Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 3 сабақ.


 Топтастыру

 

 «Логикалық мағына моделі» сызбасы

 

 

 1-топ

 Ерік ауылдағы барлық шаруаларын тындырып, керек-жарағын түгендеп болған соң, түнде тоғай арасына арқандап қойған көкбестіні жетектеп өз үйіне келді. Қараса, қақпасы ашық қалған екен. Қайран қала атын жетектеген күйі аулаға кірді. Көкбесті құлағын тіге қорс ете түсті. Тура есік алдында бүк түсіп ұйықтап жатқан алба-жұлба адамды енді ғана байқаған Ерік те сескене тұрып қалды. Көкбестіні байырқалата арқасынан қағып діңгекке байлады да, жетім балаша қол-аяғын бауырына ала бүрісіп жатқан маскүнемнің жанына жақындады. Үсті-басы адам көргісіз кір-қожалақ, ұзын болып өсіп кеткен шашы құйын ұрғандай дудырап білтеленген, кір басқан аяғына әбден тозығы жеткен бәтеңкені шұлықсыз суға салған және өмір-бақи шешпейтін болуы керек, бауы шиеленген, ауының, өңірінің бірде-бір түймесі салынбаған. Ең сұмдығы сол — жатқан жері, жамбасы су, астына жіберіп қойғанын сезбеген-ау, жазған. Көгеріп, көзінің асты көлкілдеп кеткен беті кісі танығысыз. Ерік тосырқап, әрі жиіркене қарап біраз тұрды да, аяғымен түрткілеп: «Ей, тұр, давай, әкеңнің төрінде жатқан жоқсың» деді. Маскүнем оянған жоқ. Еңкейіп барып алқам-салқам жағасынан жұлқылады — былқ етер емес. «Мына нәлеттің түрі таныс» деп ойлады. Әсіресе құс қанатындай иіле біткен қап-қара қасын көрген секілді. Үңіле жақындап еді, тұла бойынан мүңкіген жағымсыз иістен тыжырына шегініп кетті. «Қайдан көрдім?» Маскүнемнің оянар түрі жоқ. Үстіне cap еткізіп құя салатын маңайда су жоқ, амалсыз тағы да тепкілеп еді, болар-болмас ыңырсыды. «Е, әйтеуір, бойыңда жаның бар екен, әйтпесе мен өлтірді деп, пәле жабар еді».

 Әрең дегенде басын қалқайтып отырғызды. Белгісіз адам әуелі «қайда жатырмын» дегендей жан-жағына кіржие қарады, содан соң ғана желкесін есіней қасып, жанарын Ерікке қадады.

 - Құдай берді!—деп, орнынан қуана тұрды.— Іздегенім сен едің! «Өлмегенге өлі балық» деген осы, Ерік. Аманбысың, кластасым!

 Өзін құшақтағалы ұмтылған маскүнемнің кеудесінен жақтырмай итеріп қалғанда, ол тәлтіректеп барып тыраң ете түсті. Көтерем сиырдай орнынан әрең көтерілген. Көтерілген соң буынын мықтап тұрып бекітіп алды да: — Танымай тұрмысың, Қарабауыр. Баяғы кезім болса, аяғыңды аспаннан келтірер едім,— деді. Оның әбден арақ өтіп 

 

 лайланған көзі кең ашылып, қанталанып кеткен қарашығынан болар-болмас от — әлі де мүлдем сөне қоймаған ашу ұшқыны, бәлкім, намыс шоғы жылтырады. Қара нардай қайқайып тұрған омарташының жұлындары дір етіп, бір түрлі сескеніп қалды. Осы сескеніс он шақты жылды араға салып барып, іздеп тауып алғанына қайран қалудан туған-ды. Қайран қалмасқа амалы жоқ еді, өйткені ол «қарабауыр» деген намысын шабақтар сөзді жалғыз-ақ адамнан еститін және кек қайтаруға шамасы жетпей, бей амал күй кешіп іштей кектенетін және де анау иілген құс қанат қастың астындағы аялы қара көзде әмбе жылт еткен ұшқынды да бір-ақ жігіттен көрген, көрген сәтте ғана асау бермес асау мінезі пәс тартып, мысы басылатын. «Сол,— деп дауыстап жіберді.— Соның өзі. Таған ғой мынау!» Иә, оның алдында адамдық сиықтан айрылып, ербиіп тұрған маскүнем мектепте он жыл бойы бір партада отырған, Алматыда бес жыл қатар оқыған, аспирантураны тауысқан, ешкім жауырынын жерге тигізіп көрмеген жігіттің сұлтаны, қыз-келіншектің сырттаны Таған еді! «Құдай-ау, бұл қайдан жүр? Өлмеп пе еді?».

 - Иә, мен әлі тірімін, Қарабауыр!— деген сөзден селк етіп, сасқалақтап ойын жинап алды.

 - Мықты екенсің онда.— Басқа еш нәрсе аузына түсе қойған жоқ.

 - Менің мықты екенімді білмеуші ме едің. Өлмегеніме қуансаң, басымды жаз,— деді ыржалақтап. Еріктің ес-ақылын жинаған осы сөз болды.

 «Е, бәсе, неғып күшейіп кетті десем».

 - Басыңды жазбақ түгіл, астауға құйып шомылдырайын. Тек айтқанымды істейсің, айдағаныма жүресің, айтақтағаныма үресің.

 - Көк есегің болайын, көкетай.— Шөге түсіп аяғынан құшақтады.— Зекетіңмін. Құлыңмын.

 «Әбден біткен екенсің, Қарабура» (Бұл Тағанның бір кездегі лақап аты еді. Бүгінде оны ешкім де бұлай атап, әспенсітпейді). Адамдықтан кері азып, маймылға айналып-ақ кеткен екенсің».

 Қолы-басы дірілдеп, аш аруақ секілді еңбектеп жүрген мүскін, расында да, орангутанға өте-мөте ұқсап кеткен.

 - Жә, түр енді.— Тері қоржынды ақтарыл, вертолетпен оқта-текте ұшып келіп тұрар бастықтарға арнап ала салған көк мойын шөлмектің бірін күнге шағылыстыра суырып алғанда, мойын тамыры білеудей маскүнем тобықтай жұтқыншағы бүлкілдеп, көзі бағжаң ете қалды. Кеберсіген быт-шыт ернін жалап, жараның орнындай үңірейген ұясына кіріп кеткен көзі жыпылық қаға еңіреп жіберген.

 - Құлың болайын, Ерікжан.

 Сұқ саусағымен бір нұқып қаңылтыр тығынды ішіне кіргізе ашып лақтырып жіберіп Тағанға:— Аш аузыңды,— деді. Анау бөбежігі көрінгенше аңырайта аузын ашты. Жуылмай, аттың тісінше түбі қарайып кеткен тісін ақсита, қып-қызыл болып үңірейте ырситқан өңешіне бүлк-бүлк құйып еді, ашырқанған да, шашалған да жоқ. Ерік таң қалды.

 - Тағы да,— деді Таған тамсана ұмтылып.— Тағы да бірер тамыз. Ағынан гөрі қызылы тәуір еді.

 «Иттің ішіне сары май жақпайды» деген-ау. Дегенмен, осы Қарабураны өзі айтқандай көк есек ретінде пайдалансам қайтер еді». Омарташы өз ойына өзі қуанды. «Бич! Иә, иә, кез келген бичті жұмысқа бишіксіз-ақ салар күш — арақ-шарап. Анамның ағаш күбісіне бал сыра ашытып, күніне бір литр жұтқызып қойса, бар жұмысты осы атқармай ма? Табылған ақыл».

 - Ей, Қарабура, сен маған еріп жүр. Аузыңнан арақ, алдыңнан тамақ кетпейді.

 - Рас айтасың ба, алдамайсың ба?— деді екі көзімен

 Еріктің қолындағы шөлмекті ішіп-жей.— Иен таудың басында арақ заводың бар ма?

 - Арақ заводы жоқ болса да, сыра заводы бар. Шырмауық салып қайнатқан Алтайдың бал сырасы грузиндердің виносынан кем деп кім айтты.

 - Да, да,— деп тамсанды.— Медеуха... ішкенмін... Айда, ердім соңыңнан, милициясы, дружиннигі, он бес тәулігі жоқ бостандыққа аттанайық. Тек анауыңнан тағы бір жұтқыз.

 - Жұтасың, осының бәрі сенікі, мен ішіп жатқам жоқ. Ол аз десең, мына сумканың іші толған сенің горючиің...

 - Құлдығың болайын, Ерікжан. Білемін, сен бала кезіңнен ішпейтінсің. Мен дайынмын, бірақ... Көрші ауылдан мініп кеткен атты иесіне қайтару керек еді...

 «Құлым болатының рас,— деп ойлады көкбестіні шығарып, қақпаны мықтап жауып тұрған Ерік.— Сасық сары сырамен суара берсем, Қатын суына көпір салып берерсің».

 - Ауыл арасы жақын, атты өздері-ақ іздеп тауып алады, сайтан алады дейсің бе, сойып жейтін сорпалығы да жоқ. Кеттік,— деді. Шөлмектегі аштыдан тағы бір ұртатты да, аузын тығындап, қоржынына салды. Атқа қонды. «Шашты» деп аталатын асуға қарай желе-жорта жөнелгенде, маскүнем жігіт аңшының соңынан ерген тазы иттей жаяу сүмеңдеп еді. Ол қалжырап қалыңқырап қойғанда, басын шұлғи аяңдаған көкбестінің тізгінін тартып аялдатады да, енді-енді құйрық тістесті-ау деген кезде, тақымын қыса сау желе жөнеледі. Асудың дәл алқымына тақалғанда, аттан түсіп, жан тері шыға ентіккен бала кезгі досына, қазіргі «құлына» арақтан молырақ ішкізді.

 - Сені аттың артына мінгестіре алмаймын. Жол ұзақ, тау биік, жас мал еңгезердей екі жігітті көтере алмай қызыл май болып, өкпесі күйіп кетеді. Біздер қайбір қаңбақтай жеңіл едік. Екеуіміз де бұрынғы палуанбыз. Қазақша күрестен...— деп мысқылдады. Оның жатып атар әжуасын ұғар шама Тағанда жоқ еді. Көз алдында көлбеңдеген арақ-сайқал ғана ежелден қалмай келе жатқан көңілдесіндей қылмыңдап, көзін қысып жымыңдап жетелейді-ай, дедектетті-ай. Әлсін-әлі өз-өзінен шөлдеп құрғап, өз-өзінен жыбырлап жоқтан өзгені дәметіп тұрар өңеш, құлағына «іш-іш» деп сыбырлап тұрар азғырынды «ақ сайтан», тамырынан қан емес, әбден ішімдікке айналып кеткен ап-ащы бір нәрсе 

2-топ

 Жылқылы ауылдан таудан құлдилаған қос жолаушыға қарай үш бірдей ит оқтай зулаған. Саңқылдай үріп жандарына келді, бірі ат үстіндегі Ерікті аударып тастардай қатты өршеленді, ал қалған екеуі Тағанды иіскелей еріп келеді. «Ит қаппайтын кісі болады деген, тегі, рас екен» деп ойлаған Ерік құлақ етін жеп, алды-артын ораған аламойнаққа қамшы сілтеп еді, ит одан ары жінікті. Осы кезде жаяу салпақтаған Таған: «Қой енді!»—деп еді, жағы семді. Енді ол үш иттің қоршауында ежелгі таныстарындай тайраңдай басып келе жатты. Үйлерінен өре шығып, осы көріністі бақылап тұрған жұрт қайран қалып еді. Әсіресе, балалар мәз.

 - Тамақ берген шығар,— деді бірі.

 — Кет әрі, біздің ит ешқашан тамаққа алданбайды,— деді екіншісі.

 - Дуалайтыны бар шығар,— деді үшіншісі.

 - Атама да ит үрмейді,— деді төртіншісі.

 - Ондайлар ұры болады,— деді бесіншісі.

 Сонда... атам ұры ма?— деді алтыншысы.

 Атамды білмеймін, ал анау келе жатқан — ұры,— деді жетіншісі. Қалған үш бала әңгімеге араласа қойған жоқ, ал бесікте жатқан және тәй-тәй басып жүрген сәбилерді қоспағандағы он екі бала да Жалпақсазда отырған жылқышының кіндігінен еді. Байлық басы бала дейтініміз — осы шығар-ау...

 «НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..»

 Таудан төмен қарай домалаңдап келе жатқан адамның ұры да, қары да емес, әншейін диуанаға айналып кеткен маскүнем Таған екенін жас балаларды қойып жылқышылардың өздері қайдан білсін. Үш итті бірдей еркелете соңынан ертіп киіз үйдің іргесіне тақалғанда, көп баланың бірі: «Ой, мынау қайыршы ғой!»—деп дауыстап жіберген. Бұл сөз әбден шаршаған Тағанның болар-болмас қана істеп тұрған миына шаншудай қадалды, қапелімде селк ете түскені соншалық — бір орнында қатты да қалды. Жо-жоқ, алаңғасар баланың аузынан асығыс шыққан сөзді намыс көргенінен емес, қаншалықты қажып, тілім-тілімі шығып тентіреп жүргенде де, ешқашан, ешкімнен естімеген соң тосылғаны, я жасығанынан да емес шығар; бұл сөзді сонау бір «гүлдену шағым» деп есептейтін үйлі-баранды мәре-сәре кезеңінде, әйелі ғайбаттаған сәтте, шапалақпен тартып жіберіп, «ой, қайыршының» қарымтасын қайтарғаны есіне түскеннен-ау. Тентек ұлды әкесі үйге қуып тықты да, баласы үшін кешірім өтінгендей, қос қолын ұсынып қауқалақтай амандасты. Жылқышының жылы-жылы сөзі, ықыласқа толы дидарласуы Тағанға әсер етпеді білем, өз қолын суықтау ұсынды да, әлгіндегі бір он жылдан соң кең жайлаудың төсінде алдынан шыққан сөзді ұмыта алмай, дел-сал күй кешкен. Ол ұзақ ұйықтап қалып, қатты айқайдан шошып оянғандай әсерде еді, баяғыда оқыстан орнынан қозғалып кетіп, енді орнына қайта түскен санасы, мұның алдына өмір сүрудің көп сұрақтарын көлденең тартқандай, шақшадай басы шарадай бола бастағаны рас еді. Үйге кіріп, сол жақ босаға жақтағы ердің үстіне отыра кеткенде де, үй иесі алдына қымыз ұсынып бәйек болғанда да, «қайыршыдан» қашып құтыла алмады. Бұл адамдық ар-ұяттың оянғаны болса — ақсарбас, ал ескі жараның орны сыздап қана басылса... онда ақылынан азған жігітпен мүрдем қоштасқанымыз. Оны өмір көрсетер, әзірше қымыз іше тұралық. Ақ баласын көрсе жүрегі айнып тұрар Таған пісуі жеткен салқын қымыздың бір тостағанын жұтып жіберіп, жеңін иіскеді. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген, отырғандар, әсіресе, Ерік басын шайқап мырс-мырс күлді, тек жылқышы ғана көзінің қиығымен қарап сыр берген жоқ.

 - Бұл жігітті танымадық қой,— деді тостағанға қымыз толтырып.

 - Жолдасым,— деді Ерік арқасын керегеге тірей шіреніп. — Ауылдың ыстығында қаңсып жүргенше, жайлауға шығып, аунап-қунап дем алып қайт деп, ертіп келемін.

 - Ертіп жүргенше, мінгесіп жүргендерің жолдастыққа жараспаушы ма еді?..

 — Өзі ғой, аяғым ұйыды, қанын тарқатам деп жаяу жүрген. Бұлар үшін тауға шығу — культпоход, тасқа өрмелеймін деп арқан сұрауы да мүмкін.

 Таған үнсіз. Өз қолына таянып бір шынтақтай жатқан күйі көзін жұмды. Үй иесі «жолдастардың» арасындағы жігі ашылып кеткен бір жайсыздықты іші сезді ме, әңгімені әрі қарай қаузамады. Сәл тыныштық орнады. Даладан балалардың асыр салып ойнағаны естіледі. Киіз үйдің есігі айқара ашық еді, сол айқара ашық есіктен Жалпақсазда шұрқыраған үйір-үйір жылқылар шыбынсыз жайлаудың жұмағында жүзгендей бейбіт жайылады; саздаудың арғы жағалауында сарала қаз көлбеңдейді. Осынау апшысы қуырылған монданақтай жер шарының әлі де болса кеуде кере кең тыныстар, алаңсыз аяқ көсілер көрікті бір пұшпағы аман сақталғанына тәубе айтар едің. Бірақ көзіңді қытықтар мұндай мақпал көрініс барған сайын базары тарқап, келмеске кетіп бара жатқанын осы отырғандар ойлаған емес. Лапылдап жанған өрт өз ауылының, өз ошағының шетіне келіп етегі жанғанша кәперсіз, айрандай аптап, күбідей пісіп отыра берер қазақы мінезден қашан құтыла алар; жүздеген жылдар қанына тарап, сүйегіне сіңіп кеткен бейғамдық, даласындай кеңдік кесірін де аз тигізген жоқ; неге екені белгісіз, өздері сыйыспай жүрсе де өзгелерге сый көрсетуге, жер бөліп, жеңін кесіп беруге келгенде алдына жан салмайтын елдің көп еншісі жат жұрттық болып кеткен. Қалғанының қайырымын, береке-бірлігін тілеген ағайынның алдында төрт түлік малы маңғыстап жатса, одан артық бақыт сұрамаушы еді. Кейінгі жылдары одан да айрылып, бірыңғай тірлікке — тусыған жерді туырлықтай тілуге көшкен. Ойдағы ұлтарақтай құйқалы жердің жон арқасын жыртып тастап, егін салмақ болып еді, әпербақан «тыңгерлердің» бұл әрекетінен түк шықпады. Арқаның апай төс даласы болса бірсәрі, қысы мен жазын айырып болмас Алтайдың алақандай алаңқайы игеруге көнбей шамданып қалды ма, әлгі жыртылған жердің бәріне алабота мен кендір өсіп, күзде қурайға айналып, үп етіп жел соқса болды, сай-сүйегіңді сырқыратар азалы үн шығарар еді; жарықтық өр Алтайдың арқасы мыңғырған малдың тұяғын сағынып, қышуын басар дүбірді аңсап іштен тынар еді, ішін тартып өксір еді.

 Жолаушылардың екеуі де қалғып кеткен секілді. Жылқышы орнынан тұрып, бие сауысуға шықты. Ересек ұлы саздағы жылқыларды қиқулай қайырып жүр. Енесіне қосақталған құлындар айдағанға көнгісі келмегендей тартыншақ тартады. Қолын артына ұстап желі басында тұрған жылқышы ұлына:

 - Қатты айдама, биелерді исіндіресің,— деп айғай салды. Осы айғайдан атып тұрған Таған ербиіп есік алдына шықты. Аспан ойылып жерге түсіп кетпегеніне көзі жеткендей «уһ» деп, өз-өзінен ауыр дем алып ыңыршаққа құйрық тіреп керегеге арқасын сүйей отыра кеткен. Анау танаулары пырылдап, бермен желі басына жосыла жөңкілген жылқыларды алғаш та ақырғы рет көргендей көзін тайдырмай ұзақ қарады. Өзіне беттей қаптап келе жатқан қалың хайуан тапап өтердей... «ШІРКІН-АЙ, АТТАН ҚҰЛАП ӨЛСЕМ НЕ АРМАН» деген ой иектеді; «ШІPKIH-АЙ, АЙҒЫРҒА АЙНАЛЫП КЕТСЕМШІ» деген тағы бір ой жылтылдады! «Енді мен ешқашан да айғыр бола алмаспын, қан сиіп зорыққан атпын мен, иә-иә, арқасынан ер түспейтін, жауыры өмірбақи жазылмайтын жұмыс көлігімін. Өмірде жұмыс көліктері көп-ақ, бірақ солардың ішінде де сорлылары бар». Тамағы кеберсіп, асқазаны ашқылтым бірдеме іздеді. «Жылқышылар сыра ашытпайды, ол —белгілі, ал қымыз, таңдайдағы жабысқақ шөлді баспай тұр. Не істеу керек? Кенезем кеуіп тұрғаны-ай... Шөлім басылмай-ақ өтетін шығармын-ау бұл жалғаннан».

 Киіз үйдің іргесінде иі қанбаған терідей былбырап отырған Таған жылқылы ауылдың жайма-шуақ тірлігіне құр бекер бажырайып қарағаны болмаса, көңілі селт еткен жоқ, дүниенің толайым қызығынан жерігендей жиіркенішпен немкеттілеу ойда еді. Кең әлемнің осыншалық тарылып, жалғыз жұтым шарапқа зар қылып қоюын кешірмейді және өзінің қазіргі халін түсінбейтіндерге аяушылығы да жоқ; бір ұрттам арақ үшін танкіден де тайсалмай барар еді, несі бар, Ұлы Отан соғысында солдаттар да сөйткен... Қызып алып қызылшеке ұрыс ашқаннан артық не бар бұл жалғанда; Сырдың суы сирағынан келер ме еді... Кермеде өз салмағын бір аяғынан ауыстырып, келесі аяғына салып тұрған көкбестіге қарады мөлиіп. Көкбестіге емес-ау, аттың артында бөктерілген тері қоржынға тесілген. Сол қоржынның ішінде, сөз жоқ, арақ бар. Амал не, «қауіпті зона», рұқсатсыз алуға дәрмен жоқ. Еріктен сұрап көрсе қайтер еді... Тағанның жымсыма ойын оқып қойғандай 

 3-топ

 Бар, бар,— деді Нюра,— ақиқатқа жетер адам табылар, үмітімізді үзбейік, Қанеке. Сары уайымға салынбайық.

 - Үміт — ол да бір сағым, немесе көлеңке іспеттес, күн шыққанда ғана пайда болады, ал басыңды қасіреттің бұлты шалса, іздеп таба алмайды екенсің, жоғалады. Неге екенін білмеймін, өзімді емес, көзі енді ғана ашылып, бауырын жаңа ғана көтерген елдің ертеңі алаңдатады. Көзіне қамшы тиген ботадай боздап, тағы да үркіп, үдере көшіп, бөрінің боғы, бөкеннің сирағындай тоза ма деп қорқамын. Заңның бет алысы жаман...

 Осы кезде абақтының есігінде тұрған Шолақ қол Қандауырдың соңғы сөзін құлағы шалып қалып:

 - Сен сәбет заңын ғайбаттама, — деді түсін суытып. — Ол әрқашан да әділ, бәрімізге ортақ.

 - Заңның әділдігіне шәгім жоқ, алтын заңды бұрмалап, бұзатындарға ренішім бар.

 - Кім бұзып отыр?! Сталин жолдас па?! Тіліңді тарта сөйле! Осы күніңе зар боларсың.

 - Осы күніме қызықпай-ақ қойдым. Сендердің бұл бассыздықтарыңды Сталин жолдас білмей отыр ма деп қауіптенемін.

 - Оттапсың! — деді нәшәндік. — Дүние жүзінде Сталин жолдастың білмейтіні жоқ. Ол — көсем! Ал көсемнің көрмейтіні және жоқ. Уақыт бітті, қоштасыңдар.

 Нюра күйеуіне ұмтылып, қапсыра құшақтап айрылмады. Екеуі аймаласып, етектерінен тартқан баланы ұмытқандай болып еді. «Папа, үйге қайтайық», — деп ол шырқырай жылап қоя берді. Баласын жерден тіке көтеріп алып, бетінен сүйген әкесі: «Мамаң екеуің үйге жүре беріңдер, мен артынан барамын», — деді кеудесін керген өксікті әрең басып. Жүйе-жүйесі босап, үні қарлығып шықты. Нюраның да омырауы жасқа боялған. Бұларды Шолақ қол ажыратты. Ана мен баланы күшке сап итеріп, сыртқа алып шықты да, түрменің шоқпардай темір құлыбын кілттеп, жапты. «Папалап» есікті тырмалаған баласын зорға дегенде 

 

 қолтығынан көтеріп, тыраңдатқан қалпында жылап-еңіреп үйіне қайтқан Нюра өз ошағына жеткенше, көз жасын тыя алмады. Бұл шақта таудың ұшар басындағы ұшпа бұлт етекке қарай жөңкіле көшіп, аяқ астынан жел тұрды. Жапырақ жайған ағаш басы арпалыса суылдап, сабалақ жүнді бірлі-екілі ешкі қора-қораның ығына қарай тырағайлап барады. Желіккен желмен бірге жарыса түскен жаңбырдың хабаршы тамшылары жетіп, әлгінде ғана будақтай көтерілген қара жолдың шаңын жерге шегелей бастаған. Қара бурадай құтырына жөңкілген бұлт бір-бірінен жерігендей үрке орналасқан бытыраңқы үйлердің жиналмай қалған кірін желпілдетіп, албастыдай апай-топайын шығарды. Тамшының арты бұжыр-бұжыр бұршаққа айналып, тақтай шатыр, қаңылтыр пештерді таңқылдатып, төбеңді оярдай пәрменмен сабалаған. Барабандап бастаған бұршақ қара қошқыл бұлттың құсығындай, далада жүрген тіршілік иесін бұрыш-бұрышқа, ықтасын-қуысқа қуалап тықты. Жер беті аппақ маржанға бөгіп, Алтайдың алты айрығынан саулап бұлақ ақты. Бұлақтың іші толған — ақ моншақ — әрі суық, әрі сұлу көрініске есік-терезеден сығалай мәз балалардың кейбір шыдамсыздары жалаң аяқ, жалаң бас далаға шапқылап шығып, шекесін ісіріп қайта оралады. Ең ғажабы, дәл осы күні — бір жағы ақ, бір жағы қызыл бұршақ жауды.

 «СОЛ КҮН, СОЛ ЕРЕКШЕ БҰРШАҚ КЕШЕГІДЕЙ ЖАДЫМДА. МЕН БАЙҒҰС ҚАНДАУЫРЫМНАН МӘҢГІЛІККЕ АЙРЫЛДЫМ ДЕП ОЙЛАДЫМ-АУ», — Нүрке кемпір тағы да ауыр күрсінді.

 1937-інің сойқаны мұнымен біткен жоқ. Ел артынан естіді. Қандауырды қосып осы ауылдың бір топ азаматтарын Бұқтырманың үстіндегі ағаш көпірден айдап бара жатқанда, алды-арттарынан қаумалаған айдаушылар тілге келтірмей бытырлатып ата бастайды. Дәл осы сәтте Шолақ қолдың жұмбақты ескертуі қапелімде есіне түскен Қандауыр сасқалақтай шулаған жұртты қақ жарып барып, биіктігі отыз метрден асатын көпірден төмендегі көкпеңбек иірімді суға қарғиды. Бәрібір тұншығып өледіге жорыған мылтықтылар оның соңынан қумайды, тірі қаларын елеп-ескеріп аңдымайды. Бұқтырманың арыстан жалды толқынында тербеліп өскен жігіт жүз қадамдай сүңгіп, басын қылт еткізіп шығарып ауа жұтып алған соң, тағы да су түбіне сүңгіп, ағыстың ырқында ығыса құлдап, алыстап кетеді. Содан, ешкім жоқ, тал-

 терегі қалың өскен жағалаудан бір-ақ шығады. Сол бойында қашып кетпейді, үсті-басын кептіріп алғаннан кейін аудан басында отырған Шолақ қол інкібідінің тура өзіне барады. Ол мұны «нағыз жүрек жұтқан батырдың өзі екенсің» деп, қарқ-қарқ күліп, арқасынан қағады да, қағазын реттеп Өскеменге жөнелтеді.

 «ҚАНДАУЫР СОЛ КЕТКЕННЕН СОҒЫС БАСТАЛҒАНДА ҒАНА ОРАЛЫП ЕДІ-АУ»,—ДЕП НҮРКЕ КЕМПІР КҮБІРЛЕДІ.

 Қарлығаштың ұясындай ғана шағын үйелменнің ошағы сөнбегенмен, басына төнген барлық ауыртпалықты Қандауыр арқалап кеткен жоқ, інкібідінің бақылауында болды. «Жаудың семьясы» деген жаман атақ тағылған соң, ауыл-аймақ, көрші-қолаң аса сақтықпен амандасатын, тіпті кейде сәлемдесуге жасқанып, Нюраның жанынан үндемей өте шығатын. Осылайша бірте-бірте суысқан ел жоқтан өзгеге күдік алып, ғасырлар бойы қалыптасқан жан жарастығы, ағайын араластығынан айрылып, әркімнің-әрқайсысының ішінен бұғып жатқан жасырын «жау» іздеп, жандарын шүберекке түйе сезікті де, сенімсіз күй кеше бастаған. Сүттей ұйыған ауылдың дәстүрлі ұжымдығы ұшына жабысқан аурудан қаншама жылдар өтсе де айыға алмай, сүйекке сіңді дертке ұласарын, әрине, зерделемеді. Ұсталғанның бәрін шын жау, қаскөй — індет деп қабылдады да, өздеріне жұғып кетпес үшін, пәледен машайық қашты, немесе сиырдай мүйіздеп, бақсының моласындай жападан-жалғыз қалдырды.

 «СОЛ ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ӘЛI КҮНГЕ ҚҰТЫЛА АЛМАЙ, ҚОР БОЛДЫМ-АУ», — ДЕП КҮРСІНДI НҮРКЕ КЕМПІР.

 ...Иә, жалғыздық. Сол жалғыздықтан тағы да Көкен мен Аналық құтқарып еді. Бұл өмірде бар-жоғы белгісіз дарбазасыз дара үйде ішерге ас, киерге киім таба алмай, зар еңіреп, зар жұтып жатқанында, тумасынан бетер бәйек болып қамқор қолын созды... «Халық жауының» әйеліне қыл аяғы қара жұмыс та бермей қаңтарып тастағанда, тағдырдың осы бір дағдарысынан аман-есен алып шыққан да солар. Бір күні жұмыстан әдеттегіден тым ерте оралған Көкен:

 - Ойбай, Нүрке, саған жасырыну керек,— деді өңі боп-боз болып. — Ауданнан адам шығып сені қамауға алатын көрінеді. Шолақ қолдың 

 айғайлап айтқан бұйрығын есіктің сыртынан естіп қалған бір сенімді кісі айтты.

 - Күз болса мынау, енді біраз күнде қар түседі, қайда қашамын, құдай-ау, — деп, зәрезап болды.

 - Расында да, қайда барады мына қарашаның қара суығында, — деп сөзге араласты Аналық.

 - Соны өзім де білмей тұрмын. Сенің орныңа Қандауырдың соңынан мен-ақ кетер едім, қайтейін, алмайды ғой.

 - Көңіліңе рақмет, Көкен. Айналдырған Шолақ қол алмай қоймайды, ешқайда кетпеймін, бас сауғалап тығылмаймын да. Баламды бір құдайға, содан соң өздеріңе тапсырып, тас түйін дайындалайын. Әбігер болмаңдар.

 - Тәңірім-ай, не жазып едің, енді не істейміз? — деп зарлаған Аналықты еркектік көрсетіп жекіп тоқтатқан Көкен: — Біз қара басымызды сауғалап сенен безініп отырғанымыз жоқ, Нүрке! Амал не, өзің шеш. Алысқа, көз көріп, құлақ естімейтін жерге аттандырып жіберуге де әзірмін, осы үйге алып қалуға да дайынмын. Сенің балаң — біздің де бала, алда-жалда айдалып кетсең, қайтып оралғандарыңша қанаттыға қақтырмай, әке-шешесін ұмыттырмай қарағайдай азамат етіп тәрбиелейміз. Басқа не келеді қолымыздан...

 - Ризамын сендерге, екі дүниеде де ризамын. Мен тосып алдым маңдайға жазылған сыбағамды. Ұрпағым — аманат. Абдырамай жұмысыңа бар.

 Көкен басы салбыраған күйі, лажсыздық күйін кешіп шығып кеткен. Күйеуі ұзаған соң, Аналық басқаша кеп танытты.

 - Әй, Нүрке, менің тілімді алсаң, маған бір ой келіп отыр.

 - Иә, қандай?— деп, еміне түсті.

 - Сен алғаш келген милициядан жасырынып қал.

 - Қалайша? Артынан ұстап алса, одан ары күдік алып, т

 «МЕН БЕЙБАҚ БҰДАН СОҢ ҚАЙТЫП БАЛА КӨТЕРМЕСПІН, АЛ ҚАНДАУЫР ЕНДІ ҚАЙТЫП ОРАЛМАС ДЕП ОЙЛАП ЕДІМ».

 Қыс өтіп, көктем туды. Түнде үйде, күндіз жер астында жарғанат секілді ұры ғұмыр кешкен Нюра да тірі жанның көзіне түспей, ілініп-салынып қыстап шыққан. Жадырап жаз келгенде, яғни 1938 жылдың жазында мұқым ауданды бидайдай қуырған Шолақ қолдың өзі істі болып, айдалып кетіпті деген қуанышты хабар жетті. Міне, осынау «қаптап жүрген халық жаулары түгесіліп», елді алатайдай бүлдірушілердің өзіне тықыр таянған саябыр шақта, Нюра Фадеевна да «бисмилла» деп жарық дүниеге шығып еді, «Үйбай-ау, сен тірі екенсің ғой, қайдан жүрсің?» — деп әуестенгендерге: «Күйеуімді іздеп барып келдім, тірі, түрмеде отыр», — деп, жалтара жауап берген. Бұдан соң ел қатарлы еңбек етіп, Отан соғысының сойқанын көруге жазды.

 «АНАЛЫҚ ҚҰРБЫМНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН ҚАРА ЖЕРГЕ КІРГЕНШЕ НЕГЕ ҰМЫТАЙЫН. ҚОЛЫМНАН БАР КЕЛГЕHI — БІЛЕГІМДЕГІ ЖАЛҒЫЗ КҮМІС БІЛЕЗІГІМДІ ШЕШІП БЕРІП ЕДІМ-АУ», — ДЕП, НҮРКЕ КЕМПІР КҮРСІНДІ.

 Соғыс басталғанына екінші жыл толғанда, ойда жоқта Қандауыр оралды. Өлгені тіріліп, өшкені жана қуанған Нюраның ерімен екеуі арасындағы қызық тым келте кесілген. Он күнге ғана сұранып келген Қандауыр бір аптадай еру болды да, айыпкер батальонның сапында, алғы шепке аттанып кете барған... Содан қайтып оралған жоқ... Сталинград түбінде ерлікпен қаза тауыпты. Ал Көкен бір аяқтан айрылып оралды, бірақ елуінші жылдан асып жасай алмады. Аналық алпысыншы жылдан аттап өте алмады.

 «ЖАТҚАН ЖЕРЛЕРІҢ ЖАРЫҚ, ТОПЫРАҚТАРЫҢ ТОРҚА БОЛСЫН, ЖАРЫҚТЫҚТАР», — ДЕП, НҮРКЕ КЕМПІР КҮБІРЛЕП БЕТIН СИПАДЫ.

 

 4-топ

 ...Араның осы бір бұл елде жоқ түрін алғаш рет вертолетші жігіттен естігенде, Ерік жанын қоярға жер таппай аса қызыққан және «не алсаң да маған тауып бер» деп, ұшқыш жолдасына қолқа салған. «Наука и жизнь» журналынан «Қауіпті гибрид» деген мақаланы оқып шыққан соң, аңсары одан ары ауып, қалай да қолға түсірудің жолын іздеді. Ал бұл араның қысқаша өмірбаяны былай еді: 1956 жылы генетик-селекционер У. Керр африкалық бал арасын алып келеді де, жергілікті тұқыммен будандастырады. Африканың аралары шапшаң, әлі алысқа ұшады, анасы балалағыш. Буданнан пайда болған африкаландырылған араның сыртқы пішінінде пәлендей айырмашылық болмағанымен, еңбекқор және қауіп төнсе, тобымен шабуыл жасайтын өте агрессивті болып қалыптасқан. «Жауыз ара» атануы да содан. Айталық, осы Африка мен Европа арасының арасынан пайда болған буданның шағуынан 1969 жылы Бразилияда 200 адам өліп, мыңдаған адам жарақат алған. Кісілер үшін жергілікті, яғни өз арамыздан гөрі африкаландырылғандардың уы әлдеқайда қауіпті. Тез ройлап, тым алысқа ұша беретіндіктен, Европалық аралармен шағылысып үлгерген. Табиғат құпиясы қызық қой, неге екені белгісіз, жергілікті араның Аналары осы «жауыз араның» еркегімен шағылысуға тым құмар. Сондықтан да өз арамыздың кейінгі балаларының мінез-құлқы өзгеріп, африкалана бастаған. Мұның өзі байқап, салыстыра зерделегенде, адамдардың бойындағы шет елге деген қызығушылық психологиясын еске салушы еді. Африкаланған жаңа тұқымды шыбын-шіркейді қойып, адамдарымыздың арасында да ондайлардың барын көзіміз көріп жүр...

 Міне, осы «жауыз араны» шет елге ұшатын самолетте істейтін әріптестері арқылы жең үшінен жалғасып әкеліп бергенде, Ерік бөркін аспанға атып, вертолетші Прохор Александровичтің бетінің сау-тамтығын қалдырмай сүйіп еді-ау. Мұхиттың арғы бетінен даңғарадай магнитофон алып өтетін пысық жігіттерге сіріңкенің қорабына салған шыбын бұйым ғұрлы ма екен. Апталық алыс жол, мыңдаған 

 шақырымдық қашықтықты аттап өтіп Алтайға қоныс аударған «қауіпті гибрид» бүгінде қаулап өсіп, жеке бір ұяны мекендеген. Тегінде, тентек жаратылған жәндік мұндағы тіршілігін шапшаң құрап, тез дамытты. Алтайлық жеңілтектеу ана аралардың біразы шағылысып та үлгерді. Енді, міне, кейбір ұялардан африкаландырылған араның сойқан ұрпақтары бас көтере бастады. Сөйтіп, Алтай — Америка — Африка тұқымдас жаңа, мүлдем таңсық, мінез-құлқын, ата-тегін ешбір омарташы ажыратып та, ұғып та болмайтын «жастар» жаратылды.

 Өз бағымындағы аралар ішінде жүріп жатқан жұмбақты процестен Айна хабарсыз-тын. Жаңа тұқымды «импорт» араның ұясын ғана біледі, онда да Ерік көп жолатпайтын, балын өзі ғана ағызып алатын. Тіпті осы бір шет елдік шыбынмен көп әуестенуге зауқы соқпайтын. Күн бата өз аралары жым-жырт жатып қалғанда, қас қарайғанша зу-зу ұшып, тыным таппайтын мазасыздығына қайран қалар еді. Осы бір жайды енесіне айтқанда, Нүрке кемпір: «Жат жұрттық ешқашан да жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе, ертең уын ұсынады, түбі тыныш болғай», — деп, ауыр күрсініп еді.

 Түстен кейін қолы қалт еткенде, қаз-қатар орналасқан ұяларды қарап, кейбірінің қақпағын ашып, балдың қорын тексеріп келе жатқан Айна «жауыз араның» үйінен айналып өтті. Сырттай қарағанда ешбір бөтендігі жоқ будандар да көздей тесіктен бірі кіріп, бірі шығып дамыл таппай жүр. Моп-момақан. Бірақ өз-өзіңнен сескенесің. Алтай тауының аюы мен қасқырынан шайлықпаған келіншек анау арпалысқан бөтендерден, расында да, жүрексінер еді. Арадай анталап шағып алар деген қауіптен туған жүрексіну емес, басқа-басқа, өзі де байыбына барып, бағамына жетпеген беймәлім қорқыныш меңдей беретін. Бәлкім, бұл Шыбын мен шыбын жаны арасындағы ешкімге білінбес, білінбегендіктен де жаныңды жегідей жейтін мәңгілік шайқас шығар-ау...

 Екі-үш күннен бері үйген шөмеленің саны көбейіп, алыстан қарағанда тау арасына орналасқан ағаш үйді қаумалап қоршаған шөп-қос секілді, немесе анасын жағаттаған қаздың балапандарына ұқсастығынан ба, көзге көркем көріністен еді. Ендігі жұмыс осы шүпірлеген балапан-шөмелелерді атпен қораға тасымалдап, маялап үю болатын. Онда да жалпайтпай, су өтіп шіріместей ғып, үшкірлеп төбесін шығара, нығыздап таптап жинау керек. Оған жалғыз Айнаның шамасы 

 ...Бәлкім, дәл қазіргі «Асқан ақылдылықпен» миымызды шағып жасаған, адам баласын жаппай қыратын қару-жарақты ертерек ойлап тапқанда, жер бетіндегі тіршілік атаулы сахараға айналып кетер ме еді. Бәлкім, миллиардтаған жылдар бойы гармониялық шынжыр тізбегін сақтап, бір-бірімен селбескен табиғат иеміздің көлденеңнен қосылған артық бөлшегіндей адам сол біте қайнасқан тізбекті бытырлатып үзуге жасар әрекетін тоқтату әлі де кеш емес шығар...

 Аралар қоғамының манифесінде «әркімнің қабілетіне қарай, әркімнің еңбегіне қарай, еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген тарау жоқ-ты. Олар жұмыс істемеген ұяластарының белінен екіге бөліп тастайды, тіпті шағылыс үшін ғана қажет еркек араның өзін суық түсе ұясынан тепкілеп шығарып, еңбексіз табылған олжаға ортақтастырмас еді. Әрине, бұл қатал заң, бірақ аса қажетті заң әрі ғасырлар бойы өзін-өзі ақтаған заң. Алайда оларда биліктің барлығын омарташыға беріп, солардың құлақ кесті құлына айналғанын ұғар зерде жоқ еді; алайда дүниенің кілтін өз қолына алған адамзат төбесінен бақылап, басқарып тұрған бір тылсым күш барын сезбей жүр ме екен... мүмкін, мүмкін емес нәрсе жоқ.

 Жер... Жер болып жаралған күнді ешкім білмек емес, демек, тіпті адамзат өзінің қашан және қалай жаратылғанын тек топшылап айтқаны болмаса, анық-қанығына жете алмады. Бірақ адамзаттың ұлы да ұятты қателігі жалғыз бұл ғана емес, емес... Атыңнан айналайын адамның ең сұмдық қатесі сол — ол, асығыс аттағаны соншама, қайда бара жатқанын және жер бетінен қашан жойылып кетерін білмеуі еді...

 Күн бүгін де ашық болды. Қанаттары қайырылып, тіршілікт

 Күн бүгін де ашық болды. Қанаттары қайырылып, тіршіліктен айрылғанша мәңгілік қозғалысын толастатпайтын аралар ғарасат майданын кешуде. Ашық күннің әр сәтін, тіпті адамзаттың өзінен де артық пайдаланып қалғысы келгендей, омартадан ұзап ұшып, шырын сорып, нәр тартып ертеден қара кешке дейін дамыл таппайды-ай. Әсіресе, осы өңірге екі жылдан бері қоныстанған «қауіпті будан», яғни ғылыми тілде «жауыз ара» деп аталар араның жаңа тұқымы алапат еңбекқор еді. Жұмысын жергілікті шыбындардан гөрі тым ерте бастайды да, күн батқан соң да, екі сағат нәр таситын. Араның осы бір бұл елде жоқ түрін алғаш рет вертолетші жігіттен естігенде, Ерік жанын қоярға жер таппай аса қызыққан және «не алсаң да маған тауып бер» деп, ұшқыш жолдасына қолқа салған. «Наука и жизнь» журналынан «Қауіпті гибрид» деген мақаланы оқып шыққан соң, аңсары одан ары ауып, қалай да қолға түсірудің жолын іздеді. Ал бұл араның қысқаша өмірбаяны былай еді: 1956 жылы генетик-селекционер У. Керр африкалық бал арасын алып келеді де, жергілікті тұқыммен будандастырады. Африканың аралары шапшаң, әлі алысқа ұшады, анасы балалағыш. Буданнан пайда болған африкаландырылған араның сыртқы пішінінде пәлендей айырмашылық болмағанымен, еңбекқор және қауіп төнсе, тобымен шабуыл жасайтын өте агрессивті болып қалыптасқан. «Жауыз ара» атануы да содан. Айталық, осы Африка мен Европа арасының арасынан пайда болған буданның шағуынан 1969 жылы Бразилияда 200 адам өліп, мыңдаған адам жарақат алған. Кісілер үшін жергілікті, яғни өз арамыздан гөрі африкаландырылғандардың уы әлдеқайда қауіпті. Тез ройлап, тым алысқа ұша беретіндіктен, Европалық аралармен шағылысып үлгерген. Табиғат құпиясы қызық қой, неге екені белгісіз, жергілікті араның Аналары осы «жауыз араның» еркегімен шағылысуға тым құмар. Сондықтан да өз арамыздың кейінгі балаларының мінез-құлқы өзгеріп, африкалана бастаған. Мұның өзі байқап, салыстыра зерделегенде, адамдардың бойындағы шет елге деген қызығушылық психологиясын еске салушы еді. Африкаланған жаңа тұқымды шыбын-шіркейді қойып, адамдарымыздың арасында да ондайлардың барын көзіміз көріп жүр...

 Міне, осы «жауыз араны» шет елге ұшатын самолетте істейтін әріптестері арқылы жең үшінен жалғасып әкеліп бергенде, Ерік бөркін аспанға атып, вертолетші Прохор Александровичтің бетінің сау-тамтығын қалдырмай сүйіп еді-ау. Мұхиттың арғы бетінен даңғарадай магнитофон алып өтетін пысық жігіттерге сіріңкенің қорабына салған шыбын бұйым ғұрлы ма екен. Апталық алыс жол, мыңдаған 

 5-топҮңгірдің іші кең. Кеңдігі соншама, тас қанатты ағаш дөңбекпен қаптап, еденін тақтайлап, екіге бөліп екі бөлме жасаған. Алдыңғы бөлме — ас ішетін, ал, анау төргі бөлме жатын үйге ұқсайды. Бір қараған адамға қарапайым ғана тіршілік үшін керекті заттың бәрі бар деуге болады. Тап-таза жиналған. Қабырғаға қағылған аюдың терісі, оның азу тісі ақсиған басына арбайған бұғы мүйізі қағылған. Мүйіздің әр саласы бос емес, мылтық, оқшантай, тағы да басқа керек-жарақтар ілінген. Қамшының неше түрі бар екен, сан түрлі өрім, сан түрлі сап, Шалдың еріккендегі ермегі қамшы өру секілді... Ыдыс-аяқ та ағаштан ойылған. Қалайы мен шыныдан жасалғандары жоқ деуге де болады. Кіре беріс іргедегі пеш те тастан қаланған, тек үстіне ғана темір плита төселген. Есік алдында көзге шалынбағанымен, мал басы бар секілді. Айран ұйытулы тұр. Қайың салмада сүрленген ет ілінген. Қазір күн жылы болған соң, отты есік алдындағы жер ошаққа жағып, тамақты далада пісіреді білем. Жерошақтағы шағын ғана шойын қазаншада бүлкілдеп қайнаған еттің иісі есіктен кіріп, мұрныңды жарады, қарныңның ашқанын есіңе салады..

 - Анда-санда тіліңді жұтып қоятының бар екен, — деді, сырт киімін, саптама етігін шешіп жеңілденген Шал.

 - Ондай әдетімнің бары рас. Лекция үстінде де сабақ тыңдамай қиялдап кетіп, ұстаздан талай ұрыс естігенмін.

 - Балалар, тамақтарыңды қамдаңдар, — деді Шал білте шамды жағып. Ұл мен қыз жарыса жүгірді. Таудың ымырты лезде үйіріліп, үңгір-үйдің іші қараңғыланған. Ашық тұрған есіктен көлдің бір пұшпағы, ар жағындағы алып тау тұтас тұлғасымен көрінеді екен. Етегі киіздене тұтасқан орман; сол орман заңғар таудың басына жете алмай шаршап таусылып, қорым тас, таз шоқы басталады. Шоқының айыр өркеш шошағында әлі жұқалаң шапақ бар.

 - Ұлымның аты — Қозы, қызымның есімі — Баян, ырымдап әдейі қойдым,— деді ақсақал әңгімеге ықылас білдіріп. — Егер тегін қуаласаң, бірі — батыстан, бірі — шығыстан. Әдейі Қазақстанның екі қиыр шетіндегі балалар үйінен алып келдім. Қандары араласып, балталаса бөлінбейтін ұжымды ел болсын дегенім...

 - Шынымды айтсам, ағасы, сіздің осы әрекетіңізге түсінбей отырмын. Не үшін? Жаман айтпай-жақсы жоқ, ешкім де мың жасай алмайды...

 - Өліп кетсең, екі бала кәмел

 Өліп кетсең, екі бала кәмелетке толмай далада қалады деген уайымың шығар, — деп Шал жігіттің айтпағын өзі жалғастырды. — Айтшы, шырақ, маған қанша жас бересің?

 - Шамамен...— деп, ойланды Таған. — Кем дегенде жетпіске жақындап қалдыңыз.

 - Сақалым мен шашымның ағына қарап ажыратсаң, солай, әрине. Нақтысы—1924 жылғымын, демек, елу сегіздемін. Енді бір он бес жылсыз өлімнің дұзағына іліне қоймаспын деген сенім бар. Ендеше, менің екі балам ол кезде бірі бой жетеді; екіншісі ер жетеді, яғни жиырманың үстіне келеді деген сөз... Одан ары менің керегім жоқ, өз күндерін өздері көреді, атамекеннің атпал азаматы болады.

 - Қызық екен... ертектегідей... бәрібір түпкі мақсатыңыз тұманды. Елдің ішінде отырып ер жеткізсеңіз, кім таршылық жасар еді. Обал ғой, аға, обал...

 - Бүгінде ел қалды ма?— деп сақалын саумалады Шал. —«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген... Егер мен елден қашсам, баламның саудайы қылық, арзан қызықтан таза өссін дегенім.

 - Ағайыннан көңіліңіз қалған-ау. Әйтпесе үлкен жердегінің бәрі ақымақ дегенге кім сенер. Рас, көпшіліктің ортасында жүріп те жалғызсырайсың, ондай ауыр сәт өз басымда да болған. Бірақ... айналайын халықпен қақтығысып жүргенге не жетсін.

 - Адам-орманның ортасында жүріп күнәға батқанша, ағаш-орманның арасында таза өскеніне не жетсін. Мен қазақтың атом апатынан да, бүлінген ауадан да; ішімдік пен аяқтан шалар ағайын алауыздығынан да ада, таза да тәкаппар ұрпағын тәрбиелеймін. Иә, пәле — қала, өсек — жаладан... меңдуана жегендей желіктірер әуен мен әумесер қылар айғай-шудан да алып қашып отырмын.

 - Адамзаттың өмірі Алтайдан басталған деуші еді, әрі жазушы, әрі тарихшы бір досым. Соның сөзін, бәлкім, сіз дәлелдеп шығарсыз, — деп күлді Таған. — Сонда қалай, екеуін үйлендіресіз бе?

 - Дәм жазса, ондай ойым жоқ емес.

 Өз бауырыңызда, бір үйде ағалы-қарындас секілді төл өскен балаларыңызды ерлі-зайыпты етіп қосқаныңыз ата жолын бұзғандық емес пе, ағасы...

 - Ашып айтамын деп

 Ашып айтамын деп, қанын шығара қасып айтып отырсың-ау, шырақ. Екі бала ақыл тоқтатқан соң, анығын ашармын, өздері шешер... Болмаған жағдайда ауылдан адам табылмас деймісің. Өссінші әуелі... Жә, доғарайық, тамақ дайын...

 Ағаш табаққа салған етті буын бұрқыратып Қозы, соңын ала сорпа құйған ыдысы бар Баян кірді.

 - Жүр, шырақ, қол шайып келейік, — деп, сыртқа беттеген Шалмен қабаттаса шыққан Тағанның ең әуелі көзіне түскені беті шымырлап, жайбарақат жатқан көл болды. Аумағы ат шаптырым. Үй іргесіндегі жақпар тастан өз-өзінен сорғалап тұратын суға науа орнатып мәдениеттендірген екен. Қолдарын сол саулаған суық сумен жуды.

 Ауқат үстінде көп әңгіме болған жоқ. Қонақ жігіттің қарны ашып қалса керек, қарбытып асап, түтінге ысталған шала сүрі етті сүйсіне жеді. Балалардың зауқы бұл үйреншікті асқа онша шаба қойған жоқ, атасы ұсынған сүйекті шұқылап, шоқып жеген болды да:

 - Мал жайғаймыз, ата,— деп, астың қайрылуына қарамай, балалық жеңілтектікпен шыға жөнеліскен.

 - Мал ұстайсыздар ма?— деп сұрады Таған шайнаң қағып.

 - Иә, он шақты қой-ешкі, бір бұзаулы сиыр, екі жылқымыз бар.

 - Бай екенсіздер-ау... ал енді оған айғыр мен бұқаны қайдан табасыздар? — Өзінің орынсыз қалжыңына Шал ренжіп қалмады ма деген күдікпен көз қиығын салып еді, ол қаперсіз екен.

 - Мынау Өскелеңнің арғы бетінде жаз жайлауға келген сиыр табыны мен жылқылы ауыл бар. Ұрғашы жұртына бай қай-қайдан да табылар. Мына екеумізге қатын табылмай ма деп қорқамын...

 - Менікі болған...

 - Ендеше, менікі де болған,— деп, Шал шатынай доғарып тастады. Бұл әңгіме отағасының оң жамбасына келмесін сезген соң, ары қарай өрбімеді. Сүзбе қосқан ақ сорпаны ағаш аяқпен сораптап, бабымен ішкен екеуі көпке дейін ләм дескен жоқ. Дастарқан жиналмады, балалардың еншісіне қалдырды білем. Тысқа шыққанда, бағанағы шапақ шаршау тартып, айналаны ымырт жайлай бастапты. Сонадай жердегі дәу самырсынның түбін қоршай жасалған қашаның ішінде үй 

 иесі айтқан он шақты ұсақ мал қамаулы тұр. Ал ақ шап қызыл сиырдың бауырына тас кенедей жабысқан қаршадай қыз созғылап сиыр сауып отыр. Қолының күші жетіңкіремесе де, онысын білдірмеуге тырысып, құнжың-құнжың етеді. Ер бала — Қозы бұзаудың мойын жібін ұстап, қасында аңдып тұр. Он жастан енді ғана асқан балалардың шаруақой пысықтығы Тағанға қатты әсер етті. «Тәңірім-ау, өмір дегеніміз осы емес пе» деп ойлады. Әсері жүректі шабақтап, жанарға жас ұялатар кино іспетті, мынау қоңырқай ғана қарапайым тірлікте өміріміздің барлық мазмұны мен о бастағы бастауы, мәні мен сәні табиғи күйінде құжынап жатқанын түйсінді. Тағанның алғаш рет балаға деген махаббаты оянды. «Тәңірім-ау, өмір дегеніміз, өмір сүру дегеніміз — артыңа ат ұстар, сиыр сауар ұрпақ қалдыру екен-ау...» Бүгінде өзінің тұңғыш ұлы жиырмаға толғанын есіне алды. Не істеп жүр? Өлі ме, тірі ме? Фамилиясы қалай? Әкесін сұрай ма, әлде әйелі күлге аунап таптым деп түсіндірер ме екен, әлде әкең ішкіш, маскүнем, баяғыда өліп қалған деп, біржола түңілдірді ме... Кім білсін?..

 Малды жайғаған Қозы мен Баян асыр сала жарысып, үңгір-үйге кіріп кетті. Мынау аспанмен таласқан меңіреу таулардың ішінен естілген бала күлкісі, бала ойыны қандай жарасымды еді. Кеспелтек ағаштың үстінде «Арқарын» асықпай тартып отырған Шал жігітті жанына шақырды.

 - Қой сойып, бас тартпады деп, күрең қабақ болып тұрған жоқсың ба, шырақ?

 - Жоқ, аға. — Шал бағана жасын айтқан соң, өзінен он бес жас-ақ үлкендігін біліп, «ақсақалды» «ағаға» ауыстырған.

 - Қайдан білейін, сыңайың нәумез секілді.

 - Оқта-текте меңірейіп алар әдетім барын ескертіп едім-ау. Туғаннан бері арнайы сойылар малға бата жасап, бас ұстап көрмеген пақырмын.

 - Малға бата жасау дегеннен шығады, баяғыда осы өр Алтайда Мақажан деген өлеңші болған, естуің бар шығар. Сол кісі төменгі жаққа — Үлкен Нарын өңіріндегі Андағұлдарға жолаушылай барыпты. Елге еркелеп еркін жүретін ақын Қатпа деген болыстың үйіне түскен екен. «Алыстан алты алашты аузына қаратқан Мақаң келді» деп, қонақасына серке соймақ болады да, ақының алдына көлденең тартып бата сұрайды. Қойдан гөрі ешкі етінің жеңіл екенін айтып, сырғақсыған...

 6-топ

 Иә, — деді Таған, — ағайын болып атысу үшін, бас-басына мылтық ұстау керек шығар қазаққа...

 Ең соңғы шуағын қызықтасын дегендей, күн бүгін өрескел ашық болды. Жарықтық жаз қайта шығатындай, тау салқынын лезде түре қуып тастады да, елжіреген жылылық жайлап, маужыратады-ай... Айнаның өңі әлі сынық қалпында, әйелдің тиесілі қаракетін зауықсыз болса да, күйбең-күйбең істеп, қабағы ашылмаған қалпы бір кіріп, бір шығып жүр. Бағана, таңертең, күрең қабақ ішілген шай үстінде Ерік «бүгін күннің ашығын пайдаланып бал шайқаймыз» деп ескерткен. Бұл — биылғы қырманның соңғы жиын-теріні еді. Әншейінде сөзге араласпай отыра алмайтын Нүрке кемпір де, ұлына өкпеледі ме, кім білсін, ләм-мим жақ ашқан жоқ. Осы таңның жалғыз сөзін Еріктің өзі айтты да, типыл болды. Ара ұяларына түтін салып, балы мен балауызы ылжыраған ағаш рамаларды суырып әкеліп Тағанға береді, ол болса бал шайқайтын аппаратқа салып, құлағын бұрап, шүмектен сорғалаған таза балды қотарып алып тұр. Келісім бойынша ол ақырғы рет қолғабыс тигізіп, ертең ерте аттанбақ.

 Күннің бүгін тым жанға жайлы болып тұрғанын білген Нүрке кемпір, бұлар бал шайқау науқанына кіріспес бұрын, бір өтініш айтқан. Онда да ұнжырғасы түскен ұлына емес, келіні мен Тағанға қаратып айтқан.

 - Қарақтарым, бүгін күн ашық екен, келер күзді көрем бе, көрмеймін бе, оны бір алланың өзі білер, мені тысқа шығарып отырғызыңдар, намаз арасында шуақтайын, — деді үні дірілдеп. Әрқашанда ажарлы да айбынды отыратын қарттың жас баладай жаутаңдап айтқан сөзі Тағанды толқытып жіберді. Осына қара шаңырақтың бақыт құсына оқ тигендей, суықтау ой ұялап, секем алғандай болды. Кемпірдің екі аяқ, екі қолтығынан көтеріп, далаға шығарып отырғызғанда, күннің шымқай жарығы қарықтырып, көзі қарауытып, басы айналды. Жан-жағына жалтақтап қарап, өңім бе, түсім бе, дегендей сәл тосырқады да: «Е, құдіреті күшті құдайым, мен осы дүниеден аттанып кетсем де, осылайша масайрап тұра бересің-ау», — деп күрсінді. Бұл жасарын жасаған, асарын асаған қарияның жарық дүниенің жақсылығын 

 өзгелерден — өзінен кейін қалатындардан қызғанғаны емес, бұл дүниенің ешкімге де мәңгіліксіздігін, бей опалығын мойындағаны еді... Күннің шуағы сұрлау тартқан жүзін жуды ма, Нүрке кемпірдің ажары ашыла түскендей, шүңірек тартқан көк көзі де табиғаттың нұрын сіміріп, шоқ түскен тамыздықтай ұшқындана бастаған.

 - Апа-ау, керемет әдеміленіп кеттіңіз, — деп күле әзілдеді Таған таң қалғанын жасыра алмай.

 - Мені айттыратын адам жоқ енді... Қыз кезімнен қалған жұрнақ шығар. Қараңғыға қамалған қаздай қаңқылдап отыр едім, далаға шығып, жаным жарылқанып қалды-ау. Ал енді сендер жұмыстарыңа барыңдар. Ерік іздеп жатқан шығар, — деді серги сөйлеген кемпір.

 Міне, енді сол аралар әулетінің арпалысып тірнектеп жинаған шырынын аузынан жырып алу қаракетіне кірісіп кеткен. Бал айырғыш аппараттың құлағын бұрап тұрған Таған анда-санда кемпір отырған жаққа қарап қояды. Анадайдан басында кимешек-шылауышы бар, ақ шатырдай болып көрінген Нюра апасы Қатын суының сарынына құлақ қойғандай, қозғалмастан арғы бетке телмірді-ай. Не ойлап отыр? Кім білсін... Еріктің қолындағы түтіннен үріккен аралар тынымсыз айналсоқтап, тыныштығын бұзған бұзақыны нәлеттегендей гу-гу етеді. Кейбірі ұзап ұшады, кейбірі Тағанды жағаттап, мөлдірленген балға қонып, малтығып қалады. Ондай сәтте еппен қанатынан сүйреп шығарып, былайырақ тастайды. Мұның да басында бетіне перде тұтқан ақ қалпағы бар-ды, абиыр болғанда, ешбіріне шақтыра қойған жоқ, қанша төңіректесе де, пісіп алар саңылау таба алмаған өн бойынан. «Егер баяғыдай тұла бойымнан арақ мүңкіп тұрса, мұқым ара біткен маған шабуыл жасар еді» деп ойлады.

 Бал алу кезегі Америкадан келген «қауіпті гибридтерге» жетті. Бұлармен аса сақ әрі сыпайы қарым-қатынасқа көшпесе болмайды. Бағанадан бері тор перденің шалғайын қайырып тастап, жүзін ашық ұстап жүрген Ерік еріксіз маскасын түсіруге, қолына қолғап киюге мәжбүр болды. Ұяның қақпағы ашылғаннан-ақ, атойлаған ноян аралар ал дегеннен-ақ анталаған шабуылға көшіп, Айна мен Еріктің ес-ақылын шығарып жіберген. Амал не, қымтаулы қорғаныста тұрған ерлі-

 зайыптылар тісіне жұмсақ бола алмады. Сонда да шебін бұзбастан, қара бұлттай қаптап көпке дейін дуылдап тұрып алды. Бірен-сараны ғана төңіректі барлауға кетті. Екеу-үшеуі Тағанды тексеріп қайтты. Жергілікті аралардан едәуір өзгешелігі бар будандарды бұл да бірден байқаған. «Капиталистік тұқым сен боларсың... қандай шапшаң ұшады жауыздар» деп ойлаған да, бұл да қымтана түскен. Бұл жақтан оң жамбасқа келер оңай олжа таппаған соң, самғай зулап Нүрке кемпірге беттеген. Алғашқы келген бірен-саранын қолындағы өне бойы тастамайтын бет орамалымен «кіш-кіштеп» жасқап жіберген-ді. Жалғыз-жарымы түк бітіре алмайтынын сезді ме, шырқай ұшып негізгі әскерге оралып, болған жайды, яғни кемпірдің қару-жарағы жоқ, алаң-ашық, бейқам отырғанын хабарлаған. Содан не керек, бұл табиғаттың құдіретіне дауа бар ма, адамзат түсінбейтін тілмен түсініскен жәндік-жендеттер жалғыз-ақ секундта Нюра Фадеевнаға қарай «уралай» қаптап лап берген. Мыңдаған араның әп-сәтте ғайып болып кеткенін омарташы ерлі-зайыптылар жұмыс бабында тұрып байқамай қалды. Ал «жауыздар» болса Алтайдың бұршағындай көшіп, түйілген қалпы қапысыз кемпірдің шат-шәлекетін шығарды. Қанша қайрат көрсеткеніне қарамастан, бет-аузын, қолын сау-тамтығын қалдырмай шағып тастады, ішінара болған шығынға пішту деген жоқ. «Ой-бу, балалар, әй, Айна, Ерік, айдап әкет мына иттеріңді!» — деп азандады, бірақ жан даусын шығара айқайламаған. Енесінің үніне елеңдей қараған Айна: «Ойбай, апамды аралар опалап жатыр» деп тұра жүгірді, тұра жүгіріп барып кері оралды да, делдиіп тұрған Еріктің қолынан түтіндеткішті жұлып алып, қайта безілдеді. Таған да тарғаяқтай ұмтылған. «Бұлар жынданған шығар»,— деп күңк еткен Ерік раманы қаперсіз суыра берген. «Ара шаққаннан өлген кісінің бейітін көргем жоқ бұл жақтан».

 ...«Қауіпті будандардың» бетін түтін қайтарды. Амал не, көмек тым кеш жетіп, кемпір әлсіреп-ақ қалған екен. Жарықтық сүйегі мықты адам ғой, сонда да сыр білдірмей сұлық отыр, құламады. Ара талаған беті мен қолында ине шанышқандай ноқат қара дақ қалып, айналасы домбыға ісініп бара жатты. Айна мен Таған көтеріп үйге кіргізіп төсекке жатқызғанда, кісі танымайтын болып ісініп кетіп еді... Тіл-аузы байланып қалды ма, әлде ендігі арыздасып, қоштасардың түкке қажеті жоғын сезді ме: «Апатайым-ау, енді не істейміз, қандай дәрі-дәрмек 

 

 қолданамыз», — деп зар еңіреп басында отырған Айнаның бір де бір сұрағына жауап қатпай, ағаш үйдің бел ағашына телміріп үнсіз жатқан. Өз қолы өзіне артық көрініп, қоярға жер таппай серейіп тұрған Таған да, дегбірсізденіп құр жаны аши қарағаны болмаса, лажсыз еді. Сырттан асықпай, адымын санап басып Ерік кірді. Кірген бойда:

 - Кім сендерге пысықсып далаға шығар деген?! — деп айғай салды. — Ала жаздай аман-есен үйде отырғанда, астынан су шыққандай жылы орнынан қозғап... ісім сендермен болсын!

 Төбеге телміріп жатқан кемпір айғайды құлағы шалды білем, ұлының ұрысына нәумез болды білем, ендігі сәтте Ерікті көздей бағжия қараған. Сұп-суық жанары өңменінен өтердей қорқынышты еді, адам танымастай ісініп өзгеріп кеткен шешесінің оқтаулы көзінен жасқана шегініп: «Әне, тағы да мені айыптап жатыр», — деп, күңкілдеген күйі үйден шыға жөнелді.

 Өзі құлағалы тұрған тауға қой жайғандай, Айна көз жасын көлдетумен болды.

 - Бұлай тұра берудің реті жоқ, не ем-дом жасаймыз? — деді Таған бәйектеніп.

 - Білмеймін, аға, білмеймін... Апамның түбіне ара жетеді деп кім ойлаған. Апамның өзі біледі, айтпай жатыр...

 «Жарықтық, өлімге біржола дайындалған шығар,— деп ойлады Таған.— Нюра Фадеевнаның түбіне жеткен әншейін ара емес, будандар екенін, әр тұқымның қосындысынан шыққан «жауыздар» екенін қайдан білсін Айна». Бұдан ары не ары жоқ, не бері жоқ делдие берудің қисынын көре алмады ма, бұл да тысқа шықты. Арғы бетке қарап ойланып, қашаға сүйеніп тұрған досының қасына барды.

 - Не істейміз? Рация жоқ па, вертолет шақыртайық, — деп сұрады Еріктен.

 - Сенің не қимаң қышып барады, — деп дүңк етті ол. — Осының бәрі сенің кесірің. Айрандай ұйып, шәй деспей отырған шаңырақтың ойран-ботқасын шығардың... Әттең, әттең, бекер, бекер-ақ ертіп келдім...

 Нюра Фадеевнаның әлі де болса су ішкілігі таусыла қоймағанмен, кірпігі ғана қимылдап жатыр. Маңайында, тысқарыда болып жатқан оқиғадан хабардар секілді, анда-санда сол былайғы құбылыстың әсеріне елегізгендей... ежелгі сезімталдықпен түйсінгендей... анда-санда көзі бұлдырап, бір заттың өзі екеу, кейде үшеу, одан да көп болып кетерді. Өне бойының мың-миллион құмырсқа талағандай дуылдағаны болмаса, жаны қиналып ауырған да, ес-ақылдан айрылып әлсіреген де жоқ еді... Санасын дел-салдық жайлаған; мәңгілік бір терең ұйқы шақырғандай... Тынысы, тамыр соғысы баяу, анда-санда ғана тіршіліктің ішегін шертіп қалғандай. Нүрке кемпір «алланың ақ өлімін» іштей мінажат айтып тіледі-ай. Сөйлеуге, тіл қатуға қуаты жетерін біліп-ақ жатыр, бірақ мынау пәни жалғанмен бақылдасар сәтте аһылап-үһілеп, арыз-арман уағыздап, балаларының үрейін алғанды жөн көрмеді. Естір құлақ, ұғар зерде болса, ақыл-кеңесін баяғыдан айтып келеді, енді мына жан тәсілімін берер шақта, әлдекімдердей, шаңырақтың шаттығын бұзбау жайлы сөз бастаудың өзі күзетіп отырғандарды күйзелткеннен басқа, өсиет болып жарытпайтынын сезген еді. Бәр-бәрін де жаратқан иесіне аманаттайды да... Ол тіпті қазіргі өлі мен тірінің арасындағы мүшкіл халінде иманын ғана ойша қайталағаны болмаса, тірілер қамын қаперіне алмады да. Оқта-текте көзін жұмып, көзін жұмса болды, көз алдына көлеңдеп шыға келетін аруақтармен ғана тілге келеді, сол арғы әлемнің адамдарына бар ынта-ықыласы ауып, сол үйір — сол топқа кешіге бермей қосылуды көксеген-ді. Әсіресе, жарықтық ақ сақалды Атасы мен Шешесінің жайлары жараса сырласып отырғанын байқады... Адам о дүниеге көшкен соң, дініңе, тіліңе, діліңе, нәсілге бөлінбей, бар-барлығы жамырасып, ұрыс-керіс, бақталассыз, жалғыз-ақ ізгілікпен «өмір сүреді» екен-ау... Ақиретке оралған соң ғана, ақыл кіріп, әділетті «ғұмыр» кешеді екен-ау; иә-иә, арғы дүниенің, ұлты мен ұлысы, мемлекеті мен тәртібі, жаманы мен жақсысы, түзігі мен қисығы, тектісі мен әулеттісі болмайды екен-ау; иә-иә, өлімнің осыншалық рақатын, қызық-қуанышын, жаның жай табатын інжілдігін кім білген, кім сезген? Әттең, сол жұмақта жүрген жұртқа жете алмай қор болып жатырмын-ау, жатырсың-ау...«НЕГЕ БІЗ ОСЫ?...»

 ...итжандымыз, басқа қаңқ еткізіп теуіп жіберсе де, қыңсылаған күйі «иеміздің» етегіне оралып, аяғын жалаймыз.

«НЕГЕ Б13 ОСЫ...»...көр соқырдай қалай жетелесе, солай ере береміз... Кім үшін, не үшін өмір сүрерімізді ақыл таразысына салмай сандаламыз. Адамның қателігі — кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде. «Мүмкін, осының барлығы жастай жетім қалып, жасық та жалтақ болып өскенімнен шығар-ау, — деп күрсінді келіншек, — Бәлкім, басымнан сипап, бауырына тартар ананың ыстық ықыласын сағынған, көксеген сәтте, Нюра Фадеевнаның ақ босағасына тап болуымнан шығар. Баласынан қалған көңілді анасы иітіп, бір-бірін толықтырған соң, алданып жүре бердім бе? Мен Ерікті адал сүйдім, табындым. Дүниедегі ең қиын нәрсе — шын сүйген адамыңнан қалған көңіл; ол — шыққан жан, кешірімі мен кеңдігі болмайды екен. Сүю дегеніміз — сол сүйген адамыңның ғұмырын кешу, деп бір данышпан сәуегейсіпті... Ал, кештім... Ақыры не болды? Осылай аяқталмақ. Жо-жоқ. Сүю дегеніміз — әсте де сүйген кісіңнің құлы болу емес... емес... емес... Менің Ерікпен өткізген он жылым күң болумен өтіпті...» Көз еті ашып, жанары әлсін-әлі жұмыла берді. Жанары жұмылса болды: жылқылы ауыл, бие сауып отырған анасы, жайлаудың жайқалған қып-қызыл қырмызы гүлі елестейді...

 - Айнаш! Ау, Айнаш! — деген үннен селк етіп оянды. Бірер минут көзі ілініп кетсе керек. Әлгі өзін шақырған үн қайдан шыққанын білмей, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Енесі көзі ашық, тіпті сау кезіндегідей ажарлы.

 - Айнам-ау! — дегенде, зәре-құты қалмады.— Қорықпа, келінжан, мен ғой. Су жылытпалап әкелші, дәрет алайын,— деді қимылдап.

 - Қазір, апатай, қазір. — Қатты қуанды. Сауыға бастады деген 

 

 Қазір, апатай, қазір. — Қатты қуанды. Сауыға бастады деген иланым биледі бойын.

 Бұл — Нүрке кемпірдің бой жасағаны еді.

 Асықпай дәреттеніп, ақтық дәм — атау-кере суын ішіп болған соң, аллатағалаға мінажат білдіріп, рахымына көнетінін, төтеден жіберген дертіне мың да бір алғысын айтып, ұзақ күбірледі. Бұдан соң «бисмилла рахманрахим» деп, екі қолын кеудесіне қойып, шалқалай жатып көзін жұмды. Енесінің әрбір қимылын қалт жібермей аңдып отырған келіні тынысы үзілгендей үнсіз сұлаған апасынан шынымен-ақ айрылып қалдым ба, деген қорқынышпен үңіле түсіп еді, қарияның жүрек соғысы әлі де әлсіз білініп жатқанын сезген.

 Нюра Фадеевнаның тұла бойы, саусақтарынан бастап, суына бастағаны рас-ты. Бірақ шыбын жаны ұшып кете қоймаған... Оның дәл осына өлім арбасына мінер тұсында, қандай құдіреттің күші екенін кім білсін, құлағына шіркеу қоңырауының үні естіліп, тау-тасты жаңғырықтыра күмбірлеп ала жөнелген. Балиғатқа толмаған баланы шешесі жетелеп, шіркеуге апарады екен дейді. Ескі діншілдер шіркеуге бармаушы еді ғой... Анасының мынау кержақтар сенім-нанымына мүлдем қайшы оқыс қылығына кішкентай таң-тамаша қалды. Түкке түсінбей, өне бойын діріл биледі. Бірақ мінәжатханадан қара сақалды поптың «во имя отца и сына и святого духа» деп басталатын қоңыр да құдіретті даусы жап-жас қызды шошытқан жоқ... анасының қапталына тығылған күйі, шіркеу табалдырығынан аттаған. Көзінің астымен жан-жағына қарап еді, мұнда кілең кержақтар ғана емес, қаптаған қазақтарды да көрді. Таң қалды... Мұқым иін тірескен ел шоқынып тұр. Шешесі қызықтағандай аңтарыла тұрып қалған қызын бүйірден түртіп: «Крестись, отпускай свой грех», — деп күбір етті. Нюра екі саусағын біріктіріп алды да шоқына бастады... Ананың сүтімен рухына сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді.

 ...Енесінен көз алмай отырған Айна бір уақта... жаңа ғана қыбырсыз жатқан: бұл түсінбейтін орысша әлденені айтып күбірлеп, бұл түсінетін «о, господи, прости своего грешнего...» деген сықылды сөздерді араластыра сөйлеп, шоқына бастағанын көргенде... иә-иә, көргенде... 

 

 екі көзі шарасынан шыға шошынғаны соншама, «апатайым-ау, мұның не?!» деп, айқайлап барып құлады. Талып қалды. Бұл— Айнаның өз өмірінде екінші рет оңбай қорыққаны, талғаны еді.

 ...Әне, Нюра Фадеевнаның алдынан ескі діндарлар (староверы) жұмағының есігі айқара ашылған... Ол — мәңгілікке сапар шекті.

 Үйдің бұрышында шөкелей отырып, сәл көз шырымын алған Таған, әлдекім түртіп жібергендей, селк етіп оянып еді. Күн бұлыңғыр, аспанда тұтасқан бұлт бар. Сондығынан ба, таң атса да, маңай қара көлеңке. Кемпірдің жағдайын білмекке үйге кіріп еді, өліп жатқан кемпір мен талып жатқан Айнаның үстінен түсті. Жан ұшыра Ерікті шақырды.

 Келесі күні түске таман Нюра Фадеевнаның сүйегін Қатын өзенінің жағасына жерлейтін болды. Өзі өмір бойы көксеп өткен туған ауылынан бір уыс топырақ бұйырмады.

 Жер мойны қашық, мәйіт шыдас бермейтін болған соң, анасының арманын орындай алмады Ерік. «Ақсақалды үлкен адам ғой, аңшы Шалды шақырайық» деген Тағанның өтініші аяқсыз қалды. Сонымен, жас қабірдің басында үшеуі ғана тұрды. Дегенмен, осынау үш адамның иығында үш жүз адамның қасірет-мұңы бар еді. Амал не, қайғырудан қайтып оралған пенде жоқ. Неге екені белгісіз, өлікті үйден екі жігіт көтеріп шығарғанда, Айна анасына арнап жоқтау айтты, бірақ көзінен жас шықпаған. Зор да зарлы үнпаздықпен қабір басына жеткенше тоқтамаған.

 Ел жайлауға қайқайды-ай,

 Шаппай да жорға тайпалды-ай,

 Апатайымнан айрылып,

 Маңдайдан бақыт шайқалды-ай...

 Арғымақ келер ағылып,

 Жібектен шылбыр тағынып,

 Асыл да туған апам-ай,

 Келінің жүрер сағынып.

 Келінің жүрер сағынып.

 Қатынның суы тасыды-ай,

 Кемерінен асады-ай,

 Апатайдан айрылып,

 Сүйегім менің жасыды-ай...

 Жылай-жылай күн кешкен

 Ешкі маңырап су кешкен...

 — Жә, зарлай берме, сай-сүйегімді сырқыратып. Үндемей жыла! — деп, Ерік зекіп тастады.

 Қара су болды лайлы,

 Көзінің жасын бұлайды.

 Бір бұл емес, апатай,

 Келінің талай жылайды-ай...

 «Соңғы жоқтауды өз жанынан шығарды, — деп ойлады Таған. — Апыр-ай, артында аңырап жоқтаушың қалса, қандай бақыт. Нюра Фадеевна армансыз әрі иманды адам».

 Түнде бас алмай жауған биылғы күздің алғашқы жаңбыры осы әзірде ғана толастаған. Арты қалың тұманға айналды. Таудың боз тұманы маңайдағы барлық затты тұмшалап тастаған. Қабірдің топырағы нөсер суымен малшынып, аяққа, күрекке жабысып, сарсаңға салады. Жол бойы қыңсылап, аяққа оралып, мазаны алған Аламойнақ шоқиып отыра қалып ұлыды-ай... Ерік «өзіңе көрінсін» деп, қолындағы күрегін ала ұмтылып еді, тұманның арасына сіңіп кеткен. Әлдеқайдан, бозғылт дүниенің, әйтеуір, бір тұсынан ұлыған үні бәрібір естіліп тұрды.

 Нюра Фадеевнаны жерлеу рәсімі аяқталған соң, екі еркек, жалғыз әйел томпайған топырақ үйіндісіне салбыраңқы қабақпен қарап, үнсіз ұзақ тұрды. Әрқайсысы өзінше қайғырды, өзінше бақылдасты. Алтайдың жамбасқа жұп-жұмсақ қойнауы қойнына алған Нүрке кемпір 

 

 қанша діндәр болса да, не мұсылманша, не христианша жерленбей, өз иманын өзі айтып, өз жаназасын өзі шығарып, жарық дүниенің бар азабынан осылайша бақилыққа азаптанып еді...

 

 

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу