Отбасы – құндылықтар бастауы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал.
- М. Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді («Қайтқанда»)
Бала көп iшiнен, ең алдымен өзiнiң шешесiн көрiп, соған қарай
жүре берiп едi, шешесi анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым балам, әуелi аржағыңда әкең тұр. Сәлем бер! – дедi.
Абай жалт қарап барып жаңа көрдi. Анадай жерде, қонақ үйдiң сыртында, қасында екi-үш үлкен кiсi бар – әкесi Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесiнiң сондайлық салқын сабырының мәнiн
ұқты да, әкесiне қарай тез бұрылды.
Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан түсiп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келедi екен.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып едi. Үшеуi бiрдей жамырай сәлем бердi. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерiн алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсiп ер жетiп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп бiлiмiң де өстi ме?– дедi. Кекету ме, жоқ күдiк пе? Немесе шынымен жай бiлгiсi келгенi ме?
Бала ес бiлгеннен берi қарай әкесiнiң қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрi бақташыдай бағып, танып өскен. Ол сабырлы, момын пiшiнмен:
– Шүкiрлiк, әке, – деп бiраз тұрды да – ат барған соң, дәрiс тамам болмаса да, хазiреттiң рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, – дедi.
Тiптi ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзiрлеген жауабы едi. Әкесiнiң қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал шешесiнен туған iнiсi. Бұны биыл Құнанбай өзi аға сұлтан болғаннан кейiн, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-дi. Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзi, тiптi, көшелi кiсi боп қапты!– дей берiп едi, Құнанбай оның сөзiн аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерiң жаққа бар, амандас, балам!– дедi.
Абайдың күткенi де сол едi. Әлi тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгiме етiп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда, Абай қайтадан өзiнiң жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Бала ендi асығып, өз шешесiне қарай жақындай берiп едi, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бiр жеңгесi:
– Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетiпсiң-ау!– деп, мойынынан құшақтай алып, бетiнен сүйдi. Тағы бiр жеңгесi - Ызғұттың қатыны Тобжан да сүйдi. Содан кейiн үлкен қатындар және осы топтағы үлкен еркектiң, ағалардың да бiр-екеуi сүйiп жатыр. Абайды шын балаға айналдырып жiберген осы сүйiстер едi. Ол қысылып қызарғанмен қашып та құтыла алатын емес.
Барлық үлкеннiң құшағына амалсыз кезек-кезек кiрiп болып, ендi сытылып, шешесiне қарай баса бердi. Абайдың өз шешесi Ұлжан мен екiншi шешесi, сұлу жүздi – Айғыз қатар тұр екен. Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күлiп:
– Пай, жаман қатындар сiлекейлеп, баламыздың бетiнен сүйер жер де қалдырмады-ау, – деп паңдана күлдi де, Абайды көзiнен сүйдi. Кезек өз шешесiне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бiр қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иiскедi. Абайдың әкесiндегi тартымды салқындық шешесiне де көптен берi мiнез болған. Бала осыдан арғыны күтпеушi едi. Бiрақ, бауырына басқанның өзiнде де Абайдың жүрегiн қатты-қатты соқтырған аса бiр өзгеше жақындық бiлiндi. Ана құшағы!
Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп үлкен үйдiң алдына қарай бұрып жiбердi. Кәрi әжесi Зере бәйбiше, таяғына сүйенiп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттiң-ау "! Жаман неме!– дей берiп, қасына, құшағына немересi барғанда, "жаман неменiң" артынан iлезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым... Абайжаным...– деп кемсеңдеп, жылауға айналып кеттi.
Әжесi құшақтаған бойында үлкен үйге кiрген Абай, ымырт жабылғанша осында болды.
- Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан үзінді
Ізбайша мен Түйметайдан көз жазғалы екі жылға жақындады. Олардан айырылу қиын да болса, уақыт өткен сайын бет-жүзі, елесі көмескілене берген.
Ал Тұрардың жөні бір басқа. Түрмеге түскеннен бастап, түн баласы өзімен бірге болған ұлының иісі әкенің жан дүниесіне қылышпен қырып жусаң да кетпестей болып сіңіп қалған. Енді сол Тұрармен айырылысатын қиямет-қайым азабы азынап тұр.
Бүгін түні бойы ол баласын бауырына қысып жатты. Амал жетсе, Рысқұл өзінің көкірегін жарып жіберіп, жалғыз жәдігерін қалталы қасқыр сияқты кеудесіне жасырып, алыс сапарға өзімен бірге ала кетер еді, оған айла жоқ.
Түні бойы көз ілмей, қиянаттан мұздаған жүрегін жылытқысы келгендей, Тұрардың ыссы басын кеудесіне қысып жатты. Бұл түні оған өткен-кеткен хикаяны айтып, мазалаған жоқ. Айтар әңгіме айтылып болған. Рысқұлдың керсоқпақ, кескілескен қиын өмірі баласының басында үлкен бір кітап болып жазулы жатыр. Рысқұл оқымаған жан болғанмен, көкірегі ояу адам еді. Түрменің ұзақ түндерінде баласын ұйқыдан қысып отырып айтқан сырлары зая кетпес. Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған, арман атысындай етіп айтып берер. Содан барын «Қараш-Қараш» туар...
Рысқұлдың есіне, Саймасайды атар алдында, бір түп бұта басында отырған кішкентай шымшық түсе кетті. Қар суырған ызғырық жел қос қанатын кеулеп, жүнін қобыратқан сол шымшық тырмысып бұтадан тырнағын айырмай қасарысып қалып еді.
– Балапан, – деді Тұрардың басын мүйізгек алақанымен сыйпап. – Қанаты қатаймаған балапаным, қара дауылға қарсы ұша алармысың сен? Ығы жоқ, селдір бұтаның басында жалғыз қалдың-ау, сен! Атасына нәлет! Күңей-күйрек болма, бірақ. Өлмейсің! Сұп-суық сұрғылт күлдің арасында сөнбей жатқан бір түйір шоқтай болып, қалың қара бұлттың арасынан жылт етіп, анда-санда күн де көрінер. Жүдеме! Жарлының жан серігі – жасымау. Жасыма! Ұқтың ба, Тұрар?
– Ие, көке, – деді ояу жатқан баласы әкесінің қырсығы қалың, қыртысы мол мойнын қыса түсіп.
- Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романынан үзінді
Таяп келіп, Найман-Ана өз ұлын танығанда, түйе үстінен қалай аунап түскенін өзі де білмей қалды. Ақ інгеннен құлап түскендей болып еді, оны елер шама жоқ!
— О, ұлым менің, құлыным! Мен сені іздеп шарқ ұрдым! — Ол киіздей тұтасқан баялышты кеше-меше ұмтылды. — Мен сенің анаңмын!
Жүрегі түскір су-у-у ете қалды. Аяғымен жер тепкілеп, аузы-басы кемсеңдеп, өзін-өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос-қолдап құшақтап алған. Төбесінен ұдайы төніп тұрған қара қайғы зілмәуір салмақпен енді келіп үстіне құлағанда, амалсыздан аңырап, азалы бір, үрейлі бір үнге басқан. Мені таныр ма екен деген ынтызар үмітпен ұлының жанарына жалбарына көз тігеді. Өз анасын тану деген сонша қиын емес қой, құдай-ау!..
Бірақ анау бұл әйелді осы даладан күнде көріп, әбден көзі үйреніп кеткендей-ақ, бұл жолаушының алыстан арып-ашып келгеніне титтей де мән берген жоқ. Қасында біреу бар ма, жоқ па, неге жылайды-ау, неге күйзеледі-ау деген не, жо-жоқ, селт етпеді-ау сабазың. "Ау, неге жылап тұрсыз?" — деп те сұрамады. Ол-ол ма, бір сәтте анасының қолын өз иығынан ысырып тастап, жанынан бір сәт ажырамайтын қомдаулы түйесін жетектеп, тасыраңдаған жас табын алыстап кетпеді ме екен деп, түйелер жаққа қарай аяңдап кете барды.
Жападан-жалғыз қалған Найман-Ана жүресінен отыра кетті де, өксігін баса алмай, қос қолымен бетін мыжып, басы салбырап, сансырады да қалды. Ақыры әл-дәрменге келіп, сабыр сақтауға тырысып, баласының артынан барды. Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім-сезіксіз күйінде қала берді.
— Отыр, сөйлесейік, — деді сорлы ана аһ ұрып күрсініп алып.
Екеуі жерге отырды.
— Сен мені танисың ба?— деді анасы. Мәңгүрт басын шайқады.
— Сенің атың кім?
— Мәңгүрт.
— Мәңгүрт деп сені қазір атайды. Ал бұрынғы атың есіңде ме? Есіңе түсірші шын атыңды.
Мәңгүрт үнсіз. Бірдеңені есіне түсіргісі келіп, ышқынып-ақ отыр, тіпті қиналғаннан кеңсірігі терлеп те кетті, бірақ көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман тұтты да тұрды. Сірә, көз алдын ештеңе көрсетпес қалың қапас қаптап алса керек, ештеңені есіне түсіре де алмады, елестете де алмады...
— Әкеңнің атын білесің бе? Әкеңнің аты кім? Өзіңнің елің қайда, руың кім? Тым құрыса, туған жеріңді білесің бе?
Жоқ, тұтасқан тұңғиық тұман. Ол еш нәрсе білмейді.
— Құдай-ау, қандай күйге душар қылған сені! — деп сыбырлап, ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін-өзі баса алмай,өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.
— Ау, жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі, — дейді ана үнін шығарып. — Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?
Сонда мәңгүрт ұлына қарап тұрып Найман-Ана ай мен күн, күллі әлем туралы, өзі туралы атақты жоқтау жырын айтты дейді. Сарыөзек жөнінде сөз болғанда осы жырды жаттап айтатын білгіштер әлі де бар.
- Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінен үзінді
Фамилиям Қадыров. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім. Бірақ жұрттың бәрі «ов» болып жатқанда, менің олардан алабөтен жырылып шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім.
Қадыр — менің әкем. Ех, шіркін дүние-ай десеңші! «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық! Балалар: «Менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды» деп мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда, мен екі жастамын. Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады...
Ex, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер-әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде: «Жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп еске алып, армандап отырмай ма?
Ал күйеу керек пе әйелге? Меніңше, әбден керек. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, біртүрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
- Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінен үзінді
Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді... Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен, әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иә, әлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын-туған еді. Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?