Медеу Сәрсеке «Дара дарын». Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.


 БИГЕ ШЫҚТЫ ДӨҢГЕЛЕП 

 1-топ үзіндісіІ

 Семейлік өлке зерттеуші Н.Я. Коншин 1901 жылы жариялаған «Павлодардан Қарқаралыға дейін» атты жолжазба кітабында ояз орталығын былайша сипаттайды: «Оқушы, өсімдік атаулыдан жұрдай, сарғыш топырақты тақыр жазықты көз алдыңызға  елестетіп көріңізші; Ертіс жағасы мұнда да ерекше тік, кей  тұсында құлама жар болып біткен; жазықтың өзенге еңкейген  етінде ағаштан қиылған жатаған баспаналар сап түзеп тұр;  солардың ішінде еңсесі көтеріңкі, әрі көзге толымдысы – түрме  үйі, тұрпатына қарап, оны Сарай деуге де болады... Дала өлкесінің  барлық қалаларындағы сияқты мұнда да сүрең тіршілік: клубтары бар екен – карта ойнап, кейде билеп тұратын; білімдар қауымы өзара қоғамдасып, оқу залы мен шағын кітапхана ашыпты...»

 Уездік шағын қаланың он жылдан кейінгі сұрқын шамалау қиын емес. Әрине, жылан жалағандай жалаңаш жазықтың жүдеу келбеті сәл-пәл өзгерген. Көшелері лас қалпында, аттылы болмаса, жаяу кісі қыста қарға омбылап, көктемде толарсақтан саз кешіп, жазда балағымен топырақ сыпырып әрең жүреді. Жаяу соқпақ салу, көшеге тас төсеу – бұл қала үшін аспандағы жұлдызға қол созғанмен бірдей орындалмас қиял. Рас, көшелер ұзара түскен, кірпіш үйлер көбейіп, солардың қатарында банк, көпестер жайы, делдалдар клубы тәрізді еңселі ғимараттар тұрғызылған.

 Темір жол Павлодарға жеткен жоқ-ты, ішкі қалалармен жалғастыратын бірден-бір қатынас – Ертістің сеңнен ашылған кезі: Семей көпестері Төменге жіберетін заттарын осы шәрге үйеді; Орталық Ресейден, Омбы, Тобыл қалаларынан келетін жүктер Коряков айлағына түсіріледі; өйткені өзеннің суы азайған жылдарда Семей мен Павлодар арасындағы кеме қатынасы жаз ортасында-ақ тоқтап қалады; сол себепті кең үйлердің ауласы, жар қабақтың ат шаптырым жайдақ үсті де жүк қоймаларына айналған. Дала түкпірінен түйе қомымен әкелінетін жүн-жұрқа, мал терісі, Ертіс бойындағы казак-орыс станицалары беретін мол астық, Коряков көлінің аткөпір тұзы, Екібастұздың көмірі, Баянауылдың (Сарыадыр және басқа кеніштердің) мысы тоғысар жері – Керекудің биік даңғазалы кең қоймалары... Анығында, жергілікті кәсіпшілер қойманы көптеп салып, жалға беруден де пайда табуға машықтанған. Қолөнер кәсібі тек шамалы өркендеген: бәрі де майда-шүйде ұсақ кәсіпорындар – былғары илейтін екі зауыт, сабын, май қайнататын, кірпіш күйдіретін шағын екі өндіріс, мал соятын қасапхана бар; соңғы жылдары бұларға Гиссен мен Герценнің бумен жүретін диірмендері, миллионер Осиповтың тұз ұнтақтайтын фабрикасы мен қаладағы ең қалталы капиталист мордва Деровтың тау-кен өндірістері қосылған.

 ...Мың шақырымдық Ертіс қорғаныс шебінің бекіністерін күшейту үшін соның ұзына бойына жеті жерден форпост (қарауыл күзеттері) тұрғызу жобаланған, солардың бірі – 1720 жылы ірге тепкен Коряков станицасы. 

 Бертіндегі жазбаларда Коряковты көпес деушілер бар. Анығында ол – Ертіс өңіріне әскери міндетін өтеуге отбасымен көшірілген казак-орыстардың бірі, жүз дік шені болған, форпост салынған кезде іргедегі көлден (бұрынғы аты – «Апай көлі», Павлодар қаласы орныққан жер де арғынның Бәсентиін руының Апай бұтағының атақонысы) ас тұзын өндіруді алғаш ұйымдастырған адам. Ертіс жағасынан салынған елді мекен содан беріде Коряков атанған, жергілікті қазақтар оны Керекуге айналдырған. 1770 жылы Ертіс бойын аралаған саяхатшы ғалым П.С. Паллас бұл өңір туралы: «Коряков  күзеті тұрғызылған Ертіс жағалауы қатынасқа өте қолайлы. Ал Коряков көліндеас тұзының мыңдаған пұт сарқылмайтын мол қоры жатыр», – деп тамсана жазған. Тұз кеніші туралы Сібірді түбегейлі зерттеген саяхатшы Ипполит Завалишин де 1862 жы лы Мәскеуден шығарған «Батыс Сібірдің сипатта-масы» атты ғылыми ең бегі нің 369-бетінде: «Коряков көлі емдік қасиетті ерекше тұзымен Батыс Сібірді ғана қарық қылып отыр ған жоқ. Оның  дақпырты Орал тауының арғы бетіндегі Орынбор, Пермь губернияларының талай жеріне жетіп, мол тұзбен жарылқай бастады.  Көлдің тұзы ет, балық, кө кө ніс, саңырауқұлақты кептіруге пайдалы. Оның тұзы сіңген тағам ешқашанда бұзылмайды. Көлдің ұзын тұрқы – он, ал көлденеңі – екі  шақырым. Азиаттарға ол ертеден мәлім бол ған. Тобыл қаласы ірге көтерген соң бұл көл орыстардың да назарын өзіне аудара бастады. 1747 жылы генерал-майор Киндерман осы көлді мұқият зерттетіп, үш жылдан кейін тұз өндіруге әмір берген. Ал одан бұрын оның тұзын Коряковты күзетуші казактар наряд бойынша алыпты. 1812 жылға дейін тұз кеніші жалға беріліп келді, қазірдеТобылдың қазына палатасының құзырында... Соңғы екі жыл ішіндеяғни 1857-1858 жылдары Коряков көлінен миллион пұттан астамас тұзы өндірілген...» – деп барынша әспеттеп сипаттаған.

 Кеме жүруге қолайлы Ертіс өзені мен дәмі ерекше тұз көлі қарапайым елді мекеннің бағын ашты да, 1861 жылы небәрі 602 тұрғыны бар жөнең станица епті адамдардың жылпостығымен тіркеуден тысқары қала құқы ғын алып, сол кезде бір жастағы тақ мұрагері Павелдiң құрметiне Павлодар атанғаны мәлім. Жетi жылдан кейiн қала жаңадан ашылған уездің, ал жетпiс жылдан соң үлкен облыстың орталығына айналды. 

 Уездiк жөнең қаланың ағарту орындары саусақпен санағандай аз. Өткен тарауда бiз түстеген алты оқу ұясына жаңа ғасырдың алғашқы он жылында екi-ақ мектеп қосылғаны да жүдеу тірліктен туған амал. Соның бiрi – 1909 жылы ашылған екi басқышты орыс-қазақ училищесi. Ол Орал тауының арғы бөктерiнен кәсіп қуып келiп, осы өңiрдегi тау-кен кенiштерiн шұқылаумен қалтасы қалыңдаған мордва алпауыты А. Деров сый еткен, Ертiс жағасындағы екi қабатты тас ғимаратқа орналасқан (Сол қарсаңда Артемий Деровтың кәсіпорны банкротқа ұшырап, қалталы кәсіпкер Мәскеуге қоныс аударғанда, өзi тұрған екі қабат үйдi қазақ шаруалары мен орыс мұжықтарының жасөспірім жеткiншек терiне бiлiм беруге тиiс жаңа училищеге тарту еткен). Бұл оқу орнына болыстық мектептердi тәмамдаған, оқудың бастауыш бағдарламасын толық өткен шәкiрттер қабылданған. Мұнда олар төрт жыл оқып, осы күнгі педагоги-ка колледжі деңгейінде білім алуға тиіс. Училищенің мұғалімдері – әртүрлі пәндер бойынша маманданған ұстаздар. Олардың білім дәрежесіне де ерекше талап қойылады. Тағы бір өзгешелігі – бір сыныпта орыс, украин, қазақ балалары тізе түйістіріп қатар отырады. Облыстық мектепте сауатын ашып, орысша тіл сындырып келген ауыл перзенті орыс балаларымен бірге жүріп тілге жаттығады. Бұған дейінгі өмірі сайын даланың қиян шетінде өткен, үйінен қарға адым ұзап шықпаған Қанышқа, әрине, уездік шағын қала дүниенің кереметі болып көрінген. Әсіресе, жыпырлаған көп үйдің бір жерде жиын отырғаны. Бірде-бірінде пішен иә мал қора жоқ, болса да көрінбейді. Өйткені әрбір үй биік дуалмен қоршалған, кеш батты-ақ есік-терезелерін мықтап жауып алады. Жер жетпегендей, бір үйдің үстіне екіншісін мінгестіре тұрғызғандары ғажап! Мұндай үйлер көп емес, бірнешеу ғана. Сірә, ең биік әрі әдемісі – өздері тоқтаған көшедегі Гирбасов көпестің екі қабатты тас үйі. Шымқай қызыл кірпіштен қаланған. Ал базар алаңындағы жыпырлаған дүкендер ше?! Бір-бірімен арбасып, өздеріне жұтына қараған піркәшіктері бала түгілі, үлкеннің өзін есінен тандырғандай. Тағы бір үлкен үйді «Айтықовтың мануфактура дүкені» дейді екен – тақтай сөресінде ақ, қызыл ала, көк, жасыл түсті гүлдер шегілген маталар тау-тау боп үйіліп жатыр, бір-бірінен өткен әдемі. Дүкеннің ішіне ертеңгілікте бас сұға алмайсың. Үлкендерге ілесіп келген кезде Қаныш та барған, базар күні еді, сөреге тек жете алмады, топырлаған көп қаршадай баланы іп-лезде қақпа сыртына ығыстырып тастады. Осынша көп адам бір жерге қалай сыяды, немен күнелтеді, қайда жатады?.. 

 Бір ғажабы, бәрі әлдеқайда асығып, сің біруге мұршалары келмей жүгіріп жүреді. Бір-біріне тіл қатса, айқайлап, даурығып сөйлейді. Мұндағы қазақтардың мінез-құлқы да бө лек сияқты: қыр адамының байсалды, сөйлесе қалса кеңінен толғайтын ұзақсонар қалыбы жоқ; амандасулары да тым келте, көбіне бас изеп өте шығады.

 Қанышқа осының бәрі қызық, бәрі таң: алыстан ілезде хабар алып, қасында отырғандай тілдестіретін телеграф үйі де; соның күні-түні ызыңдап ән салып тұратын, ұшар басына сым ілінген бағандары да; қара қошқыл түтіні шүйкедей шұбатылып, Ертiс айдынында қаздай қалқып кетiп бара жатқан иә Төмен, Омбы жақтан келе жатқан ақ шағала тәрiздi кемелер де; тiптi анау соқа, шөп шабатын машинаны жөндейтiн ұста дүкендерi мен бумен жүретiн тас диiрмендер де...                                                     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 2-топ үзіндісі

 

 ІІ

 Оқу басталуға екі-үш күн қалғанда Әбікей ағасы немере інісін училищеге апарды. Меңгерушісі Овсянников шашы едірейген, ұзын бойлы кісі екен. Қаныштың Ақкелін мектебін екі жылда жедел бітіргендігі туралы куәлігін қолына алып:

 – Үздік бітіргенің бек қуантады, шәкірт Сәтбаев! – деп қарсы алдында монтиып тұрған жасөспірімге барлай қарайды. – Ал, қане, қымбаттым, бір өлең оқып жібер.

 Қаныш қызараңдап ағасына қарайды. Әбікей Зейінұлында үн жоқ, жайбарақат отыр. 

 – Мұныңыз қалай, қымбаттым? Ұмытып қал дың ба? Түсінемін, жаз қызығы, жайлауға шыққан ауыл, кең дала...

 – Қандай өлең тыңдауға ықылас етесіз, мәртебелі мырза? – дейді Қаныш кенет Овсянниковке жасқана қарап.

 – Мені Яков Игнатьевич деп атауыңызды өтінемін. Кімнің шығармасын жатқа білесіз, рақым етіңіз, соны оқыңыз.

 Ұстазы Григорий Васильевич үйреткендей, Қаныш қақшиып тұра қалып, самбырлаған ашық дауыспен:

 – Русский стихотворец Федор Иванович Тютчев, «Весенняя гроза», – деді де, рұқсат күткендей ересектерге қарады.

 – Неге бөгелдіңіз?

 Люблю грозу в начале мая, 

 Когда весенний, первый гром, 

 Как бы резвяся и играя,

 Грохочет в небе голубом...

 Балақан мүдірген жоқ, заулата жөнелді, әр ырғаққа, тыныс белгісіне мән бере, мәнерлі үнмен оқыды. Әр сөзін тақ-тұқ, мәнін жеткізе айтады. Әлгінде қаһарлы сияқтанған меңгерушінің жүзі де жыли бастады.

 – Алғашқы таныстық үшін жарап тұр! Ри замын, қымбаттым, бек ризамын!..

 – Тағы кімді оқиын? Пушкинді білемін, Тургеневті жатқа оқимын. Әлбетте, түгел емес...

 – Бүгінге жетер деймін. Сіз маған енді қа зіргі билеуші патша әкеміздің аты-жөнін айтып беріңіз.

 – Жоғары мәртебелі ұлы патшамыз Николай Александрович Романов, бүкілресейлік өктем құқықты билеуші.

 – Дұрыс, мұны да білдіңіз, – дейді Овсянников шынымен риза болып. – Жоғары мәртебелі ұлы патшамыздың есімін жадыңызда ұстауға кеңес беремін. Екінші, біздің училищеде дін сабағын Павлодар шіркеуінің уағызшысы Василий әкей оқытады. Әрине, сізге оның қатысы жоқ. Де ген мен, ескертемін: балалық жасап, шіркеу адамының уағызын қорлайтын әлдеқандай оғаш мінез көрсетпеуіңізді өтінемін. Үшінші тілесеңіз де, тілемесеңіз де –  сізге осындағы мұсылман мешітінің бас имамы Каримов мырзаның діни дәрісін тыңдау парыз. Жұма күні мешітке барып тұрасыз. 

 – Түсінікті. Құран аяттарын да жатқа білемін.

 – Олай болса, барыңыз. Училищенің дайындық курсына қабылдандым деп біліңіз. Үлгілі шәкірт болады деп сенемін...

 Бұл мектепке ол Ақкелін болысының пансионатқа жіберген шәкірттері есебінде тіркелген. Қаныш бірақ пансионатта жатпай-ды, сол жылы облыстық мектептен осы училищеге мұғалім болуға шақырылған Әбікей ағасының пәтеріне орналасады. Әкесінің қалауы солай: денсаулығы төмен баланың жүдемегені жақсы; бейтаныс қалаға үйренгенше оған жанашыр көз керек... 

 Әбікей Зейінұлы Владимир көшесіндегі татар байының ескі үйін жалға алған, үш бөлмелі жұпыны мекен. Соның бір бөлмесі Қаныштың еншісіне тиді – темір төсек, дербес үстелі бар. Бірақ Әбең үйіне қонақ көп келеді, көбіне ел адамдары. Ондай кезде шәкірт бала төсегі ғана емес, бөлмесінен де айырылып қалады. Керекуде оқитын қыр балалары да бұл үйге үйір. 

 Көңілдері ақжарқын, қолы ашық аға-жеңгесі Қанышқа еріп келген шәкірттерге: «Балалар, қарындарың ашқанда, үй дәмін сағынсаңдар, келіп жүріңдер!» – деуден сірә да жаңылмайды. Амал не, үйге сыймай, кейде  бастасып-аяқтасып жататын күндер де жиі болып тұрады.

 Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім Н.Е.АЛЕКСЕЕВТІҢ естелігінен:«...1911-1912 оқу жылының бірінші жартысында училищеніңдайындық бөлімінде оқыған Қаныш Сәтбаев білімге құштар,ынталы шәкірт екенін аңғартты. Барлық пәндер бойыншаәрдайым үздік бағалар алудан танбады. Сол себепті училищенің ұстаздар кеңесі екінші жартыжылдықта оны бірінші сыныптың келесі басқышына бірден көшіру туралы шешім қабылдады.Шәкірт Қ.Сәтбаев ұстаздарының сенімін ақтады. Үздік оқыпжазғы емтихандардан өте жақсы бағалар алдыСөйтіп  ол... училищенің бірінші бөлімін екі жыл оқудың орнына бір жылда тәмамдады». Әбiкей Зейiнұлы осы оқу ұясына орыс тiлiнен сабақ беруге шақырылған-ды. Семейдегi мұғалiмдер семинариясын тәмамдағаннан бергi екi-үш жылда ұстаздық өнердiң бүге-шiгесiн меңгерген жiгiт ағасы жасындағы мұғалiм, әрине, ояз орталығына тап болған соң өзi құралыптас әрiптестерiнен олқы түспеудi ойлап, өз пәнiне ықыласты бұрынғыдан да күшейткен. Әмбе ол жаратылысында қатаң тәр тiпке үйренген адам, мiндеттi iсiн тиянақты атқаруға дағдыланған. Ал бала тәрбиесi болса, қашаннан ыждаһат қана емес, босаңсуды, жүрдім-бардым қарауды көтер мейтiн жұмыс. Сірә, содан да шығар, не мере iнiсiнiң келешек тағдырын өз мiндетiне алған Әбекең Қанышқа да қатаң талап қойып, алдындағы жеткiншектерден оқшауланбай, ынта-жiгерiн бiлiм деңгейiн көтеруге жұмсауды қадалаған. Інісі де өз қолына келген күннен орыс тiлiн тыңғылықты үйренуге ерекше құмартып жанын сала кiрiседi. Көркем әдебиет кітаптарын оқуға ынтасын аңғарған Әбекең інісін бірде Халық үйі не ертіп барады. Бұл үй өздері тұратын көшеде. Бұрын онда төменгі сатылы ауыл шаруашылық училищесі болған, кейіннен бұқара халық бас қосатын мәдени орынға айналыпты. Жексенбі күндері мұнда көркемөнерпаздар үйірмесінің хоры концерт береді, кейде «Жанды ойын» қояды. Соның бәрінен де балаға халық үйінің кітапхана мүйісі ұнаған. Қашан барсаң да неше түрлі газет-журнал тігінділері үстел үстінде тізіліп тұрады. Тек үйге бермейді, сол жерде оқисың. Мүйістің кітап қоры көп емес, бірақ Қаныш үшін жарап жатыр. Ағасының есеп карточкасымен алатын ұзын тізбеге көп ұзамай жаңа авторлар қосылды: Толстой, Максимов, Сервантес, Жюль Верн... Ауылда жүргенде қолына түскен кітапқа мәз еді, қазір таңдап, талғап, авторларына қарап алады. Сірә, әдеби шығармаларды көп оқудың әсері шығар, екінші жылдан бастап Қаныштың мазмұндамалары училищенің үлгі тақтасынан түспейтін болды: жазу үлгісі аса көркем емес, ал тақырыпты сипаттап, орыс тілінде қатесіз, еркін жазуы жөнінен училищеде онымен теңесер шәкірт некен-саяқ...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 3-топ үзіндісі

 Есеп пәнін Ахметолла Ақтайұлы Барлы баев оқытады. – Есепсіз өмір жоқ, есепсіз адамзатқа өсу де жоқ, балалар, – деп бастайды ол сабағын. – Өздерің ойлаңдаршы, жеке дара алғанда бес иә он деген не сөз? Ешқандай мән-мағынасы, салмақ, құны жоқ, әншейін бір атаулар тізбегі. Мысалы, Бір, екі, үш, тіпті жүз дейік. Осыдан не ұқтыңдар?.. Ал енді осылардың қасына әлдеқандай зат тіркеп айталықшы. Мысалы, үш өгіз, бес тауық, жүз сом делік. Немесе біз дің сыныпта он бес оқушы бар, оларға бір мұғалім сабақ беріп тұр десек? Бірден түсінікті: сан сапаға айналып, санамызда сыныптың көле мі, онда неше кісі отырғаны жайында нақтылы ұғым пайда болады...

 Сол жылдарда Ахметолла Ақтайұлынан дәріс алған баянауылдық Пәуен Жүсіпбаевтың айтуынша, есеп пәнін ол өзінше даралап, оқушыларды екі топқа бөліп оқытқан: бірінші топ – «әлсіз дер», яғни ұғымы керенау, есепке қыры жоқтар; бұлардан зиялы білгірлер шыға қой мас, бірақ есептің төрт амалын білуге міндетті; оқытушының жігер-күші негізінен соларға жұмсалады; ал екінші топ – «күштілер»,  есепке ынта, ұғымы зерек балалар... Бұлар «әлсіз дермен» қосылып, жеңіл-желпі есеп шығарып, қымбат уақыттарын зая өткізбей, күр делі бағдарлама бойынша оқуға тиіс. Әмбе бұл топтағы шәкірттер үздік қабілет танытқан сайын есеп те күрделене береді. Мұны ол «Шәкірттердің миын шынықтыру» деп атайды...

 Ал Николай Ермилович Алексеев – бір жосын балажан адам. Қашан көрмесін, кімге болмасын, «әкебас, көкебас» деп құрақ ұшып елпілдеп тұрады. Қыр дәстүрін жақсы біледі, қазақшаға да судай. Сол себептен де қиыр шеттен келген, бұған дейін кең далада еркін өскен ауыл, село балалары Николай Ермиловичке көбірек үйір. Үйір болатын тағы бір себебі: Алексеевтің гармонь, сырнай, балалайкада бірдей ойнап, орыстың, қазақтың, татардың неше алуан халық әндерін музыка бөлмесінде сыңсытып отыратын өнерпаз қабілеті; қалайда онымен бірге жүрсең – зерікпейсің; ең құрығанда ертегі айтқызып, болмаса жұмбақ айтысып отырады; ал оның «Кодак» фотоаппаратын сатып алғаны тіпті тамаша болды. Шәкірт атаулы түгелдей фотоәуесқой болып кетті... 

 Өзі оқытатын жаратылыстану пәнін Алексеев шәкірттеріне ұғынықты, мейлінше ұтымды жолмен жеткізуге тырысады: Ертістің шалқар жағасын кезеді; жағалауда шоқтанып өскен тоғай ішінен гербарий жинатады; Павлодар мещандары әжуа етіп күле қарайтын әуесқой астроном Гришка-кезбенің шатырына ертіп апарып, жұлдыздар жымыңдаған аспан әлеміне телескоптан сығалатады; жүрген жерінен түрлі түсті тас жинату да – Николай Ермиловичтің ойлап тапқан ермегі; солардың әншейін тас емес, ғылымға пайдасы зор қымбат зат екенін, минерал аталатынын да шәкірттер тұңғыш рет сол кісіден естіген; соның бәрінен де, сірә, ең әсерлісі – қала іргесіндегі Коряков тұз кәсіпшілігіне саяхат болса керек...

 Осы арада шегініс жасап, ғалымның жол дәптеріне түскен жазбаларына назар аударайық, әсілі Қаныш Имантайұлы мұндай естеліктерді оқта-текте, геологиялық саяхаттар кезінде бірінші жақпен баяндап, кейде бөгде бір адамның әңгімесі секілді етіп жазған:

 «Қоңыр күз. Даланың шөбі сарғайып, төңірек реңі қуқыл тартқан. Ал көлге қарасаңнағыз қыс, бүкіл жағалау жаңа  ғана жауып өткендей аппақ қар. Дөң басында қараша киіз үйлержантайма қостар қаптап тұр. Олардың көптігі соншақұдды бір қала халқы тік көтеріле көшіп келіп, қоныс  теуіп жатқандай... Тұз шабу маусымы кезінде Коряков көлінде бір мыңнан астам жұмысшы істейді екен, барлығы да кәсіп іздеп келген қыр қазақтары. Жағадағы мұз тауларының іргесінде белуардан жалаңаштанып, терлеп-тепшіп жұмыс істеп жүрген қазақ жігіттеріне қайран қалып, көлге жақындаймыз. Қызықты қараңыз: қар деп малданғанымыз – тұз екен. Көлдің ортасына дейін тақтай көпірлер жасалған. Соларды жиектей жүріп жүздеген кісі тұз шауып жатыр. Олардың шапқан тұзын жүздеген кісі тәшкемен жағаға тасып жүр. Жағадағы мұз тау- лары да – солардың жаз бойы маңдай терін сорғалатып, зор бейнетімен тұрғызылған тұз үймелері болып шықты. Қанша артель болса  сонша үйме. Табыстары да сол үйменің аумағына байланысты. Бір жылда Коряковта біржарым миллион пұт тұз шабылады. Оны тәшкемен тасып жағаға шығару керек, одан соң арбаға тиеп, Черноярдағы айлаққа жеткізеді. Неткен сор бейнет десеңізші! Біздің халықтың ас тұзын қасиетті санап, аса қастерлейтін себебін мен сол жолы ұқтым...»

 – Мынаған қараңдаршы, балалар, – дейді де, Николай Ермилович қолындағы шыбықты көлге малып, олай-бұлай бұлғап жоғары көтереді. Сәлден соң шыбықтың өне бойына жиналған тұз қабыршақтанады. – Жаратылыстану ілімінде бұл құбылысты кристалдану дейді. Мына тұз кені осылай түзілген: жазда жауған жаңбыр суы, қыста түскен қардың ылғалы жердің тұзын ерітіп, қанық ерітінді түзеді; күн қызуымен су буға айналып әуеге ұша бастағанда, тұз кристалдары қабат-қабат болып көл табанында шөгіп қалады...

 Ұстаздар құрамы күшті десек те, ашылғанына небәрі екі-үш жыл болған төменгі сатылы оқу орнының олқылығы да аз емес-ті: әсіресе оқу құралдарымен, қажетті аспаптармен қамтамасыз етілуі мүлдем жұтаң; ән-әуен, спорт жабдықтары туралы айтып та қажеті жоқ... Өйткені соның бәрі там-тұмдап бөлінген жетімсіз қаражатқа, көбіне қалталы мырзалардың рақымымен жиналған. Ал олар көшпелілер мен мұжықтар ұрпағына нота үйретіп, ән-әуенге сауатын ашудың қажеті жоқ деп есептейді. Қайсыбірі: «Дене шынықтыру тәрбиесінің бұларға мүлдем қажеті жоқ, дарқан өмір ол бейбақтарға бұл сабақты туған күнінен үйретіп, мейлінше шыңдап келеді...» – деп келемеждейді. Сол себепті училищенің спорт сабақтары Ертіс жағасында өтетін. Балалар онда ойынның екі-ақ түрімен шұғылданады: сол жылдары бүкіл Ресей жұрты әуестенген – аяқдоп (футбол) мен таяқтастамға (городки) құмарлық.

 Сөйтсе де кездейсоқ бір жағдай училищенің қаражаттан кіріптар халін біршама түзеуге себепкер болды.

 Сол қарсаңда Оңтүстік Сібір темір жолы салына бастаған. Оның бір тармағы Павлодарды Ақмоламен қосуға тиіс. Құрылыс басқармасына машиналары мен жүктерін қоя тын қойма қажет екен. Соны естіген дене шы  нықтыру пәнінің оқытушысы Терентьев училище меңгерушісіне күтпеген ұсыныс жасайды: «Бір қысқа мектеп ауласын жалға берейік». «Владимир Никонорович, бізден де гөрі аула сізге қажеттірек емес пе?» – дейді таңданған Овсянников. «Әлбетте, дұрыс айтасыз. Бірақ Ертіс аңғарындағы кең алаң не үшін? Сабақты сонда-ақ өткіземін». Ақыры, солай болды. Жалдау ақысынан түскен қаржыға гимнастика снарядтары, шаңғы, коньки, бірталай музыка аспаптары сатып алынды.

 Керекудің зиялы қауымы жарқабақтың үстінен қоршау тұрғызып, Ертіс арнасынан су тартып сырғанақ құятын-ды. Үлкендер мұз айдынына кешке таман, көбіне жексенбі күндері келеді. Күндіз онда жан болмайды. Іскер Терентьев мұның да қисынын келтірді: мұз айдынын тазартып тұруға міндеттенді, есесіне шәкірт тері тегін сырғанайды...

 Коньки тебуге Қаныш та үйреніп алды. Мұз айдынға ол дене шынықтыру сағатында ғана емес, жексенбі күндері, кейде кешке де келеді. Әлбетте, ағасына еріп. Әбікей Зейінұлы бұл өнерге шәкірт кезінде әуес болған, қазір ол – Керекудегі маңдайалды конькишілердің бірі.

 Владимир Никаноровичтің тағы бір қыры ән-әуен саласында танылған. Кесулі сағатта, сабақ кестесі бойынша шұғылдану бір басқа, Терентьевтің бұл өнерге жан-тәнімен берілгені соншалық – демалыс уақытын түгел дерлік училищенің ән-күй бөлмесінде өткізеді. Тынымсыз еңбек зая кеткен жоқ, көп ұзамай-ақ ішекті аспаптар оркестрі дүниеге келді...

 Оркестр құрамында екі скрипка болған. Е. Алексеевтің куәлігіне қарағанда, соның бірінде Қаныш Сәтбаев ойнаған. Рас, алғашқыда ол мандолина тартуға құмарланыпты. Алайда «скрипканың жан-жүйені шымырлатар сиқырлы үніне еліккен, музыкалық қабілеті өзгеше шәкірт тынбай шұғылданып, ақырыоркестрдің бірінші скрипкасын иеленді».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 4-топ үзіндісі

 Жаз шығысымен соның бәрі сап тыйылады да, оқудан мезі болған, қаланың шектеулі тұрмысынан жүдеп-жадаған балалар ауылдарына қайтады. Қанышты алып қайтатын кісі күні бұрын келіп, Керекуде тосып жатады. Кенжетайын сағынған қарт әкенің әмірі солай. Көбіне келетін Теңізбайдың Бапайы – қолы темірдей қатты, өңі суық, зор денелі адам. Ауылдағылар оны әлде сыйлап, әлде сескенгендіктен Бапаң дейді. Би атаның өзі де: «Біздің Бапаң жөпшеңді ұры-қарыға алғызбайтын жүректі, батыр кісі!» – деп көпшік қойып мадақтап отырады. Онысы рас: төр жайлауға дейінгі үш күншілік ұзақ жолға шәкірт бала мен Бапаң ештеңеден сескенбей, екеуден-екеу шығады. Бапаң батыр ғана емес, біржосын сөзуар кісі. Ұзақ жолда неше алуан әңгіме айтып, кейде шырқата ән салып, жас серігін зеріктірмейді. «Оқуды тым көбейтіп барасың, Қанкежан. Бітетін күні қашан?» – деп сұрайды кейде ол. Шәкірт ағынан жарылып: «Әзірге бітпейді, аға, әлі де оқимын» десе, Бапаң кәдімгідей ренжіп: «Ойбой, Әбең ағаң құсап, біздің қолға түспей алысқа ұзап кетемін десеңші! Несіне арамтер болып, сені ерсілі-қарсылы тасып жүрмін? Қой, айналайын, осы жер ден қалаңа қайта ғой...» – деп, атының ба сын тежеп қалт тұра 

қалады. Шәкірт бала сенер-сенбесін білмей, жолсерігіне жаутаңдай қарайды, аң-таң. «Рас-ау, мен осы не үшін оқып жүрмін? – деп ойлайды, албырт көңілі қиял толғап, әлденеше сақ қа жүгіреді. – Шіркін-ай, оқуымды тезірек бітірсем! «Халық мұғалімі» деген куәлік алып, ауыл ға қайтсам... Төңіректегі ауылдардың балаларын жиып, Григорий Васильевич сияқты мектеп ашсам...» «Бапай аға, қорықпаңыз. Түбінде ауылға қайтып келемін. Сіздің, Қасен ағаның немерелерін оқытамын», – дейді тоқтап тұрған серігіне жымия қарап. «Онда жүрелік, Қанкежан. Би атаң да екі көзі төрт болып жолға қарап отырған шығар...»

  «Шынында да мұғалім боламын. Әбікей ағам бізді оқытса, мен елдегі балалардың көзін ашамын, – деп ойын түйеді Бапаңа ілесіп, қояншоқыраққа көшкен шәкірт бала. – Қайда барсаң да көрерің – теңсіздік, қорлау, кемсіту. Оқымай, қырдағы елдің көзін ашпай бұдан құтылмайсың, тегінде. Мәшһүр Жүсіп атамыз:  «Өнерге ғылым-білім болсаң жерік, Берілер ақыр бір күн басыңа  ерік...» – деп қай заманда айтқан?! Олай болса?...»

 Жасы есейіп, ақыл тоқтатып қалған шәкірт жолсыздықтың алуан түрлерін аяқ басқан сайын көріп жүр. Оған алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ, екі басқышты училищенің өзі-ақ теңсіздіктің үлгісі: қаладағы мектептердің ең сорлысы, оқу құралын сатып алу да әлдебір қалталының мырзалығына байланысты; мұғалімдерінің жалақысы да 3-басқышты қалалық училищенің оқытушыларынан әлдеқайда кем. Өйткені бұлар – семинаристер, ал ана мектепте университет, институт бітіргендер сабақ береді. Ол мектептің оқушылары да «құдайдың қалаулылары» – көпестер мен мещандар мұрагерлері. Екі мектептің айырмасы шәкірттердің киімінен де көрініп тұр: қалалық училищенің ақсаусақтары бір келкі форма киіп, бойларына шақтап тігілген әдемі киімдермен жарқырап жүрсе; бұлардікі – ала-құла, ұсқынсыз бірдеңелер; ал ауылдан келгендердің киімі кісі күлерлік – қолпылдаған сірі тон, көбінің етегі жер сыпырғандай ұзын тігілген; өйткені әлденеше қыс киюге, тон иесінің өсуіне есептеп әдейі кең пішілген; көбінде бұл да жоқ – жыртық күртелер, аяқтарында қонышы қол қыл да ған саптама, қайқы бас пималар...

 Әбікей ағасынан теңсіздіктің себебін сұраса: «Оқуыңды қадағала, Қанышжан, – дейді. – Ғылым киім талғамайды, көкірегі ояу, ынта қойған кісіге қонады. «Білекті бір ді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз ді шығарма жадыңнан!..»

 1914 жылдың қысында, Қаныштың соңы бөлімде оқып жүрген кезі, халық үйінде тағы бір үйірме жұмыс істей бастады. Неше түрлі бал билерін үйретеді екен. Шәкірттің көңілі бұған да ауады. Бірақ оған қатынасу үшін жасы жетпейді, әмбе жарна төлеу керек...Амал бар ма, ағасынан көмек сұрауға тура келді.

 ...Осылайша жебедей зымырап үш жыл өте шықты. Он екі жасында Керекуге келген шәкірт бала он беске толды. Бойы ғана емес, ойы да өскен. Үлкендермен жайланып отырып әңгіме шертеді. Сауық құрған мәжілістерде скрипка иә домбыра тартып, ән де шырқап жібереді. Оқыған кітабының оқиғасын майын тамыза әңгімелеп, қайыра айтып беруі қандай?! Сөз саптауы салмақты, жүріс-тұрысында мол парасат бар. Ауылда жүргенде Нұрым апасы өбектеп, жылы болады деп кигізіп қоятын түйе жүн күпісі мен сеңсең тымағын, саптама етігін баяғыда тастаған. Қазір ол қалаша киінеді, қайырма жағалы, жез түймелері жарқыраған қара пальто, шәкірттер аса ұнататын сәнді китель, аяғында қисық табан қызыл етік, бұтында галифе шалбар, шекпелі кең көйлектің сыртынан жібек белбеу буынады, басында мақпал қара бөрік. Қатпа денесі де ширап, бойы ұзара түскен, шаш қояды. Шашы бір түрлі әдемі, толқынданып тұрады.

 Ой жүгіртіп сараласа, үш-ақ күндей болып зымырап өте шыққан үш жылда жөнең қаладан көрген-білгені, көкейіне түйгені аз емес. Павлодардың басты көшесі Владимирскаяның бойында Митя Багаевтың (өлкетану мұражайын ұйымдастырушылардың бірі – М. С.) фотошеберханасы бар, Керекуге тап болған алғашқы жылы Қаныш соған барып суретке түскен. Ертіс жағасындағы тұз үйілетін алаңда «Заря» және бір жерде «Фурор» деп аталған кинематограф ашылғанда, аппақ мата керілген қабырғада түрлі фотобейнелердің жан біткендей би билеп, ерсілі-қарсылы жүгіруін ұзақ қызықтап, таң-тамаша болған-ды; базар алаңындағы ағаштан қи ыл   ған ауласы кең үйде Коромысловтың көшпелі циркі өнер көрсететін; бір жылы көктемде соның алдындағы тақтай сәкіге атақты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов шығып, жуандығы білектей темірлерді сымша бұрап, одан соң әлденеше пұт кір тастарын төбесіне көтеріп, ақырында көп кісі тиелген арбаны тісімен сүйреп жиналған жұртты қызыққа кенелтті; Шмидт деген бай көпес тұрғызған «Ливадия» мейманханасының алды да кешке таман неше түрлі ән шырқалып, би биленетін ойын-сауық алаңына айналатын... 

 Сірә, соның бәрінен де елікпе көңілді жасөспірім Әбікей ағасы мен Қамила жеңгесіне еріп зиялы қазақтардың үйіне қонаққа барғанда, қала іргесіндегі «Көкжатақта» тұратын сері көңіл жамағайындар шаңырағындағы ойын-тойларға шақырылғанда, сол жылдарда атақ-дақпырты дүрілдеп Ертіс атырабына кең жайылған Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Ақеділ, Майра, Естай сияқты дүлдүл әншілерді тыңдаудан ерекше сергиді. Жан дүниесі рахатқа бөленіп, ұмытылмас ләззат алып, өзі де соларға қосылып ән салғандай сүйсіне тыңдайтын-ды...

 Сонымен, оқу жолындағы екінші басқыш, тағы бір мектеп тәмам болды. Оны да мерзімінен бір жыл бұрын және үздік бағалармен бітірді. Сөйтсе де қанағатсыз жас көңіл тояттар емес. Бұдан да гөрі биігірек қияндарды тілегендей...

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу