І. Есенберлин «Қаһар» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, әдістеме. 12 сабақ.
І.Есенберлиннің «Қаһар» романы бойынша кейіпкерлердің даралық сипатын талдатуда жазушы Мәлік Ғабдулиннің мақаласынан берілген үзіндіні қосымша ұсынуға болады.
БАТЫЛ ДА СӘТТІ РОМАН (І.ЕСЕНБЕРЛИН ТУРАЛЫ)
Сол кезеңде оған патша да, халық та бірдей жау болып көрінеді. Осы тұста мысалға Кенесары мен Жүсіп Гербурттың (үшінші бөлім, үшінші тарау) бас қосып, сырласатын жерін алайық. Осы әңгімеде Кенесарының мақсат-мүддесі тереңінен ашылады. Сонда Кенесары қазақ елінің Россияға қосылуына қаны қарсы екендігін, бұл қосылуға жеткізбеу үшін күресетіндігін ашып айтады. Ал оның бұл күресін қазақ елі қолдамаса, соңынан ермейтін болса, онда: «Дегеніме көнбесең елді аттың бауырына, қамшының астына аламын. Кімде кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен – ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, ол да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата жоқ етем... Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін», – дейді. (279-бет). Кенесарының осы сөздерінен оның мақсат-мүддесі айқын көрінеді, оның ескі хандық құрылысты, хандық дәуренді қайта орнату, сол үшін жанталаса күресуші екендігі айқындала түседі. Бірақ Кенесары қаншама әрекет жасаса да мақсатына жете алған жоқ. Қоғамдық даму процесін ілгері бастырмай кейін шегіндірмек болған және халыққа жат қаһарлық әрекеттер жасаған Кенесары қатты күйреуге ұшырады. Бұл тек Кенесарының ғана емес, ол жақтаған феодалдық-хандық дәуреннің күйреуінің бастамасы болғандығын жазушы асқан шеберлікпен бейнелеген дейміз. Романдағы жағымсыз кейіпкердің бірі Қоңырқұлжа. Қазақ халқының қас жауы Кенесары болса, оның екінші сыңары осы Қоңырқұлжа. Ол да халықты аяусыз езуші, азуы алты қарыс аға-сұлтандардың өкілі. Аға-сұлтан болып «сайланған» күннен бастап, патша әкімдерінің қолтығына еніп және олардың қолдауын көрген Қоңырқұлжа барлық жауыздық іс-әрекетін халыққа қарсы жүргізеді. Ол романда қара басының дәрежесін дәріптеуі, елді еңіретуі, әлсіздерді әлекке салуы, халық қамын ойлаған адамдарды айдауға жіберуі, аттырып астыруымен көрінеді. Ол Кенесарыға қандай қас болғанымен оған қарсы күреске шыға алмаған қорқақ жан. Бір ретте Кенесары Қоңырқұлжаның көп жылқысын айдатып алады. Жауы айдап әкеткен бұл жылқыны ол шапқыншылардан күшпен қайтарып алудың орнына, қарамағындағы елдерге он жеті мың жылқыны салық етіп салады да өндіртіп алады. Сөйтіп Кенесары сияқты Қоңырқұлжа да ел талаушы, халықты қан-қақсатушының бірі болады. Қоңырқұлжа жауыз ғана емес, адамгершіліктен айрылған өлексе. Оның қаршадай Күміске қол салуын жазушы жиіркенішті түрде суреттей отырып, аға сұлтандардың азғындық бейнесін елестетеді. Қоңырқұлжа өзін қазақ даласының әміршісі деп біледі, бірақ онымен патша әкімдері санаспайды, тіпті адам екен деп есепке де алмайды. Мәселен, ел болып жатқан жайды айту, көмек сұрау мақсатымен барған Қоңырқұлжаны Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Горчаков ауырып жатқан итінен де кем көреді, жөндеп сөйлеспейді. Осы бір эпизод арқылы жазушы Қоңырқұлжаның бишаралық, мүсәпірлік сиқын айқындап, оның жағымсыз келбетін ұлғайта түседі. Жазушы қазақ халқының Россияға қосылуын және оның қазақ қоғамының ілгерілеп дамуы үшін тарихи маңызы зор оқиға болғандығын дұрыс көрсете отырып, осыған байланысты Горчаков, Перовский, Генс сияқты генералдардың образын береді. Ойдағыдай шыққан бұл образдардың әр қайсысы өзіндік іс-әрекеті, көзқарасы, мінезімен даралана алынады. Мысалға Горчаковты алайық. Ол патша үкіметінің оң көзі, қатал да қайырымсыз. Және де ол қазақ халқының достық көңілмен Россияға қол созуын, қосылуын әлсіздік, бейшаралық деп түсінеді. Оның ойынша, мұндай халықты қатарға қосып ел деп санау керек емес, отар деп езе беру керек. Бұл ойын ол ашып айтады: «Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кім де кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз», – (190-бет) дейді. Егер Горчаков қазақ халқына бұратана деп және мұндай елді тек қарумен, күшпен езгілеп отыруды көздесе, Перовский ондай адам емес. Перовский белгілі мөлшерде либералдық көзқарастағы генерал. Ол қазақ халқының Россияға қосыла беруін құптай отырып, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты әртүрлі дипломатиялық жолдармен жүргізуді қарастырады. Және бұл кезде оның өзі басқарып отырған жерде шаруалардың толқулары бар еді. Ол солармен күресуде болатын. Сондықтан мұндай жағдайда Кенесарыға қарсы күш шығара алмайды. Сонысы үшін ол патшадан жәбір де көреді, қызметінен босап та қалады. Ал генерал Генске келсек, ол Россия мен қазақ елінің бірлікке келуін көздейді. Ол қазақ халқының тарихын, қоғамдық тұрмыс-тіршілігін, этнографиясы мен әдет-ғұрпын жетік білу арқылы осы елді басқару жайы қандай болу керектігін, қару жұмсамай-ақ қандай айла-амал қолдану тиімді екенін қарастырады. Аталған үш генерал патша үкіметінің мықты әкімдері бола тұрса да қазақ елі мен Россияның арасындағы мәселеде әрқайсысының өзіндік ойы, іс-әрекеті, көзқарасы болғанын жазушы дұрыс көрсете білген демекпіз. Романнан аңқылдаған ақ көңіл, көпшілік ісі үшін көп ерліктер жасаған батыр тұлғасында көрінетін кейіпкердің бірі – Байтабын. Байтабын ақылды батыр. Халық үшін қабырғасы қайысқан, ел-жұртын үш жақты қысым-езуден құтқару жолын іздеген ол, ел басына күн туған кезде Кенесарыға келіп қосылады. Ол алғашқы бетте Кенесарыны жол бастаған көсем, қол жинаған басшы, халық мүддесін қорғаушы деп түсінеді. Ол түсінігіне бар ойымен, сенім-сезімімен, ақжарқын адал көңілімен келеді. Ол «Кенесары тобына қосылғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп туғанын анық» біледі. Және «Бұл қауіптен тек ел болып біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды» (212-213 беттер) Халық ісі үшін көпшілік болып тізе қоса, бірлесе күресу әр азаматтың басты борышы деп білген Байтабын талай ұрыстарға қатысып, ерлігімен көзге түседі. Сонда ол бұл ерліктерді Кенесары үшін емес, халық үшін, халықты зорлық пен езуден құтқару үшін жасайды, мұны ол осылай түсінеді де. Халыққа адал қызмет атқаруды азаматтың ең бірінші міндеті деп білетін Байтабын жеке қарабастың мүддесін екінші орынға қояды. Мәселен, ол өзінің сүйген қызы Ақбөкеннен айрылып қалады. Қызды Кенесары Наурызбайға қосады. Бұған Байтабын қатты намыстанып күйзеледі де. Бірақ ашуды ақылға жеңдіреді, Ақбөкен үшін жанжал шығармайды, халық ісі үшін күреске аттанған кезде жеке бастың мүддесін көксеудің қажеті жоқтығын көрсетеді. Романды оқығанда есте қалатын кейіпкердің бірі Жүсіп (Иосиф Гербурт). Патша үкіметінен жаза көріп, поляк жерінен қазақ еліне айдалып келген және көңіліндегі ойын турасынан айтатын, өзіндік көзқарасы, түсінігі бар ол, романда әңгімеленетін көптеген оқиғалардың әлеуметтік сыр-сипатын ашуда ерекше роль атқарады. Бір кезде Жүсіп те Кенесарыны халықты жәбірлеушілікке қарсы жүргізілген күресті бастаушы деп түсінген еді. Бірақ бертін келе, ол бұл түсінігінің қате екенін біледі де Кенесарыдан қол үзеді. Жазушының сәтті шығарған образының бірі Есіркеген. Кенесарының, Қоңырқұлжа сияқты аға-сұлтандардың, шапқыншы қарақшылардың жан түршігерлік істерін, халыққа жасаған қиянат-зорлықтарын әшкере етуде Есіркеген образының мәні үлкен. Екнішіден, бұл образ қазақ халқы мен Россияның арасындағы достық қарым-қатынастың нығайып дами беруі жолында елеулі қызмет атқаратын және әлеумет сахнасына жаңа шығып келе жатқан жас күш бейнесінде алынған. Қазақ халқының болашақта ілгерілеп дамуы және ескілік түрге қарсы күресе отырып прогреске жетуі үшін Есіркеген сияқты жастардың еңбегі айрықша болатындығын жазушы дұрыс көрсеткен. Сондай-ақ, Күміс пен Алтыншаштың да қазақ халқы мен Россияның достық қарым-қатынастары негізінде қазақтың қоғамдық өмірінде көріне бастаған прогрессивті дамудың, жаңа дәуірдің адамдары болып шығатындығын аңғартқан. Бұлар кейінде, Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған жаңа дәуірге қызмет ететін кейіпкерлер есебінде белгіленген. Сонымен «Қаһарды» өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамының тарихи күрделі бір кезеңін суреттеген көркем де құнды шығарма демекпіз. Мұнда феодалдық-хандық өмірді көксеген, халқымыздың басына қара түнекті орнатпақ болған Кенесарылардың халыққа жат іс-әрекеті тарихи тұрғыдан дұрыс берілген десек, артық айтқан болмаймыз. Осыған орай тағы бір жайды еске алайық. Біз жоғарыда «Қаһарды» батыл роман дедік. Олай деп атаудың себебі бар. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Кенесары бастаған феодалдық көтеріліс жайында Қазақстанда қызу айтыс болған еді. Сол кезде осы көтерілісті «халықтық» деп бағалаған кейбір әдебиетші, тарихшы ғалымдар қатты таяқ жеді. Содан кейін Кенесарыны да, ол бастаған көтерілісті де сөз ету қойылған болатын. Шынына келгенде, Кенесарының атымен байланысты көтерілістің тарихта болғандығын, оның феодалдық-хандық дәуірді қайта орнату мақсатында жүргізілгенін және реакциялық қозғалыс екендігін халыққа дұрыс түсіндіріліп айтылуы қажет. Бұл жөнде қоғамдық даму мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдар (тарихшылар, философтар, экономистер, әдебиетшілер т.б.) пікір айтуға керек еді. Бірақ олар «пәлесіне қалармыз» деп Кенесарыдан ат-тонын ала қашты. Міне осындай жағдайда жазушы І.Есенберлин өзінің романымен аталған мәселенің сырын ашуда, оны халыққа дұрыс баяндау жолында батылдық жасады. «Қаһарды» батыл роман деуіміздің бір себебі осыдан. Біз «Қаһарды» сәтті шыққан роман дей отырып, онда кейбір жағдайларға автордың жеткілікті түрде көңіл бөлмегендігі бар дегіміз келеді. Оның біріншісі: Абылай туралы. Абылай феодалдық-хандық құрылыстың мықты өкілі және оны қолдаушысы бола тұрса да, қазақ халқының елдігі, бостандығы үшін аса көп еңбек сіңірген қайраткер. Мұны Шоқан Уәлиханов Абылай жайында жазған еңбектерінде айрықша атап көрсеткен болатын. Ал Кенесарымен салыстырғанда Абылай әлдеқайда прогрессивті адам. Бұл айтылған жағдайды «Қаһардың» авторы еске алуы керек еді. Рас, романда Кенесары «Абылайлап» ұран салып жүреді, халық арасына жағымды мағынада даңқы шыққан Абылай атын пайдаланады да. Мұны ол өзінің шапқыншылық, қарақшылық әрекеттерін іске асыру үшін және оларды халық алдында белгілі бір хандық нормаға айналдыру үшін айламен қолданған болады. Міне, осы ретте жазушы Кенесарыға Абылай атын ұран еткізіп қоймай, бұл екі ханның арасында, қызметінде үлкен айырмашылық барлығын салыстыра көрсетуі керек еді. Осыған орай Шоқанның Абылайды көтере бағалауының, ал Кенесары жайында үндемей қалуының мәні, үлкен сыры барлығын аша түскен жөн еді. Романның оқиғаларын әдемілеп, шебер айтып келе жатқан жазушы, қай кезде орынды-орынсыз бір фактыны қайталай беретіні байқалады. Бұл әсіресе Кенесарыға байланысты көп кездеседі. Оның жауыздығын әшкерелеймін деп оқушыға белгілі болған әңгімелерді қайталап айта беру ұтымдылық емес. Содан кейін романда ерлер мен әйелдердің арасындағы кейбір махаббаттық қарым-қатынасты суреттеуде тұрпайылық бар сияқты. Бұған мысал – Зейнеп пен Қараүлектің кездесуі (313-314 беттер). Жақсы романда мұндай суреттеулер болмасқа керек. Қорытып айтқанда: «Қаһар» романы бүгінгі әдебиетіміздің күрделі табысының бірі. Оның авторына бұдан былайда осындай жақсы шығармалар бере беруіне шын көңілден тілектестік айтамыз.
1969 жыл, шілде
https://turkystan.kz/article/203-batyl-da-satti-roman-i-esenberlin-tura
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?