Ш.Мұртаза «Тәуекел той» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал. 19 сабақ.
Көркемдік уақыт пен кеңістік - әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі - М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [1, 235] - деп анықтама береді.
Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік [2, 11].
Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мәселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков, А.Темірболат еңбектерінде сөз болады.
Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған әр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы.
Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы әлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, шығарманың композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын айқындауға мүмкіндік береді.
Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық немесе фантастикалық, модернистік романдарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де мүмкін. Кеңістіктің «географиялық орта» ретінде нақты, реалды түрі болады. Мысалы тарихи романдардағы кеңістік. Ол ойдан шығарылған, фантастикалық сипатта болуы мүмкін. Сонымен қатар кеңістік пен уақыттың мифтік түрі де бар.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасында уақыт пен кеңістік өлшемдері күрделенді. Реалдылық ертегімен, мифпен жымдаса өрілді. Нәтижесінде хронотоп шартты сипатқа ие болды. Мысалы, Дулат Исабеков шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі максат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады.
Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Мәселен, О.Бөкеевтің «Үркер», «Бәрі де майдан» шығармаларында уақыт кейін жылжытылып, негізгі оқиғалар, тартыс лирикалық шегініс арқылы беріліп отырады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?