М.Сәрсеке «Қаныш Сәтбаев» роман-эссе. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал.


Қазақтың ҚАНЫШЫ туралы тың дерек

13 қазан 2015 ж 20:32 , Астана

- Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген.- Академиктің шын аты – Ғабдулғани болатын. Арабшадан аударғанда, «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.- Әкесі Имантай баласының басының үлкендігіне қарап: «Менің осы балам не сөз ұқпайтын маубас, не елден асқан данышпан болады» дейді екен.

12 жасар Қаныш

- ХХ ғасыр басындағы өзге зиялыларымыз секілді Қаныш та сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Павлодардағы орыс-қазақ мектебінен білім алады.- Бұл суретте Қаныш Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде студент (1921-1926). Оған дейін Семей мұғалімдер семинариясын бітірген болатын (1914-1918).

Қаныш Сәтбаев – Томск технологиялық институтының студенті

- Қанекең 1962 жылы Американың Принстон университетіне жолдаған анкетасындағы «Сіз білім алғаныңыз үшін кімге қарыздарсыз?» деген сұраққа Алашорда көсемдерінің бірі болған, 1937 жылы атылып кеткен ағасы туралы тұңғыш рет сөз қозғап: «Оқуға түскенім үшін ескі интеллигент Әбікей ағама қарыздармын» деп жауап беріпті.- «Менен «Өз өміріңдегі аса зор бақыт дегенді қалай түсінесің?» - деп сұраса, онда мен өзіміздің елімізде өмір сүру және жұмыс істеу секілді зор құрметтің үлесіме тигендігін өзім үшін ең үлкен бақыт санайтындығымды алға тартар едім...» Қаныш Сәтбаев- Н.Назарбаев: «Қ.И. Сәтбаевты өзгелерден дараландырып тұратын қасиеттері – оның тамаша ұйымдастырушылық таланты мен өз идеялары төңірегіне қыруар пікірлестері мен шәкірттерін жұмылдыра білген ғажайып қабілеті, геологиядан тарих пен әдебиетке дейінгі, поэзия мен театрға дейінгі ғылымның сан ¬алуан салаларындағы және адамзат қызметінің аясындағы шын мәніндегі энциклопедиялық білімі болатын».- Әлкей Марғұлан: «Қанекең тіпті басқаша адам еді».- Ұлыбританияның премьер-министрі Антони ИДЕН: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс».- Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Сәтбаевты барша қазақстандықтар сүйген еді».- Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Оның бейнесінде тұңғиық ой, мейір, жылы қабақ және де бір даналық сезілетін. Көздерінің өзі таңғажайып мейірімге толы, ақылды, көңілді, сәл күліп тұратын еді».Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Егер онымен көңіл бөліп сыр шертсеңіз, сондай бір жақсы әсерде қаласыз. Жылы жүзімен жымиғаны неге тұрады...».- Қаныштың атасы Сәтбай Шотықұлының қажылыққа барып, Меккеде қайтыс болғанын, сонда жерленгенін білесіз бе?- Әкесі Имантай Сәтбайұлы Омбы қаласының медресесін бітіргенінен хабардарсыз ба?- Ғалымның бойы 1 метр 96 сантиметр, бас киімінің өлшемі 62 болыпты.- Сәтбаевтың құсбегі, мерген де болғанын білесіз бе? Ол бір жазда қаршығамен 120 қаз алған.- Қазақ тарихында алғаш «Алгебра» оқулығын жазған да осы Қанекең.- «1916 жылы Қанекең Жаяу Мұсаға сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен. Жаяу Мұсаның «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?» – дегеніне, Қанекең: «Ой да қосылады ғой, аға», – деп жауап береді. Енді әнші «Маған қандай базарлығың бар?» – деп сұрағанда, Қанекең оған: «Базарлықты сіз үшін Шыңғыстаудан арнайы алып келдім», – дейді. Ауылға қайтып бара жатқанда жанындағы Нұрлан екеуінің жұмбақтаған сөзінен ештеңе түсінбегенін айтып, мән-жайдың анығын сұрайды. Сонда Қаныш: «Нұрлан, сен қызықсың. Ол менен базарлық деп қант-кәмпит сұраған жоқ, үйреніп келген жаңа әнімді сұрады», – деген екен. Сол сапарда Жаяу Мұса Қанекеңе көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», – деп құсты алмай кетеді. Мұны кейін естіген Имекең: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», – деп риза болыпты» (М.Сәрсекенің кітабынан).- Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов ғалымның студенттік шағы туралы былай дейді: «Қаныш Сәтбаев өте қарапайым, момын шәкірт еді. Алайда оның білімге деген ынтасы бірден байқалды. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Тегі, ұнаған-ау деймін. Өйткені «Қазақстанның өзіме таныс бөлігінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты».- Қанекеңнің шәкірті, жанында бірге 22 жыл қызмет еткен Герман Жилинскийді академиктің өзі өлген соң Магаданға қуып жібергенін білесіз бе?- Қанекең – Кеңес заманында өмір сүрсе де, екі әйел алған кісі.- Қанекең бірінші әйелі Шәрипаны «Шырылдиым – шаңырағымның құты» дейді екен.

Жұбайы Марияшпен. 1960 жыл

- Ал екінші әйелі Таисия бәйбішеден туған балаларды да жат көрмей бауырына басқан, кейін ғалымның мұрасын шашау шығармай жинақтап, мұрағатқа тапсырған – аяулы ана.

Жұбайы Таисия Алексеевна және қыздары Мейіз, Марияшпен. 1952 жыл

- Әлкей Марғұлан: «Музыкамен қатар, Қаныш өнердің бір түрі – биді де қатты қадірлейтін. Полька, мазурка, вальс билерін ол кездегі қазақ жастарында бұлардай ешкім билемеген».- Әбділда Тәжібаев: «Қаныштың ұлы ақындарымыздың бірі екеніне бүгінге дейін шәктеніп көрген емеспін. Рас, ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын, тереңдегі мұнайлар шуылын еститін. Оған тас сөйлеп, сыр шертетін, темір ән айтатын. Ол нағыз адам еді ғой».- Сәбит Мұқанов: «Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Жалпы, Қаныш сөзге сараң кісі еді. Ол өз білгенін орынсыз айта бермейтін. Ал кездесулерде, үлкен жиындарда, басқосуларда басқалардан озық шығып, ойлы келіп отырады. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін де жете білетін. Әркім одан жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын».- Ұсталып кеткен туған ағасы Ғазиз (Бөкеш) туралы Қанекең жылап отырып: «Мен ағамның талантының маңайына да бара алмаймын. Ол менен әлдеқайда артық еді. Тұнып тұрған талант еді. Бірақ заманы солай болды», – депті. Ал Абайдың баласы Тұрағұл ауылына келген Әлкей Марғұланға: «Біздің Ертіс бойында Имантайдың екі ұлынан асқан білімпаз, оқымысты адам жоқ. Біз ол екеуінің маңайына бара алмаймыз», – дейді екен.- Қаныш Сәтбаев: «Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер».- Қаныш Сәтбаев : «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің ¬алтын тасын да мақтап ¬жарытпас».- Кәкімбек Салықов: «Кеңес Одағы тұсында қазіргі елорда іргесіндегі Осакаровка ауданының атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Қанекең халықпен кездесуге келеді. Жиналыс басталған кезде жарық өшіп қалады. Мінбеде тұрған кеңшар директоры қағазға қарамай сөйлей беретін көкезу біреу екен. «Сіздер бұл адамды білесіздер ме, нағыз еңбек адамы, Семейдегі ет комбинатында қатардағы жұмысшыдан комбинаттың директорлығына дейін жеткен адам…» деп көсіледі. Қасында отырған аудандық комитеттің хатшысы: «Қанеке, ұят болды-ау», – десе, Қаныш аға: «Қысылатын түгі жоқ, әйтеуір, мақтап жатыр емес пе?» – деп күліп отыра берген екен».- Томск институтының ректоры: «Бізді екі қазақ таңғалдырды. Бірі Шоқан Уәлиханов болса, екіншісі – Қаныш Сәтбаев» деген екен.- Қазақстан Ғылым Академиясы Қаныш Имантайұылының бастамасымен 1946 жылы ашылды.- Ғылым Академиясының ішінен Тіл білімі институты ашылғанда қорыққан бір топ ғалым: «Қазақ тілін зерттеген, оның бар заңдылықтарын, атаулары жасап кеткен – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол кісінің еңбектеріне қатал тиым салынған. Біз қайтеміз?» – деп Қанекеңе келіпті. Сонда сәл ойланып қалған Қанекең: «Әзірге атын атамай пайдалана беріңдер. Кейін баласы әкесін тауып алар» деп, тайсалмастан тапсырма берген екен.- Қанекеңе Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін болыпты. Сөйтсе, ғалымның жерлестері, өзіміздің қазағымыз артынан арыз жаудырған ғой. Мәскеуге келгенде соны естіген Қанекең: «Арызды жерлестерім жазса, мен әлі жеткілікті жұмыс жасамаппын, еңбегім сіңбеген екен» деп бұрылып жүре беріпті. Тіпті, олардың кім екенін білсе де кек сақтамапты деседі.- Қаныш Сәтбаевтың ең сүйіп орындайтын әні «Бүркітбай» екен.- «Біздің байлығымыз мол болғанмен, шексіз емес» Қ.Сәтбаев- Қанеке академияның президенті болып тұрғанда жалғыз ағасы Ғазизді көрсетіп жібергендердің біреуі келіп, кешірім сұрапты. Сонда Қанекең: «Сенен кінә жоқ, жағдай солай болды», – деп кешірім беріп қана қоймай: «Жеңгең ауру, үйге шақыра алмаймын, мынау қонағасың, жол ақың», – деп ақша ұстатып шығарып салған екен.- 1947 жылы кеңестік делегациямен Лондонға Қаныш Сәтбаев та барған екен. Сапар барысында қазақ баласын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.- «Ауыздан шыққан сөзіңе де, қағазға түскен жазбаңа да, жасаған ісіңе де бүкіл адамгершілігіңмен жауаптысың» Қаныш СӘТБАЕВ.Ақыл-ойдан жүк тиеп, теңіздейін телегей,Желді күні желкенсіз жеке жүзген кемедей.Менменсіген Мәскеуді, Парижді де тәкаппарТаңғалдырған кім еді, Қаныш аға, сен емей?!»

Сәкен ИМАНАСОВ

https://bnews.kz/kz/news/obshchestvo/obrazovanie/kazaktin_kanishi_turali_tin_derek

Әдебиет теориясы негіздерінің қолданыс үлгілері

Алғы сөз

Әдебиет теориясы — әдебиеттану ғылымының сөз өнерінің табиғатын, оның әдістері мен методологиясын, әдеби процесс, рухани-эстетикалық құндылықтар заңдылықтарy зерттейтін саласы. Әдебиет теориясы көркем әдебиетті барлық қырынан жан-жақты ашып көрсетудің құралы болып табылады. Әлемдік әдебиеттану ғылымында қалыптасқан дәстүр бойынша әдебиет теориясы зерттеу объектісіне байланысты төрт топқа бөлінеді. Бірінші топтың зерттеу объектілеріне әдебиеттің адамзат қоғамы өміріндегі рөлі, жалпы өнер, мәдениет жүйесіндегі орны, әдеби шығармашылықтың тұтас болмысы, суреткер дүниетанымының эстетик. қуаты, оның даралық талғамының шығармашылық ортақ заңдылықтармен үндесуі, әдеби шығармашылыққа бүтіндей баға беру принциптері жатса, екіншісі әдебиеттің тарихи дамуы, жанрларының, тек пен түрінің ортақ заңдылықтарының қалыптасуы және әдеби процес (ағым, бағыт, кезең, дәуір, әдеби байланыс), көркем шығарманы талдау, қабылдау заңдылықтарын қамтиды. Қазақ ғалымдарынан әдебиет теориясы жөнінде ең алғаш құнды пікірлер айтқан Ш. Уәлиханов болды. Ол қазақ халық поэзиясының жанрлық түрлерін (жыр, жоқтау өлеңі, қайым өлең, қара өлең, өлең т.б.) жүйелеп берді. А. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышы” (1926, 1989, 1991) осы саладағы іргелі ғылыми еңбек. Алайда бұл құнды мұра алпыс жылдан астам ғылыми айналымнан тыс қалып келді. “Әдебиет танытқыш” — қазақ ұлттық әдебиеттануының негізі

Жалпы өз пәнінің даму сапасына (көркемдік, эстетик., стильдік т.б.) қарай әдебиет теориясы үнемі өзгеріп отырады; көркем әдебиеттің жетістіктері негізінде жаңа бағыттар қалыптасады. 20 ғ-дың 30-жылдары қазақ ғалымдарының бұл салада жаңа туындылары жарық көрді. Қ. Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” (1938, 1964, 1969) атты еңбегі негізінен орта мектептер мен жоғары оқу орнына арналды. Сондай-ақ, Е. Ысмайыловтың “Әдебиет теориясының мәселелері” (1940) атты орта мектепке арналған оқулығы жазылды. 1970 ж. З. Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негіздері” атты еңбегі жарық көрді. З.Ахметовтың

“Қазақ өлеңінің құрылысы” (1970), “Өлең сөздің теориясы” (1973) атты еңбектері — осы салада соны пайымдауларымен көрінген құнды зерттеулер.

Әдеби тіліміздің суреттеу тәсілдерін және көркемдегіш құралдарын, сөз байлығын, олардың қыр-сырын білу– сол әдеби тілде сауатты сөйлей де, жаза да білу; әдеби тіл нормаларынан ауытқымау; оны көздің қарашығындай сақтау.

Әдебиеттің теориясының көркемдегіш құралдары

Әдебиетте көбінесе суреттеу тәсілдері қолданылады. Суреттеу тәсілдеріне мінездеу, портрет, бейнелеу, пейзаж жатады. Суреттеуде көріністі, бет-әлпетті, қимыл-әрекетті, әдетті нақтырақ көз алдымызға келтіре отырып сөзбен баяндайды.Суреттеу әсерлі болса, шығарма да тартымды болады.

Портрет - адамның түр-сипатын киген киімі, қылығымен бірге суреттеу.

Көркем сөздің шебері Әбіш Кекілбаевтың «Аш бөрі» әңгімесінен жазушы жасаған портретті алайық:

«Кезінде келбетсіз болмаған ақсұр шал. Көк бурыл қабағы, селдiр мұрт, ұзынша сұйқылт сақалы бет алдын буалдырландырып жiберген. Көзiнiң алдындағы бiрер қыртысы болмаса, жүзiн әжiм алып жарымапты. Ылғи назарын тiктемей, бейтарап қарайтын қоңырқай көзi ештеңе аңғартпайды. Аңда-саңда өзiнен-өзi бiр мырс етiп қояды».

Пейзаж - табиғатты суреттеу.

Кей шығармаларда табиғат кейiпкерлердiң қуаныш-қайғысымен байланысты суреттеледi.

Әбдiжамал Нүрпейiсовтың “Қан мен тер” трилогиясының бiрiншi кiтабының “Ымырт” деп аталуы жайдан-жай емес. Билеушi таптардың уысынан шыға алмай, құрдымға кеткелi тұрған балықшының ауыр тағдыры батып келе жатқан ымыртпен қатар суреттеледi. Осы бөлiмдегi қоңыр күздiң суық бейнесi де балықшылардың өмiрiмен бiртұтас берiледi.

«Кешкі ымырт тез тұтасып,төңірек тұнжырай бастады. Еламан ертең болмаса, ауды бүгін басқа жерге аударып салуға үлгере алмасын білді. Шынында, бұл кезде батып бара жатқан күн алыстағы жалдың біріне иек сүйеп, еңкейіп қалған еді. Құбыла бет тұтас қызарып, жел жыртып дода-додасы шыққан бұлт батар күннің шапағатына бауырын бояп алаулап атты. «Апырай»...деп Еламан құбыла беттен көз алмай, ұзақ қарады. Кезегі келгенде күн басына да зауал төніп,бар әлем тіл тартпай, түн құшағына кіріп бара жатқандай...

...Бар әлем бүркеу. Суық жел ызғырып, төңірек шаңытып тұр. Қабағын түйген қытымыр күннен қыстың таяу тұрған қаһары сезіледі. Еламан күн мінезін жақтырмай, жүрегі мұздап тұр еді, қасына қауқылдап сөйлесіп бір топ кісі келді.»

Композиция. Оқиғаның басталуы, өрбуi, аяқталуы-барлығы бiртұтас композицияны құрайды. Тек табиғат немесе адамның көңiл-күйi суреттелсе, бұл да композиция болады. Айталық, Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” әңгiмесiндегi оқиға былайша өрбидi: Әкесi алдымен қасқырдың iнiнен қасқырдың бөлтiрiгiн ұстап үйiне әкеледi. Оны Құрмаш асырайды. Әжесi қанша сақтық қылса да, құлақ аспайды, қайта түнде қасына алып жатады. Әуелi Көксерек ауыл иттерiнен ығып жүредi. Кейiн үйiрiне қосылып кетедi. Ауыл малына ауыз сала жүрiп, бiр күнi Құрмашқа тап бередi. Құрмаш ақырында өзi кiшкене кезден баққан жыртқыштың жемтiгi болады. Оқиға соңы Аққасқа ит пен аңшылардың Көксеректi өлтiруiмен тынады. Мiне,бұл - “Көксерек”әнгiмесiнiң композициясы.

Баяндау - жазушының болған, естiген, ойластырған оқиғаны өз шығармасымен жеткiзуi. М.Әуезов “Көксерек”әңгiмесiн баяндап жазды. Әр жазушы шығармасын баяндап жеткізеді.

Сюжет - адамдардың әрекетiнен, қарым-қатынасынан туындайтын оқиғалар бөлшегi. Композицияның әр элементi сюжет болып есептеледi. ”Балықшы мен балық” ертегiсiндегi кемпiрдiң патша боп үлде мен бүлдеге оранып отыруы, сөйтiп жан-жағына қаһарлана әмiр беруi – бiр сюжет. Балықшының алтын балыққа барып, тілек тілеп, кемпірінің теңіз патшасы болғысы келгендігін баяндауы, одан балықтың теңіз түбіне сүңгіп жоқ болуы-бір сюжет.

Экспозиция - оқиғалы шығарма басталмас бұрын сол оқиғаның тууына қандай себептер болғаны туралы алдын-ала түсінік берілуі, яғни әңгіменің басталуы. М.Әуезов «Еңлік –Кебек» пьесасында қайғылы оқиғаны алдын-ала сездіріп, абыздың аузына сөз салады.

«... Кәрі көңіл ол бір зәр,күні еңкейіп,көлеңке басқан бейуақтай. Самал желді мұздай, көк майсаны сыздай етті. Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай... Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тас ошақтың басында от шашып ойнайды, шашып ойнайды. Қамыққан қамқор қаны...Бағлан қаны.»

Еңлік пен Кебек оқиға соңында үстем таптардың құрбаны болып, қанға батады. Абыз соны меңзеп отыр.

Эпиграф - қаламгерлердің жазылған шығармалардың мазмұны мен идеясына қарай алдына келтірген нақыл сөздері не өлең жолдары. Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабына эпиграф ретінде А.Құнанбаевтың «Махаббат, қызық мол жылдар» өлеңінің бір шумағын алып жазады.

Қайда екен, шіркін, сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын-ақырын жылыстап,

Алыстап кетті-ау құрғырлар!

Егер батырлық туралы жазылған шығарма болса, «Батыр туса, ел ырысы, Жаңбыр жауса, жер ырысы» деген мақалды эпиграф ретінде алуға болады.

Эпизод - шығарма сюжетіндегі жеке оқиғалар.

«Есін жиып, көзін ашқанда көргені ұлын құшақтап, ботадай боздаған әйелі мен қолын айқастыра телміріп тұрған ақ халатты дәрігер жігіт. Дәрігер жігіт бұған жымиып қарап, алғаш сұрағаны: Қай жеріңіз ауырады? – деген сөз болды.

- Екі аяғымның басы сыздап шыдатпай жатыр, - деді Аспан. Хирург жігіт ұлын құшақтап отырған әйелге жалт қарады.

- Жүз жасайсыз,- деді де тез-тез басып шыға жөнелді. Әйелі солқылдап жылауын одан әрі үдете түсті. Жанындағы он жасар ұлы кәперсіз, беті қабартып, үсіктің таңбалары мүлдем өзгертіп жіберген әкесін танымай қалды ма, үрке қарайды.»

Монолог екіге бөлінеді.

Ішкі монолог - кейіпкердің іштей өз-өзімен сөйлесуі. Айталық, Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романында Итбай Тұрлығұлдың адамдары қызын айттыруға келгенде іштей қиялға беріліп, өз-өзімен ой түрінде сөйлеседі.

«...Егер Ғайшажанды айттыра келген болса, он құлынды бие сұрасам ба екен, болмаса таза мың теңге ақша сұрасам ба екен. Қой,ақшадан да он құлынды бие дұрыс болар, бес-алты жылда, құдай бұйырса, жүзге тарта жылқы болмай ма? Жазғы қызығының өзі қандай, үйдің сыртына ұзын желіні құрып, құлындарды шыңғыртып байлап жатқан қандай?... Құдай тілекті берсе, мұратқа жетсем!»

Сыртқы монолог – шығармадағы кейіпкердің біреуге не көпшілікке арнап,сөзін бөлмей ойын жеткізуі. Орта жүздің биі болған Қазыбек қалмақ ханы Қоңтажыға елшілікке барғанда былай дейді: «Біз-қазақ деген елміз. Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен - қалмақ, біз - қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Табысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен - қабылан болсаң, мен -а рыстан, алысқалы келгенбіз...» Бұл – сыртқы монолог

Диалог - екі немесе бірнеше адамның кезектесіп сөйлесуі. Диалог сөздерде ой толық жеткізілмейді, сөйлем толық айтылмайды. Диалог түріне ашық сабақтан келтірілген үзінді.

- Балалар, мына сөз дұрыс жазылған ба?

- Дұрыс емес.

- Қалай жазылу керек?

- Сызықша арқылы

- Не себепті?

- Қос сөз

- Сәкен дұрыс айтты ма?

- Иә

Теңеу - заттың, я құбылыстың сыр-сипатын, белгі-бедерін, қадір-қасиетін, сапа-сынын өзге затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу арқылы танытып, айырықша мән-мағына беру.

Академик Қажым Жұмалиев теңеулердің жасалу жолын мынадай түрлерге бөледі:

1. -дай, -дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін жұрнақтары арқылы;

2. -ша, -ше жұрнақтары арқылы;

3. секілді, сияқты, тәрізді сөздерінің көмегімен;

4. бейне сөзінің көмегімен;

5. тең сөзінің көмегімен;

6. ұқсас сөзінің көмегімен.

«...Ожымбай қияда қомданған алып бүркітше екі иығын қозғап қойып сөз бастады.Сыбығыны енді асықпай бозторғайдың үніндей шырылдата бастап, жан-сезімді қытықтағандай әдемі бұлбұл үніне ауысты.» (Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романынан )

Жүрегіңде бар жалын,

Жыры бейне кең дала

... Тегеште тез көпірген сүтке теңбіз.

( Қ.Бекхожин )

Эпитет - заттың не құбылыстың айырықша сипаты мен сапасын анықтап,ерекше көріктендіру үшін қолданылатын айқындаулар. Абайдың өлеңдерінен эпитеті бар бір шумақ.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?

Бұраң бел,бойы сұлу, түзу аяқ

Болады осындай қыз некен-саяқ.

Метафора - суреттеліп отырған зат не құбылсты айқындай түсу үшін оларды ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап айту. Метафораны ауыстыру деп те атайды. Метафоралық тіркестер бейнелеп суреттеуге шеберлікті аңғартады. Айтайын деген ойдың әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де құбылту тәсілі керек. «Құбылту – сөздердің тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті ойды өңін айналдырып айту.

Фариза Оңғарсынованың «Түн» өлеңінен мысал:

Түн.

Аспан-жасыл жайма.

Жұлдыз-ақық,

Бұлақ-қыз,шолпы таққан сылдыратып.

Көк- заңғар.

Дала-шалқар.

Бұл сұлулық

Тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.

Метафоралау түрлері

Сөздерді метафоралау процесінде үш түрлі жағдайды байқауға болады.

Бірінші жағдайда сөздің сыртқы белгісі алынады. Мысалы, кілт — есіктің кілті, мәселенің кілті; бастау — бұлақтың бастауы, шығармашылық бастау т. б.

Екінші жағдайда метафора жасайтын сөздердің семантикасына, ішкі мазмұнына үңілуге тура келеді (түлкі — аң, айлакерлік белгісі; қой — мал атауы, адам мінезіндегі ынжықтық т. б.).

Метафоралаудың үшінші түрінде белгілі бір белгілер мен қасиеттердің басқа топтағы заттар мен құбылыстарға тән екендігі белгілі бола тұра, басқа топтағы ұғымдарға сіңісті болып кетеді. Мысалы, құрықталды деп жылқыны айтады, бірақ тілшілердің сөзінде адам құрықталды. Сол сияқты өткір сөзі қатты заттарға қатысты болатын (өткір ұстара), кейінгі кезде өткір мәселе тіркесі қолдынылып жүр.

Метафораның кейбір түрлері теңеуге жақындайды. Мысалы, алау сезім. Бірақ онда теңеудегідей екі нәрсені салыстырудан гөрі сезім, әсер жақындығын көрсету басым. Көбіне ондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісі емеурінмен білдіріледі.

Метафора – метафоралық ауыс мағына туғызу, сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастыққа қарап, бір заттың атауы басқа бір затқа атау болуы. Бұл – ұқсасту заңына негізделеді. 1. Тілдік метафора. 2. Поэтикалық метафора.

1. Тұлға ұқсастығы: адамның көзі – бұлақтың көзі, істің көзі

2. Қимыл ұқсастығы: тіл – адамның тілі, сағаттың тілі, техниканың тілі

3. Заттың қызыметіндегі ұқсастық: адамның басы – ел басы

4. Ұғымның бір-біріне қатынасынан туған ұқсастық: жіңішке – жіп, бел

Поэтикалық метафора – ойды әсерлі, әрі айқын етіп жеткізудің бір тәсілі, ой көркемдігі, жалпыхалыққа таныс белгілі суретке негізделген болады: шөл кемесі – түйе, ақ алтын – мақта, сары алтын – бидай, қара алтын – көмір.

Метонимия - зат не құбылыстың қасиет, сапасын, түр-түсін алмастыра суреттеу. Алмастырылған заттың белгілеріне қарап, нені сөз еткенін ұғуға болады. Метонимияны алмастыру деп те атайды. «Байтал шауып, бәйге алмас»деген мақалдағы байтал әйел бейнесінде.

Метонимияда көп сөзді бір сөзбен де жеткізуге болады.

Кейінгі қалған көпекке

Қалай да белін шешті екен?

Көпек - батырмен салыстырғанда бағасы төмен адам. Белін шешті - өзінен төмен адамнан жеңілгенін мойындау, жеңілу.

«Жаманға сырыңды айтпа» деген мақалдағы «жаман» сөзі «сенімсіз адам» деген мағынаны білдіреді.

Метонимия - өзара іргелестігі, шектестігі нәтижесінде бір заттың екінші бір затқа атау болуы:

1. Қимыл-әрекет және оның нәтижесі: өз үйінде ою оймаған кісі үйінде кесте тігеді: 1. қимыл атауы. 2. зат атауы

2. Зат пен оның ішкі мазмұнының арасындағы шектестік: Қазан піскенше кел, ауыл оянды

3. Материал мен одан жасалған зат арасындағы шектестік: Кигені құндыз, жібек бағалы материалдар.

4. Жалқы есімдер мен олардың арасындағы шектестік: Қожанасыр – аңқау, Асан қайғының күйі – уайымшыл, Қодар, Бекежан – қатігез

5. Сапалық сын есім мен олардың заттануы: қара көрінді – зат, артымда қалар қарам жоқ – адам, қара ниеті – пейіл, қара жамылды – қайғы, қарадан шығып, хан болмас – тек, кедей қызының қалыңы 10-15 қара – мал.

6. Автор мен шығарма арасындағы байланыс: Манасты хатқа түсірген, Абайды сүйсең, менше сүй.

7. Жалқы есімдердің бір-бірімен шектестігі: жеңгемнің қолын сағындым.

Синекдоха - бүтіннің орнына бөлшекті, бөлшектің орнына бүтінді пайдалану, яғни бұл суреттеген құбылыстарға ерекше рең, ажар беріп, айтпақ ойларын аша түсуге мейлінше ықпал еткен көркемдік тәсілдердің бірі. Синекдоханы меңзеу деп те айтуға болады.

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Сұлтан ием жасапты.

(Шалгиіз)

Мұндағы «жығылған, жылаған, қисайғандар» - жәбір көріп, жапа шеккендер.

Ақ сақалдар мен қара сақалдар тегіс жиналды. Дудар бас шауып келді. Шегір көз әлі отыр екен. «Ақ сақал,қара сақал, дудар бас, шегір көз» деген сөздер сипатына қарай адамды меңзейді.

«Сәкенді оқыдым» дегенде «Сәкеннің кітаптарын оқыдым» деген ой айғақ болып тұр.

Кейіптеу – жансыз заттарды, табиғат құбылыстарын адамға теңеп суреттеу.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай

Азалы ақ көрпесін сілке тастап.

Жер күлімдер өзіне беріп шырай.

(Абай)

Гипербола – затты, нәрсені өз шамасынан ұлғайтып, асыра суреттеу.

Келбетіне қараса,

Омырауы даладай,

Жолбарыстай жон түзген

Аш күзендей бүгілген,

Ор киіктей жүгірген,

От басы орны отаудай,

Қабырғасы жонсаудай

Ор қояндай қабақты,

Қиғаш қамыс құлақты,

Тарланды мінер ме екенбіз?

( Ақтамберді )

Литота - затты, нәрсені өз шамасынан төмендетіп, кішірейте суреттеу.

Астына мінген Тарланның

Тұрпатына қараса,

От орнындай тұяқтан

Оймақтайы қалыпты

Етектейін еріннің,

Екі елісі қалыпты

Қиған қамыс құлақтан,

Жалбыраған жалыннан

Жалғыз қарыс қалыпты.

(«Ер Тарғын» жырынан)

Ирония - келеңсіз жайттарды, ұнамағанды жеңіл, астарлы кекесінмен айту.

Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз,

Артқыға қандай егін еккеніңіз!

Жусақ та денемізден кетер емес,

Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз»

(С.Торайғыров)

Сарказм - ащы мысқылмен, мазақ ете суреттеу.

Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың!

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

(Махамбет)

Шендестіру – екі нәрсені не екі құбылысты екі жағдайда бір біріне қарама-қарсы қойып суреттеу.

Сен алтынсың – мен пұлмын,

Сен жібексің – мен жүнмін,

Сен сұлтансың – мен құлмын,

Сен сұңқарсың – мен қумын.

(Шалкиіз)

Аллегория – дерексіз нәрселерді деректі түрінде суреттеу, яғни көзге көрінбейтінді бейнелер арқылы беру. Мысалы, «Түлкі мен ешкі» ертегісінде түлкі қулық, зорлық; ешкі - аңқаулық бейнелерінде берілген.

Анафора – айтпақ ойды, ұқтырар сезімді мұқият сіңіру үшін өлең жолдарының басында бір сөздің бірнеше қайталанып айтылуы.

Отан – менің ата-анам,

Отан – досым ,бауырым

Отан - өлкем, астанам,

Отан – туған,ауылым,- деген өлең жолдарында «Отан» сөзі әр шумақ басында қайталанып келіп тұр.

Эпифора - өлеңнің әр тармақтарының соңында немесе әр ой ағымының аяқ жағында бір сөздің қайталанып келуі. Ақындар басты назар аударған нәрсенің не болмыстың басты қасиетін өлең жолы аяғында бірнеше дүркін қайталап, оқиғаны үдете,дамыта көрсетеді.

Кетеген болса,түйең жау,

Тебеген болса, биең жау,

Ұрысқақ болса, ұлың жау,

Керіскек болса, келін жау.

(Үмбетей)

Егіздеу - екі нәрсені, құбылысты не ұғым мен сезімді қатар қойып, ұқсата, салыстыра суреттейтін тәсілдер. Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде егіздеу тәсілі қолданылған.

...Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен

Ел қорыған мен едім,

Мен де айырылдым елімнен

Аспандап ұшқан, қызғыш құс,

Сені көлден айырған-

Лашын құстың екпіні

Мені елден айырған-

Хан Жәңгірдің тепкіні

(Махамбет)

Ассонанс – шумақтың алғашқы дыбыстары бірдей дауысты дыбыстан келіп, ерекше үндес табуы (мазмұнға лайық). Махамбет өлеңіндегі

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме?!- деген жолдар бірыңғай «е» дыбысынан басталып, ақынға тән ақтарыла, ағындап, ұрандап тұр.

Аллитерация - өлең жолдарының бірыңғай дауыссыз дыбыстан келіп үндесуі. Дауыссыз, әсіресе қатаң дауыссыз дыбыстар қайталанып, шегелеп айтар ақыл, нақылды, тепсініп толғар тегеурінді күш-қуатты өте әсерлі береді.

Көптер көзін тіккендей,

Көп соңына түскендей,

Көптің несін алыппын?!

Көп кісіден анықпын!

(Махамбет)

Ақ өлең – ұйқассыз, екпін мен ырғақ үндесіп келген өлең жолдары. Бұл тәсіл көбінесе жыраулар мен шешендердің тіліне жақын қалыптасқан.

Қатынасы биік көлдерден

Қатар түзеп қу ұшар

Алға сап тез оқ ата көрмеңіз,

Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай,

Атаның ұлы ер жігітке

Арту-арту оқ келер,

Оңған қатты сөз келер.

Ақ өлеңнің көркемдік табиғаты Еуропа мен орыс поэтикалық дәстүрі және өлеңтаным құрылымына қатысты бағыттарда жан-жақты қарастырылған. Бұл өлеңнің түрлеріне М.Әуезов пен М.Мақатаев,З.Қабдоловтар да ғылыми пікірлер айтқан.

Шумақ – бірнеше тармақтардан ұйқасқа құралып, ішкі мазмұнын ашатын өлең құрылысы. Өлең шумақтарында суреттеу, оқиға, көңіл-күй, сезім т.б.беріледі. Әр қаламгердің өз тақырыбы мен идеясы болады. Тақырып өздерінің таңдауына байланысты қойылады. Шумақтың тармақтары төрт не одан да көп жолдан,шумақ бірден жоғары саннан тұрады.

Мысалы, Жамбыл Жабаев Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман өлгенде үш шумақ өлеңмен көңіл айтып, сәлем жазып жібереді.

Сәлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі кеткен талайға

Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалайда!

Бір жұтқан судай дүниесін,

Ащысын татып күймесін.

Жапанға біткен бәйтерек,

Жалғызбын деп жүрмесін.

Кемелге келген асыл-ай,

Тасқынды тәңір басуы-ай.

Нар көтерген ауырға

Арқасын тоссын жасымай!

Ұйқас – шумақтың соңғы тармақтарындағы дыбыстардың өзара үндесіп келуі, өлең өнерінің мазмұндық, формалық сипаттарының үйлескен негізгі белгісі, бөлігі.

Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің «Өзен»деген өлеңінде

Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп жарқыраған

Жел соқса,ыстық соқса,бір қалыпта

Аралап тау мен тасты арқыраған,-деген жолдарда «сарқыраған, жарқыраған, арқыраған» сөздерінің буындары ұқсас келіп, өзара үндесіп, ұйқас жасап тұр.

Ұйқастың қара өлең ұйқасы, аралас,шалыс, ерікті, егіз, шұбыртпалы ұйқас т.б.түрлері бар.

Қара өлең ұйқасы - 1, 2, 4 жолдар бір-бірімен буын, бунақ, дыбыс үндестігі жағынан ұйқасады да, 3 жол басқа жолмен беріледі. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» өлеңі қара өлең ұйқасымен жазылған.

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, а

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын а

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп, б

Жүреді біліп-кетіп есен-сауын а

Егіз ұйқас – қатар тұрған екі тармақтың буын, бунақ, дыбыс үндестігі жағынан өзара ұйқасып келуі немесе арасына бір тармақ тастап отырып ұйқасуы.

Алыстан сермеп, а

Жүректен тербеп, а

Шымырлап бойға жайылған. б

Қиуадан шауып, а

Қисынын тауып, а

Тағыны жетіп б

Толғауы тоқсан, қызыл тіл, в

(«Сегіз аяқ» Абай.)

Шалыс ұйқас – тармақтардың екі жолдан, үш жолдан ұйқасып, келесі тармақтың ұйқассыз келуі немесе 1- жолы мен соңғы жолының ұйқасып, арасындағы тармақтардың ұйқассыз келуі. Бұл тәсілді Сүйінбай Аронұлының мына өлеңінен аңғаруға болады:

Сүйінбай деген мен едім,

Әкем Арон тұқымы

Көжеқатық қой сұрап,

Дүйсен деген біреуге

Кеше күндіз кеп едім.

Шұбыртпалы ұйқас - өлеңнің бірнеше тармағы ұйқасып келіп, ара-тұра тармақтарының ұйқаспауы. Исраил Сапарбайдың «Анаңнан асыл бар ма екен?» өлеңінен үзінді:

Босамай ерні күбірлеп,

Құдайға құлша жүгінген.

Береке іздеп бүгіннен

Ертеңге ессіз үңілген.

Тағдырдан көріп тауқымет

Табаны тасқа тілінген.

Жүдеген жүзі жан көрсе,жүрегін ала жүгірген-

Анаңнан асыл бар ма екен?

Ерікті ұйқас – ақынның таңдауы бойынша өлең жолдарының қажетті жерінде ұйқас келуі. Ерікті ұйқас көбіне жыраулардың шығармаларына тән.

Ойыл деген ойынды

Отын тапсақ тойынды

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің.

(Асан қайғы)

Аралас ұйқас - әр түрлі ұйқастың не шумақтың белгілі бір тәртіппен араласып келуі.

Айталық, Қадір Мырзалиевтың «Қазақтарды шетелдік қонақтармен таныстыру» өлеңі аралас ұйқасқа құрылған.

Қазақ осы: а

Айтатұғын жерге сыр б

О, ағайын, в

Халық емес ол кесір. б

Қазақ осы: а

Аңғал-саңғал, г

Жабусыз, д

Қазақ осы: а

Ағыл-тегіл е

Көл-көсір. б

Бунақ - өлең жолдарындағы кідіріс не түскен екпіннің әсерінен бөлінген әр жік.

Буын сандарына қарай бунақ та әрқилы болып келеді. Мысалы, Қасым Аманжоловтың

«Сарыарқа» өлеңі үш бунаққа бөлінеді.

Сарыарқа // сап-сары алтын // жүзген нұрға,

Қоналқы // мекен болған // сан ғасырға.

Сайран тау,//самал жайлау,//сырнайлы өзен

Лебімен // алар тартып,// шықсаң қырға.

Темірхан Медетбектің «Айтыс» өлеңі екі бунақтан құрылған.

Қоймаған соң // қолқалап,

Сөзден жасын // ататын

Шыға келген // ортаға

Екі жақтан // екі ақын

Абай Құнанбаевтың «Сегіз аяқ» өлеңінің егіз ұйқастары бір бунақтан тұрады.

Ауырмай тәнім ,//

Ауырды жаным,//

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,//

Қысылды жүрек,//

Ағызды сығып жасымды.

Тармақ - өлең жолдары, өлеңнің әр тарамы. Қазақ өлеңдері тармақ жағынан 4-тен жоғары болады.

4 тармақты өлең:

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?

(«Шәкірт ойы» С.Торайғыров)

6 тармақты өлең:

Жарық дүние-ай,

Жаным-ай менің,

Ғажапсың!

Ғажапсың, шіркін!

Амал не, тезсің,

Аз-ақсың...

(Мұқағали Мақатаев)

9 тармақты өлең:

Сен менің өзімді көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең

Шошыр едің!...

Сен онда ойланар ең,

Мен болып сезінер ең,

Мен болып көз ілер ең,

Жеткізе алмас ең бұны

Адамның сөзіменен.

(Төлеген Айбергенов)

Көркемдік теориялық ұғымдар қазақ әдебиеті тіліндегі тәсілдердің барлығымен дерлік жасалып, ерекше көркемдік, бейнелік мәнге ие болған. Көркемдік жасауда жоғары эстетикалық талғам,көркем ой орамынан туған бейнелеуіш құралдар сонылығымен таңдандырмай қоймайды. Бәрі идеялық-эстетикалық мақсатқа қызмет етіп әсем үйлесім табады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. З. Қабдолов “Сөз өнері”. Алматы. Санат.2002

2. А. Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш”. Алматы. Атамұра.2003.208 б.

3. Қ. Жұмалиев “Әдебиет теориясы”. Алматы. Мектеп.1968.243 б.

4. Уәлиұлы Н. Қазақ сөз мәдениетінің ғылыми теориялық негіздері. Алматы. 2007.308 б.

5. Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер. Алматы. «Жазушы». «Ымырт» деп аталатын 1-кітабы.1 961

6. Бес ғасыр жырлайды. Алматы.Жазушы. 1989. 384 б.

7. Әдебиет. Хрестоматия. 5 сынып. Құрманбай Қ, Әрінова Б,Омарова Г.Атамұра. 2010.

8. Әдебиет. Хрестоматия. 6 сынып. Ісләмжанұлы К, Баттал Р.Атамұра. 2011

9. Әдебиет. Хрестоматия. 7 сынып.Құтқожина, Сәметова.Атамұра. 2012

10. Қазақ әдебиеті. 8 сынып. Әбдезұлы К,Тұрсынғалиев.Арман-ПВ. 2012

11. Қазақ әдебиеті. 9 сынып. Ұ.Асыл, Т.Жұмажанова.Мектеп. 2013

12. Қазақ әдебиеті.10 сынып. Алпысбаев, Әбдіғазиұлы,т.б.Сманов.Мектеп. 2014

13. Қазақ әдебиеті.11 сынып. Нұрғали, Алпысбаева, т.б.Жазушы. 2011



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
» 85 жастағы қызылордалық ақсақал 2 млн түп ағаш еккен
Пікір жазу