Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.
1-тапсырма: Берілген суреттерді шығарма сюжетімен байланыстырып, қандай ерекше идея ұсынар едіңіз?
2-тапсырма: Өзіңізге берілген шығарма бөлігіне зерттеу жасап, кестені толтырыңыз.
Жазушы тілі | Мысал |
Мақал – мәтел |
|
Басқа тілден енген сөздер |
|
Тұрақты сөз тіркесі |
|
Көнерген сөз |
|
Жазушы жиі қолданатын сөздер |
|
3-тапсырма: Берілген үзіндідегі көркемдегіш құралдарды (фигураларды) анықтаңыз.
Айшықтаулар (фигура):
Эпифора (кезекті қайталау), анафора (әдепкі қайталау), антитеза (шендестіру), градация (дамыту), инверсия (сөз орнын ауыстыру), эллипсис (сөз тастап кету), паралеллизм (егіздеу)
Көркемдегіш құралдарды анықтауға ұсынылатын үзінділер:
Түлкі құйрығы әлі едірейген қалпы, жолдан шықпақ болып, аяғын бірер басты да, қайтадан қырқа жағалап, тамаққа тастап жіберер бірдеңе табылар деген дәмемен жүгіре жөнелді. Жүз дөңгелек жүйткіп, темір тасқын тарсылдап, бірте-бірте арын алып, аламат тажал таяп келе жатса да, іздегені әне-міне табылардан түлкі жазған жолдан шыға қоймады. Түлкі қас қағым сәтке ғана көз жазуы мүмкін екен, кенет тұмсық бұлым тасасынан қосарланған локомотивтердің ұзынды- қысқалы оттары жарқ ете қалды да, қуатты прожекторлар алдында жатқан жердің бәрін көз қарықтыра жарқыратып, бір сәтке даланың өлі денесін тұп-тұтас жалаңаштап, ақ сәулеге малып жіберді де, аш мақұлық от үстінде шырқ айналған жынды көбелектей апалақтап алас ұрды да қалды.
Әй, дүние-ай десеңші, Үкібала бір кезде бидай өңді, қызыл шырайлының әдемісі еді ғой, қап-қара мойылдай көзі нұр шашып тұрмаушы ма еді. Енді міне, аузы опырылып, ұрты салбырап қалыпты. Тіпті дәурені өткен әйел затының өзіне тісі түсіп, кетік болу жараспайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Бұл аз болғандай, ысырылған жаулығының астынан қобырап шығып кеткен шашы аппақ қудай екенін аңғарып, Едігенің жүрегі сыздап қоя берді. “Шіркін-ай, мұнша қартайып кеткен екенсің ғой”,– деп әйелін іштей елжірей аяп, бұған өзін кінәлі санағандай сезімде қалды. Көп жылдар бірге кешкен өмір үшін, көп жылдық риясыз жар жақсылығы үшін, оған қоса дәл қазір түнделетіп, ту жер түбінен жүгіріп жеткені үшін әйеліне деген ағыл-тегіл риза сезім Едігенің бойын биледі. Түн ішінде бейшара Қазанғап қарттың қазасын естірткелі ұшып жетті. Қаңырап қалған жаман тамда жалғыз жатқан шалдың өліміне тек Едіге ғана егілетінін біліп келді. Жадау жұртта жалқы жатқан Қазанғап Едігенің екі туып, бір қалғаны емес, бірақ сонда да одан басқа жанашыры жоқ екенін діттеп келді.
Сарыөзектің разъездерінде тұру үшін адамда рух болу керек, әйтпесе, арам қатасың. Дала – кенен, адам – ноқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба – далаға бәрібір; далада қалау болмайды. Тұрғың келсе– тұр. Тұрғың келмесе – жолың, әне. Ал адамға бәрібір емес. Адам жер таңдағыш: оған басқа бір жерде, басқа бір адамдардың арасында балпандай бақыт бардай, ал бұл арада тағдыр оны сарсаңға салып қойғандай көрінеді де тұрады... Осындағы Шаймерден кезекшінің үш аяқты мотоциклі бар. Өзі де мінбейді, өзгеге де бермейді – үстіне шыбын қондырмайды. Ал зәуіде керек бола қалса, от алмайды. Адам да сондай. Ұлы даланың қатыгездігіне шыдамасаң, әттеген-ай, неге келдім десең болды, жүйкең жүндей түтіліп, жан дүниең жүдеп жүре береді. Бір істің тұтқасында тұрып, тамыр байлап, тәуекел деп тас жұтпасаң – әлгі мотоцикл де бір, сен де бір: ебелектен де елпек, қаңбақтан қаңғалақ боласың. Вагонның терезесінен қарап, бәз біреулер: “Құдай-ау, адам баласы қалай шыдайды, айнала – қу дала, маңқиған аруана!” – деп басын ұстай алады. Қайтеді, шыдағанынша – шыдайды.
Сарыөзектің ит байласа тұрғысыз қу медиен даласына олар жетіскеннен келмегені ә дегеннен-ақ белгілі болатын. Әбутәліп пен Зәрипаға жұмыс басқа жерден де табылар еді. Сірә, басқа барар жері, басар тауы қалмай, амалсыздың күнінен келген болар Борандыға. Борандылықтар әуелі; е, бұлар көпке шыдай қоймас, біраздан соң тайып тұрар деп ойлаған. Борандыға келгенінен кеткені жылдам талайлар болған. Едіге мен Қазанғап та солай пайымдаған. Әйткенмен Әбутәліптің үй ішіне бұлар қырын қабақ танытпай, сыйласып кетіп еді. Ерлі-зайыпты екеуі де ешкімнен қалыспай жұмыс істейді. Арқалап шпал да тасиды, боранды кезде үйінді қарды да күреп, суыққа тоңады. Не керек, жолшының жұмысы не болса, соның бәрін істейді. Айтары не, Әбутәліп немістердің қолына тұтқынға түскендіктен де бағы тайып жүрсе де, сүттей ұйыған әп-әдемі отбасы болатын. Ол кезде соғыс жылдарының аламантасыры сап-сап басылған да сияқты еді. Дүниежүзілік сол бір сойқанда кім не көрмеді, не болмады. Әне базбіреулер әлі күнге дейін тұрақ таппай, жалғанның жарығында сандалып жүргені. Соғыстың сойқаны әлі де соңыңнан қалмай, сүмелектеп қояды... Сондықтан да борандылықтар жаңа көшіп келген отбасын сұраққа алып, әуре етіп жатпады, онсыз да сордың сорасын сораптап ішкен бейшаралардың жарасын тырнап не қылады.
Борандының балалары жағаға лақтырып тастаған балықтай мең- зең: оларды шыжыған ыстық пен қапырықтан құтқарар жер жоқ. Айнала төңіректе не бір түп тал, не бір ағып жатқан бір қасық жылға да жоқ. Балаға ең қызығы сол емес пе. Көктем шығып, Сарыөзектің сай-саласы, ойы мен қыры аз ғана күн жасыл зүмірет жамылғанда, бала-шаға бір жасап қалады. Доп ойнап, жасырынбақ ойнап, ен далада асыр салып, сарышұнақ қуалап, мәз-мейрам болады. Олардың қиырға кеткен қиқу даусын естігенде адамның ет-жүрегі елжірейді. Жаз бәрін жайрата келеді. Тынышсыз, тынжылы балалардың өзін алапат аптап бей-жай етіп езіп тастайды. Олар кірерге жер таппай, үй-үйдің ығындағы келте көлеңкеге келіп тығылады; ары- бері пойыздар өткенде ғана тасадан бойлап-бойлап қарап қояды. Олардың бар ермегі осы пойыздар: мына жаққа қанша пойыз, ана жаққа қанша пойыз өткенін, қаншауы жүк тасығыш, қаншауы жолаушы таситын вагондар екенін санайды. Жолаушы таситын пойыз разъездің тұсынан өтіп бара жатып, жүрісін сәл бәсеңдеткен кезде, балалар: әй, енді осы пойыз тоқтайтын шығар-ау, деп дәмеленіп қалады да, қолдарымен күнді қалқалап, жүріп бара жатқан пойыздың соңынан алқынып алып ұшып жүгіре жөнеледі. Кім біледі, сонда, бәлкім, олар мына тозақтан құтылғысы келіп, пойызға ілініп, алыс жаққа кетіп қалғысы келетін шығар. Бала шіркіннің аңғал дәмесі не демейді.
– Біржолата күдер үзерге, жайраған жалғыз ұлдың жұлыны жұлынғанын өз көзімен көру керек. Өлген екен, әне сонда тағдырдың салғанына кім таласпақ? Ана жүрегін бәрінен де күпті қылған жайт ұлының ереуіл атының ұшты-күйлі жоғалып кетуі еді. Үйірде өскен жылқы баласы ерте ме, кеш пе, әйтеуір, өзі от оттаған жерге бір оралып, үзеңгіге аяғы ілініп қалған өлікті сүйретіп ала келуі керек еді. Әне сонда ана сорлы қанша үрейлі болса да, өліктің үстіне құлап түсіп, ойбайын салып, өз бетін өзі тырнағымен орып жіберіп, құдай қарғап қойған сормаңдай сорлымын мен деп, ай бір аңырар еді; сонда соқыр құдайдың құлағы керең болып қалмаса, сол аңырақай жоқтаудан жаны шошыр еді. Әне сонда сорлы ана баласынан біржолата күдер үзіп, ақ мамасы қара тасқа айналып, ендігі жерде өлімнен де қорықпай, ажал қашан келсе де аялдамай, алаңдамай, артына қарайламай, сол зұлматты қарсы алар еді. ...Жуан- жуандар оның жүзін топырақпен жасырды ма, жоқ әлде ит-құсқа жем болсын деп тастап кетті ме? Ау, егер ол әлі кеудесінде жаны бар болса ше, ғажайыптан шыбын жаны шықпаса ше? Сонда жаулар оны азаптан біржолата құтқарып, өлтіре салып, айдалаға тастап кетті ме екен, әлде? Әлде? А, кенеттен?.. А, бәлкім?..
Қазір сүйегін Ана-Бейітке алып келе жатқан Қазанғап марқұм: “Қаранар тегін тектен емес, Найман-Ананың атақты Ақ інгенінен қалған тұқым”, – деп ылғи да дәлелдеп бағатын.
– Едіге Қазанғаптың осы айтқанына кәміл сенер еді. Неге сенбеске?.. Боранды Қаранар Қазанғаптың сөзін растап тұрған жоқ па... Бастан өтіп жатқан неше алуан сын-сынақ, жақсы да, жаман да күндер бар соның бәрінде де жансерігі, тірегі осы Қаранар болып келеді... Тек бураның жараған шағын құдай көрсетпесін. Және де қыстың нағыз бір қақаған кезінде жарайтынын қайте-сің. Қыс та сақылдайды, бура да сақылдайды, қос қыс қатарынан қаһарланған кезде – тозақтан да жаман... Бір мәрте Қаранар Едігені қатты қажытты. Егер де түйе адам болмай-ақ қойсын, әйтеуір, ақылды мақұлық болса, Едіге оның сол қылығын ешқашан кешпес еді... Бірақ жарау шағында жындана құтырған түйеден не сұрайсың... Амал не... Тіпті мәселе онда да емес. Бұл тек реті келгенде айтыла салған әңгіме ғой, әйтпесе хайуан баласына өкпелеп бола ма, әшейін тағдырдың салғаны осылай бір шырғалаң шықты да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?