М.Сәрсеке «Қаныш Сәтбаев» роман-эссе (Биге шықты дөңгелеп). Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал. 2 сабақ.


1-топ. Әбікей Зейінұлы сол көктемде Семейдегі мұғалімдер семинариясынан шақыру алған: орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беру ұсынылыпты; еңбекақысы мұндағыдан көтеріңкі; әрі пәтер үймен қамтамасыз етеді... Әбең үй-ішімен, елдегі үлкендермен ақылдасты. Сірә, көңілі ауса керек, «Семинария – екі сыныпты училище емес, деңгейі жоғары оқу орны. Семей де – уездік қала Кереку емес, облыс орталығы. Орыс зиялылары, оқыған қазақ азаматтары жиын жер...» деп толғанып жүрді де, ақыры жазғы емтихан бітісі мен көшуге жинала бастады.

– Ал, Қанышжан, екеуміз ертең екі жаққа жүргелі отырмыз. Оқу жөнін не істейтін болдың? Әлде ауылға барған соң ойланасың ба? Би атаң бұған не дейді? 

– Өзіңіз қандай кеңес бересіз?

– Меніңше, сенің алдыңда үш түрлі таңдау бар. Біріншісі – Омбы қаласы. Сәті түсіп бара қалсаң – әрине, үлкен шәр, мақтаулы оқу орындарының біріне түсіп кетуің хақ. Дайындығың жаман емес. Бірақ ол –  елден қашық, таныс кісі жоқ, қатынасқа да қиын. Би аға да Омбыға сені, сірә, жібере қоймас... Екінші оқу – осы Керекуде. Мұнда да биыл екі жылдық мұғалімдер курсы ашылғалы отыр. Оны бітіріп шықсаң – болыстық мектепке мұғалім боласың... – деп ағатайы сәл тоқтады да, – өзіңмен қатар оқыған баянауылдық жігіттер Сәлемхат Күленбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сүлеймен Ержанов, Жафар Әбдіхалықов, Хабиолла Барлыбаев, Пәуен Жүсіпбаевтар осы курста оқимыз десіп, өтініш берді. Өйтетін себебі жастары жиырманы орталаған марқа жігіттер, тезірек куәлік алып, бас құрап, шаңырақ көтеруді ойлағандарын пәлендей деп сөгуге болмайды... Ал сен үшін үшінші жол көңілің қаласа, Семейдегі  мұғалімдер семинариясына бару керек. Ашылғанына біраз жыл болды, оқытушылары өте білікті. Би аға да мен бара жатқан соң бұған қарсы бола қоймас...

2-топ. Өзім де осыны жөн көріп отырмын.

– Онда уәде осы болсын, Семейде жолығайық...Алайда жасы сол жылы жетпіске ілінген Имантай кенже баласының шалғайдағы Семейге баруын аса жарата қоймаған. Қаныш оқу жайында сөз бастаса естімегенсіп, әңгіме сүреңін басқа жайға аударады. Немесе «Бір жыл ауылда болып демалсаң қайтеді, мынау соғыс дақпырты да жақсы емес. Ел жайы не болады?» – деп қамыққан шырай аңғартады. Қарт биді ойлаған қатері расқа шықты. Қыс бойы дүйім елді дүрліктірген соғыс өрті бір-ақ күнде, 19 шілдеде бұрқ етті. Соның шарпуы іргеде тұрған Баянауыл станицасындағы халықтың улап-шулаған күйзелісінен-ақ танылғандай: жап-жас казак-орыстар үй ішімен жылап қоштасып, майданға аттанып жатыр. Қаланың халі қандай десеңші, қыр елінің жайы не болады – ал егер бұл өрт тым созылып кетсе?..Бұл оқиғаның жалғасын Сәтбай ауылының болашақ күйеуі (Раушан Әбікейқызының), қарт бимен талай мәрте мәжілістес болған Әлкей Хақанұлы 1969 жылы жариялаған естелігінде егжей-тегжей сөз еткен:

«...Байқасам, Қанышжан не тамақ ішпейді, не жарытып кісімен сөйлеспейді, бүгіліп ойға түсе бастаған, – деп есіне алған-ды сол жылды Имекең менімен әңгімелескенде. – Әбенмен ақылдасуға болмады. Ол кісі Өскемен-Жайсаң шығып кеткен. Бірнеше күн ойланып-толғанғаннан кейін, «қой, баланы жүдетуге болмас. Не де болса, бір жалғызға тапсырдым» деп тамыз айының басында Қанышты ертіп, Керекуге аттандым...» Имекеңнің қасына айнымас қоңсылары Бапай мен Қозыбағар ереді. Төртеуі бір жұма жүріп, Ертіс бойына таянғанда Қаныш:

– Әке, мен Керекуге бармай-ақ қояйын, онда барсам, оқуға кешігемін. Мені осы Қызылшырпыдан (қазіргі Ақсу қаласы – М. С.) кемеге отырғызып жіберіңіз, – дейді.

3-топ. Жолаушылар Семейге баратын кеменің келуін күтіп, Қызылшырпыда бір апта жатады.

– Бір күні шай ішіп отырғанда, – деді Имекең әңгімесін жалғап, – келе жатқан кеменің даусы естілді. Жүрегім су ете түсті. Қаныш бұдан былай жалғыз кетеді. Өртеніп тұрған соғыс өрті мынау, көңіл жүдеу, ел арасында ауру-сырқау көбейе бастаған. «Он бес жасар баланың тағдыры не болады?» деген ой кеудені кернеп, есімді тандырғандай. Ауылға қайтадан алып қайтуға болмайды. Оған баламның көнетін түрі жоқ. Бұл екі ортада Қозыбағар атты жегіп, жүкті артып қойған. Қанышжан алдымда мөлиіп, тез шығуды өтініп тұр. Арбаға үнсіз отырып, кемеге келдік. Қанкежан ішке кіріп кетті, бізді кіргізбеді. Кеме жүруге айналды. Қаныш жан жүгіріп шығып, бізге қолын бұлғады. Қасымдағы Бапай мен Қозыбағар көздерінен жас мөлтілдетіп, аман болғай деп тұр екен. Өзім де ішімнен соны айтып, елге қайттық...» Мұғалімдер семинариясы Семейдің теріскей тұсында, қаланың шектесетін шетіне орналасқан. Көшеде Степная аталған (қазір

Шоқан Уәлиханов атында). Семинария үйі – сол күннің өзінде қаладағы еңселі, іші-сырты ою-өрнектермен безенген, қақпа, шатыр жиектеріне дейін неше түрлі нақыштармен көркемделген екі қабат әдемі тас ғимараттардың бірі. Қаныш келген кезде бұл ұя шаңырақ көтергеніне он жылдан асып, өзіндік дәстүрі, ұстаздық үлгі-өнегесі қалыптасқан салиқалы білім ошағы атанған кезі. Семинарияның оқытушылары – ағайынды Н.Н. және А.Н. Белослюдовтар, Н.Я. Коншин, ерлі-зайыпты Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Н.П. Ильинский, В.М. Морозов, Ә.З. Сәтбаев, Н. Сулима-Грузинский, В.Н. Попов...

4-топ. «Николай Николаевичтің (Белослюдов – М.С.) ақжарқын бейнесі алдынан өткен шәкірттердің жадынан ешқашан ұмытылмақ емес, – деп куәлік етеді семинарист Мұхтар Әуезов. – Бір ғана өз пәнін оқытумен ол тынбайды. Оның әңгімелері ой қозғап, қиялыңа қанат бітіретін. Бұл кісінің дүниетанымы, ұстаған бағытының ізгілігі мен прогрессивті көзқарасы, әсі-

ресе шәкірттеріне деген шексіз бауырмалдығы шын ниетпен құрметтеуге себепші болатын...» Бұл жерде әңгіме Белослюдовтардың ең үлкені туралы болып отыр. Олар төртеу еді: Николай, Алексей, Виктор, Федор. Төртеуі де жан-жақты білімін әлеумет ісіне, бұқара халықтың көзін ашуға жұмсаған. Сол үшін де ағайындылар жергілікті жандармерияның астыртын бақылауына түседі... Белослюдовтардың көбірек танылған саласы – ағарту жұмыстары, әсіресе өлкетану, археология, фольклор жинау. Замандастарының куәлігіне қарағанда, ағай ын дылардың Крепостная көшесіндегі (қазір гі Достоевский) екі қабат меншік үйін де 1906 жылы ашылған дербес мұражайда төрт мыңдай мұрағат болған. Онда геология, минералогия, палеонтология, археология, көне заттар (қолжазбалар мен ескі кітаптар, сирек ұшырайтын мүліктер), этнография, нумизматика, карти-налар мен суреттер бөлім дері жұмыс істеген. «Сібір музейлерінің інжуі» атанған, Омбыда өткен бірінші Батыс Сібір көрмесінде (1913 ж.) Кіші күміс медаль алған ағайындылардың отбасылық мұражайына Семейдің сол күндегі зиялы қауымы өзгеше ықыласпен қараған. «Киргиз ертегілері туралы дәріс оқымақпын. Семей жұртшылығын Николай Максимович Ядринцев ардақ тұтқан тамаша ғалым Шоқан Шыңғысұлының еңбектерімен де таныстырғым келеді. Жас өрендерге ол туралы әңгімелеу – тамаша өнеге, көкіректеріне сәуле құяр игі іс болар еді, – депті Алексей Белослюдов 1915 жылдың қазанында Г.Н. Потанинге жолдаған хатында. –

Семейдегі оқу орындарына дала жастары қазір көптеп келе бастады. Олардың ішінде білімге шынайы құштарлар аз емес». Семейлік өлке зерттеушінің белгілі саяхатшы Г.Н. Потанинге жолдаған келесі хатынан біз қаладағы қазақ оқығандарының үйірме ашқанын, аптасына бір мәрте бас қосатынын, шәкірт жастардың соған қуана жазылғанын білеміз. «Үйірме қазақтың халық шығармашылығы жайында материалдар жинап, фольклор және этнографиямен шұғылданбақ, – деді одан әрі А.Н. Белослюдов. – Ертекке жүйрік адам іздеп жүрміз. Ұқыптап жазып алып, орыс тіліне көркемдеп аудару, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін орыс тіліне тәржімалау да бірінші кезектегі міндет болып тұр...»



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен
Пікір жазу