Ұрпақтар көзқарасының арасындағы алшақтық неден туындауы мүмкін. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 6 сабақ.


«Абай жолындағы» ұлттық салт-дәстүрлердің суреттелуі.

 Қазақ болашақ жар болатын қыз бен жігітті алдын ала атастырып, құда болады. Қазақта «жатыр құда», «бесік құда», «есік құда» деген құдалық түрлері бар.

 Ең бірінші қызға жігіт жағы келіп, құда түседі. Олар қыз жаққа өзіндік тарту-таралғымен келіп «кит» киіп қайтады. «Кит» кию – «құда болдық» деген келісімнің белгісі. Кит – құдалыққа әркімнің өзінің жолына қарай, яғни құдаға жақындығына қарай алатын сый-сияпаты.

 Китті әркім өзінің мүмкіншілігіне қарай кигізеді. Біреулер «кит» деп ішік, манат кисе, Құнанбай баласы Абайға Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділдә деген қызын айттыра келгенде «кит» деп «тайтұяқ жамбы» алған.

Ілу – есік көре барған күйеудің әке-шешесінің құдаларына әкелген сыйы. Ілу китке орай болады. Бірақ Құнанбай досы Алшынбаймен есептеспей «тайтұяқ жамбының» орнына одан үлкен «Бесік жамбы» алып барған. Бұл – ілудің басы. Құдалықтағы қыздың қарғы бауы «қырық жетісі» деген салт-жоралғы, ол «ілуден» бөлек рәсім.

 Күйеудің қайын жұртына алғаш келуін «Есік көре келу», «Қайындату», «Ұрын келу» немесе кей жерлерде «жыртыс сала келу» деп те атайды.

«...өзі Арғынға белгілі Қазыбек, Тіленшінің Алшынбайы. Бұл атырапта қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсіресе ұрын жіберу осал қам емес. Мал-дүниенің барлығынан да көп үлес, мол шығын шығару керек деген сөз»,- дей келіп: «Үй ішінің бұл жөніндегі сөздері қалай да болса аз болған жоқ, ұзақ болған...

Баратын қара малды айтқанда: жетпіс жылқы, отыз түйе аталды. Алшынбай ауылынан аяры жоқ. ... жылқы ішінен бір құла айғыр, бір жирен айғырдың үйірі кірген. Басы осы болсын дескен. Осыдан арғы үлкен әзірлікті тілейтін – жыртыстың пұл матасы» - деп суреттейді жазушы.

 Сонда ілу басы – бесік жамбы болғанда, ілу – екі үйір жылқы, отыз түйе, ал жыртыс – батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи секілді келінге жасау тігілетін мата. Яғни, келінге жасау тігілетін матаны қайын жұрты алып келген. Содан соң құда-құдағиларға шапан-ішік секілді киімдер кигізген.

 Бірінші рет есік көре барған күйеудің де киімі өзгеше болған. Аяғына биік өкше етік, үстіне қызыл манат шапан, басына төбесіне үкі тағылған ұзын төбе тымақ киген. 

«Басқа үкі тағу – бар күйеудің әдеті. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын», - деп күйеу киімін суреттей келе, күйеудің мұндай киімін кигісі келмеген Абайға әжесі Зере қатты бұйрық етіп:

-  Ата-бабаң жолы осы! Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! – деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы киімнің бәрін кигізгенін айтады.

 Иә, бұл киімдерді кию ата-баба жолы. Ал ата-баба жолын құрметтемеу, салт-дәстүрді құрметтемеу ол сол ер азаматтың ата-анасына сын. Және бұл киімдерді кимей бару ер азаматтың қайын жұртына деген құрметсіздігі болған.

Күйеу жағынан келген құдалар қалыңдық ауылына, жастардан бөлек, бұрынырақ келіп түседі. Жастар ауылға жақындаған кезде, жастардың ішіндегі жасы үлкендері ауылға ертерек барып, хабар айтады. Содан соң жастардың алдына қыздың жеңгелері шығып, аттан түскен күйеулерді, жаяулатып ауылға  алып  кіреді.  Күйеудің,  күйеудің  жолдастарының  атын жеңгелермен бірге келген жас балалар мініп кетеді. Жас балалар күйеудің атын аямай мінеді. «Күйеудің атымен күл тасы» деген сөз содан қалған.

 Үйге келген күйеулерді бөлек үйге енгізіп, шымылдық артында ұстайды. Күйеуді көріп, бата беруге келген үлкендерден күйеуді қарсы алған қыз жеңгелері көрімдік алады. Үлкендер келгенде күйеу шымылдықтың ішінде тұрады. Көрімдік алған жеңгелері шымылдықты ашып, күйеуді көрсетеді. Көруге келгендер ақ тілектерін айтып, шашуларын шашады. Олардың айтқан ақ тілектеріне күйеу жігіттің жауап айтуы шарт емес.  

 Ұрын келген күйеуді осылай күтіп алған. Және күйеу алғаш келгенде көптеген нәрсеге көндіге білу керек. Солардың бірі – қалыңдықты күйеу жігітке оңайлықпен көрсетпеу.

 Ең бірінші қыз жағы осы табысудың, осы келудің тойын жасаған. Ол тойда ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру сияқты ойындар ұйымдастырылған. Бұл ойын-сауықты жұртпен бірге көру күйеуге рұқсат етілген.

 Тойдан соң сол күні қалыңдықты күйеуге көрсетіп, некесін қиып, «Қол ұстату» ырымын алады. Бұл ырымның мәні: жеңгелер сусыған жібек матаның астынан күйеу мен қалыңдықтың қолын бір-біріне ұстатады. Содан соң «Шаш сипар» ырымы, ол да жібек маталы қолмен қыздың шашынан сипайды.

 Неке қияр мен той салты өткен соң, үлкендер екі жасқа баталарын береді. Неке қыздың үйінде қиылады.

 Алғашқы неке түні күйеу жігітті сыртқа шығарып, қыз жеңгелері төсек әзірлейді, содан соң, бірінші, күйеу жігіттен «етік тартар» рәсімін алып, жігітті төсекке жатқызып, қасына қалыңдықты алып келеді.

 Қазақ халқының ғұрпында алғашқы түн қыздың үйінде өтеді. Жолына қарай «кит» киген құдалар елге қайтады да, күйеулер қыз ауылында он шақты күн қалып қояды.

Белгіленген уақытта қызды күйеуі ағайын досымен барып, ұзатып әкеледі. 

Жолдаған: Досхан Жылқыбай

https://massaget.kz/layfstayl/debiet/proza/27139

 «Абай  жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген сол дәуірдің шындығын мейлінше мол әрі терең бейнелейді. «Абай жолы» роман-эпопеясында, суретшінің дәуір шындығы, феодалдық-рулық тартыстар, көшпелі қоғамдағы топтың жіктелуі, қарапайым еңбек адамының аянышты, азапты өмірі ғана емес, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары, көшпелі тұрмысы, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмірі, жан-жақты эпикалық планда, энциклопедиялық тұрғыдан терең суреттеліп жазылған.

Романда халқымыздың салт-дәстүрі сол кездегі өмір шындығымен астасып, романның көркемдік қуатын күшейтіп, романдағы кейіпкерлер әлемімен тұтаса келе көз алдымызға көркем шежірелі ғажайып өнер туындысын ұсынады.

 Жазушының әрбір туындысы үлкен еңбекті, ізденісті қажет етеді. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға Мұхтар Әуезов үлкен дайындықпен келіп, оған дейін аса мол ізденіс сатыларын бастан өткерген еді. Осындай  жазушының талмай еткен еңбегінің арқасында, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш, шоқтығы биік роман-эпопея дүниеге келді.

«Абай жолы» роман-эпопеясында жазушы М.Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін суреттей отыра, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы шындық, ондағы талас-тартыс, тап арасындағы қарама-қайшылықтарды, жеке бір адам өміріндегі өзгерістермен байланыстыра отырып өте шебер бейнелейді.

М. Әуезовтың халық өмірін терең білуі, оның энциклопедиялық білімі мен жазушылық дарын шеберлігінің ұштасып келуі «Абай жолы» романының реалистік көркемдік деңгейін ғарышқа көтеріп кеткендей. 

 Сен өзіңнің туған халқыңның, қазақ халқының, өткен өмірін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білгің келе ме, онда «Абай жолын» оқы! 

Жолдаған: Досхан Жылқыбай



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу