Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесі. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 6 сабақ.


Әңгіме үзіндісі оқып, түсініп, топта талқылаңыз.

Жақындап келе жатқан акуланы аңдып отырып, жайын балыққа көзін аударып бір қарап қойды. "Түсім болса жарар еді осының бәрі. Бұл акуладан жалтару жоқ енді маған, өзін сеспей қатыра алмас па екем? - деп ойлады ол - Дентусо, тұқымың құрысын!"

Акула қайықтың артқы жағына жақындап келіп, жайынға атылған мезетте, жыртқыштың арандай ашылған аузын, бадырайған көзін шал анық көрді; акула жайынның құйрығының сәл жоғарырақ жерінен келіп қапты, тістері сақ ете түсті. Судан әуелі басы, сосын жоны көрінді. Акуланың азу тістері жайынның терісі мен етін сырылдата сыдырғаны шалдың құлағына анық естілді; жыртқыштың тұмсығынан жоғары қарай созылған жіңішке жолақ, екі көзінің арасын қосып тұрған көлденең жолаққа кеп айқасатын еді, акуланың миы дәл осы тұста болатын. Шал бұл жолақтарды көре алмады, ол тек акуланың ақсиған аран тісті, көкшіл реңді, ауыр, сүйір басын ғана көрді, бірақ қолы мүлт кетпеді, гарпунды акуланың дәл қарақұсынан қадады. Тілім-тілім боп жарақат түскен қолымен гарпунның сабын қысып ұстап, ештеңеден үміт қылмаса да, жыртқышқа қатты өшігіп, бар пәрменімен соғып еді.

Акула аударылып түсті; жыртқыштың көзі ағып түскенін көрген шал акуланың ажалы жеткенін бірден түсінді. Ал акула мойынсұнғысы келмегендей, шалқалап жатқан күйінде құйрығымен суды сабалап, бұрқылдатып, тістерін сақылдата дөңбекшіп айналасын ақ көбіктендіріп жіберді. Акуланың денесі судан жартылай көтерілген мезетте, гарпунның бауы керіле тартылды да, дірілдеп барып үзіліп кетті. Акула су бетінде сәл жатты да, бірте-бірте бата бастады. Шал одан көз алған жоқ.

— Жайынның қырық қадақтай етін ала кетті бұл, - деді сөйлеп.

"Қыруар жібімді һәм гарпунымды әкетті су түбіне, - деді іштей ойын сабақтап. - Жайын балықтың қаны тағы да шұбырып аға бастады, мына акуланың соңынан басқалары да жетеді енді".

Етінің дал-дұлы шығып қалған жайынға шалдың енді қарағысы келмеді. Акула жайынға тап берген мезетте бұл жыртқыш оған дәл өзіне бас салғандай көрініп еді.

"Балығыма соқтыққан акуланы бәрібір өлтірдім ғой, - деп қария көңіліне жұбаныш қылды.

— Бұл акула - өзім көрген акула атаулының ішіндегі ең ірі дентусо. Иә, осы жасқа жеткенше небір ірі акуланы көрдім ғой.

Жағдайым тым жақсара қалып еді, сол күйінен айнымай тұра беру қайдан болсын. Осының бәрі өңім болмай, өзімнің жатағымда, газет төселген кереуетімде ұйықтап жатып көрген түсім болса игі еді. Ешқандай жайын балық ұстамаған-ақ болайын".

— Бірақ, адам күйреу үшін жаралмаған. Адамды құртуға болар, ал, жеңуге болмайды, -деді ол

"Жайынды бекер-ақ өлтірген екем, - деп ойға қалды-Гарпуннан да айырылып қалдым, халім енді мүшкіл болар. Дентусо - епті, озбыр, әрі күшті, әрі ақылды акула еді. Алайда одан мен ақылдырақ боп шықтым. Мүмкін, одан ақылым артық та емес шығар. Тек жақсы қаруланған болармын".

— Мұны ойлап басыңды қатырма, шалым, - деді үндеп. Арқаңды желге беріп тарта бер де, алдыңнан тағы кезігер қырсық болса, күтіп ал.

"Жоқ, ойға шомбай отыра алман, - деді бұл сөзіне қарсылық білдіріп,- содан басқа еш нәрсе қалған жоқ менде. Әлгі айқастың өзі бейсбол сайысына пара-пар болды. Акуланы дәл қарақұстан соққаныма ұлы Ди Маджио сүйсінер ме еді, қайтер еді, ә? Жалпы алғанда онда тұрған ештеңе де жоқ, бұл әркімнің-ақ қолынан келеді. Ал, мынаған не дер едің, шалым: өкшедегі мүйіз бен қолдағы жарақаттың қайсысы қаттырақ батар еді жаныңа? Оны қайдан білейін! Ғұмыры өкшем ауырып көрген емес, тек бір жолы ғана, суға шомылып жүрген кезімде электр дөңгелекке өкшемді жалатып ап, сонда тіземе дейін аяғымның жаны кетіп қап, қан-қақсап ауырғаны бар еді".

— Онан да көңілді өсіретін ойды ойласаңшы, шалым, - деп сөйледі қария,- Сен қазір минут сайын үйіңе таман жақындап келесің. Жайынның қырық қадақтай етінен айрылған соң жүрісі де едәуір жеңілдеп қалды.

Теңіз ағысының дәл ортасына кеп енген мезетте нендей халге душар боларын шал бек жақсы біліп еді. Бірақ енді еш қолданар амалы қалмады.

— Жоқ, бар амалы, - деді ол. - Екі ескектің біреуінің сабына пышағыңды бекітіп байлап, енді соны қару қылуыңа болады.

Ол румпельді қолтығымен қысып, желкеннің бауын аяғымен басып тұрып, пышақты бекітіп байлады.

— Жап-жақсы боп шықты, - деді ол - Өзім шал болсам да, әйтеуір енді қару-құралым бар қолымда.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу