М. Райымбекұлы «Көшбасшы». Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал.


Соңғы уақыттары әдебиет саласында жазылған сүбелі еңбектердің бірі - Маралтай Райымбекұлының «Көшбасшы» поэмасы. Біз автордан туындының жазылу тарихы мен көтерген жүгі, арқалаған аманаты туралы айтып беруді өтінген едік.- Бұл шығарма кенеттен дүниеге келген жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағалы бері қаншама асуларды бағындырды. Ешнәрсе өзінен-өзі бола салмайды. Оның ар жағында елдің моншақтап төгілген тері, ердің өлшеусіз жан алысып, жан беріскен ұйқысыз түндері жатыр. Біз тәуелсіздігімізді алғанымызбенен әлі қылыштың жүзінде ғұмыр кешіп келеміз. Сәл абайсыз адымымыз бізді кез келген сәтте майып қылуы мүмкін. Осындай жағдайда жүріп, Елбасы қаншама ауқымды тірліктер атқарды. Жиырма жыл бұрын қандай едік, бүгін қандаймыз! Бәрін ой елегінен өткізген жөн. Елбасының ел мүддесі үшін атқара алмай жатқан ісі болса оған ел болып, жұрт болып қолдау білдіруге, ал ел мәртебесіне жұмсаған қажыр-қайраты мен ғаламат табыстары үшін ол кісіні ардақтауға тиістіміз. Бұл берісі адамдық, әрісі елдігімізге сын. Осынау жиырма жылда атқарылған адам сенбес ғажайыптарды санамалап айтпай-ақ қояйын. Оны елдің бәрі көріп отыр.Бір ойшыл айтқан екен: «Роман дайын. Енді тек жазып шығу керек» деп. Сол сияқты, осыншама қыруар еңбекті неге насихаттамасқа?! Неге Елбасы өзі бас болып атқарысқан ел жетістігін жыр жолдарымен түйіндемеске?! Елбасымен болған бір басқосуда ол кісі: «Еңбегінің бағаланғанын кім жек көреді, мен де өздерің сияқты адаммын» дегені бар.Шығарма бес күнде жазылып бітті. Негізі, бұл - хроникалық дастан деуге келетін поэма. Шартты түрде Елбасыға байланысты 20 тақырыпты таңдап алып, осы бағытта қазақ елі жеткен биіктерді тілге тиек еттім. Елбасы бір түнде арнайы көлікпен Астанаға алдыртып, поэманы өз оқуымда тыңдап шықты, ризашылығын білдірді. «Көшбасшы» поэмасы осылайша Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 70 жылдық мерейтойы күні, 2010 жылдың 6 шілдесінде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде 4 бет болып жарық көрді.Мен бұл шығармада елдің бірлігін, тірлігін, бейбіт күннің парқын паш еттім. Ел менен ер мәртебесін жырлауды парыз тұттым. Қазір бұл поэманың үзінділерін республикалық басылымдар қолқалап сұрап алып, қайта басып жатыр. Түрлі облыстардағы мектеп оқушылары мен жоғары білім беретін оқу ошағындағы өнерлі жастар осы поэманы мәнерлеп оқудан жүлделі орындар иемденіп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Және сол сияқты облыс орталықтарындағы басты нысандарда осынау рух жыры бильборд, түрлі көрнекілік құрал ретінде көрініс табуы жайдан-жай болмаса керек.Осы биыл ғана Елбасымен кезекті бас қосуда тағы да сол «Көшбасшы» поэмасындағы:Қанша құмар болсаңдар да даңққа,Тас лақтырып, күл шашпаңдар алыпқа!Ең данышпан, ұлы патша - сол патша,Оқтың даусын естіртпесе халыққа» - деген жыр жолдарын оқыдым. Елдің де, Елбасының да Құдайдан тілер басты тілегі - Тәуелсіз еліміздің тыныштығы деп ойлаймын. Лайым, солай болғай!

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

Маралтай ЫБЫРАЕВ. КИЕ (НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ПОЭМА)

 

Абай-Ақпарат

Көптеген елдерді араладым… Бірақ бәрі де өзім  туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір  бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Көптеген елдерді араладым… Бірақ бәрі де өзім  туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір  бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Қара Жер жаралғалы қазағымның,Шын сүйіп, шын түсінген азабын кім?Жүрекке қолды қойып ниет қылдым,Жетті деп тарихымды жазатын күн.Уақыттың диірмендей тасы айналад…Ұл туса, бауырыңа бас аймалап.Тағдырды Алла ғана нәсіп етіп,Тарихты Тұлға ғана жасай алмақ!Жанардың жәудіретіп нұрын ала,Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала.Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,Күн шықты арай шашып құбылаға.Күн шықты арай шашып аспаныма,Дүния кілт айналды басқа ағымға.Ол Ана ұл тумапты, нұр туыптыБүгінгі өзек болар дастаныма.Ол ұлдың заты – Нұрдан, аты – Сұлтан!Кеш туған зарықтырып уақытынан.Жаралған жан әлемі Күлтегіндей,Халықтың арман, тілек, бақытынан.Қалауын қабыл қыл деп құс – көңілдің,Асығы алшысынан түскен ұлдың.Алладан мәдет тілеп жатқан шығар,Бауырында Әбіш әкей Үшқоңырдың.Адал боп ақыреттік жан-жарына,Қарайлап қоңыр тірлік, мал-жанына.Ұлтына тұтқа болар перзент сыйлап,Ол да, әне, үнсіз жатыр Әлжан-Ана.Жанардың жәудіретіп нұрын ала,Бұл күнді күтті қанша Ұлы Дала.Ұл туды бір Анасы Алты Алаштың,Күн шықты арай шашып құбылаға.Ел үшін Жерді шарлап ұшқан ұлым,Ұлт үшін аямаған күш-дарынын.Қазақта Ер тумайды енді Сіздей,Жарылып кетсе де өті дұшпанымның.Бабалар армандаған ізгі үмітпен,Арылды дана халық жүз күдіктен.– Нұраға, о не дейсіз? Біз дайынбыз!!!Тарих тұр сахнадан Сізді күткен…

РУХ

Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа,мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын.Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Бас ием бұл далаға байтағым деп,Басыңнан өткен мұңды айтамын көп.Арманы Абылайдың орындалды-ау,Феникс құс сияқты қайта түлеп.Бағзыда көкке ұлыған көкбөрі едім,Жүректі қарсы айырып шеккен шерім.Аспанға шашу шашып жатырмысың,Өз қолы өз аузына жеткен елім.Ақ найза қолда ойнаған толғамалы,Ақ сауыт, ақ берендер жолда қалды…Мұндай күн – қарқаләзи, іргем бүтін,Болған жоқ қазақ қазақ болғалы әлі.Пырақтай мәресіне жетер дара,Қазақты шың басына көтерді аға…Ұққанға: “–Мен Абылай емеспін…” – деп,Айтқан жоқ Елбасымыз бекер ғана.Алысты мойындатқан іспен ірі,Біледі дос-дұшпаның іштен мұны.Анасы аян берген ақ мылтықтай,Алланың Алты Алашқа түскен нұры.Әз баба, аруақтар көкте тұрып,Ел бастар Ер ұлынан еткен үміт.Жоталы қызыл ала жолбарыстай,Кешегі Қарасайдан жеткен Рух!Ел билеу – екі дүние ғарасаты,Алтыннан мүсін қойса жарасады.Уыздай ұйып тұрған мынау қоғам –Нұрсұлтан, Нұрағамның – парасаты.Ақ найза қолда ойнаған толғамалы,Ақ сауыт, ақ берендер жолда қалды.Мұндай күн бұрын-соңды тауарихта,Болған жоқ, қазақ-қазақ болғалы әлі.…Оң ісің ниет еткен оңғарылсын,Жан пида намысыңды қорғау үшін.Жанары ор киіктей ойқастаған,Азуы – алты қарыс жолбарысым!

 

ТҰЛҒА

Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады.Нұрсұлтан Назарбаев.

Оттан сақтап, оқтан қорғар берен боп,Не болса да пешенемнен көрем деп.Елің үшін түстің талай додаға,“Күн астынан орын тауып берем!” – деп.Емен құсап ерек біткен еренім,Көз жетпеске ой жеткізген төрелім.Сертке ұстаған семсер сынды жарқылдап,“Халқым үшін жаным құрбан!” – деп едің.Ірікпестен лықсып келген сезімді,Жасырмастан жасқа тұнған көзіңді.(Ұмытқан жоқ, ұмытпайды бұл халық!)“Айналайын, елім!” – деген сөзіңді.Қызғанады-ау, кейбіреулер бағыңды,Ардақтауға ары жетпей нар ұлды.Сіз жасаған еркін, бейбіт қоғам бұл –Шүберекке түйіп жүріп жаныңды.Ел билеудің қияметін сезем мен,Елді бастап өткелі жоқ өзеннен,Алып өттің, ел басына күн туып,Етікпенен су кешетін кезеңнен.Бардың қанша нартәуекел қадамға,Түсініксіз көрінгенмен наданға.Судың өзі жол береді екен ғой,Жүрегінде от лаулаған адамға.Сыншы көп қой біткен іске сынайтын,Ғұмыр кештің ұлтың үшін ұнайтын.Жатыр елім күндіз-түні той тойлап,Құрметіне құрбан шалып Құдайдың.Шартарапқа байлығымен байқалған,Қазағымды бақытсыз деп айта алман.Сара жолға түсті елім тәубә деп,Жорға сынды төрт аяғы тайпалған.Атажұрттың керегесі керіліп,Оғыландар атқа қонды тебініп.Армандаған, Сіз аңсаған дәуірдің,Көкжиегі көз ұшынан көрініп.…Бас иесіз көрген қызық мәнсіздей,Ел бақытты Елтұтқасы бар Сіздей.“Ер қадірін ел біледі”, – деуші еді,Ел қадірін Ер біледі дәл Сіздей!!!

 

ЕЛТАҢБА

Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк Туы, Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар.Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Елордам қазағымның төрі емес пе,Әлемнің бар елімен тең емес пе!Өзгеге өзімізді танытатын,Елтаңба Елбасының мөрі емес пе!Қазақтың бүгінгі мен бұрынғысын,Тарихын терең танып ұғу үшін.Қарасаң Елтаңбама көз тояды,Көргендей шын өнердің туындысын.Әріден сыр тартады қоюланған,Қос жерден қошқармүйіз оюланған.Тылсым бір әлемге бой ұрасың,Шыға алмай шежіреден ойыңды алған.Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,Өлмейтін рухымның реңіндей.Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,Мейірімді Елбасының жүрегіндей.Көркейіп көгерсін деп құрақтарым,Әуеге қанат жайған пырақтарым.Қорғап тұр мүйізімен көкті тіреп,Келешек ұрпағымның мұраттарын.Ой-арман үйлесіммен өрнек өріп,Байланған о, осынау Жерге берік.Тәуелсіз егемен ел – Елтаңбамда,Барады көкті кезіп дөңгеленіп.Басса да бар ғаламды қара тұман,Қозғалмас мынау жұлдыз дара тұрған.Сияқты Нұрағамның ұстанымы,Сөйлейтін маңдайға алып Ар атынан.Ол жұлдыз – Темірқазық маңдайдағы,Жұлдызға талай қазақ самғайды әлі.Елтаңбам өзгермейді ел аманда,Сөзім де өзгермейді таңдайдағы.Көк аспан тұрсын солай зеңгірленіп,Дәуірлеп ел түрленіп, жер гүлденіп.Алдымен Елтаңбама тәу еткейсің,Ынтықсаң біздің елді көргің келіп.Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,Өлмейтін рухымның реңіндей.Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,Мейірімді Елбасының жүрегіндей.

 

ӘНҰРАН

Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөлеп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Ұлдарым төрге шықса байрақпенен,Басталар Әнұраным айбатпенен.Рухтың ұлағатты көзі емес пе,Әнұран – әр қазаққа қайрат берген.Әнұран – менің оттай Ар-намысым,Намысым зау биіктен аңғарылсын.Әнұран айтылғанда кеудемдегі,Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.Осынау Жер мен Көктің арасында,Алаштың қамқор болған баласына.Әнұран – қазағымның Тағдыры еді,Тапсырған Нұрсұлтандай данасына.Ерліктің басы бар да, жоқ аяғы,Көңілім ұрандасам тоғаяды.Көтерсе қозып кетер қай-қайдағың,Бөрілі байрағымдай о, баяғы!Ұрандап жауға шапқан ата-бабам,Ұрандап ел-жұртына бата қылған.Әнұран бірге барып, бірге қайтар,Елбасы әр аттанған сапарынан.Әр сөзі, әрбір жолы ой ұқтырып,Кеудеден орын алған ойып тұрып.Тербелем Әнұранға, жаным балқып,Қолымды жүрегіме қойып тұрып.Еріксіз бас иесің дана тілге,Ұмтылған жаңа дәуір, жаңа күнге.Елімді мекендеген барша халық,Шырқаса Әнұранды Ана тілде.Шайқалмай нық тұрсын деп шаңырағым,Өткізген ой-електен бәрі, бәрін.Елбасы қаламының ұшы тиген,Ұлтымның мақтанышы – Әнұраным!Ұлы Отан – нұрлы Отаным – табынарым,Болашақ мақсатынан мән ұғамын.Шырқалып жатса, шіркін, салтанатпен,Күні-түн күллі әлемде Әнұраным.Әнұран – менің оттай Ар-намысым,Намысым зау биіктен аңғарылсын.Әнұран айтылғанда кеудемдегі,Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.

 

КӨК БАЙРАҚ

Қазақстанның аспан түстес Туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен, мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр.Нұрсұлтан Назарбаев.

Мен осынау жердемін, жердегіҚаламымда тағдырымның кермегі.Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.Кермегімде – кешегімнің зәрі бар,Өрнегімде – өмірімнің зары бар.Боздар болса мен боздайын ботадай,Жүрегімде аруана елдің қаны бар.Сол қайғыны жою үшін, ғасырлық –Арманымды алмау үшін ғасыл ғып.Оу, кер далам сөйлесін деп биіктен,Батыр тудың күркіреген күйіктен.Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға,Бөрінің де көкірегін иіткен.Олар сенің бүлдірген жоқ тіліңді,Олар сенің солдырған жоқ гүліңді.Содан бері жазылып сан ғазалдар,Қирамады дейсің не дүр мазарлар.О, туған ел – мен сен үшін шаттанып,Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.Басыбайлы бөтен тұтып баламды,Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды.Игере алмай иірімге кетем бе,Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.Тілім, ділім – ғұрыптарым – күш, қаным,Қайта айналып қонса рас ұшқаным.Босағамда сүйек мүжіп төбеті,Енді қайтып төрге озбасын дұшпаным!Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,Қайдан табам тарихымды тоналған.Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,Сәби елге сәулеңді құй о, жалған.Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,О, бабалар ұрпағыңа бата қыл.Үмбеттерің үмітіне ер салды,Қолың бос па, демеп жібер а, Тәңір!Тамырынан таратылып текті сөз,Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.Көк байрақты, қыран текті қазаққа,Күн астында қанат жаяр жетті кез!

 

АСТАНА

Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар.Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеткенін талай басқаға кегім,Тастарға жазып тастаған едім.Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап,Бекзада, дегдар – Астанам менің!Кіндігін тауып Ұлы Даланың,Алдымнан шықты күліп арманым.Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,Көшесіндегі гүлі боламын.Шашыңдар шашу, қырмызы кілең,Тойлаңдар мәңгі ұл-қызым, ерен.Түн менен таңның арасындағы,Сәріде туған жұлдызым сен ең.Байлық пен құтқа тегенең толып,Төртеуің түгел – төбеден қонып.Айнала ұшқан алты қаз құсап,Алты Алаш елім егемен болып…Тарқады шерім, көне сарыным,Саябыр таппай неге арыным.Құны кетсе де нұры шалқыды-ау,Қан құсып өткен Кенесарының.Алыста қалған сағымдай бір күн,Көңілін баурап лағылдай ырым.Ақорда тұрған бүгінгі жерге,Ақ шатыр тіккен Абылай бұрын.Арқаның мынау төсін жайлаған,Бабаң да талай шешім байлаған.Қала салсам деп Қасым қалаған –Есілдің бойын… Есім ойлаған…Мақсатқа жеттік мәні кетпеген,Жүректі жарып дәні көктеген.Аманат болған Астанам менің,Керей хан менен Жәнібектерден.Кіндігін тауып Ұлы Даланың,Алдымнан шықты-ау, күліп арманым.Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,Көшесіндегі гүлі боламын.Аспаған елім, таспаған елім,Тарихын қайта бастаған дедім.Жұмыр Жер, кенет, жүзік боп кетсе,Гауһардай жанған – Астанам менің!

 

АҚОРДА

Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз.Нұрсұлтан Назарбаев.

Ел болдық етек жауып егеменді,Төртеуім түгел қонып төбедегі.Иітіп игі мақсат, азат арман,Ақордам құтқа толды дөдегелі.Ақордам – шаңырағым, шамшырағымТозаңнан тағдырымды аршып алдың.Қалма деп өзге жұрттың қатарынан,Алдымнан үміт жағып қамшыладың.Ағарып, сәуле шашып құба таңым,Дүбірлі топқа кірдің Нұр Отаным.Отырсың ақылыңмен саялатып,Бар елді баласындай бір атаның.Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы,Уақыттың дәл осынау шағы мәнді.Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз,Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі.Ақордам пайымыңнан мият тамған,Ай туар дәл төбеңнен қияқтанған.Нұрағам тақта отырып билік айтса,Баяғы Бұмын қаған сияқтанған.Ақордам, басты ордам – бағаналы,Халыққа сөз жолдаған мағыналы.Тұрғанда Жер бетінде қазақ аман,Арналар талай дастан саған әлі.Ақын ба өзекті отпен өртемейтін,Отансыз мен жетіммін, мен кедеймін.Ақордам бұл халықтың ешкімі жоқ,Өзіңнен өзгеге кеп еркелейтін.Елбасым – ел сайлаған дара шыңым,Қалың жұрт қадір тұтқан – қарашығым!Астана басы болса қазағымның,Ақорда жаны емес пе алашымның.Ақордам оқшау біткен қыр басында,Ғаламның тілін тауып сырласуда…Нұрағам – ерен ерім, кемеңгерім,Ақылы қырық ханның бір басыңда.Мен сөйлеп көрген емен жағынғалы,Уақыттың дәл осынау шағы мәнді.Сөнсе де таң алдында Шолпан жұлдыз,Сөнбейді Ақорданың шамы мәңгі.

(Поэманың толық нұсқасын Әдебиет. Абай.кз сайтынан оқи аласыздар



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу