Ж.Сахиев «Айдағы жасырынбақ» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 8-сабақ.
АСТАРЫ МОЛ «АСТРОНОМИЯ»
Жұлдызды аспанды бақылап, зерттеу ісі біздің елімізде сонау ертеден, ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабиден, оның астрономия ғылымы қалыптасқанға дейін жасаған ойыс айнасынан қадам алса, осы жұлдызды әлемді ғарыш кемелері көмегімен зерттеудің алғашкы қадамы да қазақ сахарасындағы Жер кіндігі Байқоңырдан басталған.
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Қазақ ғылымының ғарышты зерттеуге арналған Астрофизика институты Алматыда, ұлы ғалым, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұсынысымен ірге көтерді. Ғалымдар Хасен Әбішев «Аспан сыры», Мыңбай Ысқақов «Халық календары» атты кітаптарымен қазақтың жұлдызды әлемді зерттеудегі ерекше дарындылығын әлемге паш етті.
Енді міне, ғаламды зерттеу ғылымына үлкен енбек – «Астрономия» энциклопедиясы қосылып отыр.
Қазақстанда сериялы ғылыми-болашақтық романдар жазуды алғаш қолға алған жазушы-болашақгер, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби, Халықаралық Байқоңыр сыйлықтарының лауреаты, бұрынғы КСРО Ғылым академиясы физика-математика бөлімі құрамындағы Бүкілодақтық астрономия-геодезия қоғамының толық мүшесі, «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы техника және астрономия ғылыми редакциясының меңгерушісі болып 11 жыл қызмет еткен Жүніс Сахиев осы талаптың биігінен көрініп отыр. Ол оқырман қауымға «Кеңістік көшпенділері» деп жалпы айдармен жазған сериялы ғылыми-болашақтық романдарының алғашқы легі – «Тіршілік ұясы», «Борыш», «Шеңбердің түйісуі», «Көктен келген көшпенділер», «Марстан шыққан жаңғырық», «Қимайтын әлем», «Шолпанға көшкен ауыл», «Космотарих куәсі», «Су әлемінің саздары», «Жасампаздық қиырында», «Ғарыштан келген гүл», «Күзетші» кітаптарымен танымал. Олардың біршамасы шет ел тілдеріне аударылды. Шығармашылықтан қолы босаған сәттерінде ол өзінің Сүмбіле атты телескобы арқылы Күн мен Айға, Шолпан мен Марсқа ғылыми тұрғыда бақылау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері тек республикамыздың ғана емес, шетелдік басылымдарда да жариялануда. Ал 1988 жылғы қыркүйек айында Қызыл ғаламшар – Марстың Жермен ұлы қарсы тұруы кезінде (Жерге ең жақындаған кезі) оған жүргізген зерттеулерінің, өз көзімен көріп салған 60 суреті мен ғылыми түсіндірмелерінің маңыздылығы үшін 1990 жылдың қаңтар айында Мәскеу қаласында шығатын «Астрономический вестник» журналының жауапты хатшысы, белгілі астроном И.Т. Зоткиннің ұсынысымен Астрономия-геодезия қоғамына толық мүше болды. Еңбектері жинақталып, 2008, 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасынан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Жүніс Сахиев» биобиблиографиялық көрсеткіш кітап болып шықты.
Жүніс Сахиев орыс ғалымдары М.М. Дагаев пен В.М. Чаругин біріге жазған «Астрофизика» қосымша оқулығымен Е.П. Левитанның «Астрономия» оқулығын қазақшалады.
«Астрономия» энциклопедиясында осы ғылымның жай-жапсары түгелдей қамтылған. Ата-бабаларымыздың жұлдызды әлемге қай кезден назар аударып, жұлдыздар мен аспан денелері жайлы ғылыми негізді аңыздар тудырып, оларды күнделікті тіршілік пен ауа райын алдын ала болжауға қалай пайдаланғаны, осы жолдағы халық ырымдары берілген. Одан әрі қарай астрономия ғылымының ел-елде қалыптасу тарихы, астрономиялық құралдардың жасала бастауы мен олардың жетілдірілуі баяндалған. Содан кейінгі бөлімдерде автор жұлдыз дегеннің не екенінен бастап, қос жұлдыз, еселі жұлдыздар, айнымалы, айнымалы-тұтылмалы жұлдыздар, жұлдыз шоғырлары мен осылардың бәрі де құрамына енетін шоқжұлдыздар жөнінде толық мағлұмат береді.
Энциклопедияда мектеп қабырғасында «Астрономия» оқулығын қызыға оқып, ғарыш әлемін мектеп телескобымен біршама бақылап тәжірибе жинаған, одан кейін де өз бетінше зерттеумен айналысқысы келетін, астрономия ғылымына өзіндік үлес қосуды немесе келешекте астроном маманы болуды қалайтын талапты жастарға жұлдызды аспанды зерттеу жөнінде ақыл-кеңестер де беріледі. Астрономия аңыздары мен ақиқаттары да энциклопедияда орын алған.
Соңғы анықтамалық бөлімде астрономдар мен астрономияға үлес қосқан өзге де дарын иелері есімдерінің тізімі, одан кейін астрономия ғылымының даму тарихындағы елеулі кезеңдер мен астрономия түсіндірмелері, қазақ, орыс, араб, грек, латын алфавиттері, жұлдыздардың арабша, грекше, латынша аттары, Қазақстандағы астрономиялық ғылыми мекемелер жөнінде нақты мәліметтер берілген. Ендеше, «Фолиант» баспасының «Үлкен энциклопедия» сериясымен қазақ тілінде тұңғыш жарық көріп отырған «Астрономия» энциклопедиясын қазақ астрономиясы ғылымына қосылған ірі де елеулі еңбек деп айтқанымыз абзал.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?