!
Кеш туыппын!
кеш қалыппын!
Не амал бар?
Саған уақыт сәл қиындық жолдаса –
қағаберіс қалмаспын мен,
енді аса!..
Бірақ мені кешірме сен,
өмірде
өлең қылар өз ерлігім болмаса!..
Ақын Отан – ордасының шежіресін өз көңілінің айға ұмтылған алыс армандарымен сабақтас түсінеді. Ақылдың тұяғы таймаса, дәлелде шек жоқ. Лирикалық қаһарман қолына найза ұстап жауға шаппай-ақ, тау-тасты кезіп, кен қопармай-ақ, Фараби тәрізді ғылым, білім үшін ата-мекенін тастап кетпей-ақ қазақ қамын мұң еткен еңселі тұлғаға айналады. Өкініші – ақталуы, уәдесі – кепілдеме. Өлең өрнегі мен ой тапқырлығы, шартты түрдегі әңгіменің қызу динамикасы – шығармадағы эстетикалық көрсеткіш.
Туған дала,
Тұрдым-ау бүгін де атып!..
Кешір!
Түсін!
Кінә жоқ ұлыңда түк!..
Қалай ғана шыдаймын –
көз алдымда жатса біреу
Шындықты шырылдатып?! –
дегенде ақынға түсер тарихи-қоғамдық салмақ-сыбаға айқындала береді. Жарасқанның ерлігі – өлең, парасат пен сезім жауапкершілігін қатар ұстаған, сан алуан жан аярлық түрлеріне атой салып, қылышын қынаптан суыратын өршіл де арлы, төрт аяғын тең басқан ереуіл өлең. Атақ, мансап торына шырмалғанын естілік санайтын, жалғанды жалпағынан басуды бетке шіркеу көрмейтін тоғышар психологияның шылауына айналған рухани мүгедектік суреткер намысын қамшылаған:
Және бір сыр:
Жүргенде жоталанып,
аярлықпен айқасқа жеке барып, –
безінді ме Шындыққа болысудан –
Өзіңді де құлдыққа сатары анық!..
Ақынның туған дала тынысымен қатар тербелетін өрелі толғамдары ұлттық сана ұлағатын шешендік үрдіспен ширата бейнелейді:
Шығармайын дыбысыңды,
дымыңды, –
десе де кім,
өшіре алмайды үніңді.
Сені мылқау ету үшін,
әуелі
кесу керек мына менің тілімді!
Өжет қазақ, өр қазақ өз тілінде сөйлесін!.. – деп шамырқанатын қаламгер мына тұста халықтық дәстүр, салттың өріс алуына шідер салған заман қыспағына назаланып сөйлеген. Тұтас ұлт-қауымның атынан, азаматтық сенім биігінен үн қату – поэтикалық дайындықтың молдығы ғана емес, ішкі жан қуаты мен дүниетаным тереңдігіне айғақ құбылыс. Қара күштің дүлейлігін кім білсін, нәзік өнер, адал жүрек әлемді апаттан құтқара алады. Поэзияда айтылмаған ой, шырқалмаған сезім аз шығар. Мәселе шахмат тақтасындағыдай ойын өрнегінің өзгеріп отыруында. Әр ақын ортақ үлгіден өзгеше шешім қабылдамақ. Әр ақын өзінше жаңалық ашпақ. Алайда, оның бәрі көкейге қона бермес еді. Ой мен көңілдің де тереңі мен таязы, шынайы һәм жасандысы бар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?