«Бел-белесте». Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 6 сабақ.


 Бел-белесте

 3

 Ұрыс-қағыс басылып, тіршілік сабасына келгелі жұрт Жидебай, Мұсақұл сияқты қыстаулардан кетіп, ойға қарай ілгерілеп, көшіп келе жатқан. Әр ру, әр ауыл өзді-өз күзектеріне қонып жатыр. Жайлаудай, қыстаудай емес, енді, тарап қонысатын болған. Бұл кезде, оқта-текте болмаса, қалың ауылдар азырақ кездеседі. Құнанбай ауылдары да бір-бірінен шанжау-шанжау болатын. Тобықтының кең өріс, мол дала, көп адырлары осы «бауыр» деген күзекте. Күзектің ақ от, қара отын қыс түспей малға жақсылап жегізіп, тойынта түсу үшін, ауылауылдар шашырай қонғанды тілейді. Зеренің ауылы биылғы күзекке жылдағыдай ұзап кетпеді. Жидебайдан үш көшіп Есембайға жетті де «Күземді осында алып, қыстауға ерте қайтамыз» деп, жұрттың бәрінен кейіндеп қалған. Биылғы күз аса салқын. Қара суық желі де, бұлыңғыр жауыны да ерте иектеп, мезгілсіз бүрсеңдеп тұр. Қыс ызғары ерте білінетін болса, қыстауға жақын отырған артық. Ұлжан кәрі енесі мен балаларының жайын ойлап, әдейі осылай тартынып қалған. Қастарында көрші елден үш қана шағын ауыл бар. Абай әкесі кеткелі үйден шаққан жок. Бірақ Жігітек жағының желігін, асыр-сауығын, мәз-мерекесін естіп жүрген. Ырғызбай жағынан тиген он бес қыстауды азулы мықтылар басқанын бір есітті. Артынан тағы да сол жуандардың өздері, ішін-ара әлі ұғыса алмай, енді бірінен бірі қызғанысып, қырбайласып қалып жүр дегенді де есіткен. Бұндай хабарларға Абай біртүрлі сыншы үлкен жанша қарап, наразы боп күлуші еді. Бөжей намысын қуғандары шын болса, ол намыс, ол ар деген нәрселер оңай ма еді? Сондай кірсіз, шетін, ақ нәрсені жермен, қыстаумен емдеуге бола ма екен? «Ел жылады... Елдің белі талды. Көп қысылды» дегендері кәні? Абай осыны да көп ойлап, аса бір қиналып, қысылушы еді. Ақыры ол шерудің барлығы осы адамдардың өз жемсауын тойдырса тыпа-тыныш басыла қалады екен. Осындайларды қазып ойлап, Абай осы күзде бар үлкеннің шама-шарқын танып алды. Таныған сайын басын шайқап, қыжалданып қояды. Көбінесе, тани тыңдап, мысқыл ете күледі. Сол себепті: «Жігітек масайрап, шат-шадыман боп жатыр. Біз мырзаның артында жабырқап, уайым ойлап отырғанда, олар сүйсініп, ойнақ сап жатыр!» - деп Ырғызбай кісілері қорланған уақытта, кіжініп, күйген уақытта да Абай оншалық шіміркенбейтін. Әсіресе, күйік шегіп, қызғанбайды. Көбінше үндемей, езу тарта береді. Осындай, бір оқ өтпес сауыт тауып кигендей. Көптен бөлек, өзінше оқшау, қатаң өсіп келе жатқан тәрізді.

 Соңғы күндер көбінше домбыра алып, мөлдір күйлер, сұлу әндер тарта беруші еді. Бүгін кеште де ат үстінде біраз жүріп кеп, шешелерінің үйіне кіріп, Ғабитхан, Тәкежан, Оспан және бірнеше малшылар отырған уақытта домбыраны қолға алды. Ширақ тартып отырып, бір кезде аса бір өткір мысқылы бар, қызық өлең айтып шықты. Сөзі ұнап қалды білем. Ұлжан: «Бұл кімнің өлеңі екен өзі?» деп еді. Абай жай, шындап қана: - Байкөкшенікі! Сол айтыпты! - деді. Өлең Байкөкшенікі емес, өзінікі болатын. Осы күз бойы, әсіресе, қыс түсіп, Жидебайға тамға орныққан соң, Абай домбыраға қатты зер салды. Біткенбай домбырашы, Тәттімбет домбырашы деген атақты күйшілердің тартысына салып, бұған домбыра үйрететін кәрі күйшілер табылды. Бір жағынан домбыра үйрене жүріп, Абай осы кездерде Байкөкше айтты деген әлденеше мысқыл, әзіл өлеңдер естіртіп қойып жүрді. Қыстауға келісімен Ғабитхан молда Оспан мен Смағұлды қайта жиып оқу бастаған. Абай солар қасында ұзақ отырып, кітап оқиды. Кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды оқып-оқып кеп, өзі де қағаз, қарындаш алып, соларша бірдемелер жазып кетеді. «Ғашық оты, мағшуқа» деген сарындар жетектей береді. Өзі әлі өмірінде сол көп естіген мағшуқамен жүздесіп, тіл қатысып, ләззат алысып көрмесе де көңілімен аса нәзік сезініп, дем тартады. Ұмыттырмай, айықпай, лебі тартып, жатқан бір ыстық жан бар. Ол - араздық, жаулық ар жағында. Кешегі төбелес, алыс-жұлыс атаулының ор, жырасының ар жағында қалып қойған, алыстап тұрған - Тоғжан. Соны көп-көп еске алады. Биылғы қыс бойында қағазға жазған азды-көпті өлеңінің бәрін, қорғаншақ, батылсыз жүрекпен соған арнайды. Осы қыста: «Әлиф деп ай юзіңе ғибрат еттім» деген бір кітапша сыпайы жыр жазды. «Ақ етің аппақ екен атқан таңдай» деген елеңін енді түгел аяқтады. Кейде Тәкежан, Ғабитхандарға домбыраға қосылып, әндетіп айтып беретін де болды. Оқта-текте үйден шықса, Абай қара-ауыз сары тазыны ертіп, қоян қуатын. Бірер рет Шыңғысқа, Қарашоқыға барып, Күнкенің аулында жатып, Құдайберді деген ағасының қасында болды. Құдайберді ерте үйленген. Осы қыста оның үшінші ұлы туыпты. Күнкенің аулы Құнанбай турасынан ертерек хабарланып тұрады. Бұрын аға сұлтанның кеңесі орнаған жер осы бәйбішенің аулы болатын. Шыңғыстың бөктерімен, бір қабат ішінде қыстап отыратын Ырғызбай да, өзге қалың ел де молырақ. Хабар-ошар көп болатын себебі де сол. Әке хабарын үй іші сұрастыра бергенде, Абай әдейі осында келіп, әрнәрсені естіп қайтатын. Бірақ сол хабар үшін келумен бірге, Абай Күнкенің әралуан, жайсыз мінезін де көруші еді. Құнанбай кеткелі Күнке Ұлжанға кінә таққыштап, Абайдың көзінше де әртүрлі сөздер айтады. Соның үлкені: - Мырзаның жәйі не? Не күйде жүр? Оны ойлап Ұлжан қысылмайды ғой. Қысылса, ағайынды, елді жиып үлкен үйді мырза бардағыдай қан базар ғып отырмас па еді? Кешсе, жұрттан оқшау көшеді. Қалса Жидебайда жалғыз ауыл қалады. Арттағы елге ұйтқы боп, асын беріп, ерінің тілеуін тілетіп отырғанның орнына, өз тыныштығын сүйеді. Бар елдің күтімі де, шығыны да бізде. Тауқымет біздің мойында! - деп жазғыратын. Ұлжанның атқамінер атаулыны өз аулына жия бермейтіні рас. Шыңғыста, қалың ел ортасында болғандықтан Күнкенің қазан асысы, қонақ шоғыры мол екені де рас. Қазір бұл үйдің сойысы Ұлжан үйінен көп болғанға Күнке, әсіресе күйінеді. Ол да күндестіктің, бәсекенің бір қиын, шытырман жері болатын. Мал амалсыз сойылып, жиі шығындап жатыр. Сол шығын өскен сайын іші ауырып, ең ақыры осы кездерде Ұлжанды абысын-ажынға да, ағайын-жақын үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш боп еді. Абай бұл шешесімен дауласпайды. Айтқанын үндемей, салқын ғана тыңдайды да, сол арада ұмытуға тырысады. Үйткені, шешесі, Күнке айтқанды оның баласы Құдайберді айтпайды. Ол әрқашан Абай келгенде қуанып қарсы алып, аса қатты бауыр тартады. Күнкенің сөздерін Абай өз шешесіне де жеткізген емес. Бірақ Қарашоқыға барып қайтқан сайын, үйдің оңашасын тауып, әжесіне айтып, сонымен ақылдасатын: Әжесі Күнке сөздерін тыңдап-тыңдап кеп: - Елеме ол сөзді! Қай үйдің қай жөнмен жүретінін сол білетін шығар. Күндестік деген сұм мінездің ызғары ғой! Күнке мен Айғыздан сондай бықсық шықпай жүре ме? Шешеңе айтпай-ақ қой, өзім тыямын! - деген. Айтқанындай Зере бір күні Ызғұттыны шақырып ап, Күнкеге әдейі жұмсап, жаңағыдай сөздерден тыйылсын деген. «Одан да үндемей шыдап, байының еліжұртын, қонақ-қопсысын сыр бермей сыпсыңдамай күтсін» деді. Құнанбайдың ауылдары мен ағайынының жолаушны күтуі ұзаққа созылды. Бұл жақтан алған он бес қыстауға Байдалы, Байсалдар таласа, қырбайласа жүріп, әлдеқашан қонып алған. Күз белгісіз өтті. Қыстың да тең жартысы ауып барады. Құнанбай қайтпай жатыр. Тек ай сайын ғана қасындағы жігіттерін кезек-кезек жіберіп мал алғызады. Үйлеріне әр шаруаның жөнінен сәлем айтады. Амандығын білдіреді. Өз ісінен анық берген хабары: барысымен, аға сұлтандық орнынан түсіпті. Енді соның арты оңай айыға ма? Тексеруден дуан жібермей жатыр деп, қысқа ғана белгі береді. Анығында Қарқаралыға жаңа аға сұлтан сайланған, Ол бұрын бір болып түсіп қалған Бөкей төренің нәсілі Құсбек. Бұл қайта болысымен, Құнанбайға жақсы қараған жоқ. Өткен сайлаудан қалған кегі бар. Және тегінде Баймұрын арқылы Бөжей жағын ұстанып келген кісі. Аға сұлтандар ауысса да, Майыр ауыспаған. Ол да Құнанбайға оң қарамаған кісінің бірі болатын. Осы екеуі Құнанбай ісін күзден бері созып, астыртын шолақ қағаздармен бірге Омбыға, көрпіске беттетіп жатқан. Тергеуді Құнанбайдың өзіне білдірмей, солай ауыстырмақ. Олай әкетсе, Құнанбайдың айдалуы да ғажап емес. Осы жайын бірер айда анық сезген Құнанбай Қарқаралыдағы жанашыры Алшынбай сияқты кісілерді іске қосты. Араға Алшынбай кіріскен соң, істің бетін Құсбек жеңілге саймақ боп, босаңси бастады. Бірақ кетіп қалған азын-аулақ қағаз бар. Омбыдан келген шенеунік пен көмейі кең Майыр бар. Осылардың бабын табуды Алшынбайдың өзіне тапсырған. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз. Қыс түсіп, мал арзандады. Семізін елден алғызуға жер мойны қашық. Құнанбай да, Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда, Семейдің үлкен саудагері Тінібек бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлык соғым терісін бір өзі баурап, жиып алғызбаққа келіпті. Тінібек Құнанбай мен Алшынбайды ел-елдің ішіндегі өз саудасына керек, мықты тірек деп санайтын. Несиеге бұл беріп, қойын - торпақ, торпағын - өгіз ғып, қызыл елтірісін кұнан қой қып елден жиып алу үшін, бұл саудагер сол елдің жуандарына сүйенбекке керек. Тартып та, қорқытып та алып беретін солар. Құнаибайға осы ретпен бейімделуден басқа, былтыр Семейде Тінібек құда болайық, жақындасайық деп те бір қолқа салған. Ол кезде Құнанбай қаланың саудагеріне қыз беруді намыс көрді. Жұрттың: «Аталы жерге бермеді, бұлға берді» деген өсегі болар деп те қорықты. Жарытып жауап бермей, құр дәмелендіріп қана кеткен. Қазір ақшадан қысылған Құнанбайға Тінібек сол сөзін қайта салды. Алшынбай араға жүріп, екі жағын құда қылды. Құнанбай Мәкіш деген қызын Тінібектің баласына аттастыратын болды. Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай бастаған. «Омбыдан келген Чернов деген шенеунік қиын бола ма, сол алмай жүре ме?» деп, Құнанбай күдік қып еді. Алшынбай мен Қасқа тілмәш екі кеш оңаша айналдырып, қонақ қылды да, жақсы хабар әкелді. Алшынбай күліп келіп: - Күзден бері осыны бір қанды қақпан көріп жүр ем. Тілеуің бергір, құлқын осыныкі екен ғой. Көзді жұмып кылғи беретіннің өзі осы боп шықты. Тіпті талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді, қыл-қыбырды қоса жұтқызсаң да е-е дер емес! - деген. Сонымен Құнанбай ісі пара арқылы ұшталып болды да, ем-дем істеліп жетіп, енді қағаз атаулының тоқталып жойылуы ғана қалып еді. Дәл осы кезде Омбыдан бұйрық сап еткен-ді. Бұрын жіберілген болымсыз қағаздар жөнінен көрпіс Құнанбайды және оның барлық «жұмысын» Омбыға әкел деп Майырға бұйырыпты. Қарқаралының пара жеп қойған бұл ұлығы енді қатты қысылды. Құнанбайдың Омбыға жүруі даусыз болды. Осы ортада Құнанбай өз аулына тағы да кісі шаптырған. Ел іші Құнанбай Омбыға кетеді екен дегенді естігенде айдалды, жазаланды деп түсінді. Жігітек, Бөкеншілер: «Құнанбай кесіліп кетіпті. Итжеккенге барады» деп бір сөйлеп: «жоқ, Тескен тауға, Темірқан шораға кетеді» деп бір лаулап, неше саққа мінгізіп жатты. Құнанбай дәл өзінің үйлеріне және әсіресе, шешесіне сәлем айтып: «Қорықпасын! Бір сапар барып қайтсам да, түбі қайыр болар!» деген. Жалғыз-ақ, Құнанбай не десе де, осы хабардан соң Зеренің күрсіні күшейді. Үндемес уайымы, ұзақ намазы көбейді. «Жалғыз... жалғыз-ақ еді сорлы...» деп, кейде намаз арасында байқамай, «күбір» етіп дауыстап сөйлеп те қояды

 Алшынбай, Майыр, Чернов және Тінібек төртеуі Омбы бұйрығы келген соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты. «Жібердік» деп, Омбыға «үкілі почта» жөнелтіп, Майыр өзі де қағаздарды алып ілесе шықпақ. Содан арғысының есебі жолда табылмақ. Жолдан қалса Омбының өзінде бітпек. Қалай да осы Майыр өзі барып құтқарып қайтпаққа серт етті. Сонымен Құнанбай жүріп кетті. Көлігін, жылы шанасын, жол азығын, қос аттарын шетінен ортан қолдай қып сайлап алды. Қойын-қонышқа ақшаны да сықап алды. Құнанбай қасына үш жігіт ертіп, тартып кетті. Бірақ не дегенмен Омбыға қарай беттегелі Құнанбай көңілінде күдік көп. Әсіресе, діні бөлек, сыры бөлек Майыр ғой деп, параны көп алса да, көп уәде берсе де, сол Майырдың өзіне сенбейтін. Дәл кетерінде Алшынбай мен Тінібекке: - Соған, сол жағына ұкып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып арылыңдар да, менің артымнан шапқыншы жіберіп, хабар етіңдер! - деген. Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жігіті Көккөз дәл үшінші күні Құнанбайды қуып жетті. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр еді. Шапқыншы қос атпен салт қуып келіпті. Екі құла айғырдың қалың жалдары төгіліп, ұзын кекіл мен күлте құйрық бәрі де қырауытып, шаңыта түсіп, көпсіп тұр. Бауыр мен жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен. Көккөз Құнанбайды шанадан өзі түсіріп, қолтықтап оқшау шығарып алды да, көп күбірлесіп, бар сәлемді айтып берді. Аздан соң бұл жігіт оң сапарды көп-көп тілеп қала беріп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелді. Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны: - Майырды Керекуде тосыңдар! Тосып алып, содан әрі бірге тартыңдар! - деді. - Өзі әйтеуір, азбай ма екен? - деп, Мырзахан қадалып еді. - Азбас! Азып сонша не бопты? - деп, біраз отыра түсіп, - бірақ әлі өзіміз көрсететін бір қайрат та бар. Дер кезінде айтармын. Беліңді әрдайым бекем буғайсың! - деді. Майырдың ниеті дұрыс болғанда, осы Омбыға жүргізгені қалай екенін Мырзахан түсінбеуші еді. Оған Құнанбай: - Солай істелу керек! Көрпіс алдында әмірін орындап, мені жүргізгенін, өзі де шыққанын, айтқанды екі қылмағанын таныту керек. Ақталып қайтатын болса, кісіге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдік көрме! - деген. Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жетті. Келген күні кешке ол Құнанбайды өзі түскен пәтеріне шақырыпты. Құнанбай қасына жалғыз Мырзаханды ертіп барған. Майыр Керекудегі өзінің жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестікіне түскен. Үй иелерінен бөлек, оңаша сәнді белмеде Майыр Құнанбай мен Мырзаханды қабыл алды. Өзі Қарқаралыда тілмәш ұстағанмен, қазақшаға ысылып қалған болатын. - Ал, Өскенбайыш мырза, енді сені айыптайтын қағаздарды көрмексің ғой, солай емес пе? - деді. - Көрсет енді! Тек бірін қалдырмай, бәрін көрсетші!..

 - О-о, мен көрсетем! Мен сені алдамаймын, Алшынбайға уәде бергем, көрсетем! - деп есікті бекітіп, жол сумкесін ашып қойып, будақ-будақ қағаздар шығарды. Қат-катқып, кітапша етіп тігіп, тізіп тастапты. Бір құшақтай болды. Осы қағаздарды шығара берген кезде Құнанбан тоңған кісі тәрізденіп, қалтырай түсіп екі алақанын уқалап: - Майыр, осы үйің суық па, тоңып отырмын. От жаққызшы! - деді. Майыр азырақ ойлана қарап тұрды да, күтуші малайды шақырып, бұйрық берді. Қызметші үйге отын кіргізіп, пештің қақпағын ашып, маздатып жағып жіберді. Бұл кезде Майыр екі бөтелке коньяк алып, закускасын шағырып, Құнанбайға ұсына түсіп іше бастады. Құнанбай Мырзаханға ішкізіп, өзі Майырға: «Іш-іш» деп, ұсына түсіп, әңгімені созып отырды. Аздан соң пештің іші лаулай жанып қызыл шоққа айналып келе жатыр екен. Бұл уақытта Майыр коньякты көбірек қарбытып жіберіп, масая бастап еді. Құнанбай үстел үстіндегі қағаздарды бір түртіп қойып: - Майыр, екеуміз бірге де талай істестік. Дәм-тұзымыз араласты ғой. Енді мені айыптайтын басқа қағаздарың болса, бәрін түгел шығар! Түгел көрсет! Тамырлығым сол болсын! - деді. Майыр: - Жоқ енді Өскенбайыш, құдай бар ғой... бәрі осы! Бір де қағаз қалған жоқ! - деді. Құнанбай сол уақытта орнынан тұрып кеп, Майырды ту сыртынан құшақтап, қос қолын сыртына топшыдан қайырып тұра қалды да, Мырзаханға қатты бұйрық етіп, пешті басымен нұсқап: - Тұр, Мырзахан! Сал, өрте ана қағаздардың бәрін! - деді. Майыр масайып қалып, өз міндетін ұмытқаннан ба, болмаса, Құнанбай бір өзгеше жамандық еткелі жүр деп сескенгеннен бе, әйтеуір, бұлқынып, алыспақ тәрізденді. Бірақ Құнанбай жасында үлкен жауынгер, найзагер болған. Әлі де қатты, кайратты болатын. Майырды тыпыр еткізбеді. Мырзахан бұл уақытта бар қағазды құшақтап апарып, отқа тоғытып жатқан. Майыр құтыла алмасын білді де: , - Е, Өскенбайыш, қойсаңшы! Законды қайтесің. Өскенбайыш, қойсаңшы! - деп, жалынған тәрізденді. Мастық па, көлгірлік пе, айыру қиын. Оқта-текте жұлқынған боп: - Осылай ма еді? Өртемейік, жоқ қылмайық та бәрін! Мен қайтемін? - деп қояды. Бірақ осының бәрі оның шыны емес. Құнанбайға ең жақсы септік әрекетін әлі де бұлдай түсіп, әлі де қымбатқа сатпақ. Бұл ажарды көптен сезген Құнанбай түбінде орайы келгенде ендігі соңғы қимылды өз қолымен істеп көрмек боп, әлдеқашан байлаған. Аздан соң қағаздың бәрі лапылдап жанып, тегіс өртеніп, қап-қара қалың күл боп кетті. Мырзахан мен Құнанбай осы уақытта пешті жапты да, бір-біріне қарасып, үндеспей күлісіп қойды. Майыр орындық үстінде ұйықтап қалған кісінің қалпында, шалжиып, көзін жұмып қапты.

 Құнанбайлар бұған: «Қош, қош» десті де, шығып кетті. Өзгеше қонақтары кетісімен Майыр атқып тұрды. Өзі де, қозғалысы да шып-ширақ екен. Басын сілкіп, «дір» етіп, тағы біраз коньякты төңкеріп ап, іске кірісті. Ендігі серігі осы үйдің иесі Сергей, сол екеуі ертеден байлап қойған уәде бойынша қораға шығып, Сергейдің бір кішілеу сарайын өртеді. Сарай ішінде Майыр мініп келген үлкен шана, азын-аулақ қамыт-сайман және сол шана ішіне тасталғап киіз, азын-аулақ жәшік және аса көп ескі қоқсық қағаз жанды. Бұл істі білген, көмектескен Сергейдің пысық «дабернайы» Мишка болатын. Сергей өз қорасында осындай өрт шығарумен Майырдың жеген парасын және заңға қарсы істеген қылмысын жапты. Бұл іс «еруліге қарулы». Былтыр Қарқаралыда қазнаның пұлын Сергей мықтап жеп барып, сынған уақытта, Майыр осындай жалған өрт салып, өзі акт жасап, қол қойып, Сергейді кұтқарып кеткен. Мынау - топас арам айланың бәрі соның орайы болып шықты. Осы түнінің ертеңінде Сергей, өз қаласының белгілі жемқор дуан басына, өздеріне мәлім жолмен куәлік жасатып, «қағаз өртенгенін» Майырға акт қып, нықтап бекітіп берді. Сонымен арада бес күн өткенде, Құнанбай бір бөлек, Майыр бір бөлек боп, Омбыдағы көрпіске келді. Көрпіс кеңсесі Құнанбайды осы келгеннен он шақты күн шолақ-шолақ тергеді де, ақырында айыпсыз тауып босатып шығарды. Майыр бар ісін жымжылас аяқтап алып, дуанына қайтты. Сондай жолдармен ақталған Құнанбай Қарқаралыға қайта келгенде, «сүйінші» тілеген шапқыншы Тобықтыға қарай ұйтқи шапқан. Құнанбай өзі ауылға қайтуға асықпай, Қарқаралыда тағы да біраз жатты. Мырзахан Омбы сапарын Алшынбай аулына және басқа сыр шашпайтын тілеулестерге үлкен ертегі қып айтып жүрді. Оның әнгімесінше, Майыр барынша қас еді. Қағазды, заңды көрсетіп, Құнанбайға: «Мынамен құртам, мынамен жоқ қылам, мынамен қайтіп құтыласың?» деп табалап, мақтанып, жайып салған боп шықты. Майыр сондай қастығының үстіне ақымақ, аңғал болып та әңгімелескен. Онысына сенбейтін тыңдаушы болған жоқ. «Тап солай» десіп, бастарын шұлғи-шұлғи иланып еді. Осымен қатар Құнанбайдың «жүрек жұтқан ерлігі, айла-тәсілі» өзінен-өзі атамай-ақ әйгіленіп жатты. Бұл ертегі алғашқы шапқыншымен Құнанбай ауылдарына неше қабат ұлғайып, өрекпіп жетті. Майырмен және бар Қарқаралы ұлығымен қайта табысқан Құнанбай көктемге шейін қайтпай жатып, енді ұлықтығын қайта қуды. Бірақ, бұдан былайғысы аға сұлтандық емес. Қар кетіп, көк алғаш тебіндеп шығып, жер дегди бастағанда Құнанбай Қарқаралыдан шығып, Тобықтыға қайтты. Ендігі қайтысында Тобықтының старшыны Майбасарды орнынан түсіріп, соның орнына өзі сайланып қайтып келе жатыр. Бұл хабары да Құнанбай дуаннан шықпай-ақ ауыл-аймағына жеткен болатын



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу