Ата салтым – асыл қазынам. Мухтар Әуезов «Абай жолы». Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 5 сабақ.


"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны

I - кітап

Қайтқанда

1

     Абайдың жасы 13-ке тақалды. Орыс мектебінде 3 ай оқымай, ауылға қайтсын деп әкесі Байтас және Жұмабай деген кісілерді жібереді. Ауылға үш күндік жол қалғанда бала шәкірт барын салды. Ол асып, алға шауып кете берді. Байтас баланы қуып жетіп: "Енді асықпа, Есенбайдың жырасында ұры жатады" - дейді. Бала шәкірт сөзге қарсы орайын білдірмей, біраз бірге жүреді. Соңсоң тағы шауып кетіп, екі-үш белден көрінбей кетеді. Байтастың мінгені  Құнанбайдың қара жал бұрыл аты. Ал Жұмабайдың астындағы да Құнанбайдың Найманкөк деген үлкен көк ала аты болатын. Олар баланың соңынан жарыса кетті. Бір бел асса бала көрінбейді. Аздап уақыт өткен соң Жұмабай арт жағынан тасырлап келе жатқан ат дүбірін есітті. "Е, бұл Есенбайдың жырасындағы жау болар", - деп ақ-көк атты тепкілей берді. Күндіз шабатын ұры бет-аузын таңып алыпты. Артынан қуып жеткенде Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне қарай баса кигізіп жібереді. Ақбозат бірдемеге тіреліп тоқтады. Жұмабайдың реңі қашып қара тымағын алса, ол ұры емес, өзі айтқандай "Құнанбайдың бөлтірігі" Абай екен. Байтас пен Абайдың ішек-сілесі қатып күлді. Аз уақыт өткен соң Абай Жұмабайдан орынсыз ісі үшін кешірім сұрады.

     Бұл Шыңғыс бөктеріне үш-төрт ауыл қоныпты. Бұлар "Құнанбай ауылы" деп аталады. Абай ауыл ортасындағы ақ үйлердің қасында қарап тұрған екі шешесі Ұлжан мен Айғызға жеткенше асықты. Аттан түсе салысымен шешесіне беттей берсе, Ұлжан: "Әуелі әкеңмен амандас", - деп, Құнанбайды меңзейді. Сосын Абай әкесі және қасында тұрған кісілерге барып, сәлемін береді. Онымен бірге Байтас пен Жұмабай да келіп сәлемдеседі. Әкесі Абайдан: "Молда болдың ба? Бойыңа қоса білімің де өсті ме?", - деді. Соңсоң шешесіне баруын меңзеп, өзі батыстан келе жатқан төрт-бес салт аттыға қарап тұрып қалады. Абайды шеше-жеңгелері сүйіп, Телғара деп еркелете түседі. Абай бәрімен амандасып болып, бәрінен де көп сағынған Зере әжесінің құшағына енеді. Кеш түсіп, Абай әжесіне арнап өлеңдер айта бастап еді. Біршама уақыт өткен соң Құнанбай баласын шақыртып алады. Абай келіп отырысымен іштегілер қала, оқу жайын сұрастыра кетті. Сөйткенше сырттан Оспан кіріп келеді. Ол Абайдан бес-алты жас кіші інісі. Оспан біраз тыныш отырды да, нашар сөздер айта бастады. Құнанбайдың ашуы келіп, Оспан жұлқып жібереді де, атшабарға алып кетуін бұйырады.

2

     Үй іші бірталай жым-жырт болып, отырып қалды. Тек Құнанбай Абайға таныс сөздермен, кей-кейде ыза, зілмен сөз сөйлеп жатыр. Құнанбай біршама тоқтаусыз уақыт сөйледі. Сол кезде Абай жалығып, іште отырған кісілердің жүздерін (беттерін) дәріптей бастады. Абай әкесінің сөздерінде «Қодар сұмның қылығы» дегенді естігенде, ол әуелі «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырындағы Қодарды елестетеді. Құнанбайдың айтуы бойынша Қодар қазақта болмаған лағнетті іс жасаған көрінеді. Соның шындық не өтірік екенін талқыға салып отыр. Байтас пен Жұмабай қалаға тек Абайды алып қайтуға ғана емес, Құнанбайдың тапсырмасы бойынша Ахмет Риза хазіреттен осы іске фәтуа сұрауға барыпты. Ол болса: «Жазасы дарға асу», - депті.

     Жалпы бұл жерде жиналған кісілердің мекені Тобықты болады. Тобықтының өзі бірнеше рудан тұрады. Соның ішінде Жігітектен – Бөжей, Көтібақтан – Байсал келіп отыр. Сүйіндік Бөкеншінің адамы, ал Құнанбай Ырғызбай руынан. Ал басты мәселе Қодар Барсақ руынан еді. Жиреншенің үлкендер арасында әбден іші пысып, сыртқа шығады. Бала Абай оны жақсы танитын. Содан Қодардың кім екенін білгісі келіп, ол да тысқа шығады. «Жаңағы осы Қодар деген кім?», - деп сұрады Абай. Сонда Жиренше: «Ол мынау Шыңғыстың ет бөктерінде тұратын жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Барсақ. Қодар биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін келінімен жақын болыпты», - деді. Абай алдымен түсінбеді. Сосын Жиренше бір тұрпайы қозғалыстар жасап, түсіндіре кетті. Содан барып Абай түсінгендей болды. Кейін ол үйге қайтып кірмей, шешесіне қарай беттеді.

3

Қодар баласы Құтжан өлген соң келіні Қамқа екеуі біраз қайғырды. Ел ішіне араласпай да қойды. Малдары да шағын. Мал қарауға мүрдесі жоқ Қодар, ауыл ішіндегі үйсіз қаңғырған кісі Жанпейісті жанұясымен өз үйіне көшірген болатын. Сол Жанпейіс қой бағып жүргенде басқа қойшыларға бұл сұмдық болмысты таратыпты. Осыған орай Қарашоқыда елдің игі жақсысы жиналып отыр екен. Ол жердің старшыны Майбасар, ал бастығы Құнанбай. Майбасар атшабары Қамысбайға бір-екі атты қосып, Қодар мен оның келінін алып келуді бұйырады. Атты кісілер аса бір ызамен келіп, ол екеуін де қолын артына байлап, атқа мінгізіп алып кетеді.

4

Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес еді. Олар жиын қонысына жақындай бергенде Қарашоқының Барсағы Жексеннің ауылы көрінеді. Соңсоң Қодарларды алып келісімен барлық жұрт сыртқа шықты. Жиында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар. Қодар оларға сәлем де айтпады. Ол екеуін сүйреп алып барарда, Қодар: «Ең әуелі ақ-қарамды біліп, содан кейін өлтір», – деп айғай салды. Бастарына қапшық секілді бірдеңені кигізіп, мойнына жіп (арқан) салады. Сосын атан түйеге қосып тарта бастайды. Қамқаның жаны көпке бармай ұшты. Ал Қодар берілер емес. Азды-көпті уақыт өткен соң Құнанбай қолды сермеп, Қодарды түсіруді бұйырады. Енді жанталасып жатқан шалды құз төбеге алып шығып, тастардың үстіне лақтырады. Сол сәтте Абай мен Жиренше де келген-ді. Байғұстың өлгенін көріп, Абай бет бұрды. Сол кезде, Құнанбай бар дауысымен: «Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін қырық рудың қырық кісісі кесек атсын», – деп, өзі де кесек алып атады. Қодардың ең жақын туысы Жексен ең үлкен тас алып, жиіркенішпен лақтырады. Мұны көрген Абай шыдай алмай, Жексеннің артынан соғып: «Не деген имансыз едің, кәрі төбет? Е ...», – деп, аты тұрған жаққа жылдамдады. Абай атына міне салысымен ауылға шаба жөнелді. Жиналған жұрт үнсіз, жым-жырт тарасты.

5

Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәледен шығамыз деген ойы жоқ еді. Жиренше таңертең бір әдемі Желқұйын деген тазыны Құнанбай ауылына ертіп әкеледі. Абай екеуі біраз қымыз ұрттап, Қызылшоқы деген ұсақ адырға қоян аулауға кетеді. Қызылшоқыға кіре бере Желқұйын қуып, бір қоянды әрең дегенде алады. Олар оқыста аралап жүріп, Шыңғыстың Қарашоқы тұсына келіп қалады. Ол жерде Майбасардың атшабары Жұмағұлға кез болады. Жұмағұл Қарашоқы маңында Қодарды жазалау мақсатында жұрт жиналып жатқанын айтысымен, Абай атын қамшылап жөнеле кетеді. Көргені әлгі. Соңсоң Абайдың іші мұздап, денесі дірілге басып, ауылға қайта жөнеледі. Үйге жетісімен, көрпеге оранып, жатып алады. Осыдан ол ұшқынып қалды ма әлде қатты әсері болды ма, біраз сырқаттанғансып, орнынан тұрмай қояды.

Күн өтті. Күн артынан біршама уақыт өтті. Көктемнің көзі шығып, ел көшуі жақындады. Биыл ел көшіне белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, Қызылқайнар. Абай атқа мінуге жарағанымен, үйден аса көп шықпайтын. Оған әжесі көп-көп ертегілер мен әңгімелер айтушы еді. Соның ішінде «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Жүсіп-Зылиқа» секілді жыр-дастандар болатын. Осындай әдебиетке зейін қойып, тыңдап жүрген күндердің бірінде үйге екі бөгде қонақ келіп қонады. Бірін Абай таниды. Ол былтыр жайлауға келіп, «Қозы Көрпеш- Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Екіншісін бала Абай танымағанымен, шешесі жақсы біледі екен. Ол кісі Барлас деген ақын болатын. Сол түні Барлас «Қобыланды Батыр» жырын сұлу да, әсерлі етіп жырлап береді. Абай шешесімен екі қонақты бір айға шейін жібергісі келмеді. Телғара осы аралықта Асан қайғы, Бұқар жырау, Марқабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Алпыс ақындардың жырларына молығады. Абайдың ауырғаны да есінен шығып кеткен болатын. Ұлжан да риза болып, қонақтардың кетерінде Барласқа семіз көк атты, ал Байкөкшеге торы құнанды сыйға береді.

Қат-қабатта

1

Құнанбай елі бұрын күздеуден бір қар жаудырмай, көшпейтін еді. Бұл жыл ол маңындағы Жігітек, Көтібақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған аталас елдерге көші-қонның жөн-жосығын айтпай, күземді елден ерекше ерте алды.

2

Күздеуден жіті көшіп отырып, Құнанбай ауылдары Қызылшоқы, Қыдыр мен Көлқайнарға жетеді. Құнанбай қасына Майбасарды ертіп алып, Шыңғысқа бет алды. Кешке қарай ол үлкен бәйбішесі Күнкенің ауылына кеп түседі. Мұнда бүгін сыбаға алып келген әйел қонақтар көп екен. Үй ішінде Құнанбайдың тоқал шешесі Таңшолпан, Ақбердінің шешесі, кәрі жеңгесі Бөпей, Жұман, Жортар және Ырсайдың шешелері бар екен. Бұлардың көпшілігі Ырғызбайдың және Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар еді. Ертеңіне Ырғызбайдың жиырма ауылы тағы да дүрк көшті. Беттегені – Шыңғыстың жуан ортасы.

Алты күннен соң Құнанбай ауылы көшкен жолмен тағы бір мол көш келе жатты. Бұл – Бөкенші мен Барсақ көші. Көш басында Сүйіндік, Сүгір және Жексен келеді. Бұлардың қыстауларын Құнанбай ауылы толығымен мекендепті. Жексендер ашуланып, ел шаппақшы да болады. Бірақ Құнанбайға дәті бармайды. Құнанбай алдынан шығып, оларға құр қысыр төбе-қоныстарды береді. Олар оған көнбей, сонда орнығып алады.

3

Құнанбай жорға Жұмабайды Сүйіндік пен Сүгірлерге жіберіп: «Ана Қарауыл, Балпаң, Талшоқы, Шалқар бойынан таңдаған қоныстарын алсын. Мұнда көпке мұрындақ болмай, тез барып орнықсын», - деген. Сүйіндік пен Сүгір көш-қонын ойлап, қыбырлай бастап еді, Барсақтан шыққан Дәркембай оларды тоқтатады. Соңыра Сүгір, Дәркембай, Түсіп, Жексен және Сүйіндіктің қатысуымен қара шаруа жиыны болады. Жиын бір түбірге келеді де, ел наразылығын Құнанбайға жеткізуге Түсіпті жіберетін болады. Сол күні Түсіп барып, айтқанына Құнанбай ашуланып: «Біздің ел де наразы, Бөбең мен Кішекең елдегі Керей, Уақ, Сыбан малдарын үнемі ұрлап отырады. Сен де одан шет емессің. Бәрің жазықтысың, арамсың. Алысқысы келсе, кіріссін. Сөзімді тегіс жеткіз», – деді де екеуі екі айырылып кетті.

4

Майбасардың екі атшабары Қамысбай мен Жұмағұл Үркімбай, Қаумен, Қараша ауылдарына келіп, Керей мен Уақтан ұрланған елу қойды қайтаруын талап етеді. Соңсоң Қараша Байдалымен ақылдасуға атқа мініп кетеді. Шай қайнатым уақыт өтпей атшабарлар Байдалы мен оның ұры атанған жігітіне кеп арылдай түседі. Аздай арада атшабарларды қанға бояп, қуып салады. Жан сауғалап қашқан Қамысбай мен Жұмағұл Қарашоқыдағы Құнанбайдың ауылына тіке жол тартады. Құнанбайдың қасында Байсал, Майбасар, Құлыншақтың батыр ұлдарынан Наданбай, Манас, Ырғызбайдан – Жұман, Төлепберді тағы да басқа үй толы жігіттер екен. Құнанбай жағдайды есіткен соң барлық жігіттерді жинап алып, Үркімбайды ұстап келуді бұйырады. Олар лезде Үркімбай ауылындағы ер басының бәрін сабалайды да, оның өзін артқа байлап қайтады. Оқыста қарсы алдарынан Қараша 40-50 жігітпен шыға келеді. Қолдарында өңшең шоқпар мен сойыл. Айқаста Жігітек қолы басым келіп, Үркімбайды алып қалады. Үркімбайды ала алмаған Құнанбайдың қолы амалсыз қашып кетеді.

5

Қызылшоқыдағы Бөкенші әлі де көшпей отыр. Бірінші қар түседі. Құнанбай Майбасарға он шақты жігіт қосып, Талшоқы мен Қарауылға Бөкеншіні көшіруді бұйырады. Бөкеншілер еріксіз тартып кетеді. Құнанбай бір-екі күнде ешкімге білдірмей, қалың қол жинайды. Ол Көтібақ руындағы Байсалға ата қонысы Тобықтыны Бөжейден тартып алып бермекші еді. Сол себепті, ат күшіне мінген қалың топ Бөжей ауылына беттейді. Осы кезде Жігітек руының ірілері Бөжейде отырған екен. Бірақ қолындағы жігіттері азшылық. Құнанбай кенеттен басып, бәрін тұтқындады. Шетінен ақсақал, қарасақалдарға дүре соқтырады. Кезек Бөжейге келгенде, ал оны Қамысбай ұра бергенде, Көтібақтың Пұшарбайы өз денесімен Бөжейді жауып қалады. Себебі, бұл екеуі бұрыннан дос болатын. Құнанбай ашуға мініп, екеуін де жазалауды бұйырады. Содан кейін, оған Байсал да қарсы шыға келеді. Құнанбай сонда да айтқанынан қайтпай тұрғанда Байсал лезде өзінің рулас жігіттерін бөліп алады. Дүрелердің соңы көрінген соң Құнанбай Байсалдан басқа қалған қолымен Қарашоқыға қайта жөнеледі.

Жолда

1

Абай күнде терезенің түбіне келіп, Шыңғыс тауын тамашалаудан жалыққан емес. Әр кеш әжесі Зере Айғыздан туған немере қызы, үш жасар Кәмшатты тербетіп отырады. Сол күндердің бірінде ішке Оспан мен Смағұл келіп қалады. Смағұл да Абайдың інісі. Айғыздан туған. Оспан екеуі түйдей құрдас. Бұл екеуі бір шелек қымызға лас қолдарын салып еді, оны Абай көріп екеуін де жеркіп, салып тастады. Сосын үй ішіне Абайдан екі жас үлкен ағасы Тәкежан мен Құнанбайға жақын болып қалған татар жігіті Ғабитхан кіріп қалады. Ғабитхан «Мың бір түнді» жырлап жатқан кезде, Жұмағұл келеді. Ол кешегі болған жайтты айтып береді. Бөжейлер Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы Қарқаралыға бет алыпты. Ертең Құнанбай да жүрмек. Абай да қосылып баратын болыпты. Сосын, Абай жолға лезде қамданып, барлығымен бір мезгілде қош айтысты да, Жұмағұлмен бірге жолға шығады.

2

Абай Қарқарылаға жетіп, әкесімен тұрғалы көп күндер болды. Бүгін Абайдың қайын атасы Алшынбай (Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділдә деген қызына Абайды айттырысқан болатын) Құнанбайды көргелі қонаққа келе жатыр. Ашекең келіп, қонақ асын ішіп болғасын, Бөжейдің арызданғанын айтады. Сосын Майыр дейтін ірілі кісі кіріп келеді. Осы өлкенің аға сұлтаны Құнанбай болса, Майыр оның көмекшісі. Бүгін ол Бөжейді жақтап келгендей сөз бастайды. Сосын олар біраз айтысып та қалады. Алшынбай араға түсіп, оларды тоқтатты да, Майырды үйіне жөнелтіп жібереді. Кейін Құнанбайға бет бұрып: «Сенің бұл ісің жөнсіз. Ана хан тұқымы, бәлеқұмар Баймұрын сенің орныңа аға сұлтан болғысы келіп жүр. Бұйрығыңмен жүріп жатқан мешіттің де бітуі мәрелеп қалды. Ел сені одан әрі сыйлауда. Одан да қырс мінез танытпай, Бөжей бауырыңды өзіңе тарт. Кешірім сұрасаң, сенің ештеңең кетпейді», - деді де өз жолына түсіп кетті.

3

Бір күні Абай Қарқаралы көшелерін аралап жүріп, үйінен алыстап кетеді. Үлкен көшенің бойында оған қарсы бір топ адамдар келе жатады. Ортасында келе жатқан соқыр кісі екен. Оның екі желкесінен екі жігіт ұстап келе жатыр. Соқыр кісі өзінің сөз тапқырлығымен артынан шұбырып келе жатқан қауымды қызықтырып, күлдіріп келе жатыр. Абай да соларға ілесіп кетеді. Көше басына келіп қалғаннан кейін, «Шөже біздің үйге қоныңыз», - деп адамдар сөз таласып айтып жатты. Сосын барлығы, Абай да үлкен бір үйге кіреді. Абай алдында Шөже ақын жайлы көп есіткен болатын. Шөже ақын іште де сөз жүгіртіп, Бәрін күлкіге бөлей берді. Біршама уақыт өткен соң, жиналған қауым тарала бастайды. Абай да көптен бөлек болмай қайтады. «Жол-жөнекей Майбасардың пәтеріне кіріп өтейін», - деп Абай жолын бұрады. Абай пәтерге кіргеннен, Майбасар онымен әзіл қуып, айтыса бастайды. Абай Шөжеден үйренгеніне Майбасарды қосып айтып береді. Барлығы күліп жібереді. Сол сәтте ішке Қарабас еніп, халықтың жаңа біткен мешітке Жұма намазға кетіп жатқандарын айтады. Дегенмен, іштегі еш бір адам намазға бармады. Намаздан кейін үлкен ас жиынға, Құнанбай пәтеріне көпшілік жиналады. Абай да онда барды. Бірақ оны ешкім қыстырмады. Үлкен төрт бөлмеде ағайын түгел жиналыпты. Табақшылардың қолы үзілмей тамақ тасуда. Бір кез іштен біреу домбыра тартып, әндете кетті. Сырттағылар: «Бұл кім?, бұл кім?», - деп сұрай кетеді. Абай есіктен сығалап, тыңдай бастайды. Ән аяғын тапқан соң, іште отырғандар: «Бәрекелде, Балта ақын!», - дей кетеді. Абай әншінің Алшынбайдың қасында жүретін Балта ақын екенін бірден таныды. Сосын Алшынбай Құнанбай мен Бөжейге: «Ағайынсың, жақынсың. Ендеше сол жақындығың қайта жаңғырсын! Екеуің бала алысыңдар. Бөжей Құнанбайдан бала алып, бауырына салсын. Иістерің аралассын», - деді. Абайға мына соңғы сөз өте ұнамаған еді. Ішінен біртүрлі түршігіп қалады. Өз бауырларының біреуі немесе өзі кетіп қалуы мүмкін.

4

Осы кештен жиырма күндер өткен мөлшерде Құнанбай елге қайтатын болады. Айналасы алпыс шақты сербең кісілер жиналып, ауылға қарай бет алады. Үш-төрт күн дегенде үйге де жетіп қалысты. Құнанбай Қарашоқыдағы Күнке ауылына қонуды ұйғарады. Ал Абай әжесі мен шешесін сағынған болатын. Ол Жұмағұлды ертіп алып, Жидебайға бет алады. Бәрі қуанып қарсы алады. Абай болған оқиғаларды тас түгелімен баяндап береді. Ертеңіне Құнанбай Қарабасты жіберіп, Бөжей, Байсалдар, барлығы осында қонақ болатынын айтып жібереді. Зере Ұлжан мен Айғызға қамданып, дайындалуын бұйырады. Дәл айтқанындай ертеңіне көпшілік қауым осында жинала түседі. Барлығын жылы қарсы алып, дәм-тұз татқызады. Ертеңіне Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естіген жат сөзінің шешуі жетеді. Өз үйінде жер бауырлап, жылап Айғыз жатыр. Бөжейлер оның қызы Кәмшатты алып кетпек. Бұл жағдай бәрін зар жылатып, қинайды. Кәмшаттың шырылдаған дауысы Бөжейлер ұзап кеткенше басылмайды.

Шытырманда

1

Абай Қарқаралыдан келгелі ауыл араламады. Медреседегі оқуын еске ала отырып, парсы және араб тілдерінде жазылған кітаптарды күні-түні оқиды. Ол өз кітаптарын тауыса салып, Ғабитханның кітаптарына тиіседі. Ол осы оқығандарын қыс бойы бәрін жинап, әңгімелеп отыруды әдетке айналдыра бастаған. Көктемнің бір шуақты күнінде Абайға шақырту келіп, Қарашоқыға жүріп кетеді. Күнке ауылына келісімен, Құнанбай мұны Құлыншақ ауылына айтатын сөздерін ұғындырып, Қарабасты қоса жібереді. Құлыншақ ауылы алыс емес. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұрынғы Қодар кыстауының арғы жапсары. Ол жерлер Торғай руына тиесілі. Құлыншақ – сол Торғай руының басты кісілерінің бірі.

Құлыншақ ауылы әлі қыстаудан шығып үлгермепті. Құлыншақ екі салт аттыны жылы жүзбен қарсы алады. Ішке кірген соң, біраздан кейі Абай айтады: «Бұл сіз былтыр қоныстанған Бетқұдық жері бұрын Барсаққа тиісті болған екен. Ақберді Барсақ қыстауын алған соң ол әкеме кеп осыны айтыпты». Сонда Құлыншақ: «Уай, балам, Бетқұдықта Барсақ отырған кезде мен кезек қоныс етуші едім ғой. Қақ бөлісуші едік қой. Осыны әкең білді ме?» – деді.

«Оны білген көрінеді. Бірақ тегінде, меншік бар да, ақсақал. Даусыз жердің иесі Барсақ еді», – дейді Абай. Құлыншақ үндемеді. Ол қарсылығы жоқтығын білдіріп, мұңайып Абайға қарап қалады. Бір-ақ отырып екі салт атты Қарашоқыға бет алады. Құнанбайға жауабын айтқан соң ол екеуін тағы Түйеөркеш баурайындағы Сүйіндік ауылына жібереді. Ол жақта да асыл қонақ болып, Күнке ауылына бет алады.

2

Абайлар Қарашоқыға түс ауа жетті. Күнкенің үлкен үйінде мол жиын болып жатыр екен. Абай іркілмей кіріп, сәлем береді. Жиында әкесі «дос» деп іштегі бейтаныс кісілерді атайды. Олардың ішінде Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп және Құлыншақ сияқтылар жоқ еді.

Жиын тараған сәтте Абай әкесіне барын айтып, шешесіне баруын сұрайды. Құнанбай ызаланып: «Шешеңде нең бар? Мына жерде жүрсең сөз тауып, тәрбие аласың», – дейді. Сонда Абай: «Ол жақта қаршығам бар. Құс салам ба деп едім», – деп тіл қатады. «Байдалыға жіберуім бар, сосын Жидебайға бара бересің», – деді соңында әкесі. Екі күн өтіп, Қарабас пен Абай Байдалы ауылына кетеді. Байдалы оларды жылы желмен қарсы алмады. Олар үй ішіне кірсе, Байдалының ашуға мініп, бәріне ұрсып отырғанын көреді. Кіріп отырып, жайғасқан соң Абай: «Әкем былтыр Жігітек жерінен Қаршығалы Қопа деген қоныстарына Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қонсын деген екен», – деді. Байдалы шұғыл ойланып, ызаға булығып: «Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші ем?», - деп жауабын қысқа қайырады.  «Бірақ ағайынға шет бастыруы дұрыс емес. Атаң Ырғызбайға атам Кеңгірбай оң батасын беріп би сайлаған болатын», – деді Байдалы. Осыдан кейін Байдалы талай ренішті әңгімесін айта кетеді. Оның сөздерін Абай ұғып алып, жол жүріп кетеді. Абай Қарашоқыға келісімен әкесін тауып, бар болған әңгімені айтады.

3

Абай Жидебайға кетерінде әкесінен көші-қон жайлы сұрастырады. Биыл Құнанбай ауылы Қарауыл өзенін жағалай Бақанасқа бет алмақ. Абай көп асыққан Жидебайына да жетеді. Ол Құлыншақ пен Сүйіндік ауылында Бөжей алып кеткен кіші қарындасы Кәмшат жайлы мазасыз әңгімелерді естіген болатын. Сол жайлы ол шешелеріне айтады.

Көш кезінде Абай Ғабитханды ертіп алып, Бөжей ауылына кетеді. Бөжей ауылына жете бердік дегенде үлкен ақ отаудан Кәмшаттың жылаған үні есітіледі. Бөжейдің өзі жоқ. Оның бәйбішесі сұр жылан секілді бәріне жекіріп, шағып отыр екен. Үй ішіне кіргенде Кәмшаттың мүшкіл хәліне кез болады. Абай не жыларын, не ашуға мінерін білмей қарындасын бауырына басады. Кәмшат оларды танымайды. Екеуі де көп отырмай шығып, үйге қарай бет алады. Абай ауылға жеткенше әкесіне ызаланып, Жүрегі қысылып келеді. Келсе үй ішінде Құнанбай мен Жұмабай отыр екен. Шешелері Абай келгенін біліп, асыға келіп Кәмшатты сұрайды. Сонда Абай: «Кәмшат ауру, әл үстінде. Бізді танымады», – дейді. Шешесі Айғыз қаймығып, жылай түседі. Ұлжан да, әжесі Зере де осыған Құнанбайды кінәлап, жылап жатады. Зере шыдай алмай баласына қатты ұрысады. Құнанбай үн қатқан жоқ. Осыдан кейін аз күн өткен соң Кәмшаттың өлгені жайлы оқыс хабар ауылға жетеді. Бөжейлер, тіпті, шешесі Айғызға да хабарлатпай, жер қойып бітіріпті. Ел іші налаға бөленіп жүрген кезде Бөжейдің өлімі де есітіледі. Оны бес-алты күн ауырып, сосын кеткен деседі. Құнанбай жаназаға шақыратын арнайы хабаршыны күтті. Бірақ Байдалы мен Байсал Құнанбайға хабар жеткізбеді. Тіпті Қарқаралыға дейін жоқтау барған деседі. Бөжей сүйегін Тоқпамбет қыстауына қойыпты. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды. Құнанбай бұл іске қатты ренжіді.

Бел-белесте

1

Күн түске жетпей-ақ Бақанас бойы қайнап, шыжып кететін. Абай, Оспан, Смағұл және басқа балалар Бақанас суына шомылып жатыр. Қастарына Тәкежан келіп: "Жәнібек өзенінің бойында бүлдірген пісіпті. Жүріңдер барып теріп келеміз", - деді. Сосын бәрі де ат ерттеп, мініп кетісті. Шынында да ол жерде бүлдірген мол екен. Бір кез бір көштің дүбірі естіледі. Қараса Бөжей ауылының көші екен. Көш басында бір топ қыз ат үстінде келеді. Қарсы алдынан бір ауыл немесе көпшілік шығатын болса, ол қыздар дауыстап жоқтау айтатын. Сол кез олар Абайларды көріп, айта кетті. Абай қыздардың арасында Сүйіндіктің Қантжаннан туған Тоғжанды көреді. Көктемде бір шаруамен Сүйіндік ауылына барғанда Абай ерекше бір сезіммен қайтқан болатын. Содан кейін Тоғжанды көргені осы. Бірақ қазір Абайдың ойы қарасы дыбыста еді. Ол өзі білмей жылап жібереді. Соңыра кеш түсе олар үйге қайтады. Құнанбай Бөжей ауылы жақын маңда екенін есітіп, ертеңінде ел ірілерімен бірге жоқтап қайтады. Барғандары елу қаралы еркек, отыз-қырықтай қатын. Араларында Абай, Тәкежан, Оспан секілді бір топ балалар да бар.

2

Күз келді. Жұрт пәшендерін шапқызып, қыстауға дайындала бастады. Қызылшоқыдағы Құлыншақ ауылына қарай жауыннан ықтай Майбасар, Құдайберді, жорға Жұмабай мен атшабар Жұмағұлдар аса тездікпен шауып келеді. Құлыншақтың бір жорға атына Құдайберді қызығып, сұратуға атшабар жіберген болатын. Ал Құлыншақтың "бес қасқасы" оны сабалап қайтарыпты. Соған ызаланып Майбасар келеді. Бес қасқаның төртеуі Мұңсызбай, Садырбай, Наданбай мен Тұрсынбайлар іште екен. Ал Манас атқа мініп, Қарауыл жаққа кеткен екен. Іште біраз сөзталас болған кезде, Пұшарбай мен Манас бастаған он шақты жігіт асыға кіріп келеді. Төртеуін де аямай сабап, қуып салады. Ал Құлыншақ ауылы, яғни Торғай руы Қарауылдың ар жағына көше жөнеледі. Бұл хабар Құнанбайға жеткен соң, жүз елудей жігіт атқа мінеді. Алдынан шыққан көштің кімдікі екенін аңғармай, шауа кетеді. Көшті ұстап, бұрып әкетпек болғанда Бөжейдің қаралы көші екенін аңғарып, аттарын артқа бұра кетеді. Шырқыраған Бөжейдің бәйбішесі мен қыздары арттарынан талай қарғыс айтады.

Екі бір-біріне қас жаулар қалың қол жинай түседі. Байдалы мен Байсал қол бастаған Жігітек, Көтібақ, Торғай мен Бөкенші адамдары Мұсақұл деген жерде жиылады. Құнанбай Тоғалақ, Әнет пен Бәкеннен адам тартып, Жидебайда жинала бастайды. Мұсақұл мен Жидебай арасы үш-ақ шақырым. Үш күн аяусыз шайқас болады. Нәтижеде Құнанбай жеңе алмады. Жігтек жігіттері де жақсы нәтижеге жете алмады. Осыдан кейін Байдалы Түсіптің қоржынына мол ақша салып, Қарқаралыға жібереді. Он шақты күн өткен соң Тобықты ішіне, дәл Құнанбай ауылына Қарқаралыдан он бес қазақ-орыс кеп түседі. Келген әскердің басы Чернов деген шенеунік екен. Ұлық үш күн екі жақтың арызын тыңдап, ертеңіне Құнанбайды ертіп, алып кететін болды. Байдалы артынан тағы арыз жібермеуге көніп, өзі қалаған Құнанбайдың он бес қыстауын тартып алады. Құнанбай Қарқаралыға кеткен соң, ел іші бірақ тыныштала түседі.

3

Күздің арты қыс болып, оқтын-оқтын Құнанбайдан хабар келіп тұрады. Ол Қарқаралыға барысымен аға сұлтандықтан түсіпті. Орнына бір болып, сосын түсіп қалған Бөкей төренің нәсілі Құсбек отырған екен. Құнанбай арғы ісін ойлап ұлық Черновқа талай пара ұстатады. Бірақ оған атысты іс-қағаздардың барлығы Омбыға кетіп болғандықтан, Құнанбайдың Омбыға баруына тұра келеді екен. Құнанбай қасына сенімді жігіт Мырзаханды ертіп алып, Майырдың пәтеріне барады. Құнанбай үстінен түскен арыздар сол Майырдың қолында болатын. Оны коньякқа тойғызып, Құнанбай Майырды алдап тұрғанда, Мырзахан арыздардың барлығын отқа жағып жібереді. Осыдан кейін Омбыда Көрпіс кеңсенің нақты дәлелі болмай, Құнанбайды он шақты күн шолақ-шолақ тергейді де, айыпсыз деп танып, еліне қайтарады. Құнанбай Қараралыдағы ұлықтармен қайта табысып, көктемге дейін сонда қалып қояды. Көктемде елге қайтып, Майбасардың орнына старшын болып сайланады.

4

Абай қыс бойы Ғабитхан мен Тәкежанға ілесіп, домбыра тартуды үйренеді. Қомбыраға қоса өзі Тоғжанға арнап тоқыған өлеңдерін жырлайтын. Көктем келгелі Тоғжанды қатты сағынып, саятшылықта жүргенде Тоғжан ауылындағы Ербол деген таныс жігітке кез болады. Ербол Абайға барынша көмектесіп, оның Тоғжанмен кездесуін ұйымдастырады. Абайдың шексіз шырқаған сезімі Тоғжанмен кездескен кезде, әсерлі жанара түседі. Екеуі таң атқанша махаббатқа бөленіп, отырысады. Абайдың өміріндегі ең қуанышты сәттері осы кездер болатын. Таң ата Ерболмен соншалықты ризалықпен қоштасады да, Қарауыл өзенін жағалай келіп жүріп кетеді.

5

Көктемнің жылы күндері шуақтай бергенде. Құнанбай ауылға оралады. Қалың ел оны бар қуанышпен қарсы алады. Мал сойылып, үлкен дастархан жайылады. Құнанбай ішке кіріп, енді бар ғұмырын бала сүйіп өткізгісі келетінін білдірді. Оған екі ұлы Тәкежан мен Абайды үйлендіретін кез келгенін білдірді. Алғашында Абай құанғандай болды, бірақ атастырғаны Ділдә болғандықтан қатты күрсінді. Сол сәтте Тоғжан есіне түсіп, оның алдында қылмыс жасағалы тұрғандай сезінді. Бірнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді.

Өрде

1

Ұлжан құдасының ауылына отыз шақты кісімен барады. Алшынбайға жетпіс жылқы, отыз түйе аталыпты. Оған қоса, көп қазына келген. Үш күн кезегімен қызықты думан өткізіледі. Абай осы үш күн бойы өз қалыңдығын көрмеген болатын. Тек төртінші күні құдалар барлығы үйге жиналған кезде неке оқылады. Абай әлі Ділдәмен жақын танысып та үлгермей, шымылдықтың алды жабылады. Осы ауылға келерде Абай қасына Ерболды да ертіп алған болатын. Тоғжан одан сәлемін айтып, артынан жылап қалыпты. Осыны есіткен Абай екі от арасында қалғандай қиналады. Абайлар Алшынбай ауылында тағы он бес күндей қонақ болып қайтады. Қайтқанда Абай жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ еді.

2

Абайлар келгенде жұрт тегіс Шыңғыс сыртындағы жайлауда екен. Құнанбай атшабарларын жіберіп, былтырғы қыстауларын қайтара бастапты. Он төртін түгел қайта иемденген. Ал біреуін Байсал өжерлік қылып, бермепті. Құнанбай ашуланып, тағы бір соғыс ашайын дегенде, Абай оны тоқтатты. Сосын Бөжейдің жылы келе жатқанын айтып, Құнанбай бармаса да, өзі ауыл ірілерін ертіп баруына рұқсат сұрайды. Абайдың өзіндік жоспары болатын. Ол Бөжей ауылына келетін қонақтардың бір үлесіне он киіз үй тіктіріп, жайлы қонақ күтпек болады. Дегені де болды. Абай, Ербол, Мырзахан, Ұлжан, Айғыздар көпшілік боп, Бөжейдің алыс нағашыларын қонақ етеді. Тыным таппай үш күн қызметте болады. Байдалы, Байсал, Сүйіндік және нағашы ақсақалдар ырзашылық білдіріп, өз баталарын береді. Абай мен Ербол үш күн ұйқы көрмеген болатын. Сондықтан үйіне қайтысымен екі күн, бір түн қатып ұйықтап, сергіп тұрады.

3

Абайдың аса ірі жауапкершілікпен атқарған еңбегі бүкіл Шыңғыс түгіл, ел сыртына да таралып үлгереді. Абайды кім көрсе де ашық қуанышты жүзбен амандысатын болған. Ербол ауылына бір барып қайтқанда, Абайдың Тоғжанмен кездесуіне тағы бір сәт туғанын айтады. Сосын оны ертіп алып кетеді. Екеуі тағы да ай сәрінде кездеседі. Тоғжан Абайды құшақтай салысымен жылап жібереді. Екі жүректің дірілдеген дәмдері қосылып, ыстық еріндері енді айырылмастай табысқандай болатын. Тып-тыныш жаздың таңы баяу атып, түріліп келе жатқанда, Абай атына мініп, Ботақанға бет алады. Елдің қыстауға қонатын шағында Абай Қарқаралыға жүріп, Ділдәні алып келеді. Бұл арада Құнанбай баласын ұрып, інісін масқаралатқан Құлыншақ пен оның "бес қасқасына" өзіндік жазаларын беріп үлгерген еді.

Қияда

1

17 жаста Абай әке атанады. Ділдәдан үлкен баласы Ақылбек туды. Бір жыл өте кейінгі қызы Күлбадан дүниеге келеді. Бұл кездері Абай өзін әке сезініп жүрген жоқ еді. "Әке болдың" деген жұрттың сөзінен ұялып, қиналып жүретін. Осындай кездердің бірінде көктем келіп, сәуір, мамыр айлары шықса да үскірік боран тоқтамай, ауылдарда мал қырылып, жұт болады. Осындай жұтшылықтан қашып Ырғызбай қыстауларына Бөкенші Дәркембай келе жатты. Дәркембайдың отыз-қырық қойынан шөп қызғанып, Тәкежан Жұмағұлды жұмсап қуа кетеді. Майбасар старшындықтан түскеннен кейін Жұмағұл да атшабарлықтан қалып, Тәкежанмен дос болып алған болатын. Абай үйінде Ербол, Жиренше, Асылбек және Базаралылармен әңгіме құрып отырғанда Дәркембай келіп көмек сұрайды. Абай, Ербол екеуі лезде тұрып, барып Жұмағұлды жақсылап сабап, атын алып қояды. Содан кейін қойлар тегіс маяларға бас қояды. Ал Жұмағұлды үйіне жаяу қайтарады. Абай Дәркембайға жұттан қиналып жатқан барлық ауылдардың малын жинап, алып келуді бұйырады. Бір күн өтпей қорыққа келген ауылдардың саны елуден асты. Сол күні Тәкежан Қарашоқыға бет алып, әкесіне Абайдың үстінен шағымданыпты. Құнанбайдың сәлемін Жидебайға жорға Жұмабай алып келеді. Әкесінің сөзіне көнбей, Абай оны да қайтарып жібереді. Құнанбай бұған ызаланып, ендігіде Жақыпты жібереді. Оған Зере, Ұлжан мен Абайлар да қарсы шығып, Құнанбайдың қыстағы ақылдаспай істеген ісіне ренжігендерін білдіріп, Жақыпты да жөнелтеді. Құнанбайдың биыл қыста бүлдіргені – ешкіммен ақылдаспай төртінші қатын алғаны болатын. Бердіқожа деген қожаның қызы Нұрғанымды тоқалдыққа алған еді. Абай дәл осы істі Жақыпқа айтып жібереді. Құнанбай бұйрығынан құтылған соң Ұлжан мен Абай бар ынтасын көпті күтуге салады. Он бес күн өтеді. Көктемнің шырайы ашылып, жылы жел соға бастайды. Абайдың арқасында елу ауылдың мың жарымдай қойы мен барлық ірі қарасы жандарын сақтап, аман қалады.

2

Көктемнің ескегі соға бастасымен жұрт жазғытұры жайлауларына көше бастады. Көші-қон кезінде Зере қатты сырқаттанады. Бір-екі күнде тынысы тарылып, қозғала алмайтын болып қалады. Бір күні таңсәріде Зере көзін ашып, Ұлжан мен Абайға соңғы сөздерін айтады да, әжім басқан көздерін мәңгілікке жұмады. Күн шығысымен хабар шартарапқа тарап, ағайын тегіс жиналады. Абай түңіліп, ешкіммен сөйлескісі келмей, қайғыға батып кеткен болатын. Қырқына шейін әжесінің рухына арнап Құран аударып жүреді. Ұлжан Абайдың қатты ойға түскенін байқап, Ерболмен бірге ел аралап қайтуын сұрайды. Сүйіндіктің Асылбегі Абайды қонаққа шақырыпты. Олар солай қарай бет алысты. Біраз күн ол жерде қонақ болып, Қадырбай ауылына Қарашаш және бір топ жастармен барады. Сұрастыққа тек мамырдың жұтын сұрайды. Қызық ойын-сауықтар болады. Осы екі жеті ішінде Абайдың бетіне күлкі жүгіргендей болып, Тобықты жайлауына сергіп қайтады.

Қияда

3

Биылғы жайлауға таласып жатқан ешкім жоқ. Бәрінің малы аз. Жұрт күземге қарай бет алғанда Ырсай, Жақып, Майбасар, Құнанбай ішінен жиырмадай ат жоғалады. Жоқшылар ұрының ізін таба алмады. Көп өтпей Керейден де жылқы жоғалады. Ұрының ордасы Жігітектің Қаумен ауылы болып шықты. Оны алғаш Базаралы таңсәріде ұйқысы қашып, сыртта жүргенде бейтаныс аттарды алып келген өз ағасы Балағаз және қасындағылар Абылғазы мен Әділхан екенін байқады. Базаралы ызаға булығып, жағдайды әкесі Қауменге айтады. Қаумен Балағазды қасына шақырады. Базаралы шыдай алмай, өз ағасымен жағаласып кетеді. Қаумен оларды тоқтатып, Балағазға көшуін бұйырады.

Құнанбай: "Жаңа кесілген ет қайда болса, ұры да сол жақта", – деп, әр елге сыр бермейтін шал мен кемпірлерді жібереді. Көп өтпей Абылғазының үйінен еттің иісі шығады. Кейіннен ол жігіттер көрінбей кетіп, тау ішін паналайды. Ұрылардың істері ел ішіне жайылып, енді барлық салмақ олардың ауылдары Қарашанікіне және Қаумендікіне түседі. Осы тұста жаңа заң шығады. Енді Тобықтыны старшын емес, үш болыс болып билейтін болыпты. Құнанбай сайлау алдында ұрылардың тоқтатуға шешім қабылдайды. Бірақ Балағаздар мал алуды тоқтатпады. Құнанбайдың шақыруына да көнбеді.

4

Ел ішіне сайлау келгенде Жидебайдағы Абайды Құнанбай шақыртып алады. Абай әуелі әкесіне бармай, ағасы Құдайбердіге кіріп өтеді. Ағасы төсек тартып қалыпты. Құнанбай Абайды болыс болуға шақырғанын Құдайберді айтады. Оған болмағаның жөн деп, өз пікірін де білдіреді. Құдайбердінің балалары Шәке, Шұбар, Нұртазалармен Абай бір түн сол жерде қалады. Ертеңгі күні Құнанбай дәл сол болыстық туралы айтады. Абай оған: "ағаның орны бөлек", – деп, болыстыққа Тәкежанды ұсынады. Сол кезде Тәкежан да іште болатын. Оны естіп мәз бола қалады. Осыдан он бес күн өткенде Тәкежан болыс атанады. Жаңа болыс қалаға барып, Семей уезінің ұлығы Тінібекпен көрісіп қайтады. Одан қайтқанда Балағаздарды ұстауға бес кісілік қарулы топ ала келеді. Тәкежан ауыл ішінен тағы он бес жігіт қосып, Шыңғыс тауына бет алады. Топ ұрыларға оңай кез болады. Бірақ, Тәкежан жігіттері іркіліп, ақыры аттарынан айырылып қалады. Тәкежан елге құр қол қайтпайын деп, Қаумен, Қараша ауылдарының ірі қараларын алып кетеді. Тәкежанның ісін естіп, Абай Мұсақұлға жетеді. Ол жерге малын қайтару үшін Базаралы да барған болатын. Абайдың айтуымен ол малдарын ала кетеді. Содан кейін Тәкежан Балағаз бен Абылғазыларды елден қуғызғалы Семейге қағаз жөнелтеді. Ол қағазды Жұмағұл, Қарпық және бір атшы жеткізуі тиіс болған. Семейге жақын Мұқыр жырасында алдарынан үш жігіт бетін шүберекпен таңып шығады. Атшылардың бетін бұрып, қағаздардың барлығын алып кетеді. Бұлар Балағаздар болатын. Енді ұрылар Найманға қарай жөнеледі. Осыдан кейін Құнанбай ызаланып, бір түнде отыз шақты жігітке Ызғұттыны басшы етіп, ұрыларды ұстап алып келуге жібереді. Олар таң атпай-ақ, Балағаздың қыстауына жетіп, ұйқы үстінен ұстап алады. Оларды Мұсақұлға алып келісімен, Құнанбай бұйрығы бойынша Тәкежан мен Майбасар сол түні Семейге алып кетеді. Тәкежан ел ішінен ұрлыққа қатысы жоқ кісілерді де тіркеп кеткен екен. Оның ішінде Байдалы мен Базаралы да бар. Байдалы Базаралыны Құнанбайға: "Өз бөлтірігін жейтін қасқыр елі" деп сәлемдеме жіберіпті.

5

"Ұры болса да ағайын ғой", – деп Абай мен Ербол Балағаздарды ақтауға қалаға жөнеледі. Олар өз атына арыз тастап, адвокат та жалдады. Адвокат өзі Петерборда оқыған Ақбас деген кісі. Екеуінің сөзі келісіп, жақсы жақын болады. Бұл әрекеттері Байдалы, Базаралыларды құтқарғанымен, Балғаздарды құтқармады. Оларды Үркітке жер аударатын болады. Соттың ісі аяқталып, Абай Ақбаспен қоштасады. Сонда Ақбас: "Сен әлі де оқу оқимын десең, мен көмектесемін. Білім жарығына ұмтыл", – дейді. Осыдан кейін Абай риза болып, Жидебайға қайтады. Осы жазда оның үшінші ұлы Әбдірахман туылған еді. Абайдың әкелік мейірімі енді ғана туа бастаған. Бірақ, ол көп бөгелмей, пұл қамдап, қайтадан қалаға жөнеледі.

Бірінші кітаптың соңы

І кітап

Қайтқанда – 13 жасар Абай ауылға қайтады. Қодар мен Қамқа жазаланады. Ауылға қонақ болып Барлас пен Байкөкше келеді.

Қат-қабатта – Елде көш-қон. Жер дауы кезінде Бөжейге дүре соғылады.

Жолда – Бөжейлер Құнанбай үстінен арыз жазды. Абай да бірге Қарқаралыға жол алады. Ол жерде Абай Шөже ақынды көреді. Алшынбай Құнанбай мен Бөжейді татуластырады. Бөжей Кәмшатты алып кетеді.

Шытырманда – Жер, қыстау мәселелеріне Абай араласады. Түйеөркеш деген жерде Тоғжанды кездестіреді. Кәмшат қайтыс болады. Соңынан Бөжей кетеді.

Бел-белесте – Жігітек, Көтібақ, Бөкенші мен Ырғызбай араларында үш күндік шайқас өтеді. Арыз түсіп, Чернов деген шенеунік Құнанбайды алып кетеді. Құнанбай Майырды конякқа тойғызып, іс-қағаздарды жандырып жібереді. Тоғжан мен Абай кездеседі.

Өрде – Ұлжан Ділдәнің ауылына құдалыққа барады. Абай Бөжей асына ат салысады. Абайдың Тоғжанмен соңғы кездесуі.

Қияда – Абай 17 жаста әке атанады (Ақылбай мен Күлбадан). Жұт болады. Абай халыққа қамқорлық көрсетеді. Зере қайтыс болады. Балағаз бен Абылғазы жылқы ұрлаумен айналысады. Сайлауда Тәкежан болыс болады. Ұрылар ұсталып, Үркітке айдалады.

ІІ кітап

Тайғақта – Құнанбай қажылыққа жол тартады. Абай мен Ербол Байшораның Бекей ауылында Әйгерімді (Шүкіманды) кездестіреді. Әйгерімге құда түседі.

Жайлауда – Абай ауылына Біржан қонаққа келеді. Оралбай мен Керімбала бір-бірін ұнатып қалады. Бұл сезім Жігітек пен Бөкенші арасында шайқас тұдырады.

Еңісте – Абай Ақшоқыға отау тігеді. Тәкежанның Мақұлбайы қайтыс болады. Оспан мен Нұрғанымның тартысы. Ералыда болыстық сайлау өтеді. Керімбаладан айырылған Оралбай ел бүлдіруді бастайды. Абай каталашкаға түседі. Салтанат оны мың сом төлеп шығарып алады. Лосовский ояз болады.

Оқапта – Дүтбай мен Үмітей тойында Әмір бастауында сал-серілер өнер көрсетеді. Құнанбай Әмірді өлтіре жаздайды. Абай достарымен аңға шығып, жолдан адасып кетеді. Найман ауылында ғашығы Тоғжанды көреді.

Асуда – Патша өлтіріледі. Орнына Александр ІІІ отырады. Дәркембайдың дақылдарын Тәкежанның малдары жеп кетеді және жеті жылқысын ұрлап кетеді.

Тарауда – Балқыбекте сияз болады. Семейдің оязы Лосовский келіп, Абай екеуі Көкбайдың арызын көреді. Абай Дәркембайдың отыз малын алдыртады. Салиқа мен Байгөбектің мәселесін шешеді. Абай балаларын орысша оқуға береді. Өзі өлең жаза бастайды.

Биікте – Татьянаның сахарадағы әні жырланады.

Эпилог – Татьянаның әні ел сыртына да тарап, есіткендердің бәрі Абайды мақтаныш тұтады.

ІІІ кітап

Абай аға – Еңлік-Кебекті жазуға Шұбар мен Дәрмен таласады. Жігітектің қыстық шөптерін Әзімбай ордырады. Ырғызбай қарашығын жинайды. Базаралы айдаудан қашып келеді.

Кек жолында – Әзімбай Жігітектің шөбін ақыр бермейді. Базаралы орыс досы Кераланы еске алып, қырық жігіт жинайды. Тәкежанның сегіз жүз жылқысын елге соғым деп таратып жібереді. Иса жұт кезінде төрт қасқырды өлтіріп, қайтыс болады. Жігітек руы сегіз жүз жылқыны екі еселеп қайтаратын болады.

Қарашығын – Әбіш оқудан қайтады. Далбай мен Дүйсен қарашығын жинай бастайды.

Өкініште – Әбіш Мағрипамен кездеседі. Жастар қауымы Қоңырәулиеге барады. Оразбай көп мал ұрлатып, бай болып шыға келеді. Оспан екеуінің арасында қақтығыс боп, Оразбай арыз жазады.

Қақтығыста – Оспан қайтыс болады. Ресейден орыстар келе бастайды. Әзімбай жылқылары жатақтың бидайына түседі. Үлкен шайқасқа ауыса бастайды. Сосын Ырғызбай елі Оспанның жылын береді.

Қоршауда – Оспанның малы бөліске салынады.

IV кітап

Түн-түнекте – Қалада оба тарай бастайды. Сармолла халфе өлтіріледі.

Құз-қияда – Дәрмен мен Мәкен қашады. Тарамда шайқас өтеді. Соңында Мәкен Дайырдан құтылады.

Қапада – Дәркембай өмірден озады. Әбіш қайтыс болады.

Қастықта – Тобықты мен Уақтан шыққан Серке арасында жер дауы. Тұщыкөл шайқасы. Әзімқан төре санақ өткізеді. Сәмен Абайға қастандық жасайды.

Шайқаста – Сейіт үшін Оразбай ауылы талқандалады. Павлов Абайға оптимистік жол көрсетеді. Бас муфтиді сайлау басталады.

Жұтта – Алтыбай мен Байтұяқ мал артында өліп кетеді. Мағаш, Базаралы мен Ерболдар өмірден озады. Артынан Абай кетеді.

Эпилог – Абайға жоқтау айтылады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу