Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал. 2 сабақ.


Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы

Оқу мақсаты

10.1.3.1 - көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау;

10.1.4.1 - көркем шығармалардан алған үзінділерді шығармашылық жұмыстарда қолдану.

Сабақ мақсаты

Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасындағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау;

Драмадан алған үзінділерді шығармашылық жұмыстарда қолдану.

Бағалау критерийлері

Кейіпкерлердің қарым-қатынасын арқылы идеяны ашады.

Шығармашылық жұмыста мәселені шешудің жоспарын ұсынады.

1-тапсырма.

Кейіпкерлермен танысыңыздар:

Балым – Амангелді Имановтың жесірі;

Мүсірепов – жазушы.

Үзіндіні топта рөлге бөліп оқыңыз.

 

 Оныншы сурет

 

 Құзғын ұшқан дала. Өрде қопалы, қамысты көл көрінеді. Әр жерде қарайып, құлап жатқан адамдар. Мүсірепов, Балым, көмекшілер құлағандарды үңіліп қарап көріп жүр. Тірі қалғаны табылмай тұр. Жандарынан талықсып жылаған баланың үні шығады.

 Мүсірепов (елең етіп). Бала! (Дауыс шыққан жаққа қолын созып). Балым! Жігіттер! Анда нәресте жатыр. (Тұра ұтылады.)

 Балым (Мүсіреповтың соңынан жүгіріп). Тірі-ау деймін.

 Мүсірепов. Ойбай. жеңеше, тірі! Анасының омырауын тырмалап жатыр. (Арбакештерге.) Жігіттер, тез жетіңдер!

 Балым (еңкейіп). Мына байғұс тірі ме екен? (Жатқан әйелдің қолының тамырын ұстайды. Арбакештерге.) Су! Су! Тез!

 Аузына су тамызған соң әйелдің кірпігі қимылдайды. Ерні ғана қыбырлай: «Баланы... Баланы...» - деп қайта талып бара жатты.

 Мүсірепов (баланы көтеріп тұрып). Міне балаң, міне балаң! Көзіңді аш!

 Балым (әйелдің төсіне құлағын тосып). Әй, үзілді-ау, сорлы... (Әйел ыңырсығандай болғанда, құлағын тосып). Не дейсің? Не?

 Аманат? Жеп қояды? Кім жеп қояды? (Әйел ерні қыбырлап, қолын көтермек болып, көтере алмай, басы сылқ ете қалады). Үзілді бейшара. (Балым бетін сипайды.)

 Мүсірепов (баланы көтерген күйі). Иманды бол, сорлы ана! (Көмекшілерге.) Жігіттер, жүзін жасырыңдар. (Балымға.) Енді мына жетімді өлтіріп алмайық. Не амал бар?

 Балым (қолын созып). Маған бер. Сүт жоқ. Суға талқан шылап берейін, қайтер екен. Жаңа шешесі; «жеп қояды», – деді-ау. Сірә, бала жейтін біреулер бар болды ғой.

 Мүсірепов. Бейкүнә періштедей нәрестенің не жазығы бар? Нәрестені жегені – ар-ұятты жегені. Нәрестенің бір аты – ар-ұят, оның ар-ұяты таза. Оның бір аты – әділет. Нәрестені жегені – әділетті жегені.

 Балым (баланың ерніне шылаған талқан жалаттырып). Е-е, бәсе, талмап жатыр. Осыны жесең, өлмейсің, байғұс. (Мүсіреповке бұрылып). Ар-ұят, әділет-пәділет деген бірдеңе айттың-ау, қайным. Бала жегіштер – аштар ғана емес. Анау... (Әлдеқайда иегін көтереді.) Солар. Бала ғана емес, бүкіл елді тұқым-тұқиянымен жұтып жатқан. Бала жегенді ұстасаң – соттарсың. Ал бүкіл халықты жеп жатқанға не істейсің?! Оларды ұстап соттағанның өзінде — өлген қайтып тірілмейді. Зауалы қалай қайтады сонда?!

 Мүсірепов (жауабын таппай қиналып). Сұрапыл сұрақ, жеңеше. Оларға тарих мәңгілік лағнет таңбасын басар.

 Балым (екіленіп). Менен кейінгі тарихты мен бір уыс талқанға да алмаймын. Оларға таңба басылғаннан халыққа не пайда? Қырылғандар қайтадан қатарға қосылмайды ғой.

 Мүсірепов (алысқа, арыға көз тігіп). Айтқаныңның бәрі рас. Сен мені соттап тұрсың. Біз ұйықтап қалдық. Біз ұйықтап қалған соң ел қырылды. Енді мынау (баланы нұсқайды) тірі қалса, бұл ұйықтамас. Есесін жібермес. Бар үміт осында. Осыны өлтіріп алма, жеңеше.

 Балым (жұмсарып). Өйтіп өзіңді өзің жазалама, Ғабит. Сен елің алдында азаматтығыңды ақтадың, Бірақ сараң тағдыр біздің халқымыздың маңдайына сендей азаматтарды аз бергені өкінішті. Халық үшін, халқының тіршілігі үшін жағаласып, жан беріспеген өкіметсымақтар әдірем қалсын!

 Мүсірепов (сұрланып). Халқын қырып алып, орасан табыттың үстіне дастарқан жайып, арақ ішіп, тарқылдап отырғандар бар екені рас. Бірақ бәрі емес.

 Балым (кергіп). Білемін. Жанпида деп жұлқынып шыққандар бар, әрине. Мына бізді қараңғы қазақ деп ойлама. Біз де сеземіз: Смағұл Сәдуақасовты, Тұрар Рысқұловты, анау әлгі Меңдешевті, Нұрмақовты біз де білеміз. Бірақ бәрі неге солар сияқты алыспайды, құдай-ау!

 Мүсірепов. Дес бермей кетті ғой. Голощекин тым күшті. Оның жанындағылар жанпидаға бара алмайды.

 Балым (таңырқап). Ей, мына мұңлық қайтеді-ей! (Өз омырауына үңіліп). Құдай-а тоба! Қолымен менің кәрі емшегімді тырмалап, тұмсығын тығып жатыр.

 Мүсірепов (о да таңырқап). Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады, жеңеше. Мүмкін, иіп те кетерсің. Әлі басың жерге жетіп, қартайып тұрған жоқсың ғой.

 Балым (омырауын ыңғайлап, қырын қарап балаға емшегін тосады). Уа, Тәңірі! Көк Тәңірі! Тас емшекті иіткен Көк Тәңірі! Сүт шықты, Ғабит, сүт!

 Мүсірепов (қуанып). Тегін адам батыр Амангелдінің жары бола ма? Сен, жеңеше, әулие шығарсың!

 Балым (көзінен жас ағып). Құнығып, құнжыңдауын қарашы, жәдігер. Мынау жақсылықтың нышаны болар, сірә.

 Мүсірепов Әне, қап-қара бұлт та ыдырап күн көрінді. Сен ұлы Анасың, Балым! Сен жанын сақтап қалған осы ұлдан әлі бір тайпа ұрпақ дүниеге келіп, өлгендердің орнын толтырмақ. Орнында бар оңалар, жеңеше!

Дескриптор

Өз рөлін оқығанда кейіпкер сезімдерін жеткізеді.

Қалыптастырушы бағалау

Оқушылар бір-біріне «бағдаршам» әдісімен кері байланыс береді.

2-тапсырма.

Мақсаты - Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасындағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау;

Кестені толтырыңыз.

Сұрақ

Балым

Мүсірепов

1

Кейіпкердің әрекеті

2

Кейіпкердің көңіл-күйі

3

Кейіпкердің үкіметке қарым-қатынасы

4

Болашаққа көзқарасы

5

Кейіпкерге сіздің қарым-қатынасыңыз

Дескриптор

Кейіпкерлерді талдауда мәтіннен дәлел келтіреді.

Қалыптастырушы бағалау

Оқушылар өздерін жауап кілті бойынша тексереді.

3-тапсырма.

Мақсаты - Драмадан алған үзіндіні шығармашылық жұмыстарда қолдану.

Өзіңізді уақыт машинасымен 1929 жылға барып, аштықты болдырмау жоспарын ұсыныңыз.

Дескриптор

Жоспарында сол кездегі тарихи жағдайды ескереді;

Мәселені шешу үшін бейбіт шараны ұсынады;

Жоспардың тиімділігін дәлелдейді.

Қалыптастырушы бағалау

Оқушылар бір-біріне «бағдаршам» әдісімен кері байланыс береді.

Басты сұрақ

Болашақта аштықты болдырмау үшін не істеу қажет?



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу