Қазақтың Қанышы. Соңғы парыз. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.
СОҢҒЫ ПАРЫЗ І
Арқадағы атамекеніне ат басын бұруға іңкәр ой ҚанышИмантайұлын соңғы кезде, әсіресе жиі ауыратын болғаннан беріде есінен кетпейтін мансұқ іске айналды. Жыл асқан сайын бірақ жете алмай қойды. Тек жуықта, академияның жаңадан ашылған Химия-металлургия институтының жай-күйіне бола Қарағандыға баруға келіскен күні, өзін мазалап жүрген жайт тағы да жадына оралып көмекшісін шақырды:
– Бөке, жасы үлкен ағаң ретінде өтінішім бұл, – деп бастап, Айырық бойындағы ата-анасының ескі зиратын қоршауға ықтияттады. Қажет қаражатты да қолына ұстатып, қыстаудың жөн-жосығын, зираттың қай жерде тұрғанын, кімнен сұрап, не істеу керектігіне дейін қағазға сызып берді...
Көміршілер қаласына келген соң да сол істің сәті түсе қоймады. Президенттің бір басына мол жүктелетін міндет пен борыш бұл жолы да бір күн босатқан жоқ. Кеше, қала сыртындағы елді мекендердің бірінен келе жатқанда, ғалым өкінген үнмен:
– Бөке, Айырықтың жолы алыстап барады-ау, – деген-ді. Президенттің бұл сөзін Аяпбергенов қатаң ескерту деп ұқты да, өзінше әрекет етуге бел буды. Келесі күні Қаныш Имантайұлын таңнан оятып:
– Екі құлпытас пен зиратты жөндеуге қажет нәрселері тиелген жүк машинасы жолда, іңірде жөнелттім. Өзіміз мінетін «Волга» есік алдында тұр. Ертеңгі жиналысқа дейін бір күн далаға шығып, қыр ауасын жұтып, демалып келсек – рақат болар еді! – десін.
Қаныш Имантайұлы тез сергіді.
– Далаға деймісің? Үлгереміз бе?
Бастығының тосын ұсынысын қуана қабылдағанын сезген Бөпежан да:
– Үлгермегенде! Барар жолға төрт сағат. Айырықтың өзіне төрт сағат, қайтарға және төрт сағат аялдаймыз. Іңір түсе қайтып ораламыз, Қанеке. Ас-суды жетерлік қамдадым...Президент апыл-ғұпыл киіне бастады.Тақтайдай тас жолмен ағып отырып, Үміткер ауылына жеткен соң-ақ Шадыраға туралай тартқан жүйрік «Волга» төрт сағатқа жетер-жетпес мерзімде жолаушыларды Ақкелін тауларының сілеміне іліндірді. Құлпытас тиеулі машинаны да сол мезетте қуып жеткен. Түнде жер орталап барып, көз шырымын алуға тоқтаған жүргізуші таң ата қайтадан заулап келеді екен. Дала да сол күні өзгеше жасанып тұр еді: қайда қарасаң да – жасыл реңмен құлпырған сай-сала, гүлі жайқалған көгалды алқаптар; біресе оңнан, біресе солдан оқшауланып жол күзеткен қарауыл шоқылар; бұқпа сайлардың, талшіліктің тараң аяғынан сылдырып аққан мөлдір бұлақтар; ең аяғы қара жол қырқаға шығып, көделі даламен бұралаңдай жөнелгенде, доңғалаққа төселген иен жазыққа дейін туған еліне келе жатқан төл перзентіне қошемет білдіріп, шексіз қуаныштағандай. Аспан да биіктеп кеткендей, мөлдір әйнектей тұнып қалған. Күн айдарланып шықты. Тап қазір қақ маңдайда, «Қуаныштымын бұл сапарға!» деп құптап тұрғандай...«Ненің қуанышы? Сағыныш па? Сағыныш болса – мынау кең көсілген дала, анау жақпар тасты биік тау іңкәр көңілдің жайлауы шығар? – Есіктің әйнегін кеңірек түсіріп еді, салқын ауа бетін жуып, сау-сау құйыла бастады. Арқаның дару самалы. Бұда жанын тебіренткендей, маңдайын емірене сипаған ата-ананың жұмсақ алақанындай сезілді. – Самал жел, сені де сағындым. Туған жердің шәрбат ауасы, саған да құштармын бүгін!..»Осы ма еді көкейінде тұнған сыр? Көптен бері жүрегін лүпілдеткен сағыныш жыр? Айырған жоқ, шамасы да келмеді. Күмбірлеген әнге айналып құйқылжи төгілсін:
«Шықшы тауға, қарашы кең далаға: Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға. Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең, Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?!»
Машинаның артқы креслосында қалғып отырған Бөпежан, ғалымның даусы оқыс шыққанда селк етіп, алдына қараған: манағы бір әзірде көз ұшында бұлдыраған көкшіл таудың оқшау басы одырайып жақындай түскен, етегіндегі қалың тал да дараланып айқын көріне бастапты. Алабас екенін айнытпай таныды. Ғалымның ата қыстауы – осы таудың арғы бауырында, қол созым жер.
«Уа, дариға – алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр! Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер!»
Селдір шашты, көкшіл көз, мосқал жүргізуші «Мына кісі қайтеді?» дегендей әредік аңыра қарап қояды. Сірә, әйгілі ғалым, өзге де дәреже-атағы осал емес, тым үлкен кісінің оғаш қылығына таңырқағандай. Одан да гөрі сүйсінгені басым.
«Болдым ғашық, туған дала, мен саған, Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған!..»
Жолаушы кенет әнді үзіп:
– Па, шіркін, Аманжолдың Қасымы да әлей ақын-ау! Даланың өлі тасына дейін тіл бітіріп, сөйлетіп қойғанын қарашы! – деді. Қара жол Алабастың бауырын орап, Теңдікке қарай ойыса берген-ді.
– Оңға тартыңыз, қыстауға тура түсеміз, – деді Бөпежан кексе жүргізушіге. «Волга» оңға қиыстап, көмекші нұсқаған сүрлеуге түсті. ІІ
Құлауға айналған ескі зираттың қайта жөнделген жұпыны тұрпатына ғалым дән риза болды: артық әлеміші жоқ, төрт құлақты жатаған тас қоршау. Жол бойындағы дала бейіттерінен оқшауланбай жұпыны соғылған. «Аруақтарды алаламай тұтас қоршаңдар!» дегені де бұзылмай, қорған кең тартылыпты...
Зираттың қақ ортасында қатар жатқан қос қабірге жақындап келіп тізерлеп отырды да, қалың көде қаулап өскен бет топырақтың етегін сипады. Әлдекімнің қамқор қолы екеуінің де шет-шетіндегі ермен мен көдені тегістеп отап қойыпты. Сосын тізерлеп отырған қалпы құранның өзі білетін қысқа қайырымды аятына түсті: «Ағузү біллаһі мінәш-шәйтан ер-рәжим. Бісміллаһіррахман-рахим...» деп бастағанда, сәл бөгеліп тыныстаған, «Апырай, көп жылдан бері мінәжат қылмаған соң ұмыттым ба?..» деп қауіп ойлаған, бірақ аруақтар демеді ме, әрі қарай жас күнінде жаттаған сөздер өзінен-өзі құйылып, мақамы да түзеліп, үні көтеріле берді...Екі жүргізуші ұзынша екі қабірдің бас жағын ұңғып, гранит тас қоятын шұңқыр әзірлеуге кірісті. Содан құлпытастар тиісті орнына қойылып, цемент ерітінді құйыла бастағанда ғалым зират іргесінен ұзап кеткен-ді. Қоралар түгел құлап, там үйлердің қаңқасы ғана қалған екен. Қайдан болсын көргені – ескі мекеннің тозған, таусылған сиқы: осы төңіректегі елге бір кезде ес те, сес те болған үлкен ауылдың сәні көшкен жұрты; мына үйме – есігі талдан тоқылатын мал қораның сұлбасы; табан астындағы – қабырғасы қарағайдан бұралған қонақүйдің орны... Бәрі-бәрі: «Күнім өтті, қызығым бітті, өз заманымның ілкі мекені едім, енді жермен-жексен болдым», – деп мұңая сыр шерткендей. Үлкен ауылдың жұртын аралау текке өткен жоқ, көкірегін кернеген қай-қайдағы ескі елестерді қоздырып тынысын тарылтты: «Бәрі солай. Дән жарып өнеміз, бой түзеп өсеміз, көрік шашып гүлденеміз; ал қыраулы қысымыз жеткенде жер қойнына кетеміз... Тіршіліктің мәңгі заңы осы!..» Ау, сонда жаның сөгіліп, осыншама қамығуға жөн болсын? Көңілі құлазыған қым-қуыт күндер болған шығар –өмірде не кездеспейді, шат-шадыман қызық та сондай ащылардың дәмін татқан соң сезілмей ме? Олай болса, мәңгі тіршілік заңын ұлы замандасы Мұхтарша толғап: «Қыс пен күзден соң гүл шешек ататын көктемдер туады. Сонда сенің еккен дәнің биіктеп өсіп, бүршік салады. Біреу емес, бірнешеу боп таралады. Тек егетін дәніңнің асыл болып, өнікті топыраққа түсуін, мол құнарға жолығуын ойла!» десе ше?.. Енді бір сәтте ғалым Бұзаутөбеге қарсы беттегі төбе үстінде тұрғанын аңғарды. Көз жетер төңірек аяқ астында, бар келбетін айқара ашып алдында жатыр: түстігінде шалғынға бөккен құйқалы Дің, кертіп шапсаң таусылмас түпсекті Қожа қорығы; оның оңжағында тымақтай қоқырайып Тотия тауы тұр. Мол шалғынды екі өлкенің күзетке қойған қарауылы сияқтанып оқшауланған тау тұрпатында кесек паңдық бар. Одан арғы жон Аужан Керегетасы. Сол жерде Қазиза әпкесі тұрған... Оң қапталда төбесі қылтиып Далба қараңдады. Ол да айналасы аядай болғанмен – бір көрерге сүйкімді тау. Сүйкімді болатыны – оның түбінде Жаяудың қыс тауы, талай мәрте барып, Мұса ағасының асыл әндерін өзінен үйренген аяулы мекен.Терістікке жиірек бұрылып, Айырықтың суы көктемде жайылатын ұзынша өлкеге ұзағырақ қарап тұрғанын сезген жоқ. Шөбі кей жылдарда салт аттыны жүргізбей тұяққа оралатын шалқар шабындық. Биылғы шығымы қалай екен? Мая, отау көрінбейді. Орақ әлі түспеген-ау, сірә?.. Осы өлкені тура кесіп өтсе – өзі туған Кіші ауылдың үстінен түсесің. Әлгібір әзірде тоқтап, құмарынан шыққанша көрген. Он шақты жылдан бері ат басын бұрмаған сағынышын да тарқат қандай болып, өзі жататын бөлменің орнына бірер аунап та алған-ды. Қарсыдағы шошақ төбе – Обалы. Обалыға қажы атасынан тараған екі ауылдың бар баласы жиналып, бас қосатын. Ертегі, жұмбақ айтысатын. Ойын соғатын. Бұл да заманында қызығы таусылмас сияқтанған думанды шақ еді-ау. Бүгінгі жастарды осыған иландырып көрші немесе мына иен далаға бір күн оңаша қалдырып?.. Бәрекелді, анау не? Не шаң? Баяғыдай ат қойып, өздерінің жұртындағы Қарамұрын дөңінен бері қарай ызғытып келе жатқандар кімдер? Жай шабу емес. Е, ауыл хабарланып қалған болды...Соған өзі қуанғандай ма?! Жүрегі лүпілдей соқты: «Бәсе, бағанадан бері иен даланы жайлап тұрған неғылған тыныштық десем? Өстіп атойлап шабу үшін тымырсып, үнсіз тосып жатқандай құдды! Бәсе!.. – деп өзімен-өзі сөйлескендей болып төменге қарай жіті адымдады. – Ал құтылып көр! Төрт сағатта жүріп кеткің келді, ә? Ауылың үстінен жасырын өтпек болдың. Енді сытылып көр. Қазір келеді де бас салады. Басталады дей бер ана жылғыдай көп дырду...»Өздеріне қарай суыт келе жатқан аттылы, машиналы қарамды көпті көмекші де көрді. Сол сәтте-ақ тас әкелген жасаң жүргізушіге жалт қараған. Ол болса төмен қарап жер шұқыды: қаладан күрек, сүймен ала шығуды ұмытып, соны жолшыбайғы елді мекеннен қолқалаған: қай қазақ жөн-жосығын сұрамай ұстата берсін; күрек иесі де ел ғұрпын біл мейтін аңқау жігіттен жолаушылардың жай - жапсарын ежіктеп біліп қалыпты...ІІІ
Ұзақ та ыстық қауышудан соң екі машинаға бөлініп отырып, Теңдіктегі ауылға келген-ді. Сол күнде ол «Шадыра» кеңшарының бөлімшесі....Президенттің бүгінгі жүріс-тұрысына біршама таңданғанымен Бөпежан соны құптаған ниетінен ауған жоқ: бір сәт мұңайып, іле-шала балаша қуанғанын да ақтап, шынайы сағыныш осылай болса керек-ті деп те ойлаған-ды. Бірақ соның бәрі шексіз зорайып, межеден асып бара жатқанын көргенде не дерін білмей, қарсы тұруға және шарасы болмай шын қысылды. Тек жұлдыз жамырауға айналған кешкі сәтте, ғалымды қаумалаған көптің сөзін бөле:
– Қаныш аға, ертеңгі мәжілісті қайтеміз? – деп уайым білдіре есіне салған.Әңгімеге ден қойған көпшілік оның қамқорсыған сөзін ұнатқан жоқ. Кейбіреулері «Қой, шырағым, асықпа!» десіп, наразылық білдіріп күңкілдей бастағанда, ғалым өзі:
– Асықпа, Бөпежан. Бір реті болар, – деп тоқтау айтты.
Бұдан кейін көмекші тіл қатқан жоқ. Үнсіз бақылаушы боп жайбарақат отыра берді. Ғалымның тумасы Қамаш ақсақал қонақтарға арнап шалған құлынның уыз етін ортаға ала отырып, әңгіме-дүкен құрған ашамай өңді кәрілер тобы сағынып көрген Қанышына бауырмалдық білдірумен бірге, сүйген жанның өзінен де сондай ыстық ықылас күтетін тәрізді: сөздерінде соның лебі, көздерінде соның ізі жатқандай...Бір-біріне ілтипат білдіріп, екі заман әңгі месін кезек толғаумен отырғанда түн келесі күнге ауып, таң сызат берді.
– Ал, рұқсат етсеңіздер, аттанар едік, – деді қонақ. Кездескеннен бері жасап отырғандары – көңіл қимастыққа салған қысас екенін білетін қауым төрдегі үлкендерге ошарыла қарады, ал олар рұқсат та деген жоқ, болмайды деп кесіп те айтпады. Көбінің күрсініп, ауыр дем алғаны сезілді. Бөпежан ғана президентті қостап:
– Таңғы салқынмен жолды үдетіп алғанымыз жөн ғой, – дей бергенде, алпамса денелі қарт тың саңқ еткен зор даусы оның әлсіз үнін көміп кетті.
– Әй, Қаныш, туған жұртыңның бағанадан бері сенен батып сұрай алмай отырған бір тілегі бар. Соған «жә» десең аттанасың, ал көнбесең ұлықсат жоқ. Сені жиналысқа шақырған адамдар да біздей ет пен сүйектен жаралған пенделер болар-ау, осында бір қауым ел отырмыз, босатпасақ бармайсың!Қаныш Имантайұлы еріксіз кідірді. Бөпежан да ғалымның лебізін ести сала іле жөнелмегеніне өкініп, төрдегі үлкендерге жалтақтай қарап, босағада тұрып қалды. Осындай кереғар өтініштер, келеңді-келеңсіз тілектер ғалымның алдынан әрдайым кезіге беретін. Қабылдау сұрап алыстан келгендердің кейбірінің өресі бір күндік құлқын тілеуінен аспай, ұсақ-түйек боп кететіні де бұған таныс. Мына шал да соның бірі болмағай?.. Бірақ үні өктем шықты, бұйырғандай ыңғай танытты. Сірә, қомақтылау қолқа. Сонда не? Осы отырған қауымда ғалымның туған жеріне сирек келетініне өкпе-наз болғанымен, кейбір сапарларда көлденеңдей қалатын тілену кезікпеген-ді. Өзге мекендерден гөрі бұл ауылдың соған хақысы бола тұра, өз еншілеріне тиген бір кешті күйкі іске салмауы көмекшіні ерекше қуантқан. Мұны ол осы елдің білімділігіне, ізеттілігіне сайып, ғалым туған жұрттың ілкі өнегесі деп білгенді. Ал мынау, ойда жоқта сопаң ете қалған өктем талап?..
– Айтыңыз, Мүке!
– Айтсам, басылып отыр, – деп Мұқыш қарт та маңғаз шыраймен баптана сөйледі. – Келін-кепшік пен жасы кішілер ұялып үндемейді, өз тұстастарың әдеп сақтауда, ал мен сияқты ағаларың:
- «Қашанғы жүреміз, даусын бір естіп қалайық» дейді саған. Әніңді сағындық, жарқыным, бала күннен бізге мәлім кәусар үніңді тағы бір мәрте тыңдасақ деп күтіп отырмыз түгел. Сұрайтынымыз – ән!
– Ән?
– Дұрыс-ақ! Жөн сөз!
– Мұқыш аға тауып айтты. Бәріміздің тілеуіміз сол!
Қаныш жымиған қалпы өзін қаумалаған топқа аңыра қарады.
Жүзі албырап, күлімдеген көздері жайраң қағады. Бөпежан да Мұқыш шалға қуана көз тастап: «Айналдым сендей ақылды қарттан!» – дегендей сүйсінуді ішінен білдірді.
– Қай әнді айтайын? Тек біреуін ғана атаңдар.
– «Қанапияны» сұраңдар.
– «Ырғақтыны» айт.
– Жоқ, «Бүркітбайды» айтсын!
– «Бүркітбайды» айт. Сұрайтынымыз – «Бүркітбай!» – деді Мұқыш қарт.
«Бүркітбай» – Қаныш Имантайұлының бала жастан сүйіп салатын іңкәр әні. Сонау жиырмасыншы жылдары, осы елде халық соты болып қызмет істеп жүрген шағында, жиын-тойда, ойын қойғанда, әрбір сауық кешін осы елдің ынтық әні – «Бүркітбайды» айтқызбай тар қамайтын. Мына егделер соны ұмытпапты. Қолына тиген ескі домбыраны әуелі күйлеп алды. Содан соң ән сазын бір қайтара тартып өтті. Тек содан кейін, «А-а!» деп тамағын кеней дауыстап алып, әнді бастады. «Бүркітбай–әкем аты,ағам–Омар, Ауылым айдын шалқар көлге қонар...»
Қаныш ғұламаның әншілік дарыны Бөпежанға таныс. Жолшыбай да сүйсіне тыңдап, риза болған. Дастархан басындағы отырыстарда да құмарынан шыға сан рет естіген. Кейбір әншілер әннің нақышын бұзып, өзінше «сұлулап» айтам деп, даусын әр түрлі жасанды дыбыстармен құбылта бастағанда ренжіп қалатынын да білетін-ді. Кейде кәдімгідей кейіп: «Қой-ақ қой, қалқам. Қой енді!» деп тыңдамай тұрып кеткенін де көрген.Ал, өзі ән салғанда?.. Көңілі ауса домбыра сүй емелімен әуелете шырқаушы еді! Тек тыңдай біл. Сондай мерейлі шағында, жарқын әуез бен сазын келістіре салып, тыңдаушысын еліткен шабытты қалпын танып: «Шіркін, мына кісі ғалым болмаса – ақын болар еді; ал ақындықты қаламаса – әнші болар ма еді!» деп те қиялдайтын-ды. Ал мына таң қылаң берген алагеуім сәтте, қыр төсінде, ине шаншар бос орын болмай, үлкен-кішіге лық толған жер үйдің төрінде отырып, Қаныш дананың көмейінен шыққан әсем де әсерлі әнді Бөпежан бұл пәни өмірде, сірә, ұмыта алмас!..«Бүркітбайды» ғалым қоңыр үнмен мамырлата бастады. Домбыраның тақтайын сабап, даусын көме тарсылдатып асыққан жоқ. Астыңғы ішектің бебеулеген жаймақоңыр сарынынан озбай, әуен ырғағына еріп, қоңыр үнімен шымырлата қалқытты. Сонымен-ақ тыңдаушысын әуезді дүниелер әлеміне ерік сіз жетелегендей, еріксіз тебіренткендей. Құдды бір көк жүзіне шығып алып, қанатын қақпай, сары жон, кең жазираны асықпай әуелеген дүз қыраны дерсің. Суылдамай, сымпылдамай жай қалқып-ақ, жүй кеңді құртып, көкейіңдегіні суырып алғандай әсерлі. Осылайша біраз толғап, үнін ашып алған соң даусын көтере түсті. Әсіресе «е-е-ей-ей-ейлеп!» созатын тұсында.Үйдегі жұрт қимылсыз тынып қалған. Мынау ғажап үнде тыныс бар ма дегендей құмартып, ынтыға тыңдап отыр. Әннің екінші шумағын қонақ тағы бір мәрте қайталады және алғашқысынан гөрі жоғарырақ алды. Аянбай барын салған тәрізді. Содан ба, бұл жолы үні үйге сыймай аспанға асқақтап кетті. Сарыарқаның самалындай бір леп үйді желпіді. Ол – ән! Әннің ырғағы, әуез-сазы туғызған әсер. Дала да соған елітіп тына қалған ба дерсің: әншінің асқақ үні жұлдызды аспанмен, шалқар жазирамен тіл табысып, үн қатысқандай; үйдегі көп те соған елігіп, елін, жерін, суын сағынған асыл перзентінің көкірегіндегі ынтығын, жүрек лүпілін, туған ауылына деген іңкәр мархабатын осы сазға беріп, бәр-бәрін соған сыйғызып айтқан асық көңілін қатесіз ұққандай...Ән үзілді. Тынысын тежеп, үздігіп отырған жұрт сонда ғана уһ деп демде тыныстады. Біреулер күрсінді, біреулер үнсіз булығып көзіне жас алды.– Ал, тағы нендей қолқа айтасыздар?Көмекшінің құлағына бұл сөз «Есеп айырыстық. Қарыз да, парыз да өтелді!» дегендей болып естілді.– Айтарымыз бір-ақ сөз! – деп Мұқыш қарт тізерлей отырып, қолын жайды. – Қанкежан, ақылың аз емес, артық көрме, осыны айтып қалуды ел-жұртың маған міндет артып отыр. Тілегі емес, діттеген тапсырмасы һәм батасы деп қабылда: даусың бұрынғыдай емес, жасыған екен, соны аңғардық. Көмейіңді күт дер едік, үніңді пұлдап жүрген әнші емессің. Біз саған бұрынғы қуатың азаймаса қосылмас, бойыңды күт, қу жаныңды бапта демекпіз. Сенің атағыңа алыстан қуанып, даңқыңмен көңілін өсіріп, құрмет тұтып, өзіне ес көріп жүрген қалың ел бар артыңда. Бір жалғыздан зор денсаулық, қуат сұраймыз! Қайда жүрсең де жолың болсын, қолдаушы серігің баяғыда өз әкеңе аян берген Қыдыр атаң болсын! Аллаһу әкбар! – деп бетін сипады.
– Әмин, батаңыз қабыл болғай, Мүке! – деп Қаныш Имантайұлы бетін сипап, көзінен тамған жасты көрсеткісі келмегендей, қолын бетінде ұзағырақ ұстап қалды.
– Жолың болсын, қадірліміз! Енді рұқсат!
– Ғұмырың ұзақ болғай!
Қайтар жол бөгеген жоқ. Даланың таңғы самалы жолаушыларға дәрудей әсер етті. Бөпежан машинаның артқы орындығына жайғасып, ауылдан аттана бере-ақ ұйқыға бас қойған. Ғалым әйнекті кеңірек ашып, шынтағын есікке тірей, төңірегіне ынтыға қарап үнсіз отыр. Қамығып отырған тәрізді. «Енді қайтіп көрем бе, туған жер сені?» дегендей әрі-сәрі күйде. Сахара самалын құмарлана жұтып, таңғы алагеуім сәтте мұнарланып көрінген тау-жоталарға, дала келбетіне де мұңая қарап, бәрі-бәрімен қимай қоштасып бара жатқанын жүрегі сезіп, жан-дүниесін кеулеп, тұқырта түскендей...Теңдіктегі үлкендер айтқан-ды бізге: «Қаныштың туған жеріне келген сол сапары соңғы болды, ақылы дара біткен жан ата-анамның алдындағы парызымды өтеуге келдім деп, үлкен-кішіні риза етіп еді. Сөйтсек, бейдауа дертпен ауырып жүріп, қоштасуға келген екен...»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?