Кнут Гамсун «Аштық» романындағы автор бейнесі. Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал. 18-сабақ.
2-тапсырма.
Романның үзінділерінен автор бейнесін айқындайтын көркемдегіш тәсілдерді табу.
Романнан үзінділер | Көркемдегіш тәсілдер |
Мұның өзі адамға мәңгі өшпес із қалдыратын таңғажайып кент Христианияның көшесінде аштықтан бұратылып қаңғып жүрген күндерімде болған еді. | |
Жарық барған сайын молайып, есіктегі хабарландыруды оқуға кірістім, әлгіндей емес, қайралған тістей ырсиған жіңішке әріптердің өзін айырып, «Андерсен бикештің дүкеніне кірген бойда оңға бұрылсаң, ең жақсы көрпе сатып алуыңа болады» деп хабарлайды. | |
Кері бұрылып, оразамды немен ашуды ойлап, бұрышта керуеттің аяғына таман жатқан түйіншегімді іздеп, одан тіске басар түк таппаған соң, терезеге қайтып оралдым. | |
«Жоқ» деп бетімді қайтарғандар, тіпті қабыл алмағандар, жартылай уәде бергендер бұл қалада қаншама, үміт пен күдік алмасып, бақ сынап көруге қанша тырысқанмен, бәрі де құрдымға кетіп, маңдайым тасқа тиіп, тауаным шағылып, әбден мұқалып біттім. | |
Аштық әкетіп барады. Іші толы күміс ақша тәрізденіп, томпиып жатқан үрленген ақ қапшыққа қараймын, көзім түскен сайын оның іші бос емес сияқты көрінеді... Көзіммен ішіп-жеп, оны іліп әкеткім келді. |
3-тапсырма.
Романдағы автордың монологін және кофеханадан шыққан жас жігіт пен автордың арасындағы диалогты оқып, автордың аш тұрғандағы жай-күйіне талдау жасау.
Монолог
Құдай-ау, қайтсем де жолымның болмайтыны не, осы?! Өзімді іштей әлденеше сыбап алып орындықтан тұрдым да, жаяу сүрлеумен ерсілі-қарсылы жүрдім. Айнала құлаққа ұрған танадай, аулақта король сұхбаттағы маңында бәзбір бала күтушілер арбаға сап сәбилерді қыдыртып жүр, басқа тірі пенде көрінбейді. Шат - бәлекейім шығып, есінен адасқан адамдай, орындықты айналшықтап жүрдім де қойдым. Жан-жағымнан қаумалап, қырсықтың шыр айналдыруын қарашы. Қалтамда соқыр тиынға татымайтын қарындаштың жоқтығы себепті менің үш бөлімнен тұратын философиялық шығарма жазуыма болмайды. Ал Пилсатредетке оралып қарындашымды барып алсам қайтер еді? Онда сейілдеушілер қашан баққа сау еткенше, біраз жазып тастамаймын ба! Философиялық таным туралы бұл туындыға көп мәселе байланысты, бәлкім адам бақытының тамыры да сонда жатқан шығар. Өз пайымдауымша, жас адамдарға ол еңбек өте-мөте пайдалы болмақ. Егер жақсылап ой елегінен өткізсек, маған Кантқа тарпа бас салудың еш қажеті жоқ; оның жолын табу оңай: сөз уақыт пен кеңістік жайына оралғанда сәл бір жаққа ауытқысаң жетіп жатыр, ал оның есесіне анау қарт пірәдар Ренаның сыбағасын беремін аямай... Алайда, қайткенмен бірнеше баған ғып жазып тастау керек. Пәтерге ақы төлегенім жоқ, күнде ертең баспалдақта кездесіп қалсам - ақ, қожайын ала көзімен ата қарайды. Сол қарасы жанымды ешбір күңгірт ой тұмшаламаған ең бір қуанышты сәтімде де қалқып шыға келеді.
Диалог
Ратушадағы сағат жетіні көрсетіп түр. Кофеханадан онша ұзамай, ерсілі-қарсылы жүріп, торкөз темір арқылы кім кіріп, кім шыққанын жіті қарап бақылап тұрмын. Ақыры, сегіздер шамасында кофехананың есігіне бет алған тап-таза, әсем киінген жас жігітті де көрдім - ау. Оны көргенде жүрегім тордағы құстай тыпыршып, амандық-саулық жоқ жетіп бардым.
- Жарты крон беріңізші, ескі дос! - дедім ұятты жиып қойып. - Мынау сізге соның кепілі, - деп кішкентай түйіншекті қолына ұстата салдым.
- Бере алмаймын, - деді ол шорт кесіп. - Құдай ақы, қазір ештеңем жоқ! - Ол әмиянын аударып, мұрныма тақап кеп көрсетті. - Кеше кешкісін қызық қуып қызықтаймын деп, бүгін тақырға отырып қалдым. Сеніңіз, соқыр тиыным жоқ.
- Оқасы жоқ, достым! - дедім сөзіне сеніп.
Түкке тұрмайтын тиын-тебенге бола ол өтірік айтпасқа керек, тіпті қалталарын ақтарып түк таппағанда, оның сұрғылт көзі жасаурап та кетті. Мен кері шегіндім.
- Олай болса, кешір! - дедім. - Жай бір қиындыққа тап болып тұрғаным.
Бұрылып кетіп бара жатыр едім, ол дауыстап шақырып түйіншекті есіме салды.
- Өзіңізде қала берсін, - дедім мен де дауыстап. - Маған да бір мархабат етіңіз! Онда бір ұсақ-түйек болмашы бірдеңелер. Менің бүл жалғанда жиған ымнан қалған барым сол.
Өз сөзіме өзім толқып кеттім, мынау ымырт қараңғылығында даусым сондай мұңлы естілді де өзім де жылап жібердім.
Кнут Гамсун «Аштық» романы
БІРІНШІ БӨЛІМ
Мұның өзі адамға мәңгі өшпес із қалдыратын таңғажайып кент Христианияның көшесінде аштықтан бұратылып қаңғып жүрген күндерімде болған еді.
Үйдің шатырындағы баспанамда кірпік қақпай жатып төменде сағаттың алтыны соққанын есіттім, таң әбден ағарып, баспалдақпен жоғары-төмен жүгіріс басталды. Бөлмемнің есігі "Ертеңгілік газеттің" ескі сандарымен желімдеп тасталған болатын, одан маяк қарауылының құлақтандыруын айқын көріп жатырмын, ал одан сәл солға қарай баттиған қара әріппен жазған Фабиан Ольсеннің буы бұрқырап жаңа піскен нанын жер-көкке сыйғызбай мақтаған жарнамасы тұр.
Көзімді аша сала, ежелгі әдетім бойынша, бүгінгі күн көңілімді несімен жұбатар екен деп ойладым. Кейінгі кезде күнкөріс қиындап кетті, азын-аулақ жиған-тергенім "Қомағай қарттың" құлқынына жұтылып, жүйкем жұқарып ашушаң болып алдым, басым айналғандықтан бірнеше күн төсектен де қозғалмадым. Ара-тұра, сәтін салғанда, бәзбір үнпарақтардан болмашы мақалаларым үшін бес крондай ақша алып тұрушы едім.
Жарық барған сайын молайып, есіктегі хабарландыруларды оқуға кірістім, әлгіндей емес, қайралған тістей ырсиған жіңішке әріптердің өзін айырып, "Андерсен бикештің дүкеніне кірген бойда оңға бұрылсаң, ең жақсы көрпе сатып алуыңа болады" деп хабарлайды.
Терезені ашып, аулаға көз тастадым. Көзім кір ілетін керулі жіп пен алаңқайға түсті, одан әрірек күйіп кеткен ұстахананың қаңқасы, айналасында көмірді қотарыстырып жүрген кісілер көрінді. Терезенің жақтауын шынтақтай тұрып алысқа көз жібердім. Сез жоқ, күн ашық болғалы тұр. Күз де келіп қалды, кәдімгі бәрі түсін өзгертіп, оңып - солатын ғажайып салқын шақ қой. Бұл көшеде дабыра - шу көбейіп, мені үйден шығуға еліктіріп тұрған тақылетті. Түгі жоқ түт жалаңаш бөлменің едені адым аттаған сайын ойбайын салып, сықырлай жөнеледі, бәзбір тоз-тозы шыққан шірік сасық табыт сияқты. Есікте жөні түзу құлып та жоқ. Пеш дегеніңді тіпті атама, таңға дейін сәл де болса кепсін деп, шұлығымды жамбасыма басып жатамын. Көңілге медеу тұтар жалғыз ғана зат кішкентай қызыл әткеншек, кешкісін соған тербеліп әрнені ойлап жатып қалғып кететінім бар. Кейде күшті жел көтерілгенде, астыдағы кірер есік ашық болса, бөлме азынап қоя береді де, қабырғасы мен едені небір өксік сарынға салып уілдеп кетеді. Есікке жапсырылған газеттен менің саусағым сыйып кететіндей саңлау пайда болады.
Kepi бұрылып оразамды немен ашуды ойлап, бұрышта кереуеттің аяғына таман жатқан түйіншегімді іздеп, одан тіске басар түк таппаған соң, терезеге қайтып оралдым.
"Жалпы, жұмыс іздеп табуымды бір құдайдың өзі біледі" деп ойладым тағы да. "Жоқ" деп бетімді қайтарғандар, тіпті қабыл алмағандар, жартылай уәде бергендер бұл қалада қаншама, үміт пен күдік алмасып, бақ сынап көруге қанша тырысқанмен, бәрі де құрдымға кетіп, маңдайым тасқа тиіп, тауаным шағылып, әбден мұқалып біттім. Ақыр аяғында кассир болуға да бел буып едім, одан да кешігіп қалдым, оның үстіне елу крон кепілдік салуға қалтам көтермеді. Өмір-бақи осылай бірдеңе бөгет болады да жүреді. Тіпті өрт сөндірушілер жасағына да сұранып көрдім. Ол жолы елу шақты адам жиналдық, әрқайсымыз кеудемізді керіп, өзімізді керемет күш иесі, ештеңеден беті қайтпайтын өжет етіп көрсетуге тырыстық. Жалдап алушы қатарымызды аралап, ерсілі-қарсылы жүріп, кейбіреудің бұлшық етін ұстап көріп, бірдеңелер сұрап, маған келгенде басын шайқап, бұл іске көзілдірікті кісі жарамайды деп бұрқ етті. Көзімнің өткірлігі қанжардың жүзіндей екенін көрсеткелі көзілдірігімді тастап, қайта келіп, мұрнымды бір тартып қойып тұр едім, ол жанымнан тағы да өтіп, жымиып күлді де қойды, себебі мені танып қалды. Оның үстіне үстідегі киімімнің де әбден тозығы жетіп, жұмыс берушіге мені жөндем адам деп көрсетерлік емес еді.
Осылай бірте-бірте бұлтармай құздан төмен сырғып бара жаттым. Ақыр соңында ауызға алар ештеңем, тіпті тарақ пен мұң басқан мезетте жұбаныш қылар кітапша да болмай қалды. Жазда кез келген күні зиратқа немесе құлпы сарай тұрған баққа кетіп қалушы едім. Онда ұзақ отырып, газет үшін ұбақ-шұбақ мақалалар жазатынмын. Оларда не жоқ дейсің, құйқылжыған қиялымнан туған небір ғажайыптар, ойға келмейтін, көңіл сенбейтін оқиғалар, шалдуар шәлкес қимылдар кездесетін. Өрлікпен өжеттеніп ең бір есте жоқ шетін тақырыптарға барып, азапқа түсіп, оларды сарылып сағаттап жазғаныммен басып шығаруға ешкім бел бумайтын. Редакторлардың қабылдамағанына қынжылмай, мақаланың бірін бітіріп, екіншісін бастайтынмын. Әйтеуір бірде болмаса бірде еңбегім жанатынына өзімді-өзім сендіруге тырыстым. Шынында да, бәз бірде бағым жанып, қаламымнан тәп-тәуір бірдеңе туып қалып, жарты күндік еңбегіме бес крон алып жүрген де кезім болды.
Терезеден тағы да кері бұрылып, қолжуғышқа келіп, шалбарымның түтеленіп бара жатқан тізесін суладым, ондағым қарайып жаңа көрінер ме екен деген ой ғой. Оны орындап, әдетім ше қағазым мен қарындашымды қалтама салып, есіктен сыртқа шықтым. Қожайынымның көзіне түсіп, көңілін бөлмес үшін баспалдақпен байқап басып үн-түнсіз түсуге тура келді, өйткені пәтерақы төлеудің мерзімі баяғыда өткен. Төлейін десем қалтамда түк жоқ.
Сағат тоғызды соқты. Арбалардың даңғыры мен адамдардың даусы ауаны жаңғырықтырып, жаяулардың аяқ тарсылы жәмшік қамшыларының суылына қосылып, жүз дауысты таңғы хор басталып та кетті. Сонау шулы қозғалыс мені де желпіндіріп, өзімді сенімдірек сезіндім. Әрине, мені қызықтыратыны әншейін ғана таңғы таза ауада қыдырып қайту емес. Менің өкпеме ауаның қажеті қанша? Өзімді алып дәудей әлуетті сезініп, иығымды тосып тұра қалсам, ат-арбаны тоқтататындай көріп келемін. Өзіме - өзім дән риза болып, таң-тамаша ғажайып бір сезімнің құшағында балқимын. Қарсы жолыққандарды көзіммен ұзатып, үйлердің маңдайшасындағы жарнамаларды оқимын. Жанымнан өткен күймелерден өзіме түскен көздерді аңдап, жолай кездесіп, бірден ғайып болған кездейсоқ құбылыстардың құйтымдай да қалт жібермей, бәр-бәрі байқап келемін.
Қандай ғажап күн десейші! Тек тіске басар бірдеңе табылса ғой. Таңның шаттық шапағатына басыммен сүңгіп, кеудемді қуаныш кернеп, әй жоқ, шәй жоқ ыңылдап әндете бастадым. Ет дүңгіршегінің жанында шұжық таңдап, қолында себеті бар бір әйел тұр екен, ол да маған қарады. Аузынан жылтиып жалғыз-ақ, тісі көрінеді. Кейінгі күндері мен кіді де кінәмшіл болып кеттім, әлгі әйелдің жүзі маған жексұрын көрінді: сап-сары ұзын сояудай тісі шынашақ секілденді, маған көз аударғанның өзінде де қарасынан шұжықты ойлап тұрғаны білінді. Тамақ ішуге бірдей-ақ зауқым соқпай кеңірдегіме лоқсық кептеліп қалды. Базарға жетісімен, крандағы судан қанып ішіп, басымды көтеріп Құтқарушы шіркеуінің мұнарасына қарасам, сағат тілі онды көрсетіп тұр екен.
Ойсыз - күйсіз қаланы кезіп көп жүрдім де, сосын еш себепсіз бір бұрышта біраз тұрып, еш жұмысым онда болмаса да, бүйірдегі көшеге бұрылдым. Сәрінің шаттық шуағына сүңгіп, ағынмен ығып, еш алаңсыз көңілді жұрттың арасында ерсілі-қарсылы жүрдім де қойдым. Ауа таза, сыңғырлап тұр, көңілге кірбің түсірер ештеңе жоқ.
Алдымда он минуттей ілгері бір ақсақ шал кетіп барады. Бір қолында ұстаған түйіншегі бар, ал аяғын жебей басу үшін барын салып ілгері ентелей түседі. Оның алқына дем алған тынысын естіп келемін, қуып жетіп түйіншегін алып көмектесейін деп едім, ол ойымнан айнып қалдым. Гренсенге таяу Ганс Паулиді кездестіріп едім, ол басын иіп, шапшаң басып өте шықты. Өзі қайда асығып барады екен, ә? Одан ақша сұрар ойым жоқ еді ғой, қайта бұдан бірнеше апта бұрын алған көрпемді қайтарып бермек едім. Сәл-пәл қиындықтан құтылсам - ақ, көрпесін қайтармапты деп ешкім де айта алмас еді-ау. Келешектегі қылмыстың рөлі туралы, болмаса ерік еркіндігі жайындағы, немесе басқа да маңызды бірдеңе жөніндегі мақаламды дәл бүгін жазуға отырып, оған ең кемі он крон алмасам ба... Кенет көкірегімді ойлар кернеп, дереу іске кірісуім қажет екенін сезіндім де, бақ ішінен оңтайлы жер іздеп, мақалам жазылып біткенше демалыс дегенді қаперіме де алмасқа бел будым.
Ал ақсақ қарт бүкшиіп алып алдымда ербеңдеді де отырды. Ақыр соңында ол алдымда ұдайы қараңдап отырып мені шамдандыруға айналды. Бұның тіпті таусылар түрі жоқ, әлде ол да мен баратын жерге бара ма екен, онда көзге түрткі боп алдымда қорбаңдайды да отырады ғой. Осылай толғанбағыма да шара жоқ, ол қасақана істегендей әрбір бұрылыста аяқ алысын баяулатып, дәл мені күткендей кідірді де, түйіншегін сермеп бекем ұстап алып, маған жеткізгісі келмегендей, бүгжеңдеп қайта тартады. Мынау байғұс мүгедектен көз алмай келе жатып, оған деген ашу-ызам да өрши түседі, көтеріңкі көңіл күйімді ол біртіндеп бұзумен бірге тап-таза тамаша сұлу таңды сұмпайы сұрымен бүлдіріп бара жатқандай сезінемін. Ол табан жолды түгел жауып ілгері жылжып бара жатқан, мертігіп сүлдерін сүйреткен алып шыбын-шіркейге ұқсайды. Қырқаға көтерілгенімізде оның қорбаңдағанын қайтып көрмес үшін жарнама әйнектің алдына тоқтап, оның ұзап кеткенін күттім. Бірнеше минуттен кейін қайта қозғалсам, ол кісі алдымнан тағы да шыға келді. Зайыры, ол да аялдаған болса керек. Кеп ойланып жатпай үш-төрт қарышты қадам жасап қуып жеттім де, иығынан қақтым. Ол тұсалғандай тоқтай қалды. Бірімізге - біріміз қадала қарастық.
- Қанша болса да, сүт сатып алуға бірдеңе беріңізші! - деп күрсінді де басын бір жақ иығына қисайтты ақыр соңында ол.
Ал керек болса, құдайдың айдап келіп көрсеткен кебін қара! Қалталарымды ақтарып ештеңе таппаған соң:
- Ай, сүтке дейсің бе... Ым!.. Ал бірақ біздің заманда көшеде жатқан ақша болмайтынын білесіз ғой және сол сүттің қаншалықты қажет екенін мен де білмеймін.
- Кешеден бері Даменнен шыққалы нәр татқаным жоқ, - деді ол. Менде бір де эре қалған жоқ, оның үстіне жұмыс таба алмай жүрмін.
- Қолөнершісіз бе өзіңіз?
- Иә, ... яғни, тері илеуші едім.Қалайша?
- Елтіріні өзім илеп, өңдеп, пішемін. Айтқандай, етік те тіге білемін.
- Бұл енді істің бетін бұрады, - дедім мен.Сәл - пәл күте тұр, жүгіріп ақшаға барып келейін, бірер эре сізге берермін.
Бар пәрменіммен Пилестредет жаққа жүгіре жөнелдім. Ондағы үйлердің бірінің екінші тәжінде бір өсімқор тұратын. Шынымды айтсам, бұрын-соңды алдында болып көрген емеспін. Қиқылдап кіре - ақ желеткімді тез шешіп алып, қолтығыма бастым да, баспалдақпен көтеріліп есікті қақтым. Кіре сала басымды иіп, желеткімді сауда сөресіне тастай салдым.
- Бір жарым крон, - деді өсімқор.
- Қош, рахмет сізге, - деп жауап қаттым,Өзіме қысқалау болмағанда үстімнен тастамас ем.
Ақшасы мен түбіртегін алып кері тарттым. Шын мәнінде зерлетті бәсеке салу ғаламат бір табылған ақыл болды; енді жақсылап ертеңгілік жасап алуыма ақшам қалады, ал кешкісін қылмыстың болашақтағы рөлі жөніндегі мақалам да бітеді. Өмір шіркін бірдей-ақ баяғыдай қатыбас көрінбей, шалға шапшаң жетіп, одан құтылуға асықтым.
- Мінекейіңіз! - дедім оған ақша ұсынып.Ең алдымен менен жәрдем сұрағаныңызға бақыттымын.
Ақшаны алып тұрып ол өзімді бастан-аяқ сүзіп шықты. Мұнша тесіліп қарағаны несі, шіркіннің? Маған ол әсіресе тіземе тесіліп көз алмайтындай көрінді, оның ұятсыздығы жынымды келтірді. Қалайша мынау қаңғырма бұлайша киінгенім үшін мені қайыршы санамақшы? Он крон дық мақаламды жазуға кірісіп, бастап та қойған жоқпын ба? Жалпы келешек маған қатерлі емес, алар сыбағам жетерлік. Мынау жарқырап жайнап тұрған күнде танымайтын адамға азын-аулақ ақша бергенімнің несі айып! Оның маған көз тастасы ұнамаған соң, кетер алдымда ойымды ірікпей айтып кеткім келді де, иығымды қозғап қойып:
- Құрметтім, кісінің тізесіне тесіліп көз айырмайтын жаман ғадетіңіз бар екен. Ол саған табаны күректей бір крон беріп тұрған жан емес пе!
Ол қабырғаға қисая кетіп басын бір сілкіп, аузын ашып аңырды да қалды. Бұл қайыршының миында бәзбір ой оянып, мені өзін мазақ етіп келекелеп тұр деп топшылады ма, ақшамды өзіме қайта ұсынды.
Аяғыммен жер тепкілеп мен оның ақшаны өзінде қалдыруын талап еттім. Ол бәтшағар жерді мен босқа тепкілеп тұр деп ойлаған жоқ па екен, өзі? Шынтуайтқа келгенде, мен оған бір крон беруге де тиіспін, бұл дегенің өзі ежелгі борыш, оның ісі бақайшағына дейін адал байсалды адамға түсіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, ол соның ақшасы... Ай, алғыс айтардай ештеңе жоқ, ең алдымен қуанышым қойныма сыяр емес, өзі. Жолыққанша!
Сөйтіп кетіп қалдым. Ақыры, әлгі беймаза мүгедектен құтылдым, енді маған ешкім бөгет болмайды. Пилестредетке қайтадан барып азық-түлік дүкеніне тоқтадым. Сауда сөресі ішіп-жемге сыймай сықасып тұр екен, ішке кіріп бірдеңе алып шығуға бел будым.
- Бір кесек сыр мен француз тоқашын берсеңіз, - деп жарты кронды сатушы алдына тастай салдым.
- Барлық ақшаңызға сыр мен нан берейін бе? - деп кекете сұраған сатушы маған көз де салған жоқ.
- Иә, барлық елу эреге беріңіз, - дедім мен де міз бақпастан.
Сатып аларымды алып, тырсиған толық кәрі сатушы әйелге ілтипатпен бас иіп бақ тұрған адырға тарттым. Бақтан бір орын тауып алып тамақтануға кірістім. Бойым сергіп сала берді; мұндай мол олжа менде көптен болған емес, бірте-бірте сабама түсіп, өзімді-өзім сергек сезіне бастадым. Әдетте көз жасыңды түгел төгіп жылағанда осылай мауқың басылып жеңілденіп қалушы ең. Ұзамай көңілім әбден көтеріліп, рухтанып кеттім, енді маған тарихқа сәл-пәл үңілген кез келген кісі аңғаратын келешектегі қылмыстың рөлі туралы қарабайыр астарсыз мақала жазу мүмкіндігімнен төмен болып көрінді де, өзімді мен керемет қиыншылықтарды жеңіп шығуға қабілетім қаптал деп есептеп, философиялық таным жөнінде үш бөлімнен тұратын шығарма жазуға бел байладым. Әлбетте, Кант софизмінің кейбір қағидаларының күлін көкке ұшыруға шімірікпеймін. Жазу құралдарымды алып іске кіріспек едім, қарындашымның жоқтығын бір-ақ білдім. Бейбақ басым, бағана оны өсімқордың сөресіне тастай салған желеткімнің қалтасында қалдырып қойыппын.
Құдай-ау, қайтсем де жолымның болмайтыны не, осы?! Өзімді іштей әлденеше сыбап алып орындықтан тұрдым да, жаяу сүрлеумен ерсілі-қарсылы жүрдім. Айнала құлаққа ұрған танадай, аулақта король сұхбаттағы маңында бәзбір бала күтушілер арбаға сап сәбилерді қыдыртып жүр, басқа тірі пенде көрінбейді. Шат - бәлекейім шығып, есінен адасқан адамдай, орындықты айналшықтап жүрдім де қойдым. Жан-жағымнан қаумалап, қырсықтың шыр айналдыруын қарашы. Қалтамда соқыр тиынға татымайтын қарындаштың жоқтығы себепті менің үш бөлімнен тұратын философиялық шығарма жазуыма болмайды. Ал Пилсатредетке оралып қарындашымды барып алсам қайтер еді? Онда сейілдеушілер қашан баққа сау еткенше, біраз жазып тастамаймын ба! Философиялық таным туралы бұл туындыға көп мәселе байланысты, бәлкім адам бақытының тамыры да сонда жатқан шығар. Өз пайымдауымша, жас адамдарға ол еңбек өте-мөте пайдалы болмақ. Егер жақсылап ой елегінен өткізсек, маған Кантқа тарпа бас салудың еш қажеті жоқ; оның жолын табу оңай: сөз уақыт пен кеңістік жайына оралғанда сәл бір жаққа ауытқысаң жетіп жатыр, ал оның есесіне анау қарт пірәдар Ренаның сыбағасын беремін аямай... Алайда, қайткенмен бірнеше баған ғып жазып тастау керек. Пәтерге ақы төлегенім жоқ, күнде ертең баспалдақта кездесіп қалсам - ақ, қожайын ала көзімен ата қарайды. Сол қарасы жанымды ешбір күңгірт ой тұмшаламаған ең бір қуанышты сәтімде де қалқып шыға келеді. Бұның бір ақыр - тақырын шығару керек еді. Жедел басып бақтан шықтым да, қарындашымды алғалы өсімқорға тарттым.
Қырқадан түсіп, екі келіншекті басып оздым. Байқамай біреуін жеңіммен қағып кетіп, бұрылып қарап, аппақ қудай толық жүзін көзім шалды. Кенет оның жүзі лып ете қалып ғаламат сұлуланып кетті, кім білсін, жанынан өткен біреу бірдеңе айтты ма, әлде өзінің құпия бір ойлары есіне түсті ме екен? Әлде менің қолым қолына тиіп кеткендіктен бе? Оның көз тартар омырауы толықси көтеріліп - басылып, қолшатырының сабын қыса түседі. Бұған не боп қалды?
Мен кідіріп, оны алдыма жібердім, енді әрі қарай жүруім мүмкін болмай қалды, осының бәр-бәрі бір ғаламат болып көрінді. Ыза болып, қарындаш іздеп сандалған Өзіме - өзім ашуландым, ұзақ аштықтан кейін құныға ішкен тамақ та тұла бойымды ысытып жіберді. Ішкі ойым алай-түлей бұрқанып, мынау бикешті қорқытып, артынан қуып жетіп, бәзбір ыңғайсыз іс істеу пиғылы ойымды баурап алды. Оны қайтадан қуып жетіп, басып озып жүзін дұрыстап көргелі кілт кері бұрылдым да, бетпе-бет тұра қалдым. Оның көзінен көз алмай тұрып, ешқашан естіп білмеген толқымалы, толқынды Илаяли деген бір есімді ойлап таба қойдым. Ол тіптен таяп келгенде, басымды сілкіп қалып, қатқыл үнмен:
- Кітабыңызды жоғалтып аласыз, бикеш, - дедім.
- Кітапты ма? - деп ол серігінен сұрады да, әрі қарай жүре берді.
Ызақор табандылығым тапжылтпай, оның қыр соңынан қалмадым. Әрине, сол сәт ессіздік жасап тұрғанымды сездім, бірақ оны жеңер шамам болмады, толқыныс ілгері жетелеп, өзімді-өзім ауыздықтай алмай, шәлкем-шалыс қимылға бардым. Есуас, нақұрыс адамның ісі сияқты істегенің, деп өзімді қанша сөккеніммен де, оның еш көмегі болмай, келіншектің ту сыртынан бет-аузымды қисаңдатып қалмай қойдым, қуып жетіп және қатты жөтелгенімді қайтерсің. Енді баяу басып, оның алдында бірнеше қадамдай озып, жон арқамды шымырлатқан оның көзқарасын сезініп монтаңдап келемін, ойыма еріксіз ұят ұялап, оның алдында өзімді өте ерсі ұстағанымды түсіндім. Біртіндеп мені бір оқшау түйсік билеп алды, өзім болсам, бұл арадан әлде қайда алыста екенмін деймін, ал менің орнымда мынау тас тақталарды тырпылдап басып төмендеп басқа біреу келе жатқан тәрізді.
Бірнеше минуттен кейін келіншек Пашаның кітап дүкеніне келгенде, мен бірінші жарнама әйнектің алдында тұр едім, оған қарсы жүріп бағанағы сөзімді қайталадым:
- Кітабыңызды жоғалтып аласыз, бикеш.
- Ал ол қандай кітап? - деп үрейлене сұрады ол,Қандай кітап жайында айтып тұрсыз?
Аң-таң боп ол қалт тұра қалды. Оның қысылғанын көріп, менің қыбым жанып барады, көз алдымда абдырағаны қызық көрінеді маған. Мені әкетіп бара жатқан ызақорлық оған бимағлұм, шынтуайтқа келгенде, онда ешқандай кітап жоқ, тіпті оның парағы да жоқ, бірақ ол көйлегінің қалтасын ақтарып қарап жатыр. Қолына қарап, басын шайқап қояды, артына бұрылып әуреленеді, нәзік миын қамшылап қандай кітап туралы айтып тұрғанымды білуге тырысады. Бір қызарып, бір бозарып, бет бейнесі жүз құбылып, ауыр күрсінгенін естіп тұрмын, тіпті оның көйлегінің түймесі де үрейленген көзіндей маған қарайтын тәрізді.
- Оған назар аудармашы, - деп құрбысы оны қолынан тартады.Ол мас қой! Оның мас екенін көрмей тұрсың ба?!
Сол сәт көзге көрінбейтін керемет бір күш әбден билеп-төстеп алған мен өзімнен қаншалық қашық болсам да, назарымнан айналадағының ештеңесі қағыс қалмаған. Міне, бір қызыл төбет көшені кесіп өтіп, бульварға барып, одан бүлкілдеп Тиволь жаққа тартты, мойнында күміспен зерленген қарғы бауы бар. Одан сәл әрірек дәл осы көшеде екінші тәжден терезе ашылып, одан қызметші әйел сыртқа сұғынып, жеңін түріп, әйнекті жууға кірісті. Менің назарымнан ештеңе қағыс кеткен жоқ, өйткені ақыл-ойым айқын, зерде -жадым мығым болатын. Эсер атаулының бәрі сәуленің жарқ ете түскені сияқты санама тез сіңеді. Алдымда тұрған екі әйелдің қалпақтарындағы қауырсындары кек, мойындарына салған жібек шотланд мойын орамалы. Маған өздері апалы-сіңлілі сияқты көрінді.
Олар аулақ барып, Сиюлердің, музыка дүкенінің жанына аялдап, әңгімелесе бастады. Мен де кідірдім. Сосын екеуі де кері бұрылып, келген жолына қайта түсіп, қасымнан өте шықты да, Университет көшесіне бет алып, Қасиетті Улап алаңына қарай тартты. Мен болсам, олардың түп ізіне түсіп, соңынан қалмауға тырыстым. Бірде олар жалт бұрылып, мені керіп шошып кетті, соған қарамастан қабақ шытпай, қылығымды қызық керіп ашу шақырған жоқ. Беймазалығымды мұнша көтергендеріне өзім ұялып, көзімді төмен салдым. Енді оларды ығыр қылмай, разылық бейілмен соңдарынан ұзатып салып, тағы да бір жерге кіріп, көзден ғайып болуын күттім.
Нөмірі екі, төрт тәжілі үлкен үйге тағы да бұрылды олар. Арасандағы газ фонарды тасаланып, олардың баспалдақты тық-тық басқан қадамын тыңдап тұрмын. Аяқ тықыры екінші тәжден тынды. Фонардан аулақтап жоғарыға терезелерге қараймын. Кенет бір керемет болды, жоғарыда перде ысырылып, терезе ашылып, одан бас қылтиып, ғажайып көздер маған тоқтады. Оған "Илаяли!" деп үздіге сыбырлап, өзімнің қызарып кеткенімді сезіндім. Оның ешкімді шақырмағаны несі? Неге ғана маған басыма гүлдің қыш құмырасын лақтырмады немесе қуып таста деп кісі жібермеді. Біз міз бақпай бірер минут бір-біріміздің көзімізге қарадық, терезеден табан жолға ой-пікірлер домалап жатқан сияқты, бірақ ләм-мим деп тіл қатысқан жоқпыз. Ол бұрылып кетті де, қимылымен жүрегімді солқ еткізіп, бойымды болмашы діріл биледі. Көзден баяу ғайып болған оның иығының қимылы маған берген белгісі іспетті; сол сәлемді бүкіл болмысыммен, жан-жүрегіммен сезініп, ғаламат бір қуаныш кеудемді кернеп кетті, Аз-мұз кідіріп барып бұрылдым да, көше бойлап жүре бердім.
Артыма қарауға батылым бармады, терезеге ол тағы да келіп, мені іздеген - іздемегенін біле алмадым, осы да мені іштей мүжіп, жанымды қоярға жер таппадым. Бәлкім, сол сәт ол менің әрбір қимылымды бағып байқап тұрған шығар, соны біле алмай басым дал болды-ау, дал болды. Қайткенмен төтелей тартуға тырысып, тоқтамай жүре бердім, тізем дірілдеп, аяғымды шалыс басып келемін. Бұл әсем жүремін деп әурелегеннің салдары. Байсалды да немқұрайды көрінуге тырысып, қолымды сермеп, түкірініп, танауымды көтермек боламын, бірақ бәрі де құр әуре. Ту сыртымнан ұдайы сынай қараған көздерді сезіп, бойымды бір суық шарпып өткендей боламын. Ақыр аяғында бүйірдегі көшеге сүңгіп, одан қарындашымды алғалы Пилестредетке бет бұрдым.
Қарындашты алу маған түкке де тұрған жоқ. Өсімқор желеткімді өзі әкеп беріп, барлық қалтасын ақтарып қарауымды өтінді, олардан бірнеше салым түбіртіктерін тауып, қалтама сүңгіттім де, ескерткені үшін қожайынға алғыс айттым. Ол маған барған сайын ұнай түсіп, жақсы әсер қалдырғым келіп кетті. Есікке қарай бірер қадам жасадым да, бәз бірдеңем ұмыт қалғандай сауда сөресіне қайта бұрылдым. Оған бәрін бүге-шігесіне дейін баяндауым керек сияқтанды да, назарын өзіме аудару үшін ақырын ыңылдап әндете бастадым. Содан соң қолыма ұстаған қарындашты жоғары көтердім.
- Мынау адыра қалғыр қарындаш үшін сонау алыстан қайтып келем деген ой үш ұйықтасам басыма келген емес, - дедім мен.Ал бұл арада мәселе мүлдем басқа. Мына қарындаш тұқылы қаншалық қораш көрінсе де, осының арқасында адам қатарына қосылып, айталық, өмірден өз орнымды таптым емес пе...
Толқығандай тоқтап, үндемей қалып едім, қожайын сауда сөресіне тақап кеп:
- Солай ма еді? - деп таңырқап бетіме қарады.
- Осы қарындашпен мен философиялық таным туралы үш томдық шығармамды жазып шықтым ғой, - деп салдым ешбір шімірікпей.Ол жайында өзіңіз неғып естімей жүрсіз.
Қожайынға өзі шығарманың атын, тақырыбын естіген сияқты көрінді.
- Иә, сол менің шығармам! - дедім мен.Сондықтан мынау қарындаш тұқылын қайтып алып жатқанымның таңданарлық ештеңесі болмас, мен үшін бұның бағасы тым жоғары, бұл менің кішкентай бір досым сынды. Сіздің қайырымдылығыңыз үшін мың да бір рахмет! Жақсылығыңызды ешқашан ұмыт пан. Шын айтамын, мен өзі сондай адаммын, ешқашан ұмытпауға өзіңіз де лайықты сыз. Жолыққанша қош болыңыз!
Бәзбір адам тағдырын шешуге бара жатқандай маңғазданып есікке беттедім. Өсімқор сыпайы ғана сыртымнан екі рет басын иді, мен болсам, қайта бұрылып "Жолыққанша!" дедім.
Баспалдақта шамадан ұстаған әйел кездесті. Менің маңғаз кейпімді көрген ол ыңғайсызданып ысырыла жол берді. Оған бірдеңе бергелі өз-өзімнен қалтамды ақтарып ем, ештеңе таппай, басымды салбыратып, жанынан өте шықтым. Сәлден соң оның өсімқордың есігін қағып тұрғанын есіттім. Есік болат темірмен торланған еді, сол сәт кісі қолы тиіп, сыңғырлай шылдыраған үні шықты.
Түстік жақтан күн жарқырап тұр. Шамасы талма түстің шағы. Көшеде халық қабындай бастады, нағыз серуенге шығар кез. Жүзіне күлкі үйіріп бір-біріне бас изескен адамдар легі Карл - Юан көшесін бойлай ағылған толқын тәрізді. Бір уыс боп бүрісіп мен университет маңында топқа қарап аңырып тұрған тамам таныстарымның көзіне түспес үшін жымиып қана өте шықтым. Содан қырқаға шығып, сарай бағында түпсіз терең ойға шомдым.
Осы жұрт қалай ғана көңілденіп, бір-бірімен желпілдеп бас изесе қояды. Зайыры би залының, паркетінде сырғығандай өмірі еркін есіліп өтіп жатқаны ойларының айқындығы болар. Олардың ешқайсысының көзінен мұң табын таба алмадым, иықтарын езген ауыртпалық та жоқ шығар. Алаңсыз көңілдерде не бір күңгірт ойдың, не бір көмескі қайғының көлеңкесі де байқалмайды. Өмір жолын жаңа ғана бастап, бастай бере бақыт дегеннің не екенін ұмытқан жап-жас менің осынау адамдардың арасында сандалып жүргенім мынау! Осындай ойлар мазалап, өзімнің әлемет әділетсіздіктің құрбаны болғанымды ұғындым. Соңғы айларда өмір сүруімнің осыншалық ауыр боп кеткені несі? Менің шыбынсыз жаздай көңілімді біреу бейне өзгертіп қойғандай, қайда барсам, ащы өкініш анталайды да тұрады. Бәзбір орындыққа жайғаса қалсам да, болмашы бір қадам жасасам да, қай-қайдағы келеңсіз оқиғалар тап беріп, жан дүниеме тарпа бас салып ендей еніп, қуат-күшімді құр босқа шашуға мәжбүр етеді. Жанымнан жүгіріп өткен ит те, бәзбір мырзаның жағасындағы сары раушан да ойымды оятып ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салады. Маған не болған, түге? Құдайдың саусағы тек маған ғана шошайып тұра ма, осы? Мені ғана табатыны несі бәрінің? Тақа болмаса, Түстік Америкада тұрса да басқа бір адамды тауып алмай ма? Қаншалық көп ойланып, кеп толғанған сайын тәңірдің өзіне тән жаттығуын жасап, кәсіби сынап көру үшін таңдауы неліктен маған түскеніне ақылым жетпей, санам сансырап кетеді. Бүкіл әлемде таңдауының маған түскені ғаламат; кітап сатушы Паша, кеме уәкілі Хен некен сияқты өзге адамдар да өріп жүрген жоқ па.
Жол-жөнекей осыны ойлап, еш шешімге келе алмадым. Басқалардың күнәсі үшін жауап беруге мені мәжбүр етіп қойған Құдайдың бұндай өктемдігіне қарсы қояр бұлтартпас дәлелді және таппадым. Бос орындық тауып жайғасқанда да бұл мәселе меңдеп алып басқа ештеңе ойлауға мұрша бермей қойды. Мені қырсық шалған мамырдың сол сәтсіз күндерінен бастап болбырап, ерік - күштен, мақсат-мұраттан айырылып, сүлесоқ сылбыр тартып, әбден енжарланып алдым, бейне бір тұла бойыма құйтақандай қисапсыз жыртқыштар жабысып, іштей кеміріп, мүжіп жеп жатқан тәрізді. Ал Құдай жайдан-жай көзімді құртқысы келсе, амалым қанша? Орнымнан тұрып орындықтың төңірегінде ерсілі-қарсылы жүре бастадым.
Сол сәт бүкіл болмысымды жан төзгісіз қайғы-мұң кеулеп кетті; тіпті Колыма дейін сырқырап, оны қайда қоярымды білмедім. Оның үстіне таяуда ғана тоя тамақ ішіп едім, тым қарбытып жіберсем керек, сол да мазамды кетіріп, орындықтың айналасында тыпырлап жүрдім де қойдым; жанымнан жалт етіп жоқ боп өтіп жатқан кісілер дәл бір елес секілді. Ақыры, менің орындығыма келіп екі еркек жайғасып, темекі тарта отырып қызу әңгімеге кірісті, дүңгірлеген дауыстарына кейіп, ескерту жасағым келіп тұрды да, оның орнына жалт бұрылып, бақтың басқа шетіне тартып, бір бос орындық тауып алдым.
Оған жайғасқан соң да Құдай жөніндегі ойлардан арыла алмадым. Менің жеке басымның ісіне араласып, жұмыс табуға тырысқан сайын ісімді оңға бастырмай, бөгет жасауы барып тұрған қиянат, кешіруісіз өктемдік, мен одан бар болғаны сұрайтыным - адал тауып жейтін нан ғана емес пе. Бірнеше күн қатарынан ашықсам, ми ым аға бастап, басым қаңырап бос қалатынын анық байқадым. Бас дегеннің жеміс бермей, жеңіл тартып, тіпті оның екі иықтың арасында бар-жоғын да сезбейді екенсің. Байқаймын, ондайда көзім біреуге қарасам, шарасынан шығып алақандай боп кетеді екен.
Орындықта оңашаланып мынандай таусылмас азап берген құдайға бәрінен кеп кейіп, барлығы жайында ойлап, ой түбіне жете алмай отырмын. Құдай тақа жанымды тазарту үшін бір кедергіден соң бір кедергіні жолыма қойып, мені сынап өзіне тартқысы келсе, онда қатты қателесетінін сеніммен айта аламын. Мен көзімді аспанға қадап, ызадан жыларман болып, жанымды жайландыру үшін ойымдағының бәрін ақтарып салдым.
Бала кезімізде не оқығаным, Тауратты заулатқан жұмсақ баяу үн есіме түсіп, жымиып басымды шайқап, өзімен-өзі сөйлесе бастадым. Ішіп, жеп, өтер - кетер тәнімді жабуды ойлап осынша әбігерге түсіп керегі не еді? Аспандағы Атамыз құстар құсап мені де қоректендірмей ме, құлы ғып таңдап алған екен, неге айрықша мархабат жасамасқа?! Құдайдың саусағы жанасып кетіп еді, жанымның жібін білдірмей қозғап жіберді. Саусағын тартып алғанда әлгі жіптер үзіліп, жүйкемнің жарымын жұлып алып кетті. Құдайдың саусағының орнында жалбыраған жыртық қалып, миыма жара түсті. Алайда жалғыз жаратқан маған саусағымен бір жанасты да, тастап жүре берді, қайтып тиіскен жоқ, ешбір пәлекетті мен де көргем жоқ. Ол мені бет ауған жағыма ми ымдағы жарамен қоя берді. Маған Құдайдың дәл өзінен келген ешбір зұлмат жоқ, өйткені ол мәңгі-бақи Тәңіріміз ғой...
Жел студенттердің саз үні мен әуенін жеткізді. демек, сағат үш болып қалғаны. Қарындаш пен қағаз алып, бірдеңе жазбақшы едім, қалтамнан кітапшам шығып, ішінен қырынуға деп алған талондарым түсті; алтауы қалған екен.
Құдайға шүкір! - деп еріксіз дауыстап жібердім. Әлі де бірер апта шаштаразда қырынып, адам сияқты боп жүремін.
Осынау болмашы жетістіктің өзінен еңсем көтеріліп, талондарды мұқият қарап, кітапшаға қайта тығып қалтама салдым.
Алайда ештеңе жаза алмадым. Бірер жол шимайлаған болып едім, басыма түк те келмеді; ойларым әлдеқайда маңып кетіп, бір арнаға түспей қойды. Бәрі де көңілімді бір түйінге тоқыратпай жан-жақтан жаңа әсерлер ағылып кеп ойымды быт-шыт қылды. Қағазыма сары маса мен шыбын-шіркей қонып та бөгет болды, бар пәрменіммен үрлеп оларды қумақшы едім, онымнан да ештеңе шықпады. Бұ шіркіндер аунап түсіп, қағазға жабысып, қылдай аяғын бүгіп алып тапжылар емес. Жалпы олардан құтылу мүмкін болмады. Жексұрындар неге жабысарын біледі, қағаздың біртегіс емес, ойқы-шойқы жерін тауып алып, өз еркі біліп қашан ұшып кеткенше мөлиіп отырады да қояды.
Құйтақандай қанішерлер бірқауым уақыт көңілімді бөліп, аяғымды аяғыма салып, соларға қарадым да отырдым. Ал содан соң құлағыма кларнет үні келіп, ойларым одан басқа бағытқа ауысты. Мақала жаза алмайтыныма өкініп, қағазымды қалтама салып орындықтың арқасына шалжия кеттім. Мұндай сәтте басыма құйқылжып, қай-қайдағы ойлар келіп, бойым сергіп, шаршау дегенді тарс ұмытамын. Шалқая отырып кеудеме қараймын, қанның қысымынан аяғымның дірілдегенін байқаймын. Басымды сәл көтеріп, бар төңірекке көз тастасам, бойымды бұрын-соңды болмаған бір түйсік билеп, бейне бір тебіреністі жарық бұрқ ете қалғандай, жүйкемді бойлап толқын жүгіріп өткендей болады. Енді ескі досыммен кездескендей елжіреп, башмағыма қараймын, сонда болмысымның бір бөлшегі өзіме қайтып оралғандай болады, қауышу сезімі жанымды қамшылап, көзіме жас үйіріледі. Башмағым баяу сыңғырмен үн қатқандай болып, көңілім бұзылады. "Б9ның енді күйректік! - деймін өзіме қатқыл үнмен жұдырығымды түйіп "Күйректік!" деп кайта қайталадым. Сосын осынау әнтектеу сезімімді келекелегім кеп, өзімді-өзім қасақана мазақ қып, көздің жасын қуу үшін тарс жұмып алып, дауыстап үнімді қатқыл шығардым. Бейне бір башмағымды өмір бойы көрмегендей, көзімді ашып оған тесіле қарап, сықпытын шоламын, аяғым қозғалғанда қалай өзгергенін аңдаймын, пошымы қандай екенін тексеріп, былғарысы ақ жемденіп, қажалғанын, тігісі сөгіле бастағанын байқап, оның да өзіндік бетінен айырылып, әжімдене бастағанына көз жеткіздім. Менің болмысымның қай бөлшегі ауысты екен бұл башмаққа; бұдан өз тынысым тәрізді бір жылы жақын леп есетін секілді...
Осы сезіммен әуейленіп ұзақ, шамасы бір сағаттан артық отырсам керек. Сосын орындықтың келесі шетіне тәпелтек бір шал кеп жайғасып, ауыр күрсініп алып: Ым, иә-иә, міне, солай! - деді.
Оның даусын әрең естідім де, басымда құйын ұйтқып шыға келді. Башмақты жайына қалдырып едім, ол баяғыда, бәлкім бұдан бір-екі жыл бұрын өткен зердеден өшіріле бастаған көмескі күңгірт келеңсіз бір көңіл-күй болып көрінді. Енді мен бұрылып шалға қарадым.
Осы бір кішкентай ғана күйкі қарияда не шаруам бар десейші?! Ешбір шаруам жоқ. Мені қызықтырғаны оның қолға ұстаған газеті еді. Бір беттей хабарландыруы бар газетке шал шамасы бірдеңе орап алған сыңайлы Қызыққаным соншалық, газеттен көз айыра алсам. Өз саласында бірден-бір тамаша газет - ау осы, деген есерсоқ ой келді маған. Ынтығым үдеп, орындықта қипақтап отыра алмадым. Бәлкім, онда бәзбір мұрағаттан ұрланған құжаттар, қауіпті қағаздар бар шығар. Енді ойыма қай-қайдағы астыртын әрекет, сойқанды уағы да сияқтылар келді.
Қарша үн-түнсіз, әлденені ойлап отыр. Газетті қолынан шығармайтыны қалай, жұрттың бәріндей неге жайып жібермейді?
Бұл не арамдығы? Зады ол бұл бумасын қолынан өлмей шығара қоймас. Тіпті оны қалтасына салуға да қорқа ма, қалай? Бұның жай ғана бума емес екеніне, мен бар ғой, басымды бәсеке тігемін.
Қиянға көз тастап, ойға баттым. Мынау буманың құпиясын ашатын құйтымдай желеудің болмауы оған деген ынта-ықыласымды арттыра түсті. Қалтамды ақтарып, бұл бейбаққа бірдеңе ұсынып, әңгімеге тартпақ оймен талон салынған кітапшамды қолыма алдым да қайта жасырдым. Ізінше батылданып жан қалтамды қағып:- Тартатын темекі табылар ма екен сізден? - деп сұрадым.
Рахмет, ол темекі тартпайды екен, көзі ауырып, көрмей қалуға айналған соң шылымды тастап кетіпті. Онысы үшін зор рахмет!
- Көзіңіз көптен ауыра ма? Зайыры, сізге оқуға мүлдем болмайтын шығар. Тіпті газет те оқымайсыз ғой, тегі?
- Тіпті газет те оқи алмаймын, - деп ол маған бұрылды. Көзін шел қаптап, әйнектеле ағарып кетіпті, кісіге қарағаны да жансызданып көрінеді.
- Өзіңіз осы жердікі емессіз бе? - деп сұрады ол.
- Иә... Қолыңызға ұстаған газеттің атын да оқи алмайсыз ба, тым құрса?
- Әрең деп айырамын... Сіздің бұл жерлік емес екеніңізді бірден аңғардым: мақамыңа қарап айырдым. Ол оп-оңай, менің дыбыс ажырату қабілетім күшті. Түнде жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда көрші бөлмедегі тыныстағанды да естіп жатамын... Ал мен сізден мынаны сұрайын деп едім: қайда тұрасыз?
Ойыма өтірік айту сап ете қалды. Арты не боларын тіпті ойланбастан:
- Қасиетті Улап алаңындағы екінші үй, - деп сықпырта салдым.
- Рас па? Ал мен Қасиетті Улап алаңындағы әрбір тасты білемін ғой. Онда фонтандар, бірнеше фонарлар, ағаштар бар,—бәрі де есімде... Нөмірі қандай дедіңіз?
Газет турасындағы ой әбден титықтатқан басым, бәріне нүкте қояйын деп орнымнан тұрдым. Құпия қайткенмен де ашылуға тиіс қой.
- Сізге газет оқуға болмайтын болса, оның қажеті қанша...
- Шамасы, сіз екінші үйде тұрамын дедіңіз - ау, осы? - деп сөзін жалғастырды ол менің абыржып тұрғанымды тіпті аңғармай. Кезінде ол үйдегі тұрғындардың бәрін білуші едім Сіздің қожайыныңыздың аты кім?
Істі тез тындыру үшін аузыма түскен кісінің атын атай салдым және оны табан астында өзім ойлап таптым.
- Хапполати, - дедім.
- Хапполоти, - деп ол қиын фамилияның өзін мүдірместен қайталап, басын шұлғиды.
Қайран қалып оған таңырқай қарадым. Ол өте байсалданып, жүзінен ойланған кейіп танытады. Ойыма келген бір болмашы фамилияны айта салып едім, мына кісі соны қағып алып бұрын білген болып шықты. Сол замат ол бумасын орындыққа қоя салып еді, құмарлығым тағы да өрши жөнелгенін аңғардым. Газеттің екі жерінде майдың дағы бар екенін байқадым.
- Сіздің қожайыныңыз теңізші ме еді? - деп сұрады шал, дауысында кекесіннің нышаны да білінбейді. Мен білсем, ол теңізші болуы керек.
- Теңізші дейсіз бе? Кінәмді кешіріңіз, сіздің білетініңіз оның ағасы болуы керек, бұл кеме уәкілі Ю.А.Хапполати.
Осымен оны тәйкесінен түсірмек едім, ол барлығына да келісе кетіп:
- Естуімше ол іскер жігіт көрінеді, - деп сұрағын жалғастырып қазбалай түсті.
- Иә, ол есті жігіт, епті кәсіпкер, - деп мен де шұбырта жөнелдім, ұсақ-түйек бұйымдар тасып, Қытайдан әкеп итмұрын, Ресейден әкеп құстың қауырсыны мен мамығын, былғары, ағаш, сия... не керек бәрін сатады.
- Ха-ха, барып тұрған бір жалмауыз десейші! - деп қария менің сөзімді киіп кетті.
Мұнысы маған қызық көрінді. Қызып кетіп бір өтіріктен соң бір өтірікті ойлап таптым. Қайтадан отырып газет пен құпия қағазды мүлдем естен шығарып, сұхбатта сымның сөзін бөліп әбден қызбаланып алдым. Мынау мажардың, жоққа нанғыштығы ессіз бір бетсіздікке бастап, оны жалған сөздің топанына тоғытып қарсылығын күл-талқан еткім келді.
- Хапполоти ойлап тапқан электрлі дұғалық хақында есіткеніңіз бар ма?
- Электр... бірдеңе дедіңіз бе?
- Түнде жарқырап тұратын электр әріптермен жазылған дұғалық туралы айтып тұрмын. Бұл дегенің сан миллион крон құрайтын байлыққа байланысты орасан үлкен іс, онда қаріп құюшылар мен баспашылар, жүздеген механиктер мол жалақы алып жұмыс істейді, естуімше олардың ұзын саны жеті жүзден асады.
- Ал менің айтып отырғаным не? - деді қария баяу ғана.
Сосын үнсіз қалды; дәуде болса ойланбай-ақ менің әр сөзіме сеніп отыр. Мұнысы мені түйілдір ейін деді, өтірік ертегілерім оның шамына тиіп, шамдандырып жібереді деген үмітім желге ұшты.
Тағы да тұлдырсыз бірер өтірікті құрастырып, қызып кетіп, Хапполати табаны күректей тоғыз жыл Персияда министр болған деп те соқтым.
- Әлбетте, сіз Персияда министр болу дегеннің не екенін елестете де алмайсыз ғой, солай емес пе? - деп сұрадым. Онда министр біздегі корольден артық, сұлтан дегеннің не екенін білетін болсаңыз, ол сонымен барабар. Ал Хапполати бірде-бір сүрінбестен ұдайы биіктен көрінді.
Одан әрі оның қызы, перизат, ханшайым туралы, күтуші күңдерінің өзі үш жүз болғаны жайында, алтын раушанмен оқаланған төсекте ұйықтайтыны жөнінде айттым. Ондай бет біткеннің сұлуын көрсем, құдай атсын мені оған тең аруды өмірден кездестірген емен, деп бөстім.
- Демек, ол сұлу болған ғой, - деді абдырап қалған шал көзін апалақта тып.
- Сұлу деген не, ол бар ғой, барып тұрған перизат, баурап алардай нәзік, әлемнен асқан ару жанары барқыттай жұмсақ, саусағы жақұттай сүйрік. Көзін бір төңкергенінің өзі сүйгеннен бетер, мені шақырғандағы даусы тамылжыған шараптай ішпей мас қып тастайтын. Сондықтан оның асқақ сұлу болмасқа хақысы жоқ. Сіздіңше, ол бәзбір кеңсе қызметшісі немесе өрт сөндіру мекемесінің хатшысы дейсіз бе? Иә, анығын айтар болсам, ол ертегіге ұқсас аспан әлеміне лайық жан иесі.
- Иә, әрине, солай ғой, - деді ол немқұрайдылау ғана.
Оның байсалдылығы жалықтырып жіберді де, өз дауысыма өзім елтіп шынымен-ақ шамырқанып, әбден ашылып сөйледім. Енді мен ұрланған қағаз, басқа бір елдің пайдасына жасалмақ астыртын әрекет туралы қайтып ойлағаным жоқ; кішкентай жұқалтаң бума, міне, екеуміздің арамызда жатыр, оның ішінде не барын білмек тұрсын, тіпті көз тоқтатып қарағым да келмейді. Өзімнің өтірік әңгімеме елігіп, көз алдымнан талай таңғажайып бейнелерді өткізіп, қаным басыма шапшып, жоқты-барды сықпыртып тұрмын.
Ал шал болса, кетуге ыңғайланды. Орнынан көтеріліп, әңгімені шорт үзбес үшін:
- Ол Хапполатиіңнің байлығы, ұшан-теңіз ғой, тегі? - деп сұрады.
Мынау жексұрын соқыр шал қаладағы әрбір жарнамадан атын оқитындай мен ойлап тапқан жат фамилияға билік жүргізбек пе, өзі?
Ол бірде-бір мүдірмей, ешбір дыбысты далаға жібермей, мен ойлап шығарған фамилияны жадына тоқып, мәңгі өшпестей етіп алды. Ештеңеден қымсынып айылын жинамаған, басы да айналмаған, алдауға да түспеген осы адамға қарадай ызам келіп, қатты ашуландым.
- Білмеймін, - дедім кенет мен. Шын мәнінде де, білмеймін. Ал сізге енді мағлұм болсын, оның аты-жөні Юан Арно Хапполати, бас әріптеріне қарағанда солай болуы керек.
- Юан Арно Хапполати, - деп қайталады менің қызбалығымнан іш тартып қалған шал.
Сосын тырс етіп үндеген жоқ.
- Сіз оның әйелін көрсеңіз ғой, - деп жалғастырдым еркімнен тыс. Барып тұрған құшақ жетпес жуанның өзі... Бәлкім, сіз оның жуан екеніне сенбейтін шығарсыз?
Жоқ, ол жуандығын жоққа шығарған жоқ. Ондай мырзалардың әйелдері шынында да жуан болуы керек қой.
Менің әрбір қылығыма қария баяу, бұйығы ғана жауап беріп, артық бірдеңе айтып, ашуландырып аламын ба деп, әр сөзін өлшеп - танып саралай отырды.
- Не сайтаныңыз барын білмеймін, мен басыңызды босқа қатырып отыр деп ойлауыңыз өте дұрыс, - деп теріме симай айғайлап жібердім. - Хапполати деген фамилиясы бар мырза бұл жарық дүниеде жоқ қой деп те дұрыс топшылап тұрсыз. Өзің іздей бір бет тоңмойын, қасарма шалды көріп отырғаным тұңғыш рет. Сізді қандай маса шағып жүр? Сіз ғой мені той шапанын киген, өзінде шегетін шылымы да жоқ қайыршы деп отырған шығарсыз? Ондайға әдеттенбеген жанмын құдай ақы, еш пенденің ондай кемсітуіне төзер кісің мен емес. Бұны біліп қойыңыз!
Қария орнынан кайта тұрды. Аузы аңқайып, менің өрекпіген бөспе сөзімді үнсіз тыңдады да, бумасын орындықтан алып, жаяу сүрлеумен бүкшеңдеп бүлкілдей жөнелді.
Ал мен болсам оның арқасы бүгжиіп көзден таса болғанын күтіп тапжылар түрім жоқ. Өз басым мынадай бүгілген бел мен бүкшиген арқаны көрген емеспін, шалдың митың-митың бүлкіліне, рабайсыз ұсқынына қарап, ақырында әлгіндей қатты-қатты сөздер айтып тастағаныма түк те қысылған жоқпын.
Күн ұясына қонып, ымырт үйіріле бастапты, ағаш жапырақтары баяу сыбдырап сыңситын сияқты. Керген арқанмен жүгіретіндер ойын көрсететін орамда отырған бала күтушілер сәбилерін алып үйлеріне жинала бастады. Әбігерленіп асығар мен жоқ, міз бақпай отырмын. Әлгі әзіргі толқуым басылып, біртіндеп сабама түсіп келемін, бірақ көңілім құлазып, еңсем түсіп, босаңси бас тағандаймын, ұйықтағым келеді. Бұл күні нанды көп жегенімнен, оның әсері білінбейді. Ең тәуірі осы болар деп, орындықтың арқасына шалқайып көзімді жұмып едім, ұйқым келіп барады, мұрным пысылдап мызғып бара жатсам, бақ күзетшісінің иығыма қолын салып, баяу ғана:
- Бұл арада ұйықтауға болмайды, - дегені ғой.
- Иә, әрине, - дедім де сол замат орнымнан көтерілдім.
Сол-ақ екен, жағдайым тағы да мүлдем түңілтерлік болып шықты. Бірдеңе жасап, бірдеңе ойлап табу қажет болды. Орын таба алмай-ақ қойдым, жұмысқа ұсынған жолдамаларым баяғыдағы немесе ешкім аты-жөнін білмейтін біреулер қол қойып растаған боп шығады, демек, оларға сенуге болмайды. Оның үстіне осы жаз қанша жер қабылдамады десейші, тіпті өзіме деген сенімімнен де айырылып қалдым. Әйткенмен, пәтердің ақысын ұзақ уақыт төлемегендіктен, бір жерден сол ақшаны табуым керек. Қалғандары бұрынғыдай қала тұрар.
Ырқымнан тыс қолыма қарындаш алып, қағазды қайта шимайлай бастадым, әр парақтың бұрышына "1848" деп жаздым. Тым құрмаса бір ғана шабытты ой келіп, бірер сөз айтып жіберсе ғой. Бұрын ешбір қиналмай жұтынып ұп-ұзақ мақалалар жазып тастаған сәттерім болып-ақ еді.
Орындықта отырып қағазға сол баяғы "1848" дегенді мың құбылтып ұзыннан да, көлденеңнен де жазамын. Жазамын да құтқарып кетер ой келер ме екен деп күтемін. Үздік-создық бір ойлар құжынап басымды үңги бастап еді, батар күн көңілімді бұзып, мұң ұялатқаны. Күз келіп, ұйқысымен құрсаулай бастады, оның тынысын алдымен шыбын-шіркейлер мен масалар сезді, ағаштардың жапырағында да, жердің топырағында да сыбдыр көбейді. Мұның өзі өмір шіркіннің табиғат заңына бағынғысы келмей, улап-шулап, өлімге қарсы тыным таппай, жанын салып күресіп жатқанының белгісі.
Жорғалаған жәндіктің бәрі мүктен сарғыш басын шығарып алып, құйрығын қимылдатып, ұзын мұрнымен топырақты түртінеді де, аяқтары көктен кеп шалқасынан құлайды. Алғашқы суықтың тынысын сезген кез келген қылтанақ қайталанбас өзгеше реңкке еніп, солғын сабақтар күнге ұмсынып, түскен жапырақтар жерде сыбдырап жібек құртымдай сыңсиды. Күзгі шақ түлеу кезеңі раушан гүлінің қан қызыл жапырақтары өніп, басқа реңмен құбылады.
Өзімді де осынау ұйқы құшағына кіруге әзір әлемнің ортасындағы құрт сияқты сезіндім. Содан үрейлене селк ете қалып, атып тұрдым да, сүрлеумен аршындап адымдай жөнелдім. "Жо-жоқ!"- деп жұдырығымды түйдім. Жоқ, бұлай бола беруге тиісті емес! Қайта отырып қайткенмен де мақаланы жазып тастауға бекініп, қарындашқа қол ұрдым. Еңсемді түсіріп, босаңсуға хақым жоқ Пәтерақы есебі көз алдымда көлбеңдеп тұр ғой.
Ойым арнасына баяу, өте баяу, біртіндеп түсті. Әрбір сөзімді ой безбеніне салып саралап, асықпай арнама түсіп, кіріспе екі бет жаздым. Бұл екі бет кез келген дүниеге; жолжазбаға я саяси шолуға ойыма не келсе, соған беташар боларлықтай, қайсыған болсын бұл тамаша бастау.
Содан соң қашан болса да жазуға тұратындай тиісті мән-мазмұн іздей бастадым, бірақ ештеңе де таппадым. Осы бір бос әуреден ой-санам тағы да шатасып, ми ым жұмыс істеуден бас тартып, басымның қауашағы қаңырап бос қалғандай, оның екі иығымның арасында бар-жоғын тағы да білмей қалған секілдімін. Басымдағы қаңыраған қуысты бүкіл жан-жүрегіммен түйсінген маған өзім де басымнан қара бақайыма дейін бос қуыс қапшық тәрізді көріндім.
- Жаратқан, жаббар Құдайым-ай! - деп ызалана дауыстап жібердім де, басқа сөз айтуға хәлім келмей, соны қайталай бердім.
Желден жапырақтар шуылдап, күн бұзылайын деп тұр. Қағазға ойлана қарап, тағы бір отырдым да, бәрін жинап алып қалтама салдым. Күн суытайын деді, ал менің желеткім де жоқ, сондықтан күртемнің өңірін мойныма дейін көтеріп, қолымды қалтама сұғып, тұрдым да жүріп кеттім.
Тым құрса осы жолы, ең болмағанда бір ретке ғана бағым жанса ғой. Қожайыным ақшасын талап еткендей, екі мәрте алая қарады, амал не, қысыла тағзым етіп, жанынан зып беріп өте шықтым. Бұдан әрі бұлай ете алмаймын, тағы да бір алая қараса, ағымнан жарылып, баспанадан бас тартамын, бәрібір ұдайы сырғыта беруге болмайды ғой.
Бақтың шығар аузына жеткенде ашу-ызамнан қорқып, қашып кеткен шалды қайта көрдім. Тылсым түйіншегі ашылып жанында жатыр, онда талғажау болатын бірдеңелер бар екен, шал соларды жеп отыр. Қасына барып әбес қылығым үшін кешірім сұрайын деп едім, батпадым—тамақ жеуі былапыт екен, кәріліктен әжім айғыздап тарамыстанған саусақтары жыртқыштың жексұрын он тырнағы сияқтанып, жүрегімді лоблытып, жанынан өтіп кеттім. Ол да мені таныды, бірақ көзін тайдырып әкетті, алайда беті шіміріккен жоқ. Одан әрі тарттым.
Қалыптасқан ғадетім бойынша ілінген әрбір газеттің алдында тоқтап, жұмысқа жалдау жөніндегі хабарландыруларды оқыдым; ыңғайлы орын тапқанымда қалай қуанғанымды айтсайшы. Гренланслерттегі бір саудагер екі сағаттық кешкі жұмыс үшін есепші іздейді екен, ақысы келісім бойынша. Мекен-жайын жазып алып, Құдайға рахметімді айттым; болмашы ең аз ақыға да келісемін, елу эре, тіпті қырқы да жетіп жатыр, кез келген шартына разымын.
Үйге оралғанда үстелімнің үстінде қожайынның ескертпе хаты жатыр екен, ол бөлменің ақысын не алдын ала төлеуімді немесе оны мүмкіндігінше тезірек босатуымды талап етіпті. Ренжімеуімді өтініп, басқа лажы жоқ екенін айтыпты. Барша ілтипатпен, модам Гуннерсон деп қол қойыпты.
Гренларснет, 31-де тұратын саудагер Кристинге хат жазып, конвертке салдым да, бұрыштағы пошта жәшігіне апардым. Сосын шатырдағы баспанама көтеріліп, әткеншекте дамылдап ойға шомдым, ымырт болса түйіліп, қараңғыланып барады.
Ертеңгілік ерте ояндым. Көзімді ашқанда айнала әлі мүлдем қараңғы еді, біраздан кейін ғана төмендегі сағат бесті соқты. Қайта ұйықтайын деп едім, ұйқым келмеді, тіпті қалғи да алмадым, сан түрлі ойлар басымды шырмап мазамды кетірді.
Кенет ойыма очерк немесе фельетонға жарайтындай бірнеше жақсы сөз тіркестері оралды, мұндай табыс бұрын-соңды Колыма түскен емес. Жатып алып ол сөздерді іштей қайта-қайта лап, оларды тамаша табылған тіркестер деп білдім. Олардан кейін ойыма келесілері құйылып, ұйқым шайдай ашылып, кереуетімнің аяқ жағындағы үстелдің үстінде жатқан қарындаш пен қағазға ұмтылдым. Көкірегімде бір қайнар атқылағандай, бір сөзден соң бір сөз ағылып, қағазға түсіп, сюжет туындайды; көріністер алмасып, көңілде оқиғалар қылаң береді, қуаныштан өзімді қайда қоярға білмей, менен бақытты жан жоқтай сезінемін. Ойлар тасқыны төтелеп, бәрін бақай шақтап жазып үлгере алмай жатырмын. Тақырып әбден баурап алып, қағазға түскелі жатқан тәрізді.
Таңғаларлық бұл ғажап көңіл-күй шексіз ұзай тартып, кідіріп, қарындашымды қойғанда, тіземде он бес, тіпті жиырма шақты жазылған парақ жатты. Егер бұл жазба беттер бірдеңе тұрар болса, онда қиындықтан құтылғаным! Төсектен атып тұрып, киіне бастадым. Барған сайын жарық молайып, есіктегі маяк қарауылының құлақтандыруын оқуға боларлықтай болды. Терезенің алды жап-жарық, ондай жарықта жазудың өзі бір ғанибет. Сол сәтінде -ақ жазғанымды таза қағазға көшіруге кірістім.
Менің қиялым сәуле мен бояудан тұратын таңғажайып тығыз мұнарға малынған, сәтті табысыма қуанып үлгермей жатып, іштей бұдан тәуір ештеңе оқығаным жоқ деп қоямын. Бақытқа мас болып, қуанышым қойныма сыймай алаулап, жеңісіме мәз - мейраммын; қолымдағы бір бума қағазды салмақтап көріп, жуық мәнінде шамамен бес кронға бағалаймын. Бес кронға ешкім де саудаласып жатпауға тиіс, қолжазбамның мазмұнын ескере отырып, тіпті он крон беруі де мүмкін, оның өзі де түкке тұрмайтын тым төмен баға. Мұншалық бірегей жұмысты тегін жасамасам керек қой; мен білсем, бұл секілді романдар жолда жатқан жоқ. Оған он крон сұрауға бел будым.
Бөлменің жарығы барған сайын молая түсті, есік жаққа көз тастап едім, қаңқадай ілбиген жіңішке әріптермен жазылған "Андерсен бикештің дүкенінде кіре берістен оңға бұрылсаң, ең тәуір көрпе сатып алуға болады" деген жарнаманы еш қиындықсыз оқи алғандаймыз, оның үстінде төменде сағат жетіні баяғыда соқты.
Терезеден шегініп, бөлменің ортасына кеп тұрдым. Егер бәрін безбенге сап екшеп көрсе, модам Гуннерсеннің мені бұл бөлмеде тұрмайсың дегені дұрыс. Жалпы, бұл бөлме маған лайық емес, терезеге тұтқан жасыл пердесі жай жұпыны матадан жасалған, қабырғаға қағылған шегелері де аз, киімдерімді ілетін ештеңе жоқ. Бұрыштағы әткеншек шын мәнінде мазақ, әйтеуір әткеншекке ұқсас бірдеңе. Тербелме мұндай аласа болар ма, оның үстіне аядай тар, одан өзіңді аяғыңды тар етіктен сыпырғандай әрең шығарып аласың. Бір сөзбен айтқанда, бұл бөлме ой еңбегіне лайықсыз, сондықтан мұнда енді қалғым келмейді. Ұзақ уақыт төзіп, дымымды шығармай, осы үйшікте қамыққаным жетер.
Үміт пен қуаныш қанаттандырып, қалтамнан алып қайта оқып шыққан тамаша шығармам туралы іш пікірім кеудеме сыймай, желіктіріп, уақытты зая жібермей, заттарымды жинастыруға кірістім. Қызыл қол орамалға оралған екі таза жаға жатқан түйіншекті, үйге мен әкеліп жүрген бүктеулі газет қағазын алып, көрпемді домалата орап, жазып жүрген қағаздарымның қалғанын жинастырдым. Сосын бірдеңе ұмыт қалмады ма екен деп, бұрыш-бұрышты сүзіп шығып, ештеңе таппай, терезеге қарадым. Ертеңгілік күн бұлыңғыр әрі сызды екен; өртеніп кеткен ұстаханада тірі пенде жоқ, ауладағы ылғал сіңген кір жаятын жіп бір қабырғадан бір қабырғаға керілген қалпында тұр. Бұлардың бәрі бұрыннан бар көрініс қой, сондықтан терезеден шегініп, көрпемді қолтығына қысып, маяк қарауылының құлақтандыруына, Андерсен дүкенінің көрпесіне тағзым етіп басымды иіп, есікті аштым.
Сол сәт қожайын еске түскені ғой. Кетерімді хабарлауым керек қой оған, анау-мынау емес, парасатты адам екенімді білем. Оған қоса хат жазып, бөлмесін бірнеше күн мерзімінен тыс пайдалануға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтуым керек қой. Біраз күнге дейін қаржы жағынан қамсыз боламын деген сенімімнің күштілігі сондай, қожайынға таяу күндері бес крон әкеп тастауға уәде беріп салдым; баспанасында қандай адал салиқалы адам тұрғанын және атап айтқым келді. Хатты үстелдің үстіне қалдырдым.
Есіктің алдында тағы да аялдап, артқа бұрылып қарадым. Өмірге оралудың жарқын сезімі мені дүр сілкіндіре түлетіп, Құдайға һәм күллі әлемге деген разылығымда шек болған жоқ, кереуеттің алдында тізерлеп отыра қалып, Жаратушымызға бүгін таңда көрсеткен асқан қайырымдылығы мен шарапаты үшін мың да бір алғыс айттым. Осы әлгінде ғана бастан кешіріп, қағазға түсірген бүгінгі шабыт тасқыны жан-жүрегіме аспаннан түскен ғаламат, көмек сұрап дауыс салған кешегі наза - зарыма қайтқан жауап сынды. "Сонда Тәңірі! Сонда!" деп дауыстап, өз сөзіме өзім қуана сүйсініп жылап жібердім. Ара-тұра жоғары қарай біреу-міреу шығып бара жатқан жоқ па екен, деп тың тыңдап та қоямын. Ақыры, орнымнан көтеріліп, ұзын баспалдақтан білдіртпей түсіп, ешкімге көрінбей, сыртқы есікке жеттім.
Ала қарақта жауған жаңбырдан жолдар жарқырап жатыр, аспан аласұрып, ауыр салмағымен қала үстіне төне түскендей. Бұлт тұмшалап күн көзі де көрінбейді. Сағат қанша болды екен? Өз әдетім бойынша ратушаға тартсам, сағат сегіз жарым болып қалыпты. Демек, әлі де аттай екі жарым сағат қыдыруым керек. Сағат онға, тіпті он бірге дейін редакцияға барудан еш мән шықпайды. Оған дейін көше кезіп, оңашада ораза ашуға қажет тиын-тебенді қайдан алудың жолын ойластыруға тура келді. Айтқандай, бүгін кешкісін ас-сусыз қаламын деген ой қаперімде де жоқ; құдайға шүкір, ондай күндер өтті ғой. Оның бәрі үрейлі түстей өткен шақ, енді ісім оңғарылып, өрге басуға тиіс!
Қолтығыма қысқан жасыл көрпемнен өзімді ыңғайсыз сезініп келемін, мұндай түйіншекпен жұрт көзіне көріну деген миға сыймайды. Жұрт не деп ойлайды? Оны уақытша қалдыра тұратын орын іздедім. Замат басыма Сембайға кіріп, көрпені қағазға оратып ала қояйын деген ой келді, сонда түйіншегім дұрыс реңк алып, ешкімнен ұялмайтын боламын. Дүкенге кіріп, піркәзшіктердің біріне тілегімді айттым.
Ол әуелі көрпеге, сосын маған қарады, түйіншекті алып жатып ол ұнатпай иығын қиқаң еткізгендей көрінді. Онысы шамыма тиіп кетті.
- Абайлаңызшы, албасты бас қыр! - деп дауыстап жібердім. Бұның ішінде ораулы аса қымбат екі гүлсауыт бар. Бұл Смирнаға жөнелтіледі.
Менің айлам ойлағаннан да артық нәтиже берді. Енді пірказшік өзін кінәлі сезініп қипақтап, қандайлық құнды түйіншек екенін бірден аңғара алмағанына жыларман болып кешірім өтінді. Ол өз ісін бітіргенде мен Смирнаға ылғи бір бағалы бұйымдар жіберіп жүргендей маңғазданып, алғыс айтып едім, піркәзшігім мені табалдырыққа дейін шығарып салып, алдымнан есік те ашты.
Одан базар алаңына аттанып, гүл мен құты сататын әйелдерді төңіректеп, жұрттың арасында қыдырдым да жүрдім. Таңғы сызды ауада тершіп алау атқан ауыр қызыл райхандар көз жауын алып, көкірегімді қытықтап, біреуін үзіп алуға итермеледі де, сатушысына жақындап жанасу үшін бағасын сұрадым. Қалтамда ақшам болса, ойланып жатпай-ақ райхан гүлді сатып алар едім, шығынның орнын сосын басқа бірдеңеден үнемдеп толтыра жатамын ғой.
Сағат онда редакцияға келдім. Қолында қайшысы бар біреу ескі газеттерді ақтарып отыр, редактор әлі келмепті. Ол қалың қолжазбамды қалдырып кет деп еді, бүл жай ғана жазбалар емес, мұны міндетті түрде редактордың өз қолына табыс ету керек дегенді қадап айтқандай болдым. Жауабын кейінірек келіп алармын.
- Жарайды! - деп Қайшы кісі газет ақтаруға қайта кірісті.
Маған ол іске тым самарқау қарайтындай көрінді, сонда да
үндегенім жоқ, немқұрайды ғана басымды изеп, шығып жүре бердім.
Енді менің бос уақытым көп-ақ. Тек аспан ашылса екен. Ауа райы тымырсық тым нашар не жел жоқ, не аяз жоқ; қыз - келіншектер сақтық жасап, қолшатырларын ашып алған, ал ерлердің басындағы қалпақтарында сиық жоқ, күлкі келтіреді. Мен базарға кайтып барып, гүлдер мен шөптерді қызықтадым. Кенет біреу иығыма қол артып, жалт бұрылсам -қайырлы таң тілеп тұрған "Сұлу сылқым" екен.
- Қайырлы таң дейсің бе? - дедім одан тезірек құтылу үшін сұрақ аралас жауап қатып. Жалпы "Сұлу сылқымды" онша жаратпаушы едім.
Ол менің қолымдағы мұқият оралған үлкен түйіншегіме тесіле қарап:
- Мынау қолға ұстағаныңыз не? - деп сұрады.
- Сембайда болып, киім-кешекке деп мата алып едім, - дедім немқұрайды үнмен. -Мынандай көнетоз киімімен жүру мезі қылды. Ұдайы сыртқы сыр-сипатыңа қарамай жүре беруге болмайды ғой.
Ол маған таңырқай қарады.
- Ал жалпы жағдай қалай? - деп сұрады сәл кідіріп.
- Бұдан жақсыны тілеп қажеті жоқ.
- Жұмыс бірдеңе таптың ба өзің?
- Жұмыс дейсің бе? - деп қайталаймын қасақана таңданған болып. - Білгің келсе, Крис тидің көтерме сауда фирмасында бухгалтер боп қызмет етем.
- Ә, солай ма! - деп ол күмілжіп қалды. - Ай, жаратқан ие, сіз үшін қуанышымда шек жоқ. Байқа қайдағы жоқ қайыршыларға ақша таратып жүрме. Бар жақсылықты тілеймін!
Ұзаңқырап барып, қайта оралып таяғымен қолымдағы түйіншекті нұсқап:
- Тігінші ұсынайын саған. Исаксеннен артық әсем тігетін тігінші таппайсың. Менен келдім деп айт оған, - деді.
Менің ісіме тұмсығын тығудың қажеті не екен оған? Қай іскерге баратынымда не шаруасы бар? Барын киіп, байлауышын салып жүретін осы бір қуыс кеудеге ашуым келіп, қарызға алған он кронын әлі қайтармағанын есіне салдым. Ол апалақтап жауап қатқанша, қарызын қайтаруды талап еткеніме өкініп, қысылғаннан көзімді одан аударып әкеттім. Тап сол тұста қасымыздан бір әйел өтіп, мен оған шегініп жол бердім де, жағдайды пайдаланып бұрылып кетіп қалдым.
Енді қайда барып күтейін? Кафеге кіруге қалтам тақыр, мұндай мерзімде таныстарға баруға тағы да болмайды. Базар мен Гренсеннің арасында бостан-босқа сандалып, тақтаға жаңа ғана ілінген "Кешкі жаңалықтарды" оқыдым. Карл - Юан көшесімен өтіп, бұрылдым да, Құтқарушы храмына бет алып, шіркеу жанындағы зираттан отыра тұрар тыныш жер таптым.
Мұндағы ауа дымқыл екен, тып-тыныш ойланып отырып, қалғып кетсем, тоңып қалыппын. Фельетонымның шағын болғанын, шабыттан туған тамаша шығарма екеніне шүбәсіз сене аламын ба? Қате жоқ па екен өзінде? Дұрысырақ ойласам, оны жалпы қабылдамай қоюы жайдан-жай қабылдамай қоюы да мүмкін ғой. Бәлкім, ол шамалы, тіпті түкке тұрмайтын нашар дүние шығар, оны қағаз тастайтын себетке лақтыра салмағанына кім кепілдік береді? Көңіл күйім бұзылып, тынышым кетіп, атып тұрып, зираттан тура тарттым.
Акерсгатенде жарнама әйнек арқылы дүкеннің ішіне үңгіп, сағат он екіден енді кетіп бара жатқанын көрдім. Уақыт әлі ерте екеніне де опындым, өйткені күн түстен әлдеқашан ауып кеткен шығар деп ойлап ем ғой, ал редакторға сағат төрттен бұрын бару пайдасыз. Фельетонымның тағдырына қатысты қайдағы бір келеңсіз ойлар иықтап алып, ойлаған сайын ми ым ашып, ақыл-есім шатасып, төсектен тура салып кәдеге асарлықтай бірдеңе жазғаныма күмәнім күшейе түседі. Әрине, ол өзімді-өзім алдау болып шығып, сәске бойы босқа алақайлағанмын ғой. Иә, құр босқа қуанғанмын. Міне, Уллевольсвейенді бойлап, Қасиетті Генрих қырқасын жанай, алаңқайды басып, тақтай тілетін жерге таяу жіңішке көшемен безек қағып келемін. Құрылыстар мен бақшалықтардың жанынан өтіп, ақыры шегі, шеті жоқ үлкен жолға түстім.
Осы арада тоқтап, кері қайтуға бел байладым. Әлгі жүрістен денем қызған екен, кері қайтқанда еңсем түсіп, аяғымды ілбіп бастым. Қарсы алдымнан шөп артқан екі көлік кездесті. Арбакештер әндетіп, шөптің үстінде шалқасынан жатыр, екеуі де жалаңаяқ, дөңгелек томпиған жүздерінен ой нышаны білінбейді. Қарсы келе жатып, олар менімен тіл қатысып, бәзбір ескерту жасап, болмаса мазақтап күлер ме екен деп ойлаймын. Оларға әжептәуір тақалып қалғанда біреуі дауыстап қолтығыма қысқанымның не екенін сұрады.
- Көрпе, - деп жауап бердім.
- Анық білмеймін, үштің шамасы болу керек.
Екеуі де күліп, әрі қарай жөнелді.
Кенет қамшы тиіп, құлағым удай ашып, қалпағым басымнан ұшып кетті, әлгі жігіттер мені мазақ етпей кете алмаған екен. Ыза болған басым, құлағымды ұстап, ордың шетіне түскен қалпағымды алып, аулақ кеттім. Қасиетті Генрих қырқасында кездескен кісіден уақыт сұрасам, сағат беске таяп қапты.
Сағат бес! Сағат беске таяп қалған! Аяғымды жебей алып, жүгіре басып редакцияға тарттым. Редактор баяғыда келіп отырған шығар, тіпті кетіп те қалған болар. Қыдырғанда ілбіп жүрген басым, жүгіремін деп доңғалақтың астына түсіп қала жаздадым. Атпен жарысқандай бар пәрменіммен жүгіріп, уақытына үлгеруге жан салдым. Ғимаратқа жүгіріп кіріп, баспалдақтан секіріп шығып ентіге есік қақтым.
Жауап болмады.
"Ол кетіп қалыпты! Кетіп қалған ғой!" деп ойладым. Есікті тартып көрсем ашық, тағы да тықылдатып, ішке кірдім.
Редактор бетін терезеге беріп, үстелінде отыр, қолында - қаламы, бірдеңе жазып отырған сияқты. Амандасып алқынуымды әрең бастым, ол мені көріп, басын шайқады.
- Сіздің очеркіңізді қарауға уақытым болмады.
Әзір еңбегімді мансұқтап, қайтарып тастамағанына қуанып:
- Әрине,, түсінемін ғой, - деймін. - Иә, оның асығысы да жоқ. Бәлкім екі күннен кейін соғармын, болмаса...
- Иә,, қарап шығайын. Айтқандай, менде сіздің мекен-жайыңыз бар.
Сол арада бұдан былай ешқандай мекен-жайым жоқ екенін айтуға ұмытып кеткенім.
Қабылдау аяқталды, басымды иіп шегініп барып, шығып кеттім. Көңілімді үміт қайта кернеді; әлі айырылған ештеңем жоқ, ерегескенде бар ғой, біраз нәрсеге қол жеткіземін. Басымда әр алуан тың қиялдар туындап, жаратқан жалғыз хақтың құзырынан фельетоным үшін он крон сыйлық алатынымды хабарлап тұрған секілденді.
Тек енді түнде қонып шығатын бір тұрақ табу ғана керек! Қайда қонып шықсам екен деп ойға батып, көшенің ортасында тұрып қалғанымды аңғармаспын. Жан-жағынан толқын тулап, дөңбекшіп жатқан жалғыз бакен сынды тапжылмай жолдың ортасында тұрғанымды ұмытып та кетемін. Газетшілер маған "Викингті" ұсынады.
Шапшаң бұрылып, түйіншегімді жасыруға тырысып, асып-сасқан қалпым, терезеден ешкім көріп қалмасын деп шіркеуге жетуге асықтым. Ингебреттен асып, театрдың жанынан өтіп, Ло геннен бұрылып, жағалау жаққа фортқа бет алдым. Бір бос орындық тауып алып тағы да ойға шомдым.
Түнеп шығатын баспананы қайдан тапсам екен? Таңға дейін паналап шығар бәзбір тесік жоқ па? Бұрынғы бөлмеме қайтып баруға намысым жібермеді, өз сөзімнен айну деген ойыма тіпті келмеген нәрсе, алайда көз алдыма кішкентай тербелме әткеншек елестеп, ол шешімді өзгерткеніме таңмын. Қиял күшімен кенет Хегдехаугендегі екі терезесі бар үлкен бөлмеден бір-ақ шыққан екем деймін! Үстел үстінде көздің жауын алатын бутербродқа сықалған поднос түр, сосын ол бифштекске, ауыздан сілекей ағызар тын бифштекске айналып кетті, қасынан қардай аппақ сүлгі қағаздар, үйме табақ нан, күміс шанышқы шыға келді. Әлден соң есік ашылып, қожайын кіріп, бір кесе шай ұсынды...
Құрғақ қиял мен қысыр түсті - ай! Тап қазір ішетін ас тапсам, басым қайта айналып, ақыл-ойдағы безгектей қалшылдатқан дерттен, тасқындаған есер қиялмен арпалысуыма тура келеді, деп өзімді - өзім иландырмақ боламын. Міне, мен осындай жанмын, ас ішуім зиян, ділім мен дінім, ерекше қасиетім сондай!
Бәлкім, баспананы кешірек, күн батар алдында табармын. Асығып қайда барамын ең құрығанда орман ішінен бір орын іздермін, әйтеуір қаланың күллі шет жағы менің қарауымда ғой, әзір аяз да жоқ.
Ал теңіз болса, тып-тынық томсырайып сұлық қалған, тек кемелер мен талпақ тұмсық пароходтар ғана қорғасындай сазарған айдынды, тілгілеп жүр, екі бортынан да су көпіршіп, ілгері жылжып барады, тұрбалардан түтін шүйкелеген түбіттей ұшады, машиналары сатырлап, суық ауаны сатыр-сұтыр соғып жаңғырықтырады. Аспанды қара бұлт тұмшалап тастаған, үп еткен жел және жоқ, ту сыртым дағы ағаштар дымқыл, астындағы орындық та суық, сызды. Уақыт өтіп жатыр; қалғи бастадым, шаршағаным білінді, арқамды тітіркентіп суық жүгіріп өткендей болды, ізінше көзім жұмылып бара жатқанын сездім. Сосын кірпіктерім бір-біріне жабысып ұйықтап кеттім...
Оянғанымда айнала әлі қараңғы екен; шала ұйқыдан апалақтап, әбден жаурап қалған мен атып тұрып, түйіншегімді алып тартып отырдым. Жылыну үшін қолымды сермеп шапшаңдата жүрдім, саудырап қалған аяғымды ысқылай отырып, өрт сөндіру мұнарасының түбінен бір-ақ шықтым. Сағат тоғыз екен, біраз ұйықтаппын.
Енді қайда барсам екен? Түнеп шығатын бір орын табу керек. Тұрған бойда өрт сөндіру депосынан көз айырмай, күзетшінің көзін ала беріп қамсыз бір кезінде бәзбір есіктен сып етіп ішке қалай кірсем екен деп ойлаймын. Баспалдақпен көтеріліп, оны әңгімеге тартуға тырысып көрсем, ол қару ғып, қолына балтасын алып, тыңдайтын бейіл танытты. Қолға көтерген балтаның маған кезелген суық жүзі жүйкемнің талшықтарын кескілеп жатқандай, қарулы адамның алдында тіл-ауызым байланып амалсыз шегіншектей бердім. Үн-түнсіз шегініп барамын, шегініп барамын, қорыққанымды білдірмейін деп, ұмытқан бірдеңені еске түсіргім келгендей, қолымды маңдайыма апара беремін. Табан жолға аяғым тигенде ғана керемет қатерден шынымен-ақ құтылғандай еркін бір дем алып, бүл жерден аулақ қаштым.
Суықтан дірдектеп аштықтан ішегім шұрылдап, еңсем түсіп, көңілім құлазып, Карл - Юан көшесінің бойында сандалып жүрдім де қойдым және жай жүрмей біреу естіп қалар деп алаңдамай әлде біреуді сыбап айғайлап кеп боқтаймын. Стортинг (парламент) ғимаратының алдында бірінші арыстанның жанында тұрып, тағы да қиялымды қамшылап, жас жігіт таныс суретшіні еске түсірдім. Бірде оны Тиволида біреулердің шапалағынан қорғап қалып, кейін кіріп шыққаным да бар. Саусағымды көңілдене сырт еткізіп Турденшельгатенге "К. Закария Баррель" деген кестесі бар үйді іздеп таптым да, есігін де қақтым.
Есікті оның езі ашты, аузынан шылым мен сыраның сасық иісі мүңкіп түр.
- Қайырлы кеш! - дедім мен.
- Қайырлы кеш! Сізсіз бе? Осыншалық кеш іздеп келерліктей, сайтан алғыр, ойыңызға қайдан түсіп жүрмін. Шам жарығымен менің суреттерімнен, шынын айтқанда, ештеңе көруге болмайды ғой. Өзіңіз келіп кеткеннен бері маядағы шөпті салғанмын, кейбір дүниелерді қайта жасадым. Күндіз келіңіз, қазір қарап көруде ешбір мән жоқ.
- Әйткенмен де, қарауға мұрсат берсеңіз қайтеді! - деп сал¬дым. Айтқандай, әңгіме қандай сурет жөнінде екенін де ұмытып қалыппын.
- Ол мүмкін емес! - деді ол. - Бәрі сап-сары боп құлазып көрінеді. Оның үстіне... -деп сыбырға көшіп, жаныма тақап кеп. - Бүгін бір қызбен жатыр едім, демек, ешбір мүмкіндік жоқ.
- Онда қолқа салудың да жөні жоқ екен.
Оған қайырлы түн тілеп, шегініп шығып жүре бердім.
Енді қалғаны жалғыз-ақ орманға бару. Шіркін-ай, жер қазіргідей сыз болмаса ғой. Көрпемді сипап, ашық аспан астында түнеймін деген ойға өзімді ұйыта, бойымды үйрете бердім. Қалада түнеп шығар жер іздеу Ұзаққа созылып, азапқа түсіріп, әбден шаршатты, бәрі жексұрын көрініп, бет қайтты; ешқандай ойға бой алдырмай, көшеде қыдырып жүре берсең ғой, көңілің орнына түсіп, жаның жай табар еді. Университет тұсынан өтіп бара жатып, басымды көтеріп, сағат оннан кеткенін көріп, шетке тарттым. Хегдехаугенде азық-түлік дүкенінің жарнама әйнегіне аялдадым. Француз тоқашының қасында мысық ұйықтап жатыр, шошқа майына толы қаңылтыр қалбыр, шыны құтыда жарма түр. Молшылықтан кез ала алмай, аз-кем тұрдым да, ақшам болмағандықтан айналып жүре бердім. Өте сылбыр басып, заставадан өтіп, бірте-бірте ұзай бердім, ұзай бердім, ақыры қала түбіндегі орманға да жеттім.
Жолдан бұрылып, демалғалы отырдым. Сосын тұрып, сәл-пәл ыңғайлы орын іздедім, көк бұта мен арша жинап, кішкентай төмпешікке төсек салған болдым, сәл құрғақ болған соң пакетті ашып, көрпені алдым. Ұзақ жүрістен өлердей қалжыраған екем, замат жата кеттім. Қашан қолайымды тапқанша әрі-бері дөңбекшіп, елегізи бердім, қамшы тиген ісіңкіреп тұрған құлағым аздап ауырар түрі бар, сондықтан бір бүйіріммен ғана жатуға тура келді. Башмағымды шешіп, Сембайдан алған қағазға орап бас жағыма қойдым.
Айналаның бәрі қараңғылық құшағына сүңгіген, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тек ту биікте біркелкі гуілі алыста мәңгі тынбайтын әуе сұрапылының сарқылмас әуені ызыңдайды. Сол сарқылмайтын да таусылмайтын мұңды әуенге құлақ түріп, көңілім әлем-тапырақ болды, себебі бүл дегенің адасқан әлемнің, алыс жұлдыздардың сазы ғой...
- Жоқ, тегі бүл шайтан елес болуы керек! - деп, өзімді сергіту үшін қарқылдап күліп жібердім. - Бүл Ханадан жерін аңсап ішін тартып ысқырған үкі ғой.
Тұрып қайта жатып, тағы да қыдырайын деп едім, қайта жаттым, таң ағарғанша қорқынышпен, қатыбастықпен арпалысып, күн шыға ғана ұйқы жеңіп, қалғып кетіппін.
Көзімді ашсам, айналам жап-жарық, күн түске тармасып қалғанын сездім. Башмағымды киіп, көрпемді қағазына қайта орап алып, кері, қалаға жөнелдім. Кешегідей күнді бұлт тұмшалап түр. Иттей болып жаураппын, аяқтарым сіресіп қалыпты, күндізгі жарыққа шағылғандай көзім жасаурай береді.
Бақсам, сағат үш бопты. Аштық дымымды құртып, әлсіреп барамын. Жүріп келе жатып жүрегім айнып лоқсимын. Содан қоғамдық асханаға бұрылдым. Тақтаға ілінген дастарқан мәзірін оқып, сиыр мен шошқа етін көргім келмейтінін білдіргім келгендей, екі иығымды қиқаң еткіздім. Осы жерден тура вокзал алаңына бет алдым.
Басым қатты айналып келеді, оған назар аудармауға тырысамын, бірақ ауруы да, айналуы да басылар емес, ақыры болмаған соң баспалдаққа отыра тұруға тура келді. Іш сарайым бірдеңесі орнынан қозғалып кеткендей өзгеріп сала берді, ми ымның пердесі ысырылып немесе бір талшығы үзілгендей мәңгір тіп жіберді. Бірер мәрте тынысым тарылып, сілейіп отырып қалдым. Бірақ есімнен айырылғаным жоқ, кешеден бері құлағым ауырып жүргенін анық сеземін, бір таныс кісі қасымнан өткенде жазбай танып, орнымнан тұрып, бас изедім.
Бұрынғыларға енді келіп тыңнан мынау азапты түйсік қосылды. Қалайша бұның, бәрі сыз жерде ұйықтағаннан болады? Былайша айтқанда, бұлайша аянышты өмір кешуде не мән бар? Құдай өзі көріп тұрған шығар, не пиғылымнан осыншалық жапа шегуге тиіс екенімді түсінсем бұйырмасын. Көрпемді бәсеке қойып, тұлдырсыз соқа басым шыға келуіме де болады ғой деген бір ой келді. Оған мен бір крон аламын, ол үш рет тойып ас ішуге жетеді, содан соң, бірдеңенің басы қайырылғанша шыдай тұрмаймын ба; ал Ганс Паулиді бірдеңе ғып алдауға да болады ғой. Өсімқорға бет түзеп, есігінің алдына барып тоқтай қалдым, ойлап-ойлап басымды шайқадым да, кері бұрылдым.
Әлгі үйден алыстаған сайын білдірмей арбаған әзәзілге алдырмай, аман шықтым - ау деген ойдан көңілім көтеріліп марқая түстім. Адамшылықтан айырылмай, адал қалпымда қалғанымды, ерік - күшімнің бекемдігін, апатқа ұшыраған кемелердің сынықтары қалқыған лай теңізде асқақтап тұрған шамшырақ маяктай жұрттан жоғары тұрғанымды мақтан тұтып, кеудемді қуаныш кернеді. Құлқын тамақ үшін біреудің мүлкін бәсеке салып, әр түйір үшін беттен басып ұялып, өзіңді-өзің алаяқ деп жерлеп, ар алдында кінәлі болуға қалай барарсың? Ешқашан бармайсың, ешқашан! Шынтуайттап келгенде, ондай ой келсе, ол кездейсоқ, өткінші ғана, ол үшін кісіні кінәлауға болмайды. Оның үстіне басың шыдатпай ауырып, ұдайы біреудің көрпесін тасып өлердей шаршасаң, амалың қайсы!
Ерте ме, кеш пе, тығырықтан шығатын бір жол табылар! Айталық, хат арқылы өзімнің қызметімді ұсынған Гренланслерттегі саудагерге қайта-қайта барып табалдырығын тоздырдым ба? Ертеден қара кешке дейін телефон шалып, бетім қайтты ма? Жайдан - жай өздігімнен барғаным жоқ, жауабын білмейтінім де сондықтан. Бәлкім, осы жолғыдан бірдеңе шығып қалар, осы жолы бақыт бетін беріп күлім қағар. Бақыт жолы бастан-аяқ құпия тылсым емес пе. Міне, мен Гренланслеретке аттандым.
Соңғы сілкініс мені әлсіретіп тастады, әлгі саудагерге не айтарымды ойланып әрең ілбіп келемін. Мүмкін жаны жомарт жан шығар, егер көңіл күйі жақсы болса жұмысым үшін бір кронды алдын ала беруі ықтимал, тіпті сұраудың да қажеті болмас, ондай адамдардан өте сүйкімді әпенделік те ұшырасады.
Қақпадан өте шықтым да, сілекейіммен шалбарымның тізесін суладым, кәдімгі өзімше жаңа ең бермек ойым ғой, көрпені қараңғы бұрыштағы жәшікке тығып, көшені қиып өтіп, дүңгіршекке кірдім.
Іште бәз біреу ескі заттардан желімдеп, пакеттер жасап жатыр екен.
- Крис ти мырзаны көрсем деп едім.
- Ол мен ғой, - деді әлгі адам.
- Ә, солай ма? Мен әлгі өз қызметімді ұсынып хат жазған кісімін ғой. Жұмыс бірдеңе табылып қалар деп сенуіме болар ма екен?
Ол менің есімімді бірнеше қайталап күліп жіберді.
- Ежіктеп сұрағаныма ренжімеңіз, жарқыным, сандарды ауыстырып - түйістіруге қалайсыз? Хатыңызда мың сегіз жүз қырық сегізінші жыл деп жазған екенсіз?
Осыны айтып ол қарқылдап кеп күлді.
- Иә, оным онша жақсы болмаған, - дедім қысыңқырап. - Аздап жүрдім-бардым, ұмытшақтығым барлығын мойындауға әзірмін.
- Қаперіңізде болсын, маған санға келгенде ешқандай қате жібермейтін адам керек, -деді ол. - Жазуыңыз сондай айқын екен, жалпы хатыңыз маған ұнады, алайда...
Кідіріп сәл күттім, әлгісі оның соңғы сөзі екеніне сенуім қиын болды.
Ал ол қайтадан өзінің пакеттерімен шұғылданып кетті.
- Әттеген-ай, бүл өте өкінішті, бірақ мұндайдың бұдан былай қайталанбайтынына сеніңіз, болмашы жаңсақтық үшін мені есепшінің жұмысына мүлдем жарамайды деуге болмайды ғой.
- Мен де оны есепке алып отырғаным жоқ, - деді ол. Ал сол сәтімде бұған күші мән бергенім рас, табан аузында жұмысқа басқа есепші алдым.
- Демек, орын бос емес екен ғой.
- Әй, құдай-ай, басқа лажы жоқ қой сонда?
- Әрине, түк те жоқ. Өте өкінішті, амал нешік...
- Қош болыңыз! - дедім.
Ашу-ызадан қалшылдап кеттім. Шыға берістен көрпемді алып, тісімді қайрап, тіпті кешірім де сұрамастан көшедегі кісілерді қаға-маға ілгері жұлқындым. Бәзбір мырза тоқтай қалып, қатаң ескерту жасап еді, басымды бұрып алып, айқайлап, құлағына таяу келіп, қайдағы жоқты айтып, дәл мұрнының алдынан жұдырығымды безеп, Өзіме - өзім ие бола алмайтындай ыза-кекпен ілгері жүріп кеттім. Ол полицей шақырды. Дәл сол сәт полицеймен ұстаса түсіп, төбелескім - ақ келіп еді, тіпті қуып жетінші деп, адымымды да баяулатып ем, бар болғардың бұл маңнан табылмағаны ғой. Бірдеңе жасауға деген ең бір қызу, ең бір шешімді қадамдарым ылғи осылай сәтсіздікке ұшыраса, амалым қайсы. Неге ғана 1848 жыл деп жаздым екен? Қарғыс атқыр ол жылдың маған қажеті қанша еді? Енді міне, ішегім шұрылдап аштан қатып жүргенім, дәл талғажау қылар бірдеңе табармын деген үміттің өзі жоқ. Уақыт озған сайын жаным да, тәнім де қоңылтақсып, күннен-күнге адалдығымнан айнып барамын. Ұяттан бетім шімірікпей, өтірік айтатын болдым, бейшара әйелдің пәтерақысын төлегенім жоқ, басыма тіпті біреудің көрпесін ұрласам қайтеді, деген де ой келді, сонда ұят, ар дегендерің қайда қалады. Өзім іштей іріп, көңілімді қара өңез басып бара жатқандай. Ал анау қиыр көкте Құдайдың өзі тапжылмай отырып, менен кез алмайды, менің өлімім бар ережеге сәйкес баяу, бірте-бірте, бірақ бұлтартпай келуін күтіп қадағалап отырған секілді. Алайда құзырынан қаскөй шайтандар шоршып шығып, менің Құдекең әділ жазалап тозаққа бірден топ еткізетін күнә жасамағаныма зығырданы қайнап, өз шашын өзі жұлатын тәрізді.
Аяғымды шапшаң алып, жүгіре басып, ойламаған жерде оңға бұрылып, ашудан теріме сыймай, шамы жарқыраған, әсем подъездің алдынан бір-ақ шыққанымды аңғармадым, әйткенмен оған бөгелместен ойланбай ішке кіріп кетпесем де, оның сән-салтанаты лезде жадымда қалып қойды, барлық әшекейлері болмашы тетіктерінің өзімен жан айнасынан өшкен жоқ. Баспалдақпен жүріп жоғары көтеріліп, екінші тәжге шығып, қоңырауын қақтым. Неліктен тура осы екінші тәжіге тоқтағанмын? Және баспалдақтан алыс ең шеттегі қоңырауды басқаным не?
Қарамен есептелген қоңыр көйлекті жас әйел есік ашты; бір ауық маған таңырқай қарап, сосын:
- Жоқ, бүгін бізде ештеңе жоқ, - деді де, есік жаппақ ыңғай танытты.
Менің жолымда дәл осы бикештің тұруы қалай? Ол мені қайыршы деп қабылдаған сыңайлы, ал мен болсам, маңғазданып, салмақтана түстім. Оның сөзін естімеген дей, қалпағымды алып, басымды иіп, ілтипатпен былай дедім:
- Ғапу өтінемін, бикеш, қоңырауды қаттырақ қақтым - ау деймін, қоңырауларыңыздың ыңғайын білмегендікі ол. Шамасы, осы үйде қол арбамен сүйреп жүрер кісі іздейтін бір сырқат болуы керек.
Менің ақылға сыймас өтірігімді безбендеп, өзім туралы не ойларға білмеген ол сәл аңырып қалды.
- Жоқ, - деді ақыры. - Мұнда ешқандай да ауру тұрмайды.
- Солай ма? Жасы біразға келіп қалған мырза еді, соны сағатына қырық эреден алып, екі сағат серуендету керек болатын.
- Ондай адам жоқ.
- Олай болса, тағы ғапулық өтінемін, - дедім. - Зайыры, ол бірінші қабатта тұратын болар. Тек қана оған тағдырына немқұрайды қарай алмайтын бір адамды ұсынайын деп едім. Менің атым Ведель - Ярльсберг.
Көңілім қайта тыншып, басым айығып кетті. Бүгін беретін ештеңе жоқ деген бикештің сөзі үстіме суық су құйып жібергендей эсер етті. Маған қарап әркім-ақ іштей: "Әке, қайыршы келе жатыр, қазір жүрек жалғарлық бірдеңе сұрайды" деп секем аларлық жағдайға жетіп қалғаныма.
Меллергадте дәмхананың алдына аяңдап, қуырылған сиыр етінің дәмін рақаттанып иіскей бастадым; есік тұтқасына қолым да барып қап, не үшін екенін өзім де білмей, ішке кіргім келді де, замат ақылға түсіп, тайып тұрдым. Алаңға шығып демалатын жер іздедім, алайда орындықтардың бәрі бос емес екен, алаңсыз отыратын орын іздеп, шіркеуді айналып әрі-бері жүрдім. "Иә, әрине! - дедім іштей қамығып. - Әрине! Әрине ғой!" Содан әрі қарай кеттім. Базардың бұрышындағы фонтанға тоқтап су іштім де, аяғымды ілби басып әрбір жарнама әйнекті сүзіп, әрбір өткен күймені көзбен ұзатып салдым. Басым күйіп барады, шекем солқ - солқ етіп, оғаш бір дыбыс шығаратын сияқты. Ішкен суым сіңе қоймай, ауық-ауық құсқым келіп, өзімді әрең ұстадым. Ақыры Құтқарушы шіркеуінің қасындағы зиратқа да жеттім. Отыра қап шынтағымды тіземе тіреп, басымды қолыма сылқ еткіздім, осылай бүктетіліп отырғаным дұрыс болды, кеудемнің шаншуы басылды.
Бір тас шабушы маған таяу жерде етпеттеп, тасқа ойып жазып жатыр; ол маған түсін ұмытып қалған бір танысымды еске түсірді, ол кісі банкте істеуші еді, екеуміз кофеханадан кездескенбіз бір.
Егер мен бет пердем үзілмей, ардан аттап, сол адамға барсам ғой. Оған бар шындықты жайып сап, қандай ауыртпалықты бастан кешіп жүргенімді, ішерге ас табудың өзі қиындап кеткенін айтсам ғой. Оған қырыну талоным салынған кітапшамды бере алар едім... Еһ, сайтан, бүл кітапшамды мүлдем ұмытып кеткенімді көрмейсің бе. Оның ішіндегі талондардың өзі бір кронға татиды. Абыржыған басым қазынамды іздей бастадым. Әлбетте таба алмай, атып тұрып, қорыққанымнан суық терге малшынып, ақыры оны жан қалтамның түбінен таза және еш құндылығы жоқ жазылған қағаздардың арасынан тауып, көңілді бір дедім - ау. Осы алты талонды басынан бастап әлденеше рет қайта санап, сосын соңынан тағы тексеріп шықтым, өйткені булар маған өте-мөте қажет, бұдан былай қырынбай-ақ қояйын, ерегессем мен солай етемін. Бұлардың орнына констер күмісінен жасалған жалтырап көздің жауын алатын жарты кронды қолға ұстаймын. Банк алтыда жабылады, танысымды кофеханада күте тұрамын, ол сағат жетіде немесе сегізде келуі керек.
Осы ойым ұзақ алдарқатып, қуанышты күй кештім. Уақыт өтіп барады, күн еңкейіп, сары талдың жапырақтары желмен тербеліп шулап кетті. Алты талонмен білдей бір банкте істейтін жас жігітке жабысып жүргенім ерсі емес пе, өзі? Кім білсін, бәлкім, оның қалтасында бұдан да қалың кітапшасы бар шығар, ондағы талондар мендегі дей емес жаңа, әдемірек те болар. Қалталарымды ақтарып, бұларға қосып беретін бірдеңе іздеп едім, бірақ ештеңе таппадым. Ал оған галстугімді ұсынсам қайтер еді? Онсыз да оп-оңды жүре беремін ғой, тек күртемнің жағасын қымтап жауып жүруім керек, желеткім болмағандықтан онсыз да омырауымды мұқият түймелеп жүретінім белгілі. Жұдырықтай етіп байланған, кеудемнің жартысына жуығын жауып тұратын галстукты шешіп ап, мұнтаздай ғып тазалап, кітапшаммен қоса ақ қағазға орадым. Сосын қабірстаннан шығып қалаға тарттым.
Ратушадағы сағат жетіні көрсетіп түр. Кофеханадан онша ұзамай, ерсілі-қарсылы жүріп, торкөз темір арқылы кім кіріп, кім шыққанын жіті қарап бақылап тұрмын. Ақыры, сегіздер шамасында кофехананың есігіне бет алған тап-таза, әсем киінген жас жігітті де көрдім - ау. Оны көргенде жүрегім тордағы құстай тыпыршып, амандық-саулық жоқ жетіп бардым.
- Жарты крон беріңізші, ескі дос! - дедім ұятты жиып қойып. - Мынау сізге соның кепілі, - деп кішкентай түйіншекті қолына ұстата салдым.
- Бере алмаймын, - деді ол шорт кесіп. - Құдай ақы, қазір ештеңем жоқ! - Ол әмиянын аударып, мұрныма тақап кеп көрсетті. - Кеше кешкісін қызық қуып қызықтаймын деп, бүгін тақырға отырып қалдым. Сеніңіз, соқыр тиыным жоқ.
- Оқасы жоқ, достым! - дедім сөзіне сеніп.
Түкке тұрмайтын тиын-тебенге бола ол өтірік айтпасқа керек, тіпті қалталарын ақтарып түк таппағанда, оның сұрғылт көзі жасаурап та кетті. Мен кері шегіндім.
- Олай болса, кешір! - дедім. - Жай бір қиындыққа тап болып тұрғаным.
Бұрылып кетіп бара жатыр едім, ол дауыстап шақырып түйіншекті есіме салды.
- Өзіңізде қала берсін, - дедім мен де дауыстап. - Маған да бір мархабат етіңіз! Онда бір ұсақ-түйек болмашы бірдеңелер. Менің бүл жалғанда жиған ымнан қалған барым сол.
Өз сөзіме өзім толқып кеттім, мынау ымырт қараңғылығында даусым сондай мұңлы естілді де өзім де жылап жібердім.
Жел екпіндеп, аспанда бұлттар жөңкіліп, ымырт жабылуына орай күн салқындай бастады. Көшеде келе жатып көбіне өзімді аяп, көзіме ерік беріп жылап келемін. Аузымнан шыққан бірер лепірме сөзден тыйылуға тиіс көз жасы қайта мөлтілдеп:
- Құдая, қандай ауыр бұл өмір! Қиын ғой қиын, құдай-ау! - деймін көкірегім қарс айырылып.
Бір сағаттай уақыттың өзі жылдай ұзақ көрініп әрең өтті. Турада ұзақ болдым, есік алдында баспалдақта отырып, біреу-міреу өтсе кіреберіске жасырындым, жарнама әйнектің жарығымен сауда сөресіне анталаған аламандарды ойсыз қызықтадым. Ақыры, базар мен шіркеудің арасындағы тақтаның қатары сыртынан қолайлы орын таптым.
Бүгін кеш өлтірем десе де орманға барар түрім жоқ, оған шамам да келмейді, жолының өзі де ұшы-қиыры жоқ алыс. Ешқайда бармай осы арада түнеп шығамын, тоңып бара жатсам, шіркеуді айнала жүгіріп аламын, одан ұялатын ештеңе де жоқ. Тақтаға сүйеніп қалғып та кеттім.
Біртіндеп төңірек тынши бастады, дүкеншелер жабылды, өткен - кеткеннің аяқ дүсірі сиреп, ең соңында жарықтар сөнді...
Көзімді ашсам, алдымда бір адам түр, түймелерінің жалтылдауына қарағанда, полицей болар-ау деп түсіндім, бет-аузын көре алмадым.
- Қайырлы кеш! - деді ол
- Қайырлы кеш! - деп үрейлене жауап қаттым. Ыңғайсыздық сезініп, орнымнан тұрдым.
Ол қимылсыз біраз тұрды да:
- Қайда тұрасыз? - деп сұрады.
Ескі әдетім бойынша еш ойланбастан, жуық арада ғана шатырындағы үйшікте тұрған ескі үйдің мекен-жайын айттым.
Ол үнсіз тағы да біраз тұрды.
- Немене, мен бірдеңе бүлдіріп қойыппын ба? - деп шошына сұрадым одан.
- Жоқ, о не дегеніңіз? - деді оя - Ең дұрысы үйіңізге барғаныңыз, мұнда үсіп қаласыз.
- Иә, ол дұрыс, бүгін ысқаяқтау екен.
Мен оған қайырлы түн тілеп еріксіз бұрынғы ескі үйіме жөнелдім. Абайлап, ешкімнің мазасын алмай, жоғарыға көтерілуіме болады; басқыштың сегіз сатысының тек жоғарғы екі сатысы ғана сықырлайды.
Аяқ киімімді табалдырықта шешіп, ілгері тарттым. Үй іші тып - тыныш; екінші қабаттан сағаттың шықылы мен баяу жылаған баланың үні естіледі, басқадай бәрі тым-тырыс. Өз есігімді тауып, ілгішін тартып, әдетім ше кілтсіз бөлмеге кіріп, есікті жаптым.
Үйшікте ештеңе өзгермепті, терезе пердесі ашық түр, кереует бос. Үстелдің үстінен қағазға кезім түсті; ол менің хатым, мен
кеткеннен бері қожайын бұнда кіріп те шықпаған болуы керек. Қолыммен төрткүл ақты сипап көріп, оның хат екенін байқап таңырқадым. Ал ол кімнің хаты? Терезеге апарып қара көлеңкеде шұқшиып, ақыры өзімнің атымды таптым "Еһе, бұл қожайынның өзі болды, - деп ойладым. - Қайтып оралар болсам, бөлмеге кіруіме тыйым салған ғой тегі".
Ақырын-ақырын жиналып, көрпемді қолтығыма қысып, бір қолыма башмағымды, бір қолыма хатты ұстап қайта шықтым. Аяғымды ұшынан баса тістеніп, сықырлауық сатыдан сақтана аттап, баспалдақтан ойдағыдай түсіп кіре берістен бір-ақ шықтым.
Башмағымды қайта киіп, бауымен ұзақ әуреленіп қолыма хатты ұстап бет алдыма ойсыз көз тастаймын.
Сосын тұрып, жүріп кеттім.
Көшеде газ фонары жылтырайды, жақындап сол жарыққа келдім де, түйіншегімді бағанның түбіне қойып, ақырын ғана абайлап хатты аштым.
Ішімде бір жалын лап ете қалғандай болып, құлағыма өзімнің әлсіз айғайым, ессіз - ойсыз, шат-шадыман үнім келеді. Редактордың хаты екен, менің фельетоным қабылданып, баспаханаға да жіберіліпті! "Бірер ұсақ түзетулер... екі-үш кездейсоқ әріп қатесі... өте талантты дүние... ертең басылады... он крон".
Әрі күліп, әрі жылап, көше бойлай жүгіріп, сосын тоқтай қалып, тізерлеп жата кетіп, не үшін екенін білмей, бүкіл әулие-әнбиелерге сиындым...
Ал уақыт болса өтіп жатыр.
Түні бойы таңға дейін қуаныштан есім шығып көшеде қаңғыдым және: - Талантты, демек, шағын ғана аса үлгілі шығарма, данышпандық дүние! Оның үстіне он крон! - деп қайталай бердім, қайталай бердім.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Екі аптадан кейін кешкісін үйден кетіп қалдым.
Тағы да зиратта отырып бір газет үшін мақала жаздым, онға дейін жұмыс істедім, қараңғы түсіп, көз байлана бастады, ұзамай күзетші қақпаны жабуға тиіс. Қарным ашып, аштық әкетіп барады. Өкінішке қарай баяғы он крон кепке жеткен жоқ; ас ішпегеніме екі-үш күн болған шығар, әлім құрып бара жатқаны байқалады, тіпті қағаз бетінде қарындаш жүгіртудің өзі қиындап кетті. Қалтамда қарындаш ұштайтын сынық бәкі мен бір буда кілт бар, ал соқыр тиын жоқ.
Зират қақпасы жабылғаннан кейін, әрине, үйге қайтуым керек еді, бірақ қаңылтыршы ұстаның бос қалған шеберханасының қарсысындағы уақытша тұра тұруыма рұқсат еткен қараңғы қаңыраған баспанаға баруға жүрегім дауаламай, басым ауған жаққа маңып, ратушаның қасынан өтіп, жағалауға түсіп, одан әрі вокзал тартып, ақыры, бір орындыққа жайғастым.
Қаумалаған күңгірт ойлар замат сейіліп, теңіз айдынының кешкі әсем көрінісімен көңілім орнына түсіп, еңсені езген ауыртпалық ұмыт болды: әдет бойынша, бүгін жазғанымды қайталап шығуым керек, менің сырқат сезіміме ол шығармаларымның ең тәуірі боп елестеп, көңілімді демейді. Қалтамнан қолжазбамды суырып, оны тура көзіме тақадым да, беттен - бетке көшіп судыратып оқи жөнелдім. Ақыры, қалжырап қағаздарды қалтаға тықтым. Төңірек тып-тыныш, теңіз көгілдір меруерттей құбылып, құстар әрлі-берлі ұшып, қонып жүр. Аулағырақ та қыдырыстап полицей жүр, басқа тірі жан жоқ, айлақ мүлгіп түр.
Мен өз байлығымды қайта аударыстыруға кірістім: қарындаш ұштайтын сынық бәкі, бір буда кілт, ал соқыр тиын жоқ. Кенет қалтама қол салып, қағаздарды қайта суырдым. Бүл да бір албаты қимыл, ширыққан жүйкенің ессіз есірігі. Жазылмаған таза қағаз іздеймін -басыма бұл ой қайдан келгенін құдайың білсін, қағазды дөңгелете орап, ішінде бірдеңе бар екен деп ойласын дегендей, екі шетін бүгіп, алысырақ, жолдың ернеуіне қарай лақтырдым, желге біраз ұшып барып қағаз қапшық жерге түсіп, жабысып жатты да қалды.
Аштық әкетіп барады. Іші толы күміс ақша тәрізденіп, томпиып жатқан үрленген ақ қапшыққа қараймын, көзім түскен сайын оның іші бос емес сияқты көрінеді. Өз-өзімнен мәз болып, оның ішінде қанша ақша барын болжап білгім келеді, егер тура тапсам, бәрі де менікі болады ғой. Әрқайсысы он эрелік кішкентай, ғаламат күміс ақшалар түбінде, үсті қырналған, зерлі крондарға толы қапшық қыруар байлық емес пе! Көзіммен ішіп-жеп, оны іліп әкеткім келді.
Күтпеген жерде полицейдің жөтелгені естілді - менің де жөтелгім келгені несі? Орындықтан тұра бере жөтелдім және ол естісін деп үш рет жөтелдім. Ол жетсе - ақ болды, қапшыққа бас салады ғой. Мына қалжыңыма мәз болып, қуаныштан алақанымды уқалап, аузымнан боқтық та шығып кетті. Сені бір алдап түсірейін, ит неме! Ұрлық жасамақ қылмысың үшін тозақтың төрінен бір-ақ шығарсың, сұмпайы. Аштықтан мен мас адамдай ләйлідім.
Бірнеше минуттен соң жан-жағына алақтай қараған полицейдің өкшесіндегі темір тақа тас жолға тақ-тақ тиді. Тұтас түн алда де¬гендей, асықпай маң-маң басады; әлден соң қағаз қапшыққа көзі түсті ме, оған таяй түсті. Міне, тоқтап ақ қапшыққа қарап түр. Жалтыр жолда қапшық көзді арбап ағараңдайтын тәрізді, бәлкім, ішінде әжептәуір ақша жатқан болар. Әне, ол қағазды көтеріп алды. Дымыңды шығарма! Ішінде жеңіл, өте жеңіл бірдеңе жатқан сияқты. Мүмкін, қалпаққа қадайтын бағасы қымбат қауырсын шығар. Борбиған қолымен ол қағазды ашып ішіне үңілді. Мен болсам, жынды кісі сияқты қарқылдап кеп күліп, тіземді тарс-тарс соғамын. Бірақ сыртқа бір де дыбысым шықпай, үнсіз булығып күлкімнің өзі еңірегендей болып естілді...
Өкше тықылы тас жолды жаңғырықтырып, полицей жаға бойлап әрмен қарай кетті. Көңілім алып-ұшып қуаныштан булығып, көзімнен жас парлап мен отырмын. Әлден соң ғана үнімді шығарып, өзіме - өзім әлгі қағаз жайында айтып, бейшара полицейді келекелеп, түгі жоқ уысыма қарап, іштей: "Ол жөтеліп қап, қапшықты лақтырып жіберді ғой! Тастай бергенде тағы да жөтелді!" деп қайта-қайта қайталаймын. Сәл бөгеліп әлгі тіркестерге және бір қызықтырар сөздер жалғап, сөйлемді қайта құрап: "Ол "ехе деп жөткірініп қойды" деп ұстарта түстім.
Бұл сөз ойнату да жалықтырды, қас қарайып, ымырт үйірілгеннен бе, көңілділігім ізім-қайым болды. Мүлгіген меңзеңдік меңдеп, рақаттана маужырап, тыныштық құшағына кіре бердім. Қараңғы лық қоюланып, самал жел есті де, теңіздің меруерт айдыны шымырлап, діріл қақты; аспан аясында кемелердің діңгектері айқын көрінді, ал олардың қараңғы сұлбасы үнсіз арқа жүнін тікірейткен аждаһаға ұқсады, дәл бір жасырынып келіп мені аңдып жүрген сияқты. Мұң-наламды аштық, ұмыттырып жіберді де, рақат бір бейжайлық сезініп, ештеңеге алаңдамай, өзімнің жалғыздығыма қуандым. Орындыққа аяғыммен шығып, оңаша рақаттанып жазуға қолайлы жағын қарастырып ап қисайдым. Көңіліме көлеңке түсірердей түк кірбің жоқ, ауыр ойдан да адамын, барлық арман -тілегім орындалған адамдаймын. Өзімнен - өзім безіп, алыстағы бақыт шынына ойша самғап, көзімді ашып алып жатырмын.
Бұрынғысынша бірде-бір үн тыныштығымды бұзған жоқ, торғын түннің қараңғылығы күллі әлемді көзден тасалап түр, терең тынысқа сүңгіген менің құлағыма мүлгіген төңіректің дамылсыз сыбдыры құйылады. Түн қараңғылығы қоюланғанда әлгі қара аждаһалар мені жұтып жіберіп, теңіздің ар жағындағы ешкім тұрмайтын алыс елдерге алып кетеді. Ол мені бүл жарық дүниеде ешкім көрмеген ғажайып күтіп тұрған Илаялидың құлпы сарайына алып келеді. Илаяли ханшайымның өзі аметисттен қаланған жарқыраған әсем залда, алтын раушаннан жасалған тақта отырады да, мен кіргенде қуанғанынан дауыстап жүгіріп, жақындап тіземді бүккенімде: "Сәлем саған, серім, менің құлпы сарайым мен иелігіме хош келдің! Мен сені жиырма жыл күттім, түн баласы өзіңді шақырып шығушы ем - сен қайғырғанда жыладым, сен ұйықтағанда тәтті түс сыйлап, желпіп тұрдым!" деп құттықтау сөз айтады. Міне, айдай ару мені қолымнан ұстап, жол нұсқап, үш жүз жас ару күліп-ойнап жүрген ұзын дәлізбен алып жүріп, айнала "уралап" айғай салған жұрттың арасымен айдай жарқыраған зүмірет тастан жасалған басқа залға алып кіреді. Мұнда бәрі де күн нұрына малынып түр, әрбір қатар мен қалқадан тәтті әуен тамылжиды, мас қылар жұпар иіс бетімді желпиді. Қолыммен қолын қысып, жанды арбаған бір сиқыр қанымды қыздырып, бойымды алып бара жатқанын сезіп, аймалай құшқанда ол үздіге сыбырлап. "Бүл арада емес, арырақ барайық!" дейді. Біз бір рубиннен жасалған қызғылт залға кіреміз де, мен нұр шашқан бір әсемдік әлеміне шым батып жүре беремін. Оның қолы мойнымды қалай айқара орап алғанын сезіп, бетімді ыстық лебі шарпып: "Хош, келдің, құттықтаймын, сені ғашық жарым! Сүйші мені! Сүйші, тағы да..." деп үздіге сыбырлағанын естимін.
Орындықтан жұлдыздар көрінбейді, ой-қиялымды жарық дауылы қуып тастаған тәрізді...
Орындықта жатқан бетіммен ұйықтап кеткен екенмін, полицей кеп оятты. Қайыршылық тірлікті одан әрі кешуге тура келді. Алғашқы сезімім қалай ашық аспан астында жатып қалғаныма топас таңдану болды, ұзамай ол ащы уайыммен алмасты, әлі де тірі жүргеніме өкініп, жылауға да әзір тұрмын. Ұйықтап жатқанымда жаңбыр жауыпты, киімім малмандай су, тұла бойым түгел мұздап қалыпты. Түн түнеріп, қараңғыда полицейдің бет-жүзін әрең айырдым.
- Иә-иә! - деді ол - Ал енді тұрыңыз.
Заматта атып тұрдым, ол жат деп бұйырса, табанда жата қалар едім. Ұнжырғам түсіп, әбден титықтап, әл-дәрменім жоқ, оның үстіне аштық қайтадан қинай бастады.
- Ей, ақымақ, тоқтай түр! - деп полицей кетіп бара жатқан мені шақырып алды. -Қалпағыңызды ұмытып кетіпсіз. Иә-иә, алдыңыз ба, енді қайқайыңыз.
- Өзіме де бірдеңені ұмыт қалдырғандай көрініп еді... - деп міңгірледім. - Рахмет. Қайырлы түн!
Сүмеңдеп әрі тарттым.
Шіркін-ай, енді бір үзім нан болар ма еді! Көшеде қаңғып жүріп қажалайтын қатқан қара нанның бір үзімі табылса ғой. Кейде қара нан да керемет дәмді болып, аузыңның суын құртады - ау деп ойладым. Аштықтың азабынан өлгім де келді, көңілім босап, жылап та алдым. Бақытсыздығымда бар ғой, шек жоқ. Кенет көшенің ортасында тоқтай қалып, аяғыммен жер тарпып, қарғыс жаудыра бастадым. Мені әлгі қалай атады? Ақымақ деді ме? Ақымақ деп қорлауды көрсетейін ол полицейге! Табан аузында жалт бұрылып кері қайттым. Ыза - кектен өртеніп барамын. Көшеде сүрініп кетіп, құлап қалдым, бірақ оған назар аудармай атып тұрып, қайта жүгірдім. Вокзал алаңына жеткенде әбден шаршап, айлаққа дейін жүгіруге қауметім қалмады, оның үстіне ашуым да басылды. Ақыры, тоқтап жан шақырдым. Бәзбір полицей не айтса да бәрібір емес пе! Алайда ондайға төзіп отыра алмаймын! Әрине, төзбеймін! - деп оз сөзімді өзім бөлдім. - Бірақ одан не сұрарсың!... Осы кешірімнің өзі маған жетіп болды. Ондайлардан не сұрарсың? - деп іштей қайталадым. Сөйтіп, қайтадан кері бұрылдым. "Құдайдың мына әуресін қарашы! - деп өкіндім. - Мынандай қараңғы түнде лайсаң көшеде тіліңді салақтатып жүгіру деген басыма қайдан келіп жүр. Аштық та азапқа салып, әбден мазам кетті. Әйтеуір оны сәл де болса басу үшін сілекейімді жұтамын, ол жәрдемдескендей де "болады. Міне, тойып тамақ ішпегеніме әлде неше аптаның жүзі болды, әл-қуатым да сарқылып барады. Ептеп септеп бес крон тауып жүрген кезімде, ол онша көпке жетпегенмен де, жаңа аштық басталғанша аздап жүрегім жалғанушы еді. Әйтеуір, жон арқам мен жауырыным өзіме бағынып, кеудемнің ауруы онша күшті болмайтын, қатты жөткірініп немесе бүкіл денеммен алға ұмсынып ауырғанын өзім тоқтатып алатынмын. Енді міне, жон арқам мен жауырыным шаншып, сазайымды беріп тұр. Тағдыр мұнша неге қатыбас болды? Анау антиквар Паша мен кеме уәкілі Хеннен секілді өмір сүретін менің де құқығым бар емес пе? Әлде менің әлуетті иығым мен қуатты екі қолым жоқ па, әлде нан тауып жеу үшін Меллергадте ағаш жығушы да болуға әзір емеспін бе? Әлде кер жал қаумын ба? Әлде жұмыс іздеп, лекция тыңдамаппын ба, әлде жаннан безген кісідей күн-түні еңбектеніп, оқып, ізденіп мақала жазбаппын ба? Болмаса үнем жасап, тек сүтпен, нанмен ғана қоректенбекпін бе? Ісім оңға басып тұрғанда да наннан басқаға салмақ салмай, әйтеуір аш жүрмесем болды демеуші ме едім? Қонақ үй іздеп, үлкен үйлердің бірінші қабатында және тұрғаным жоқ. Үнемі шатырдағы үйшікте, қаңылтыршы ұстаның қыста қар басып қалады деп тастап кеткен шеберханасында тұрған жоқпын ба? Қазір қайсына болсын төлейтін қаржым жоқ. Не істерге білмей, басым дал болып жүрген түрім мынау.
Келе жатып, осының бәрін ойлаймын, көңілімде ашынудың да, қызғаныштың да, күйініштің де нышаны жоқ.
Сыр сататын дүңгіршектің алдына тоқтап, жарнама әйнектен жабық қалбырлардың сыртқы жазуын оқығым келеді, бірақ әлі тым қараңғы. Менің бүл әуесқойлығым өкініш туғызып, қораптардың ішінде не барын білгім келгеніне ыза боп, жарнама әйнекті тық еткізіп аулақ кеттім. Одан әрі көшеде полицейді көрдім, адымымды шапшаңдатып, оған тақай келіп, әй жоқ, шай жоқ:
- Қазір сағат он, - дедім.
- Жоқ, екі қазір, - деп таңдана қарсылық білдірді ол
- Жоқ, он, - деп табандап тұрып алдым. - Қазір сағат он.
- Ызадан ысылдап, алға қарай бірнеше адым ілгерілеп, жұдырығымды түйіп кесіп айттым: - Ей, тыңдаңыз, сізге мен - қазір сағат он деп тұрмын ғой.
Бірер сәт ол бірдеңе ойлап табуға тырысып, маған тесіле Ұзақ қарады. Сосын баяу ғана:
- Дегенмен, сіздің үйге қайтар уақытыңыз болды. Мүмкін сізді шығарып салу керек болар? - деді.
- Жоқ, рахмет. Кофеханада әжептәуір отырып қалыппын. Сізге өте-мөте ризамын.
Шегінген кезімде ол сәлем етті. Оның сыпайылығы күллі қаруымды сыпырып алғандай, өкініштен ал жыла, оған берер бес крон да шықпады менен. Тоқтай қалып оны көзіммен ұзатып салдым. Көзімнен жас моншақтап, маңдайымды төпелеп, сыртынан ұзақ қарап тұрдым. Кедейлігім үшін өзімді қарғап, ең жаман сөздермен сыбадым, қайдағы жоқ қорлайтын атақтар жапсырып, боқтықтың да сөкеттерін өзіме үйіп-төктім. Осылай үйге дейін ауыз жапқам жоқ. Қақпаға жете беріп, кілтім жоғалғанын білдім.
"Иә, түсінікті!" - дедім іштей опынып. - Кілттерді жоғалтатын да ретім бар. Атқораның ауласында тұрамын ғой, жоғарыда - қаңылтыршы ұстаның шеберханасы: қақпа түнде жабылады да, тірі пенде оны аша алмайды, сондықтан кілттердің жоғалатын жөні бар. Иттей боп суға малшындым, оның үстіне ашпын, тіпті ашпын деу де аз, әлім құрып, тізем дірілдеп жүргізбейді, ендеше кілт жоғалмай қайтеді.
Қорадағы аттардың тұяғымен жер тарпығанын естіп, жоғарыдағы өз тереземе қараймын, алайда қақпаны ашып ішке кіре алар емеспін. Қалжырап, әрі өкініш мүжіген бейбақ басым айлаққа қайтып оралып, кілттерді іздеуге бекіндім.
Жаңбыр қайта жауды, екі жауырынымның арасынан қуалай сорғалап ағып жатқанын сезіп келемін. Ратушаның алдында маған бір тамаша ой келді: қақпаны ашып бірден полицейге өтініш жасауым керек. Бір полицейдің қасына келіп, менімен бірге жүріп, мүмкіндігі болса, құлыпты ашып беруін сұрадым.
Мүмкіндігі болса, әрине, көмектеседі. Тек мүмкіндігі жоқ қой қайқы кілтті ол қайдан табады. Ондай кілт тек іздестіру уәкілдерінде ғана болады.
- Енді қайттым?
- Қиналатын несі бар, мейманханада түнеп шығуға тура келеді.
- Ал, шынымды айтсам, қалтамда ақшам да жоқ, сондықтан мейманханада түней алмаймын. Білсеңіз бар ғой, үйден тек кофеханаға кіріп шыққалы ғана шыққанмын.
Біраз уақыт ратушаның табалдырығында тұрып қалдық. Ол бір шешімін іздеп, ойланып маған қарап қояды. Жаңбыр болса шелектеп құйып тұр.
- Сізге кезекші бөлімге барып, баспанаңыз жоқ екенін хабарлауға тура келеді, - деді ол.
Түнеп шығар баспанам жоқ деп хабарлаймын ба сонда? Бүл туралы ойланған да жоқ едім. Әй, бұл бір тамаша пікір ғой! Айтқан ақылы үшін полицейге алғыс жаудыра бастадым. Демек, жай ғана барып, менің қонып шығатын орным жоқ екенін айтуым керек пе?
- Иә, сөйту керек.
- Фамилияңыз кім? - деп сұрады кезекші.
- Тангенс... Андреас Тангенс.
Не үшін өтірік айтып тұрғанымды өзім де білмеймін. Ойларым басымда жөн-жосықсыз алас ұрып, еркімнен тыс түрлі-түрлі қулықтарға баруға итермеледі: әлгі жат фамилияны да табан аузында ойлап тауып, тарс еткіздім. Еш қажетсіз өтірікті соғып тұрмын.
- Кәсібіңіз?
Шарасыз жағдайға енді тап болдым. Ым! Әуелі қаңылтыршы ұста болып шыға келсем бе, деп едім, оған тәуекел ете алмадым, өйткені аты-жөнімді айтып қойдым ғой, ол қаңылтыршы ұстаға онша келе бермейді, оның үстінде көзімде көзілдірігім түр. Сосын беттің арын белбеуге байлап, алға бір адым жасадым да, даусым дірілдеместен мардымсып:
- Мен журналистпін, - деп салдым.
Кезекші дір ете қалды, бірақ айтқанымды жазып қойды, мен болсам, қапияда баспанасыз қалған министр құсап маңғаздана түсемін. Жауап бергенде мүдіріп қалғаныма кезекші секем алған жоқ. Ал басында баспанасы жоқ журналистің ратуша алдында тұруы да ешбір ақылға сыймаушы еді ғой.
- Тангенс мырза, қай газетте қызмет істейсіз?
- "Ертеңгілік газетте", - деп жауап қаттым. - Өкінішке қарай, үйден бүгін кешкісін шығып едім...
- Жә, жетер! - деп сөзімді бөлген ол жымиып қойып: - Жас жігіттер үйден шығып кеткенде не істейтінін... біз білеміз, - деп орнынан тұрып, ілтипатпен басын иді де, бәзбір полицейге тапсырды: - Мына мырзаны резервтегі камераға апарыңыз. Түніңіз тыныш болсын!
Өз қыңырлығымнан тапқаным осы болды, арқамнан құмырсқа жүгіріп өткендей, екі жұдырығымды да түйіп, өзіме - өзім дем бергім келді.
- Газ он минут қана жанады, - деді полицей есік алдында-ақ ескертіп.
- Сосын сөне ме?
- Иә, сосын сөнеді.
Кереуетке жайғасып, сыртымнан есіктің кілтпен бұралып жабылғанын естідім. Камера жарық, тіпті тап-тұйнақтай көрінді, басымда панам барын сезініп, жаңбыр шуылына рақаттана құлақ түрдім. Осындай бір жайлы, бөлмем болса, одан артығын тіпті қаламас та едім! Көңілім әжептәуір жайланып қалды. Қолымда қалпағым, кереуетте отырып, қабырғадағы газ шырағданнан көз алмай, бүгінгі полицеймен алғаш рет кездескенімді қайталап, бүге - шігесіне дейін еске алдым. Иә, олармен алғашқы кездесіп отырғанның өзінде қалай алдап соқтым сабаздарды. Журналист Тангенс қалауыңыз білсін! "Ертеңгілік газеттен!" Сол газетпен әлгі мырзаны тәйкесінен түсірген жоқпын ба! "Жә, жетер!" дейді. Жеткенде қандай. Шіркеудің жанында қонақтап шығып, түнгі сағат екіге дейін тұрып қалған ғой көксілің! Кілті мен әлденеше мың кроны бар әмияны да үйде ұмыт қалған. "Мына мырзаны резервтегі камераға апарыңыз!" деді - ау!
Міне, газ шырағдан да сөнді және ешбір ескертусіз бірден сөнді. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда, қолым мен камераның аппақ қабырғасын да көре алмай отырмын. Оны ажыратуға ойым жетпейді. Қараңғы түнектің қоюлығы еңсемді езді. Көзімді жұмып, ыңырсып ән салдым, ауыр ойларды сейілту үшін кереуетте әрлі - берлі қозғалақтадым, бірақ бәрі де бос әуре. Түнек барлық ойымды жұтып қойып, қайтып босатар түрі жоқ. Кенет осы түнекте өзім де еріп, сол қараңғылықпен тұтасып кеттім бе, қалай? Кереуеттен атып тұрып, қолымды ербеңдете бастадым.
Қатты күйгелектеніп, өзімді-өзім ұстай алмадым, қанша сабама келейін деп тырысқанмен, одан түк өнбеді. Міне, енді оған бір қиялмен байланып, өзімді-өзім әлдилеп бесік әнін сыңсып, өрекпуімді басу үшін терең қараңғылыққа тесілемін кеп. Бұның бөлек ше бір түнек қараңғылық, қатерлі қапас екеніне, оны бұрын-соңды ешкім көріп білмегеніне титтей де күмәнім жоқ. Басыма қай - қайдағы келеңсіз ойлар келіп, айналадағының бәрі шошытып отыр. Анау төсектің тұсындағы саңылау көңілімді аудара беретіні несі? Қабырғада қаққан шегеден қалған тесік болар деп топшылаймын. Саңылауды сипап, үрлеп көрдім. Ондағым — тереңдігін анықтау. Жоқ, бүл жай саңылау емес, өте құпия, жұмбақ тесік болуға керек, сондықтан сақтанған абзал Осы ой меңдеп, қорқыныш пен қызығушылық баураған мен төсектен тұрып, қарындаш ұштайтын бәкімді тауып алып, тесіктің тереңдігін өлшеп, оның көрші бөлмеге шығар - шықпасына көз жеткізгім келді.
Сосын қисайып, тағы да ұйықтайын деп едім, оның орнына түнекпен қайта айқасып кеттім. Аулада жаңбыр тоқтап, еш дыбыс естілмейді. Көшеде кісі аяғының тықыры естілгенше құлағымды ұзақ тостым. Күткен дыбыс естілгенде, полицей кетіп бара жатқанын шамаладым. Ха-ха! Сайтан алғырдың өзі! Ойыма жаңа, бұрын болмаған бір сөз келді: "Кубок" дедім. Тілде мұндай сөз жоқ, оны өзім ойлап таптым. Құдай көріп тұр ғой, басқа сөздер сияқты ол да әріптен тұрады. Иә, ағайын, сен сөз жасадың... "Кубок"... оның грамматика үшін орасан зор маңызы бар.
Қараңғы түнекте бұл сөз зердеме айқын сызылып түсті.
Көзімді бақырайта ашып төсекте отырып өз олжама таңырқап, қуаныштан күліп қоямын. Мені тыңдап тұруы да мүмкін ғой, сондықтан сыбырлап сөйлеп, ойлап тапқанымды құпия сақтағым келеді. Аштықтан мені ләйліген бір ессіздік билеп алды: ауруға алдырмаймын, ал ойым шарқ ұрып бір тынбайды. Ол өзім ойлап тапқан жаңа сөздің мағынасын айқындағалы оршып ойнап дамыл - тыным таппайды. Жоқ, ол сөз "Құдай" немесе "Тиволи" дегенді білдірмейді және не үшін "айуанхана" деген мағына беруі керек ол. Жұдырығымды түйіп тұрып "не үшін "айуанхана" деген мағына беруі керек", — деп қайталап қоямын. Алайда оған мағына іздеп табу қиын емес. Ал әзір ұйықтап алуға болады.
Төсекте жатып үнсіз ғана жымиып, қарсы, не қолдаған ешбір сөз айтпаймын. Алайда әу демнен соң қайта толғанамын, жаңа сөз маза бермейді, қит етсе ойыма оралып, ізінше ақыл-есімді билеп алып, салиқалана түсемін. Оның қандай мағына бермеуі керек екенін берік шештім, бірақ не білдіруі керектігін анықтағаным жоқ. "Бүл оншалық мәнді мәселе емес!" деймін өзіме - өзім дауыстап, сосын өз қолымды өзім ұстап, мәнді мәселе емес ол деп қайталаймын. Әйтеуір құдайдың қолдауымен сөз табылды, бүл — ең бастысы. Бірақ оның қандай мағына беруге тиіс екені туралы ой мазамды алып, ұйықтауға бөгет болды, осы сирек сөздің алдында дәрменсіз боп қалғанымды қайтерсің. Ақыры кереуетке қайта отырып, басымды екі қолыммен бірдей қыса ұстап: "Жоқ, оның "эмиграция" немесе "темекі фабрикасы!" деген мағына беруі мүлдем лирика емес деймін, егер ол осы тектес бір мағына берсе, мен соған баяғыда тоқталып, тиісті қорытынды жасайтын едім. Жоқ, былайынша бүл сөз рухани бірдеңені: мысалы сезім, көңіл күйі дегенді білдіруі тиіс, осы уақытқа дейін соны қалай түсінбегенмін. Жадымды ақтарыстырып, бәзбір рухани түсінік іздеймін. Кенет бәз біреудің даусын есіткендей боп, қайран қалдым, біреу - міреу іш пікіріме араласып жатқандай ашу шақырып: "Бүл өзі не? Жарық жалған білмеген нақұрыстың өзі ғой бұл! Қалайша бүл "иірілген жіп" деген мағына беруі керек? Жоғал көзіме көрінбей! — Әу бастан-ақ қарсы бола тұрып, оның "иірілген жіп" деген мағынасына қалай келіспекпін? Сөзді ойлап тапқан мен ғой, ендеше оған қандай мағына беруге толық хақым бар. Ал мен әлі өз пікірімді айтпаған сияқтымын.
Алайда ойларым шабан тартып, тоқырай бастаған тәрізді. Ақыры, төсектен атып тұрып, су ағар кранды іздей бастадым. Су ішкім келіп тұрған жоқ, бірақ басым күйіп-жанып, суға тартады. Су ішіп болған соң төсекке қайта жатып, қайткенмен де ұйықтамаққа бекіндім. Көзімді жұмып, тыншуға тырыстым. Біраз уақыт былқ етпей жаттым да. Денем қызып, тамырларымнан буырқанған қанның серпінін сездім. Жоқ, қағаз қапшықтан оның ақша іздеген қызығын айтсайшы! Әуелі ол бір жөткірініп алды ғой. Бәлкім әлі де сол тұсты айналшықтап жүрген шығар? Әлде менің орындығымда отыр ма екен? Көгілжім меруерт айдын... Кемелер...
Көзімді ашып алдым. Ұйықтай алмаған соң көзді жұмғаннан не пайда. Сол баяғы қараңғылық қаумалап алып, түпсіз қара түнектен ойым көктей ете алмады. Оны немен салыстыруға болар еді? Осы түнекті көрсетерлік ең бір сұмпайы, ауызға алғанда қорыққаннан ерінім көгеріп кететіндей барып тұрған сұмдық сұмпайы сөз іздеп аласұрдым. Құдая, қандай қараңғы еді! Сосын ойым қайтадан айлаққа, кемелерге, мені аңдып жүрген қара аждаһаларға ауысты. Олар мені алдап, арбап ұстап алып теңіздің арғы жағына ешкім көрмеген елге алып кетпек қой. Маған өзім теңізде кемемен жүзіп, сосын бұлттарға самғап құлап бара жатқандай көріндім... үрейлі үн шығарып, кереуеттің басын ұстай алдым, бұл бір қатерлі ұшу болды, тас салған қаптай темен қарай ысқыра заулағанымды көрмейсің бе. Қолым кереуеттің қатты басына тигенде де өзімді құтқарылғандай сезінген жоқпын "Міне, ажал деген осы, - дедім өзіме - өзім. - Енді сен өлесің!" Біраз уақыт өзімнің сөзсіз өлетінімді ойладым. Сосын төсектен сәл көтеріліп: "Ал сен өлуге тиістісің деп саған кім айтып жүр, осы?" деп қатаң сұрақ қойдым. Сөзді өзім тапқан екенмін, оған қандай мағына беруге толық қақым бар ғой... Мен өз үнімді, қиялымды аңдап тұрмын. Ол әлсіздік пен аштықтан туған ләйлітелік, сандырақ, бірақ сезімімнен ажырағаным жоқ. Кенет осы мен жынданып кеткен жоқпын ба деген ой сумаң етті. Үрейленіп төсектен атып тұрдым. Сенделіп есікке бардым, ашып көрмек болдым, әлденеше рет оған бүкіл денеммен соғылдым, сосын маңдайымды қабырғаға тіреп қатты күрсініп, бармағымды шайнадым, бәз біреулерді сыбап, ағыл-тегіл жыладым.
Барлығы тып-тыныш еді, тек тас қабырғаларды жарып шығуға дәрменсіз менің даусым ғана камерада бебеу қағады. Аяғымның мені көтеруге енді әлі жоқ. Жығылып еденде жатырмын. Жоғарыда қабырғаға түскен сұрғылт төрткүл бұлдырап көрінеді, ол барған сайын бозарып, күндізгі жарық - ау тегі, деген ой қылаң берді. Уһ деп жеңіл күрсіндім. Еденде серейіп жатып жарықтың жарқылына қуанғаннан жылап жібердім. Бүл алғыстың көз жасы еді, терезеге сүйген ишарат жасап есім кетті. Алайда сол сәт не істеп, не қойғанымның бәрін білемін. Жабығудың бәрі ізім-қайым болып, ауру мен өкініш қайда кеткенін білмей қалдым. Енді маған ештеңе керек болмай қалды, ешбір тілек те ойлап таба алмадым. Еденде екі қолымды айқастырып кеудеме ұстай отырып күннің шығуын сарыла күттім.
"Қандай сұмдық түн болды десейші! У-шуды ешкімнің естімегені ғаламат!" деп ойладым таңдана. Бірақ мен барлығынан жоғары орналасқан резервтегі камерада болдым емес пе. Бұлайша айтуға келсе, кәдімгі баспанасы жоқ министріңнің өзі. Енді көңіл күйім тамаша, шапақ шашырап келе жатқан терезеден көз алмаймын. Өзімді фон Тангенс деп таныстырғандай, маңызды, маңғаз кісі етіп көрсеткім келіп, төрелерге лайық мақаммен сөйлеуге тырысуға тиіс екенімді ойлап, ішімнен күліп қоямын. Қиялым бұрынғыдай ұшқыр - ақ, бірақ әлдеқайда байсал дымын. Қарғыс атқыр ұмытшақтықтың салдарынан әмиянымды үйде қалдырып кеткенімді көрмейсің бе. Министр мырзаға мархабат етіп, оған төсек ұсынбас па екен? Керемет бір маңғаздықпен мардымсып, кереуетке келіп қисая кеттім.
Жарық түсіп, камераның қабырғасын ажыратуға болатындай болды, аздан соң есіктің ауыр тұтқасы көрінді. Бүл көңілімді аулайын деді, өзімді-өзім көруге зар болған біртүтас қараңғы қалың түнек зықымды шығарып еді, ол да айықты, тамырдағы қаным байыппен ағып, көңілім орныққан мен ұзамай көзім жұмыла бастағанын аңғардым.
Мені есік қаққан дүрсіл оятты. Атып тұрып, асығыс киіне бастадым, киімдерім кешегі кешкі жауыннан әлі кеппепті.
- Кәнекей, төменге кезекшіге түссеңіз, - деді полицей. "Демек, қайтадан әр түрлі сауал қойып мазалайтын болды-ау!" деп ойладым алдын ала үрейленіп.
Қырық - отыздай үйсіз-күйсіз кісілер отырған төмендегі үлкен бөлмеге түстім. Әлгілерді тізім бойынша кезек-кезек шақырып, қолдарына түстік жасайтын талон ұстатып жатыр. Кезекші қасында тұрған полицейден:
- Талон берілді ме? Талондарын беруді ұмытпаңыз. Зады, олар аш болуы керек, - деп ежіктеп жатыр.
Мен болсам, талондарға тесіле қарап, тым құрса біреуі қолыма тисе ғой деп армандап тұрмын.
- Андреас Тангенс, журналист.
Алға адымдап, басымды идім.
- Апыр-ау, сіз мұнда қалай түсіп жүрсіз?
Қалай болғанын баяндап, кешегі кешкі оқиғаны қайта айтып шықтым, кірпік қақпай өтірікті сықпыртып шындай ғып соқтым, кофеханада отырып қап, кілтімді жоғалтып алдым, дедім шімірікпей.
- Ә, солай ма! - деп жымиды кезекші. – Ондай - ондай болады. Мұнда сізді жақсы орналастырды ма?
- Министрдей қарсы алды, - деп жауап бердім. - Министрдей күтті.
- Өте қуаныштымын - деді ол орнынан тұрып жатып. Жолыққанша, хош!
Салбырап шығып кеттім.
Тым құрса бір талон берсе ғой! Үш күн бойы нәр татқаным жоқ. Ең болмаса бір үзім нан табылса! Бірақ маған талон ұсынған ешкім болмады, ал өзім сұрап алуға ұялдым. Сұрасам бірден күдік туғызып алатын едім. Сосын жеке ісімді ақтарып, шын мәнінде кім екенімді іздестіріп, шындықты білсе, жалған айғағым үшін тұтқындауы да кәдік. Басымды жоғары көтеріп, қалтама қолымды салып, ратушадан миллионер құсап асқақтай шықтым.
Күн қыздыра бастапты, сағат он болыпты, алаң ат-арбалар мен жаяуларға лық толы. Қайда бару керек? Қалтамды қарманып қолжазбамды сипалаймын - сағат он бірлерде редакторға кіріп шығуға талап қылып көрем. Тәртіп сақтау тұғырынан аяғымның астында өмір қалай қайнап жатқанын барладым: киімімнен бу шығып түр. Аштық қайта оянып, кеудемді қысып, бүкіл бойымды діріл аралап әкетіп барады. Қарыз алатын бір дос немесе бір таныс неғып табылмайды? Жадымды ақтарып, он эре бере тұратын біреуді іздеймін, бірақ ондай кісі таба алар емеспін. Ал күн болса, қандай ғажап. Төңірек жылумен жарыққа малынып тамылжып түр; тау сілемдерінен аунап түскен теңіздей тас төбеден аспан көсіліп жатыр...
Өзіме де білінбей үйге қарай тарттым.
Өте аш едім, жерден жаңқа көтеріп ап, соны қажалап шайнай бастадым. Ол аздап көмектесті. Бұрын бұны неғып ойламағанмын, ә?!
Қақпа ашық екен, атшы әдеттегідей қайырлы таң тіледі маған.
- Бүгін күн жақсы! - деді ол.
- Иә, - дедім.
Басқа айтар сөз таппадым. Одан бес крон сұрасам қайтеді. Ақшасы болса ол қиналмай береді. Оның үстіне бірде өз өтініші бойынша оған хат та жазып бергенім бар.
Бәз - бірде айтқысы келгендей ол қипалақтап тұр.
- Күн бүгін жақсы, ә?.. Иә... Ал бүгін жайымға төлейтін күнім еді, маған қарызға бес крон бере тұрмайсыз ба? Небары бірнеше күнге ғана. Бұрын да бір құтқарғаныңыз бар еді ғой.
- Шынымды айтсам, бере алмаймын, Йенс Алайт дедім оған. - Қазір ештеңем жоқ. Бәлкім, кейінірек, кешке қарай...
Баспалдақпен ілбіп баспанама көтерілдім.
Төсекке құлай кетіп ал кеп күл. Оның алдымды алып кеткені қандай бақыт болды! Менің абыройым жабылды. Бес крон дегенде не түр, айналайын-ай. Дәл осылай қоғамдық асхананың бес акциясын немесе қала сыртындағы саяжайды да сұрауға болады ғой.
Әлгі бес крон есіме түскенде кеңкілдеп тұрып ішек-сілем қатқанша күлемін. Ал жігіт - ақ емеспін бе мен? Бес крон дейді. Тапқан екен нағыз сұрайтын кісісін! Көңілденіп желпілдеп кеткенім сондай, өзіме - өзім ие бола алмай қалдым. Тфу, дәмді астың иісі мұрын жарып бара жатқанын қарашы. Кәдімгі түстік қуырдақтың иісі, тфу! Жексұрын иіс сыртқа шықсын деп терезені аштым. Жазған да тіземмен сүйеп отыратын сынық үстеліме тіл қатып:
- Мен - Тан генмін, министр Тангенс. Өкінішке орай отырыңқырап қалып, қақпаның кілтін жоғалтып алғанымды көрмейсің бе... - деймін.
Ой-қиялым тағы да шығанға шығып алып, есі ауысқандай беталды шарықтайды. Сөзімде байланыс жоғын сезіп, әр лебізіме мұқият құлақ түремін. "Сөзің тағы да жымдаспай, қырық құрау боп кетті" деймін өзіме - өзім. Сонда да өзіме істер еш лажым жоқ. ұйықтамасам да, түсімдегідей сөйлеп тұрмын. Басымның ауырғаны басылып, біраз сергіп қалдым, көңілде шөкімдей де кірбің жоқ. Албасты қиялдың қанатында қалықтап барамын.
Кіріңіз! Кірсеңші енді! Көріп тұрғаныңыздай, мұндағының бәрі рубиннен жасалған. Илаяли! Илаяли! Мынау әдемі, ғажап, жібек төсағашты қарашы. Дәл өзінің кеудесін дей көтеріліп, басы¬лып тұр. Сүйші мені, ғашығым! Тағы да сүй, тағы да! Сенің қолың жақұттай жалтырайды, аузың жалындай алаулайды. Оу, ағайын, бифштекс тапсырып ем ғой...
Күн терезеге түсті, аттардың сұлы жеп күтірлетіп тұрғаны естіледі. Мен өзімнің жаңқамды қажалап баладай мәзбін. Сол замат қолжазбамды сипалап қойдым, бұған дейін оны бір де ойламаппын ғой, алайда сезімім, қаным, жаным оның осында екенін білдіріп тұр.
Қолжазба су болып қалыпты, жайып жіберіп күнге кептіруге қойдым да, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре бастадым. Айналадағы адам шошырлық көріністерге қарасайшы! Еденде қаңылтырдың тапталған қиындылары жатыр, бөлмеде бірде-бір орындық жоқ, жалаңаш қабырғаларға бірде-бір шеге қағылмаған. Барлығы дүкенге өсімқорға жөнелтіліп, барлығы құлқынға кеткен. Мүлік дегеннен үстел үстінде қалың шаң басып жатқан бірнеше парақ қағаз бен Ганс Паули ұстай тұруға берген жасыл көрпе ғана. Саусағымды сытырлатып қойдым. Ганс Паули Петерсен көмектесуі керек. Оның мекен-жайын еске түсіруге тырыстым. Апырай, Ганс Паулиді қалай ұмытып кеткенмін! Бірден өзіне келмегеніме, әрине, ол қатты өкпелейді. Қалпағымды шапшаң киіп, жазылған парақтарды жинастырып, баспалдақпен жүгіріп төмен түстім.
- Бері қара, Иеме Олай, - деп айғайладым атқораның есігінен. - Бүгін кешке саған көмектесетініме сенімім кәміл!
Ратушаға жеткенде сағат он екі болып қалғанын бір-ақ білдім де, бөгелмей бірден редакцияға тарттым. Қолжазбамның беттері дұрыс жиналған ба екен деп, тексеріп алу үшін редакция есігінің алдына аялдадым. Қағаздарды мұқият жинастырып, қалтама салдым да, есік қақтым. Ішке кіргенде жүрегімнің дүрс-дүрс соққаны өзіме естіліп тұрды.
Қайшы кісі әдетінше шұқшиып, оз ісімен болып отыр. Батылсызданып, редакторды сұрадым. Ол жауап берген жоқ. Басқа қалалық газеттерден ұсақ-түйек хабарлар іздеген қалпы тапжылар емес.
Жаныма жақынырақ келіп, сұрағымды қайталадым.
- Редактор әлі келген жоқ, - деді ақыры басын да көтерместен Қайшы.
- Ал қашан келуші еді?
- Оны айта алмаймын, анығырақ айтсам, білмеймін.
- Редакция қашанға дейін ашық?
Ешқандай жауап ала алмай, кетуге мәжбүр болдым. Қайшы кісі әңгімеміз кезінде басын көтеріп, бетіме бір де қараған жоқ. "Саған тіпті жауап та қатқысы келмесе, мұнда қандай есепте екенің белгілі ғой, - деп ойладым. - Неғып редактор мұндай нұсқау берді екен? Рас, он крон дық әйгілі фельетонымнан кейін оны мақалалармен көміп тастағаным анық. Шимай-шатпағымды құдайдың құтты күні әкеліп тұрдым ғой, ол бәрін де уақыт кетіріп оқып, қайтарып беріп отырды. Бәлкім, ол бұған нүкте қойып, өзінше шара қолданған шығар... Сандалып қаланың орталығына тарттым.
Ганс Паули Петерсен шаруалардан шыққан студент, бес тәжілі үйдің шатырында тұрады, соған қарағанда ол да кедей кісі. Қалтасынан жалғыз крон табылса, менен аямайды.
Ол енді менің алақанымда деп ойлауыма әбден болады. Сол кронды алатыныма кәміл сеніп, жол-жөнекей қуанышым қойныма сыймай келді. Подъездің есігі жабық екен, қоңырау шалмай болмайтын болды.
- Студент Петтерсенді көрсем деп едім, - деп ішке кіруге тырыстым. — Оның қайда тұратынын білемін.
- Студент Петерсен дейсіз бе? - деп қайталады үй ұстаушы әйел. - Әлгі шатырдағы бөлмеде тұрған ба? Ол көшіп кетті ғой.
Дәл қайда кешкенін білмейді екен ол, алайда Тульбудгатендегі Хермансенге хат жазуымды өтініп, мекен-жайын айтты.
Үмітімнен айырылмай, Тульбудгатендегі Ганс Паулидың мекен жайына жөнелдім. Басқа сенетіндей ештеңе қалған жоқ, жалғыз талшықтан айырылмау керек. Балташылар тақтай сүргілеп жатқан жаңа құрылыстың жанынан өттім. Талғажау ету үшін екі таза банка алып, біреуін аузыма салдым да, екіншісін сақтық қор үшін қалтама сүңгіттім. Аштықтан бұратылып келемін. Бөлке сататын дүкеннің жарнама әйнегінен он эре тұратын айрықша үлкен нан көрдім. Үлкендігіне қарағанда сатылар ақшасына татырлықтай...
- Студент Петтерсеннің мекен-жайын білсем деп едім.
- Берн Юнкер көшесі, оныншы үй, шатырдағы бөлме. Сіз сонда барасыз ба? Олай болса, мына хатты ала кетсеңіз қайтеді?
Келген жолыммен қалаға кері қайттым. Енді демалып, ас аяқтарын тізесіне қойып отырған балташылардың жанынан қайта өттім. Жарнама әйнегіндегі нандар қызықтырып, ауыздың суын құртатын дүкеннің жанында рақаттанып ыстық ас ішіп отыр бәрі. Әлім құрығаннан құлап қала жаздап Бернс Юнкер көшесіне әрең жеттім. Есік ашық екен, ұзын тіп-тік сатымен шатырға шықтым. Кіре Ганс Паулиді қуанту үшін қалтамнан хатты алдым. Әрине, ол көмек қолын ұсынудан бас тартпайды, бар жағдайымды айтсам, сөзсіз жәрдемдеседі. Хан си Паулиді қашанда жаны ізгі сергек жігіт санаймын.
Есікте П.Петерсен, сауд, діндар, еліне кетті" деген құлақтандыру ілулі тұр екен.
Жалаңаш еденге отыра кеттім, қалжырағандықтан, аштықтан бұратылып әлім құрығандықтан қозғалу тұрсын, қимылдауға хәлім
жоқ. "Еліне кетті! Еліне кетті!" жөпелдемеде ойланбай-ақ әлде неше рет қайталадым да, тым-тырыс үнсіз қалдым. Көзім құп - құрғақ, ешқандай ой да, ешқандай сезім де жоқ. Таңдана хатқа қарап, қимылсыз отырмын. Он минут, мүмкін жиырма, тіпті одан да көп уақыт өткен шығар, әлгі орнымнан тырп етпей, мелшиіп отырдым да қойдым. Бүл мелшиген меңіреу отырыс түске ұқсайды. Кенет баспалдақтан біреудің аяқ алысы білінді де, орнымнан тұрып:
- Осында Петерсен деген студент тұрған еді, соған екі хат әкеп ем.
- Ол кетіп қалған, - деді әйел - Бірақ каникулден кейін келеді. Қаласаңыз хаттарын маған тастап кетуіңізге болады.
- Рахмет, аса бір сыпайы жан екенсіз, — дедім оған.
- Оралысымен-ақ бұларды өзіңізден алатын болар. Зайыры хаттар өте-мөте маңызды болса керек. Сау болыңыз!
Үйден шығып, көшенің тап ортасына тоқтап, жұдырығымды түйіп дауыстап жібердім.
- Мейірбанды көрінетін Құдай-ау, бетіңе турасын айтар болсам, сенің кім екеніңді енді білдім! - деп ызадан тісімді шықырлатып, көкке зәрленіп жұдырығымды біледім. -Дәл осыны білмесем, мені албасты бассын!
Бірнеше адым аттап барып, қайта тоқтадым. Ойламаған жерден үнімді баяулатып, екі қолымды айқастырып, басымды иіп, естілер естілмес пәс дыбыспен.
- Ал сен оған жалбарынып, кешірім өтініп пе ең ұлым? - дедім. Үнім жасанды жалған шықты.
- Оған дегенім бас әріппен басталады, - деп жалғастырдым сөзімді. - Шіркеудің мұнар асындай дәу О әрпімен басталады. Жалбарынып па едің сен Оған, ұлым? - деп қайта сұрадым да, басымды салбыратып: - Жоқ! - деп мұңая жауап қаттым. Мұным да жалған, жасанды шықты.
Сен екіжүзді болып монтанси алмайсың, ақымақ! "Иә, Құдай - Тағалама қанша мәрте жалбарындым!" деп айтуға тиіс едің ғой. Бүл сөзді және жалынышты үнмен жыламсырай айтуың керек болатын. Кәне, солай тағы да бір айтып көрші! Міне, мынауың сәл дұрысырақ. Бірақ бар ғой, бұны айтқанда күрсініп, кәдімгідей болдырған ат сияқты ауыр күрсініп қою керек. Міне, дәл солай!
Жүріп келе жатып езімді үйретіп келемін, одан жалыққанда аяғымды тыпырлатып өз-өзімді дөрекі, топас деп сөгемін. Оныма өтіп бара жатқан жұрт жалт бұрылып таңғалады.
Жаңқаны қажалаудан бір танбай, еш жерге аялдамай салып келемін. Вокзал алаңынан қалай шыққанымды да білмей қалдым. Құтқарушы шіркеуіндегі сағат бір жарымды көрсетіп тұр. Ойланып сәл-пәл аялдар едім, маңдайым шып-шып, көзіме тер құйылды.
- Ал кемежайға барсам қайтеді? - деп сұрадым өзімнен. - Уақытың болса, баруға неге болмасын.
Өзіме - өзім тағзым етіп, кемежайға тарттым.
Кемелер рейдте тұр екен, теңіз күнге шағылып жалт-жұлт етіп тебіреніп жатыр. Бұнда тірлік қызып, пароход ысқырығы естіліп, арқасына жәшік таңып алған кем балдар ерсілі-қарсылы ағылып, баржалардан көңілді ән шалқиды. Маған таяу бір әйел самса сатып тұр, тауарына тотыққан мұрнымен сүзе қарайды өзі. Алдындағы үстелінде тәтті, дәмді дегендер үйіліп жатыр, бәрін де ала көзбен атып бұрылып кеттім. Ол бүкіл кемежайды сасытып жіберді, жағалауды желдетпесе болмас деп, мұрнымды шүйіремін. Қасымда қатар отырған мырзаны сөзге тартып, самсаны кез келген жерде сатудың орынсыз екенін дәлелдемек боламын. Бұған сіз келіспейсіз бе? Жақсы, бірақ пікірімнің орындылығына дау айтпайсыз ғой... Алайда әлгі мырза ұнамсыздау бірдеңе сезді ме, сөзімді аяғына дейін тыңдамай орнынан тұрып, кетіп қалды. Мен де көтеріліп, оның соңынан салдым, ойым -оның қателесетінін нақты дәлел деу.
- Бүгін санитарлық тұрғыдан да жол беруге болмайды ғой, - дедім оны иығынан қағып.
- Кешіріңіз, мен сырттан келген кісімін және санитариядан ештеңе түсінбеймін, -деді ол маған үрейлене қарап.
- Жарайды, егер сырттан келсеңіз мәселе басқа... Сізге пайдам тимес пе екен? Қаланы көрсетсем қайтеді? Керегі жоқ дейсіз бе? Қаласаңыз, оны ақысыз-пұлсыз қызыға атқарар едім...
Менен ол қайтсе де құтылғысы келіп, көшенің келесі қапталына шығып кетті.
Қайтып оралып, өз орындығыма кеп жайғастым. Қатты кейіп отырмын, әріректе екпіндей ойнаған шарманка үні жүйкеме тиіп, одан әрі берекемді алды. Үздік-создық сыңғырлап ол Веберден бірдеңені ойнаған болып, соның сүйемелдеуімен бір қаршадай қыз мұңлы бір ән сызылтады... Ексімдей шиқылдаған шарманка үні тұла бойымды шымырлатып, сол әуенді қайталағандай жүйкем шиыршық атып, өзім де баяу бір мұңлы әуенге қосылып, орындық тың арқасына шалқая түсемін. Аш адам қандай түйсіктерді бастан кешірмейді дейсің! Бұл әуендердің қалай баурап, сазына балқытып, толқынымен ілгері ағызып бара жатқанын айқын сезіп, содан соң тік шырқап, таулардан да биік самғап, нұр дидарлы қиырлардың үстінде қалықтап жүрген секілдімін...
- Эре беріңізші! - деп шарманканың сүйемелдеуімен ән салған қыз бала темір тәрелкесін созады. — Бар болғаны бір ғана эре!
- Қазір, - деп албаты айта сап атып тұрып, қалталарымды ақтара бастадым.
Ал қыз бала мен әншейін мазақ етіп түр деп ойлап, қайтып ләм - мим демей, тайып тұрды. Осынау үн-түнсіз бойсынуы қатты батты, одан да ұрсып тастағаны жеңіл еді, маған; жүрегім ауырып кетіп, оған дауыстап шынымды айттым:
- Менде жалғыз да эре жоқ, алайда сені ұзамай есіме аларым анық, мүмкін ертең-ақ ойыма түсерсің. Атың кім еді? Қандай әдемі есім, оны енді ұмытпаймын. Демек, ертеңге дейін дейміз ғой...
ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.elarna.net/kitap_kk.php?id=4564&oku=30279#ixzz5loGgGVRWەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php
- Әкеңіз әскери болып па еді? - деп сұрадым.
О л жауап қатқанша жайлап кетуге ыңғайландым.
- Иә, ол әскери адам. Ал оны қайдан білдіңіз?
- Білмеймін, әйтеуір ойға келген соң сұрағаным ғой.
- Қандай ғажап!
- Рас, осы сезімталдығым коп көмек береді. Ха-ха, мен жайдан - жай жынды дейсіз бе?
Маған жалт қарады да, бірақ тіс жарған жоқ. Менің мұнда тұра беруім оны қинай түскенін аңғарып, бұған нүкте қояйын дедім де, есікке беттедім. Неғып ол мені енді қайтып сүймейді? Тіпті қолын да бермес пе екен? Кідіріп, соны күттім.
- Кетейін деп те тұрсыз ба? — деді бұрынғысынша пештің қасында тұрып.
Жауап қатқаным жоқ. Қорланған һәм абыржыған басым, бір сөз қатпай, оған телміремін. Еһ, бәрін де бүлдірдім - ау! Менің кетуге ыңғайланғанымда оның шаруасы да жоқ секілді көрінді. Мен үшін ол енді мәңгілік жоқ жан сықылданды. Қоштасарға не айтсам екен деп ойға шомдым. Оны қайран қалдырып, көз алдында менің беделімді көтеретіндей терең, мәнді сөз іздедім. Бір ғажабы, өзімнің берік байламыма қарама - қарсы, күйінген, кейіген өкпелеген қалпыммен асқақ та абыройлы, салқын да сабырлы қоштасудың орнына қисынсыз бірдеңелерді шатпақтап езіп тұрып алдым, қажет сөз ойға келмей, жеңілтектікке жол бердім. Басыма сол баяғы кітаби жалтырақ сөздер кіріп алып шықпай қойды.
Оның мен кетсін деп турасын ашық, ашып айтпайтыны несі? - деп сұраймын өзімнен. Иә, неге деймін-ау? Ұялатын не бар! Ұзамай қызметші әйел келеді деп ескерту жасағанша: "Енді бара беруіңізге тура келеді, өйткені анамды алып келуім керек, ал мені сіздің шығарып салғаныңызды қаламаймын" деп оп-оңай-ақ айта салуына болады ғой. Оның ойына бұл келмеді. Апыр-ау, ойына дәл осы сөздер, бәлкім, келген де болар. Мен болсам, осылай ойла¬дым. Өйткені маған жоба нұсқау оңай: жамылғысын алып, орнына қайта қойса болды, бірден түсіне қаламын. Сезімталдығым бар деп және айттым емес пе. Шын мәнінде ол үшін жалпы есалаң, жынды болудың жалпы қажеті жоқ.
- Құдай үшін, сізді солай атағанымды кешіріңізші! - Аузымнан сол сөздің қалай шығып кеткенін білмеймін, деп шыж-быж болды ол.
Бірақ өзі алысырақ тұрып, маған жақындаған жоқ.
Ал мен қыңырайып өз бетімнен қайтпадым. Оны әбден ығыр қылғанымды, бір сөзім де көздеген нысанасына жетпегенін біле тұрып, тоқтамай, мылжыңдай бердім, мылжыңдай бердім. Есалаң болмай-ақ сезімтал, сергек жүрегің болуы әбден мүмкін деп ойлаймын. Ұсақ-түйек демей, кез келген үн қататын жандар болады, бірақ оларды бір-ақ сөзбен өлтіруің кәдік. Менің мінезім сондай жанмын дегенді меңзедім. Мәселе мынада, қайыршылық кейбір әдет - қылықтарымды ширықтырып жіберді, соған қатты өкінемін, шыным, өте қатты өкінемін... Алайда оның жақсы жақтары да бар, солар кейде кәдімгідей көмектеседі. Зиялы кедей зиялы байшігештен әлдеқайда байқампаз. Кедей сақ келеді, әрбір адымын бақылап отырады, естіген әрбір сөзіне күдікпен қарайды. Әрбір қадамы ширауынан, ойы мен сезімінің жұмыс істеуіне мәжбүрлейді. Ол сұңғыла, сергек, сезімтал, әккі, тәжірибелі, жүрегі жаралы...
Жаралы жүрегім жайында недәуір ұзақ айттым. Алайда мен қаншалық көп сөйлеген сайын әйел соншалық мазасызданды. Ақыры, қатты қапаланып:
- О, тәңірі! Тәңірі! - деп әлденеше рет қайталады.
Оны жәбірлеп, азапқа сап тұрғанымды мен жақсы білемін, жалпы бұлай жәбірлегім жоқ еді, бірақ жағдай соған жеткізді. Ақыр соңында, ең бастысы айтылды ғой деп, әрі оның опынып еңсесі түсіп кеткеніне тебіреніп:
- Ал енді кеттім, кетемін! - дедім. - Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, міне қолым есіктің тұтқасында. Қош болыңыз! Естисіз бе, хош! Кетуге берік бекіндім. Сізбен екі рет қоштасқанда бір рет жауап қатуыңызға болатын еді ғой. Мен тіпті тағы да жүздесуімізге рұқсат сұрап тұрғаным жоқ, өйткені енді кездесу сізге ұнамайды. Алайда айтыңызшы -мені не үшін осынша қинап, азапқа салдыңыз? Сізге не жамандық істедім мен? Рас, жолыңызға кесе - көлденең тұрып, бөгет болғаным жоқ. Неліктен менен танымайтын адамдай теріс айналдыңыз? Сіз мені суалтып, қаңыратып тұлдырсыз қалдырдыңыз ғой, түп-тамырыммен тапталып, қайтып бой көтере алмайтындай қылдыңыз ғой. Бірақ, құдай көріп тұрған шығар, мен есалаң жынды емеспін. Егер еңбектеніп, сәл ойланып көрсеңіз, менің әбден сау, дені дұрыс адам екенімді түсінесіз. Кәне, созсаңшы қолыңызды. Болмаса менің жақындауыма мұрсат беріңіз. Рұқсат па? Мен сізге ештеңе де істемеймін, тек қана бір сәтке алдыңызда тіземді бүккім, аяғыңызды құшып тізерлеп тұрғым келеді. Бар болғаны бір сәтке ғана, мұрсат етесіз бе? Ал жақсы, олай жасамай-ақ қояйын, байқаймын, қорқып турсыз, жарайды, олай жасамайын, естисіз бе, олай жасамаймын. Алайда, Құдай үшін, айтыңызшы, неге мұнша қорқасыз? Мен болсам, тып - тыныш тұрмын ғой, тіпті тырп еткен жоқпын. Әншейін ғана аяғыңыздың астында жатқан анау кілемшеге тіземді бүгейін деп едім. Ал сіз қорқып қалдыңыз, оны көзіңізден бірден - ақ байқадым. Неден қорқасыз, міне, мен орнымнан қозғалған да жоқпын ғой. Сізден рұқсат сұрағанда да адым ашқаным жоқ, солай емес пе? Кілемшенің қызыл раушаны бар тұсына тіземді бүгемін деп көрсеткенде де қимылсыз тұрып, саусағыммен де көрсетпей, иегіммен ишарат еттім ғой. Сөз қандай раушан жөнінде болып тұрғынын өте жақсы білесіз, соған тізерлеп тұруға рұқсат етпейсіз, менен қорқасыз, қасыма келуге де батпайсың. Мені жынды атауға қаталдығыңыз қалай жеткенін білмеймін. Мені олай деп ойламайтыныңыз шын емес пе? Тек бірде жаздың күні баяғыда есірік болғаным бар. Ауыр жұмыс атқарып, уақытылы ауқат жасауды ұмытуға тура келген, өйткені бар ой-арманымды іске арнап, жан-тәнімді іске салғанмын. Сол ғадет құдайдың құтты күні қайталаған ауқат жасауды ұдайы ұмыта бергенмін. Құдай көріп түр ғой, бүл ақиқат! Өтірік айтсам, түрген жерімде қатайын. Ал сіз ренжітесіз, түсініңізші! Олай жұмыс істеуге мені жоқшылық желкелеген жоқ: Ингебрет пен Гравесенде несие, мол несие пайдаланғанмын, кезінде ақша дегенің менде көп болған, сонда да тамақ сатып алмай, оны ылғи ұмытып кететінмін. Естисіз бе? Сіз ләм-мим демейсіз, жауап та бермейсіз, пештің қасынан да кетпейсіз, жай ғана менің кетуімді күтіп тұрсыз...
Ол шапшаң басып қасыма кеп қолын ұсынды. Оған мен сеніңкіремей қарадым. Осыны ол шын көңілден шын пейілмен жасап тұр ма? Әлде тек менен тезірек құтылу үшін істегені ме? Ол екі қолын мойныма орай салып, көзіне жас алды. Ал мен оған қадалдым да қалдым. Ернін тосып еді, әйтеуір бәрі тезірек бітсін деп, өзін құрбандыққа беріп тұрғаны ғой деп сенбедім.
Ол бірдеңе айтып еді, онысы маған "Ал мен қалай болғанмен де сізді сүйемін!" дегендей боп естілді. Оны және өте ақырын, түсініксіздеу етіп айтты. Бәлкім, мен дұрыс естімеген шығармын, бәлкім ол мүлдем басқа бірдеңе айтқан болар, бірақ оның менің мойныма құшырланып асыла кеткені, тіпті аяғының ұшынан тұрып ерінімен ерінімді іздеп, бір минуттей сүйіскені анық.
Өз басым, еркелеп келіп, мені аялауға ол өзін-өзі күштеді ме екен деп қорқып, тек қана:
- Қандай ғажайып жан едіңіз? - деумен тындым. Басқа бір ауыз сөз айтқаным жоқ. Шегініп есікке тіреліп, бөлмеден артыммен шығып кеттім. Ал ол қалды.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
Қыс түсті, ысқаяқ, сызды әрі қарсыз дерлік мәңгі, тұманды түн келді, табандатқан бір аптадай бұла желдің лебі де білінген жоқ. Көшелерде күн ұзақ газ фонарлар жанып тұрғанына қарамастан, жұрт бір-біріне қақтығып қалып жүрді. Күллі үн - шіркеу қоңырауының даңғыры, лау аттар сылдырмақтарының шылдыры, адамдардың даусы -бәр-бәрі тұншыға шығып, тығыз ауада көміліп қалғандай болды. Апта өтті, тағы да біреуі ысырылды, бірақ ауа райы сол баяғы қалпы.
Мен бұрынғыдай уақытша қорғалайтын орында тұрам.
Осынау баспанаға, оның жиһаздалған бөлмелеріне барған сайын бауыр басып алдым. Қайыршылығыма қарамай, келіп-кетушілермен бірге паналап жатырмын. Ақшам атамзаманда таусылған, бірақ тура біреуге құқым бар кісіше бұнда келуімді тоқтатпай, өз адамы болып алдым. Қожайын әзір ештеңе айтқан жоқ, әйткенмен мені онымен есеп айыра алмайтыным қинайды. Осылай үш апта өтті.
Тағы да жазып жатқаныма бірнеше күн болды, бірақ нәтижесіне көңілім толмайды, сонда да ертеден қара кешке дейін, тіпті түнді таңға ұрып еңбектеніп жатырмын. Нені қолға алсам да - босқа арам тер болу, табыс деген ұстатпайды.
Көбінесе мейманхананың ең тәуір деген екінші тәжіндегі бөлмеде жазуға тырысамын. Қалтамда ақшам болып, бәріне де төлеуге хәлім кеп тұрған алғашқы кештеп-ақ менің мазамды алған ешкім жоқ. Бір дұрыс мақала жазып, бөлме үшін және басқа қарыздарымды төлеуге мүмкіндік туар деген үмітті медет қылып жан аямай жұмыс жасап жатырмын да. Әсіресе, бір басталған дүниемнен бас ала алмай қойдым, кітап дүкеніндегі өрт туралы сол астарлы, шығармадан күтерім коп, оның арқауында мұқият өрнектейтін терең мән жатыр. Соны тезірек бітірсем, алған қарызымды өтеу үшін "Командорға" беремін. Шын талантты адамға көмек көрсеткеніне "Командордың" көзі жетсін. Көзін жеткізетінімде титтей де күмәнім жоқ. Тек қашан шабыт келіп, жан-жүрегімді баурап аларын тоса тұру керек. Шабыттың мені таппайтын және осы таяу күндері таппайтын несі бар?! Маған бөгет болып жатқан ештеңе жоқ; қожайын күн сайын тамақтандырып отырады, ертеңгілік және кешкісін бірнеше бутерброд береді, езім де едәуір тынышталып, байсал тартып қалдым. Жазғанда енді қолымды шүберекпен таңбайтын болдым, екінші тәжінің терезесінен көшеге басым айналмай қарай аламын. Бұрынғыдан жағдайым барлық жағынан да жақсы, алайда өз шығармамды әлі күнге дейін неге тәмамдай алмай жатқаныма таңмын. Оның қандай себебі барын білмеймін.
Міне, енді өзімнің әлжуаз, енжар екенімді, ми ымның неліктен жеміссіз жұмыс істейтіннің сырын ашып, себебін білудің де сәті түсті. Сол күні қожайын бір шот әкеліп, қарап шығуымды өтінді, меніңше осының есебі дұрыс емес, кітаптағымен үйлеспейді деді, бірақ өзі қатесін таба алмапты.
Мен есептеуге кірістім де, қожайын қарсы алдымда отырды. Күллі жиырма цифрды жинақтап, әуелі жоғарыдан темен қарай тексеріп шығып, есебін дұрыс деп таптым, содан төменнен жоғары қарай сүзіп, тағы да сол қорытындыға келдім. Қожайыныма қарасам, қарсы алдымда мен не айтар екен деп күтіп отыр; оның екі қабат екенін де байқап қалдым, менің қырағы жанарымнан елемей-ақ деген нәрсенің өзі қағас қалмайтыны бар.
- Бәрі дұрыс, - дедім оған.
- Жоқ, әр цифрды жеке-жеке тексеріңізші, - деп өтінді ол. - Сомасы тым коп екеніне сенімдімін.
Мен өр цифрды жеке-жеке тексере бастадым. 2 нан 25-тен, шамның әйнегі - 18, сабын -20, май - 32... Сандардың мына бағандарын тексеріп шығу үшін ешқандай дарынның қажеті жоқ. Бүл мәлім дүниенің шоты екен, қиын да күрделі ештеңесі жоқ, қожайыным айтқан қатені табуға тырысып-ақ бақтым, бірақ ештеңе таба алмадым. Бірнеше минут шұқшиып отырып, қас қылғандай басым айналып, көз алдымдағының бәрі бытысып кетті. Ақыры, өзімді күштеп бір жолға көз тоқтаттым: 35/16 қадақ сыр 16-дан, делінген. Ми ым жұмыс істеуден мүлдем қалып, "сыр" деген сөзге меңірейе қарадым да одан әрі ілгерілей алмадым.
- Тәйірі алғыр, мынау жері адам танымастай етіп жазылған екен! - дедім торығып. -Құдая, ерік өзіңде, мына арада сырдың он алтыдан бес қадағы деп жазғанын көрмейсіз бе! Құлақ естіп, кез көрмеген есеп! Өзіңіз қараңызшы, кәне!
- Рас, - деп келісті қожайын. - Олардың осылай жазатын әдеті бар. Бұл көп ірімшік. Демек, барлығы дұрыс. Он алтының бестен бірі дегеніміз - бес.
Бұдан бірер ай бұрын болса, бір-ақ минутте қағып тастайтын мына шотты қайта зерделеуге кірістім; қара терге малынып, бар күшімді салып, мынау жұмбақ сандарды ұғынуға тырысып, жазылғанға бойлағым келгендей, көзімді жұмып қанша ойлансам да, ештеңе шығара алмадым. Адыра қалғыр, ірімшігі түбіме жетіп, ми ымның ішінде бірдеңе сөгіліп кеткендей болды.
Алайда қожайынға көз қылып, есебімді одан әрі жалғастырып, көзімді жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қарай жүгіртіп, ерінімді жыбырлатып, ара-тұра бір санды дауысымды шығара айтып қойып, тексеруді аяқтауға да таядым. Қожайын тырп етпей күтіп отыр. Ақыры:
- Бастан-аяқ тексеріп шықтым, менің ойымша, мұнда ешқандай қате жоқ, - дедім.
- Рас па? - деді ол таңырқап. - Шынында да, солай ма?
Оның маған сенбегенін айқын көріп отырмын. Кенет оның
үнінде бұрын мен байқамаған жаратпау сарыны, бәзбір немқұрайдылық пайда болды. Шамасы, сіз он алты үлес дегенді санауға жаттықпаған болуыңыз керек, бұдан бірдеңе білетін тағы біреуге есептетіп көру керек шығар, деді. Бұның бәрін кею кейпінде, мені кемсіту түрінде айтқан жоқ, бірақ бұл салмақты, ой саларлық болып шықты. Табалдырыққа барып қап, маған бұрылып:
- Бөгет жасағаным үшін, кешіріңіз! — деді де шығып кетті. Сәлден кейін есік қайта ашылып, қожайын қайтып кірді, зайыры дәлізде онша ұзап кете қоймаған сыңайы бар.
- Бері қараңыз! - деді ол - Сіз тек ренжімеңіз, бізге біразырақ берешегіңіз бар. Шамасы, кеше сіздің осында қоныстанғаныңызға үш апта болды-ау деймін. Иә, тура үш апта. Үйелменді - сүйерменді жанұя ұстай отырып қиындықтан шығу оңай емес, сондықтан мен несиеге тұрғындар жібере алмаймын...
- Мақала жазып жатырмын, деп сізге айтып едім ғой, - деп оның сөзін бөлдім. Сол дайын болысымен-ақ ақшаңызды табанда аласыз. Ол үшін ешбір алаң болмаңыз.
- Ал, оны ешқашан жазып бітіре алмасаңыз ше?
- Сіз солай ойлайсыз ба? Шабыт маған ертең, тіпті бүгін түнде келуі мүмкін, олай болғанда мақаланы небары ширек сағатта жазып тастаймын.
Менің жұмыс істеу тәсілім басқа адамдардан мүлдем бөлек, кейбіреулер сияқты күніне бәлен бет жазамын деп жоспарлай алмаймын, шабыт келер сәтін күтемін. Ал оның келер күнін, сағатын ешкім білмейді, сені оның өзі келіп табады.
Қожайын кетіп қалды. Бірақ оның маған деген сенімі шайқалғаны бесенеден белгілі болды.
Өзімнен - өзім оңаша қалып, ызамен басымдағы шашымды жұлдым. Жоқ, шынында да, қиындықтан құтылудың ешқандай жолы қалмады. Ми ым қайтып маған қызмет етпеуге айналды. Бір кесек сырдың бағасын есептеп шығара алмасам, нағыз нақұрыс болмағанда, кім болдым? Ал мен өзіме, бәлкім, осы мен ақыл - есімнен адасқан жоқпын ба деп сауал қойсам ше? Бірақ есепке басымен сүңгіп отырып, сирек сезімталдықпен қожайынның екіқабат екенін байқап қалғаным қалай? Бұрын бұл туралы жалпы түк ойлаған емен, ешкім ештеңе айтқан да жоқ, бәрі еркімнен тыс болды. Оған көзім түсуі мұң екен, бірден түсіндім және жалпы үлес дегенмен басым қатып отырып сездім. Онда мұны қалай ұғуға болады?
Терезеге келіп көшеге көз тастадым. Терезе Вогимансгатен жаққа қарайтын. Табан жолда балалар ойнап жүр. Кедейлер көшесінде - кедейдің баласы. Олар бос шөлмекті бір-біріне лақтырысып мәз болып шулайды. Жанынан ұсақ - түйсек үй мүлкі тиелген көлік баяу өтіп барады. Шамасы, көшеге шығарып тасталған бәз - бір отбасы мезгілсіз мезгілде басқа бір пәтерге көшіп бара жатқан болуы керек. Оны бірден аңғардым. Көлікте көрпе-жастықтар мен жиһаздар бар. Жиһаздарының түрі - құрт тескен кереуеттер мен комодтар, үш аяқты қызыл орындықтар, кішкентай шетперлер, темірден жасалған ескі-құсқы ыдыс-аяқтар. Үсіп мұрнының ұшы қызарып кеткен ұсқынсыз құйтақандай ғана қыз бала құлап қалмас үшін көгеріп кеткен қолымен арбаның жақтауынан мықтап ұстап отыр. Астында үйіліп үйде балалар төсенетін дымқыл бөстектер жатыр. Бос шөлмекті лақтырып ойнап жүрген балаларға ол да қарайды. Көшеге көз салып тұрып, төңіректе не болып, не қойып жатқанын оп - оңай түсіндім. Терезенің алдында тұрып қожайын аспазының ас үйде қалай ыңылдап ән салғанын есіттім. Ac үй менің бөлмеммен жапсарлас болатын, әрі аспаз әйел ыңылдап жүрген әнді бұрын білгендіктен бір жерін бүлдіріп алмас па екен деп құлақ салдым. Сосын өзіме - өзім: ақыл-есі дұрыс емес адам осының бәрін қабылдап, ой елегінен еткізе ала ма, құдайға шүкір, басқалар сияқты мен де есі түзу адаммын, дедім.
Кенет екі балақанның көшеде ұрсысып жатқанын көрдім; оның біреуі қожайынымның баласы екенін таныдым. Терезені ашып, олардың бір-біріне не айтып жатқанын тыңдадым, сол сәт терезенің түбіне бір топ бала жинала қап жоғарыға қарады. Олар не күтіп түр? Қайыр тілей ме? Әлде кептірген гүл, сүйек-саяқ, темекі қалдығын, болмаса жеуге болатын бірдеңе тастар ма екен деп түр ма, ойынға керек бірдеңелер де тілейтін шығар. Менің тереземе ұзақ қараған олардың жүзі суықтан көгеріп кетіпті. Ал анау екеуі өзара әлі дауласып түр. Балалардың, аузынан боқтық сөздер, қолдануға келмейтін лақап аттар, матрос балағаттары шығады, шамасы оны олар портта үйренсе керек. Дауға қызып кетіп олар не болғанын білгелі жүгіріп келген қожайынды аңдамай да қалды.
- Иә, анау! - деп шағына бастады оның ұлы. - Анау мені алқымымнан алып қылқындырып өлтіріп тастай жаздады. - Сосын өзін келеке етіп күліп тұрған қастаса қарап долдана айқай салды: - Құрт қараңды, иттің баласы! Қара кез келген сілімтік мені кеңірдектен алғысы келеді! Міне саған, сыбағаң...
Қарынымен тар көшені қалқалаған оның анасы он жасар ұлын шап беріп қолынан ұстап, алып кетпекші болды.
- ТС! Аузыңа ие бол! Боқтап балағаттаушы болма. Ұдайы сайқалдармен салғыласып жүргендей шабаланасың ғой! Тарт кәне, үйге!
- Бармаймын!
- Жоқ, барасың.
- Бармаймын.
Терезенің алдында тұрып анасының долданып құтырып кете жаздағанын көрдім; осы бір жиіркенішті көрініс менің ашуымды қатты келтірді, одан әрі шыдай алмай төмендегі балаға маған бір минутке ғана жоғары көтеріліп кет, деп айқайладым. Екінші рет айқайлағанда даусым өте қатты шығып, қожайыным абдырап ба¬сын көтеріп маған қарады. Алайда ол бойын тез жинап ала қойып, маған бетпақтана қарап, артықшылығын көрсетіп қалмақ сыңаймен тікірейіп, ұлына ескерту жасады да, кетіп қалды. Баласына ол мен есітсін дегендей дауыстап:
- Фу, қайдағы жоқ біреулерге жексұрын бала екеніңді көрсетуге ұялсаңшы! - деді.
Осылардың бәр-бәрі көзден өткере тұрып болмашы бірдеңелердің өзін қалт жібергем жоқ. Бұл жолғы байқампаздығым тіптен керемет болды, ұсақ-түйектің әрқайсы сергек қабылдап, кезек - кезек ой елегінен өткіздім. Демек, ақыл-есім зақымданбаған. Және зақымдалатын да реті жоқ қой.
- Әй, тыңда! - дедім кенет өзіме - өзім. - Сен ақыл - есің жөнінде көп алаңдап, ұзақ мазасыздандың, енді жетті ол. Басың ұсақ-түйектің бәрін байқап, ой елегінен өткізіп жатса, о есуастық тың нышаны бола ма екен? Сен жалпы әпенді қызық жансын, қызық екеніңді өзіңе дәлелдеп те бере аламын. Бір созбен айтқанда, кез келген адамда ауытқу болады, әсіресе болмашы нәрседен жаңылысасың.
Онда тұрған не бар, ол әншейін ғана кездейсоқтық. Сен қызықсың деп тұрмын ғой. Ал анау шотың, анау түкке тұрғысыз сасық сырдың он алтыдан бес бөлегі - Ха-ха, қалампыр мен бұрыш аралас ірімшікті тапқан екенсің! Сол күлкілі сырда не түр, одан топастанып кетуге әбден болады, оның бір ғана иісінің өзі адамды о дүниеге аттандыруы мүмкін... -Іштей осыны айтып дүниедегі көк ірімшік атаулының бәріне қарқылдап кеп күлдім. - Жоқ, сен одан да маған жеуге келетін бірдеңе бер, - дедім. - Мүмкіндігі болса, жаңа былғаған сары майдың он алты бөлігінің бесеуін бер! Онда мәселе басқа!
Өз қалжыңыма өзім селкілдеп күліп, оны өте қызық деп таптым. Расында да, менде ешқандай кінәрат болған жоқ, мен денім кәміл сау адаммын!
Өзіммен - өзім сөйлесіп, бөлмеде әрлі - берлі жүрдім, көңілім көтеріліп, қуаныштан мас болған адамдай дауыстап күлдім. Шын мәнінде осынау қуанышты минутте ғана, жұмыс қабілетін оралтар айырықша шат-шадыман сәтті күткен сияқтымын. Үстел басына отыра қалып, шығармамен шағылдандым да кеттім. Жұмыс ойдағыдай жылжып, бұрынғыдан әлдеқайда табысты өрістеді. Ол онша шапшаң да жүрген жоқ, бірақ жасағанымның өзі маған теңдесі жоқтай болып көрінді. Оның үстіне шалдығып шаршамай табаны күректей бір сағат жұмыс істедім.
Кітап дүкеніндегі өрт туралы осы бір астарлы шығармамның, міне, ең маңызды тұсына да жеттім. Осы түспен салыстырғанда, бұрын жазғандарымның бәрі онша маңызды болмай қалды. Мен мұнда шынайы терең ой айтып, жанып жатқан кітап емес ми, адамдардың миы деп, одан шын мәніндегі Варфоломей түнін жасағым келді. Кенет есік серпе ашылып, қожайыным екпіндей кірді. Есікте тіпті сәл бөгелмей ол баса-көктеп бірден төрге шықты.
Ту сыртымнан біреу пышақ салғандай айқайлап жібердім.
- Қалай? Маған сіз бірдеңе айтқандай көрінді ме? - деді ол - Бізге бір уақытша пәтерші келді, мен оған осы бөлмені бермекшімін. Ал сіз бүгін төменде бізбен бірге түнеп шығасыз, ол үшін өзіңіздің төсек орныңыз болуы керек. - Әңгімені одан әрі созбай, мені тыңдау былай тұрсын кісі құрлы көрмей, үстел үстіндегі қағаздарды сыпыра бастады.
Менің қуанышты көңіл күйім ғайып болды, ашуым келіп, ыза буып атып тұрдым да, іле өзімді ұстап, сабама түстім. Бір сөз қатпай үнсіз тұрып, оның үстел үстіндегі қағаздарды жинастыруына ерік бердім. Қағаздарды қалай болса солай сыпырды да, қолыма ұстата салды ол.
Амал қанша, бөлмені босатып беруге тура келді. Ең өкініштісі баға жеткісіз шабытты сәт оралмастай болып көзден бүл-бүл ұшты. Жаңа пәтершіні баспалдақта қарсы алдым - ол қолының сыртына леңгірдің көгілдір таңбасын салдырған жас жігіт екен, артында арқасына сандық таңып алған кем балы келе жатыр. Зайыры ол теңізші болуы керек, демек, бір түн ғана қонып шығатын кездейсоқ мейман. Ертең, бәлкім ол кеткенде, бағым жанып, шабытым қайта оралар. Бір бес минут болса жетеді - жұмысымды бітіріп тастай қоямын. Ал әзірше тағдырға бағынбасқа болмайды.
Бұған дейін күндіз-түні ері, әйелі, әйелінің әкесі, төрт бала сығылысып тұрып жататын үйдің қожайыны жақтағы жартысында болмаған едім. Ал аспаз әйел ас үйде тұрып, сонда ұйықтайды. Бейілсіз ғана келіп, есікті қақтым; іштен дауыстар шығып жатса да жауап болмады.
Үйге кіргенімде күйеуі тіл де қатқан жоқ, тіпті сәлеміме де жауап бермеді, менде еш шаруасы жоқ адамдай меңірейіп қарады да қойды. Айтқандай, мен кемежайда керген бір кісі, жұрт "Әйнек" атайтын матроспен карт ойнап отырды. Емшектегі сәби кереуетте уілдеп жатты, ал қошайымның әкесі кеудесі мен іші ауыратындай бүкшиіп, басын қолына сүйеп қалған. Шашы әбден ағарып, кеткен ол олжасын аңдыған жыландай иіріліп, басын қылтитады.
- Мені бір түнге паналатуға қарсы болмассыз? — дедім қожайынға.
- Менің қатыным сондай нұсқау беріп жүр ме? - деп сұрады
ол.
- Иә. Менің бөлмеме жаңа пәтерші кірді.
Оған ешбір жауап қатпай қартымен болып кетті.
Құдайдың құтты күні ол қонақтармен карт ойнайды; ойнағанда ақша үшін емес, уақыт оздыру үшін, әйтеуір бірдеңе қып қолбайлау үшін ойнайды. Одан басқа ештеңе де істемейді, қимылы сылбыр, енжар, ал әйелі болса, баспалдақпен жоғарылы-төменді жүгіріп жүріп, үйдің шаруасын тындырады, пәтершілер іздеп табады. Оның порттағы жүмысшылармен және кем балдармен келісімі бар, олар бүгін тауып берген әрбір жаңа пәтершісі үшін ақы алады және өздері де кеңде қоналқаға осында жатып қалады. Жаңа пәтершіні алып кеп жүрген әлгі "Әйнек" екен.
Екі бала мен жүзі салда қылардай омсырайған секпіл бет екі қыз кірді, көйлектері жырым-жырым. Көп ұзамай үйге қожайынның өзі кірді. Одан мені қайда орналастырмақ ниеті барын сұрадым; ол осыдағылардың бәрімен бірге жатасың, болмаса ауыз үйдегі орындыққа жайғасасың деді. Осыны айтқанда, ол бөлмені тәртіпке келтіріп, күйбеңдеп жүрді де, маған көзін бір де тастаған жоқ.
Оның жауабын тыңдап, еңсем түскенімен, келіспеске амалым жоқ, есіктің аузында тұрып, бір түнге бөлмемді басқа біреуге бергенім онды болды дегендей сыңай танытып, оны ашуландырып алып, көшеге шығып қалмас үшін бет-әлпетіме жағымды реңк бердім.
- Иә, әрине, бірдеңе ғып орналасамыз ғой!
Қайтып үндегем жоқ.
Ол бөлмеде ерсілі-қарсылы әлі жүр.
- Айтпақшы, бөлмелерді тегін беріп, пәтершілерді несиеге тамақтандырудың маған түкке қажеті жоқ, - деді ол. Сізге бұны бұрын да айтсам керек. .
- Айтқансыз, құрметтім, алайда маған мақаламды аяқтау үшін екі күн керек боп түр, - деп жауап қаттым. - Сонда сізге артық бес кронды ризалықпен, асқан ризалықпен қолыңызға ұстатамын.
Бірақ оның бұған мүлдем сенбейтінін көріп тұрмын. Алайда оған бола намыстанып не өкпелеп, оның үйін тастап кете алмаймын, себебі кетіп қалсам не күтіп тұрғанын білемін.
Арада екі күн өтті.
Бұрынғысынша қожайын отбасымен бірге жатып жүрмін, себебі ауыз үйде пеш жоқ, суық, сондықтан еденде жатуға тура келді. Келімсек теңізші бұрынғыдай менің бөлмемде тұрып жатыр, зайыры, таяуда кете қояр түрі жоқ. Түскі асқа таман қожайын келіп, оның пәтерақыны тұтас бір айға алдын ала төлеп қойғанын айтты, тегінде ол штурмандыққа емтихан тапсыруға тиіс екен, сондықтан да осында тоқтапты. Осыны тыңдай отырып, бөлмемнен мәңгі айырылғаныма көз жеткіздім.
Ауыз үйге шығып, орындыққа жайғастым; егер маған жалпы бірдеңе жазу керек болса, ол тек осында тыныштықта ғана мүмкін. Астарлы шығарма мені енді онша алаңдатқан жоқ; басымда тың идея, тамаша жоспар пайда болды; ортағасырлық өмірден алып "Крест белгісі" деген бір актілі пьеса жазбақпын. Оның әйел кейіпкерін де ойлап тауып қойдым бір бет адуын қыздың тәкаппар бейнесі ол Құдай үйін ол әлсіздігінен, әлде кәрілігінен қорғаламайды, жаратқанның өзіне деген өшпенділігінен тұрады. Құдайы жек көргендіктен оның киелі орнында қылмыс жасайды.
Уақыт өткен сайын осы бейне мені мүлдем баурап алды. • Қайтсем де менің өзім ойлағандай болып көз алдымда тұрды да алды. Бұзық қыздың бойында адамды безіндіретін белгілер болуы керек; тырнадай ұзын, тыриған арық әрі қараторы, жүргенде етегі түріліп, ұзын сирағы сидитып жарқ-жұрқ етеді. Оның үстіне құлағы қалқиған үп-үлкен, бір сөзбен айтқанда, сиықсыз сұры кісіні кері итереді. Оның мені қызықтыратыны -еріксіз арсыздығы, алды - артына қарамай күнәға қасақана қойып кететіні. Рас, ол мені мейлінше еліктіріп, миымды оғаш сұмпайылық туралы ойлар кеулеп кетті де, пьесаны табандатқан екі сағат бойы жаздым.
Он, тіпті он екі бет жазып, оларды қинала отырып, үздік-создық ұзақ ойланып өңдеп, сызып, кейбір парақтарды жыртып, әуреге түсіп қатты қалжыраған соң, орнымнан тұрып далаға шықтым. Оның үстіне соңғы жарты сағат ішінде қожайынымның бесіктегі баласы шырылдап жылап бөгет жасады да, әрі қарай жаза беруге болмады. Сондықтан мен көшеге шығып, Драмен жақтың жолымен әрменірек кетіп, кешке дейін қыдырып қайтуға бекіндім. Серуендеп жүріп те ұдайы драмам туралы терең толғанумен болдым. Бірақ қыдырыстап жүргенде де кездейсоқ оқиғадан құтыла алмадым.
Карл - Юан көшесінің ең шетінде Вокзал алаңына таман етік тігетін шеберхананың алдына тоқтаған едім. Бүл шеберхананың алдына не үшін тоқтағанымды бір құдайдың өзі білсін! Етігім жоқтығын тіпті де ойламай, оның терезесінен қарадым, ал ой - қиялым дүниенің басқа қиырын кезіп жүрді. Сыртымнан жұрт өтіп жатты. Әңгімелесіп бара жатқан олардың бір сөзін де есіткенім жоқ. Кенет біреудің қатты шыққан даусы жалт қаратты.
- Сәлем! - деді ол
Бүл "Сұлу сылқым" атанған танысым еді.
- Сәлем, - дей салдым сасып.
Сылқымды бірден танығаным жоқ.
- Ал, хал қалай? - деп сұрады ол.
- Жаман емес... Бәрі бұрынғыша.
- Бері қарашы, демек, сіз әлі Кристинде тұрасыз ғой.
- Кристинде дейсіз бе?
- Бірде көтерме саудагер Кристинде есепші болып қызмет істеймін деп айтқаныңыз бар еді ғой.
- А, иә! Бірақ одан кетіп қалдым. Ол адамда дұрыс жұмыс істеуге болмады да көп ұзамай кетіп қалуға тура келді.
- Сонда не себепті?
- Бірде бір нәрсені дұрыс жазбаған екем, басты себеп сол болды.
- Жалған жазғансыз ғой.
Жалған дейді? Арандату үшін әдейі өтірік жазған жоқсың ба деп сұрап тұр-ау Сылқым. Қатты қорланғанымды аңғарып, оған адырая бір қарадым да, жауап қатқам жоқ.
- О, құдая ондай - ондай олқылық кез келгенде болады емес пе! - деді ол мені тыныштандыруға тырысып.
Ал өзі іштей мен жалған құжат жасады деп түр.
- Кез келгенде кездесетін олқылығыңыз не? - деп сұрадым. - Сонда кез келген жалған іске барады деп ойлайсыз ба! Бері қараңыз, жарқыным, мен шынымен-ақ сондай арамдыққа барады деп ойлай¬сыз ба? Арам, арсыз мен болғаным ба?
- Енді, қымбаттым, меніңше оны өзіңіз түсінікті түрде айттыңыз емес пе...
Басымды тез көтеріп Сылқымнан теріс айналдым да, басқа жаққа қарадым. Ойламаған жерден көзіме қызыл көйлек шалынды. Қызыл көйлек киген әйел бір еркекпен қатар кетіп барады. Егер мен Сылқыммен мылжыңдасып тұрмасам, егер оның мәңгі бітпес күмәнінен жәбірленіп, басымды тез көтеріп, теріс айналмасам, бәлкім, қызыл көйлек менің назарыма ілікпес те еді. Ал, шын мәнінде онда менің не шаруам бар. Тіпті ол кемер - бикеш Нагельдің көйлегі болса да онда не тұр.
Сылқым болса, өзінің ән тектігін түзеткелі әлі сөйлеп түр, бірақ оны тыңдаған мен жоқ, есіл-дертім жақындай түскен қызыл көйлекте. Көкірегімде бір толқын аласұрып, кеудеме ине қадалғандай болып, ерінімді жыбырлатып, іштей:
- Илаяли! - деп күбірледім.
Енді Сылқым да жалт қарап, өтіп бара жатқан бикеш пен мырзаны көріп, басын иіп көзбен ұзатып салды. Осыны байқап тұрып өзімнің бас иген - имегенімді білмей қалдым. Қызыл көйлек Карл Юан көшесімен алыстай түсіп, ақыры көзден ғайып болды.
- Оның қасындағы кім? - деп сұрады Сылқым.
- Көрмедіңіз бе, Герцог қой. "Герцог" - оның лақап аты. Ал қызды білуші ме едіңіз?
- Иә, ептеп білетінмін. Ал, сіз ше?
- Жоқ, - деп бір-ақ қайырдым.
- Оған иіліп, тағзым еткендей көріндіңіз ғой.
- Бас идім бе?
- Немесе, бас иіп сәлемдескен жоқсыз ба? - деп Сылқым да тақымдап қоймады. -Тіптен таңғаларлық оныңыз. Бикеш қой, тек сізге ғана қарап, көз айырған жоқ.
- Оны қайдан білесіз? - деп одан қайта сұрадым.
Бұл шын мәнінде ол қызды білмейтін. Барлығы күзгі бір кеште болыпты. Мезгіл тым кеш екен, үш жігіт жаңа ғана "Грандтан" шығыпты. Біраз қызып лепіріп алған үшеуі бүл әйелді Каммермейердің маңында кездестіріп, әңгімеге тартпақ болады. Әуелі бикештің сөйлескісі келмейді; алайда теңіз суы тізесінен келмейтін ыржақайдың біреуі одан үйіне дейін шығарып салуға рұқсат сұрайды. Оған ештеңе де жасамайтынын, жалғыз тал шашына да тиіспейтінін, тек қана подъезіне дейін шығарып салып, ол үйіне шын оралғанына көзі жеткенше жаны жай таппайтынын айтып жік - жаппар болады. Сөйтіп олар кете барды, жігіт өтірік-шынды қайдағы - жайдағыларды айтып, ауыз жапқан жоқ, өзін фотосуретші Вольдемар Аттердаг деп таныстырды. Ақыр соңында, ойдан шығарылған күлді-көмеш тәсілдер қызды жібітті, езу тартқызды. Оның салқындығына қызған жігіт жоқ, ақыры, келісімін алып үйіне шығарып салды.
- Ал, одан әрі не болды? - деп сұраған менің тынысым бітіп қала жаздады.
- Одан әрі дейсіз бе? Әй, одан арғысына бармай-ақ қояйықшы. Қалай дегенмен де ол әйел емес пе!?
Бір сәт екеуміз де үнсіз қалдық.
- Тәйірі алғыр, әлгіні Герцог дейсіз бе? Демек, оның өзі осындай еді десейші! - деп ойлана сөз қосты Сылқым. - Ол бикеш мынандай мырзамен кеткен болса, оның бағасы да содан аспағаны.
Ал, мен болсам, тілім байланғандай үндемеймін. Жарайды Герцог оны айналдырып ала қойсын! Оның өзі бір тамаша емес пе! Менің оған опынатын нем бар? Осынау аруға мен тек оң жол, бақытты өмір тілеймін. Сосын ол туралы жаман ойлап, рақаттана сазға таптап алабұртқан көңілімді басқым, өзімді жұбатқым келді. Мені шамдандырғаны сол сұмпайы жұптың алдында, рас болса, қалпағымды шешіп, басымды игенім болды. Ондай адамдардың алдында қалпағымды алып нем бар еді? Ал қыз жайында жалпы өкінбеймін, оның сұлу болғанында дау жоқ, бірақ сонысына дандайсып, желігіп кетті, тәйірі алғыр, сөйтіп салып та барады. Оның тек қана маған қарап, көзін алмауы әбден мүмкін, мұнда таңғаларлық та ештеңе жоқ, бәлкім, жүрегінде өкініш оянған шығар. Тек сол үшін ғана оның аяғына жығылмақпын ба, соңғы кезде күмән туғызып, тез солып бара жатқан оны жындыға ұқсап қошеметтей алмаймын. Мейлі оны Герцог - ақ алсын! Оның қасынан көз де тастамай, басымды асқақ ұстап елемей өте шығатын күн де туар. Мүмкін мұны ол осындай қызыл көйлек киіп көлбеңдеп, екі көзін менен айырмай, қиыла қараса да жасайтын шығармын. Солай болуы әбден мүмкін. Ха-ха, салтанат дегенің сол болады! Өзімді-өзім білетін болсам, пьесамды, бәлкім, бүгін бітіріп тастармын, сонда сегіз күннен кейін ол бикеш менің алдымда тізерлеп тұратын болады және бар болмысымен ажар-көркінмен аяғыма жығылады, ә!..
- Қош! - дедім алқынып.
Ал Сылқым мені ұстап қалды.
- Енді немен шұғылданып жүрсіз? - деп сұрады ол.
- Немен дейсіз бе? Әбетте, жазамын ғой. Басқа немен шағылданушы едім. Тірлігімнің тірегі сол. Қазіргі кезде "Крестің белгісі" деген ортағасырлық өмірден алынған пьеса жазып жатырмын.
- Тәйірі алсын! - деді шынымен-ақ қайран қалған Сылқым. - Онда сіз оны жазатын болсаңыз, әлі...
- Қазіргі менің күллі ынтам соның үстінде. Шамамен сегіз күннен кейін мен туралы естисіздер, - деп тұрағыма қарай тарттым.
Үйге келісімен-ақ қожайыннан шам сұрадым. Маған шам мейлінше қажет еді: бүл түні жатқым келген жоқ, басымда пьесаның оқиғалары буырқанып, таңға дейін оның басым бөлегін еңсеріп тастағым келді. Қожайынға өз өтінішімді үлкен басымды кішірейтіп сыпайы ғана баяндадым, өйткені оның жүзінен менің қайтып оралғаныма наразылық нышаны аңғарылды. Тамаша пьесамды бітіруге таядым, тек соңғы екі көрінісін ғана жазып тастау қалды. Бәлкім, оны бәзбір театр өзім сұрамай тұрып-ақ қоюға алар, деген ишарат жасадым. Егер ол қол ұшын беріп, көмек жасаса, онда мен...
Бірақ қожайынымның шамы жоқ екен, ұзақ ойланып оның осы үйде болғанын есіне түсіре алмады. Егер он екіге дейін күтер болсам, ас үйдегі шамды алуыма болады екен. Ал менің шырағдан сатып алмағаным не, осы?
Үндемей қалдым. Өйткені менде шырағдан сатып алатын он эре жоқ, оны қожайыным жақсы біледі. Не керек, жоспарым тағы да быт-шыт болды! Аспаз әйел ас үйде емес, бізбен бірге осы бөлмеде отыр, демек, шамды тіпті жақпаған да. Ол туралы ойлап едім, бірақ ашып ештеңе айта алмадым.
Кенет аспаз әйел:
- Шамасы таяуда сіздің Сарайдан шығып бара жатқаныңызды көрдім - ау деймін. О не, сіз қонақасыға қатыстыңыз ба? - деп ол өз қалжыңына өзі күлді.
Қағаздарымды алып осы арада отырып жұмыс істегім келді. Қағазды тіземе қойып, назарымды аудару үшін еденге тесілдім, бірақ ол жәрдемдескен жоқ, санамнан суыртпақтап бір соз де ала алмадым. Үй иесінің екі қызы кіріп, шуылдасып мысықпен ойнап кетті. Ал мысық дегенің жүні тақыр, таңданарлықтай үлкен хайуан болатын. Қыздар оның көзіне үрлесе, жас парлап, тұмсығын бойлай ағады. Қожайын мен тағы да бір екі мейман карт ойнап отыр. Тек қожайын ғана жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп, іс тігіп жатыр. Ол ғой, менің мынандай шуда жұмыс істей алмайтынымды әп-әдемі көріп отыр. Бірақ менімен мүлдем санасқысы келмейді және аспаздың Сарайға қонақасыға шақырып па еді, деген қалжыңына күлгенін қайтерсің. Үйдегілердің бәрі маған жауыға қарайтын сияқты, әсіресе мен масқарам шығып, бөлмемді басқа біреуге беруге мәжбүр болғаннан бері мені бөгде біреу деп санайтын болды. Тіпті мынау бәлекей бойлы қаракөз пәле, не омырау жоқ, не маңдай жоқ аспаздың өзі кешкісін бутерброд алғалы барғанда мені мазақтап күлетінді шығарды. Ол менен түстікті қайда жасайтынымды жиі сұрайды, "Грандтан" шыққаныңызда тісіңізді шұқығаныңызды өмірі көргем жоқ дейді. Менің кедейшілік жағдайымды оның білетіні айқын, сондықтан ол жайында маған ұдайы ескертіп отырудан ләззат алатын секілді.
Осындай ойлардың бәрі басыма баса көктеп кіріп ап өз пьесам үшін бірде-бір реплика ойлап табуға мүмкіндік бермеді. Менің талпынысымның бәрі бекер, енді басым дыңылдап, мазамды алып, ақыры жұмысты доғаруға мәжбүр болдым. Парақтарды қалтама салып, басымды көтердім. Аспаз тура менің алдымда отыр, оған көз тастап, қушық жауырыны мен жон арқасына қараймын, әлі буыны қатып, бұғанасы бекіп болмағандай болбыр бірдеңе. Осының маған бас салатын не жөні бар? Мейлі мен тіпті Сарайдан шыға қояйын, онда оның шаруасы қандай? Кейінгі кезде мені өршелене мазақтайтынды шығарды, әсіресе баспалдақтан сүрініп кетіп, күртемді шегеге ілгізіп, жыртып алғандағы жырқылдағанын айтпа. Кеше пьесамның алғашқы нұсқаларын лақтырып тастаған жерімнен ауыз үйден жинап алып бөлмеде жұрттың көзінше дауыстап оқып, қалжыңдап жынымды келтіргені. Оны бір де өкпелеткен не бәзбір қызмет корсет деп қолқалаған жерім жоқ. Қайта кешкісін оны мазаламайын деп еденге төсегімді өзім салып алам. Сосын ол шашымның түсіп жатқанын да күлкі қылатын болды. Ертеңгілік қолжуғышта түскен шашымды көрсе, оған да күледі. Башмағым тозып, әсіресе нан таситын арбаның астында қалған сыңары жыртылып қалып еді, соны да келеке етеді. "Құдай сақтай гөр, мынандай да башмақ болады екен-ау! Әрқайсы иттің үйшігін дей үңірейіп түр, қарашы әне!" дейді. Рас, башмағымның шынында да киер жері қалмады, ал жаңасын алуға хәлім келмей жүр.
Осылардың бәрін еске түсіріп, аспаз тарапынан байқалатын ашық қаскөйлікке таңғаламын, ал кішкентай қыздар болса, кереуетте жатқан шалды ызаландырып, маза бермейді. Басқа жер таппағандай соның айналасында секіріп жүгіріп жүргені. Тақа болмаса құлағына ши жүгіртіп қытықтайды. Алғаш оған араласқаным жоқ. Шал байғұс олардан құтылу үшін бақайында қимылдатпай, өзін мазалап азаптаушыларға ала көзімен алая қарайды да қояды, құлағындағы шиді түсіру үшін басын қайта-қайта шайқайды.
Бүл көрініс мен үшін тіптен төзгісіз көрініп, одан көз айыра алмадым. Әкесі кейде қарттан бас көтеріп, қыздарының қылығына күліп қойып, оған серіктестерінің де назарын аударып отырады. Қария неғып қозғалмайды? Неғып қыздарды лақтырып - лақтырып жібермейді. Оның төсегіне қарай адымдадым.
- Мейлі ойнасын! Мейлі! Ол сал болып жатыр, - деп қожайын баж ете қалды.
Оның наразылығынан шошып, түн қараңғысында үйден қуылып кетермін деп қорқып, үнсіз орныма оралдым да, тыныш қана отыра қалдым. Отбасының шаруасына араласамын деп, қоналқа мен бутербродтан айырылып қап жүрермін. Шала өлік қарт үшін ірің кезекке килігудің қажеті не. Дәл осы сәт мен де өзімді тас боп қатып қалғандай сезіндім.
Қыздар қарияны діңкелетіп, берекесін кетірумен болды. Оларды атасының басын қозғай алмайтыны жалықтырып, шиді енді көзіне, танауына жүгіртіп ойнады. Ол немерелеріне қанша жаратпай қарағанымен, не бір сөз қайыруға, не қолын сілтеуге жарамады. Кенет ол кеудесін зорға көтеріп, бір қыздың бетіне түкіріп жіберді, сосын қайта көтеріліп, екіншісіне түкірді. Қожайынның қартты тастай салып, кереуетке қалай қарғып шыққанын көрдім. Қып - қызыл болып долданған ол:
- Жұрттың бетіне түкіруге қалай ғана дәтің барады, кәрі төбет! - деп айғай салды.
- Оған маза бермеген қыздарыңның өзі ғой, - деп шыдай алмай дауыстап жібердім.
Алайда мені қуып шықпа сыншы деп ұдайы қорыққандықтан даусым онша қатты да, ызалы да шыққан жоқ, бірақ тұла бойым қалшылдап кетті.
Қожайын маған бұрылды.
- Қарай гөр! Тәйірі алғыр, басқаның шаруасына неге тұмсық тығасың! Жап аузыңды, естисің бе, жап! Міне, соның жақсы болар.
Осы арада қожайын айғайлап шықты да, бүкіл үй балағат - боқтыққа көміліп қалды.
- Әй, сендер бәрің жынданғаннан саусыңдар ма? - деп шаптықты ол. - Екеуің де тыныш отырыңдар, әйтпесе айдап шығамын. Мынау сұр жыланға жылы жай беріп, азықтандырғаным өз алдына, енді өз үйімді тозақ етіп төзіп отыруым керек екен ғой. Мен ондайға төзбеймін, естисіңдер ме? Өшіріңдер үндеріңді, сүмелектер, алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар, әйтпесе оны бетке теңеп берермін. Мұндайды кім естіген. Қалтасында битке жағар май сатып алатын сұм тиыны жоқ, сүмірейіп көшеден келгеніне қарамастан түн ортасында шу шығарып, ұрыс-керіс жасайды. Ондайға жол беріп отыра алмаймын, бөгде - бөтендер тайып тұрсын. Үйде тыныштық орнасын. Менің айтарым осы.
Жауап қайырғаным жоқ, тіпті ауыз да ашпадым, тек қана есік алдына барып қайта отырдым да, айғай-шуды тыңдадым. Айғайламаған жан қалмады, тіпті қыздар мен аспаз әйел шарылдап, ұрыстың неден шыққанын баяндағысы келіп шыж-быж болды. Егер де мен үндемесем, бәрі де бірден бітер еді, тілімді тістеп отыра тұрғанда іс бұлай насырға шаппас еді? Бірақ аузыма ие бола алмай, мен не істеппін? Аулада қыс, уақыт та түнге таяу. Жұдырығыммен үстелді ұрып, өзімді-өзім қорғап алуыма болатын еді ғой. Жоқ, ақымақтыққа бармайын дедім. Сондықтан пәтер бермегеніне қарамастан, қожайындардан кетпей тып-тыныш отырмын. Құтқарушы бейнеленген олеография ілулі түрген қабырғадан көз алмай, қожайынның шаптыққанына да қарамастан қасарып үндегенім жоқ.
- Егер менен құтылғыңыз келсе, модам, одан оңай ештеңе жоқ, - деді ойыншылардың бірі.
Ол орнынан тұрып еді, екіншісі де көтерілді.
- Жо-жоқ, әңгіме сен жайында емес. Сен туралы да емес, - деп қожайынның шыж-быжы шықты. - Егер мәселе бұлай өрбитін болса, әңгіме кім жайында екенін айтып та бере аламын. Егер әңгіме соған тірелсе, онда бұның кімге қатысты екені айқын болады...
Сөзін ол үзіп - үзіп айтып, қысқа кідірістермен маған соққы беpiп, көздегені мен екенін түсінсін деп қасақана баяулады. "Сабыр сақта! - дедім өзіме - өзім. - Тек қана сабыр керек!" Ол мені қуған жоқ, ол ойын ашып, айқын және айтпады. Тек қана маған астамшылық айтпай, әзір намыс дегенді ысыра түру керек, қазір оның уақыты емес. Барынша сақ болу керек!.. Ал анау олеографиядағы Ғайсаның шашы бір түрлі еді. Ол жасыл шөпке ұқсас, әсем дәлдікпен бейнелер болсақ, саздау жердің ұйыса өскен қалың шөбіне ұқсас. Бұны қалай жіті байқағанмын - тура саздау жердің қалың шөбі сияқты... Сол сәт басымда бір ой оянып, ізімен ілестіріп екіншісін сүйрейді: көк шөп Інжілдегі адамның ғұмыры шөп сияқты, көк шөп түгел күйіп кетеді деген тұсты есіме түсіреді. Сосын барлығы жалында өртеніп кететін. Махшар күні жайында ойлай бастаймын. Одан әрі Лиссабондағы жер сілкінген зілзала жөнінде бір ой қылаң беріп, көз алдыма жезден жасалған испан түкіргіші мен Илаялида болған қара ағаштан ойылған жазу аспабын келтіремін. Ой, барлығы да ғайып! Көк шөптің бәрі өртеніп кетті. Барлығына тиген үлес төрт тақтайдан тұратын табыт, сосын Андерсен дүкеніндегі кіреберістен оңға бұрылғандағы кебін көрпе.
Осының бәр-бәрі қожайын мені қуып шығуға қамданған сәтте үмітім үзіліп торыққанда жалт етіп ойыма келді.
- Ол тіпті тыңдамайды да! - деп ышқынды қожайын. - Сізге үйімнен кетіңіз деп тұрмын, түсінікті ме? Мына жігіт есінен адаспаса, құдай атсын! Қайда барсаңыз, онда барыңыз, тек бүл үйден кетіңіз. Менің айтарым осы!
Мен есікке қарадым, бірақ кету үшін емес, кету үшін қарағаным жоқ, басыма бір батыл ой келді, есіктің аузында кілті тұрса бар ғой, осында барлығымен бірге қалу үшін оны бұрап жаба қояр едім. Қазір қайтадан көшеге шығып қаламын деген ой үрейімді ұшырды. Алайда есікте кілт жоқ екен, сенетін де ештеңе қалмады, амалсыз орнымнан тұрдым.
Ойламаған жерден қожайынның айқайын баса көктеп күйеуінің даусы шықты. Таңданып тоқтай қалдым. Әлгінде ғана маған сес көрсеткен кісі енді менің жағыма шыға қалыпты.
- Түн мезгілінде кісіні үйден қуып шығуға болмайтынын сен білмейсің бе? Ол үшін заңмен жазаланады, - дейді ол
Бұның заңмен жазаланатынын мен білмеуші едім. Әй, жазалай қоюы да неғайбыл - ау, бірақ, бәрі де мүмкін. Әйтеуір қожайын бірден ақылға түсіп, тынши қалды да, мені жайыма тастады. Ол тіпті кешкі ас деп екі бутерброд ұсынды, бірақ мен алмадым - оның күйеуіне деген разылықтан алмадым, қалада ауқат жасағанмын дей салдым.
Ауыз үйге кіріп жайғаса бергенімде, қожайын соңымнан ере келіп, шермиген қарынымен жарықты көлегейлеп, табалдырықта тұрып даусын көтере:
- Ал сіз мұнда соңғы рет түнеп шығасыз, оны біліп қойыңыз, - деді.
- Болса болсын! - дедім.
Ертең, бәлкім, жақсырақ іздесем қонып шығатын орын табылып та қалар. Қайдан болсын бір пана табылар. Оған дейін бүгін түнде баспанасыз қалмағаныма қуанып мәзбін.
Таңғы сағат бесте, әлде алтыда ояндым. Таң әлі ағармапты, соған қарамастан бірден тұрдым. Суық болғандықтан киіммен ұйықтап едім, киінудің қажеті жоқ. Су ішіп ап, есікті абайлай ашып, қожайынмен кездесіп қалудан қашып ақырын басып үйден шықтым.
Көшеде тірі пенде жоқ, тек кейде түні бойы кезекші болған полицей ғана ұшырасып қалады, ұзамай екі фонаршы шығып, газ фонарларды сөндіре бастады. Еш мақсатсыз сандалып Шіркеу көшесіне шықтым да, одан қорғанға тарттым. Ұйықтайын деп едім, қалтырап кеттім, сосын орындыққа жайғасып қалай қалғып кеткенімді аңғармаппын. Үш апта бойы қожайын ертеңгілік және кешкілік беріп отыратын бутербродпен қоректеніппін, енді міне ұзақ жүрістен аяғым мен арқам сырқырап отыр. Ac ішкім келеді, ештеңе жемегеніме тәулік жүзі болып қалды, аштық қайта қинай бастады, тезірек одан құтылудың жолын іздеу керек. Осы оймен отырып, орындықта қайта қалғып кетіппін...
Мені бәзбіреулердің даусы оятты, жан-жағыма қарап күннің жап-жарық екенін көрдім. Қала түгел ояныпты. Орнымнан тұрып, аулағырақ тарттым. Қырқаның үстінен күн көтеріліп келеді, аспан нәзік бір көгілжім реңкке кірген, қабағы ашылмай түнерген апталардан кейінгі жайдары таң көңіліме қуаныш ұялатып, өзімнің уайым-қайғымды ұмытып кеттім, сан мәрте бұдан да қиын күндер басымнан өткендей көрінді маған. Кеудемді ұрып қойып, ыңылдап әлде бір ән бастадым. Даусым сондай мұңлы, әлсіз шығып, ол жүректі тебірентіп, көзге жас үйірді. Оның үстіне ғажайып күн, жарқыраған жарқын аспан маған тым күшті эсер етіп, еңіреп жылап жібердім.
- Сізге не болды? - деп сұрады өтіп бара жатқан біреу. Жауап бермей, бетімді қолыммен көлегейлеп аулақ қаштым.
Кемежайға келдім. Орыс жалауы бар үлкен кемеден көмір түсіріп жатыр екен, мен "Копегоро" деген атауын талдап, ежіктей бастадым. Ұзақ уақыт осынау шетел кемесін қызықтаумен болдым. Шамасы, ол жүгінен босауға да жақын сияқты, арнаулы жүгі барына қарамастан борттағы аспап су бетіндегі IX фунтты көрсетіп тұр. Кем балдардың ауыр етігі палубада тарпылдағанда кеме ұзақ гуілмен кері қайтарылды.
Күннің көзі, жарық сәуле, теңіз тынысы, не керек, осынау қызықты да көңілді өмір мені қоздырып, тамырдағы қаным бұлқына бұлықси ақты. Кенет басыма, бәлкім, пьесамның бірнеше көрінісін тура осы жерде шығарсам деген ой сап етті. Қарындашым мен қағазымды табанда суырдым.
Сопының аузына салатын сөз іздей бастадым, ол ашу-ызаға толы төзбеушілікпен жалын атып тұруы керек, алайда оны таба алмадым. Содан соң сопыны тастап, қазының шіркеуді арамдаушыға айтар сөзін жазуға кірістім. Жарты бет жазып, оны да тастадым. Шын шабыт болмады. Айналамда адамдар жұмыс істеп, темір шығырлар шықырлап қақпалар сықырлап, шынжырлар сартылдап жатыр - олардың бірде-бірі тымырсық, қапас орта ғасырдың ауанына сай келмейді, пьеса болса, сол заманды көрсетуі керек. Лаж жоқ, қағаздарымды жинап, орнымнан тұрдым.
Алайда іс табандап тұрған жерінен қозғалды, кездейсоқ бірдеңе кездесіп қалмаса оның оңға басатынына сенімім кәміл. Тек қана табан тірер бір тұрақ табу керек. Осы оймен көшенің ортасында аялдап, бүкіл қаладан бірде-бір тыныш орын таба алмадым, уақытша орналаса тұрар бір жер болса ше? "Келушілерге арналған пансионатқа" оралудан басқа лаж қалмады. Жалғыз осы ойдың өзінен денем түршігіп, бұлай жасауға болмайды деп іштей безектесем де, солай қарай сөмпеңдеп тарта бердім, одан басқа жол жоқ. Әрине, бүл әбестік екенін, қорлық екенін білемін, бірақ бұдан басқа амал қалмады. Рас, мен өркөкірек адам емеспін, бүл дүниеде менен момын, менен көнбіс кісі жоқ екенін ашық айтқан артық емес. Демек, бет алған жолым жалғаса береді.
Есік аузында кідіріп, бәрін қайта безбендедім. Не де болса, нар тәуекел! Мұның бәрі антұрған әбігерлік емес пе. Біріншіден, маған бірнеше сағат бас сұғар орын керек, екіншіден, қайтып бүл үйдің есігін ашсам, жазамды құдай берсін. Солбырайып аулаға кірдім. Малта тастарды аттап келе жатып шайқатылып кетемін, екі ойлы болып тіпті есіктің алдынан кері қайта жаздадым. Тісімді шықырлатып: аулақ, орынсыз өр кеуделік! -дедім. Тақа болмаса, кешірім сұрап, қоштасқалы келдім дермін, сыпайылықтың салты сол ғой, оның үстіне пәтерақы қарызын қашан өтерімді келісейін. Осы оймен ауыз үйдің есігін аштым.
Кірген бетте тұрған орнымда қаттым да қалдым. Алдымда екі метрдей жерде есіктің кілт салатын тесігінен іште не болып жатқанын қарап үй иесі тұр, басында қалпақ, үстінде күртесі жоқ. Ол тыныш түр дегендей қолымен маған белгі беріп, кілт салатын тесікке қайта үңіліп, жырқ-жырқ күледі.
- Бері келіңізші! - деді ол сыбырлап.
Аяғымды ұшынан басып мен де келдім.
- Қараңызшы, әне! - деді ол үнсіз күлкіден тұла бойы селкілдеп. - Көз салыңызшы анаған! Хи-хи. Көрдіңіз бе, жатыр ғой. Ал шалға қараңыз! Сізге шал көріне ме?
Бөлмеде, тура менің қарсы алдымда Ғайса пайғамбар бейнеленген олеографияның тұсындағы кереуетте жатқан екі кісіні көрдім, бірі осы үйдің қожайыны да, екіншісі келімсек штурман; қара көрпеден әйелдің аяғы қараңдайды. Екінші қабырғадағы кереуетте қолын таянып сал болған әкесі отыр бүкшиіп, әдеттегідей сорлыда қозғалар шама жоқ...
Мен қожайынға бұрылдым. Ол қарқылдап күліп жібермей өзін зорға ұстап түр. Екі саусағымен мұрнын қысып алған.
- Шалды көрдіңіз бе? - деп сыбырлады ол - О тәңірі, шалды көрдіңіз ғой! Аналарға қарап отыр әншейін! - Құмары басылмағандай ол тағы да кілт салатын тесікке еңкейді.
Шегініп барып терезенің алдына отырдым. Мынау сұмдық қатал ойларымды быт-шыт етіп, шабытымды жермен жексен қылды. Бірақ бұларда, осы, менің шаруам қанша! Күйеуінің өзі мұндай қылыққа көніп, қайта оны қызық көретін болса, оған ыза болып, зығырданым қайнардай менде қандай негіз бар. Қарияға келсек, ол жайында енді алаңдар ештеңе жоқ. Шамасы, ол мұндайды талай көрген болуы керек, бәлкім ұйықтап отырған шығар, әлде өліп қалды ма екен - оны бір құдай біледі. Оның өлі екенін білсем, тіпті таңданбас та едім. Осындай ойлармен ар алдында арылдым.
Қолжазбаны қолыма қайта алып, бөгде ойлардың бәрін қуып салғым келді. Қазының сөзіндей бір тіркес орта тұсында үзілген еді: "Құдай мен заң осылай әмір етеді, кемеңгер ұлылардың ақылы осыны айтады, менің ар-ожданым осылай бұйырады..." Терезеге қарап тұрып, оның ар-ожданы не бұйырғанын ойлап тапқалы толғандым. Бөлмеден абыр-сабыр баяу шу шықты. Ал оның маған қатысы жоқ, түк те қатысы жоқ; ал, бәлкім, қария қайтыс болған шығар, иә, ол таңғы сағат төртте дүние салыпты; демек, ондағы
шуға бүйрегім бүлк, сирағым селк етпейді. Бірақ, тәйірі алғыр, ол туралы неге ойлай беремін осы? Сабыр, керек!
"Ар-ожданым осылай бұйырады".
Алайда барлығы маған қарсы астыртын сөз байласқан сияқты. Қожайын кілт салатын тесіктен үңіліп, өзін-өзі ұстай алмай, ара - тұра булығып тұла бойы селкілдеп күлгенін өз көзіммен көрдім, енді міне, көшедегі бірдеңелер көңілімді бөлді. Көшенің келесі қапталында кішкентай бала тып-тыныш еш алаңсыз жол-жол қиылған қағаздарды байластырып жүр. Кенет ол шар етіп секіріп кетті де, томпаңдап көшенің ортасына шықты. Сосын екінші тәжде терезеден қылтиып бұның басына түкірген жирен сақал кісіге қарады. Балақан ызадан жылап жіберіп, балағат бірдеңелер айтып еді, терезеден жирен сақал қарқ-қарқ күлді, осылай бес минут өтті. Сәбидің көз жасына көрмейін деп мен теріс айналып кеттім.
"Ар-ожданым осылай бұйырады..." Орнымнан қозғала алмай қалғанымды қайтерсің. Ақыры барлығы бытысып, шатасып кетті. Маған бұрын жазылғандардың бәрі ештеңеге жарамайтын, бүкіл ой - жоспарым бастан - аяқ сандырақ болып көрінді. Орта ғасырдағы ар-ождан туралы әсте айтуға болмайды. Ар-ожданды алғаш ойлап тапқан би оқытушысы Шекспир, демек, қазының күллі сөзі дұрыс емес. Ендеше менің қағаздарымды лақтырып тастауға болады. Сонда да жазғандарыма қайтадан көз жүгіртіп шықтым да, күмән -күдігімнен табанда арылдым, олардың көңіл аударуға тұрарлық әп-әдемі тұстары, тұтас бөліктері бар екен. Көкірегімде еліктіріп елтітерліктей бір үміт тұтанып, істі қолға алып, пьесаны аяқтап тастау керек деген ниет туды.
Орнымнан тұрып, есікке беттедім, қожайынның шулама деп қол сілтеп берген белгісіне де қарағаным жоқ. Бұлжымас байламға бекінген бетім, ауыз үйден шығып, баспалдақпен екінші тәжге көтеріліп, бұрынғы бөлмеме кірдім. Өйткені штурман әзір жоқ, бұнда аз-кем отырып жұмыс істеуіме кім бөгет болмақ? Мен оның заттарын қозғамаймын, тіпті үстелін де пайдаланбаймын, тек есік алдындағы орындыққа отырсам болды, сол да дәтке қуат Қағаздарымды тездетіп, тіземе жая бастадым. Бірнеше минут барлығы май жаққандай жап-жақсы зырғып берді. Басыма бірінен соң бірі лықсып ұстарған, сапталған сөз тіркестері келіп, бас көтермей жазып жатырмын. Жедел ілгері жылжып, бір беттен соң бір бетті бітіріп, арасында қуаныштан ақырын ысқырып қойып, шабыт қанатында өзімді-өзім ұмытып та кетемін. Сол сәттері тек өзімнің лепірген көңілімнен ұшқан қуанышты үнді ғана естимін. Міне, менің ойыма шіркеу қоңырауы түсті, оның даусы пьесамның бір жерінде шығуға тиіс. Әзір бәрі тамаша.
Кенет баспалдақтан аяқ дүсірі естілді. Дірілдеп өзімді-өзім әрең ұстап отырмын, өзімді үрейлендіретіннің бәріне сақтықпен үрпие қараймын, аштықтан жүйкем әбден шиыршықталып біткен, қарындашымды қыса ұстап, толқи отырып сыртқа құлақ түремін, бұдан әрі бір сөз де жаза алар емеспін. Есік ашылып, таяуда ғана кілт салатын тесіктен көрген екеу кірді. Өз бетіммен кіргеніме кешірім сұрап үлгертпей, қожайынымыз айқайды ал салсын.
- Құдайым - ау, мынау тағы да мұнда жүр ғой, - деп айдан түскендей үр жаңа.
- Кешіріңіз! - деймін тағы бірдеңе қосқым келіп, бірақ ол ауыз аштырар емес.
- Тайып тұрыңыз, жолыңыз әне, құдай көріп түр ғой, болмаса полиция шақырамын.
Амал не, түрегелдім.
- Мен бар болғаны өздеріңізбен қоштасқалы ғана келдім, - деймін міңгірлеп. -Сіздерді күте тұруға тура келді. Ештеңелерің ізді қозғағаным жоқ, жай ғана осында орындықта отырдым...
- Онда тұрған не бәле бар, - деді штурман. – Қайдағы - жайдағымен керілдеспей қалдыр жайына.
Баспалдақтан түскенімде желкелеп шығарып салуға асыққандай соңымнан қалмай өкшелеп келе жатқан осынау ауырлай бастаған жуан әйелге деген ашу-ызамда шек болмады. Бір сәт тырп етпей қатып тұра қалып, тілімнің ұшына үйірілген ең сұмдық балағат боқтықты бетіне былш еткізуге де оқталып едім. Бірақ есімді тез жиып алып үндемедім. Үндемегенім артынан еріп келе жатқан бейтаныс адамға деген қарапайым құрметім, былапыт сөзді естімей-ақ қойсын деген ізетім еді. Қожайын болса, өкшелеп соңымнан қалмай, шаптығып сыбап келеді, онысынан адым сайын ашуым өршіп, зығырданым қайнай түседі.
Біз аулаға шықтық, баяу басып келемін, қожайынмен байланысып қажеті бар ма, жоқ па деп әлі екі ойлымын. Ыза буып, ешбір қан құмар ойлар басыма кіріп алып, оны табан аузында өлтіріп, ішке-ішке тепкім де келеді. Өстіп келе жатып қақпа аузында қағаз тасушымен қақтығысып қалдым, ол басын иді, бірақ мен жауап қатпадым; сондықтан қожайынға қарап мен жайында сұрады, онда да бұрылғаным жоқ.
Сосын қағаз тасушыға қарап:
- Бұл не қалжың? - деп сұрадым. - Хат кімнен?
- Шынын айтсам, білмеймін, - деп жауап берді ол.
- Бәзбір келіншек осыны сізге апарып бер деп тапсырды.
Сілейіп тұрып қалдым. Қағаз таратушы өз жөнімен кетті. Ол кеткен соң қағазды қайта қойып, конвертті жұмарлап, кері аударып, әлі күнге дейін есіктің аузында менен көз алмай тұрған қожайынға тақап кеп, конвертті шиырып бетіне аттым. Ләм-мим деп тіл қатып, дыбыс та шығармай, иығымнан бұрылып қарасам, ол жұмарланған қағазды жалма-жан жазып жатыр...
Міне, бүл кісілікке тән тәртіп! Ешқандай әңгіме-дүкенсіз, бір ауыз сөз де айтпай жұмарланған мол ақшаны жауығып жүрген салдақының бетіне лақтырып жібердім. Абыройыңды аяққа бастырмай өзіңді асқақ ұстау деп осыны айтады. Әлгіндей малдардың сазайын осылай тартқызу керек!..
Вокзал алаңы мен Толетегатеннің бұрышына шыққанда, көше көз алдымда кенет айналып бара жатқандай болып, басымда бір гуіл пайда болып, құлап кете жаздап, қабырғаға сүйендім. Одан әрі тіпті қозғала алмай, тіктенуге де шамам келмей бүкшидім де қалдым. Қабырғаға сүйенген қалпыммен жантая беріп есімнен тана бастағанымды аңғарғандаймыз. Бүл титықтау ашу-ызамды өршітіп, аяғыммен жер тепкіледім. Өзіме -өзім келу үшін мен не істемеді дейсің - тісімді шықырлатып, маңдайымды тыржыңдатып, көзімді алақтаттым, шамасы осыным көмектескендей де болды. Ойым айқындалып, ажалым жақын екенін түсіндім. Қолыммен серпіп, қабырғадан шегіндім, көше баяғысынша билеп тұрған сықылды. Ызадан кемсеңдеп, бүл зауалмен бар күшімді салып күрестім. Өрлікпен аяғымды тік басып, құлағым келмеді, неде болса, тік тұрып өлейін деп ойладым. Қасымнан арба өтті. Оған картоп тиелген екен, бірақ құтыру мен қыңырлықтың салдарынан басыма оны картоп емес, капуста деп шегелегім келеді және капуста деп екіленіп қоймай, ант-су ішемін.
Өзімнің ішкі дауысымды жақсы-ақ естимін, бірақ ерегесіп, сандырақты - ақиқат шындық деп құдай атымен ант етіп қоймаймын. Өйткені осы жалған анттан жан рақатын табатын тәріздімін. Осынау сұмдық өтірікпен әуейленіп алған басым, үш саусағымды көтеріп Әкенің, Баланың және Қасиетті Рухтың атымен ерінім дірілдеп, ондағы капуста деп ант еттім.
Уақыт өтіп жатыр. Жақынырақ бір баспалдаққа жалп етіп отыра қалып, маңдайым мен мойнымнан терімді сүртіп, тынышталу үшін терең күрсініп алдым. Күн ұясына қонды, ымырт үйіріліп, кеш түсті. Қайтадан өз жағдайым туралы толғана бастадым, аштық аяусыз - ақ азапқа салды, ал бірнеше сағаттан кейін қайтадан түн болады, әзір уақыт барда бірдеңе ойластыру керек.
Менің ойым өзімді қуып шыққан жиһазды бөлмеге ауа береді. Өз басым, оған оралар ниетім жоқ, сонда да әлгі ойдан арыла алар емеспін. Шын мәнінде мені одан айдап шыққан қожайынның қарекеті дұрыс. Ақшасын төлемеген соң маған пана береді деп күтудің өзі әбес. Оның үстіне ол мені азықтандырды емес пе. Тіпті кеше кешкісін маған ашуланғанның өзінде қожайын маған екі бутерброд ұсынды ғой. Өзінің қайырымдылығымен ұсынды, маған тамақ керек екенін білді. Демек, менің өкпелеуім күнә, баспалдақта отырып, осы әбестігімді кешіре көр деп іштей жалбарындым. Әсіресе, жақсылығын білмей, ақшаны бетіне лақтырып жібергеніме қатты өкіндім.
Он крон! Кенет ысқырып та жібердім. Қағаз тасушы әкелген хат кімнен болды екен? Тек сол сәтте ғана оған саналы түрде ой жүгіртіп, мәселенің мәнін бірден ұқтым. Уайым мен ұяттан бетімнен басып бүктетіліп, қырылдаған үнмен: "Илаяли" деп әлденеше рет күбірлеп, басымды шайқай бердім. Енді кездестірсем, немқұрайдылық танытып, көрмегендей басымды кекжитіп қасынан өте шығамын дегенім кеше кешкісін ғана емес пе еді? Енді оның орнына аянышын оятып, көмегін алып отырмын. Жо-жоқ, жоқ, намысым тапталып, мұндай қорланбаспын. Тым болмаса оның алдында дені дұрыс адам боп та қала алмадым-ау, тіземе дейін, тіпті белуарымнан масқараның батпағына баттым, одан енді ешқашан шыға алмаспын, сірә. Біткен жерім осы болды. Садақа сияқты он крон алып, оны жұмбақ жебеушіме қайта лақтыруға мүмкіндігім болмай, ақшасына екі қолыммен бірдей жабысып, өлердей жеккөретініме қарамастан, пәтердің ақысын төлеуім не сұмдық!
Ол он кронды бірдеңе ғып қайтарып алуға болмас па екен? Қожайынға барып, ақшаны қайтар деуім қисынсыз, бәлкім ойлап көріп, әрекет етсе, қиындықтан құтылудың басқа жолы табылар. Құдай көріп тұр ғой, бұл арада он кронды қалай табуды жай ғана ойлап қою аз, оған бар ынтаңды, жан-тәніңді салуың керек.
Сондықтан бұл шаруаға шындап кірістім. Шамасы, сағат торт болып қалса керек, екі сағаттан кейін пьесам дайын болса, театр директорына баруым керек шығар. Қолжазбамды суырып, қайткенмен де соңғы көріністерін жазып тастауым қажет, терлермін, тебіренерлік, басынан бастап қайта оқып шығармын, бірақ қыл адым, кері шегінбеспін деп ойлаймын. "Ақымақтануың жетті! - деймін өзіме - өзім. - Кежегең кері тартуын қойсын!"
Сонымен, жазуға кірісіп, басыма не келсе соны қағазға түсіре бердім, бар ойым - оны шапшаңырақ аяқтап, әйтеуір құтылу. Ол үшін шабыт қайта оянып, баурап алды деп өзімді-өзім сендіруге тырыстым, шын мәнінде өзімді өрескел алдап, сөз саралап іздеудің қажеті жоқтай жосылтып жазып жатырмын. "Ғажап! Тамаша тапқырлық!" - деп күбірлеп қоям арасында. - Тек жазып үлгер!"
Ақыр аяғында, соңғы сөйлемдерім маған күмәнді көрінді; олардың алғашқы көріністерден жер мен көктей айырмашылығы бар тәрізді, сопының сөзінен орта ғасырдың исі де шықпайды. Қарындашымның басын кеміріп, орнымнан атып тұрып, қолжазбамды парша-парша ғып жыртып, қалпағымды шешіп, жерге лақтырып таптай бастадым. "Мен біттім, өлген жерім осы!" - деймін ішімнен күбірлеп. - Мейірбан да сүйікті ханымдар мен мырзалар мен құрыдым!" Осыдан өзге аузыма сөз түспей, тек қалпағымды таптай бердім.
Бірнеше қадам жерде көшенің ортасында тұрған полицей менен көз алмай, әр қимылымды бағып түр екен. Басымды көтергенде көздеріміз шарпысып қалды, оның көптен бері осылай тұрғаны бірден белгілі болды. Амалсыздан қалпағымды көтеріп, бастыра кидім де, полицейдің қасына келіп:
- Уақыт қанша екенін білмейсіз бе? - деп сұрадым.
Ол аз-кем кідіріп, қалтасынан сағатын алып тұрып маған қадалып қарай берді.
- Сағат төрт, - деп жауап қатты әлден соң.
- Дұрыс! - дедім. - Тура төрт, әбден анық. Байқаймын, өз ісіңізді білетін көрінесіз, назарымда ұстауға тырысармын.
Мен бұрылып жүре бердім де, ол таңданғаннан аузын ашып, сағатын ұстаған қалпы сілейіп тұрып қалды. "Рояльге" жақындай бергенде бұрылып, артыма қарасам, ол тырп етпестен сол баяғы орнынан қозғалмай, мені көзімен шығарып сап тур.
Еһе-һе, хайуандармен тек осылай ғана сөйлесу керек. Ұялатын ештеңе жоқ. Өктем ірек болсаң, зәресі ұшып өздері-ақ құрметтейді. Өзіме - өзім риза болып, қайтадан әндете бастадым. Қатты толқығаннан ауруды мүлдем ұмытып, тіпті ешқандай ұнамсыз түйсік дегенді білмей, ғаламат жеңілдік сезініп, бүкіл алаңды көктей өтіп, базардан Құтқарушы шіркеуіне бұрылып орындыққа кеп жайғастым.
Ақыр аяғында, ол он кронды қайтарамын ба, қайтармаймын ба, оның енді бәрі бір! Маған деп жіберген екен, демек, ол менікі, мейлі ол кімнен келсе одан келсін, онда менің не жұмысым бар. Оны атап тұрып маған берсін деп тапсырған соң, алуға тура келді, қарадан қарап тұрып қағаз тасушыға қалай қалдырарсың. Енді алғаныңның орнына басқа он крон қайтаруың қисынсыз емес пе. Олай болса, асып ештеңе жасай алмайсың. Бар назарымды кісісі коп ығы-жығы алаңға аударып, болмашы бірдеңелер туралы ойлауға тырыстым, алайда ол да маған оңай туспеді, он кроны құрғыр басымнан шықпай-ақ қойды. Ең ақырында ашуым келіп, жұдырығымды қатты түйдім... "Егерде ақшасын қайтарып жіберетін болсам, ал қылығым оны қорлаған боп шығады емес пе! - деймін өзіме - өзім. -Олай болса, мәселе неде, өзі?"
Өз басым, қашанда тым тәкаппар болатынмын, қайыр-садақа, көмек дегеннен ылғи бас тартып, басымды таңдана шайқап: "Жоқ - жоқ, ниетіңізге ризамын" деуші едім. Сол менмендіктің неге әкеліп соққанын көрмейсің бе, қаңғырып тағы да көшеде қалдым. Өзімнің жылы орным, жайлы тұрағымда қалмай, шығып жүре бердім; қаламын десем оған толық мүмкіндігім бар еді ғой, бірақ оған ар - намысым жібермеді, бір ұнамсыз сөзді алғаш естіген бойда шарт етіп аспанға шапшып, он крон көк ала қағазды оңды-солды шашып, бетім ауған жаққа кеттім де қалдым... Одан кімнің несі кетті, өзімді-өзім жазаладым, тұрағымды тастап, тағы да қиын жағдайға душар болдым. Айтқандай, адыра қалсын бәрі! Ол он кронды өзім сұраған жоқпын, қолымда да тарақтағаны шамалы, алдым да табан аузында басқа біреуге бердім, енді қайтып көрмейтін кісіге пәтерінің ақысын төледім. Қажет жерінде соқыр тиын қалдырмай бәрін қағып беретін адаммын, қайтесің жаратылысым солай. Егер мен Илаяли жөнінде жаза басып қателеспесем, маған ақша жібергені үшін оның да өкінбейтіні сөзсіз, ендеше осы ызы-шу, алып-қашты әңгіме не үшін керек? Ең аз дегенде, оның қолынан келері - маған ара-тұра он крон жіберіп тұру. Себебі бейшара қыз маған ғашық, еш үмітсіз ғашық... Осы оймен өзімді ұзақ жұбаттым. Бейшараның маған ғашық екенінде титімдей де күмән жоқ!..
Сағат бес. Жүйке өрекпуі басылды, басым даңғырап қайтадан бос қалды да, шыңыл - шуға толды. Қалт етпеген қалпыммен кеңістікке көз тастадым да, қарсы алдымнан дәріхананы көрдім. Аштық азапқа салып қинап отыр, төзім таусылуға таяу. Кеңістікке қадалып қанша отырғанымды қайдам, ептеп көз алдыма адам сұлбасы келе бастады, ақыры ол әбден айқындалып, оның кім екенін таныдым, ол дәріхана алдында самсамен сауда жасайтын жасамыс әйел екен.
Дір ете қап орындықтан көтеріліп, білгенімді еске түсіре бастадым. Әрине, сөз жоқ, бұл сол әйел, тартпалы жәшігі де, тұратын жері де сол. Қуанғаннан ысқырып жіберіп, саусағымды шырт еткізіп орындықтан көтерілдім де, дәріханаға бет алдым. Ақылсыздық жетер енді. Тәйірі алғыр, берген ақшамның арам жолмен алынғаны немесе маңдай термен табылғаны оған бәрібір емес пе, әйтеуір конгсберг күмісінен жасалған норвег теңгелері еді ғой. Бұдан былай күлкі болғым келмейді, тәубесіз тәкаппарлықтан осы түннен шықпай қалуым да кәдік...
Бұрышқа шығып, әйелден көзімді айырмай қасына жақын келдім. Таныс адамдай басымды изеп жымиып, менің оралуымның сыры өздігінен белгілі болып тұрғандай риясыз әңгімеге кірістім.
- Сәлеметсіз бе! - дедім алдымен. - Зайыры, сіз мені танымайтын шығарсыз?
- Жоқ, - деп ақырын жауап берген ол маған үңіле қарады.
Мен бұрынғыдан да бейілдік жымиып, құдай біледі, ол танымаймын деп қасақана қуланып түр ғой деп ойлап, әңгіменің ашығына көштім.
- Таяуда ғана бірнеше кронды қолыңызға қыстырғанымды қалай ғана ұмыта қалдыңыз. Есіңізде болса, ақша беріп тұрып мен бір ауыз соз, иә бір де ауыз соз айтқаным жоқ. Ондай әдет жоқ менде. Адал жандармен істес болғанда шарт қоюдың қажеті болмайды, былайша айтқанда, ұсақ-түйекке келісім-шарт жасап жатудың қажеті жоқ. Солай емес пе! Ал сізге ақшаны берген мына менмін.
- Иә, әрине, сізсіз! Енді сізді таныдым.
Ол маған рақмет айтып алғыс жаудырмай тұрып, көзіммен самсаның бір томпиған дәмдісін таңдап, асығыстау ойымды айттым.
- Ал енді соған самса алғалы келіп тұрмын.
Әйел аң-таң.
- Самса алғалы, - деп қайталаймын.
- Енді соған самса алғалы келіп тұрмын. Әзірше бастап бір бөлігіне ғана алғым келеді. Бүгін бәріне алуымның қажеті бола қоймас.
- Сіз самса алғалы келдіңіз бе? - деп қайталап сұрады.
- Әрине, самса алғалы келдім! - деймін қарқылдай күліп, самса алғалы келгенім оған бірден айқын болсын деймін де баяғы.
- Не тұрыс бар деп тартпадан самса, анығырақ айтқанда тоқаш алып жей бастадым.
Оны көрген саудагер орнынан атып тұрып, ебедейсіз қимылмен тауарларын қорғаштай бастады. Сол қарекетімен менің оралуымды күтпегенін, күтсе де самсасын тартып алу үшін келмейтінімді білдірмекші.
- Сіз бұған қарсы сыз ба? - деймін тесіліп. –
Шынымен-ақ қарсы сыз ба? Рас, мұныңыз күлкі енді! Біреу бір уыс ақша беріп, қайтарып беруін талап етпеген жағдай бұрын-соңды ұшырасып па еді, өзі? Міне көрдіңіз бе, ұшыраспаған!
Әлде сіз қолыңызға үн - түнсіз қыстыра салған соң ұрланған ақша деп ойладыңыз ба? Жоқ, олай ойлаған жоқсыз ғой?
Ойламасаңыз тіпті жақсы, оныңыз өте тамаша! Мені салиқалы, сыпайы адам санасаңыз, өзіңіз де ақкөңіл жансыз! Солай емес пе?! Иә, сіз шын мәнінде ақкөңіл, қайырымды жансыз!
- Ал сіз маған ақшаны не үшін ғана бердіңіз? - деп әйел наразылықпен шамданып айқай салды.
Оған ақшаны не үшін бергенімді баяндадым, айғай-шусыз көзін жеткізе отырып, түсіндірдім. Жұртқа қалтқысыз сенетін болғандықтан менің осындай әдетім бар дедім. Бірде болмаса бірде бәз біреу маған вексель немесе қолхат ұсынатын болса: "Жоқ, мархабатыңызға құлдық!" деймін. Құдай көріп тұр ғой, мен ұдайы осылай жасаймын.
Алайда саудагер әйел мені түсінбей-ақ қойды.
Сосын оған басқаша түсіндіріп көргелі әзіл-қалжыңсыз қатаңырақ айтуға кірістім. Сізге мен құсап ешқашан алдын ала төлеп көрген жоқ па еді? - деп сұрадым. Әрине, бүл арада мен қалтамда қаржысы бар, мәселен, консул сияқты кісілерді еске түсірдім. Ешқашан дейсіз бе?
Онда амал не, ол осындай қарым-қатынасқа үйренген екен, алдынан жарылқасын, одан артық талап етуге болмайды да. Ал шетелде жағдай жаңағы мен айтқандай, алдын ала төлеп қояды. Рас, ол ешқашан басқа елге шығып көрген жоқ шығар. Жоқ, дейсіз бе? Мәселе, міне сонда жатыр ғой. Олай болса, бұны кінәлап та, күстәналап та қажеті аз... Мен тартпадан бірнеше самса алдым.
Ол бырқылдап ашуланып, тауарының мұртын сындырып, болмашы бірдеңесін де бергісі келмейді, тіпті қолымнан бір самсаны жұлып алып, орнына салып қойды. Мен күйіп кетіп, жұдырығыммен тартпаны тоқпақтап, полиция шақырамын деп қорқыттым. Мұның өзі менің тарапымнан кешірімділік, дедім оған, егер ойыма өзіме тиесінің бәрін тік қотара алып кету келсе, онда тақырға отырып, түксіз қалар еді, өйткені жақында ғана орасан мол ақша бердім емес пе.
Алайда менің онша көп аларлық ойым жоқ, берген ақшамның тек жартысының ғана құнын қайтарса болды. Сосын қайтып ол мені бүл маңнан көрмес те. Құдай куә, ешқашан көрмейді, өзі де бір тырысқан жан екен...
Ақыры, ол ең бір еренсіз бағамен шімірікпей көңілден шығарған төрт-бес самсаны іріктеп берді, оны құлақ естімеген көп самсаға жатқызды да, ұсынғанын алып, өз жөніммен кетуімді талап етті. Бірақ та мен онымен салғыласуымды доғармай, оның ең кемі табаны күректей бір кронымды жеп, алдап тұрғанын дәлелдедім, оның үстіне ол қисынға келмейтін қымбат баға қойып, алармағын тірідей жеп отыр.
- Ал сіз мұндай қылығыңыз үшін заң бойынша жазаланарыңызды білесіз бе? - дедім шүйлігіп. - Тәңірі құдай, сіз мерзімсіз каторгаға айдаласыз ғой бүл үшін, кәрі қақбас!
Ол маған тағы бір самсаны лақтырып, тісін шықырлатып, мазасын алмай, жайына қалдыруымды талап етті.
Салғыласып тұрам ба, кеттім.
Ай-ай, жарық дүние дәл мұндай екіжүзді саудагерді көрмеген шығар. Алаң арқылы келе жатып, самса жей жүріп әлгі әйел, оның арсыздығы туралы ой топшылап, бүкіл әңгімемізді қайтадан сана сүзгісінен өткізіп, өзім одан әлдеқайда артық екенмін деп түйдім. Самсаны жұрттың көз алдында жеп, бәрімен дауыстап сөйлестім.
Самсаны бірінен соң бірін қылғытып әп-сәтте жеп тауыстым, қанша жесем де жұмырыма жұқ болмай аз көрінді, аштықтың іштегі жыланының басын қайыру қиын екен Құдая, неліктен маған бәрі аз көрінеді! Ашқарақтығымнан Вогнмансгатендегі балаға деп қалдырған ақырғы самсаны да жеп қоя жаздадым. Әлгі жирен сақал басына түкіріп жіберген сәбиді айтамын да. Оны есіме түсіргенім - мүлдем ұмыта алар емеспін. Көшенің ортасына томпаңдап жүгіріп шығып, жылап жіберіп, жирен сақалды сыбағандағы бет әлпеті әлі көз алдымда.
Басына түкіргенде ол күліп тұрған жоқ па екен дегендей, жалт бұрылып менің тереземе қарады ғой. Оны қайтып табар, таппас ымды бір құдай біледі. Мен Вогнмансгатенге жетуге асықтым. Пьесамды жыртқан, әлі де шашылып қағаз қиқымдары жатқан жерден астым, өзінің жүріс-тұрысымен қайран қалдырған полицейді айналып өтіп, ақыры, бағана ертеңгілік бала отырған есіктің алдынан бір-ақ шықтым.
Ол жоқ екен. Көше қаңырап бос қалыпты. Қас қарайып келеді, баланы табудың реті келмеді, тегінде үйіне кетіп қалса керек. Самсаның орауын ашып тура табандылықтың алдына жерге қойдым да, есікті қатты қағып, тұра қаштым "Әрине, ол самсаны табады!" -дедім өзіме - өзім. - Үйден шықсақ болды, бірден табады!" Сәби самсаны табады деген қуаныштан көзіме мөлтілдеп жас келді.
Қайтадан кемежайға шықтым.
Енді аш емеспін, алайда тәтті самсадан жүрегім тағы да айни бастады. Басыма қайтадан қиямпұрыс ойлар қаумалап, байқатпай келіп тоқтаған кемелердің бәрін жағада ұстап тұрған арқанды кесіп жіберсем қайтеді деп ойладым.
Ал кенеттен "өрт!" деп айқай салсам ше? Кемежайды бойлай одан әрі жүріп, бір жәшік тауып, қолымды кеудеме айқастыра ұстап жайғастым, бірақ басымдағы бүлік үдеп бара жатқандай сезіндім. Тырп етпей отырмын, қозғалсам - ақ теңіздің түбінен бір-ақ шығармын деп қорқамын.
Діңгегіне орыс жалауы ілінген "Копегоро" кемесіне қараймын. Тұтқадан ұстап тұрған бір адамды көрдім, сол жақ борттан қызыл фонарлар оның бетіне сәуле түсіріп түр. Орнымнан тұрып, оны әңгімеге тарттым. Шынын айтқанда, онымен әңгімелеспек ойым жоқ еді және одан жауап та күткенім жоқ. Жай ғана:
- Капитан, сіздер бүгін кешке қайта жүзіп кетесіздер ме? - деп сұрай салдым.
- Иә, осы таяу уақытта аттанамын, - деп жауап берді ол.
Өзі швед ше сөйлейді.
"Демек, фин болғаны ғой", деп ойладым.
- Ым! Ал сіздерге матрос керегі жоқ па?
Сол сәт оның маған қарсылық білдіріп немесе келісетінін айтып жауап беретіні мен үшін ешқандай мәні жоқ сияқты көрінді. Бірақ сұрап қалған соң аузына қарап жауабын күттім.
- Жоқ, керек емес, - деп жауап қатты ол
- Бірақ бәлкім, бір юнга алуға болар.
- Юнга дейді! Селк ете қалып мен көзілдірігімді алып, қалтама жасырдым да, траппен палубаға көтерілдім.
- Теңізде жүзіп көрген емеспін, бірақ не тапсырсаңыз да, бәрін істеймін, - дедім. -Өздеріңіз қайда бағыт ұстап барасыздар?
- Әуелі Лидске барамыз, одан көмір алып әрі Кадиске тартамыз.
- Жарайды, - деп, одан әрі мені жұмысқа алуын өтініп қолқалай бастадым.
- Маған қайда жүзіп барсаңыздар да бәрі бір. Жұмысты жақсы істейтін боламын.
Біраз уақыт ол маған сынай қарап, бәзбір ой түйген сықылданды.
- Сонымен, сен әлі теңізде жүзіп көрмеген екенсің ғой, - деп сұрады.
- Жоқ. Алайда айттым ғой, маған жұмыс беріңіз деп, мен бәрін де жасаймын. Жұмысқа әбден дағдыланған жанмын.
Ол қайта ойланып қалды. Мен болсам теңізде жүзу пікіріне әбден бауыр басып, қуып жібермесе екен деп қорқып тұрмын.
- Ал, капитан, қалай енді? - деп сұрадым ақыр соңында.
- Сеніңіз, кез келген жұмысты атқаруға әзірмін. Оны айта беретін несі бар! Сіздің көңіліңізден шығу үшін маңдай терімді тамшылатып, оттан кіріп, күлден шықпасам, барып тұрған сұмпайы сұмның өзі болайын. Қажет болып қалса, екі вахтада қатарынан тұруға да дайынмын. Қайта ол маған пайдалы, ондайды мен жақсы көремін.
- Олай болса, байқап көрейік, - деді ол менің соңғы сөзіме сәл жымиып.
- Ал тақа болмай бара жатса, Англияда қош айтысуға тура келеді.
- Әлбетте! - деп қуанғаннан дауыстап жібердім. Онымен де қоймай тақа болмай бара жатса, Англияда қош айтысуға тура келеді ғой деп оның айтқанын сөзбе-сөз қайталап шықтым.
Сөйтіп, ол маған жұмыс берді.
Кеме қозғалып, теңізге шыққанымызда әлсіздік пен екі ойлылықтан, толқудан тер жуған арқа-басымды бір жазып, жағалауға көз тастап, ақыры, Христиания қаласымен қоштастым. Бұл тұста қала терезелерінің бәрінде жарқырап от жанып тұр еді.
Кнут Гамсун (норв. Knut Hamsun, шын аты Кнуд Педерсен (норв. Knud Pedersen); 1859 жылы дүниеге келген, 1952 жылы дүниеден өткен) — норвегтік жазушы, 1920 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.
Гамсун 1859 жылдың 4 тамызында Вега приходы Гудбрандсдален аңғарында дүниеге келген. Ол тігінші Петер Педерсеннің ауылдық жанұяның төртінші ұлы болған. Кедейшілікте өмір сүрген, тоғыз жасынан бастап атасының кеңсесінде жұмыс жасаған. Ол көптеген кәсіп алмастырғаннан кейін 1873 жылдан бастап жиһанкездікпен айналыса бастайды. 17 жасынан бастап жаза бастаған. Алғашқы кітабы "Жұмбақ адам. Норлэндтік махаббат тарихы" (Den Gaadefulde. En kjærlighedshistorie fra Nordland) 1877 жылы жарияланған. Жас кезінде көп саяхат жасаған, әсіресе АҚШ-та. 1888 жылдан кейін Копенгагенде орнығады. 1890 жылы Гамсунның «Аштық» (норв. Sult) жаңашыл психологиялық романы жарық көріп, оны абыройлы етеді.
1890 жылдары, әсіресе 1900 жылдарда Гамсун әлемдегі ең танымал жазушылар мен модернизм драматургінің бірі болып, Ресейге өте танымал және бірнеше рет еңбектерін аударған.
1898 жылы Гамсун Берглиот Бехпен үйленіп, некеде сегіз жыл болған. Ол 1909 жылы екінші рет актриса Мари Андерсенға үйленеді. Мари тойдан кейін өзінің мансабын тастап, Гамсунмен өмірінің соңына дейін бірге болады. 1918 жылы ерлі-зайыптылар Нёрхольмде үй сатып алады және Гамсун өмірінің соңына дейін сонда өткізеді.
1920 жылы Гамсунға «Жердің шырыны» (норв. Markens Grøde) көлемді еңбегіне әдебиет бойынша Нобель сыйлығы берілген. 1943 жылы Гамсун өзінің Нобель лауреаты медалін Насихат министрі Үшінші Рейх Геббельске берген.
Гамсун өзінің шығармасында былай жазған: «Қазіргі заманғы психолог ретінде, мен жанды зерттеп және оны жандандыруым керек. Оның ең құпия тереңдігіне кіріп, барлық көзқарастар арқылы бойлай және көлденеңнен зерттеуім қажет».
Соғыс аяқталғаннан соң Гамсун сотталады. Ол жасы ұлғайғаны арқасында түрмеден қашып, мемлекеттік айып тағылып айыппұл төлейді. Кейіннен ол сот процесін «Шөп басқан соқпақ жол» деп жазған. Жазушының ұлы Арильд, 1943 жылы «Kurt Eggers» СС арнайы пропаганда полкі құрамындағы, арнайы пропаганда взводында әскери корреспондент болып қызмет етеді. Соғыстан кейін Гамсун бірнеше уақыт қарттар үйінде өмір сүреді, 1950 жылы Нёрхольмге оралады.
Жазушы 1952 жылдың 19 ақпанында дүниеден өтеді. Оның толық шығармалары, ол дүниеден өткеннен екі жылдан кейін жарыққа шығады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?