Мұхтар Әуезов "Абай жолы" роман-эпопеясы. "Шытырманда" бөлімі. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 5 сабақ.


5-сабақ «Шытырманда» бөлімі

11.1.2.1 әдеби шығарманың жанрлық ерекшелігін өзге жанрлармен салыстыра отырып талдау;

Сабақ мақсаты

Оқушылардың барлығы

«Шытырманда» бөлімінің жанрлық ерекшелігін талдау;

Роман-эпопеяны өзге жанрлармен салыстыру.

Оқушылардың көбі

Келіссөз жүргізу әдістерін талқылау

Оқушылардың кейбірі

Бағалау критерийлері

Кейіпкерлер жүйесі образы арқылы жанрлық ерекшелігін көрсету;

Уақыт пен кеңістік арқылы жанрлық ерекшелігін көрсету

Роман-эпопеяны роман жанрымен салыстыру.

1-тапсырма.

Мақсаты: «Шытырманда» бөлімінің жанрлық ерекшелігін талдау;

Нұсқаулық: Бөлімдегі басты оқиғалардың себебі болатын мәселелерді жазыңыз.

Басты оқиға

Оқиғадағы мәселе

1

Абайды Құлыншаққа (Торғау руы) жіберуі

Бетқұдықты Ақпердіге бергендіктен, Құлыншаққа ол жерді қоныстанбауын әмір ету.

2

Абайды Сүйіндікке (Бөкенші руы) жіберуі

Бөкенші руын Қарашоқыдан көшiргендіктен, Құнанбай Жiгiтек жерiнiң жапсарынан жайлау берген.

3

Абайды Байдалыға (Жігітек руы) жіберуі

Байдалының Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына Сүгiр мен Сүйiндiк ауылдарының қоныстанатынын ескерту.

4

Кәмшатты Бөжей үйіндегі жағдайы

Бітістіру үшін мал алуға дәмеленген Бөжейге кішкентай қызды беріп, көңілін қалдыру.

5

Бөжейдің өлімі

Жер дауы үшін тартыстан қайғыға түсуі.

Дескриптор:

1. Абайдың Құлыншаққа бару себебін көрсетеді;

2. Абайдың Сүйіндікке бару себебін көрсетеді;

3. Абайды Байдалыға (бару себебін көрсетеді;

4. Кәмшаттың жағдайының себебін көрсетеді;

5. Бөжейдің өліміне себепті көрсетеді.

2-тапсырма.

Мақсаты: «Шытырманда» бөлімінің жанрлық ерекшелігін талдау;

Нұсқаулық: кестедегі үзінді бойынша кейіпкерді сомдау тәсілдерін көрсетіп, мағынасын ашыңыз;

Кейіпкер

Шығармадан үзінді

Үзіндінің атқаратын қызметі

1

Абай

1. Содан әрi мұның қолына түскен әрбiр қалың кiтап соншалық бiр қатты сағынып жолыққан ыстық қымбат досы тәрiздi болды. Ғабитхан да кiтап оқығыш болатын. Соның кiтаптарының iшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абулқасым Туси-Фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатталғази», «Мыңбiртүн», Табары жазған тарих, «Жүсiп-зылихалар», «Ләйлi-мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар.

2. – Оны бiлген көрiнедi. Бiрақ тегiнде, меншiк бар да, келiсiм бар ғой, ақсақал. Даусыз иесi Борсақ едi. Соның меншiгi едi. Құлыншақ иелiк жөнiмен емес, келiсiм ретiмен үлес алып келген едi. Келiссе. Ақпердiмен де соны iстер. Тек, меншiк Ақпердiнiкi екенiн ойласын дедi.

3. Құлыншақ мына баланың жаңағы сөздерге iлеспегенiн түсiндi де, iшiнен. «Байыпты бала-ау өзi. Салмақ бар ғой. Сыр ашпайын деп отырғанын қарашы. Бұған да үйреткен екен"...– деп ойлады.

2

Зере

Зере Абайдың кiтапқа берген ықласын байқап, бiр күнi кешке:

– Қарағым, осының ақыл. Iшкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма!

3

Айғыз

Түсiне ашу, көзiне жас толған Айғыз, дiрiлдеген үнменен:

– Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетiмегiм-ай! Не қарғысқа ұшырап туып ең?– дей берiп едi, Құнанбай сол қолын шұғыл көтерiп қап:"доғар!" дегендей ишарат қылды. Қарғыс шарпуынан бетiн қорғаған сияқты қозғалыс. Мұның әмiрiнен жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бiрақ сыбырлап сөйлеп, тұншыға жылады.

4

Ғабитхан

Ғабитхан мен Абай екеуі маңайда кітабы бар молда сүрей, кәріден, шала сопылардан бірен-саран кітап тапқызып алысты. Тағы бір кезде Ғабитхан әдейілеп тұрып, Қарашоқыға, Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді.

5

Ұлжан

Бiрақ Абайдың қасында отырған Ұлжан жаулығының ұшымен көзiн сүртiп:

– Өртенсең де, үндемей өртен дегенi ме? Кәмшатты ойласа, бүгiн емес, көптен күңiренедi бұл жандар. Кiмге айтады? Қайда айтады?– дедi.

6

Құнанбай

1. Биiк төсектiң алдында бар жиыннан иығы асып, ақ көйлегiнiң омырауын ашып тастап, төс жүнiн көрсетiңкiреп әкесi отыр.

2. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып саңқ етiп: –"Уай, Көкше, не оттап отырсың өзiң?" деп Қаратайға қадала түсiп: – мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше не көкiп алысып жүремiз онымен?"– дедi. Соған Қаратай iле жауап берiп: – "Уәй тәйiр-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мiн тауып алысып жүрмiн бе? Жалғыз-ақ "не қылайыны" жоқ қой, сондықтан кетiп жүргем жоқ па?" дедi.

7

Қарабас

Бұл жөнiнде Қарабас атшабарда Абай сезбей жүрген көп бiлiм бар екен.

8

Құлыншақ

Абай ар жағынан байқап кеп, Құлыншақтың ойы: "Бөкеншi, Борсақтан жер олжа қылмадым" деген арман екенiн бiлдi. Соны ұғынумен қатар, жерден басқаны, жемнен басқаны тыңдағысы келмеген Құлыншаққа iшiнен наразы боп аттанды.

9

Сүйіндік

1. Сүйiндiктiң аппақ үлкен үйi жылы екен, iшi тола тiрелген жүк, буулы тең менен сандықтар. Оның ар жағы екi босағаға шейiн текемет, алаша, тұскиiзбен қоршалыпты. Саптама мен тиiн iшiктi әлi тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы көктемде алғашқы рет киiз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бiр жеңiл салқындық, кең тыныс бар.

2. Қонақасыға әрқашан аса мырза аталған Сүйiндiк үйi бүгiн де еттi келiстiрiп асқан екен. Қарабастың өткiр сары пышағы қыстан қалған семiз жаяны да, алтындай сары уiлдiрiктi де лып-лып сызып, жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр емес, сары ала қып асқан екен. Қыс бойы бордаққа байлаған, жаңада сойылған қойдың жас сүбелерi де бар екен. Бапты қып жемек болған семiз қойды жай сойғызбай, үйiткiзiп алыпты. Жас ет, үйiткен қойдың етi болғанда, мына табаққа тағы да өзгеше дәм бiтiрiп, нәр бердi.

3. Мынау отырған төрт досының iшiнде сыр берiп жылаған – жалғыз Сүйiндiк.

10

Сүйіндіктің бәйбішесі

– Әй, бiлмеймiн! Ауыл-аймағымен тегiс-ақ:" айыпқа берген қыз ғой. Малын қимай, жанын қиды ғой айыпқа!" десiп, жаман сөздер сөйледi деп есiттiм ғой. Жас баланы жылатқандары бекерлiк болған ғой өзi. Не десе де iштен шықпап па едi? Айғыз бишарада не сүлдер жүр дейсiң?– деп, бәйбiше өз-өзiнен босаңсып барып, жылап жiбердi. Екi көзi жасқа толып, қып-қызыл боп, үндемей, мұңайып қалды. Анда-санда күрсiне түсiп, тамсанып қояды.

Абайға бұл ананың мейрiмi тiптi бiр қымбат адамшылық, шын рақымшылық боп танылды.

11

Тоғжан

Үнсiз бейiл белгiсiндей үлкен iлтипат жасады. Бiрақ бары сол ғана. "Шын-ақ бары сол ма? "Әлде, тiптi, бар қонаққа iстейтiн дағдылы сыйлық сияқты ма? Сол ғой! Үлкен үйдiң есiгiне жеткенше Тоғжан ақырын басып, келiншектi ертiп кетiп барады. Қайта бұрылмайды.

Дәл шығар жерде ғана, өзiнен бұрын есiк ашқан келiншектi iлгерi шығарып жiберiп, өзi бiр түрлi сұлу қозғалыспен сырт айнала берiп, төрге таман ақырғы рет бетiн берiп, үй iшiнен сыртымен шықты.

12

Бөжейдің бәйбішесі

Бар сөзi басқа ұрғандай ап-анық шығып жатқан Бөжейдiң бәйбiшесiнiң даусы.

– Ырылдатпа! Ырылдатпашы анау көзiң ойылғыр жетiмектi!- деп, зекiп тастап, долы бәйбiше есiкке қарады.

13

Ербол

Келгенiнде күлiп келгенi сияқты, кетерiнде де күле қоштасып айрылды. Абай бұның сол көңiлдiлiгiне қызыға қарап қалды.

14

Байдалы

Байдалы кiрпiк қақпай, шұғыл ойланып, үнсiз отырып, ақырында:

– Құп болсын! Қонсын Сүгiр мен Сүйiндiк, не деушi едiм!– дедi.

Қайратты, шапшаң ер адамның байлауы сияқты. Езбедi. Жақтырмаса да, күйiп отырса да, амалсыз байлауын бiр-ақ кесiп, бiр-ақ түйдi.

15

Майбасар

Жұрттың бәрi көшiп, сонау Көкшетауға барып, ұлы дүбiр мереке жасады ғой. Сонда Бөжей мен Майбасар келiспей қапты. Майбасар старшын. Жуантаяқтың бiр ұрылары Наймандағы Бөжейдiң нағашыларына барып, көп жылқысын әкеп, қырып тастапты. Соның қуғыншысы келiп, Бөжейге: "есемдi әпер!" дейдi ғой. Бөжей Майбасарға асылады. "Ақылдастыр, малын әпер!"- дейдi. Соған Майбасар:" сандалып, не айтып жүрсiң?" деп, ренжiтiп тастайды. Бөжей өкпесiнiң басы осы едi ғой.

Дескриптор:

15 кейіпкердің сомдау тәсілдерін көрсетеді;

15 кейіпкердің мінезін көрсетеді.

3-тапсырма:

Мақсаты: Роман-эпопеяны өзге жанрлармен салыстыру.

Нұсқаулық: Кестені толтырыңыз;

Салыстыру аспектілері

Роман-эпопея

(бөлім бойынша)

Оқыған шығармаңыз

Фабула

Абайдың Құлыншаққа, Сүйіндікке және Байдалыға әкесінің сәлемін жеткізуі, Кәмшат пен Бөжей өлімі.

Кейіпкерлері

15 кейіпкер

Қамтитын уақыты

Үзіндіде көктемгі мезгіл, 1-2 ай аралығы

Басты мәселе

Жер мәселесі:

1) Құлыншаққа Бетқұдыққа қоныстанбауын әмір ету.

2) Байдалының Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына Сүгiр мен Сүйiндiк ауылдарын қоныстандыру

Лирикалық шегініс

Абайдың кітап оқумен қызығуы.

Халықтың ауа райы туралы білімі. Тоғжанға деген алғашқы махаббат сезімдерінің пайда болуы.

Көркемдік ерекшелігі

Автордың баяндауы, диалог, ішкі монолог, пейзаж, интерьер

Көлемі

45 бет

Дескриптор:

«Шытырманда» бөлімінің өзге шығармамен ұқсастығы мен айырмашылығын көрсетеді.

4-тапсырма:

Мақсаты: Келіссөз жүргізу әдістерін талқылау

Нұсқаулық: Сұрақтарға жауап беріңіз;

Сұрақтар

Жауаптар

1

«Шытырманда» бөлімі негізінде роман-эпопеяның қандай жанрлық ерекшеліктерін атар едіңіз?

2

Бөлімді оқуда сіз Абайдың бойындағы қандай қасиетті байқадыңыз? Оған мысал келтіріңіз.

3

Сіз Абайдың бойындағы қасиетті өз бойыңызда дамыту үшін не істеуіңіз керек деп ойлайсыз?

4

Құнанбайдың бойынан қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

5

Құнанбайдың өзге рулардан қоныстарын алып қоюы бойынша өзіңізге қандай ой түйдіңіз?

6

Не себептен Құнанбай руластарымен жер үшін таласты?

7

Қазақстанда 18-ғасырдағы тарихи қандай оқиғалар орын алды?

8

Билікті асыра пайдаланудың қазіргі кезде кездесетін қандай түрлерін атар едіңіз?

9

Жалпы биліктің негізгі мақсаты не деп ойлайсыз?

Дескриптор:

Жауаптарын аргументтейді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу