Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал.
Мұғалімге «Бағалау және салыстыру» дағдысы бойынша шығарманың немесе кейіпкер тұлғасын салыстырып бағалауы үшін қосымша ақпараттар ұсынылады.
“Ақбілек”
Автор: Жүсіпбек Аймауытов
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы, драмашы, ақын, аудармашы, зерттеуші Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы (кей деректе 1890) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау атырабында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанмен, арғы аталары Дәндебай, Қуандар текті, дәулет, абырой біткен, ел арасындағы білікті кісілер. Жас күнінен Жүсіпбек бірге туған бауырлары Ахмет, Жақыпбектер секілді арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерлерін қатар үйренеді. Он бес-он алты жасында өзі ұмтылып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, орысша-қазақша екі класты мектепке кіреді, бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі, оны 1918 жылы аяқтаған. 1918-1919 жылдар аралығында Алаш идеясын қолдаған жас оқыған кеңес өкіметі жағына шығады. 1920 жылы РКП (б) қатарына өту, Қазақстан кеңестерінің құрылтайына делегат, Халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі болу, “Қазақ тілі” газетін редакциялау, “Ақ жол” газетінде істеу, Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы – мұның бәрі Жүсіпбек Аймауытовтың азамат болып қалыптасу жолындағы күрес іздерін, өмір белестерін көрсетеді. 1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы атылған.
Астаң-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов ерте қиылған, қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған ең көлемді прозалық шығарма – “Ақбілек” романы былай басталады: “Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар. Алтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтаймен, сол Күршімнің қысқы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тырандасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны”.
Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, әсіресе “Ақбілек” романында айқын көрінеді.
Қаламгер әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күрестерінің ерекше шиеленісіп тоғысқан, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады: бұрын айтылған, сарыжұртқа айналған тақырып емес, соны, мүлде тың, тіпті сирек оқиғаларды романға арқау еткен.
Оқырман бірден шытырман әркеттер үстінен түседі: алыстағы Алтай таулары, ақ қашып, қызыл қуып, аласапыран күрестер жүріп жатқан Азамат соғысының сұрапылы қазақ ауылдарында да жеткен, өрт шалмаған шаңырақ жоқ. Марқакөл жағасында, Терең шатты мекендеген момын шаруа Мамырбай ауылын банда шауып, әйелін өлтіріп, бойжетіп, оң жақта отырған қызы Ақбілекті солдаттар алып қашып кетеді. Сұмдық осыдан кейін басталады. Бірауыз орысша тіл білмейтін соры қайнаған жас қыздың азап-қорлыққа толы, өлім мен өмір, өң мен түс арасында былғанышты, жиіркенішті күндері басталады. Бұрын етегін жел көтермеген, еркек бетіне тіктеп қарамаған ақ періште, енді табиғаттан алған асыл қазынасын рәсуа етіп, еріксізден еріксіз, ұяттан күйіп, ар-иманы өртеніп, қайдағы бір қашқын, банда, тіпті атын да білмейтін ақ әскерінің офицері – қара мұртқа ермек болады.
Қысталаң жағдай, шекаралық ситуация, өлім мен өмірдің тайталасқан бір сәтіндегі адам психологиясына жазушы терең бойлап, жан-жақты күй шертеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен қыздың шеккен қорлығы, тапталған сезімі, жер болған намысы, былғанған ары – осының бәрі реалистік дәлдікпен, бейнелі, суретті, сенімді көрсетіледі. Оқырман бауыры езіліп, жүрегі тілініп, Ақбілекпен бірге жылайды. Тұтқынға түскен сорлы қыздың не тілін, не дінін білмейтін, өмірінде бұрын көрмеген, жүріс-тұрысы, киім-киісі, тамақ ішісі бөлек, әдет-ғұрып, салт-санасы басқа – қарамұрт орыс офицеріне еріксіз қатын болу хикаясы айқын психологиялық саралаумен берілген.
Өмір тепкісіне қарсы тұрар күш жоқ, көп иттің мазағына айналмай, қарамұрт қармауында қалғанының өзінен жынданып кете жаздап, қорлық күйігінен өліп қалардай күйге жеткен Ақбілектің енді кіре бастаған ес-санасы бірте-бірте маңайында не болып, не қойып жатқанын аңғарып, әр нәрсені сезіп, ой түйе бастайды.
Осындай екі ұдай, естен танғандай күйдегі Ақбілек санасы алдымен қарамұрт офицердің өзіне жасаған қорлығына ғана емес, мүсіркеуін, еркелетуін сезінді; мұның үстіне тау-таста ақпен ақ болып, қашып-пысып, елден-жұрттан безіп, түн қатып, бел шешпей ұйықтап, ылғи ат үстінде күн кешіп келе жатқан түсі суық, сыры белгісіз, мақсаты тұманды топтың да аужайын аңғарады.
Екінші жағынан жазушы қарамұрт офицердің өз аузымен өмір тарихын айтқызады, мұндай халге қалай түсті, ата-бабасы, шыққан тегі кім, кеңес өкіметіне неге қарсы күреседі, қырдың енді қылтиып шыққан қызғалдағын жұлып алып, табанға басқанына қиналмай ма, ары-ұяты қайда – мұндай сауалдардың баршасына психологиялық тұрғыдан нанымды жауаптар берілген. Екі халық өкілі, бәрі жазықсыз, оң жақта солқылдап отырған бойжеткен, екіншісі Кеңес өкіметіне қарсы қару көтеріп, атысып-шабысып, ақыры басқа айла қалмаған соң, Қытай асып бара жатқан офицер – бұларды бір көрпенің астында тоғыстырған қатал уақыт бұйрығы, зорлық, қиянат шоқпары; қарамұрт әрекеті әлі келгенше тіршіліктің жылы-жұмсақ, дәмді-тәттісінен бір қарпып қалу, сорлы қыз қасқыр тартқан құлындай боп зар еңіреп ол отыр.
Арттан қуып жеткен қызыл әскерлер дүмпуімен безе қашқан ақтар өз бастарын қайда тығарын білмей, жан-жаққа бытырай зытып жөнелген кезде, Ақбілек бандылардың ескі жұртында керексіз бір заттай болып қалып қояды. Бұдан кейін сорлы жанның қоршаған орта, тау-таспен зареңіреп сыңсуы, балалық, асыл қасиеттерінен айрылғанын жоқтап, терең қайғы шыңырауына батуын зор шеберлікпен бейнелейді.
Қасқырға жем болып қала жаздап, арып-ашып, ажал тырнағынан әрең дегенде құтылып шығып, өліп-талып туған ауылына жеткен Ақбілекті бұрынғыдан да сорақы азап, мазақ, қорлық күтіп тұрған. Банды қолындағы зұлымдық зұлымдық па, нағыз тозақ енді басталған, өрттей қулаған өсек-аяң тірі адам бетіне қаратпай, жандырып-күйдіріп барады. Бұрын ғашық болған, сөз салып жүрген Бекболаттың өзі де тоят алған соң, сұмдық оқиғаның мәнісіне көзі жеткеннен кейін, түк көрмегендей болып, теріс айналып кете барады.
Мамырбайдың төсек жаңғыртуы, Өрік тоқалдың қатігез мінездері, Ұрқия жеңгенің адамгершілігі, қарамұрт офицерден біткен жазықсыз сәби – Ескендірдің өмірге келуі – мұның бәрі сала-сала реалистік оқиғалар болып берілген.
Алдымен есіркеп, мүсіркеу, аяу, артынан қорлық, мазақ, табалау атаулының тозақ отына өртенген Ақбілек бәрібір тірі қалады: заман ағысы, өмір толқыны бірте-бірте ескі жараны емдеп, тіршіліктің жаңа жапырақтары қылтиып – көгеріп өсе бастайды. Ағасы Төлегеннің соңынан іздеп барып оқуға түседі, Семей, Омбы қалаларын көреді, қырық шырақты әйел емес пе, келер күндерден үміт күтіп әрекет жасайды.
Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген. Бір кәрекетке қатысып, үзіліп қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралап, есте қалатындай етіп сомдап соғып береді. Кескін, сөз мақамы, қимыл-қозғалыс – бәрі образ жасауға аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың өзін-өзі сипаттауы Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын әдеби тәсілдердің бірі. Оқиық: “Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарқабақтау, кірпі шаш, қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбағар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес”. Кедейден шыққан осы Мұқаш тап тартысының мәнін, табиғатын анық түсініп болған кісі емес, қолынан келсін-келмесін мансапқа ұмтылады, біреуге өшіксе, аянбай жауласады, сорлы қыз Ақбілекті қасқырлардың аузына тастап жіберген себебі – Мамырбаймен ескі араздығы.
Екінші бір қу мүйіз, пәлеқор – Жылтыр деген көксоққан, естімейтін өсегі, білмейтін пәлесі жоқ. Кейін, ашаршылық, репрессия тұстарында осындай тас жүректер мыңдаған жазықсыз боздақтарды қан қақсатып, қынадай қыратын болады. Жазушы сорақы әлеуметтік құбылысты күн ілгері танып, нақты образдар арқылы таңбалап берген.
Негізгі сюжет желісі Ақбілек тағдырын қуалап отырғанмен, автор ретті тұстарда уақыт сарынын таныту үшін әр түрлі ортаның өкілдерін көрсетіп кетеді. Ақбала, Балташ, Доға, Жорғабек, Төлеген бұлардың бас қосқан кезі, сол тұстағы мінез-құлық ерекшеліктері, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік ой ағымы, зиялылар ортасындағы сан алуан дағды-салт – бұлардың баршасын жеріне жеткізбей шолу, көркем түрінде ат үсті бейнелегенмен, ықшам, дәлді суреттер, мағынасы терең монолог, диалогтар, көп көмбені ашатын кең толғаулар көп сырдан хабардар етеді.
Романның алғашқы үш бөлімі тиянақты, шебер көмкерілген, үзіліп қалатын, аяғына жетпеген ситуация сирек, негізінен, Ақбілек басындағы психологиялық күйлер реалистік қуатпен сенімді, дәлді беріледі де, төртінші, соңғы бөлімде публицистикалық, очерктік сипат бел алған. Ақбілек – Кәмила арасындағы ұзақ сыр, оқудағы жәйттер, зиялылар хикаясы, Балташ – Ақбілек арнасы – бәрі де жалпылама көрсетіледі. Стильдегі көтеріңкі леп, оқырманға тікелей тіл қату романның көркемдік қуатына салқынын тигізген. Жас ғұмырында ақ жүрегіне балта тиген Ақбілек сынды әйелдің Балташ қатарлас азамат, өмірлік жар тауып, азаптан туған перзенті – Ескендірін қайта сүйіп жазушы басқа өмірдің бір белгісі, мезгіл мінезінің сипаты деген көркем ой тастайды. https://adebiportal.kz/kz/retailing/view/346
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?