Ата салтым – асыл қазынам. Мухтар Әуезов «Абай жолы». Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 5 сабақ.
ӨРДЕ
I
Құдасының аулына Ұлжан отыз шақты кiсiмен келген. Алшынбай бұлар келер қарсаңға мол сулы, кең бiр жазыққа кеп қонған екен. Қазыбектiң өзiнен тараған ауылдар, көршi туысқандары бар, барлығы қырық шамалы ауыл осы жерге сiресе қоныпты.
Қонақ келетiн болғандықтан, бұл өлке биелерiн де жылдағыдан ерте байлапты.
Дағды бойынша Ұлжан бастаған үлкендер құданың аулына күйеулерден бiр түстiк бұрын келiп түстi. Ұлжан қасына әйелден Қалиқаны, күтушi келiншек Қатшаны алған едi. Еркектердiң үлкенi – қазiргi бас құда – Ызғұтты. Содан басқа, әлденеше ақсақал, әншi жiгiттер, атшылар бар.
Абайдың қасындағы жас жiгiттер саны он екi. Мұның көпшiлiгi Ырғызбайдың жастары және күлдiргi Мырзахан, атшабар Жұмағұл. Жақын туысқаннан Тәкежан бар. Осы топқа Абай өзi шақырып Ерболды қосып алған. Жетi-сегiз күндiк жол бойында Абай мен Ербол үнемi жұбы жазылмай, бiрге болған.
Ұлжан Алшынбайдiкiне көп қазына әкелдi. Келген жылқы, түйеден басқа, жыртыстың бұл-матасының өзi екi үлкен атанға артылып келiп едi. Оның iшiнде келiнге жасау тiгiлетiн батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған. Бiрер сандық осы қымбаттарға толы болса, өзге теңдерi құда-құдағилар сыбағасы. Шапан, кемзал, көйлек, шаршы. Және толып жатқан ырымдар бойынша төленетiн сый-сипат.
Қалыңмал басы Алшынбайдың өзiне арналған кесек күмiс бесiк жамбы. Бұл iлу деп аталып едi.
Екi жаққа да мәлiм iлу киiтке орай.
Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп құда түсiп, Дiлдәны Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға киiт деп, Алшынбай аулы күмiс тартқан. Ол күмiстiң аты - тайтұяқ, мына бесiк жамбыдан кiшi едi. Тегiнде есептесiп келсе, әдет бойынша, iлу мен киiт құн жағынан қаралас болатын. Бiрақ Құнанбай оны есептемей, Алшынбайға өз бергенiнiң дәл өзiн жiбермептi.
Құда, құдағи келген күнi түнде-ақ барлық кең жазық сый құдалардың қандайлық, мырзалықпен келгенiн бiлiп қалған. Сол түннiң өзiнде Алшынбайдың барды аямай, мырзалыққа мырзалық орай етiп көсiлетiнi мәлiм болған. Құдағи мен күйеулерге арналып, үш үлкен аппақ үйлер оңашарақ тiгiлген екен.
Сол үйлердiң қонақасысы: қысырдың семiз тайынан, құнан қой, ту қойлардан, үйiткен марқадан басталды. Алшынбай Ұлжан отырған үйдiң есiгiн аштырып, тысқа семiз асау құла тайды көлденең ұстап тұрып, қонақтардан бата тiлеттi.
Абайлар Алшынбай аулының тұсына бiр шақырымдай жер қалғанда, иiрiле тоқтасты. Ендi тобының iшiнен Тәкежан, Мырзахан сияқты жасы үлкенiрек жолдастар бөлiнiп, хабар айта кеттi. Абай мен Ербол және үш жiгiт аттарынан түсiп, қарсы алушы қыз-келiншектердi тосып қалды.
Осыдан осылай толып жатқан күйеу дәстүрi басталатынын мойынға алып, Абай Ерболға:
– Осы үйлену деген ата-анаға да, жастардың өзiне де қуаныш қой. Солай емес пе? Ал ендеше сол қызығына жеткенше күйеу мен қалындықтың жолына ырым-жырым, әдет-дәстүр деп неше алуан құбыжықтар қоятыны несi?– дедi. Ербол бұған күлдi.
– Рас айтасың, құбыжық екенi рас. Дәл осы қазiр кiм келедi? Қандай асау жеңгелер екен, не бұйырар екен деп, мен де үркектеп тұрмын!
Күйеу қасында қалған жiгiттердiң бiрi Жұмағұл атшабар. Ол өзi әлдеқашан үйленген. Мұндай қиындықтың талайын көрiп өткен. Абай мен Ербол жол көрген бiреу керек деп, мұны ылғи басщы боп отыруға лайықтап, өз қастарында ұстайтын боп едi.
Жұмағұл ауыл жаққа қарай түсiп:
– Әлi тұра тұр, басыңда үкiң жоқ деп қиғылық салады! Тымағыңды көзiңе кимесең, жақтан да ұрады. Екеуiң бе? Ербол екеуiң талай құқайды көресiң.. Не қыласың, тек ұсына бер!
Басқа үкi тағу – бар күйеудiң әдетi. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен биiк өкше етiк киiп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкi тағып алу, бұл өңiрдiң бар күйеуiне жол болатын.
Абайға ауылдан шығар жерде Зере, Айғыз сондай киiмдердi әзiрлетiп ұсынған-ды. Кәрi әже әшейiнде Абайдың дегенiне көне берсе де, бұл тұста ырық бермей, қатты бұйрық еткен:
– Ата-бабаң жолы осы! Барған елiң сенi кiнәламайды, "әкесi күйеу, шешесi қалыңдық болмаған ба?" деп бiздi мiнейдi. Ки!– деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киiмiнiң бәрiн кигiздi.
Абай сол күнi өзiнiң өзгеше қалпын бақсы-құшнаштай көрген. Өз ауылдарынан шығысымен, Ұлжанға кеп:
– Япырау, мен күйеу болсам, Бошанға күйеумiн, Тобықтыға, Тарақтыға күйеу емес ем ғой. Жолдағы елдiң бәрiне мен күйеу деп, жынды кiсiше шақыратыным не? Рұхсат етiңiз, барар жерде киейiн, әзiрше өз киiмiммен барам!– деген.
Ұлжан мұны терiс көрсе де, көнген-дi. Сол Абай жаңағы бақсы мен салға ұқсататын күйеу киiмiн әлi кимеген. Үкiлi тымақ, қызыл шапан қоржында. Жұмағұлдың жаңағы айтқаны сол. Арнаулы киiмдi кимегенге ол өзi ырза емес-тi.
Ендi Абайдың сескенгенiн әбден түсiнген Жұмағұл тағы бiр уақыт:
– "Құрсаулы жаудан қорықпаған жүрегiм, қайынға барғанда жеңгелерден қорықты" деп, Барақ айтқаны қайда? Қорқарын қорқарсын! Бiрақ, әйтеуiр түбi қайыр. Менiң бiлетiнiм сол-ақ, – деп, Абайларды күлдiрiп алды.
Ербол бұған бұрын айтқан тiлегiн қайта айтып:
– Әйтеуiр қай жерде тәжiм ету керек, қай уақытта тұру керек, қай уақытта тымақты көзден алып, кең отыруға болады, бәрiн өзiң айтып отыр! – деп өтiнiп тұр.
Абай Ерболдың ендi басқаша мiндетке ауысқанына қарап, ойланып қалды. Бүгiн Абаймен бiрге, күйеу өтетiн тар есiк, тас босағаның. Бәрiн бұл да өткелi тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тiптi Абай ойламаған жайдың бәрiн де Абай үшiн бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берiлгенi. Бiрақ мынау Ербол мен анадағы Ербол қайда? Бұл қазiр екi кiсi сияқтанып барады. Сонда қайсысы ыстық? Қайсысы қымбат?
Дәл осы кешке шейiн Абайға таңдатса, анау Ербол, қызыл өгiзге мiнiп, тасқын судан Абай үшiн өтiп келген Ербол, аспанда тұрғандай жоғары.
Осы жолға ере шыққан күнi Ербол Абайға аса бiр өзгеше сәлем әкелдi.
Тоғжан мұның Абай қайнына бiрге баратынын естiп отырып:
– Ай батқандай қылды. Да, адастырып кеттi ғой! Бiрақ сонда да жолы болсын! Жақсы қызық көрсiн, сәлем айт!- дептi де, Ербол кете бергенде, орамалымен көзiн басып, жылап қапты.
Осыны есiткелi Абай жол бойында бiр сейiле алмады. Өзiн бiр бұйрық қуып, ерiксiз әкеле жатқандай көретiн. Осындай күйлерде күйеулер тосып тұрғанда, бiр шақта, сам жақтан күлкi естiлдi. Әйелдер күлкiсi. Келесi секундта көп шолпының шылдыры да жеттi. Күйеу алдынан шыққан қыз-келiншек екен. Қалың топ. Ақ жаулықты келiншектер, үкiлi кәмшат бөрiктi қыздар көрiнедi. Айнала жүгiрген балалар да көп. Абайлар топталып тұр. Жақындай бергенде, келiншектердiң алдыңғы қатарында, орта тұсында келе жатқан бiреулерi:
– Абай қайсы?
– Күйеу қайсы бұл!
– Бәрiнiң киiмi бiрдейi несi! Күйеуше неге киiнбеген?– десiп, жақындап кеп, амандаса бастады.
Абай жаңағы үндердi естiгенде, сескенiп қысылып қалды. Ендi бiраз бойын жинап, күлiп:
– Қайсымызды ұйғарасыз, сонымыз Абай болсын!– дедi. Келiншектер күлдi де, Абайдың дәл өзiн таныды. Бiрақ тани сала, бiр келiншек:
– Қой, шырағым! Тобықты тымағын аулыңда киерсiң. Бiздiң аулымызда күйеу тымағымен жүр!– деп бұйрық бердi.
Осы жайды күлкi етiп, қалжыңдай бастаған келiншек, күйеу киiмiн iздеп, сұрау салды. Жұмағұл шыдамады. Атының қанжығасынан қоржынын шешiп алып:
– Бәсе, ки десем бiр көнбейдi.Ал, мiне, үйретiп алыңдар! Бар киiмi мына менiң қанжығамда, – деп, келiншектерге бердi.
Осы кезде келiншектерге ерiп келген балалар күйеу жiгiттердiң аттарына екiден, үштен мiнгесiп ап, шаба-шаба жөнелiстi. Абайдың мiнгенi, ақ жал, сары жорға ат. "Күйеу атымен күл тасы" дейтiн әдет бойынша, ендi ақ жал аттың көзi ашылмайтыны мәлiм.
– Өзi жорға ғой!
– Ойбай, рақат екен!– деп, мiнгесiп алған үш бала соқтырып, тайпалта жөнелген. Алшынбай аулына күйеулер мен барлық қыз-келiншек жаяулап келдi.
Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше шатырдай аппақ екен. Iшiнде жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп, бос қойыпты. Бiрақ үйдiң керегелерi көрiнбейдi. Уықтың қарына шейiн жағалай, тұтылған, ылғи су жаңа жiбек кiлем. Ашық түстi бояулары да, ұсақ шебер өрнектерi де үйдiң iшiне қызыл, жасыл көрiк берiп тұр. Есiктен төрге шейiн жайылған тақыр алаша, манат мақпал мен оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстiнде қабат-қабат жаңа көрпе, кестелi жастықтар. Үлкен бұйымынан – оң жақта әдемi сүйек төсек тұр. Он бес қатардай жiбек көмкерудiң үстiне құс төсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер жиналыпты. Көкшiл-қызғылт өңi бар шiлтерi шымылдық биiк төсектiң жоғары жағын перделеп тұр.
Абай осы төсектiң алдына кеп отырғанда, екi жағынан Ерболдар отырған жоқ. Балдыздар, құрбы қыздар, қайынбикелер отырды.
Солардан жоғары таман Ербол, Жұмағұлдар орналасты. Олар да бiрыңғай, өкшелеп қалмаған. Орталарына үлкен сырғалы, кәмшат бөрiктi кекселеу қыздар араласып отырысқан екен.
Күйеулер осылайша орналаса бергенде, жаңағы бiрге келген келiншектiң үшеуi кiрiп кеп:
– Шымылдық, шымылдық түсiр!– дестi.
Абай қасындағы ақ құба қыз атып тұрып, атлас шымылдықты сусылдатып түсiрiп жiбердi. Сүйткенше, әлгi келiншектер есiктi шалқасынан ашып:
– Кiрiңiз, кiрiңiздер!– деп, тысқа дауыс бердi де, күйеулер жаққа қарап. – Ал, балалар! Үлкендер! Енелерiң келедi!– дедi.
Абай, Ербол, Жұмағұл және қастарындағы бар қыздар орындарынан iлезде тұрысты.
Шымылық түсiрулi. Үй iшiне үш үлкен әйел кiрдi. Ортадағысы Абайдың үлкен енесi - Алшынбайдың әйелi, семiз, қара бәйбiше. Қасындағы орта жаста, ақ сары әйел – Абайдың өз енесi, Түсiптiң қатыны.
– Ал, шешелер, көрiмдiк!
– Көрiмдiк кәнi!
– Болмаса, балаларыңды көрсетпеймiз, бетi ұялады!– деп, алғашқы келген келiншектер, күлген бойларында, шымылдықтың шетiн ұстады.
– Алыңдар! Көрiмдiк сендердiкi! Бiрақ бiзге баламыздың жүзiн көрсетiңдер, алыңдар!– деп, үлкен бәйбiше қолына шашуын алды. Сол сәтте атлас шымылдық шалқая ашылды. Күйеулер бұл кезде төмен иiлiп, тәжiм қып тұр екен. Үлкен бәйбiше:
– Өмiр-жасың ұзақ болсын! Алдыңнан жарылғасын, қарағым!– деп шашуын шашты. Лақтырғаны бiр табақ өрiк, мейiз, кәмпит.
Өздерi осы ауылдың балалары болғандықтан иiлмей Абайларға күле қарап тұрған қыздар, шашуды теруге тап берiстi. Күлiсiп, таласып алып жатыр.
– Қадамың құтты болсын! Қызығың ұзақ болсын, қарағым Абай!– деп, Абайдың өз енесi де тiлеуiн айтты. Күйеулерiнiң жауап айтуы шарт емес. Олар үндемей сызылып қана тұр.
Сол кезде екi ене жақындап кеп Абайдың бетiнен сүйдi де, көп бөгелмей шығып кеттi.
Абай бұл кеште өзiнiң өзгеще халiне үйрене алмай, қатты қысылумен болды. Ұзын тымақ та көзiне түсiп, терлетiп мазасын кетiрiп отыр.
Әсiресе, қиыны: келген мен кеткен де, есiктен қарағандар да, жабықтан сығалағандар да, мынау жағалай отырған қыз-келiншек те қайта-қайта Абайға қарасып, көздерiн алмайды.
– Күйеу көрiктi ме екен?
– Баламызға сай ма екен?
– Қайтiп отыр екен?– деген, ылғи бiр бөтен, қадалғыш көздер.
Жiгiттi жiгiт емес, келiн еткендей, елден ала бөтен киiм киiндiрiп қойып, көлденең тартып: "Мiне, мынаны көрiңдер!" деген сияқты.
Күйеулер үйi аз отырып шай iшкенше, оншалық жазылып жадыраса алмады. Жұмағұл, Ерболдар үй iшiне түгел жететiн қалжың, әзiл айтпай, тек өздi-өз қасындағы қыздармен ғана ақырын, сыпайы түрде тiл қатысып отыр.
Абай бағана үйге кіргеннен бері, өзінің жоғары жағында отырған екі-үш сәнді, сұлу қыздардың пішініне көз салып, бір нәрсеге қайран болды. Бұл қыздардың пiшiнi соншалық аппақ, беттерiнiң ұшы да дымыпақ ашық қызыл реңденiп тұр.
Абай бұл жақтың әдетiн бiлмеушi едi. Қарқаралы маңындағы Бошанның ер жеткен қыздары беттерiне опа-далап жағатын.
Шайдан кейiн күйеулер үйiне Тәкежан, Мырзахан сияқты, бағана бөлiнiп кеткен үлкенiрек жiгiттер келдi. Солармен бiрге әншiлер, сауықшы жолдастар және осы ауылдың өз жастары да қоршалай кеп қалды. Үй iшi бұл топтар келiсiмен күле жайнап, даурыға көбейiп, әзiлi, күлкiсi молайып, жанданып кеттi.
Күйеудi қоршаған қыз-келiншекте сан жоқ. Бiрақ осындай шат-шадыман думанның тап ортасында боларлық кiсi - қалыңдық болса, Дiлдә болса, ол әлi көрiнбедi.
Абайдың бұл келiсi: ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есiк көре келу, қол ұстау деп те аталады. Ең алдымен алғашқы келiс осы. Өзге келiстердей емес, күйеу бұл жолы алғашқы күндерде талай нәрсеге көндiге бiлу керек. Сол өзгешелiктiң үлкенi – қалыңдықты оңай көрсетпеу.
Екi жақтан табысқан ата-ана әуелi осы келудiң үлкен тойын жасау керек. Той оңай емес. Көп қиын қаммен, асықпай iстеледi. Сол тойдың артынан барып қана қол ұстау кешi болады.
Сүйтiп, Абай алғашқы күн ғана емес, тағы екi күн өткенше де өз қалыңдығы қандай екенiн, кiм екенiн көре алған жоқ, бiлген жоқ.
Бұлар келген күннiң ертеңiнде Ербол ғана барып, Дiлдәмен амандасып, жүз көрiсiп қайтты. Қалыңдықтың түсiн, отырысын Ербол айтқысы кеп едi. Ол өзi Дiлдәның ажарына қатты ырза боп, сүйсiнiп келген. Бiрақ Абай айтқызбады. Сөздi басқа жаққа бұрып кеттi.
Жастарды күттiрген той Абайлар келген соң үшiншi күнде болды. Бұл күнi Абай отырған үйге келiп кеткен қатындардың саны айтып болғысыз, мол едi. Таңертеңнен берi әлденеше топ бәйбiшелер, қыз-келiншектер, ұрысқақ, тентек жеңгелер өттi. Бәрiне сызылып сәлем етуге Жұмағұл мен Ербол жалыққан жоқ. Абайды үнемi, қайта-қайта:
– Ал тұр!
– Ал, келiп қалды!
– Ойбай ана кiсiлердi қара!– деп, ылғи үркiтiп тұрғызып, тәжiм еткiзумен болды.
Күйеу үйi бұл күнi үздiксiз шырқаған ән, мәз-майрам күлкi, дамылсыз шашу. Тоқтамай әкелiнiп жатқан қымыз, шай, жиюсыз дастарқан болатын.
Мезгiл түске тақай берiп, жастар еттерiн жеп болған кезде, тыстан:
– Той! Той басталды!
– Атқа, атқа қоныңдар!– дескен үндер келдi.
Абай мен барлық осы үйдегi еркектер тысқа шығысты. Күйеулердiң аттары тегiс ерттеулi, кермеде екен. Ат үстi ойын-сауықты көп жұртпен бiрге көру күйеуге де рұқсат етiлетiн. Қыз-келiншектер ауылда қалып, Абай өз жолдастарымен, он-он бес кiсi боп бөлек аттанып, әрлi-берлi жүрген қалың топтан оқшауырақ шығысты.
Күйеулер мен құдалар жағы ерте сайланып, ерте аттанған екен. Абай Алшынбай аулынан сыртқарырақ шыға берiп, Ерболмен бiрге оңашарақ тоқтап, мынау кең жазықтағы ауылдардың қонақ күткен көрiнiсiн тамаша қылды.
Бұл той Алшынбайдың үлкен той етем деген бiр мерекесi екен. Жиылған қонақтардың аттары топ-топ. Үйiрiм-үйiрiм қара нөпiр боп көрiнедi. Жалғыз сол аттардың өзi де бiр қос жылқыдай. Әсiресе, үлкен белгi, тойға тiгiлген үйлер. Солар саны елу-алпыс. Алшынбай аулынан бiр шақырымдай жоғары, қалың көк шалғынның ортасына ұзыннан-ұзақ қатар боп тiгiлiптi. Ас пiсiрген жер ол үйлердiң маңында емес, жаңа Абайлар шыққан ауылдың шетiнде. Қазiр сол ас басынан анау алыстағы қонақ үйлерге қарай күтушiлер жосылып жатыр. Күтушiнiң бәрi де ат үстiнде. Бастарын ақ шытпен керте байлап алған аспазшылар жиырма шақты жiгiт.
Бiр өзге салтанаты: осы жiгiттердiң бәрi де жорға мiнiптi. Аттары қан сорпа болған, өңшең жел қайықтай жылмаңдаған жараулар. Сол жиырма кiсiлiк күтушi қонақ үйлерге қарай Алшынбай аулынан ағыза жөнелiседi. Қолдарына қос табақ алған жiгiттер тiзгiндерiн ауыздарына тiстеп алыпты. Арттарында егде тартқан жай шапқыншы сияқты үлкен күтушiлер бар.
Олар табақшылардың атын қамшылап айдап, қуып отырады. Ыңғайлы, шапшаң табақшылар ат үстiнен көсiлтiп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын төкпестен ұсынып, қонақ үйлердiң алды-алдына тұра-тұра қалысады. Үй алдында тұрған нағыз күтушi ақсақал, қарасақалдар сол табақтарды шапшаң алып, үй iшiне сүңгiтiп жатыр.
Сөйтiп қазаннан жаңа түскен ет, бiр қолдан бiр қолға лып-лып етiп, салқындамай, тоңазымай лезде жетiп тұр.
Қонақ үйлер дағды бойынша көп жедi. Сол үйлер мен ас үй арасында жиырма табақшы бiр емес, екi емес талай рет жорғаларын асыға тайпалтқан едi. Бұл сыйдың басы Абайлар тысқа шықпай тұрып басталса, ендi бұлар тыста көп уақыт тосып тұрған кезде де аяқтамай, бiтпей жатты.
Қонақ үйлердiң iшiнде әр жерге орнатылған емiзiктеген сабаларды бұрап болып, жаңағы табақтарды құрғатқан кезде ғана тойшы халық аттарына мiне бастады.
Тыстағы ойын: ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестiру – баршасы да осы күнi болды. Ойын бiтiп, күн бата тарқар кезде, Алшынбайдың тойынан қайтқан кәрiлер:
– Тойы той-ақ болды!
– Әкелген қалыңмалына сай Алшынбай да көл-көсiр қылды!
– Күйеу келген той дәл бiр астай болды, не қыл дейсiң?- десiп, мақтасып қайтқан.
Осы күнi кешке Абай ең алғаш рет қалыңдығын көрдi.
Күйеудiң үйiне бұл кеште халық сыймай, кернеп кеткен. Қазiр мұнда Алшынбай, Ұлжан, Ызғұтты бастаған екi жақтың үлкендерi, бас құдалары лық толы. Абайлардың алдына шымылдық түсiрiлiп, үлкендерден жастар жағын бөлiп тұр.
Үй iшiнде сөйлессе де, күлсе де, ашық үн қататын, сол төрдегi үлкендер. Шымылдық iшiнде тек сыбыр мен ақырын күлкi ғана бар. Онда да өз аулына еркiн қыздар күледi.
Осы жаймен бiраз отырған соң, есiк жақта үлкен қозғалыс басталды. Босағаға жақын отырған келiншектер түрегелiп, шымылдықты есiкке қарай созып тұрған уақытта, тыстан бiр топ қыздар кiрдi. Солардың ортасында басына қызыл жiбек шапан жамылған, бетiн түгел бүркеп алған – қалыңдық бар.
Абайлар Дiлдәның бойын ғана көрдi. Ол кебiсiн шешiп жатқ анда, сырт сымбаты талдырмаш, бiрақ аса сұңғақ бойлы, биiк көрiндi.
Абайдың төменгi жағынан орын босатылған-ды. Қалыңдық осы араға келiп, шапанын басынан алмай, күйеуге азырақ сырт берiңкiреп, қырындау отырды.
Абай амандасармыз деп ойлап едi. Қалыңдық бетiн бұрған жоқ. Сондықтан екеуi амандаса да алмады.
Дiлдә келiсiмен ас жасалып, төр де, шымылдық iшi де ас жедi. Бiрақ күйеу мен қалыңдық көп дәм татқан жоқ. Сол астың артынан төрде отырған, түсi Абайға көрiнбейтiн бiр молда неке оқыды. Суық су құйған бiр кесе төрдегi жұртты жағалап кеп, Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Дiлдәра бердi.
Осының артынан екi жеңге ақырын күлiсiп кеп, Абай мен Дiлдәның алдына қарсы отырып, екеуiнiң де оң қолдарын алып, бiрiне-бiрiн ұстаттырды.
Екi қолдың арасында бiр қабат сусылдаған жiбек жүр. Сол арқылы ұстатады екен. Абай Дiлдәның жiңiшке саусақтарын көбiрек ұстап қап едi. Алдында отырған бiр жеңге ақырын мысқылдап, Абайдың қолын тарта берiп:
– Тоқта, жабысып қапсың ғой! Берi кел! Шаш сипа!– дедi. Жақын отырған қыздар күлiп жiбердi. Жеңге Абайдың қолын өзi көтерiп апарып, Дiлдәның арқасындағы қос бұрымына тигiздi. Әлi де Абай қолының астында жаңағы жiбек жүр. Сол жiбекпен Абай бiр-екi рет сипап өттi.
Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы. Шаш сипардың алдында күйеу жақтан берiлетiн үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды мысқылдаған ашық жеңге сол шаш сипарды Ұлжаннан бiр сыбаға қып алған екен.
Некеқияр мен той салтының бәрi өткен соң, үлкендер тегiс дауыстап бата қылысты да, жалпыға айтқандай боп:
– Қайырлы болсын!
– Ұзақ қызық берсiн!
– Құтты, құтты болсын!– дестi. Шымылдық арқылы Абай мен Дiлдәға айтқан ата-ананың тiлектерi едi. Осыдан соң барлық үлкендер қауырт көтерiлiп, шығып кеттi.
Олардың артына iркiлiп қалған жастар да бұл кеште көп отырмай, ерте тарасты. Күйеу, қалыңдықты оңаша қалдырудың қамы сияқты.
Абай әлi күнге Дiлдәмен тiл қатысқан жоқ. Бiр-бiрiнiң жүздерiн де жақсылап көрiскен жоқ. Жалғыз-ақ есiктен келiп, шымылдық iшiне кiрiп, Абай қасына отыра берерде ғана Дiлдә өз бетiн ашпай, Абайды сығалап көрiп қалған. Онда да бiр-ақ сәтке көрген.
Үй iшi сейiле бере, жаңағы шаш сипарды алған жеңге Абайға:
– Жә, ендi бiз төсек жайлаймыз. Сен бiраз тысқа шығып сейiлiп кел!– дедi.
Абайға бұл сөз, бiр түрлi түрпiдей тиген қатты тұрпайылық сияқты көрiндi. Бiрақ, бөгелген жоқ, атып тұрып, тысқа шығып кеттi. Үй маңынан барлық жұрт арылыпты. Күйеу жолдасы Ерболдар да кетiп қапты. Абай жалғыз. Түн жарық емес, бұлты бар ма, тастай қараңғы екен. Күйеу жiгiт жапа-жалғыз аяңдап, ұзаңқырап бара жатты.
Дiлдә да жолдас қыздарынан арылған. Жаңағы екi жеңгемен бiрге қалған едi. Оны бiр жеңгесi ертiп, бөлек шығып кеттi де, екiншi жеңге үлкен төсектi бұзып, шымылдықты түсiрiп, орын сайлай бастады. Дiлдәны ертiп шыққан ең жақын жеңгесiнiң бiрi болатын. Ол қалыңдықты құшақтап ап:
– Ал, еркем, күйеу қалай екен?– деп сұрады.
Дiлдә қымсынған жоқ:
– Қайдан бiлейiн? Бiр жуан қара ғой!– деп ап-ашық қомсынғандай сөйледi.
– Қой, байқамағансың ғой. Қара торының әдемiсi ғой!- деп, жеңгесi жұбаныш айтты.
Жалғыз кеткен Абайдың көңiлi қазiрде бiр түрлi енжар. Жүрегiн әлдеқандай ренiш, өкiнiш басқандай. Өзiнен-өзi суық тартып, сұлқ түсiп, жүдеңдеп барады.
Барлық осы күйеулiк жайын лезде қайта шолып өттi. Мол дүниемен, салтанат, нөкермен құда, күйеу боп келiстi. Мұнда да қонақ асы, күтiм, той-жиын, сән-салтанат олқы емес. Өңшең ынтымақ. Мол тiлек, жағалай бата. Бәрi де кiм үшiн? Екi жастыңбағы, қызығы үшiн дейдi. Бiрақ ендi бағып қараса, олар үшiн емес. Сол үлкендердiң өз ойларындағы сыпайылық, сыйластық, дәстүр үшiн.
Ал, Абай мен Дiлдә болса, әлi тiптi пiшiндерiн де көрiскен жоқ.
Бiрақ үлкендер үшiн ол тiптi ойландырар да iс емес. Күйеу мен қалыңдық ең алғаш бiлiскен, көрiскенде, анау салынып жатқан төсекте ғана бiлiсу керек.
Абайдың оқыған кiтабы көп. Ғашық дос, асыл жар дегендер бұның әлi күнге дақсыз келген жүрегiне соншалық бiр биiк, пәк заттай көрiнетiн. Шұғыласына тал бойын ұйытқан, ой-қиялын сондайлық мүшкiл еткен Тоғжан өзi қаншалық алыста. Бұлт құшқандай., шарықтап елестемеушi ме едi?
Ендiгi бұның жары осыншалық сөлекет ырымдар, үйреншiктi дәстүрлер iшiнде, бұған соншалық арзанға келгенi несi? Екеуiн малша табыстырып тұрған қолдар не деген сөлекет?
Неткен сезiмсiз тұрпайы? Абай осы ойларға жеткенде көңiлi қатты жабығып, iштегi қиял мекенi ойран-асыр боп, құлағандай көрiндi. Жүректе де әлдебiр нәзiк сұлу шырақтар күрсiнiп өшкендей болды. Аяғы қайда басқанын байқамағандай екен. Сыбдыр есiттi. Қараса, бағанағы жеңгенiң бiрi iздеп кептi.
Күлiп, қалжың етiп:
– Немене, қалыңдығыңа бұлданып жүрмiсiң? Неге сонша күттiрдiң?– дедi де, үйге қарай алып жүрдi.
Төсек салған жеңге, жұмысын бiтiрiп кетiп қапты. Мынау Дiлдәны ертiп кеп, үй жанына қойып, Абайды iздеп кеткен екен.
Абай үйге кiрдi. Шымылдық түсiрiлдi, төсек әзiр тұр. Жеңге Дiлдәны кiргiзбей тұрып, Абайды шешiндiре бастады. Сырт киiмiн Абай өзi шешiп едi. Жеңгесi соны iлiп келiп, дәл мәсiнi шешерде, ырымды ескерттi.
Етiк тартар дейтiн бiр алым тағы бар. Күйеудiң етiгiн жеңге шешедi де, тағы ақы алады. Абайдың қалтасына шешесi салып берген ақша бар-ды. Iшiнен аса ыңғайсызданып отырып, Абай сол ақшаны жеңгеге тастады.
Шешiнiсiмен Абай төсекке атқып шығып, шағи көрпенi оранып, жатып қалды. Дiлдә үйге әлi кiрген жоқ. Тыста анда-санда шылдыр еткен шолпысы бiлiнедi. Бұ да жол болса керек. Тым құрыса, шам барда да кiрген жоқ. Жеңге Абайды жатқызып, шамды алып тысқа шықты да, есiк ашып, Дiлдәны кiргiздi.
Қалыңдық қараңғыны жамылып, ар ұялар iске, жүзiн ғана ұялтып, өзi басып келе жатқан сияқты. Абай осы күйдiң бәрiне ендi ыза болып, не қылсаң о қыл дегендей тек жатты.
Бiрақ Дiлдәның бар қозғалысын естiп жатыр. Ол қамзалын шештi. Мәсiсiн де тастады. Бiр сәтте төсекке келдi. Соншалық жасқанбай, тура келдi де, көрпенi аша берiп, орнын сипады. Абай төсектiң шетiне жуық жатыр екен. Күйеу өзi, алғаш қалай жатқанын байқамаған. Қырылдаңқырап шыққан қатқыл дауыспен қалыңдық: – Ар жатшы!– дедi.
Талай күннен берi сан ырымды жасап, мәпелеп, аялап келген екi жардың ең алғаш тiл қатысқаны осы едi. Абай үркiп қалғандай қатты серпiлiп, iрге жаққа бiр-ақ аунады.
Қазiрде Абай көңiлi қандай салқын болса, Дiлдә да сондай жалынсыз. Әдетке, жетекке ергенi болмаса, дәл жүрегiнде ол да Абайды жатырқап келген. Соның үстiне, сен Құнанбайдың баласы болсаң, мен Алшынбайдың қызымын деген өр көңiл де болатын.
Әлдекiмше жасқанып, қылымсыған жоқ. Жеңгелер не бұйырса, соны iстедi.
Осы түннен соң Абайлар Алшынбай аулында он бес күн жатты. Ұлжан он күн өткен соң қайтып кеттi де, күйеулер бес күндей кейiндеп барып аттанған.
Айырылысар кезде Абай мен Дiлдә бiр-бiрiне үйренiскен болатын. Оқта-текте қалжыңдап та отырысады. Дiлдә Абайға сүйкiмдi, сұлу көрiндi. Абайдың пiшiнiне Дiлдә да үйрендi. Бiрақ iштей екеуi де бiр-бiрiне қабыспайды, салқын күйде қалысты.
Үлкендер зор меженiң бiрi деп бiлетiн, өмiр белi ұрын бару болса, Абай содан асты. Бiрақ жас жүрегiне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта, бiрқатар жарықшақ, ақау салып, көңiлмен әлдеқандай мосқал тартқандай боп қайтты.
2
Абайлар келгенде, жұрт тегiс Шыңғыс сыртында жайлауда екен. Өз ауылдарының шетi Дөңгелек қоныста отырған Күнкенiң аулы. Құнанбай сонда едi. Ауылды қалың жиын қонақ басып жатыр. Абайлар топ iшiнде отырған Құнанбайға кеп, сәлем бердi.
Құнанбай Ұлжан келгенде, қарсы алып, барлық жайға қанған-ды. Абайдан амандықтан басқа бөтен жай сұрамады.
Бiрақ Құдайбердi Абайды бұл күн өз аулынан жiберген жоқ. Бар жолдастарымен қонақ етiп, құрбыдай күттi. Тәуiр көретiн iнiсiнiң ержетiп, үлкенге қосылып, үйленуге айналғанын бұл ауылда жалғыз Құдайбердi қуаныш еткендей.
Ол Абай мен Ерболдан Бошанның салтын, әдет ырымдарын сұрастырып отырып, осындайдағы дағды бойынша қайын жұрттан сарқыт қып әкелген жаңа әндер айтыңдар деп қолқа салды.
Абай мен Ербол осы түнi көп ән айтты. Әнге кiрiсер жерде Абай:
– Қарқаралы бiздiң елден әншi болады екен!– деп едi. Құдайбердi күлдi де:
– Қарқаралы әншi ме, жоқ жаңа есiк көрiп қайтқан күйеудiң көңiлi әншi ме? Қайныңның әнi де ыстық көрiне ме, кiм бiлсiн?- дедi.
Үйдегiлер Құдайбердiнi қостап бiрге күлдi. Абай бұрынғыдай емес, бұл жолы ағасымен дауласқысы кеп:
– Әдiлетiн айтам, Бәке!– дедi. Құдайбедiнi Абай "Бәке" дейтiн.
– Жоқ, сен Қарқаралының дауын айтпа, әнiн айт!
– Рас, ол дұрыс екен! Дауын әннiң өзi айтсын! Кел, Ербол, – деп Абай бастады да, Ербол ердi. Бұл екеуi әдемi қосылып кеп, аса тамылжыған, шырқау ән – "Топайкөктi" айтып шықты. Тобықты естiмеген ән. Абай өз әндерiнiң үйдегiлерге әсер еткенiн байқап:
– Мiне, бұл әндi не ейсiз?– дедi.
Үйдегiлердiң бәрi сүйсiнген екен. Солармен бiрге Құдайбердi де
– Жақсы екен!- дедi.
– Ендеше тағы тыңдаңыз!- деп алып, Абай мен Ербол "Шырайлым" деген жаңа әндi де айтты. Құдайбердiге бұ да ұнады. Мақтай бастады. Осы кезде Абай мен Ербол күбiрлесiп алып:
– Ендi дүпке сақтаған әндi айтамыз!– дестi де, аса бiр сәндi, салмақты, назды қоңыр ән айтып шықты. Ән – "Аққайың" болатын. Бұл әннiң үш қайырмасы айтылды. Үйдiң iшi мiз бақпай., үн шығармай, қалта қарап, қатып тыңдап қалған екен. Абай домбыраны қоңырлатып қағып тоқтады да:
– Ал, Бәке, бұған не дейсiз?- дедi.
Үш әннiң үшеуiн де Абайлар Қарқаралыдан әкелген, бұның бiрде-бiрiн Тобықты әлi бiлмейдi.
Құдайбердi бар ынтасымен шын сүйсiндi де:
– Сенiң сөзiң дұрыс па деп отырмын. Жақсы ән әкепсiңдер!– дедi. Абай осы орайда Тобықтыдан өздерi салып барған: "Көкқаулан", "Мақпалқыз" сияқты әндердiң жарамсыз боп қалғанын айтты. Ол әннiң бәрi Қарқаралыда мәлiм екен. Балаға шейiн бiлетiн ескiргенән. Және оның өзi де Тобықты iшiндегiден артық өрнекпен айтылатынын сөйледi.
Кеңесе келе Абай Тобықтының өзi ән шығара қоймайтынын, әннiң көбiн сол Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық келiстiре алмай, бұрып, ырғақсыз қып әкететiнiн айтты. Құдайбердiнiң алғашқы қалжыңын ендi тойтарғандай. Ағасы Абайға бiраз таңданыңқырай қарай отырып, сөзiнiң бәрiн мәндi көрiп:
– Өзiң осы жолы сыншы боп қайтыпсың ғой!– деп, бiр қолымен құшақтапқойды.
Абай шынында бұл жолда әр нәрсеге үңiле қарайтын және көптен көрi өзгешерек қарайтын қатқыл сыншы мiнез қосып алғандай.
Келесi күнi өз шешесiнiң аулына келдi. Мұнда барлық ел боп қуанып қарсы алды. Кәрi әже әмсе ұзақ игiлiк тiледi. Жас iнiлер сағынғанын көрсетiп, мойнынан құшақтап, бауырына оралып, мәз болысты.
Ауыл жайлаудың аса бiр кең көгалды, сұлу төбелi, мол сулы қонысы – Ботақаношағы деген жерде. Кеше Күнкенiң аулында да есiтiп едi. Бүгiн өз ауылдарында тiптi айқын бiлдi. Тобықтының барлық осы маңдағы қалың елi бұл күндерде бiр үлкен мерекенi күтiп жүр екен.
Баланың да, жiгiт-желiңнiң де, егде-мосқал үлкеннiң де – барлығының аузында бiр жаңалық, бiр хабар. Ол – осы жақында болатын ас туралы, Бөжейдiң асы туралы.
Былтыр Бөжей өлген күндерде басына қара тiккен. Ағайын қыстан берi асқа әзiрленiп келген. Жазға салым, қой қоздар кезде сауын айтылған. Сауын, астың болатын ай, күнiн, орнын жариялаған.
Сол сауын бойынша, қазiрде Жiгiтек, Көтiбақ, Бөкеншi. Торғай былтырдан берi тобы-жiгiн сақтап кеп. Шақпақ, Қазбала деген мол қоныстарға жиыла қоныпты. Ас Қазбалада болмақ. Мұнда үлкен бәйгi болады. Соған лайықтай ас беретiн жердiң бiр жағы ат шабарлық кең өлкеге таяу болуын ойласатын. Қазбаладан бiр қабат қара адырды аса, Досымбай, Балқыбек, Ақирек жақтардағы кең далаға шығатын.
Бұл өңiрде Жiгiтек, Көтiбаққа тиiстi шағын қоныстардың iшiнде, осы Қазбаладан лайықтысы жоқ. Сол Қазбаланың батыс жақтағы аяғы Ұлжан аулы отырған Ботақаношағына жалғасады.
Абайдың шешелерiнiң аулы асқа әзiрленiп жатқан қалың елдiң күнбе-күнгi қамдарын ертелi-кеш сұрастырып, есiтiп отыратын.
Елдi сағынып келген Абай мен Ерболға ендi алдарынан шыққан мына хабар аса көңiлдi көрiндi.
Ербол өз ауылдарының әзiрлiгiн ести сала, қайтпаққа асықты. Абай оған рұқсат еттi. Бiрақ Ербол екi күн iшiнде қайта келiп, тағы табысып, бiрге болысуға уәде бердi. Абайдың тiлегi солай.
Келген күннiң ертеңiнде Абай, шешесiмен ұзақ әңгiмелесiп отырып, өздерi кеткеннен бергi ел iшiндегi жаңалықтарды есiттi.
Сол әңгiмелерге қарағанда, Құнанбай көктемнен берi дамылсыз жиын жиып, тынымсыз қимыл үстiнде екен. Алғаш келген кездегi көкқасқа, ақсарбас сойылған топтардан басқа, кейiн де талай әңгiме-дүкен құрыпты.
Бiреуге сый берiп, бiреуге серт, уәде берiп, кейбiреулердi салқын ызғар, сәлем хатпен тартып, әйтеуiр бiр ай шамасында талай руды қайырып, баурап апты. Сол ретте аңықтап кеп қолтығына кiрген Қаратай сияқты белдiлер бар. Бұрын ара ағайын боп, сұлық жүрген рудың көбiн де жақынырақ тартқан тәрiздi. Қысқасы, ел сыртқа шығуға бет алып, қыстау-қыстау тұсынан қайтадан өтер кезде, Құнанбай қарсысында, қалған шоқтай топ, белгiлi үш-төрт қана ру бопты.
Олар болса, қыстан берi Бөжейдiң асына әзiрленемiз деп, күш-қайраттың, сөз бен қамның бәрiн соған салып жүр екен. Сонымен, дәл сыртқа шығар кезде, Құнанбай он бес қыстауды қайта жоқтапты.
Байдалы, Байсалға күз бен қыста өзi уәде қып, ағайыны қолдан берген жерлердiң бәрiн қайтадан қайтарып алатын бопты. Өткен қыс сол жерлердi қыстап шығып, меншiктенiп қалған ауылдардың бәрiне де сәлем айтыпты да, "күздiгүнi бұл қыстаудан дәме қылмасын! Қоймаларын қоймасын! Жатақ қалдырмасын! Қыстау өзiмiзге қайтады " деп, әр ауылға оқшау-оқшау хабар айтқан екен. Барлық сәлемiнде дау айтып, қисын айтпайды. Бұйрық жiбередi. Сүйтiп он төрт қыстауды қайтып алып, жалғыз ғана қыстауға келгенде, дегенi болмайды. Ол – Шыңғыс iшiнде, Байсал алған қыстау екен.
Қазiр мiне осы ауыл Ботақанда отырғанда, Байсалға Құнанбай жарлығын апарған Қаратай мен жорға Жұмабай. Соларға Байсал әуелi жай ғана жөн айтты. Айтқаны:
– Мырзаға сәлем айт, бала жастан бiрге жасасып келемiз. Содан берi менiң қыстаусыз, жерсiз екенiмдi осы ел iшiнде өзiнен артық бiлетiн кiсi жоқ. Кеше, Бөжей қыстауы Тоқпамбетке шейiн әперем демеп пе едi? Бүгiн маған бiр қыстау тиген екен. Мырза жерсiз емес. Он бес қыстаудың он төртiн қайтып алыпты ғой. Маған тигендi қалдырсын, орын теуiп, шығындап қалдым!– дептi.
Сол сәлемiн Құнанбайға әкелгенде, ол ашу шақырып, кәрiне мiнiп., Қаратай мен Жұмабайды сол түнде қайта жiберiп: "сөздi қойып, көшсiн" деген бұйрық жолдапты.
Байсал мұны естiгенде қатты бұзылып, қарсы қайрат көрсетiп:
– Жөнiмдi айтып ем, жiбiмедi ғой. Жерге тигендiктен шықпайды, жетеге тигендiктен шығады жан ашуы. Мен тек жатайын десем де, сүңгiлеп тұрғызайын деген ғой! Сол жер деген боп, жегiдей соңына түсiп, кешегi қадiрлi Бөжейдi де жұтып едi. Содан жаным ардақты емес. Айтқанымнан қайтпаймын! Осы қыстаудан қия баспаймын!– дептi.
Бұл жауапты Қаратай тағы бiр от шығып кете ме деп, майдалап жеткiзбек екен. Бiрақ Құнанбай: "Байсал бұлай сөйлемейдi, дегенiн дәл жеткiз" деп, қадалып отырып апты да, Жұмабай түгел айтып берiптi.
Содан берi Құнанбай Байсал мен Байдалыға қайта кiжiнулi екен. Жалғыз-ақ Бөжейдiң асы келе жатқандықтан, сырттан тартынып отырған көрiнедi. Бiрақ Ұлжан түгел бiлiптi. Шыңғыс асып жайлауға көше бастағаннан берi, Байсал ауылдары мен Құнанбай ауылдары әр қоныстың тұсында иықпен қағысқандай боп, ылғи тайталаса келiптi. Барлыбайжазығына бұл ауыл қонған да, Тоңашаға Көтiбақ қонған екен. Малын қудыра берiптi Құнанбай. Содан соң Байсал, Көтiбақ қонысының Құнанбай аулы жақтағы шетiне ұдайы өз аулын қондырып, бұл жақ не iстесе, соны iстеп келiптi.
Қызылқайнар тұсында, Жыландыда, Балашақпақта да Байсал аулымен осы ауылдар ылғи сыбайлас боп, тiресiп келген екен. Күндiз-түн Көтiбақ жiгiттерi Байсал аулының айналасында болады дейдi.
Құнанбай аулы анау көрiнiп, жер шегiне iргесiн қадап отыр. Болымсыз бiрдеңе болса, от шығып, ұшқындап кететiн сияқты. Құнанбай, әсiресе, омырау қып, соған әдейi iзденiп жүр. Осы жайды аңғарған Зере мына Ботақаношағына елден бұрын кеп, Байсалға өзi көршi боп қоныпты. Онысы Күнкенiң аулынша тимей, малшы, қосшыны тыйып ұстамақ. Ұлжанның әсiресе қамығатыны, мына келе жатқан Бөжейдiң асына да Құнанбай бұл қалыпта қырыс қарап, шырай беретiн емес. Өлiнiң топырағын көрмесе, тым құрыса жыл өткенде жiбiмес пе? Осының бәрiн көп күрсiнiп отырып айтқан Ұлжан Абайға үлкен ой салды. Ел iшiнiң мiнезiне, әкенiң тартысына баласының көңiлiн шындап тұрып, шүйлеп салғаны осы. Үлкен iсiне араласатын кезi жеттi дедi ме? Барынша ширығып отырып, ашық сөйледi.
Абай өзiнiң қатаң ойларын сыртқа шығарған жоқ, қабақ түйiп iшке жиды. Осы күн күнi бойы ешкiммен жазылып сөйлескен жоқ. Түн бойы ұйықтай алмай, аунақшып шықты.
Ертеңiнде түске жақын Ербол келiп, екi жiгiт үлкен үйде қымыз iшiп отыр едi.
Тыста бiр нәрсеге қатты ашуланып, ақыра сөйлеп, аттан түсiп келе жатқан Құнанбай үнi естiлдi. Жалғыз екен. Үйге кiре бере бөгелiп, есiк алдында тұрып:
– Ей, Жұмағұл, Мырзахан! Кел берi!- деп, әмiр еттi де, үйге кiрдi. Екi жiгiт iлесе келдi. Құнанбай төрге шығып отыра бере:
– Аулымның iргесiне егесiп кеп қонып отыр ғой. Егескендiктен жылқысын қаптата жайып, берi өрiстетiп отыр. Көрейiн мен, Байсалдың ызғары мен айбарын. Бар дереу, қолдарыңа шоқпар, сойыл алыңдар. Анау жылқысын сойылдап-сойылдап, дәл Байсал аулының ар жағына қуып тастаңдар! Бұлжытпай орында осы айтқанымды!- дедi.
Екi жiгiт жалт бере жөнелдi. Бiр кезде сойылдарының дыбысы естiлiп, кермеден ат шешiп жатқандары бiлiндi. Сол уақытта Абай үйден шығып, екi жiгiтке:
– Ей, тоқтаңдар!- деп, үн қатты. Ана екеуi аттарына мiнiп ап, тымақтарының құлағын жымыра байлап жатыр екен.
Абай қатарына келiп:
– Сендер қайткелi тұрсыңдар!- деп едi, Жұмағұл сырт қарап жауап бердi.
– Бара жау тигендей етемiз! Несi бар?
– Тимейсiң олай, берi қара!
– Е-е, мырзаның бұйрығын екi етушi ме ем?- деп, тебiне бердi. Абай осы кезде қатты булығып жетiп келдi:
– Құтырма! Тоқта!- деп, ақырып қалды. Екi көзi қанталап, өзi сұп-сұр боп апты. Жұдырығы түюлi. Екi жiгiт тоқтай қалды.
– Жылқыны қумаңдар! Сойылдама! Жай ғана жылқышысына айтыңдар да, қайтыңдар!
– Е, бұйрық ше?
– Бұйрық осы! Айтылды! Осыдан тек жалғыз-ақ бәле шығарып жүр, Жұмағұл, жазаның үлкенiн сонда көресiң! Тап мына менен көресiң!- дедi. Даусы соншалық зiлдi. Сөзi сондай салмақты.
Жұмағұлдар ерiксiз көндi де, аяңдап кеттi.
Абай үйге кеп әкесiне ажарлана қарап отырып:
– Әке, осы, шiлденiң күнiнде, ен жайлауда, шөп деген тұнып тұрған шақта, жер қорыған, ағайынға ренiш салсаң не қисынға сияды?- дедi.
Құнанбай бұған жалт етiп, суық қарады.
– Немене, Байсалдың дауын айтар тiл, жақ жоқ деп пе ең? Қыстауымды қайырмай, қасарысып отырғанын да қостарсың сен!
Абай қайтқан жоқ. Үнi қатқыл шықты.
– Қыстау - жайлау емес қой.
– Қыстаудан жайлауға көшетiн кекесiн болмай ма екен?
– Ендеше түп-түйiндi айтады екемiз. Сонда қыстау жайындағы ашудың өзi әдiлет пе?
– Әдiлет, сенiң ойыңша, бiреудiң басына күн туса., соның орнын тартып алу ғой?
– Тартып алғыштың басы, шынға келсек, Байсал емес, өзiмiз ғой. Байсал алушы емес, алынушы боп келмеп пе едi бұл күнге шейiн? Өмiр бойы бiр-ақ қыстау сұрап емiнгенi өзiңiз емес пе едiңiз? Сол бiр қыстаудың зарынан кеше сiздiң қасыңызға ерiп, қолыңызды қостап, тiптi анау Бөжейдi сабасуға да барғаны қанi? Байсалға тиген бiр қыстауды қуған - зорлық. Содан ұшқындап кеп, мына...- дей бергенде, Құнанбай Абайды тоқтата бердi. Бiрақ, алғашқы ашулы үнi бәсеңдептi.
– Жә, суырылма! Менiмен жарыса түспек пе ең?- дедi. Абай бұған аз iркiлдi де:
– ... Мына жайлауда бөлiнбеген бiр елдiң көдесi үшiн түс шайысу тiптi жол емес!-деп тоқтады.
Бұрын Абай әкесiне осындайлық ел жайындағы сөздердi айтқанда, көсiлiп сөйлей алмай, күрмеле берушi едi. Тiлi де тұтқыр тарта беретiн.
Құнанбай баласының бұл жолғы үнiн өзгешелiк көрдi. Үй iшiне айнала қарап, байқап едi, Зере, Ұлжан да қалт қарап, қадала тыңдап отыр екен. Жаңағы сөз жалғыз Абай сөзi емес пе, әлде? Құнанбайдың бетiне батып айта алмаса да, сырттан бар жақын, бар туысқан осылай десе ме екен? Осындай қып ойландырған сұрақтармен Құнанбай тоқырап, үнсiз отырып қалды. Аздан соң тынышсызданып қозғалақтап барып, көлбей түстi. Шынтақтап, жантая бердi. Абай биiк төсектен жастық әпердi. Құнанбай сол жастықты қолтығына басып, Абайға сыртын берiп, ойға түсiп қалып едi.
Алғашқы сөзiне қарсы дүрсе қоя берген ашуды көрмеген соң, Абай тағы бiр сөз бастады.
– Үй iшi болсын, бала-бауыр болсын, өз ойындағы мақұл дегенiн сiзге айтуы шарт қой. Айта алмай жасырып қалса, лайық па? Сiздiң де естiп бiлуiңiз лазым ғой!
Дiндар әкеге кiтапшылап сөйлесе, парыз, уажiп деген сияқтыны еске алуы мүмкiн. Бұл есебi дұрыс болған сияқты. Құнанбай Абайға қырындай қарап, ендеше айт дегендей iлтипат жасады. Абай ендi бөгелген жоқ.
– Тағы бiр жайды айтуға рұқсат етiңiз. Ол мына Бөжейдiң асы туралы. Бұл жөнде бiз ада қылмаған ағайын мiндетi көп. Жалғыз-ақ, ендi мынау ас жалғыз Жiгiтекке сын емес. Бiрнеше дуанның елiне сауын айтып отыр. Ағайынмен, адаммын дегеннiң бәрiне сын. Өлiмiнде оқшау қап ек, ендi тым құрымаса, мынау асына ат салысайық 1- дедi.
Құнанбай өткен жылдың ызасын еске түсiрiп:
– Мен қайтейiн! Кел демесе кимелеп барам ба? Барып тұрып, былтырғыдай кеудеге қақтырам ба?- дедi де, бұл сөздi жақтырмағанын сездiрдi.
– Ендеше, сiз бармаңыз. Бiрақ бiзге рұқсат етiңiз. Бiз барамыз да, араласамыз. Сол жетедi. Қарсы болмасаңыз, мен өзiм ада қылайын. Тек қасыма Ызғұттыны берiңiз. Және азын-аулақ мал-дүниенiң шығынын осы үйдiң, мына шешелер мен бiздiң еркiмiзге берiңiз!
Бұл тұста Абай көңiлiнде әзiрлеп алған байлау бар сияқты. Онысы бiр өзiнен басқа ешкiмге мәлiм емес. Ұлжан да қазiр баласының сөзiн ойлана тыңдап қапты.
Құнанбай басын көтерiп, тымағын киiп, тұруға айналды. Үй iшi жауап күтiп, қадала қарап отыр. Салмақ салғандай. Соны жақтырмаған Құнанбай қырыстанып:
– Мейiлдерiң! Маған десе, аяғына бас ұр Байдалы мен Байсалдың!- дедi де, шығып кеттi.
Көнгенi осы. Қай көңiлiмен көндi. Қиналып, қынжылып көне ме? Кекесiнмен көне ме? Оның ар жағын Абай елеген жоқ. Тек қарсы алыспаса болды.
Ендi шешелерiмен оңаша отырып, өз ойынша қалай араласатынын ап-айқын қып, таратып-таратып айтып бердi. Байлауының бәрi де орынды екен.
Зере мен Ұлжан осы iске көмекшi болсын деп, Ызғұттыны шақыртып, дәл осы күнi Абайға ақылшы қып қосып берген.
Абай өз ағайындарының iшiнен Құдайбердiнiң болыспағын қажет деп бiлдi. Оған өзi барып, ұзақ әңгiмелесiп, бар ниетiн айтып, ұғысып қайтты. Құдайбердi Абай керек еткен жәрдемiнiң бәрiн жеткiзiп тұрмақ болды.
Осы кеште Ербол Бөкеншi жаққа қайтпақ едi. Атқа мiнер жерде Абайды оңашалап алып:
– Абай, бөтен сөзiм жоқ тек бағана әкеңмен сөйлескен сөзiңдi есiткелi өзiңе дән ырза боп, достығыма сүйсiнiп ем. Барым сол ғана. Ендi мен ана жаққа барып көптiң iсiне қолдан келген көмегiмдi етейiн!- дедi.
Абай рұқсат еттi. Жалғыз-ақ, Ерболдың ас жөнiнде керегi болса шақыртып алмақ болды.
Келесi күнi Абай атқа мiндi. Қасына ерткенi жорға Жұмабай мен Мырзахан. Бұл үшеуi Қазбаланы өрлеп, Көтiбақ пен Жiгiтектiң қалың ауылдарын аралап отырып, сол өлкенiң орта тұсындағы Бөжей аулына келдi. Бұл өңiрдегi ел тұтасымен астың қамында. Бөжей аулының жоғарғы жағындағы кең бiр төскейге сансыз көп үйлер тiккiзiп жатыр. Астың күнi жақындап қалған. Қарбалас мол. Ер атаулы ат үстiнде. Асқа тiгiлген үйлердi артқан көштер, тiзбек боп, дамылсыз ағылып келiп, жаңағы төскейге құйылып жатыр. Абайлар ең алдымен Бөжейдiң қаралы үйiне түсiп, құран оқыды. Белдеуiне қара тiгiлген, қымбат бұйым атаулыдан сеп жиылған, қаралы теңдер тiзiлген үлкен үй әлi сол қалпында. Бөжейдiң жыл уағын күтiп, азалы күйде тұр. Тұлдаған киiмдер де оң жақта iлулi күйiнде. Әсем тұскиiздiң үстiнен iлiнiптi.
Осы ауылдың қасында ас иелерiнiң жиыны түгел екен. Абайлар Бөжей үйiнен қымыз ауыз тиiп, тысқа шығып, сол жиынға келдi. Кiшiлеу төбенiң басында отырып, кейбiр аттыларды шақырып алып, кейбiреулерiн шапқыза жөнелтiп, әмiр таратып отырған осы жиын. Ортасындағы үлкендерi Байдалы, Байсал, Сүйiндiк.
Байдалы былтырғыдан берi недәуiр қартайып қапты. Сақал-шашының ағы көбейiп, бурылға жақындаған. Қастарына Абай келiп сәлем бергенде, бұл үлкендер бұрынғыдай емес, оң шыраймен амандасты. Байдалы мен Сүйiндiк, Зере мен Ұлжанның амандық-саулығын сұрап, жас жiгiтке қастарынан орын берiстi. Осы үлкендердiң бұйрығын күтiп, қас-қабақтарына қарап жүрген жас жiгiттердiң iшiнде Ербол бар. Абайдың бұрыннан жақсы бiлетiн бiр танысы Жиренше де осында. Байсал Құнанбаймен араздасып кеткелi, Абай мен Жиреншенiң кездескенi осы.
Жиренше де Абайға ендi жылы ұшырап амандасты. Жаңа адамдар келген соң, үлкендердiң өзге iстерi мен сөздерi бөгелiп тоқырап қалған. Азғана жиын бiраз үндемей отырысты.
Абай осы уақытта Байдалыға қарап:
– Байдаш аға, - деп алып, сөзiне кiрiстi.
Келген жұмысын қысқа айтты. Бiрақ, орнықты, байыпты қып жеткiздi.
Осы жиынға сәлем айтқан Зередей аналары екен. Сол кiсiдей үлкендер жiберiптi. Бөжекеңнiң асына ағайын боп ат салыспақ. Бұрынғы шақта қапы болса, ендi олай емес, қалыспаймыз деген адал ниетпен келiптi.
Байдалы Абайды тыңдап алды да:
– Шырағым, бұл сөзiңе ағайын ырза. Бетiңнен жарылқасын. Ендi қалай кiрiсесiң, ойлағаныңды өзiң айт!- дедi.
Абай сонан соң кешегi шешелерiне, Ызғұттыға, Құдайбердiге өзi айтқан жобаларын айтып шықты.
Қонаққа тiгiлiп жатқан үйлердiң ортасынан Абай өзi тiккiзетiн үйлерге бөлек орын тiлейдi. Он үлкен үйдi осы бүгiн күннен қалдырмай әкелiп тiгудiң мiндетiн алады. Он үй -отыз-отыздан үш жүз кiсi түсетiн үй болмақ. Сол үйлерге арналған iшкi жасау, көрпе-жастық, ыдыс аяқ баршасы үйлермен бiрге келедi. Және он үйдiң ертеңдi-кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтiмi өзiне бөлек. Ол Абайлардың өз мойнында. Ас ошағын да өздерi жайлайды. Аспазшы, күтушi, даяшы жiгiттердiң бәрiн де Абай өзi қамдайды. Үлкендер осыған сенсiн де қазiр осы арада тапсырып, байлап берсiн. Сонан соңғы Абайдың тiлейтiнi: әр рудан, әр жақтан келген қонақты осы маңдағы әр топ, әр ауыл мiндетiне алып жатыр ғой. Ас келесi солай ғой. Ендеше Абай да мынау үлкендердiң бұған арнайтын қонақтарды атап бермегiн сұрайды. Сонда және осы жиынға келетiн ең қадiрлi, ең сыйлы деген елдiң қонағының бiрiн берсiн, соны өтiнедi.
Байдалы, Байсал, Сүйiндiктер Абайдың өзiн ендiгi ақылдарының iшiне ала отырып сөйлестi.
Бұл асқа Қарқаралының Арғыны, Жетiсудың Жалайыры, Садыр-матайы, Семiз-найманы, Ылдидың Уақ, Бурасы, Дағандының Керейi бар, талай үлкен рулар келмек.
Бәрi де алыстан келедi. Бiрақ, осы топтардың iшiнде, әсiресе, ала-бөтен, жолы басқа бiр топ бар. Ол Найманнан келетiн Бөжейдiң нағашылары. Сол елде ертеректе Бөжей атты жақсы кiсi болған. Кеңгiрбай сонымен құда боп, өзiнiң Ералы деген баласына Бөжейдiң қызын айттырған. Кейiн сол Бөжей қызынан туған немересiнiң аты нағашысындай болсын деп Бөжей аталған екен. Байдалы қыстан берi соларға айрықша хабар жолдаған. Жақында жауап кептi. Бөжейдiң сол нағашы жұрты жиенiнiң асына келмекке әзiрленiп жатыр екен.
Қазiр жиын Абайдың мейлiнше жақсы ойланған қамдарына сенген сияқты. Осы Бөжейдiң нағашыларын күтiп алу, өзге қонақтан өзгерек реттi тiлейдi. " тапсырғанда, соларды тапсырса қайтер едi?"- деген сөздер шыға бастағанда, Абай:
– Ендеше, Байдаш аға, байлау сол болсын. Бөжiкеңнiң нағашысын бiздiң күтуiмiз жол екен! Бiзге берiңдер!- дедi.
Жиын iркiлген жоқ. Кеше Құнанбай, Бөжейдiң араздығын, жаманатын есiтiп келген нағашы жұрт, ендi артын күтiскендi көрсе, көрсiн! Лайығы сол екен дескен.
Бұл жайды ашып айтысқан кiсi жоқ. Бiрақ салған жерден Абай қалай ашық түсiнсе, өзгелер де солай таныған.
Абай осы ауылдардың өзге қамдарын, iшкi реттерiн жақсы бiлетiн кiсiлерден бiр үш жiгiт берiлуiн сұрады. Оған Байдалы Ерболды, Жиреншенi, Базаралыны атап бердi.
Бар сөз шешiлдi. Бар қам, барлық қимыл алда тұр. Ендi бiр сәтке де аял жоқ. Абай сол арада атын мiнгелi орнынан тұра берiп едi, Сүйiндiк бұған ырзалықпен қарады да:
– Жамандықтан жұққыш нәрсе бар ма? Оны тапқан ақылды болғандықтан таппайды. Және тапқанымен қарқ болмайды. Шын тапқан деп, жақсылық тапқанды айтат та! Бетiң, ниетiң дұрыс екен, балам! Тек, жолың болсын!- дедi.
Абай осы топтың бөтенi боп көрiнбей, өз адамы сияқты боп саналғанына iшiнен қуана түсiп, ырза боп, атына қарай басты. Өзi атқа мiнiсмен жаңағы бұған серiк болатын Жиренше, Базаралы, Ербол үшеуiн ертiп алып, үйлер тiгiлiп жатқан жердi аралады. Өз үйлерiн тiгетiн орынды ақылдасып, сайлап алып, ас ошағын орнататын жерлерiн де белгiледi. Ол орайда ақыл айтып, орын көрсеткен Жұмабай болатын.
Барысымен үйлер көшiрiледi. Мырзахан мен Ербол екеуi көштi алдынан тосып алып, жайлап қондыруға мiндеттi. Абай өзi ол жақтан келетiн мал-дүниенiң бәрiн әбден сай қып жөнелткен соң ғана келедi, оған жектi, мұндағы iстерге Базаралы, Жиренше бәрiнiң де бас-көз болуын. Сұрады. Байлауы шапшаң, сөзi де, iсi де жол көрген кiсiдей, орынды, ширақ.
Абай мен Жұмағұл жөнелiп кеткенде, ұзын бойлы, сұлу жүздi Базаралы қалғандарға қарап:
– Япырмай, мынау өзi ер жетiп, пiсiп қапты-ау! Тек айтқаны қолынан келсiн, - дедi.
– Қолынан келгенде, мықтап келедi! Көрерсiң!- деп, Ербол сенiмдi сөйледi.
– Ендеше, бөтеннiң қамы емес. Бiр Бөжекеңнiң аруағы ғой. Келiңдер, көмегiнде болайық!- деп, Базаралы байлауын айтты.
Жиренше де, Ербол да шын бейiлмен құптады. Абай Қазбалаға жүрерде қатты тапсырып кеткендiктен, Ұлжан аулында үлкен қарбалас, әзiрлiк жүрiп жатыр екен. Мұндағы iстiң басында Ұлжанның өзi және Ызғұтты, Құдайбердi болатын.
Ботақан ошағына келiсiмен, қонаққа тiгiлетiн он үй жығылып, артыла бастады. Үйлердi жаңағы үшеуi осы арадағы Ырғызбайдың бар аулынан таңдап тұрып атаған-ды. Абай сары жорға атпен сыдыртып жүрiп, бар үйдi тiгулi күйiнде көрiп шығып, бiр-екi қоңырқай үзiгi бар үйдi алмай, орнына басқа туысқандардың аппақ үйлерiн жықтырды. Сонымен, кешкi жылқы суға келетiн кезде, Қазбалаға қарай салқар көш боп жөнелген үйдiң бәрi бiрдей үлкен, шетiнен аппақ, келiстi үйлер болатын.
Әр үйдiң iшiне ұсталатын кiлем, тұскиiз, сырмақ, текемет, көрпе-жастығы да бiрге жiберiлдi. Көбiнiң ыдыс-аяғы да сай болған. Дастарқан, орамалдың да олқы болмай, жаңа болуын, таза болуын, Ұлжан өз көзiмен атқарып, қадағалап жiберткен.
Әр үйдiң тiгушiлерi қазiр бiрге кеткен жiгiттер. Кейiн қонақ күтетiн күтушiлер де солар болмақ.
Өңшең пысық, елгезек, сергек жiгiттер екен. Бәрi де Бөжей iсiне бұл ауылдардың бет бергенiн iштей шынымен мақұлдаған жастар сияқты. Тегiс көңiлденiп аттанысты.
Қонақ үйлер жөнелумен Абайлар iстейтiн iстiң басы ғана басталды. Үлкен, ауыр жұмыстар әлi алда жатыр. Көштi жүргiзiп жiберiп, ендi күн батар шақта тыста үлкен үйдiң алдында, Зеренi ортасына алып отырып, төртеу-бесеуi ақылдасқанда, қалған iстiң қиынын Абай ендi түгел түсiндi.
– Не керек? Қайтпек керек?- дегендi кезек-кезек айта бастаған Ұлжан мен Ызғұтты едi.
Қазiр ендi ас ошағының басына тiгiлетiн үйлердi де жөнелту керек. Оған Абай бiр-екi үйi жетер деп ойлап едi. Жоқ, сойылатын малдың етi үйде болу керек екен. Ендеше, бес-алты үй керек.
Оның бәрiне ас пiсiретiн, отын-су қамдайтын халық керек. Ең алдымен сойыс не болады! Құнанбаймен ақылдасуға болмайды. Не де болса, өздерi шешедi. Бiрақ кең қолдық, шығымдылық болса, осы жерде көрiнедi. Оған Ызғұтты iркiлiп, еш нәрсе айта алмады. Абай әйтеуiр сараң болмау керек дегеннен басқа, не лайық екенiн дәлдi бiлмейтiн. Бұл арада Құдайбердi көмек еттi.
– Ендi сенiң бетiң iркiлмесiн. Барған соң, басқаша боп бар! Он үйге арнап, он сегiз байтал апарыңдар. Үй басы екi еркек қой барсын!- дедi. Осы айтқаны байлау болды.
Ұлжан ас ошағының басында үлкен қиындық барын, ақыл керек екенiн айтып келiп, ертең өзi бармақ болды. Қасына Айғызды, Қалиқаны, Сарыапаңды және бiрнеше күтушi қатындарды ерте баратынын айтты. Осы кеште ұн, шай, тәттi-дәмдi дегеннiң бәрiн де бар ауылдан тығыз қамдатты.
Өзге жайдың бәрiн ақылдасып, шешiп келгенде, бәрiнен қиыны қымыз болды. Сауын биенi ол араға апарып байлауға болмайды. Жер тар, ел тығыз. Қымызын анау басқа күтушi ел де күнбе-күн жеткiзiп тұрмақ. Ботақаношағынан Қазбалаға қымызды мол қылып, қалет қылмай., кешiктiрмей жеткiзiп тұру үшiн бiр Абайлар емес, осы артта қалған ауыл-ауданның, кәрi-жастың бәрi кепiл болуы шарт.
Ел жатқанша, осы маңдағы жиырма ауылдың бар үлкендерiн Абай мен Ұлжан тегiс шақыртып ап, тағы кеңес жасады.Астың басы бiр басқа. Осы ауылдың өзiнде қалып, үнемi айдаушы боп отыратын аса мықты кiсi осында керек. Құдайбердi ол мiндеттi өз мойнына алды. Оған Жақып, Жұмағұл, Ырсай сияқты үлкен туысқандар айғайшы болмақ.
Ырғызбайдың осындай көпшiлiгi бас қосқан кеңесiнде Зере сөйледi:
– Байлауын байладың. Ендi, түге, жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өлiге еткен қызметтен бастарың кiшiреймес. Араз-құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тiрiсiнде алғыс алмасаң, ендi тым құрыса, өлi аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келiндерiм, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кiрiп, күлiмен шық қонағының! Ердiң сыны шабуыл мен шаптығуда емес - кiшiпейiл, мейiрде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүрiп күт! Дабырайып, желiгiп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүрiп күтiңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзi түгел отыр ғой мiне, өл де маған! Бiрi қырт, бiрi дарақы мақтаншақ, бiрi ұрдажық, даңғой атанғанда -осындай көп жиын үстiнде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын!- дедi.
Соңғы айтқан "мылжың", "мақтаншақ", «даңғой" дегендерi осы арада шынымен төрт көзi түгел отыр едi. Мылжыңы мынау - сары сақалды Жұман. Даңғойы анау -Майбасар. Мақтаң шағын айтса - Құнанбайдың ұлықтығын бу көрiп, осы Ырғызбай шетiнен бөспе болатын.
Зереге дау айтуға батылы бармаса да, Майбасар iшiнен қыжалданып, мойнын сырт қайырып отыр. Бар Ырғызбайдың анасы. Өзiнiң ашуы әлi қатты. Томырылып кетсе тiптi Құнанбайды да қорқыту қолынан келедi. . Оны Майбасар талай көрген. Ендi, ыза болса да, амал жоқ. Зере сөзiн бiтiргенде, Майбасар қасындағы Ұлжан жеңгесiн түртiп қойып, ақырын күңкiлдеп:
– Қап, мына тентек кемпiр ме! Исi Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалын жиып ап, қылып отырғанын қарашы. Енемiздi әбден ұрды-ау, масқара-ай! Даңғой дегенi ғой дәл мен осының!- деп едi. Қасында отырып, сөзiн естiген жұрт күлiп жiбердi.
Майбасар Ұлжанның тасасына бұғыңқырап отырып, қуланып көзiн қысып:
– Әнебiреу айтқаны кiм екен десеңшi, тағы бұның? Ана " мылжың " дегенiн айтам! Ондай да бар ма едi?- деп, тоқтай қап Жұманды көзiнiң астымен бағып отыр.
Сағал көз, сары сақал Жұман бұның мысқылын сезген жоқ екен.
– Ой, сығыр мұндар, бiлмей отырмысың? Мылжың деп, қырт қып, жазған, менi айтат та!- дегенде, жұрттың бәрi ду күлдi. Ендi сөз бiтiп, жұрт қысыр кеңеске. Кететiн тәрiздi. Абайлар iске асығып, тұрып кетiстi.
Топтан шыға бере, Абай Жұман мiнездерiн еске алып, күлiп жiбердi. Бұл туысқанның қырттығы, шынында, дау-дамайсыз-ақ айқын. Өткен күзде бiреулер:
– Жидебай мен Мұсақұлдың арасы қанша шақырым келедi екен?- десiп отырса, осы Жұман:
– Жидебай мен Мұсақұлдың арасын мен айтайын. Былтыр айт намазынан қайтып келе жатып, қолдан санағам. Дәл бiр мың екi жүз отыз жетi " лә илаhа илалла " болады екен!- дептi.
Абай осыны еске түсiрiп, iшiнен Жұман үшiн жаман ұялды. Мырс етiп:
– Құдай-ау, неткен көк мылжың? " илалламен " жер өлшеу неше атасынан қалды екен мұның. Оны әрi айтып, әрi санау неткен бейнет? Не деген мылжың тауандылық?- деп ойлаған.
Осы түндi тынымсыз қарбаласпен өткiзген үлкен ауыл, таң сарғайып атысымен, тағы бiр үлкен көштi жөнелттi. Арасында үлкен үйлерi, қостары, ұранқайлары бар -жиыны сегiз үй, ас ошағының басына тiгiлетiн боп кеттi. Ас пiсiргiш еркектер мен қатын да, отыншы, сушы қызметшiлер - баршасы да осы көшпен жөнелдi.
Күн шығып, ел тұрған соң, кең пәуескенi үш атқа жеккiзiп, қасына Айғыз, Сарыапаң, Қалиқаларды алып Ұлжан да жүрдi. Артта қалған ендiгi iс - сойыстың малы. Соны таңдап ұстатып алып, Қазбалаға тез жеткiзу бар. Абай мен Ызғұтты қастарына үш-төрт жiгiт алып, сол шаруаға қалған.
Бойдақ жылқыны ауыл қасына ерте айдатып келiп, Құдайбердi, Ызғұтты, Абай -үшеуi ат үстiнен түспей жүрiп, түндегi аталған он байталды iрiктеп таңдады.
Әрқайсысы әр айғырдың үйiрiнен белгiленген. Бұл байталдың бәрi де, өмiрi жүген, құрық тимеген шу асаулар. Көп мықты жiгiттi қашаған қуғыш бедеулер мен жүйрiк ат-айғырға мiнгiзiп, қолдарына ұзын құрық, мықты бұғалық берiп, асауларды ұстауға кiрiстiрдi.
Жайын құландай безiп қашқан байталдар оңай ұстатқан жоқ. Бiрнешеуi жеткiзбей жосып, әлек етсе, кейбiреулерi мойындарына түскен құрықтарды жұлып әкетiп, бар жылқыны үркiттi. Ауыл үстiнен қашқандарын иттер қуып, Ботақан бойы азан-қазан болды. Жiгiттердiң көбi астарындағы аттарын қан сорпа қып, өздерi де талған кезде, жетi байтал ұсталып болды. Ендi, бiр жирен, екi құла байтал шығанға шығып, мойындарындағы бұғалығымен босып жүр.
Олардың соңына Масақбай түсiп, сойылдап ұрып жүрiп, қорқытып әкеп, қалың жылқының iшiне тықты. Сол кезде барлық аттылы-жаяу тұрған жиын байталдардың мойнында сүйретiлiп жүрген арқандарға үштен, төрттен жабысып, табандап жатып алысты. Сөйтiп, соңғы қашағандар да тегiс ұсталды. Шыңғырып бұлқынған жас асаулар, түздiң тағысындай арпалысса да, бастарына тегiс ноқта киiп, мойындарынан қосақталып, Қазбалаға қарай кеттi.
Жиырма еркек қой да бұл кезде жарым жолға барып қапты. Керегiнiң бәрi түгелденген соң, Абай мен Ызғұтты да жортып отырып, ас басына келдi.
Аталған жерлерге қонақ үйлер де, ас үйлер де тiгiлген екен. Iштерi де реттелiптi. Әр үйдiң күтушi жiгiттерi өз үйлерiнiң жанынан табылды. Үй басына екi босағаға екi-екi үлкен саба орнаған екен. Абайдың артын ала, iлес келiп жатқан қымызшылар үлкен-үлкен мес пен сүйретпелердi толтырып әкеп, жаңағы сабаларды кезек-кезек күрпiлдетiп пiсiп жатыр.
Ұлжан да өз мiндетiне сыбана кiрiсiптi. Ол ас ошағын Қазбаланың суына жақындатып қаздырып, мал сойғызуға кiрiскен екен. Жиырма шақты жiгiт биелердi ақтармалап сойып жатқанда, Ұлжан тағы бiр топ жiгiттердi алып, жиырма қойдың он шақтысын Қазбаланың жағасына апарып, әр жерде қалың-қалың от жаққызып, үйткiзiп жатты. Мұнысы ас пен тойда көп қонаққа iстелмейтiн сый. Бiрақ, Ұлжан семiз жылқы етi мен жас қойдың етiне үйткен қойдың дәмдi құйқасын да араластырмақ бопты. Бейнет те болса, Абай үйлерiнiң ажарын арттыратын болды. Дәл нағашылардың iшiндегi үлкендерiне арнап, екi кебеже сүр де әкелгiзген. Қыстан қалған бар ескi иiс осы болатын. Қонақтың бәрiне жеткiзе алмаса да, ең елеулi тобына өзге астардың дағдысынан бөлек, сары ала тартқызбақ.
Абай тiккiзген үйлер қазiрде бұл өлкедегi қонаққа арналған үйдiң бәрiнен оқшауырақ. Тысы да, iшi де өзгеше боп айдынды көрiндi. Ең сый қонақтардың түсуiне арналған жарастығы мол үй боп тұр.
Сүйiндiк пен Байдалы бұл үйлердiң рет-ажарын көрiп, ас ошағының басына келiп, аттарынан түсiп, Ұлжанмен амандасты. Елден ерек қамдарды әбден танып, iштерiнен ырза болысқан. Байдалы атына қайта мiнер кезде, Ұлжан азырақ тоқтатып, оңашалап алды да:
– Тамақ пен күтiмi бiр басқа ғой. Ертең ат шабады, балуан күреседi. Әр алуан бәйгелер бар. Түйе бастатқан тоғыздан бәйге шығарыпсыңдар. Жақсы екен! Ағайынның аянып қалатын жерi емес қой. Менiң балам ол үлестерiңнен де қалмаймын дейдi. Соның ақылымен мына бiр бұйымды әкелiп ем!- деп, қалтасынан жiбекке ораған бiр кесек түйiн алды да, Байдалыға ұсынып тұрып:- бәйгенiң бiр тоғызының басы осы болсын!- дедi.
Бергенi үлкен кесек күмiс -" тайтұяқ " болатын.
Осы күнi малдар тегiс сойылып болып, азық-түлiк ас үйлерге әбден жайғасқан шақта, екiндi кезiнде, Қазбалаға қалың қонақтың алды ағылып, жете бастады.
Байдалы, Сүйiндiк, Ызғұттылар қонақ үйлердiң орталық жерiндегi биiкше төбенiң басына шығып, келушiлердi тосып тұрғалы бiрталай уақыт болған. Қонақтар төрт тараптың бәрiнен қырық-елуден, жиырма-отыздан, лек-лек болып, аттарын жай-жай бастырып, жылжып келе жатыр. Әр топтың алдынан керешi күтушiлер шауып шығып, сәлем берiп, жөндерiн бiлiп, үлкендер тұрған төбеге қарай бастайды. Дағды бойынша шет елдiң сый қонақтары әуелi ас иелерiне сәлемдесiп, асқа береке тiлеп барып, қонақ үйлерге түсу керек.
Күтушiлер болса, әрқайсысы өздi-өз үйлерiне алатын қонақтардың ру-руларын алдын ала бiлетiн.
Абай жiгiттерi: Жиренше, Ербол, Базаралы, Мырзахандар да сол қонақ тосушылардың тобында жүр.
Абай өзi қонақ үйлерiнiң қасында, қырық-отыз жiгiттермен, Жетiсу жағының қонақтарын тосып тұрған.
Басында жүздеп келген қонақтар күн батар шақта мыңға жетiп, одан да асып барады. Жiгiтек, Көтiбақ, Бөкеншiлер тiккен үйлердiң бiрталайы өз қонақтарын қабылдап, қарсы алып жатыр.
Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрiндi.
Бөжейдiң шешесiмен туысқан нағашы ағасы ақсақалды, келбеттi қарт екен. Соның өзi кептi. Ол төбе басында, өзге қонақтардан бөлекше белгi жасап, атынан түсiп, барлық үлкендермен құшақтасып амандасты. Қасындағы жиыны мол. Жетiсудан келе жатқан Семiз, Найман, Жалайыр, Матай, Сыбан да тегiс осы кiсiнiң маңында екен, алды сол нағашының тобы. Олар елу-алпыс кiсi. Солардың артынша, Найман тымақты қалың топтар қауырт көрiне бастады.
Нағашы тобы мен артқы аттылардың бәрiне жататын үйлерiн көрсетпек боп Ызғұтты, Сүйiндiк алға түстi.
Нағашылар жақындасып келгенде, Абайлар барлық жiгiттермен сәлем берiп, түсiрiп алысты. Ақсақал нағашыға Сүйiндiк Абайды таныс етiп, Құнанбайдың баласы екенiн айтты.
Абай " қош келдiңiз, нағашы " деп қол қусырып тағзыммен қарсы алған. Барлық мол үйлерден мынау он үй өзгеше, оқшау тұрғанын қонақ атаулы аттарынан түспей тұрып, ерте таныған едi. Бұл үйлерге өздерi түспей, басқа жерлерге орналасқан қонақтар:" анау бөлек үйлер кiмге арналған? Онда кiм қабылдайды екен?" десiп, сұраса бастаған-ды. Сол ретте ол үйлер Құнанбай баласы тiккiзген, Бөжейдiң нағашы жұртына арнап тiктiрген үйлер екенiн де бiлiсiп қалған.
Ақсақал нағашыны қасындағы үлкенiрек кiсiлермен iрiктеп отырып, Абайлар дәл ортаға, ең жасаулы үйге кiргiздi. Өзге топтарын да дамыл көрмей қарсы алысып, қатар үйлерге кiргiзiп жатқан.
Нағашылар бәйгеге қосқалы бiр баран, екi қылаң жүйрiктерiн әкептi. Құйрық-жалы сүзулi, үстерiне бала мiнгiзген, үкiлi-тұмарлы аттар оқшау байланды.
Алыс-жақыннан келген қалың топтардың бәр-бәрi де әзiрше осылай бәйгiлерiн жұтындырып, көлбек қақтырып, келiп жатыр.
Алғашқы топ келiсiмен, өзге қонақтар да iркiлген жоқ. Көз байланғанша он үйдiң алтауы толып қалды. Әзiрге Жетiсудың алыс руының бәрi аталып жатыр. Ендi ымырт жабылар кезде, Қазбалаға төгiлiп жатқан топтардың киiм үлгiлерiн болжау қиын. Қай рулар екендерi мәлiм емес. Тек қана кейбiрiнiң қылаң аттысы көп, кейбiрiнiң баран аттылары көп үлкен шоғыр боп көрiнедi. Сам жаққа қарай бұрылса, күмiс ер-тұрман жарқылдайды. Өлкедегi қалың нөпiрдi көргелi, жаңада мiнiлген үйiрсек аттар кiсiнейдi. Абай үйлерiне түсетiн келушiлер саябырлап, азғана толас болды. " ендiгi кiсiлер ертең келер ", десiп, Абайлар алдыңғы үйлерге қымыз тарта бастаған. Осы уақытта Ербол Абайға келiп:
– Тағы бiр қалың топ келдi!- деп, ақырын хабар бердi. Бұл жиын Найманның Тобықтыға жақын отыратын руы - Сыбан екен. Арғы шетi - Аягөз, Қоңыршәулi, Ақшәулi де, бергi жағы осы Шыңғыстың сiлемiнде болады. Тобықтымен сыр мiнез. Бiрақ бәсекесi де көп, тайталас ру.
Абай жылдам басып, тысқа шығып, бар жiгiттерiн топтап тұрып, тағы да жақсы қарсы алды. Жерi жақын болғандықтан, өзге Жетiсу елiнiң бәрiнен Сыбандар мол келген екен. Абайға тиген қонақтың арты осылар. Бос тұрған үш-төрт үйге соларды түсiрiп, Абай барлық қонақтарын жайғастырды да, ендi тамам жiгiттермен өзi қоса, сарп ұрып жүрiр сыйлауға кiрiстi. Әуелi қымыз. Содан соң шай. Содан әрi атпен тартқызған табақ-табақ ет! Алыс жолдан шалдығып келген, қарыны ашып келген қонақтарды тыңайтып, күйлендiрiп жатты.
Ет желiнгеннен кейiн, шаршап келген қонақтардың алды жата бастады.
Бүгiнгi жүрiске мұқалмаған Сыбандар екен. Олардың үйлерiне еттен соң тағы да қымыз сапырылып едi.
Кеш бойы көбiнесе нағашы жағының үйлерiне айналып жүрген Абай Сыбан қонақтарға ендi оралып келдi. Сыбан жиынының бұл келiстегi үлкенi Қадырбай екен. Ол -ақын Қадырбай. Жас күнiнде әйгiлi Садақ ақынмен айтысып " Балаақын " деген ат алып сол Садақты өлең, сөзде мүдiрткен осы Қадырбай болатын. Оның көп өлеңiне Абай қанық. Бiрқатарын жатқа бiледi. Өз қонағының iшiнде Қадырбай болғанына Абай дән ырза болды.
Қадырбай болса, бағана түсер жерден-ақ, бұларға арналған үй - Құнанбай үйлерi екенiн бiлген-дi. Арысы Тобықты, берiсi Ырғызбай iшiнiң қатын-баласына дейiн бiлетiн Сыбанның бiрнеше сөзуар кiсiлерi тек отырған жоқ. Бағана кештен берi тысқа шығып, қастарындағы күтушi Ерболдармен сөйлесiп, осы он үйдiң жай-жапсарын, күтушi иелерiн де Қадырбайларға мәлiм еткен.
Қадырбай өзi де келгеннен бергi сары қымыздан, дастарқан мен ыдыс-аяқтан, шай үстiндегi тәттi-дәмдiнiң молдығынан әр жайды топшылап отырған. Әсiресе, түрiлген жас қазының қатарында жүрген үйткен қойдың етiнен - мынау үйдiң сыйын өзге үйлердiң сыйынан басқаша деп бағалаған. Ас атаулының бәрiнде болатын жалпы құрғақ сыйдан бөлек жатыр.
Ендi осы сыйды басқарып жүрген Құнанбайдың бiр жас баласы деген соң, Қадырбай сол бала өз қастарына келгенде iлтипат жасады. Абайға:
– Берi кел! Отыр, балам!- деп шақырып ап, өз қолынан қымыз ұсынды.
Қызғылт қоңыр сақалы бар, келбеттi, ақ сары Қадырбай Абайға аса бiр келiстi кiсi көрiндi. Бұл қонақ Абайдан әке-шешелерiнiң саушылығын сұрастырды. Көрсетiп жатқан сый-құрметiне алғыс айтты.
Абай өздiгiмен сөйлемей, тек қана Қадырбайдың сұраған сөздерiне жауап берiп отыр едi. Жауапты қысқа болса да, байыпты, орнықты қып айтады. Жас жiгiттiң түс-тұлғасын Қадырбай ұнатты бiлем, тағы да сөйлеткiсi кеп:
– Осы Барлас ақын маған бiр әңгiме айтып едi. Құнекеңiң оқудан қайтқан бiр жас баласы бар екен. Өзi өлеңқұмар екен. Ұлжаннан туған. Зеренiң қолындағы баласы десе керек едi. Сол әлде сенбiсiң?- дедi. Абай ұялыңқырап күлдi де:
– Барлас ақынның бiздiң үйге кеп азырақ қонақ боп кеткенi бар едi, - деп, Қадырбайдың жүзiне тура қарады.
Қадырбай күлiмсiреп қойып:
– Балам, ендеше сен көңiлiңе алма, әкеңмен құрдаспын. Сондықтан еркiн сөйлей берем. Айтпағым: өлең дегендi аса бiр сүймейтiн кiсi сенiң әкең едi. Сен неғып өлең сүйгiш боп жүрсiң? Осының жөнiн айтшы?- дедi.
Үй iшi Қадырбайдың қалжыңына күле бастады. Абай өзi үй иесi болғандықтан сыпайылық жасап, аз сөйлермiн деген. Бiрақ мына Сыбандар шет елдiң адамдары сияқты емес. Тобықтының өз ауылдарының адамындай кең отыр. Жауап айтқысы да келедi. Айтар сөзi де даяр сияқты. Тек қонаққа кеп отырған үлкен кiсiмен жауаптасса, әдепсiздiк болар ма екен?- деп екi ойлы болды. Өзi байқамастан тамсанып, басын шайқап едi. Қадырбай шалып қалған екен.
– Кәне, бiрдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт!- дедi.
– Ендеше, Қадеке! Әкесi құрдастың баласы құрдас дейдi ғой. Оғат айтсам ғафу етiңiз! Бiрақ аса бiр көңiлi керең кiсi болмаса, өлеңдi сүймейтiн жан бола ма? Менiң әкемнiң де сүйетiн өлеңi болар. Жалғыз-ақ сiздiң есiңiзде қалғаны, әлгi бiр " шұбарым, арғымағым, кер маралым, өз заңынша болкендiк жандаралым!"- деген өлеңдi жақтырмай, сынап сөйлеген сөзi болмаса!- дедi де, ақырын күлiп қойды.
Үйдiң iшi тегiс елең етiп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты қарқылдап күлiп жiбердi.
– Япырай, мына баланың өзiме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгiменi естiген екенсiң-ау, ә? – деп, үй ішіне жағалай қарады. – Мынаның айтып отырғанын көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Құнекең соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп, сын айтып еді. Балам, сен дауыңды тауып айттың! – деп тағы күлдi.
Абай осыдан әрi үндеген жоқ. Тегiнде соңғы кезде барлық үлкендерге талас сөзде соқтығыңқырап сөйлегендi қатты ұнатушы едi. Өзi қоймай сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкiнген жоқ. Қайта мұндайдағы қатқыл көңiлi бiр ырзалық тапқандай болды.
Бұл үйдегi қонақтар ұзақ отырып, кеш жатты. Орындарын жайластырып, тегiс жатқызып болып, түңлiктерiн жапқызып, Абайлар ас ошағына қарай қайтқанда, жаздың қысқа таңы сарғайып атып келедi екен.
Қазбаланың түстiк жағындағы үлкен қоңыр биiктер бозғыл тартыпты. Жұлдызы сиреген көкшiл аспанда Тезектiң Қарашоқысы айқындап көрiндi. " таң келедiнi " бұл атраптың қатпарларына, ұйқысы қалың көлеңкелi сай-саласына елдiң алдымен сол мәлiмдеп тұрған тәрiздi.
Абай, Ербол, Ызғұттылар ас үйлерге жақындай берiп, өзара күңкiлдесiп:
– Қазiр таң атады. Бүгiн ұйқы бола қоймас!
– Ұйқыны қояйық!
– Отын-су ерте қамдалсын.
– Қымыз! Қымыз кешiкпесiн! Бар үйдiң де сабалары сарқылып қалды.
– Ұйқыны қойып, тез қам қылайық!- десiп, келесi күннiң қамына жұмылды.
Келер күн ең ауыр күннiң өзi болды. Астың дәл үлкен күнi осы. Абайға тиiстi қонақтар бұл күнi түске шейiн кешегi үйлерiнен қозғалған жоқ. Таңертеңнен берi шай, қымызбен сыйлап келiп, дәл түске тақай бергенде, барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртiбi қонақтарды да, көлденең қараған елдi де, ас иелерiн де қатты сүйсiндiрдi.
Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күмiс ер-тоқыммен ерттелген. Күтушi жiгiттер бастарына тегiс жiбек орамал байлапты. Ас ошағымен екi арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Нағашыларға арналған күтiмнiң қапысы жоқ, оқшау сый болды.
Астың күндiзгi етiн осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бiр үлкен ақ боз атқа мiнiп, қасына қырық-елудей топ ертiп, қолына үлкен биiк ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой берiп шықты, қонақтар атқа мiнсiн, әзiрленсiн деген белгi. Ендi бәйге, күрес, ат үстi сауық басталмақ. Астың қалың думан, қызу ордасы қайнады. Әңгiме дүкен қарақшы айналасында болады. Байсалдың хабарын құлақтана салысымен, барлық жұрт аттарына ұмтылды. Жал-құйрығы сүзiлген бәйгелер де киiкше басып, ойқастап шықты, аз уақытта қалың ел ат үстiнде әзiр болды.
Жиынын Абай тегiс болжай алмады. Ол атқа мiнбеген, мiнбекшi де емес. Өйткенi мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдiң адамдары болғандықтан, бүгiн тарамайды. Ендеше кешкi сыйына тағы әзiрленiп тұру керек. Сол себептi Абай мен Ызғұттылар өз шаруасының қарбаласында жүр. Маңындағы жiгiттерi де тапжылмай, қастарында қалған. Абай ешқайсысын босатқан жоқ. Тек жалғыз Ербол ғана көптiң қызуына елiгiп, шыдай алмай:
– Тым құрыса сендерге хабаршы болайын. Не боп жатқанын айтып келейiн, - деп тұра жөнелiп, шапқылап кетет те, тез оралып келiп, тың хабарлар айтады. Кешеден берi жиылған жұрттың сан мөлшерiн бiлген кiсi жоқ едi. Ербол " талай мың бар екен " деп келдi.
Абайдың қонақтары аттарына мiнiп, белгi күтiп тұрғанда, Байсал ұран салып, қарақшысын аспандата көтерiп, Тезектiң қарашоқысына қарай шапты. Соның ар жағы кең жазық. Iстiң бәрi сонда болмақ.
Қарақшы жөнелiсiмен, соның бетiн бағып тұрған барлық топ-топ аттылар да дүркiрей шауып, қаптай жөнелдi. Абайлар ендi көрдi, көлденең өтiп, селдей ағып жатқан халықтың саны ұшан-теңiз екен. Бұл кезде ас үйлерден Ұлжан, Айғыздар да шығып, барлық күтушi қызметшi атаулының баршасы тамашалап, қарап қалысты.
Жер қайыстырып, ағыла жүйткiген жұрттың бiр шетi осы ас үйлердiң жаны болса, анау шетi көз ұшында. Сол екi арада қара нөпiр құмырысқадай қайнап кеттi. Талай уақыт арылмай, көшкен бұлттай жөңкiлiп. Жатты.
Алыс елдердiң қонақтары бiр сәрi болса, Тобықтының өзiнен де ат жалын тартып мiнген еркектен бiрде-бiреу қалмағандай.
Бiр уақыт Ербол шабатын аттың санын айтып келдi. Жиынын Байдалы санатқанда жүз елу ат бопты. Соның iшiнен он атқа бәйге аталыпты. Бәйгенiң бәрi де тоғыз-тоғыздан. Алдыңғы бәйге түйе бастатқан тоғыз, екiншi жамбы бастатқан тоғыз. Ол жамбы - кешегi Ұлжан әкелген күмiс едi. Содан арғы тоғыздар да түгел саналыпты.
Үлкен астың күресi де үлкен. Балуандар бәйгесi де сондайлық тоғыз-тоғыздан.
Абай осы хабарларды есiтiп болып, өз iстерiне қайта кiрiстi.
Бүгiн түсте шешелерi Абайды шақырып алып, мәлiм етiп едi: қонақтар ертең түстенiп аттанатын болса, ет аздық етедi. Ұялып қалмас үшiн қазiрден қам ету керек. Абайдың ас қызығына бармай қалғаны сол болатын. Ол Ызғұтты мен Мырзаханды Ботақандағы Құдайбердiге шаптырды. Бөгелмей, тез ғана қысырдың бес тайын ұстатып жiберсiн деп тапсырды. Сол сойысты күттi. Және арттағы ауылдар ас бiттi екен деп салақсып қалып, ертеңгi қымыздан құр тастамасын. Өзге жұрттың денi кешке тараса да, Абай қонақтары қайтпайды. Соны бiлдiрiп, қадағалау керек. Үздiксiз қиындық отын-су жағында. Оның қамы да Абай мойнында. Сөйтiп, астың ұлы дақпырты болмаса, қиын бейнетi болмаса, басқа ешбiр қызығын көрмеген Абай, осы күндi және келер түндi түп-түгел тынымсыз қарекетпен өткiздi. Қонақтар кешке жақын қайта қайтып келгенде, шаңытып, шөлдеп түтiгiп келдi. Алдарынан дәл кешегiдей сыпайы, қонағуар, жылпос жiгiттер қылаң ұрып қарсы алды.
Әуелi салқын сары қымызбен азан-аулақ шөлдерiн бастырып ап, соның артынан шай тартты. Ылғи екi-үш жiгiт көтерген, екi иiндерiнен бусана түсiп тыныс алған сабадай-сабадай сары самауырлар кiрдi. Кiрдi де, бар қонақтың күйiн келiстiрiп, көңiлiн тапты.
Бұл он үйдiң бүгiнгi бейiл құрметi кешегiсiнен асып түспесе, кем болған жоқ. Өзге көп үйлердiң қонақтары күн батарда аттанып кеткендiктен, Байдалы, Байсал, Сүйiндiктер де осында келген. Оларды Ұлжан мен Абай кеш бата әдейiлеп шақырып алып, нағашы қонақтардың тобының iшiнде болсын, бiрге отырып, өздерi де қонақ болсын деген. Осы кещте Абай iстеген сый-құрметке, жақсы ретке олардың өздерiнiң де көздерi әбден жеткен.
Абай бұл түнде де ұйықтамады. Осымен ұйқысыз, ауыр түннiң үшiншiсi өттi.
Келесi күнi түскi асты ерте астырып, қонақтарға ерте бергiзген. Дәл осы астың дастарқаны жиыларда Найманнан келген кәрi нағашы Абайды шақыртып алып, бейiлденiп бата берiп, үлкен алғас айтты.
Дәл сол үшiншi күннiң түс кезiнде Абайдың пiшiнiне көздерi түскен Ұлжан, Ызғұтты, Ерболдар жас жiгiттi қатты мүсiркедi. Абайдың жүзi қан-сөлден айрылып, науқастан тұрғандай. Екi көзi қанталап, кiртиiп, жақтары солып, бiр түрлi жүдеп, үрпиiп қапты.
Рас, Ызғұтты мен Ербол да сондай алжа-алжа болған екен. Үшеулерi бiр-бiрiнiң ажарларын айтысып, күлiсiп алды. Ербол:
– Тура кешегi ыстықта бәйгеге шауып, жолшыбай болдырып қап, түнде тағы таң асып шыққан қарашаның көк шоқайындай боппыз, не керек!- дедi.
– Ендiгi бар арман - бiр ұйқы. Тек осы тұрған жерге құлай кеткендей боп тұрмын!-деп, Абай бiржолата титықтағанын айтты. Сол уақытта бұларды Байдалы келiп, Бөжей үйiне шақырды. Астың әлi аяқтамаған арты бар. Онысы Бөжейдiң тұлдаған аттарын сою, үй iшiнде былтырдан жиылған септi тарқату, қаралы теңдi бұзу.
Бұл iстен жақын ағайын шет қала алмайды. Бастығы нағашылар болып, барлық Тобықтының қалың жұрты, ендi соған беттедi. Байдалылар Бөжей үйiнiң жанына келгенде, үй iшiндегi былтырдан бергi қаралы әйелдер тысқа шықты. Содан соң Байдалы белдеудегi қараны суырып алып, Байсалға бердi. Ол ырымын iстеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады. Ас өттi. Қаралы жыл толды. Ендi азалы күндер бiттi дегеннiң белгiсi.
Байдалының тапсыруымен, Сүйiндiк қалың елдi бастап, ақ үйге кiрдi де, қаралы теңдердi бұзды. Бұ да жаңағыдай белгi. Осы уақытта Бөжейдiң әйелi мен екi қызы он жаққа терiс қарап отырып ап, дауыс айтты. Үй iшiндегi барлық жиын үндемей жыласты. Бөжейдiң аруағына арналған соңғы дауыс, соңғы көз жасы осы. Ендi ең соңғы құран оқылып болған соң, жиын тегiс тысқа шығып тұрғанда, тұлдаған екi ат келдi. Қатты семiрген күрең мен қара көк асаусып кетiптi.
Екеуiн де Бөжейдiң туысқандары жыласып тұрып жықты да, Байдалының өзiне бауыздатты.
Жаңағы қараны жыққан Байсал, септi бұзған Сүйiндiк, ендi мынау тұл атты бауыздаған Байдалы - үшеуi де кейiн " жол " алады. Бұлар осы қауымның әрi үлкенi, әрi Бөжейдiң үзеңгi жолдастары. Сондықтан, ас артынан болатын ырымның үшеуiн сол үш кiсiге орындатудың айрықша мәнi бар.
Бұл аттың етiн жемей кетуге тағы болмайды. Қалғи-шұлғи отырып, сол еттiң пiскенiне Абай зорға жеткен.
Екiнтi кезiнде Бөжей үйiнен ет жеп болып, ендi үлкендермен қоштасып, жүруге рұқсат тiлеп едi. Сол уақытта Байсал Абайды қасына шақырып алып, маңдайынан иiскедi де:
– Балам, мен осы шаққа шейiн сенiмен тiл қатысып, жылы ұшырап көрiскен жоқ ем. Бiрақ, барлық көрген-сезгенiм есiмде. Ана бiр жыл Қарқаралыда сенiң ажарыңды ұнатып, мейiрi түсiп кетiп, Бөжiкең бата берiп едi-ау! Сондағы сөзi есiңде болар. Сенен үлкен дәме қып, бата берген едi. Мен онда жақтырмап ем. Ағайынға әдiлет ойлап айтқан жақсы лебiзiңдi есiтiп жүрмiн. Бүгiн мынау күндерде Бөжiкеңе адал iнi боп, бетiңдi аштың. Жақсы ағаның зор дәмесiн әмсе өстiп ақтағайсың! Ақтарсың деп бiлемiн! Ақтар-ақсын, шырағым. Тек өмiр деген ит, жаңсақ бастырмаса екен! Өрiсiң алда! Бетiң дұрыс! Дәл осы бетiңнен жарылғасын!- деп бата бердi.
Байдалы, Сүйiндiк, Құлыншақ та жақсы бейiлмен қостап, бiрге бата қылысты.
Абай еш нәрсе айтпады. Тек қана үлкендерге ерiп бата қылып:
– Рақмет! Батаңызға рақмет! Дегенiңiз келсiн. Байсал аға!- дедi. Осыдан соң үй iшiмен қоштасты да, Ерболды ертiп атқа мiндi. Бұл уақытта Ұлжан да арбасына мiнiп, жүрiп кеткен екен.
Абай мен Ербол желе жортып, ат жүрiсiне зорға шыдап отырып, Ботақанға жеттi. Ұлжан бұлардан бұрын келiп, қонақ үйдi оңашалап, сонда екеуiне де қалың төсек салғызып қойған екен.
Абай келiп үлкен үйге кiрген жерде, әжесiмен амандаса сала, Ұлжанға қарап:
– Ұйқы, ұйқы! Апа, жалғыз ғана ұйқы!- деп төрдiң алдына жантая кеттi.
Өмiр бойында Абайдың ең алғаш рет ұйқысыз түндер өткiзiп, қабағы қатып, қажыған жолы осы едi. Қазiр шешесiнiң үйiне кiрiсiмен дәл ерке баланың күйiне келдi. Ұлжан Абай мен Ерболға бiр-бiр кесе қымыз iшкiздi де, өзi ертiп барып, қонақ үйге жатқызып, үстерiн жауып салды.
Осы кезде жастыққа бас қойған екi жiгiт осыдан осылай ұйықтап жарысқандай боп сiлтестi. Келесi күн түсте бiр оянып, қымыз iшiп алып, кешке шейiн қайта ұйықтады. Ымырт жамыла және бiр оянып алып, тағы қалғып отырысып, елден бұрын тағы ұйқыға кеттi. Екiншi күннiң сәскесiнде ғана барып бұл екеуi ел қатарына кiрiп, анық сергiп тұрды. Екi түн, бiр күн ұйықтаған Абай осы қалың ұйқының уағында өзiнiң қандайлық абыройлы, атақты жақсы жiгiт атымен оянғанын бiлген жоқ едi.
3
Бұл күндерде бiр жайлауларды кернеген жалғыз әңгiме - Бөжей асы туралы. Ас берген ел, асқа барған ел және үйде қалса да, барғандардан көп әңгiмеге қанған ел, – тұтасымен бiр жайды аңыз етедi. Сол лақап бiр Тобықтының iшi емес, алыс-жақындығы, ой мен қырдағы қалың рулардың баршасына да тарап, селдей жайылып кетiп жатыр. Абай өзi ас ошағы мен қонақ үйлердiң арасында соншалық бейiл салып, сарп ұрып жүргендiктен, бұл астың қаншалық ұлаңғайыр уақиға болғанын байқамапты.
Анығында Бөжейдiң асы бiр Тобықты емес, тiптi бұл өңiр, бұл атрапта талайдан болмаған ас делiндi. Молшылық, сый-сипат, рет сыпыйылық, барлығы да үлгi-өнеге берерлiк бопты.
Бүгiнгi күн осындай қып, дақпыртын көрген кәрi-құртаң, жiгiт-желең, қатын-бала, әрине, бұл уақиғаны оңайлықпен ұмытпайды. Әңгiме етулерi жаз бойы емес, күзге де, қысқа да созылады. Дағды бойынша, мезгiл өтiп, уақыт алыстаған сайын, бұл астың айналасына талай қоспа әңгiме, жаңсақ жамаулар да жабысады. Сүйтiп, келесi жылдарда осы аста жыққан балуан, осы аста бәйгеден келген жүйрiк, осы аста жақсы айтылған қалжың, жақсы сөзбен көрiнген шешен жандардың аты оқшауланып, ұмытылмай ере жүретiн болады. Бұлай болатын себеп бар да, себепшi бар. Ол сол ас берушiлерден шығады. Ас өлiк үшiн ғана емес, әсiресе, тiрiлер үшiн керек. Олар өлiмдi сылтау етiп өздерiнiң абыройын, атағын, мақтанын, айдынын да асырады. Сондықтан асты кiм болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдiреттi күштiлер ғана жасайды. Өмiрде кедейдiң асы деген ас болмайтын себебi де сол.
Ал атақтыға, жуанға, мықтыға жасалған ас сол өлiктiң артқы тобын тағы нықтап, мықтай түседi. Сол үшiн ас бергендер өз әрекетiн жаңағыдай көпке әшкерелеуге ынтық болады.
Солардың даңқ берiп дәрiптеуi бойынша Тобықты ортасы бұдан былай осы жылдарда туған баласының жасын Бөжейдiң асымен санайтын болады. Ас жылы туған бала ғана емес, астан бiрер жыл бұрын туған, бiрнеше жыл кейiн туғанды да сол астың "аржақ-бержағы" деп, асқар белден бастағандай, межелейтiн болады. Бөжей асының атағы сондай. Ендi осы жыл түскен келiн, осы жыл өлген жас-кәрi, осы жыл болған құдалық, бала сүндеттеу, күйеу келу де, баршасы да астың жылымен саналды. Тек адам жайы емес. Кейде кейiндеп барып атақ алатын бәйгелер болса, солар да Бөжейге ас берген жылы тай едi, құнан едi, немесе, iштегi құлын едi деп сөйленетiн болады.
Ұлы дүбiр, үлкен астың осындай боп, уақыт өлшеуiне айналып кететiнi анық. Бiрер буынға шейiн ұмытылмастай есте қалатыны бар. Ерте күнде болған төренiң асы, Бопының асы дегендер дәл осындай боп, ұмытылмай келген.
Тобықты iшiнiң қазiргi мол дабыры да сондай боп, ен жайлаудың барлық тау-сеңгiрiн, ой-өлкесiн қатты жаңғырықтырды.
Мiне, осындай ұлы дүбiрдiң арасында, сол асқа жақсы қызмет етiп, жақсы атақ алған жандардың аттары да қазiргi күнде көп айтылып, ауызға iлiнiп кеттi.
Асты жақсы басқарған Байдалы, Байсал, Сүйiндiктер бiр төбе.Бiрақ көп аузына олардан да бұрын iлiнген - жас қана жiгiт Абай аты бопты.
Айтушылар Абайды ең әуелi Құнанбаймен шайқастырады. Тоңы жiбiмейтiн, зәрi қатты қырыс әкенi Абай қатты кiнәлапты-мыс.
Талай мың қонақтың iшiнде Абай күткен қонақтар өзгеше бiр естен кетпес сый көрiптi.
Барлық жиынның мейрiмiн түсiрiп, тегiс баталарын алыпты. Сондай бiр жұртқа жаны ашитын, жақсылықты көксейтiн, ақылы кемел бiр бала шығыпты.
Бiрталай үлкендер Зере мен Ұлжанға да көп алғыс айтады екен. "Бет нұсқайтын Зере. Ел анасы боп, көптiң тiлеуiн, көптiң амандық, тыныштығын тiлеуге түскен кiсi ғой. Немересiн баулып отырған өзi екен. Бiрақ ақ сүтi ақталыпты"– десiп бiр қойысатын. Баласына өзi ерiп барып, жөн-жосықты үнемi айтып, талмай еңбек еткен үлгiлi ана Ұлжанды да мақтасатын. Бұл әңгiменiң бәрi де Абайлар ұйықтап жатқан шақтарда, Зеренiң аулына жан-жақтан ағылып келiп жатқан-ды. Тiптi Көтiбақ, Жiгiтек, Бөкеншi жайлауларынан келген бөгде кiсiлер де осындайды айтып келдi. Көкшенi аралап, Бақанасты бойлап жүрiп қайтқан Қаратай да қостап келдi. Қазбаланың бойындағы Бөжейдiң өз аулдарынан тараған хабар да сондай екен. Бақанас, Байқошқардың аяқ жағын жайлайтын дуаны басқа Керей де тегiс солай естiптi. Абай мен Ербол үшiншi күнi тұрып ап, өзен бойына барып, ұзақ жуынып шешелер үйiне шайға келген едi.
Зере немересiн өз қасына шақырып ап, қатар отырғызып, алдына шайын ұсынды да:
– Айналайын, қоңыр қозым, – деп, арқасынан қағып, маңдайынан иiскедi. Ұлжан бiр табаққа салған тоңазыған бас пен жамбасты Абайдың алдына қойып:
– Мынау сенiң адам болғаныңа арнап, шешелерiңнiң атап сойған малы едi, жеңдер!- дедi.
Абай таңданыңқырап сөйледi:
– Апа-ау, бұл ненiң ақысы?
Сенiң кешегi күнгi еңбегiңе ағайын-анжы ырзалық айтыпты. Ұйқы басып, не бiлдiм дейсiң екеуiң! Жұрт мақтап жатыр! Адам бопты дейдi. Соның ақысы!
– Тәйiрi еңбек дейтiн қай тауды құлатыппыз. Көппен бiрге қонақ күткенiмiз бе? Бiрақ әйтеуiр, сорлы қозының өлiмiне сылтау таусылған ба? Желiк, Ербол, кел!– деп, Абай етке кiрiстi.
Арада үш-төрт күн өттi. Бұл уақытта Ербол тағы да өз ауылдарына кетiп едi. Ендi бүгiн қозы жамырап жатқан кезде, астындағы ақ сұр атын терлетiп, қатты жүрiп кеп, дөң басында жалғыз жүрген Абайды тапты.
Жолдасының асығып келгенiне Абай бұл жолы жақсы үмiтпен қарады.
Талайдан берi Тоғжан жақтан Абайға тәуiр сәлем әкеле алмай жүрген Ербол, қазiр де сөз бастамай тұрып, әуелi Абайдың басындағы тымағын жұлып алды да:
– Шүйiншi!– дедi. Екеуi де iштерiмен танысып, күлiсiп жiбердi.
Жол болайын деп тұр, не қыласың!– деп, Ербол демiгiп күлiп тұрып: – Сүйiндiктiң кiшi баласы Әдiлбек бүгiн қайнына жүрдi. Ұрын кеттi. Қасына Сүйiндiк, Асылбек – бәрi де ере кетiптi. Көптен бiр сөйлесе алмай жүр ем. Әдiлбек сезiктенiп ап, менi жақтырмайтын болған соң, Тоғжанның өзi түгiл жеңгесiне де жолай алмадым ғой.
Ал бүгiн түсте барып, Асылбек отауында қымыз iшiп отырып, жеңгемен әбден кеңестiм. Тоғжан сенi сағынып жүр. Қайта-қайта аузына ала бередi дейдi. Оның үстiне жақсы атағың елге жайылып, мақтаушы жұрт екеумiзге көп болысқан бiлем. Осы өңiрдiң жасында Абайға тең жiгiт жоқ қой деп, жеңге мен қайын сiңлiсi қоса мақтасыпты. Ендi, өлген де бiр, тiрiлген де бiр. Дәл осы күндерде барып, көздерiне бiр көрiншi. Соған келдiм. Барлық жайды жолда сөйлесемiз. Тез ат алғыз да бiрге жүр!– дедi.
Байлау осы. Абай қатты толқып, қуанып кеттi. Екеуi ымырт жабыла бергенде, Бөкеншi жайлауы – Жәнiбекке тартты. Абайдың мiнгенi ақжал, сары жорға ат. Ерболдiкi ақ сұр. Екеуiнiң шапан, тымақтары да сұрғылт түстi. Жерқылаң мiнген қылаңнан киген екi жiгiт кешкi салқынмен есiп жүрiп кеткенде, кер бетеге, боз көденiң арасынан зорға көрiнгендей. Түстерi де, жүрiстерi де көзге түспей, ұрлана жүруге бейiмдеп апты.
Қара адырдың сыртымен жүрсе, жолшыбай ел қалың, көзге түседi. Екi жас жiгiттiң мезгiлсiз, түнделетiп жүргенi сезiктi көрiнедi. Сондықтан бұлар Тезектiң Қарашоқысын бауырлап, жазықпен тартты. Жол қашаңдау келетiн болды. Бiрақ оны есеп қылмай, асыға жүрiп, ақ жал аттың қатты жорғасымен келедi.
Аздан соң ай туып, аса бiр тынық, жым-жырт, жайлы түн жылжып келдi. Ақ дала, алыс адырлар жеңiл, көкшiл тұманға батып, түн жiбегiн оранғандай. Момын, сұрғылт, елсiз дүние мұңға бейiм. Биiк көк жапанда жалғыз жүзген жүдеу реңдi жарты айға қарап, Абай күрсiнiп қояды.
Тоғжанды ойласа, Абай көңiлi де бұл шақта арылмас мұңмен жүдейдi.
Тiршiлiк бұны жiгiт етiп өсiрiп, жастық дәуренiнiң таңы атқан шақта, сол аспанның асыл, әсем нұры бұл үшiн Тоғжан боп танылып едi.
Кiршiксiз таза көңiлдiң бар қиялы осы ғана. Бiрақ, екеуiнiң арасына өмiрдiң үлкен бөгеттерi, қарсылығы кеп төндi. Алаңсыз тiлек, аласыз көңiл созып едi. Болмады! Бұның аяғында тұсау, оның басында ноқта. Ендi мiне, екеуiн қақ айырған ерiксiздiк үстiнде, бұлардың жүректерi ғана бiр-бiрiне талпынып ұмтылады. Бiрақ шынжырларын сезiп, шерлi мұңмен өксiк өкiнiшпен ұмтылады.
Қарқаралыдан қайтқан соң, Тоғжанға бiр сәлем жолдап, көрiспектi тiлеген. Соған Тоғжан шыдамапты. Амалсыз ренiшпен қиналып отырып:
– Көрiсерлiк не бар? Ненi тiлеп көрiсемiз? Өзi соны сезбей ме?– деп, жүрегiне түскен қаяуын сездiрiптi.
Соған Абай ем таба алмады.
Рас, Дiлдәнi Абай сүйiп қайтқан жоқ. Бiрақ ендiгi өмiрге тағдырындай көнiп қайтты. Тоғжанның да Мәмбетейде атастырған күйеуi бар. Жалғыз-ақ, ол бар екен деп, Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ. Қайта, Абайды сүйгелi, өзiнiң қайын жұртын ойламауға тырысатын. Жүрегi үркiп., жатырқап жүретiн.
Абай, бiрақ қайындап кеттi. Ендi қайтып көрсетпестей қиын белден асып кеттi. Тоғжан сол күндерде оңашада көп жылаған, жүдеп қалған.
Қатты жүрген жiгiттер ел жатар кезде Жәнiбектiң тұсына тақады. Жалғыз-ақ, жұрт жатып қалды. Көрiсудiң орны болмас десiп өкiнiп келе жатқан.
Жәнiбектiң кең шалғынды мол өлкесiнiң екi жағасы биiкше сарқабақ болатын. Соның батыс жақтағы бiр белiне кеп шыға бергенде, Абайдың құлағы алыстан талмаурап келген әндi шалып қалды. Ербол да естiптi. Дәл жотаның өзiне шығып, екi жiгiт аз тоқтағанда, ән айқынырақ жеттi. Қосылып салған ән екен.
Күзетшi әйелдердiң әнi сияқты. Жолаушылар тау басына бөгелмей ойға қарай құлады, ұзақ кең өлкенiң бойы жыпырлаған ауылдар. Қораларының орталарында, үйрiм-үйрiм көбiктей боп, қалың-қалың қойлар жатыр. Оттар өшкен, елсiз, жайын аралда қатар-қатар тiзiлген қаз, үйректiң ұяларында, ағарып дөңгеленiп жататын жұмыртқалардай боп, ай астында маңқиып, түңлiктерi жабық боз үйлер тұр. Алты-жетi бiр ұя. Он-он бiр үй бiр ұя. Төрттен-бестен бiр ұя жасап, дөңгеленiп тұрған ауылдар да бар.
Осы өлкенiң бойында, барлық ұйқылы ауылдардың үстiнен қалқып ән келедi. Жiгiттер iлгерi басқан сайын, ән айқындап, шақырып тұр. Өлкенiң дәл ортасын қақ жарып өтетiн кiшкене өзен бар. Соның екi жағасы селдiр бiткен аласа тоғай. Абайлар сол тоғайды құлдап төмен тартты.
Ербол ендi аңғарды, ән Сүйiндiк аулының тұсынан шығып жатыр екен. Сол ауылдың ар жағында Ерболдың аулы. Бұлар ән айтқан ауылдың үстiнен өтетiн болды. Жүрiстерi бәсеңдесе де, әлi де ақ жал аттың сумаңдаған жол жорғасымен келе жатқан.
Жалғыз аяқ жолмен кеп, өткелден өтiп, тоғайдың ар жағына шығысты. Кеңiрек алаң бар екен. Сүйiндiк аулы көрiндi. Ән ендi тiптi жақын естiлдi. Шырқап естiлiп жатқан "Топайкөк" әнi.
Абай мен Ербол Бошаннан үйренiп келген жаңа ән бұл өлкеге жайылып қалған екен. Нәзiк сұлу дауысты әйелдер "Топайкөктiң" кейбiр ырғағын терiс айтады.
Тоғайдан өтiсiмен Ербол барлық жайды тез аңғарды:
– Бәрекелде, мына қызықты қара! Мынау ауыл алтыбақан теуiп жатыр!- деп тоқтай қалды да:- ойбай, жақсы болды! Тура барайық!- деп едi. Абай аттың басын iркiп тоқтап қап:
– Тұра тұр!- дедi.
Оншалық араласы жоқ ауылға ойын iздеп келгендей, мезгiлсiз баруды Абай ыңғайсыз көрiп едi.
– Барсақ та атты тастап жаяу барайық. Кейiнiрек барайық. Әуелi сiздiң ауылға түсейiк!- дедi.
Мұны Ербол мақұл көрген жоқ.
– Әдейi келген кiсi болмаймыз. Есебiн өзiм табам, жүр!– деп, iлгерi тарта бердi. Абай екi ойлы болса да, Ерболға сенiп, ерiп кеттi.
Алтыбақан Сүйiндiк аулынан қашаңдау жерде, кең алаңда екен. Ойынға жиылған жастар қалың көрiндi. Кәмшат бөрiк, мақпал шапан, жiбек шапан киген қыздар көп. Араларында қынай бел, әсем кемзал ғана киген қыздар да жүр. Шолпылары тоқтаусыз шылдырлап, көп үнге салады. Ақ шаршы, кестелi кимешектерiн әсем қып салған күлкiшi келiншектер де көп. Балалар да мол екен. Жiгiт жағы сиректеу көрiндi.
Мықты қып құрылған биiк алтыбақанда сұңғақ бойлы екi қыз әлпеншек теуiп тұрып, жаңағы "Топайкөктi" әлi шырқап жатыр. Абайлар тоғай iшiнен шығып, сумаңдаған аяңмен, дәл қастарына жеткенше сауықшы топ байқамапты. Алтыбақанның қасына келе бере, екi жiгiт:
– Ойнар көбейсiн!
– Сауық молайсын!– дестi. Қыздар iркiлiп қалды. Келiншектер екi жiгiтке қарай жақындап келдi. Араларында Асылбектiң әйелi мен Сүгiрдiң келiндерi бар екен.
Барлығы да Ерболды танып:
– Ербол! Ербол ғой!
– Қайдан жүрсiңдер?..– деп, сонымен сөйлесе бергенде, Асылбектiң келiншегi Абайды танып:
– Абай!– деп, жарқын жүзбен амандасты.
Абай аты аталғанда, әлпеншек тоқталып, ән де басылды.
Алысырақ ауылдың сыйлы жiгiтi келгенде, бұл топ бөгелеңдеп қалған. Алтыбақан теуiп тұрған Тоғжан мен Сүгiрдiң қызы Керiмбала екен. Екеуi де тақап келдi. Абайдың көзi Тоғжанды әлдеқашан танып тұрған. Топ iшiнде ұялысқандай шолақ қана амандасты. Бұл жиында барлық жұрттан еркiн Керiмбала екен. Бойы Тоғжаннан аласарақ. Құлағында үлкен сырғасы бар, ашық дауысты, күлегеш Керiмбала Абаймен амандаса сала:
– Ал, ойынымыздың үстiне келiпсiңдер. Жатырқамаңдар! Аттарыңнан түсiп, алтыбақан тебiңдер!– дедi.
Өздiгiмен сөз бастауға ығысып тұрған Асылбектiң келiншегi Керiмбаланы тез қостап:
– Ал, түсiңдер!– деп, күлiп қойды.
Абайлар әлi де iркiлiп тұр. Ербол әуелi өздерiнiң жайларын айтты. Мұндайда сезiкшiл келетiн жiгiттер болады.
Олар әрi қызғаншақ, әрi жорымтал, аңдағыш. Соларға естiртiп:
– Мына Бақанастағы Көкшеге бара жатыр ек. Жолшыбай кешiгiп қап, бiздiң ауылға қонып аттанбақ боп келемiз, – дедi.
– Ендi қонатын болсаңдар, не сөзi бар? Ойынға да араласыңдар!
– Аттан түсiңдер!
– Бiз бастаңғы iстеп жатырмыз.
– Тоғжан үйiнiң үлкендерi жүрiп кеткен соң, құрбылары жиылып бастаңғы iстетiп жатыр. Әдiлбектiң тоқымқағары да осының iшiнде. Қызығымызға ортақ болыңдар!– деп, бiрнеше қыз-келiншек шын шақырды.
– Түсiңдер, аттарыңды байлап без келiңдер!– деп, Тоғжанның жеңгесi соңғы сөздi айтты.
Ербол осы сөздi қостап:
– Ал мақұл!– дей бердi. Керiмбала бiр жеңгесiне сүйенiп тұрып, ашық үнмен қалжыңдап:
– Ал ендi, ойнымызды суытпай, тез оралыңдар. Қайындарынан жаңа қайтқан жiгiттер ғой! Әндерiн үйренемiз! Тамақтарыңды кенеп келiңдер!– дедi. Жұрттың бәрi мұны жақсы қостап, тегiс күлдi. Керiмбаланың ашықтығын, еркелiгiн бар жастар тұтас ұнатқан-ды.
Абайды көргелi үндемей, ойланып қалған Тоғжан күлген жоқ. Бiрақ одан көз алмай тұр. Жас жiгiттiң үстiнде желбегей киген жеңiл сұрғылт шапан бар. Iшiнде ақ көйлектiң сыртынан киген қара желеткесi көрiнедi. Басында көкшiл сұрғылт жiбекпен тыстаған жұқа қара елтiрi тымағы байқалады. Айға қарсы қарап тұрған ақшыл жүзiнде жүдеулiк бар. Ұнамды, ықшам киiм киiп, күмiс ер-тоқымды сұлу ат мiнiп, ойда жоқта келген әсем жiгiт қазiрде Тоғжан көзiне аса ыстық көрiндi.
Абай мен Ербол тез келмек боп бұрыла бердi. Ақ жал ат бұған шейiн шыдамсызданып, оң аяғымен жер тарпып, тiзгiнiн соза түсiп, қозғалақтап тұр едi. Қазiр де бiр рет көлбең етiп, бұлаң бердi, де, сумаңдай жөнелдi. Үстiндегi күмiс тұрмандары айға қарсы жарқ етiп барып, сөне бердi. Ақ жал аттың күлте құйрығы да ай астында күмiс ағын төгiлгендей жалт еттi. Ендi иреңдей түсiп, бұлдырлап, ұзап барады. Тоғжан алтыбақанның бiр ағашына кеп үндемей сүйенiп, жым-жырт тұрып қапты.
Қайын сiңлiсiнiң қатты өзгерiсiн елден бұрын сезген жеңгесi. Ол сырт көзден өз сырларын жасырам деп, Тоғжанды құшақтап алды да, қонаққа әзiрлейтiн ас жайын сөйлеген болды. Тақап келген келiншектерге ас жайын ақылдасып тұрмыз деп, тоқтата жауап берiп, өзi Тоғжанның құлағына сыбырлап:
– Еркем, ән сал! Әйтпесе, мына жұрттың сөзi мен көзi саған қадалғалы тұр! Уақып бол!– дедi.
Осы кезде Керiмбала жүгiрiп кеп, Тоғжанды әлпеншекке қарай тарта жөнелiп:
– Абай осы ғой? Анықтап көргенiм осы ғана! Келгенi жақсы болды ғой! Қайнының әнiн өзiне айтқызып, жақсылап үйренiп алайық, жарай ма?– дедi. Тоғжан үндемедi. Керiмбала жалт қарап, ақсия күлiп:
– Сен немене? Ұяламысың? Ол бiр егде кiсi ме едi, өлгенше? Қой, ұялмаған бұйырмағанды алады деген. Қайда өзi? Қазiр-ақ әнiн айтқызам, тұра тұрсын!– деп, әлпеншекке Тоғжанның қарсысына мiндi де, "Топайкөктi" қайта шырқай жөнелдi.
Тоғжан iркiлiп, қосылмай қалды. Керiмбаланың үлкен сұрғылт көздерi, әдемi қызыл жүзi, ерке күлкiсi ешбiр дүниеден именген жоқ. Шолпысы сылдырлай түсiп, сақылдап, рақаттанып күлiп қойып, әнiн жалғыз өзi айтты. Кеткен беттен көп бөгелмей Абайлар келдi.
Келiсiмен, Ербол ойынды меңгерiп өзi бастап кеттi. Керiмбаланың жеңгесi Қапа, Тоғжанның жеңгесi және Ербол үшеуi алтыбақан тебу қонақтың жолы деп кеп, әлпеншекке Абайды мiнгiзген.
Қыз-келiншек тербетiп тұрғанда, жiгiттiң қарызы ән салу. Абай ендi әлпеншектi теуiп тұрып, iркiлместен әдемi шырқау ән бастады. Қарсысына мiнген Керiмбала болатын. Ол жаңағы "Топайкөктi" айтайық деп өзi тiлеген. Бiрақ, қосылғанда терiс айтты. Жалғыз қайырмасы емес, орта тұсын да бұзып айтады екен.
Тыңдап тұрған қыз-келiнщектер:
– Абайдың айтуы басқарақ!
– Керiмбала терiс айтады!
– Тентегiм, сен терiс айтып жатырсың!
– Үйренiп, ерiп айтсаңшы!– десiп, Керiмбаланы қаға бердi.
Керiмбала ұялған жоқ, күлiп жiберiп, тоқтады да:
– Ал, ендеше басқа бiрiң айта ғой! Тоғжан! Ал, Тоғжан, сен айт!– деп, ерiкке қоймай Тоғжанды жетектеп әкеп, өз орнына мiнгiздi. Өзi жiптiң бiр жағын алып, Абайларды аспанға тербете бастады. Тоғжанның келгенiн өзгелер де қостады.
Құлаштап сермелген әлпеншекке Абай мен Тоғжан кезек-кезек биiктей түсiп, теңселiп тұрып ән шырқасты. Тоғжан алғашқы бiр-екi ауыздың тұсында Абайды тыңдап айтып кеп, үшiншi ауызға келгенде, еркiн сермеп қосылды. Бұрын жаңылыс айтып келген жерлердi Керiмбаладай емес, оңай түзеп алды. Ербол мен өзге тыңдаушының бәрi де:
– Ә-ә, жаңа түзелдi!
– Тоғжан оңай үйрендi!
– Ән жаңа келiстi! Айт, айтыңдар... Пәлi!– деп тегiс құптай жөнелдi.
Жақсы жiгiт, сұлу қыз соншалық бiр ерекше жарастықпен, жақсы үйлестi. Тоғжан жүзi айға қарсы келгенде Абай өзгеше бiр нұр көрдi. Бетiне жұқалаған қызыл сәуле берiп, iштегi терең сырдан, дос көңiлден белгi еттi. Сағынған сүйгенiнiң жанына жаны ұмтылып, айрылмасқа, кетiспеске серт еткендей. Қазiргi әсем әнмен үйлескендерi бауырға кiрiп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштiрек сияқты. Ырғағы көп сезiмдi сұлу әнге екеуi де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледi. Ән айтқан жоқ, екi бiрдей ынтық жан, қауышып табысқан шаттық айтты. Бар жиынға, бар дүниеге, барлық жұлдызды аспан, жарқын айға да "көршi бiздi, кiнәлап көршi!" дегендей.
Мiнсiз сырына шындап берiлген Тоғжан тоқтамай айта бердi. Абай бiр шақта жас сұлудың жүзiнiң бала қуанышын көрдi. Бақыт күлкiсiндей бiр рақат, ырзалық елес берiп, Абайға қадала қарап езу тартты. Келгенiне, тапқанына сүйсiнiп iшiнен алғыс айтқан тәрiздi. Қарлығаш қанатының ұшындай боп, айдай сызылған жiп-жiңiшке қастары көтерiлiп-жазылып, Абайға өзгеше бiр үн қатқандай болды.
Бағанадан берi соншалық көп, тiлсiз сәлем жолдаған Абай, ендi әннiң сөзiн өзгертiп алып, басқаша айтып кеттi."... Сағындырған ғашық жар ынтығы iште жүрген шерлi досын кiнәлаудан тоқтар ма екен? Бар дүние, бар сырын, барлық бақыт тiлегiн бiр өзiнiң шұғласына құрбан етем деп келсе, не дер екен! Сол күнде де қатты болса, қайта серiпсе, әдiлдiгi, рақымы кәнi! Ол шақта үмiт бермей өртемес пе едi? Кiнәламай жазаламас па едi? Сондай қаталдықты көрерлiк ғашығы қанша ғайыпты едi?" деген бiр өзгеше сыр кеттi.
Тоғжан алғашқы бiр аузына тыңдай ғана ердi де, тоқтап қалды. Сөз бұл өңiрдiң айтып жүрген белгiлi өлеңi емес. Мәнiн, шынын жалғыз Тоғжан өзi ұқты. Нұрлы қара көздерiн төмен салып, үнсiз мүлгiп тыңдады.
Абай жалғыз өзi төрт ауыз өлеңдi сыры терең "Аққайың" әнiмен айтып барды да, баяу ғана тоқтады. Жүрегi барлық бүркеулi шынын да, ыстық жалын сырын да осы әнге, осы арадағы өз сөзiне салған. Ол ақын боп, мұңды жар боп шешiлдi. Осы әннiң тұсындағы Абай Ерболдың күнде көрiп жүрген жолдасы емес. Көз алдында өзгеше боп өскелеңдеп, самғап шыққандай көрiндi. Ән басылды. Абай әлпеншектен түстi де, шетiрек шықты. Қасына Асылбектiң келiншегi кеп, әншi екенсiң ғой дегендей мақтау айтып тұр едi. Құр әдеппен жымиғаны болмаса, Абай оның сөзiн аңғарған жоқ.
Алтыбақан қасындағы ән мен ойын тағы бiразға созылып барған соң. Ербол тың ойын бастады. Онысы – "ақсүйек", содан кейiн "серек құлақ" едi. Жастар тегiс қатты даурығып, шулап жүрiп, үлкен желiкпен ойнады.
Серек құлақ ойнында қасқыр болған Ерболдың өзi. Ол "қой" алып қашатын. Абай көп қыздар мен келiншектердiң арасында қалжыңдасып отырып:
– Мен қой болам!– деген.
Ерболдың көп есебi бар екен.. Ебi шебер қасқыр болды. Әуелi бiр-екi келiншектi, қыздарды алып қашып, далаға тастап, содан кейiн бiр кезде Абайды алып қашты. Жүгiртiп әкетiп бара жатып жолда:
– Сен анау шоқ талдың түбiне барып, менi аңды! Аздан соң Тоғжанды алып қашам!– дедi де, қайта салды.
Абай тал арасында тұрып, Тоғжанның " қолды болуын" тосты. Көп күткен жоқ, Ербол алып қашты. Бiрақ бұл жолы "қой" алу оңай болған жоқ. Көп iшiнен, әсiресе, Керiмбала қатты айғалап ұмтылды. Тоғжанды Абай тұрған жақтан басқарақ бiр ағашқа апарып, оған да бiрдеңе айта салып, Ербол қайта шауып кеттi.
Абай бұл кезде Тоғжанның жанына қалай жеткенiн бiлген жоқ. Екеуi қалың ағаштың арасында, ай сәулесi үзiлiп түсiп тұрған бiр алаңқайда кездестi. Бiр-бiрiне ұмтылып келгенде, Тоғжан жылап жiберiп, Абайдың құшағына кiре бердi. Жасқа толған көздерiн сүйген жiгiтiн төсiне басып, тұрып қапты. Екi иығы шошынып қысылғадай, дiр-дiр еттi.
Абай:
– Тоғжан, жыламашы!– деп, шашынан ғана сүйiп, қатты құшақтап қысып тұрғанда, Тоғжан басын жоғарырақ көтерiп:
– Көрiсейiкшi бiр! Сағындым!– дедi.
Дәл осы уақытта:
– Тоғжа-а-н! Қайдасың? Қасқырға берер Тоғжаным жоқ! Жүр, – деп айғайлап, күлiп жүгiрiп келе жатқан Керiмбаланың даусы естiлдi. Абай Тоғжанды асығып қысып, бiр-ақ сүйдi. Қызарып толқыған ыстық бетiнен сүйдi. Керiмбаланың жақындап қалған сыбдыры естiлгенде, Тоғжанның бөркiн түзеп кигiздi де:
– Ертең тос! Есебiн тауып көремiз! Келемiн!– дедi. Қалың жапырақ арасынан түскен ай сәулесi теңгедей бiр жарығын Тоғжанның оң көзiне түсiрдi. Кiрпiгiнде үлкен бiр тамшы жас iркiлiп тұр екен. Қастарына Керiмбала жүгiрiп келгенде, екеуi жай ғана қатар тұрған. Керiмбала әдемi ақ тiстерiн ақсита күлiп, бөркiн шекесiне салып, бар денесiмен бұраңдап, ойнай келiп:
– Е-е, мұнда ма едiңдер? Қозымды қасқыр жей ме десем, қойдың өзiнiң де жегiсi келе ме, қалай?– деп, барынша шаттанып күлiп, Тоғжанның иығына бетiн басты.
Жазықсыз ерке қыздың күлкiсi сияқты. Бiрақ мынандай, ойдағысын iрiкпейтiн Керiмбала, қазiр айтқанын көпке де айтуға мүмкiн.
Абай соны ойлап:
– Жала жаппаңыз, Керiмбала! Басымызға күн туып, қолды болған соң, бiзде не жазық бар? Амал қане? Мұңымыз бiр болғандықтан кездесiп тұрмыз!– дедi.
Керiмбала күлкiсiн тыйған жоқ:
– Әй, бiлмеймiн, кiмге салсақ та, құлқыным таза дей алар ма екенсiз, Абай?– деп, сезiгiн айта бастады.
Мына сөзi әлгiден де жайсыз. Тоғжан ашумен тыймақ болып:
– Қойшы, Керiмбала! Күлкiнiң де орны бар ғой.
– Не деп барасың өзiң?– деп, ұнатпай қалды. Керiмбала Тоғжанға жалт етiп, ренжiп қарады.
Абай бұл қызды ашумен тыймай, майда мiнезбен тыймақ.
– Керiмбала, жұрт аузы жеңiл ғой! Ұшқары қалжың құрбыңа ауыр тиiп, жазықсыз жаманат келтiруi мүмкiн. Ондай сөзге жұрт алдында сақ болу керек емес пе?– дедi.
Керiмбала бұл сөздi дұрыс түсiнiп, қайта күлiп жiбердi. Қазiр ұялып күлгендей. Мiнезi жақсы, жүрегi таза баланың ұялған күлкiсi тәрiздi. "Тоғжанды ренжiттiм бе?" дегендей боп, құшақтай алып, ерте берiп:
– Ал, ендi ашуланба! Ендiгәрi айтпай-ақ қояйын!- дедi.
Үшеуi де топқа қайтты. Осыдан әрi көптiң ойыны созылса да Абай мен Ербол бөгелген жоқ. Ертең ерте жүремiз деп, ауыл иелерiне рақмет айтып, асқа да қарамай кетiп қалды.
Келесi күнi айтқан сөздерiн ақтағандай боп, екi жiгiт Бақанасқа кеттi. Қаратайдың аулына барып түстенiп, кеш батқанша сонда болды да, сол күнi ымырт жабылып, ел аяғы басылған соң ғана Жәнiбекке қайтты.
Ақырын жүрiп, дабырламай келдi. Жерқылаң түстес жiгiттердi иттер де байқамай қапты. Ауылдың шетiнде отырған Ербол үйiне жым-жырт кеп түстi.
Осы түн ел әбден ұйқтаған кезде, Абай мен Ербол үй тонайтын ұрыларша жасырынып бұғап, ептеп басып кеп, Асылбек отауының есiгiне жеттi. Екеуi де киiз есiктi жамылып тұрып, iштегi ағаш есiктi ашудың амалына кiрiстi. Үй iшiнде ояу жатқан әйел бар екен. Шолпы сылдыры естiлдi. Кәрi кiсi болмау керек. Бұл үйде шолпы тағарлық екi-ақ кiсi болуға лайық. Оның бiрi – жеңге, бiрi – Тоғжан.
Ойлағандай жақын адам жiгiттере:
– Ақырын!– деп, сыбыр еттi де, есiктi өзi ашты. Үй iшi қараңғы. Жiгiттер үйге кiргенде, жаңағы дауыс тағы сол сыбырмен:
– Абай...– деп, дыбыс бердi. Абай қолын созды. Кимешегi бар жеңге екен.
Абайды қолынан ұстап төрге қарай жетектей бердi де, артына шала бұрылып Ерболға:
– Сен қайта бер. Өзi барар!- дедi. Дұрысы сол едi. Ербол ақырын басып, қайтадан шығып кеттi.
Абайдың iлгерi созып келе жатқан оң қолы жiбек шымылдыққа тиген кезде, алдынан қарсы қозғалып келе жатқан Тоғжанның ыстық саусақтары мұның бетiне тиiп едi. Екеуi де шапшаң ұмтылысып кеп, қатты құшақтасты да, ұзақ-ұзақ сүйiсiп, үнсiз жабысып тұрып қалды. Дiрiлдеген демдерi қосылып, ыстық ерiндерi ендi айрылмастай табысқан-ды.
Тып-тыныш жаздың таңы сары қабақтан баяу атып, түрiлiп келе жатқан шақта Абай мен Ербол Жәнiбектен жөнеле бердi.
Аз ғана жүрiп, қарсы қабақтан асты. Ай батқан, жұлдыздар да сиреп, бiр-бiрден сөнiп жатыр. Боз көденiң арасынан үркiп ұшқан торғайлар аспандап ап, қалықтап тұрып сайрай бастады.
Абай жүрегi де сыр мен жырға толы. Жеңiл тымақтың бiр құлағын жымырайта киiп, сары жорға аттың жайлы бiр жүрiсiне салып, Ботақанға қарай беттеп келе жатып ән бастады.
Ауылдан бiрталай ұзап кеткен соң Абай барлық ашық сұлу даусымен аса бiр сезiмдi ырғаққа салып, көп жырлады. Жүрегiн толтырған қуаныш та, назды мұң мен толқынды ыстық ой да барлық пердесiз, қытықсыз шынын осы әнге табыс еткен. Сөз де бөлек. Қайдан шыққан? Қашан айтылған? Қандай нәзiк жан осындай боп, бар шынымен сүйе бiлген? Мәлiм емес. Шырқап келедi. Бiр тоқтамай, мүдiрмей, соншалық бiр шебер жүйрiк тiл тауып, жыр самқайды.
Қандай жолмен, қанша жүргенiн де бiлмейдi. Бiр шақта Ботақаношағында отырған ауылдардың төбесi көрiндi. Абай сонда ғана әнiн тоқтатып, Ерболға қарады.
Жолдасы Абай күйiн ұққандай боп, жымиып қана күлiп, сүйсiне қарап келедi екен. Абай атының басын iркiп, тоқтаңқырап тұрып, Ерболды ат үстiнен құшақтады да:
– Ербол, сынама менi! Өмiрде атын ғана есiткенiм болмаса, бақыт деген не? Шын шаттық деген не? Дәл осы түнге шейiн соларды таныған да, татқан да емес ем. Несiн айтасың? Көрiп келесiң. Жайым, барым сол емес пе?– дедi.
Осы күннен соң, аз уақыт iшiнде, Жәнiбек жаққа Абай тағы барды. Бiрақ өз қызығының жақсы дәуренi бiткен екен. Асылбек, Әдiлбектер қайтып кептi.
Келiсiмен Әдiлбек суық сөз естiп, сезiктенген бе? Жаман бүлiнiп, жеңгелерiн де, малшы-көршiлерiн де қатты бүрiптi. Аулына өлердей сақ аңду қойып, әлдекiмге өшiккенiн айтыпты.
– Аяғын Жәнiбекке қарай басып көрсiн! Тiрi кетпейдi!– деп кесесiптi. Жол қиындап, жарық айды бұлт басты.
Онсыз да араздығы көп елдердi ендi мынадай iспен өшiктiру, аямастық сияқты. Амал құрып, тағы да бiр айықпас қасiрет келдi.
Осы кезде ел жайлаудан қайтып, ауыл-ауылдың аралары қашықтап кеттi.
Абай өзiн өзi не күйде, не деген дел салдық дерт үстiнде жүргенiн аңғара алмай жүрдi. Бар дүниеге гүлi солған, шырағы сөнген тұлдырдай қарап, жүдеп кеттi.
Әке-шеше өздерi ұйғарып, бұйырды да, мұны тағы да қайнына жүргiзетiн болды. Жалыны да жоқ, тiлегi де жоқ сұлық көңiлмен Абай көне бердi. Айдалып кеткен кiсiдей Қарқаралыға кеттi.
Бұл жолы ай жарым жүрiп, Ділдәні алып келді.
Бұл уақыт елдің қыстауға қонатын шағы. Өз ойының әуресімен жүріп және қайындап кетiп, Абай ел iшiнiң жайларынан оқшау қалған екен.
Осы күзге Құнанбай тағы да бiр топ жанды қырына алыпты. Ендiгi кезек Құлыншақ аулынiкi. Анау кездегi "бәле басы сол" деп, "көшiп кеттi, жауға кеттi" деп, бұларға көптен тiсiн басады екен.
Жер жағдайымен күздiгүнi өз қыстауларына қарай көшкенде, Құлыншақ аулы Құнанбайдың қасына кептi. Келгенде, былтырғы тобынан жырылып, жалғыз ауыл боп кептi.
Абай қайтып келгенде, Құнанбай сол Құлыншақтың Садырбай, Наданбай деген екi баласын Жетiсуға жер аударып жiберiп, Мұңсызбайды кепiлде болсын деп, Жақып аулының шетiне қондырыпты. Құлыншақ Манаспенен жалғыз үй қалған. "Баламды ұрдың, iнiмдi масқараладың" деп, малдарын да тiзiп алып, айып-анжыны да баса салыпты. Ағайын ес жиярлық мезгiл бермей, ара түсердiң бәрiне бiлдiрмей, бiр-ақ күннiң iшiнде осыны етiптi де, баяғысынша түк болмағандай "ақсарбасын", "көкқасқасын" айтып, ру басшыларын жиып, қонақасысын көпiртiп жүре берiптi.
Абай қайтып келгенде, жұлысқан тартыс жоқ. Бiрақ, ауыл үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бiтеу жараға толы екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?