Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесі. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 4 сабақ.


1-топ:

Шал Гольфстримге қайығымен бір өзі ғана шығып жүрді. Міне, сексен төрт күн болды, теңізге күнде шығады, бірақ қармағына әлі де ештеңе іліккен жоқ. Бастапқы бір жарым айдай уақыт бойында бұған бір бала серік болған еді. Күн өте берді, қолға балық түспеді, содан соң баланың ата-анасы күдер үзіп, бұл шалды "жолын қырсық шалған сорлы-бейбақ" десіп, балаға енді басқа қайыққа ауыс деп әмір еткен-ді. Басқа қайыққа барғанда баланың жолы болып, серігі мен екеуі алғашқы аптаның ішінде-ақ үш ірі жайын ұстаған-ды. Шалдың жағаға күнде құр алақан оралғанын көргенде, бала оны қатты аяп, жаны ашитын; балықшының багор, гарпун секілді құрал-саймандарын, қайық үстіне құратын желкенін қарияның үйіне көтерісіп жеткізіп салу үшін ылғи алдынан шығатын-ды. Қарттың қайығының үстінде шиыршықталып жататын, он бойына кенеп жамау жапсырылған қырық сұрақ желкен — бейне тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқтанып елестейтін көзге.

Шал — титықтаған арық кісі еді; маңдайы, мойыны арса-арса; бетіне күрең-қоңыр дақтар түсіп, өңі шұбар тартқан, мұндай дақтар ыстық жақтардағы теңіз бетіне түскен күн сәулесінің адамның өңіне шағылысуынан пайда болады.

Шалдың бетін басқан таңдақ мойынға дейін жайылып тараған; екі қолы тілім-тілім, бұл -қармаққа ілінген ірі балықты судан сүйреп шығарған кездерінде алақанды тіліп кеткен қармақбаудың іздері. Жақында түскен жараның орны емес, талайдан қаңсып жатқан қуаң жердің жарығындай ескі жарықтар.

Шалдың өңі де, киімі де — бәрі де тозған, көнерген, тек көзінде ғана ерекше бір нұр бар, теңіз суы түстес жанары қайсар адамның қалпын танытады.

— Сантьяго, - деді оған бала, екеуі қайық тұратын жиектен жағаға шығып келе жатқанда, — теңізден балық аулауға қайтадан сенімен бірге шығуыма болады. Аз-маз ақша тауып алдық. Шал баланы балық аулауға баулыған адам еді, бала оны жақсы көретін-ді.

— Жоқ, сен құтты қайыққа кез болдың. Сонда қал, - деді шал.

— Есіңде ме, бірде балық аулауға өзің күнде шықсаң да қармағыңа сексен жеті күн қатарынан еш нәрсе іліктіре алмаған ең ғой, артынан мен саған серік боп, екеуміз бірге шыққанда, үш апта бойы күн сайын бір-бір ірі жайынды әкелгенбіз де отырғанбыз.

— Есімде, - деді шал. - Менің қасымнан маған сенбегендіктен кетпегеніңді білемін.

— Әкем ғой мені қыстаған, ал мен әлі баламын, бағынуға тиістімін.

— Түсінемін. Өйтпеске бола ма, - деді шал.

— Біздің жолымыз боларына әкем онша сеніңкіремейді.

— Иә, солай, - деді шал. - Ал, бізде сенім мол. Рас емес пе?

— Әрине. Террасқа барып сыра әперейін, ішесің бе? Құрал-жабдықты сосын апарармыз үйге.

— Мейлің, - деді шал. - Балықшы балықшыға қонақ кәде жасағысы кеп тұрса, бас тартпалық...

Екеуі сыра ішетін жерге кеп жайғасып отырысты, балықшылардың біразы шалды келемеждеп күліп те жатты, қария бұған ренжіген жоқ. Кексе балықшылар шалға аянышпен қинала қарап қойып, бірақ сыр бермей, судың ағыны тұрасында, қармақты қаншалық тереңге апарып салғандары жайында, ауа райы жөнінде, теңізден көрген-баққандары хақында сыпайы ғана әңгімелесіп отырды. Бүгін жолы болып олжалы қайтқандар ұстаған марлиндерінің ішін жарып тазалап, бір-бір балықты қос сырыққа көлденең салып, сырықты екі жағынан екеулеп көтеріп, қоймаға тасып апарып жатты. Балық осы арадан рефрижераторғатиеліп, Гавана базарына жөнелтілетін.

Қармақтарына акула іліккен балықшылар бұл олжаларын екінші беттегі акуланы сойып-тұздайтын зауытқа апарып өткізеді. Мұнда акуланы шығырға салбырата іледі де, бауыры мен желбезегін сылып алып, терісін сыпырады, сосын етін жұқалап тіледі де, тұздап тастайды.

Жел шығыс жақтан соққанда мұрынға акула фабрикасының қаңсық иісі келетін еді, бірақ, бүгін жел теріске ауытқып басылып қалғандықтан, иі жөнді білінбеді. Күн нұрына малынып тұрған Террас жанға жайлы-ақ.

— Сантьяго, - деді бала.

— Әу, - деп үн қатты шал. Ол өзінің сыра құйылған стақанына қарап отырып, өткен бір күндерді есіне түсірді.

— Ертең саған сардина-балық ұстап берейін бе? - деді бала.

— Әуре болма. Одан да бейсбол ойна. Қайық есуге өзімнің де шамам келеді, ал ау құруға Роджелио бар.

— Жоқ, ay құруды маған тапсыр. Балық аулауға сенімен бірге шыға алмайтын болсам, тым құрыса өстіп қолқабыс етейін.

— Сыра әперіп, сыйлап отырсың ғой, міне. Азамат болғанның белгісі бұл, - деді шал.

— Сен мені теңізге алғаш алып шыққанда нешеде едім осы?

— Бесте болатынсың. Со жолы бір ажалдан қалып ең. Сала құлаш жайынды судан суырып алып, қайыққа қайырып тастағанымда, шоршып тулап, быт-шытымызды шығара жаздаған-ды. Есіңде ме сол?

— Есімде. Балықтың тулағаны, құйрығымен соғып банканы сындырғаны, сенің онымен қалай алысқаның - бәрі есімде. Мені қайықтың арт жағына, су-су ау жатқан жерге қарай ытқытып жіберіп, балықты тоқпақпен төпей бергенсің, қайық қалт-құлт етіп, қолыңдағы тоқпағың бейне балтамен ағаш шауып жатқандай, балыққа дүңк-дүңк тиген еді, айналаны қанның иісі алып кеткен болатын.

— Осының бәрін өзің есте сақтадың ба, әлде саған кейіннен мен айтып беріп пе едім?

— Мені қасыңа ертіп, балық аулауға алып шыққан ең алғашқы күннен бастап бәрі де есімде, бірін де ұмытқам жоқ.

Шал күнге қарығып қызарыңқы тартқан көзімен балаға мейірлене, сүйсіне қарады.

— Өз ұлым болсаң, қасыма қазір-ақ іркілмей ертіп әкетер едім. Ал сенің әке-шешең бар, оның үстіне өзің жақсы қайыққа кез болған екенсің.

— Отыра тұршы, сардина алып келейін. Жатқан жерін білемін, үш-төртеуін алып келейін.

— Өзімнің бүгін ұстаған балығым да со қалпында тұр. Жәшікке тұздап салып қойғам.

— Мен саған төрт жас балық алып келейін.

— Біреуін әкелсең де қанағат, - деді шал

Ол болашаққа деген сенімі мен үмітін еш уақытта жоғалтқан емес-ті. Теңіз жақтан салқын самал ескендей рақат таптырып, көңілдегі күйді ширықтыра түсті.

— Жоқ, екеуін әкелемін, - деді бала.

— Мақұл, әкеле ғой, - деді шал көніп. - Зәуаты, бір жерден қымқырған жоқ па едің?

— Қымқырғым келсе, қымқыруыма да болар еді. Бірақ, сатып алдым.

— Рахмет, - деді шал.

Баланың айтқанына көне кетті, мұны өзіне мін көрмеді, еш қалтарысы жоқ ақкөңіл адам болғандықтан, ондай ой басына келмеді де. Баланың пейіліне шын ықылас білдірді, мұнда тұрған не сөкеттік бар? Масқараға қалдыратындай, адамгершілікке нұқсан келтіретіндей іс емес қой. Шал солай деп біледі.

— Жел бағыты ауытқымаса, ертең күн райы жақсы болады, - деді шал.

— Балықты қай тұстан ауламақсың? - деп сұрады бала.

— Жағадан аулағырақ барып аулаймын. Жел бағыты өзгерсе ғана кейін қайтамын. Өзім таңертең ала көбеден шығамын.

— Біздің қайықтың иесін де жағадан ұзаңқырап шығуға көндіру керек болар. Қармағыңа ғажап бір ірі балық іліксе біз саған жәрдем берер ек.

— Сенің иең жағадан тым жырақтап кеткенді жақтырмайды.

— Рас, - деді бала. - Бірақ оған, шағалалардың қалай ұшқанын да байқатпайтындай етіп, бір айла жасармын. Содан кейін оны алтын макрельдер жүзіп жүретін қиырға қарай ұзаңқырап шығуға көндіруге болады.

— Оның көзі соншалық нашар көретін боп қалғаны ма?

— Мүлде соқыр болуға жақын.

— Сұмдық екен. Ол теңіз тасбақасын аулауға еш уақытта шыққан кісі емес еді. Көзге осы тасбақадан көбірек зақым келеді, кісі көбінесе содан соқыр болады.

— Сен теңіз тасбақасын талай жыл аулап едің, сонда да көзіңде ешқандай кемдік жоқ қой.

— Мен — елден ерек шалмын.

— Қармағыңа ғажап бір нән балық іліксе, оған шамаң келер ме еді?

— Келер деп ойлаймын. Мұндайда ең басты нәрсе — ептілік.

— Ал кәне, тұрайық, құрал-жабдықты үйге апарайық. Сосын мен ауды алайын да, барып сардина әкелейін.

2-топ:

Екеуі құрал-жабдықты қайықтан түсірді. Желкен құрылатын кіндік діңгекті иығына салып шал алып жүрді де, шумақталған қармақбаулар салынған кішкене ағаш жәшікті, багор мен тұтқалы гарпунды бала көтерді. Қармаққа шаншатын құрт-шабақ салынған жәшік, судан сүйреп алынған жайынды қарағұстан соғуға керек тоқпақ қайықтың түбінде қалды. Шал керек-жарағын қайықта түгел қалдырып кетсе де, бұларды ұрлауға ешкімнің қолы бара қоймас еді, бірақ шыққа малынып дымқыл тартып қалмас үшін ауыр құралдар мен желкенді үйге апарып қойғаны теріс емес. Бұл жердің тұрғындарының бір де біреуі мұның мүлкіне қызықпасына шал кәміл сенсе де, багор пан гарпунды бөгде көзден таса ғып, ала кеткенді мақұл көрді.

Екеуі жолмен жоғары көтеріліп, шалдың лашығына келіп, шалқасынан ашық жатқан есіктен ішке кірді. Шал желкен оралған діңгекті қабырғаға сүйеді де, бала қолындағы құрал-жабдықты соның қасына қойды. Кіндік діңгектің ұзындығы - бұл жақта гуапо деп аталатын пальма ағашының жапырағынан жасалған мына лашықтың тұрқына жуық еді. Лашықта бір кереует, бір үстел, жалғыз орындық және от жағып, тамақ пісіру үшін балшық еденнен қазылған жер ошақ бар еді. Престелген жапырақ тақтайлардан қаланған қоңыр қабырғаға тәңірінің бейнесі мен Сайта Мариа дел Кобренің суреті ілінген; түрлі-түсті бояумен әшекейлеп салынған бұл суреттер — шалдың әйелінен қалған мұра болатын. Қабырғада бір кезде оның әйелінің де сәнді жасалған фотосуреті ілулі тұратын-ды, қараған сайын көңілі босай беретін болған соң, шал ол суретті тығып тастаған еді. Қазір бұл фотосурет бұрыштағы сөреде, жуылған таза көйлектің астында жатыр.

— Кешке не тамағың бар?- деп сұрады бала.

— Балық қосып пісірілген бір шөңке күріш ботқа бар. Жейсің бе?

— Жоқ, үйіме барып тамақтанам. От жағып берейін бе?

— Қажеті жоқ. Кейінірек өзім жағып алармын. Не болмаса, күрішті суық күйінде-ақ жей берермін.

— Ауды алуыма бола ма?

— Болғанда қандай.

Бірақ бұл арада ешқандай ау жоқ еді, оны өздері әлдеқашан сатып жіберген-ді, мұның бәрі баланың есінде. Сонда да екеуі сыр бермей, шалдың қолында сол ау бар секілді пішін танытатын бір-біріне. Балық еті қосып пісірілген шөңке толы күріш ботқа да жоқ-ты, бала мұны да білетін.

— Сексен бес — Құтты сан, - деді шал. — Салмағы мың қадақ тартатын бір жайынды ертең соқпас па екем?

— Мен ауды алып, сардина әкелуге барып келейін. Сен есік алдыңда күн шуақта отыра тұр.

— Мақұл кешегі шыққан газет бар еді менде. Бейсбол туралы жазғанын оқи тұрайын.

Шалдың газеті шын барын, немесе бұл да құр айтылған сөз екенін бала біле алмай тұр еді. Қария расында да бір газетті кереуеттің астынан суырып алды.

— Мұны маған шарап дүкенінде Перико беріп еді, - деді жайын айтып.

— Мен бір азырақ балық аламын да қайта оралам. Сосын екеуміздің балығымызды да салқын жерге қоямын, ертең таңертең бөлісіп аламыз. Ал бейсбол жөнінде қайтып келген соң айтып берерсің маған.

— "Янки" ұтылмасқа керек.

— Кливлендік "Индейстер" оларды топайдан бір-ақ қақпаса неғылсын!

— Қорықпа, балам! Ұлы Ди Маджионы есіңе ал.

— Мен тек "Индейстерден" ғана емес, Детройттың "Жолбарыстарынан" да қорқамын.

— Сен тіпті бара-бара Цинциннатидің "Қызылөңділерінен" де, Чикаголық "Ақ шұлықтардан" да қорқарсың.

— Газетті оқы-дағы, мен келген соң айтып бер бәрін.

— Сексен бес деген саны бар лотерея билетін сатып алсақ қайтеді, о? Ертең сексен бесінші күн ғой?

— Сатып алсақ несі бар? - деді бала. - Әлде сексен жеті деген саны бар билетті алған тиімді ме? Бұдан бұрынғы бір жолы қолға олжа сексен жеті күн дегенде ілігіп еді ғой.

— Еш нәрсе де екі рет қайталанбайды. Ал өзің сексен бес деген саны бар билетті таба аласың ба?

— Тапсырыс беремін.

— Жалғыз билет. Екі жарым доллар керек. Бұл ақшаны қайдан қарызға алсақ екен?

— Оп-оңай! Екі жарым долларды кімнен болса да сұрап ала аламын мен.

— Бұл менің де қолымнан келер еді. Бірақ, қарыз алмауға тырысамын. Әуелі қарыз сұрасаң, артынан қайыр сұрарсың...

— Өзіңе салқын тиіп қалмасын, қария, қазір қыркүйек айы, күз екенін ұмытпа.

— Қыркүйекте ірі балықтар жөңкіліп жүре бастайды. Қайратты осы кезде көрсету керек. Мамыр айында балық аулау әркімнің-ақ қолынан келеді.

— Ал, кеттім сардина ұстап әкелуге, - деді бала.

Ол қайта айналып келгенде, күн батып, ымырт үйіріліп қалған еді, шал орындықтың арқалығына арқасын сүйеп ұйықтап отыр екен. Бала кереуеттің үстінен көнетоз көрпешені алып, шалдың иығына жапты. Кәрілігіне қарамастан, шалдың жауырыны қақпақтай, екі иығына екі кісі мінгендей сом тұлғалы еді, мойны да жуан болатын; қазір ол басын төмен салбыратып ұйықтап отырғанда, желкесінің қатпар-қатпар әжімдері де жөнді байқалмады. Үстіндегі көйлегі қайығына құратын желкені секілді қырық жамау еді, жапсырылған жамауларының бірі шала оңып, бірі күнге күйіп, мүлде ағарып кеткен. Шалдың сырт бітімі сом көрінгенмен, өңі тым кәрі еді, қазір ол көзін жұмып, ұйықтап отырған шағында өңі мүлде тым солғын тартып, жансыз адамның кескініндей елестеді. Оқыған газеті тізесінің үстінде жатыр, жел ұшырып кетпес үшін шынтағымен басып апты. Аяғы жалаң аяқ.

Бала шалды оятқан жоқ, шығып кетті. Біраздан соң қайта айналып келсе, шал әлі ұйықтап отыр екен.

— Ұйқыңды аш! - деді бала оятып, шалдың салбыраған қолын оның тізесінің үстіне қойды.

Шал көзін ашты. Ұйқысынан тез сергіп, күлімсіреді.

— Не әкелдің? - деді.

— Тамақ әкелдім. Қазір ауқаттанамыз.

— Қарным онша аша қойған жоқ.

— Келіңіз, тамақтанамыз. Аштан-аш балық аулауға болмайды.

— Мен аш жүріп те балық аулап көргенмін, - деді шал газетін бүктеп, орнынан түрегеле беріп. Арқасына жабылған одеялоны алмақ болып еді.

— Көрпешені қозғама, - деді бала, - өзім тірі тұрғанда сені балық аулауға аштан аш жібере қоймаспын.

— Онда өзіңді сақтай біл, ғұмырыңның ұзақ болуын ойла, - деді шал - Ал тамағың қайсы, не жейміз?

— Қара бұршақ қосқан күріш пен қуырылған банан бар, және піскен сиыр етін жейміз.

Бала Террастағы кішкене мейрамханадан металл ыдыспен тамақ алып келген-ді. Шанышқы, пышақ, қасықты әрқайсысын қол сүртетін үлбірек қағазға бөлек-бөлек орап, қалтасына салып әкелген еді.

— Мұның бәрін кім берді саған?

— Мейрамхананың қожайыны Мартин берді.

— Оған алғыс айту керек.

— Алғыс айттым, ала көңіл болмай-ақ қой, - деді бала.

— Ірі балық ұстасам, ең еті мол бөлігін соған әкеп берермін-ау, - деді шал. - Оның бізге еткен жәрдемі жалғыз бұл ғана ма?

— Иә, бір ғана бұл емес.

— Ендеше оған балықтың тек бір бөлігін ғана беру аз болады. Ол бізге көп жақсылық еткен кісі.

— Оған бүгін сыра да алып бердім.

— Мен консервіленген сыраны тәуір көремін.

— Білемін. Бірақ, бүгін ол шыныға құйылған сыра берді. Шынысын қайыра өткіземін.

— Ой, рахмет саған, - деді шал - Қане, ауқаттанамыз ба?

Meн саған тамақтанайық деп мана айттым ғой, - деді бала шалды еркелей кінәлап. - Сені үстел басына қашан кеп отырар екен деп күтудемін, тамақ суып қалмасын деп, ыдыстың қақпағын да ашпай отырмын.

— Ал, тамақтаналық. Жуынып алуым да керек еді-ау.

"Қайда барып жуынбақсың?" деп ойлады бала. Құдық бұл арадан екі квартал жырақ жерде. "Қарияға су әзірлеп, сабын мен жақсы орамал да дайындап қоюым керек екен. Ертерек неге ойламадым мұны? Бұған жаңа көйлек те, қыстық күрте де керек, аяғына бір аяқ-киім және үстіне жамылатын бір көрпе керек".

3-топ:

— Ет дәмді екен, - деп мақтады шал.

— Маған бейсбол тұралы әңгімеңді айтшы, - деді бала оған өтініш қып.

— Американ лигасында, мен айтқандай "Янкилер" ұтысқа ие болулы, - деп, шал сөзін сүйсінген раймен астады.

— Иә, солай, бірақ, бүгін оларды омақасырды ғой.

— Оқасы жоқ. Оның есесіне ұлы Ди Маджио ойынға қайта қосылды.

— Оның бір өзі бір команда емес қой.

— Рас. Бірақ айқастың нәтижесін соның ойыны шешеді. Екінші лигада Бруклиндіктер мен Филаделфиялықтар айқасуда, ойынның барысына қарағанда, Бруклиндіктер- дің жеңетін сыңайы бар. Дик Сайзлердің допты қалай тепкені есіңде ме? Анау ескі паркте ойнағанда оның доп тебуі ғаламат болды ғой!

— Өте ғажап! Ол допты тепкенде, алысқа шырқатып ұшырады.

— Оның Террассаға келгені есіңде ме? Мен оны өзіммен бірге балық аулауға шақырғым кеп, бірақ бұл ойымды айтуға бата алмай, шақырып кел деп өтініш қылғанымда, сен де бата алмағансың.

— Есімде. Жасқанғаным ақылсыздық болған. Біздің шақырғанымызға ол көне кетсе... Сонда не болар еді? Онда өле-өлгенше есте сақталатын оқиға болар еді.

— Шіркін, ұлы Ди Маджионы қасыңа ертіп, теңізден балық аулауға бір шығар ма еді. Жұрт оның әкесі балықшы болған деседі. Кім біледі, ол да бір кезде біз секілді кедей болған шығар, бізден жерімес еді.

— Ұлы Сайзлердің әкесі еш уақытта кедей болмаған. Ол кісі мендей кезінде ең мықты командаларда ойнаған.

— Ал мен сендей кезімде Африка жағалауына жүзіп барған желкенді кемеде юнға едім. Кешкілікте теңіз жағасына шұбырып келген арыстандарды талай көргенмін.

— Мұны маған айтқансың.

— Не жөнінде әңгімелессек екен: Африка жайында ма, әлде бейсбол хақында ма?

— Бейсбол жөнінде әңгімелесейік. Маған ұлы Джон Мак-Грау туралы айтшы.

— Ол да баяғыда біздің Террассаға келіп-кетіп жүретін-ді. Ішіп алса ешкімге ырық бермейтін. Тек бейсбол ғана емес, жүйрік аттар жайындағы әңгімеге де қызу араласа кететін. Ат бәйгесінің бағдарламасын қалтасынан бір тастамайтын, жүйрік аттардың есімдерін телефонмен де айтып беретін.

— Ол — ұлы бапкер болған, - деді бала. - Оны дүние жүзіндегі ең ұлы жаттықтырушы болған дейді ылғи әкем.

— Өйткені әкең оны жиі көруші еді. Егер біздің жаққа Дюроше де жылма-жыл келіп-кетіп жүрген болса, сенің әкең оны да дүние жүзіндегі ең ұлы бапкер деп санаған болар еді.

— Сеніңше қалай, ең ұлы жаттықтырушы кім? Люк пе, әлде Майк Гонсалес пе?

— Меніңше, ол екеуі бір-біріне пара-пар.

— Ал дүние жүзіндегі ең жақсы балықшы - сенсің.

— Жоқ-ә. Менен де асқан балықшылар бар, көбімен жолдас болғанмын.

— Ой тәйір-ай!- деді бала. - Дүниеде жақсы кісілер, сондай тамаша балықшылар аз емес шығар. Бірақ сендей адам еш жерде жоқ.

— Рахмет. Бұлай деп ойлағаныңа қатты қуанамын. Қармағыма тым ірі балық іліге қоймас, ол іліксе, сыр білдіріп алармын да, сенің маған көңілің қап жүрер.

— Бұрынғы күш-қуатың болса суда ондай ірі балық қалмаған да шығар.

— Әлі мықтымын деп ойлағанмен бұрынғы күш-қуат қайдан болсын. Бірақ әдіс-айлам мен шыдамым жетерлік.

— Сен енді жатып ұйықта, таңға дейін тыңайып ал. Ыдыс- аяқты өзім апарып беремін.

— Мақұл. Сен де жақсы жатып, жайлы тұр. Таңертең өзім оятармын.

— Сен мені оятатын қоңыраулы сағатсың ғой, - деді бала.

— Қоңыраулы сағат болатыным - кәріліктен ғой. Қарттардың соншама ерте оянатын себебі не дейсің? Тым болмаса со күнді ұзарту үшін өстетін болар.

— Білмедім. Жастардың көп ұйықтайтыны, қатып ұйықтайтыны ғана мәлім маған.

— Бұл маған аян, - деді шал, - сені уақытында оятамын.

— Неге екенін қайдам, өзімді сенен басқа бөгде біреудің оятқанын жаратпаймын. Мен сол біреуден кемдей-ақ.

— Түсінемін.

— Жақсы ұйықта, ата.

Бала шығып кетті. Бұлар тамақты шырақ жақпай отырып-ақ ішкен, шал қараңғы лашықта шалбарын шешіп, төсегіне келіп жатты. Шалбарды жұмарлап бүктеп, жастық орнына басына жастанды, газетті де соның арасына тыға салды. Көрпешені жамылды да, кереуетке төсеніш ретінде жайылған газеттердің үстіне келіп жата кетті.

Ол тез ұйықтап қалды, өзінің жас кезінде көрген Африкасы, оның созылып жатқан сап-сары жағалауы, көзді ұялтар шаңқан қайыры, биік жартастары мен қызыл шақат таулары түсіне кірді. Ылғи түнде түсінде ол осы Африка жағалауына келетін-ді, биік қабаққа долдана ұрған толқын шуын еститін, жергілікті адамдардың қайықтарын сүйрелеп қырға шығарып жатқанын көретін. Кеменің палубасынан аңқыған қара май мен күйік иісі, жағадан таңғы самал желпіп әкелген Африка иісі мұрнына келетін еді.

Әдетте осы иіс мұрнына келген кезде оянып кететін еді де, төсегінен тұрып, киініп, баланы оятуға жөнелетін-ді. Африка жағалауының иісі бүгін мұрнына ерте келді, шал мұның түс екенін ұғып, биік жартастардың шошайып шығып тұрған аппақ ұшар басын, Канар аралдарының түбектері мен қойнауларын көргісі кеп, ұйқы құшағында қозғалмай жата берді.

Бұрын оның түсіне қым-қиғаш оқиға, дауыл, әйел, жайын балық, төбелес, сұрапыл сайыс жиі енетін еді, өзінің жұбайын да түсінде жиі көретұғын. Енді мұның бірі де түсіне кірмейтін болған. Ол түсінде тек алыстағы елдерді, теңіздің жағасына келген арыстанның күшіктерін ғана көріп жүрді. Қара көлеңкеленген кешкі шақта арыстанның күшіктері мысықтың балалары секілді бірін-бірі тістелеп, домалап-аунап ойнайды; шал бұларға қызығып, сүйсініп қарайды, өзінің қасындағы баланы қандай жақсы көрсе дәл сондай сезіммен қарайды, ал бірақ осы бала шалдың түсіне бір еніп көрген жоқ-ты.

Шал кенет оянып кетті, ашық тұрған есіктен аспандағы айға көз салды да, басына жастаған шалбарын алып киді. Лашықтан шығып дәрет сындырды да, баланы оятпақ болып, жолмен жоғары қарай қозғалды. Таңғы салқын ауадан денесі аздап тоңазиын деді. Бірақ бұл күйдің онша ұзаққа созылмасын біледі. Сәлден кейін қайыққа отырып, қолға ескек алғаннан соң денесінің дыз-дыз қайнап жүре беретіні өзіне аян.

Баланың үйінің есігі ашық тұр еді, шал жалаң аяғым ептеп басып, ішке кірді. Бала алдыңғы бөлмедегі кереуетте ұйықтап жатқан-ды. Терезеден болар-болмас ай жарығы түсіп тұр. Шал баланың қасына кеп, сирағынан ақырын ғана қысып ұстады; бала ұйқысынан оянып, шалқасына аунап түсіп, бұған көзін ашып қараған кезде ғана қария қолын босатып, басын изеді, бала кереуеттің қасындағы орындық үстіне қойған шалбарын алып, төсегінде отырып киді.

Шал сыртқа беттегенде, бала оның соңынан ере шықты. Ол әлі ұйқысын аша алмай тұр еді.

— Кешірім ет, - деді шал баланы иығынан құшақтап.

— О не дегенің. Ерте тұру - біздің еркек затының пешенесіне жазылған ғой. Бұған лаж жоқ.

Олар жолмен төмендеп, шалдың лашығына қарай беттеп еді. Желкен оралған діңгектерін иықтарына сап көтеріп келе жатқан жалаң аяқ адамдар қараңғы жол бойында алдарынан көп ұшырасты.

Лашыққа келген соң қармақбаулар салынған себетті және гарпун мен багорды бала алды да, желкен оралған діңгекті көтеріп aп шал иығына салды.

4-топ:

— Кофе ішесің бе? - деп сұрады бала.

— Әуелі құрал-жабдықты қайыққа жеткізелік, кофені сосын ішерміз.

Балықшылар тамақтанатын шағын асхана өте ерте ашылатын еді, шал мен бала асханадан консервінің қалбырымен кофе ішті.

— Ата, түнде жақсы ұйықтадың ба? - деп сұрады бала. - Өзі ұйқысы шайдай ашылса да, есінеңгіреп отырды.

— Өте жақсы ұйықтадым, Маналин. Бүгін олжалы қайтармын деп ойлаймын.

— Бұған сөз жоқ, - деді бала. - Ал енді мен уәде еткен балықтарымды алып келейін. Біздің қайықтың иесі құрал-жабдықтарын өзі алып келеді. Ол өзінің заттарын басқа біреудің көтеріскенін жақтырмайды.

— Ал, біз ондай емеспіз. Құрал-жабдықты мен саған бес жасыңнан бастап-ақ көтеруге бере бергем.

— Білемін, - деді бала. - Кішкене отыра тұршы, қазір келем. Тағы кофе іш. Бізге қарызға береді мұнда.

Ол су жағасының маржандай жылтыраған уақ майда тастарын жалаң аяғымен судырлатып, жем балық сақтайтын тоңазытқышқа қарай жүгіре жөнелді.

Шал кофені асықпай ішті. Кофеге қазір жақсылап тұрып қанып алмақ, өйткені, осыдан кейін бүгін нәр татпайтыны өзіне аян. Ac қамдау, тамақ пісіру дегеннен ол әбден жалыққан еді, балық аулауға шыққанда ешқашан да жолазық алмайтын-ды. Қайығының тұмсық жағына апарып бір құмыра су қояды, кешке дейінгі қорегі - сол су ғана.

Бала қағазға орап балық алып келді.

Екеуі тар соқпақпен төмен құлдилап, аяқтарымен басқан жерінің құмдақ топырағын сусыта, суға қарай бет алды. Қайықты тұрған орнынан сәл көтере итеріп суға түсірді.

— Ата, жолың болсын, олжалы қайт!

Сенің де жолың болсын.

Шал ескектің беліндегі тұзақша жіпті қайықтың ернеуіне қағылған тұтқаға ілді де, қараңғыда қайығын ақырын жылжытып қойнаудан шығара берді. Өзге тұстардағы қайықтар да жүзіп шықты; ай таудың ығына жасырынып, төңірек қараңғы тартып тұрғандықтан, бұл қайықтарды шал көре алмады, бірақ ескектердің сықырлап, суды ескені оған анық естілді.

Анда-санда, бірде ана, бірде мына қайықтан балықшылардың сөйлеген үндері құлаққа келеді. Дегенмен көп қайық жым-жырт, о жақтан тек ескектің шолпылы ғана естіліп тұр. Қойнаудан ұзаңқырап шыққан соң қайықтар жан-жаққа бытырай бастады, әр балықшы өзінің балық ұстармын деп дәмеленген жағына қарай бет түзеді.

Шал жағадан ұзап кетуге күні бұрын ұйғарым қылған болатын; ол мұхиттың таңғы салқын самалын бетке алып, теңіздің өріне қарай тұра тарта берді. Айдынның, балықшылар "үлкен құдық" деп атайтын тұсынан жүзіп өтіп бара жатқанда, шалдың көзіне су түбінде жалтыраған балдыр шалынды. Осы тұста судың тереңдігі, теңіз өлшемімен есептегенде, жеті жүз саженьға жетіп, судың түбі кілт шұңқырайып кететін де, толқыған су сол шұңғылға килігіп, иірім жасайтын, сол себепті бұл араға не бір алуан балықтар үйіріліп жиылып қалатын-ды. Майда балықтар мен шаяндар бықи қаптап, судың ең терең жерлеріне шаян текті жәндіктер - каракатицалар толып кететін; бұлар түнде су бетіне қалқып шығатын да, теңіздің кезбе балықтарына жем болатын.

Шал таңның жақын екенін сезді, қайығын ақырын ғана есіп келе жатты, бір мезгілде құлағына дірілдеген бір дыбыс шалынды. Бұл дыбыс - судан ыршып шығып, қатқыл қанатымен ауаны тіліп ұшып бара жатқан қанатты балықтың суылы еді. Шал қанатты балықтарды жанына бір түрлі жақын көретін, олар мұның мұхиттағы аяулы достары еді. Ол құстарды, әсіресе, жем іздеп, бірақ таба алмай, ылғи шарқ ұрып ұшып жүретін нәп-нәзік, кіп-кішкентай теңіз қарлығаштарын қатты аяйтын. "Жыртқыштарын һәм ірі, мықты құстарды есептемесек, көпшілік құстың күнкөрісі біздің күнкөрісімізден гөрі ауырырақ-ау, — деп ойлайтын. — Мұхиттың кейде бұрқырап долданып кететіні бар, құстарды мына теңіз қарлығашы секілді етіп, нәзік қып, әлсіз ғып неге жаратты екен? Мұхитта мейірім де мол, әрі ғажап сұлу, бірақ, кейде ол қаһарына мініп алады. Су бетін шарлап жем іздеп, әлсіз, жалынышты дауыспен үн салып ұшып жүрген құстар мұхитқа тең келе ме, олар тым нәзік қой".

Шал теңізді ылғи ішінен "ла мар" деп атайтын; теңізді жақсы көретін испандықтар осылай дейтін-ді. Кейде сол жұрттың теңізді жақсы көре тұрып, жамандайтыны да бар, бірақ мұндайда сөзді әрқашан әйелдер әуеніне келтіріп, жіңішкертін айтады. Қармақтарының бауларына қалтқы орнына суға батпайтын кеспелтек зат - буй байлап алып, акуланың бауыр етінің қымбат кезінде сатып алған моторлы қайықтарымен жүретін жас балықшылар теңіз деген сөзді еркек әуеніне салып, жуандатып, испанша "ел мар" деп атайтын. Олар теңіз жайын әңгіме еткенде, теңіздің шалқарлығын айтып есілетін, кейде оны бақталасындай, кейде тіпті дұшпанындай көріп те сөйлейтін. Ал, шал теңізді ерекше қасиеттеп, оны - мейірі түссе мол рақымын төгетін, мейірі түспесе, сырт айналып кететін әйелге ғана ұқсатушы еді, теңіз бұрқ-сарқ етіп долданса, көбігін шашса, амалың қайсы, оның табиғатының өзі сондай. "Аспандағы ай теңізді арудай балқытып тербетеді", — деп ойлады шал.

Ол қайықты бір қалыппен ақырын ғана есіп келе жатты. Кейбір иірімдердің тұсы болмаса,

судың беті жай ғана қыбырлап, мұхит баяу ғана тербеліп жатыр еді. Шал қайықты толқынның ыңғайымен ыққа қарай жүздіргендіктен, қолына күш көп түспей, ескекті еркін сермеп отырды. Таң біліне бастады. Жетсем деген межесінен ұзаңқырап кеткенін сонда барып аңғарды қарт.

"Бір апта бойы терең жерлерден ештеңе ұстай алмадым, — деп ойлады шал. — Бүгін бонито мен альбакоре балықтарының қалың жеріне қармақ салып бір көрейін. Ол маңда алып жайын жүзіп жүруі де мүмкін емес пе?"

Таң әлі атқан жоқ, шал жем шаншылған қармақтарын суға серпіп тастады да, толқынның ыңғайымен ақырын ғана жүзе берді. Жем шаншылған қармақтың бірі - теңіз өлшемімен алғанда, қырық сажень тереңдікке бойлады да, екіншісі - жетпіс бес, үшіншісі - жүз, төртіншісі - жүз жиырма бес сажень тереңдікке жетті. Әр қармақтың сабағы кішірек балықтың ішінен өткізіліп, жан-жағынан буылып, тігіліп тасталған еді де, дәл имек ұштарына ақ шабақтар шаншылған болатын. Қармақтың үшкір тармағына екі көзінен түйрелген ақ шабақтар мойынға тағылған алқа секілді тізіліп жалт-жұлт етіп тұрған. Тақау келген жайын болса, жас балықтың етінің бұрқыраған тәтті иісіне елтімеуі мүмкін емес.

Баланың берген екі жайын балығын шал бауы ең ұзын қармағына шаншып, қалған екі қармағының біріне көгілдір түсті үлкен макрель, екіншісінің ұшына сарғыл түсті умбрица ілген. Бұл жемдерін суға кеше де салған еді, сонда да әлі бұзылған жоқ, қармақтың дәл ұшына түйрелген ақ шабақтар сол жемдерге хош иіс таратып, жайнатып, жарқылдатып жіберді. Жуандығы қарындаштай әр қармақбаудың астынан солқылдақ шыбық тіреліп қойылған, жемге балық соқтыға қалса-ақ, шыбық иілмек; әр қармақтың бауына екі-екіден шумақ жіп сабақталған, әр шумақтың ұзындығы - қырық сажень. Бұл шумақтарды басқа шумақтарға жалғауға болады, сонда бау ұзара түседі де, қармаққа ілінген жайынды, егер қажеті болса, үш жүз саженьнен де әріге жібере беруге болады.

Шал енді солқылдақ шыбықтар иіліп қалмас па екен деп бақылап отыр, қармақтың баулары тұра созылып, тереңге түзу бойлауын қадағалап, ескекті ақырын ғана есті. Ағарып таң да атып, күн шығуға таяу қалды.

Күннің көзі теңіз бетінен сәл көтерілген кезде, шалға өзге қайықтар да айқын көрінді; бұлар төменіректе еді, кең тарапқа шашырай шыққанмен жағадан ұзамаған болатын. Сәулесі суда құбылып ойнап, күн нұры төгіле түсті. Күннің көзі сәл биіктеп көтерілген кезде оның суға шағылысқан шұғыласы көзді ауыртты. Шал су бетінің құбылысына қарамауға тырысып, ескегін есе берді. Қармағы бойлаған қаракөк тұңғиыққа қадады көзін. Оның қармағының баулары басқа балықшылардікіндей көлбеңдемей, тереңге ылғи түзу тартылып кететін еді де, қармағының ұштарына шанышқан жемі балықты тереңнен, шалдың осы межеден соғар-ау деген жерінен тосатын. Өзге балықшылар қармақтарының бауларын судың ағынымен қалқытып жібере беретін, кейде оларын жүз саженьге дейін шұбалтып созып тастағанда да тереңдігі алпыс сажень тұста ғана жүретін-ді.

"Қармақты дәл-ақ серпіп саламын. Тек жолым болмай жүр, - деп ойлап өтті шал. — Бірақ, кім біледі? Мүмкін, бүгін бір ырыздық бұйырар. Бір күннен бір күннің айырмасы бар ғой. Әрине, күнде жолың болғанға не жетсін. Мен өзім дандайсымайтын кісімін. Бақыт қонса, оған шалқып-тасып кетпес ем.

Күннің көзі биіктеп, сәске болды. Енді шығыс жаққа қарағанда, күн көзді онша ауырта қоймады. Шалға енді төменгі жақтан тек үш қайық қана көрінді, олар тым етекте тұрған секілденді, тіпті жағадан бері жылжымаған сияқтанды.

"Шығып келе жатқан күн шұғыласы көзіңе шағылысқанда жанарың түйіліп ауырады, мен бұл күйді өмір бойы бастан кешіп келемін, — деп ойлады шал. — Сонда да көзім жақсы көреді. Кешкілікте күн көзіне тұра қарай аламын. Күннің нұры бұл кезде таңертеңгісінен де гөрі өткір, сонда да көзім ауырмайды. Ал, таңертеңгі күн шұғыласы көзімді ауыртады".

Шал дәл осы сәтте өзінің қарсы алдыңда, аспанда, ұзын қара қанатын кере жайып, дөңгелене айналып жүрген теңіз құсы — фрегатты көрді. Құс бір мезетте қанатын кейін серпіп тастап, суға шүйіліп түсті де, іле көлбей көтеріліп, төбеде қайтадан дөңгеленді.

— Жемін көрді. Текке шүйіліп жүрген жоқ, - деді шал.

Ол қайығын құстың шыр айналып жүрген жағына қарай бұрыңқырап, бір қалыппен ақырын ғана есті. Қармақбауларының тереңге тік бойлауын асықпай қадағалады. Бірақ сонда да қайық толқыннан сәл оза берді, ескекті бір қалыппен түзу есіп отырса да, шалдың қазіргі қимылы әлгі құс көрінгенге дейінгіден гөрі ширақтау еді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу