М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал.


Абай жолы -1 (Қайтқанда)

Қайтқанда(қысқартылған)

I

 Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды.

Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста оятып тұрғызып еді.

Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады.

Арттағылар -Байтас пен жорға Жұмабай:

 - Мына баланың ауылға асығуын-ай!

 - Сорлы бала қыстай іш құста болып қалған-ау,- деседі. Бала шәкірт ұзап кеткенде бұлар да еріксіз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетеді. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына ілген ұзын қайың сойылы бар-ды.Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:

- Енді бізден ұзап кетпе! Анау Есембайдың жырасын білесің ғой!... Ұры жатады... - деді.

- Сені мен бізді манадан көріп отыр! «Қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсіріп, атын әпкел езінің!» - дейді де, сені төбеден бірақ нұқып, мына бәйге бестіңді алады да кете барады,- деді Жұмабай да.

- Е, сендер ше? Сендер беріп жібересіңдер ме?

- Ойбай, бізде не қауқар бар? Біз екеу-ақ...

- Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман,- деп Жұмабай шошыта сөйлегісі келеді.

Баланың қытығына тиетіні осы жері.

- Әйтеуір, сендерден дәрмен жоқ екен. Ендеше бірге жүрдім не, жеке жүрдім не? Ал кеттім!-деп, соқтырта жөнелді.

 Бұдан бұрынғы екі күндік жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан бүгін, ауылға жететін күні үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән ырза. Күні бойы осылай етуге байлаған.

- Бала деген қорқар болар еді. Ес бар ма өзіңде, пәруәрдігер,- деп, Байтас бабын таба алмай басын шайқайды.

 Жұмабай әбден болмаған соң:

- Қап, мынаның баласы!... «Мен бөрінің бөлтірігімін» деп келеді-ау! Қой, не де болса қалмайық енді. Байтас, жүр!- деп шаба жөнелді. Екеуі де жарыса бастады.

 Белге шығып алып шауып келе жатып қарағанда, бала көрінбеді. Сөйтіп, осы белдің ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бір дүсірді есітті. Дәл Есембай биігінің тұсы.

 - Әй, кәпір, содан қосылған жау болды-ау. Баланы алып, бізді баққан екен-ау!- деп, ақ көк атты тепкілей берді.

- Мас көзіңді, мас!- деп, әзірейілдей төніп келе жатқан бірдеме. Атын да, кісісін де болжай алмады. Әдейі танытпайын деп, бет-аузын таңып алыпты. Бұл өңірдегі күндізшабатын ұрының әдеті. Байтаста үн жоқ, өз бетімен замғап барады. Қолды болса,болатын жорға Жұмабай.

 Енді не де болса жанды қармайын деп, тақымындағы шоқпарына жабысты.

 Тақымынан толық шығарып алғанша бастырмалатып кеп, Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне қарай баса кигізіп жіберіп, сол сәтте шоқпарға жармасты. Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзеуге де мұршасы келмеді. Сөйткенше, жырынды жау мұның жаңағыдай сасқалаңымен пайдаланып, шоқпарды да тартып алды.

 Енді, ақ боз ат та бірдемеге тіреліп тоқтағандай, Жұмабай зорға дегенде бойын түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейін қайырып қап еді. Қараса, бұның шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың алдынан көлденең шығып, қазір ішек-сілесі қатып, үнсіз күліп тұрған бағанағы бала шәкірт. Өзі айтқан «Құнанбайдың бөлтірігі»- Абай екен.

 Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды.

 - Өй, балам-ау, мына жер - жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның?- деді.

 Байтас та күлген бойында қайта оралып келеді екен.

 Абай өзінен үлкен кісінің қорыққанына қатты ырза еді. Кәдімгі «жолбасар» ұрыларша шапан-бөркін айналдырып киіп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып, Жұмабайды куғанда тағы сол ұрыларша, «дауысымды танытпаймын» деп, мыңқылдап сөйлеп бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр алдырған жоқ. Сондықтан Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып күліп келе жатып:

- Құла бестінің тебелін де жоқ қыпты, қарай гөр өзін!- деді. Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестінің төбелін саз балшықпен баттастырып тұрып сылап қойыпты...

 Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлді білмейді. Бірақ оның Байтасқа айтқан бір сезінде Құнанбай тапсырған бір жұмыспен барып келе жатқаны мәлім боп еді. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл Құнанбайға қадірі бар кісі. Абайға ашуланып, ренжіп барса, алдымен әкесіне шағады.

 Осыны еске алып кеп, Абай енді күлкіден тыйылып, жаңа қатарласқанда:

 - Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке!- деді. Енді тіпті сыпайы. Сызылып тұр.

 Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да үндемеді.

 ...Бала шәкірт ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне жөнелді.

 - Уа, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!

 - Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың!- деп, екі жолдасы тағы тежей бергісі келді.

 Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға жетуге асыққан бала шәкірт ол сөздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.

 Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті, ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса: киімдері,ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті, сарытоқым ұры болған - ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері де ұмытылмайтын. Қайта бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем деген іште жүрген ынтықтығы да болатын.

 Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы, бие-бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы да соншалық таныс, жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан кеткен болатын.Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салғанең соңғы бір ыстық қоныс осы болатын. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы күндері дәл осы Есембайда өткен.

 Енді кеп: «Бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздің қандайы болса да көңілге дарымайды. Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді. Сылап-сипап «Мен сені сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймін. Тіпті, қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсің демеймін» деп қараған сияқты.

 Тағы да шапқылап, қара үзіп, алыстай берді. Болмайтын болды.

 - Артыңда қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текіректейміз. Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя берейік,- деп, Байтас бурыл атты ағыза жөнелді. Жұмабай да еріксіз шапты.

 Аздан соң Абай бұларды тосып алып, енді үшеуі бірдей ұзақ-ұзақ жарысуға айналды.

 Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді.

 Көлқайнар суы мөлдір, мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт аулы қоныпты.

 Бұның бәрі «Құнанбай аулы» деп аталады. Өзінің аулы мен жақын туысқандарының ауылдары.

 Көлемі аз бұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, шұбыртқан малы да, адамдары да қешкі мезгілде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтіндері де біріне-бірі қосылып ұласып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үрген иттер, мал қайырған айқайлар, маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлі ауыл - Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың аулы.

 Осы ауылдың шеткі үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсіресе, қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерін белдеріне қайырып түріп алған, алжапқыш тартқан қалыптарымен, қолдарына шелектерін ұстасып, жүргіншілерге қарап:

 - Қалашылар, қалашылар келеді!

 - Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы,- деді бір қартаң қатын.

 - Бәсе, Телғара ғой... жаным-ау, мынау... Телғара! Әпкеме айтайыншы,- деп, тағы бір жас қатын, жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан.

 Сағынған баласының келер мөлшерін Байтас кеткеннен бері шешесі Ұлжан да есептеп, осы бүгінге ұйғарып жүр еді. Өз үйінен шығарда, төрде отырған енесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.

 Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы көретін немересі Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін тілеп отыратын.

 Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары, бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың барлық үйлерінен шығып, жүгірісіп келіп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр.

 Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

 - Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!- деді.

 Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырданшыққан жолаушылар тәрізді. Өздері өңшең толық денелі, үлкендер сияқты.Құнанбайдың бүгін әдейі тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.

Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:

 - Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің де өсті ме?- деді. Кекету ме, жоқ күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме?       

 Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрібақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:

 - Шүкірлік, әке,- деп біраз тұрды да:- ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын, фатикасын алып қайттым,- деді.

 Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.

 Әкесінің қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал шешесінен туған інісі. Майбайсар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:

 - Өзі тіпті көшелі кісі боп қапты!- дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін аяқтатпастан Абайға:

 - Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам!- деді.

 Абайдың күткеніде сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай Абайдың бүгін оны қорқытқанын әңгіме қып жатты. Бала енді асығып, өз шешесіне қарай жақындай беріп еді, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бір жеңгесі:

 - Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау!- деп, мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді. Тағы бір жеңгесі - Ызғұттының қатыны Тобжан да сүйді.Содаң кейін үлкен қатындар және осы топтағы үлкен еркектің, ағалардың да бір-екеуі сүйіп жатыр. Абайды шын балаға айналдырып жіберген осы сүйістер еді.

 Барлық үлкеннің құшағына амалсыз кезек-кезек кіріп болып, енді сытылып, шешесіне қарай баса берді. Абайдың ез шешесі Ұлжан мен екінші шешесі, сұлу жүзді - Айғыз қатар тұр екен.

 Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күліп:

 - Пай, жаман қатындар сілекейлеп, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау,- деп паңдана күлді де, Абайды көзінен сүйді.

 Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, баурына басып тұрды да,мандайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бергі мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ, баурына басқанның өзінде де Абайдың жүрегін қатты-қатты соқтырған аса бір езгеше жақындық білінді. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған жоқ.

 - Әжеңе бар,әнеки!- деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше,таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.

 - Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме!- дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде:- Қарашығым, қоңыр қозым...Абай жаным...- деп кемсендеп, жылауға айналып кетті.

 Әжесі құшақтаған бойында үлкен үйге кірген Абай, ымырт жабылғанша осында болды. Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп ішкен де жоқ. Күні бойғы аштығы да ұмытылған сияқты.

 Ас бере отырып, бойлары үйреніскен сайын шеше, жеңгелері баладан:

 - Елді сағындың ба, кімді сағындың?

 - Молда болдың ба?

 - Оқып болдың ба?- деген сияқтыларды қайта-қайта сұрасады. Абай өзге сұрақтарға жөнді жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ кімді сағындың дегенде:

 - Оспан қайда? Ол қайда жүр?- деп езінің кіші інісін, тентек Оспанды бірнеше рет сұрап еді.

 Ұлжан басында ол сұрауын елеусіз қалдырып артынан тағы бір айналғанда:

 - Е, жүр-дағы жынды неме. Бүгін осында маза бермеген соң, әжең екеуміз қуып шыққамыз,- деп әжесіне нұсқады.

 Әжесі езіне байланысты бір нәрсеге ишара қып отырғанды көріп:

 - Не дейді? Не деп жатырсыңдар, естімедім,- деп еді, Абай Оспан жайын айтып кеп, қатты сөйлеп:

 - Әже-ау, былтыр мұндай емес ең... Құлағыңа не болған, неге естімейсің?- деді. Көптің ортасында отырса да, еріксіз жапа-жалғыз боп оқшауланып қалған әжесіне жаны ашып, құшақтап алдына жантайды. Әжесі түсінді де, аз ғана босаңсып:

 - Балам-ай, әжеңде қуыс кеуде болмаса, не сымбат қалды?- деп, өзіңің дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп еді. Баласы қимады.

 - Жазыла ма өзі? Емдесе қайтеді?- деді. Үй іші де, әжесі де құр күліп қана қойды.

Кәрі шеше күле отырып, баласының талайы қайтпасын дегендей қып:

 - Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады,- деді.

 - Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа,- деп Айғыз күлді.

 - Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін.

 - Сорлы кәрінің көңіліне о да болса демеу ғой!...- деп үйдегі үлкендер, әсіресе, жеңгелер Абайдан шын бірдемені дәметкендей.

 Абай аз күлімсіреп отырды да, бір кезде оқыстан, әжесінің басын құшақтай ап, сыбырлай күбірлеп, бір нәрсені шұбырта жөнелді.

 Мүбада болса ол бір кәз,

 Тамаша қылса юзма-юз...

 Кетіп қуат, юмылып көз!

 Бойың сал-сал бола нига?!

- деп кеп көзін жұмып, ернін жыбырлатып, әжесінің құлағын ашып «су-ф!» деп қойды. Бұл өзінің, биыл осы көктемде Науаи, Физулиді оқып жүріп жазған өлеңі болатын. Отырғандар әлі де дел-салда. Күдік етушіден де шын дұғалық екен деушілер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп алдаңқырап келді де, енді шынын танытпақ боп, даусын ашық етіп қатайтып алды. Тағы да көзін жұмып, түсін томсартып, құран аударған молдадай, ілгері-кейін теңселе беріп:

 Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

 Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,

 Кәрі әжем естімейді, нана берсін,

Берейін өлеңіммен шын ұшықтап...

- деп кеп, тағы да «су-ф-ф!» деп қойды. Үйдің іші енді сезіп, ду күлісті. Соңғы өлеңнің тұсында әжесі де түсінген. Ол, үні өшіп, сүйсініп күліп, баласын арқаға қағып, маңдайынан иіскеді.

 Абай күлместен, мысқылдай қарайды. Әжесіне жабысып отырып:

 - Қалай, құлағың ашылды ма?- деді.

 - Е, жақсы боп қалды. Өркенің өссін, балам!- деп әжесі алғыс айтты.

 Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды. Қара сұр бала көптің көзі бір өзіне қадалғанға енді қысылыңқырап, қызарып еді. Бірақ, көзінде жайнай жанған от білінеді. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты.

Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мінезіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы мінез жағынан да ересек тартқансияқты.

 Дәл осы кезде Майбасардың атшабары кеп кірді. Бұл бағана, кеште Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай еді. Келді де:

 - Абай шырағым, сені әкең шақырып жатыр,- деді.

 Үй іші де, Абай да үн қатқан жоқ. Бағанадан бергі еркін, ойнақы, бала мінездің бәрінен тартынып, бойын жиып бала шәкірт үндемей үйден шықты да, әкесі отырған үйге келді.

 Қонақ үйі шешелер үйіндей емес, сыртынан да салқын, үнсіз. Абай есіктен кіре, үйде отырған  үлкендерге ашық дауыспен, айқын етіп сәлем берді. Үлкендер де мұның сәлемін дауыстап алды. Кісі көп емес, Құнанбай мен Майбасар, Жұмабайдан басқа осы өңірдегі Тобықтының белгілі үлкендері: Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік екен. Және осылардың жанына ерткен жас жолдасы тәрізді Байсалдың немере інісі - бала жігіт Жиренше бар. Абайдан жасы үлкендеу болса да, ол құрбыша ашына еді.

 Әкесінің бағанағы кешке күткен кісілері осы үлкендер болды. Абайдың бала күнінен сезетін бір жайы: мұндай кісілермен, әсіресе, дәл осы төрт-бес кісімен бас қосу ел ішінде басталатын бір үлкен істің, оқшау істің белгісі болатын. Оларды әкесі ежелгі дағдысы бойынша әдейі шақыртып алған сияқты.

 Бұрын ондай сөздеріне Абай араласып та, тыңдап та көрмеген. Бүгін бірінші рет әдейі алғызып отыр. Бір ойдан Абай өзіме бірдеме айтпақ па екен деп те ойлады. Бірақ ешнәрсенің қисынын таба алмады.

 Абай келіп отырысымен анау үлкендер бұдан: қала жайын, оқу жайын, саушылығын сұрастырды.

 Сөйткенше, сырттан Оспан кіріп келді. Кішкене інісі. Ауылға келгелі көп сұраса да, көре алмаған тентек, содыр інісі.

 Ол сәлем беруді ұмытқан жоқ. Бірақ әкесі мен өзге ешкімге қарамастан, келе Абайды құшақтай алды. Өзінің де ең жақсы көретін туысқаны Абай еді. Екеуінің арасы 5-6 жас. Сондықтан Абай қазір де оған аға есепті. Оспан келе бергенде бұ да құшағын жайып бетінен сүйді. Үлкендер бұлардың жаңа көріскенін сезіп, мына мінездерін кешіргендей. Бірақ келесі минутта-ақ Оспан өзінің тентектігін танытып, абыройдан айырыла бастады. Ол, «қайда жүрдің» деп ақырын сұраған Абайға жүресінен отырып, ағасының мойнынан құшақтап, өзіне қарай тартты да, құлағына бір нәрсе сыбыр етті. Бұнысы бір қатты нашар боқтық сөз еді. Шеткі үйде өзінің ағасы Тәкежаннан үйреніп кепті. Сағынған ағасымен ең алғаш тіл қатқанының өзі осы. Абай сескеніп, құлағын тартып қап:

 - Өй, не дейсің?- дей беріп еді, Оспан атып тұрып, мұны бас салып құшақтап:

 - Айтпа, айтпа деймін анаған! Айтушы болма анаған!..- деп, әкесі жақты нұсқап, Абайдың аузын аштырмай, шалқалатып жыға берді.

 Абай бір жағынан еріксіз күліп, екіншіден қысылып, бойын жиып алайын деп еді. Денесі кесек, қолы қайратты Оспан түрегеліп алып, шалқалата жығып салды. Және соның үстіне, ұртына тығып жүрген бір сілекейлі қатты нәрсені әпсәтте Абайдың көйлегінің омырауын ашып, жалаңаш етіне тигізе тастап жіберді. Абай сескеніп, тітіркеніп ырши берген. Үлкен кісі сияқты боп отырған шәкіртті, мына бала бір сәтте кішкене балаша алыстырып, арпалыстырып жіберді.

 Оспан оның тітіркенгеніне мәз болып, әкесін ұмытып сақылдап күліп:

 - Бақа! Бақа салып жібердім көйлегіңе,- деп, Абайды бұрынғыдан да жаман тітіркендірді.

 Құнанбай өзінің арт жағында отырған балалардың не қып жатқанын байқамаған. Енді тентек Оспанның дағдылы мінезі құтырып, үдей бастаған соң ашуланып, шұғыл бұрылып, жалт қарады. Жаңа байқады. Алпамсадай болған, асау қара баласы, Абайдың кеудесіне мініп ап тұрғызбай жатыр екен.

 Құнанбай өз алдындағы мына бейбастақтыққа қатты ашуланып, Оспанды сол қолымен өзіне қарай жұлқып сүйреп алды да, жақтан тартып-тартып қалды. Оспан екі беті нарттай жанып, үлкен көздерімен әкесіне шоқтай қадалып, сазарып тұрып алды.

Құнанбай атшабарға қатты әмір етіп:

 - Бар, алып кет қарғыс тигенді!- деп Оспанның бетін бұрды да, итеріп қалды.

Үй іші бірталай жым-жырт отырып қалды.

Сонымен, біраз томсарып отырып барып қайта қыбырласқанда Құнанбай ойдағы сөзін бастады.  

 

2 (Қысқартылған)

 Қонақ үйде, дөңгелек үстел үстінде, қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр. Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді.

 Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді.

Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын ғана таңдана шешіп отыр.

Үлкендер тобына бір жақтан телміре қараған Абай болса, дәл осы тәрізденіп, барынша бой салып, қарап отырған - ана шеттегі жас жігіт Жиренше.

 Бұл – Көтібақ ішінде Байсалдың жақын туысқаны Шоқаның баласы. Байсал әрдайым қасына ертіп жүреді. Әрі жігіті, әрі сөз ұғып, Адам болар деген жасы. Ол әңгіме атаулыны көп біледі. Қызық қып айтады. Өзі күлдіргі. Абайды еркелетіп те қоятын кезі бар-ды. Қазіргі осы жиында Абайдың оңаша кездесуді іздейтін жалғыз ыңғайлы көрер адамы осы.

 Абай енді байқады, әкесі сөзін аяқтап келеді екен.

 - Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отырған сендерге салық!- деп аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз көзін енді төрдегі Байсалға аударды.Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды.

 Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ., Өзге отырғанның барлығы сөздің салмағы мен түйінін өз арқаларынан сезгендей боп қозғалақтап, ырғалып қалысты.

 - Ендеше, өлімнен ұят күшті. Ел көрмеген сұмдыққа, ел көрмеген жаза керек!- деп Құнанбай байлауын айтты. Қайта босар түрі жоқ. Тас түйін боп бекініп, түйіліп алған көрінді.

 Отырғандар осы күйді танып қалды. Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда қайта оралар қайырымы жоқ, оны бәрі біледі.

 Қодарды Абай білмеуші еді. Оған бұл ат әуелі - «Қозы Көрпеш - Баянның» Қодарын елестетті. «Сұм» дегеніне қарағанда да, былтыр Байкөкше ақын бұның шешелеріне жырлап берген Қодардың бейнесі сияқты. «Қодар деп соған ұқсаған біреуді әдейі сол атпен айтып отыр ма» деп ойлады.

 Жым-жырт жиынның ішінен алдьімен сөйлеген - майысқақ Қаратай. Ол:

 - Сұмдық екені рас. Ұлы-қызыңның басына бермесін. Шын болғанда, кәпір қауымында кететін іс қой бұл,- деп, «Қодардың айыбы шын ба, бекер ме?» деген өз ойларыңдағы күдікке ептеп қана бір соғып, қиялап салды. Қодардың бұл жиындағы аталасы - Сүйіндік. Құнанбай бағанадан зіл салғанда, әдейі соған шұқшиған. Оны да жұрттың бәрі біліп отыр. Қодар қылығының орайын алдымен өз туысына «айыпты», «сорақы» дегізіп өз аузынан айтқызып алу Құнанбайға да керек.

 Ал Сүйіндік сол сөзді оп-оңай, бІр айналмай айтып салса ертеңгі тауқымет бұнда.

 - Осы айыбына көз жетсе, тұрғызып қойып бауыздайық. Бірақ сол шынына жеткен жан бар ма?..- дей беріп еді. Құнанбай серпіліп, ілгері ұмтыла түсті.

 - Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. Ел тұрсын, кешегі жиында бетІмізге былш еткізіп, жарып айтқан жатты терге. Соған да жеткен. Бар да «өтірік» деп соны иландырып келші. Ел аузына қақпақ болып көрші. Бірақ ол қолыңнан келмейді. Ендеше, не ер бол да, ақта! Немесе илан да, жазала! Тек, жарықтығым, дүмбілезіңді көрсетпе, былқыл-сылқылыңды аулақ әкет!- деді.

Енді Сүйіндік те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң бағанадан Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:

 - Қара деп жазалаған күнде, мұның жазасы не болмақ,- деп еді, Құнанбай:

 - Мына Жұмабай қалаға барып, Ахмет Риза хазіреттен фатуа сұрап келді. Жазасы дарға асу депті.

 - Дарға?- деп Қаратай үркіп қалды.

 Бөжей Құнанбайға ажырайып, тіксіне қарап еді, аямас түсі айқын екен.

 - Барлық байлау осы болғаны ма? Ит те болса, бауыр емес пе еді?- дегенде, Құнанбай қынжыла түсіп:

 - Оны бауыр дегеннің бауыры езілсін!, Шариғатпен шарпыспақпыз ба? Қодар емес, құтпаным болсын, қайтпаспын да, тынбаспын,- деді. Енді бұғалық әкететін, бойлауық жеріне жеткен екен. Бөжей іші мұздай отырып:

 - Көзің жетсе, мейлің білсін,- дей салды да, ойдағысын ішке бүгіп қалды.

 Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік, мінезбенен іске де алғыр. Осының бәрі, өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын.

 Бірақ Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бәжейлер. Осылар соңғы бір жыл бойында бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Оны Құнанбай біледі.

 Аздан соң сөзді басқа жаққа көшіріп, осы көктемде мал тойыны қандай, шөп шығымы қандай, көші-қонның мезгілі қандай болатынын айта бастады. Осы кезде Жиренше Абайға ым қақты да, тысқа шығып кетті. Абай, Қодардың қылмысы не, өзі кім екенін білмеген қалпында болатын. Ол жалғыз-ақ «дарға асу» деген жерде, ішінен бір түрлі тіксініп қалды. Әкесіне сене алмай, сескене қарап, «соны істейді-ау» деп бір ойлады. Абай да Жиренше кеткеннен кейін, біраздан соң ақырын сусып, тысқа шықты. Бұл уақытта Жиренше соңғы атқа шідер салып, отқа жіберіп жатыр екен. Есік ашылған жерден Абайды көрді де, ақырын дауыспен:

 - Абай, бері кел, мұнда кел...- деді.

 Абай бұған жетер-жетпестен:

 - Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? О не қылған? Айтшы,- деді.

 - Қодар – жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Борсақ.

 - Ол қайда?

 - Е, ол мына, Шыңғыстың ет бөктерінде, Бөкенші асуының бауырында.

 - Ал ол не қылған?

 - Сол биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін, келінімен жақын бопты дейді. Ана кісілердің сұмдық деп отырғаны сол.

 Абай әкесінің жаңағы «дарға асу» деген жердегі аяздай суық пішінін еске алды. Үндемей біраз тұрып, қабағын шытып, қатты күрсінді де, айналып жүріп кетті. Шешесінің үйіне қарай беттеді. Жиренше басқа да бірдеңелер сөйлеспек боп, бөгемек еді, қайрылған да, үндеген де жоқ. Кете берді.

 

3 (Қысқартылған)

 Келіні жаңа ысытып әкелген, құрт қосқан қонақ көжені анда-санда бір ұрттап отырып, Қодар:

 - Қарағым, Қамқа, бүгін күн жұма ғой осы?- деді.

 - Жұма, бейіт басына барып, құран оқып қайтайықшы,- деді де, Қамқа күрсініп алып:- құданың құдіреті бүгін түсіме балаңыз бір түрлі боп кірді. Осы дәл еңімдей, үйдің сыртына кеп аттан түсіп, асығып, жайраңдап кіріп келді. Келді де: «әкем екеуің жылай бересің... Зарлай бересің. Мені шын өлді деймісіңдер? Алмен, міне, келдім... Тіпті өлгем жоқ... Қойшы, Қамқа! Қабағыңды ашшы!» деп, осы бір түрлі сай-сүйегімді босатты!..- деді.

 Осы кезде Қамқаның да, Қодардың да көздерінен үнсіз жастар біртін-біртін сорағытып ағып отыр еді.

 Қодарда соңғы күндерде Құтжан дертінен бөлек өзгеше бір ыза бар. Оның себебі, осыдан үш күн бұрын Сүйіндік бір кісі жіберіпті. Оңаша алып сөйлескен Бектен деген бір сөзуар көсе бұған әрнені шарлап кеп:

 - Ел аузына кім қақпақ болады? Қан көтеріп әкетіпті. Жаны ашыған жақсы да сол өсекті басам десе, баса алмапты,- деп, Сүйіндікті атап, оны бір мақтап қойған. - Сол сөзге иланып алған Құнанбай, саған қатты жаза бұйыратын түрі бар. Сүйіндік өз бауырын қисын ба? Саған мені әдейі жіберіп отыр. Сөз айқындап ашылғанша, тая тұрсын, бір жерге жалтара тұрсын дейді,- деп келген.

 Қодар ыза мен қорлықтан өлердей боп булығып, орнынан атып тұрып:

 - Уа, кет, жоғал! Құдайдың кәрін көріп болған Қодар Құнанбайдың кәрінен қорқар деп пе ең? Жоғал әрман!- деп айдап жіберген.

 Осы сөз бүгін де Қодарды ызаменен қайнатады. Бірақ Қамқамен бұл жайды сөз қылуды ойлаған емес. Өзінің әкелік жүрегі өзіне мәлім. Балалық жақындығы Қамқаның да өзіне мәлім - берік.

 Екеуі ақырын аяңдап бейіт басына келді. Қодар құран оқи білмейді. Қамқа да оқыған емес. Бірақ екеуі де өзді-өзі ішінен Құтжанға тілеуін, зар болғанын, арманда қалдырғанын айтады. Тағы да бірталай уақыт отырып қалыпеді. Бір кезде бұлардың сырт жағынан дүрсілдетіп келіп қалған бірнеше аттыныңдабыры естілді.

 Қодар да, Қамқа да бұрылған жоқ, Аттылар мінбелеп кеп түсіп жатты. Бұлар бес кісі екен. Бастығы Майбасардың қара сақал атшабары - Қамысбай. Қалғанының екеуі - Бөкенші, екеуі - Борсақ. Қамысбай аттан түсе бере:

 - Көрдің бе, жәдігөйді!- деп күңк етті. Қодар мен Қамқаны бұл күйде көреміз деген жоқ еді. Мынадай сарылып отырған кайғыны көргенде, өзге болса жүрегі шайылар еді.

 Қодар мыналардың әдейі келген жайын байқап, бұрылды да, сабырлы суық жүзбен:

 - Нелерің бар, жандарым?- деп еді. Қамысбай тепсініп кеп:

 - Неміз болушы еді? Сендерді ұлық шақыртып жатыр. Мына Қарашоқыда елдің игі жақсысы жиналып отыр, тосып отыр!- деді.

 - Жақсың кім? Ұлығың кім өзі?

 - Ұлығым старшын Майбасар, бастығы - Құнанбай. Мына келінің мен екеуіңді жауапқа шақыртады. Тұр, жүріңдер!

 - Сандалып жүрмісің? Не ақьің бар?

 Төрт жігіт әуелі Қодарға қарай ұмтылды. Қодар:

 -А, құрыған құдай, нең бар еді?- дей беріп, қасына бұрын барған екі жігітті қойып-қойып жібергенде, біреуі мұрнын басып ұшып түсті. Бірақ сүйткенше болмай, қалған төртеуі жабыса кетіп, даяр шылбырмен қолын сыртына қайырып, байлап алды.Қамқаны да сүйретіп отырып, аттың жанына алып кеп, Қамысбайдың алдына мінгізді.

 Қодардың артына Жетпіс мінді.

 

4

 Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес. Шыңғыстың үлкен биігінің бірі

 Қодардың алдында жүз қаралы жиын тұр. Ортасында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар - бәрі бар. Алдағы осылар да, артында ентелеп тұрған - ақсақал, қарасақал. Әр рудың, көп рудың адамдары. Ылғи атқамінері ғана. Ішінде жұпыны киімді біреу жоқ.

 Қодар сәлем бермеді, өзі таңулы. Ішінде удай қайнаған ыза мен ашу бар.

 Жиын ортасында, жалғыз көзі бұған оқтай қадалып тұрған Құнанбайды танып, соған қарап түйіліп, қатты ақырып:

 - Уай, Құнанбай, мені құдайдың жылатқаны аз ба еді? Бұ не қырсығың?...- дей бергенде Майбасар бастаған әулекі жуандар:

 - Тарт тілінді!

 - Қысқарт!

 - Жап аузыңды!- деп арс-арс етті

 Қодар саспастан тұрып, қарсы ақырды.

 - Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсің! Жабыларсың, таларсың да жерсің!- дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жігіт Қодарды сүйрей жөнелді. Сүйретіле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап:

- Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан, қара бет?!- деп, қанталаған көзіменҚұнанбайға бұрылып, атып жіберердей қарады.

 Жиында үн жоқ. Түйенің ар жағына Қодармен тең қып асқан Қамқа, түйе тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті. Оны бәрі көріп тұр. Қодар бір жиырылып, бір созылып, тез өле алмады.

 Құнанбай жұрттың күбірі көбейіп бара жатқанын енді сезді. Өлтіргеннен де қинау бататын тәрізді. Оң қолымен қатты ишарат қып, түйені шөгер деп бұйырды.

 Түйе шөккенде Қамқа серейіп сұлық түсті де, Қодар өлмеген екен, бүктетіліп түсті. Сол арада жұрттың есін жиғызбастан, Құнанбай қасындағы құзды көрсетіп:

 - Шық алып мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпірді! Бітсін сонымен!- деді.

 Дәл осы кезде Жексен аулына төменгі тоғай ішінен шығып, қатты жүріп кеп, екі сал атты түсіп еді. Олар аттарын шеткі үйге байлай сала, жылдам басып келе жатқан Абай мен Жиренше болатын.

 Аттан түсе бере, бұлар тас басына тегіс аңырып, қарап тұрған жиынды көріп, өздері де солай қадалды. Бір кезде шекпенінің етегі қанаттай боп шалқи шашылып, құлап келе жатқан дене керінді. Жиренше атты байлай сала топқа қарай жүгіргенде, Абай кезін басып отыра кетті... Бітті, өлді...

 Мезгілімен жетсе, әкесіне өмірінде бірінші рет жалынып аяғын құшса да өлтіртпей алып қалмақ еді. Кешігіп қалды.

 Абай жеткенше жұрт бірі артынан бірі тас жіберіп ұрып жатыр. Топтың шетіне Абай келе бергенде Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне бетін тақап:

 - Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақыны. Өзі шал. Өзі Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ екен, көк төбетке!?- деді.

 Абайға нағыз өлтіруші осы сияқтанды. Ентелей ұмтылып, Жексеннің желке жағынан тақайбергенде, Жексен Қодардың өлігіне қарап:

 - Кет, бәлекет, жүзі қара! Кет!- деп, үлкен тасты жіберіп қалды. Қодардың денесін Абай жаңа көріп еді. Бас сүйегі мылжа-мылжа болыпты. Жүрегіне қан төгілгендей қайнап кеп:

 - Өй, кәрі малғұн!- деп, Жексенді желкеден қойып жіберді. Жексен Қодарды ұрған біреудің топшысы тиді ме деп сырт айналып қарағанда:

- Не деген имансыз едің, кәрі төбет?!- деп тұрған Құнанбайдың баласын көрді. Абай сырт айналып кете беріп еді, Жексен бұған зекіп:

 - Өй, бала!.. Ой, сен өзің!- деп тұрып, дауыстап:- Мен бе екен?.. Ер болсаң, әне... әкең!- дей берді.

 Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айқайлап:

 - Ей, құдай ұрған, тұра тұр! Көрермін бәлем!- деді. «ұстаңдар, алып келіңдер» деп айта алмай қалды. Абай атына міне сала, ауылға қарай шаба жөнелді.

 Артынан мұны қуып жеткен Жиренше:

 - Әй, Текебай тентек... Текебай тентек!- деп ат қойып апты. Бұлар ойға қарай жосытып кете барды.

 

5

 Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәленің үстінен шығамыз деген ойы жоқ болатын.

 Қоян аулауға шыққан екеуіне Шыңғыстың Қарашоқы тұсынан шығып келе жатқан Майбасардың тағы бір атшабары Жұмағұл кездескен болатын.

Сол Жиреншеге қарап:

- Сендер одан да ана Қарашоқыға барыңдар. Бүгін сонда Қодарға бір сый болады. Жұрт жиналып жатыр!- деген. Жиренше қатты ентелеп:

 - Е, немене, Қодар мен келіні қайда?- дегенде:

 - Жаңа, Қамысбай бар, бес жігіт боп ұстап әкелгелі кетті. Жиын Жексен аулында,- деді. Жұмағұл атын қамшылап, асыға шауып кетті.

 Жиренше осыны естіген соң Абайға:

 - Барайық, көрейік! Жүр! Ал жүр!- деп, ойландырмастан еліктіріп, алып кеткен.

 Көргені әлгі. Енді қайта беттеп, тоғайлы өзенді құлдилап желе шауып келеді. Абайдың іші мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дір-дір қағып қалтырап үріккендей. Кімнен, неден үркеді? Әсіресе әке... әке істеген мінез, әке қолындағы қаннан үркеді. Өз әкесі... қатал, кәрлі әкесі!..

 Абай Құлабестінің басын Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы басты. Жиреншеге көз жасын көрсетпегісі келді. Анау да шапты. Бірақ Абай жеткізетін емес. Ол оқ бойы ұзап кетіп бара жатып, өз-өзіне ерік беріп, өксіп-өксіп жылап келе жатыр. Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай егіліп жылады.

 Жиреншеге жеткізбеген күйінде Көлқайнарға жетіп, шешесінің үйіне кеп түсті. Ұлжан тыста тұр екен. Баласы үйге тақай бергенде, өңіне көзін салып, тіксініп қалды. Абайдың түсі құп-қу, қатты өзгерген. Тіпті Абай сияқты емес. Ұлжан: «Көзім бұлдырап тұр ма?» деп кірпігін жиі қағып, қайта қарады Абай. Бірақ тіптіжат реңді. Баласы атын байлап қасына келгенде, жаңа байқады. Кезі де қып-қызылбоп ісіп кетіпті.

 - Өй, Абайжан, қарағым, не болды? Біреу тиген бе?- деп, ішінен: «әкесі ұрды ма?» деп те ойлап қап еді. Далада езге кісі жоқ екен, Абай үндемей, шешесін құшақтай алды да, баурына кіріп, өзінің ып-ыстық басын анасының тесіне басып, жабысып тұрып қалды.

 - Жөніңді айтшы, қарағым, не болды? Әкең ұрды ма?

 - Жоқ, ешкім де ұрған жоқ, кейін айтам... Апа, төсек сап берші, жатқызшы!- деп Абай шешесін құшақтап қысқан бойда, үйге қарай аяңдады.

 Сабырлы Ұлжан осыдан әрі еш нәрсе сұрап тақымдаған жоқ. Үйде әжесін де, өзгені де үркіткен жоқ. Абай жайын бір жанға білдірмеді. Үлкен ақ үйдің оң жағына әкеліп, әжесінің жер төсегін жайлап берді де, шешіндіріп жатқызып, езінің мол пұшпақ ішігімен жауып, қымтап қойды.

 Әжесі:

 - Немене, қарағым? Ұшындың ба әлде,- деп бірдеңе білгісі келіп еді, Ұлжан:

 - Ұшынған ғой. Тимейік. Жатып ұйықтап тұрсын,- деп, малшы қатын Қатшаны шақырып ап:

 - Түңлікті жауып, есікті түріп қойшы! Абайға күн түспесін!- деп ақырын ғана айтты.

 Ұлжан үлкен үйдің жанында тұрып, Жиреншені өз қасына шақырып алды да, жөн сұрады. Жиренше таңертеңгі қоян қуғаннан бастап Жексен аулында көргенін де, жолшыбай не болғанын да тегіс айтып болып:

 - Абай қайда өзі?- деп еді, Ұлжан Абайдың жатып қалғанын айтып, Жиреншеге біраз наразы салқын жүзбен қарады.

 - Шырағым, сен бала емессің, естиярсың. Өзің барсаң бір сәрі. Ондай жаман, сұмдық жерге Абайды несіне апардың? деп, «жаман», «сұмдық» дегенді шынымен баса айтып:- Бала емес пе? Шошынар деп ойласаң нетті?- деді.

 Жиренше сөз таба алмай ұялып, қысылып қалды:

 - Ұят болды. Өзім де өкіндім. Бірақ құдай ақына өлігін көреміз деп ойлаған жоқ ем!

 - Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тіпті басың жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр? Өзімен кетсін! Көріп-біліп нетесін?- деді.

 Абай кешкі козының жамырауынан оянды Басы мең-зең. Еті лапылдап, күйіп тұрған сияқты. Аузықұрғап, ерні қатты кезеріп қапты. Құр тамсанады. Қасында шешесі мен әжесі отыр.Ұлжан мұның маңдайына алақанын қойып, төмен қарап отыр екен.

 - Апа... Әже... Немене, мен аурумын ба осы?- деп, көзі жасаурап шешелеріне қарай аунап түсті.

 - Иә, етің ыстық. Ауырған жерің бар ма?..- деп, Ұлжан сұрады.Ұлжан енесіне бағана, Абай ұйықтап жатқанда бір жайды айтқан.

 Екеуі де:

 - Шошынған ғой, содан ұшынған ғой!- деп байлаған-ды. Зере Жиреншеге де, үлкендерге де қатты ұрсып, жерге түкірген.

 Абай шешелерінің күндізгі жайды білгенін байқады да:

 - Әкем...Әкем!..- деп әкесін еске алып, күрсініп, кеудесін сипап, шешелеріне құпия қып шаққандай боп: - Не деген қатал, не деген қатты еді!- деді

 Әжесі ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне таман төніп кеп маңдайынан ұзақ иіскеп отырды.

 - Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым!- деп алып:- Аямайды, аямайды ол?- деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді.

 - Я, құдая, зар тілегім босын. Бейуақтағы тілегім. Осы қарашығыма әкесінің осы ит мінезін бере көрме!.. Тас бауырлығын бере көрме!.. Я, жасаған!- деп құрысқан әлсіз қолдарымен әжімді, мейрімді жүзін сипап бата берді. Ұлжан да ішінен «аумин» деп бата қылды.

 Үш күн, төрт күнде Ұлжанның үйіне бір-ақ соғатын Құнанбай, көбінесе, сұлу тоқалы Айғыздың үйіне қонады. Оқта-текте бәйбішесі Күнкенің қасында болады.

 Баласының сырқатын алғашқы кезде бір рет сұрастырды да, кейін ұмытқан сияқтанды.

 Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге: «жүк құлап, түйе жығылса мерт болады» депшешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның ортасында жалғыз арба бар еді. Құнанбай аға сұлтан сайланған сапарында шешесіне:

- Көшкенде осыған мін!- деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді.

Таулы жерде атпен жүру бұл күнде Ұлжанға да қиын болатын. Ол ұлғайып, еті ауырлап қалған.

Енді, Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға, әжесінің қасына Абайдымінгізетін болды. Өзі бір жуас торы биеге мініп, ылғи осы арбаның қасында жүріп отырды.

 Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғыұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бетбейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Қазір де қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозшылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан басқұйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен кун көзінде болмағандықбелгісі.

Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі. Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып:

- Е-е...Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?- деп,

Кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесінтізесінен ақырын қағып:

- Е-е...Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен?- деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.

Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» -  бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер.Кейде әжесі шаршап, айтпай қойса өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол көбінесе өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, шақтап жүрген зейініне таң қалады. Нелер ескі заман жырларын, айтыс, өсиет әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен: «Жүсіп - Зылиқа»сияқты қиссаларды оқып береді. Сондай шешеәңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге екі бөгдеқонақ келіп қонды. Бірі - қартаң, бірі - жас қонақ. Жасын Абай біледі. Танығанжерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш - Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен, шешесі әбден таниды екен.

Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған соң Ұлжан Абайға қарап жымиып:

- Ал, балам, әжеңмен екеумізді қажай беруші едің, әңгіме-жырдың дүкені міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын!- деді.

Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннанұнады.

- Е, балам, тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше жалықпас!- деп, жас жолдасына қарап күліп қойды.

Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді.

Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.

- Жүрмеңдер. Асықпай әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер,- деді. Бұл - Абайдың тілегі. Абайбұрын тағылым, үлгі - кітапта; білім, өнер - медреседе ғана деп түсінетін. Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды.

Күндіз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Екі ақын Ұлжан үйін барлық осы үлкен ауылғақанбазардай қалың жиын үйі қып жіберді.

Бие байлап болғаннан кейін, түске жақын, ауыл қымызға жиылады. Қыза отырып жыр тыңдайды. Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады.

Осы жолы Абай әрі өзі ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермеді. Бұл уақыттарда жас бала: Барлас, Байкөкшемен біржолата дос, жақын боп алды. Бертін келе түнде ол Барластың қойнына кіріп те жатады. Күндіз барынша күтеді. Мұның ұғымтал зеректігіне қатты ырза боп, шын сүйсінген Барлас бір оңашада, жай ғана тақпақтап:

Шырағым, ер жетерсің,

Ер жетсең сірә не етерсің,

Алысқа шырқап кетерсің,

Шындасаң шыңға жетерсің,-

деп кеп Абайға домбыраны ұсынды.

- Міне, балам, осы менің батам болсын.

Ертеңіндеақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып:

- Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы!- деді. Ұлжан үндеген жоқ. Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді.

- Мынау балам оқудан қайтқалы науқас боп, арыла алмай қойып еді. Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей болдыңдар. Қадамы құтты қонақ болдыңдар!- деді. Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер... Риза, қош боп аттаныңдар!- деді.

Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, енді көрді. Осы үйдің екі жылқышысыБеркімбай мен Жарқын Барласқа арнап бір семіз көк атты, Байкөкшеге арнап бірторы құнанды ноқталап ұстап тұр екен. Екі ақын екеуін жетекке алып, тағы да «қош, қош» айтып, жүріп кетті.

Абай шешесіне дән риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты. Ұлжанныңмол денесін қапсыра құшақтап, қатты қысып, бетінен, мұрнынан, көзінен қайта-қайта сүйді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу