Ш.Мұртаза «Тәуекел той» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, таратпа материал. 20 сабақ.
Ұсынылатын үзінділер
«Мұныкі де дұрыс-ау, — деп қойды ішінен ағайыны. — Адам бейшараның ғұмыры қысқа, жүзге келсе де аз ғой. Қарға екеш қарға да үш жүз жыл жасайды дейді. Менің Ботаханым отызға таяды. Әлі бойдақ. Жоқ, бұл Керімқұлдікі де дұрыс бір жағынан».
— Таптым. Мына жағы — Жасылкент, мына жағы — Мәуелі. Сен сияқты үйде омалып отырып алмаймын. Үш облысты аралап жүріп, ағайын, құда, жегжат — бәрін таптым. Тоқсанбай бабамыздан тараған үрім-бұтақтың өзі жүзден асады. Біз өніп-өскен тұқымбыз ғой. Енді сол үрдісті ары қарай дамыта беру керек емес пе? Әрі десе той шашырап кеткен туыстың басын біріктіреді. Ей, Төке, бұл той деген дәнекер, біле білсең.
— Ой, Төке-ай, — деп Керімқұл сасырдың сояуындай қолын бір-ақ сілтеді. — Бес жүз адам әрқайсысы ең құрығанда бес мыңнан теңге әкелмей ме? Қайта, менің есебім бойынша, ресторанның төлемінен артылып, өз қалтамда қалады.
— Ау, сонда сол тойға шақыратын ағайынның бәрі бай деп ойлайсың ба?
Керімқұлдың сояудай сидан қолдары ербеңдеп кетті. Құрықтай мойнының тамыры білеуленіп:
— Байы да бар, бақуаты да бар. Сорлы емес. Мысалы, ана Жасылкенттегі Жеңіскүлді ал. Үш баласы үш фирма ұстайды. Бір келіні банкир. Жеңіскүл өзіміздің жиен қарындасымыз ғой. Жақында Лондонға барып қайтты. Меккеге қажылыққа барып келген. Ол үшін бір мың доллар, пішту, шемішке шаққан ғұрлы емес. Соның өзі-ақ ресторанның жарты ақысын атқарады... — деп екіленіп, екпіндеп барып әрең тоқтады.
Сидаң бойлы, сіріңке қоңыр реңді, бурыл шашты Керімқұл ақ костюм, ақ көйлек, қара галстук тағып алып, егде тартқан жасына қарамай, ұшқыр аттай лыпылдап, жайраңдап, құрметті меймандардың алдынан шығып, аймаласып, құшақтасып, құрмет көрсетіп- ақ жүр.
Кейбір сәті — өзен жағасында кәуап пісірген жерді торып, әркімнің аузына жаутаң-жаутаң қарап, құйрығын бұлғаңдатып, көздері мөлие қалатын, өмірі бүйірі томпаймайтын, сұрғылт сидаң қаншықты көзге елестеткендей.
Құшақтасып, құтты болсын айтқан адамдардан болар-болмас көз қараспен әлдене дәметкендей кейпі бар.
Құйрықты қазақы қой екен, Керімқұл ішінен: «Он мың болып қалар» деп есепке салды. Ораза кезі болса, бағасы одан да жоғары көтерілер еді, бірақ Ораза айы әлі алыста.
Керімқұл мына кешкі қапырықтың өзінде жаурағандай қалтырай бастады. Той емес, әлдекімнің жаназасын шығарып жатқандай түтігіп кетті. Бірер конверт түскен қалтасын сипалай береді.
Ол конверттердің ішінде қанша ақша жатқаны белгісіз. Жұрттың көзінше санай алмайсың ғой. Былайырақ шығып, туалетке кіріп кетіп санап алайын десе, оның ретін таппады. Санағанда алтын мен күміске қолы малына қалмайтынын көңілі түскір сезеді. Жездесі берген томпақ конверт болмаса... Қырғыздан темекі тасып, соны стакандап сатып жүрген майда саудагерде қай бір ірі ақша болады дейсің. Бұл заман — сигарет заманы. Баяғыдай газетке орап шылым тартатындар бар дейсіз бе. Сигаретке қанбайтындар болмаса...
Ауылдағылар қалаға қарай ағылып жатыр. Олардікі, бәлкім, жөн шығар. Ал, бақаға не жоқ? Оларға да жұмыс табылмай қалған ба? Әне ана бір бала жүр адамдарды жағалап. Шашы өсіп кеткен. Сірә, үшінші, төртінші сыныптың баласы-ау. Үсті-басы подвалда түнеп шыққандай мыж-мыж. Әркім-әркім сол баланың өзіндей мыж-мыж болған жыртық-жыртық үш теңгелік, бес теңгелік бірдеңелерді берген болады да, әлгі көзі мөлиген міскінге тура қарауға дәті шыдамай, теріс айналып кетеді. Жас баласы қайыр сұраған елдің тойы да жарасымсыз шығар.
Жеңіскүл табанын жерге тигізерін не тигізбесін білмей перламутр туфлиінің өкшесімен ғана тұрып қалды. Қасиетті Әулие-Атаның көшелері күнде сыпырыла бермейді ғой, сәл шаң-топырақтау еді. Әттең Керімқұлдың есіне келмегені-ай, әйтпесе Жеңіскүлдің жолына кілем төсеп тастауы керек еді ғой.
Бұл кезде жұрт ошарылып қалмасын деп, тамада жігіт анекдот соқты.
— Бір өзбек, бір орыс, бір қазақ болыпты. Үшеуі де арманшыл екен. Өзбек: шіркін, Айға барып, базар ашсам дейді. Орыс: орасан арақ зауытым болса деп армандайды. Қазақ: әйелім ұл тауып, шілдехана тойын жасасам; одан сәл өте бере бесік тойын жасасам; одан өте бере тұсаукесер тойы болса; одан өте бере сүндет тойын дүркіретсем; одан өте бере мектепке барған тойын, мектеп бітірген тойын; академияға түскен тойын, оны бітірген тойын өткізсем. Содан соң үйлену тойын бес жүз адам шақырып шуылдатсам... Не керек, қазақтың арманы: той, той, той.
— Онда қайтеміз, той тарқамай тұрғанда, солардан сіз сұрап, нетіп, тергеп, тінтіп... — деп күмілжіді Жеңіскүл.
— Не деп кеттің, ойбай, — деп Керімқұл баж ете қалды. — Тойға шақырылған қонақтарын Керімқұл милиция шақырып тінткізіпті деген масқараға қалдырмақшымысың мені?!
Бұл кезде қонақтар да біртіндеп сыртқа шыға бастаған. Оларды алдарқатып анекдот айтып, артистерге ән салдырып, жұртты ұстап тұруға тырысқан тамаданың жандалбасынан да ештеңе шықпады. Жұрт тарай бастады.
Керімқұлдың:
— Ау, ағайын, бұларың қалай, шыдай тұрмадыңдар ма. Кәзір қыздырамыз. Той қызығы алда, — деп әркімнің алдына бір шығып, елпеңдегені де ешкімді тоқтата алмады.
— Басқа ешбір тойда болмаған қызыққа баттық, рақмет, — десіп қайырылмай кете барды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?