Ж.Сахиев «Айдағы жасырынбақ» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 9-сабақ.
Ежелгі обалар астрономиялық құрылыстар құпиясы
Дана қазақ халқымыздың жұлдызды әлемді зерделеуде тек қана олардың қозғалыстары мен соған сай болатын ауа райының өзгерістеріне назар аударумен шектелмегендері белгілі. Қазақ жұлдызшылары атамекеніміздің бірнеше жерінде жұлдызды әлемді бақылап-зерттейтін обсерваториялар да салған. Уақыт өте келе ол құрылыстардың ауа райының түрлі өзгерістерінен көнергені хақ. Атамекеніміздегі тіршілік тынысын, оның өткен тарихын зерделеп зерттеген талантты орыс ғалымы, биология ғылымдарының докторы П.И.Мариковский «Қазақ КСР Ғылым академиясы «Хабаршысы»-«Вестнигінің» 1977 жылғы 5-нөмірінде «Қазақстан территориясындағы ежелгі астрономиялық құрылыстар» («О древних астрономических сооружениях на территории Казахстана») атты көлемді ғылыми еңбегін жариялады. Бұл – ғалымның қазақ жеріндегі астрономиялық обсерваториялардың орындарын іздеп тауып, оларды өлшеп-анықтап алғаннан кейінгі ғылыми тұжырымы. Бүгін біз белгілі жазушы-фантаст, Астрономия-геодезия қоғамының толық мүшесі Жүніс Сахиев қазақшалаған осы еңбекті назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қазіргі Қазақстанның табиғаты тамаша кең далалы аумағындағы көптеген ғажайып обалардың арасында «мұртты» обалар деп аталынатын обалар ерекше ой салады. Олар күншығысқа қарай созылып, доғаланып барып бір-біріне жақындасқан тас жүйектерден тұрады. Әрбір жүйек өз бетінше шағын обаларға барып тіреледі.Жүйекті обалар ерте заманнан бері ғалымдардың назарын аударып келеді. Мұндай обалардың суреттемесі мен алғашқы сызбасын өлкетанушы-ғалым Л.Ф.Семенов 1927 жылы бұрынғы Ақмола облысында жасаған болатын. Ол ешбір баспасөз бетінде жарияланған жоқ. Осы күнге дейін КСРО Ғылым академиясы археология институтының Ленинградтағы бөлімшесінің мұражайында сақтаулы. Одан кейін 1932 жылы бір обаны Калмыкияда И.С.Рыков И.В.Синицинмен бірге ашып зерттеді. 1933 жылы Орталық Қазақстанда жүйекті обаны Материалдық мәдениет тарихының Мемлекеттік Академиясы экспедициясы, ал 1946 жылы Ә.Х.Марғұлан жетекшілік еткен ғалымдар осы Орталық Қазақстаннан обалар сериясын қазып ашты.Жүйекті обалар, зерттеулер көрсеткендей, негізінен, Орталық Қазақстандағы майда төбешіктер деп аталынатын жерлерде көп кездесетін болып шықты. Олардың таралған аймақтары М.Қ.Қадырбаевтың еңбегінде дәл де анық көрсетілген, «олар батысында – Ұлытау таулары мен Есіл өзенінің жоғарғы сағасын, солтүстігінде – Шортанды мен Бурабай көлін қамтитын Көкшетау облысының оңтүстік аймағын, шығысында – Павлодар жоталары мен оның жиектеріндегі жазықты бөктерлер аймағы және төменгі майда төбелерін қамтиды. Оңтүстік шекарасы Балқаш көлі төңірегі мен Бетпақдаланың солтүстік аудандарымен шектеседі». Жалғыз жүйекті обалар Оңтүстік Қазақстан аумағында, Жетісуда, сондай-ақ Калмыкияда да табылды.Көптеген жүйекті обаларды талдап-зерттей келе, М.Қ.Қадырбаев оларды мынандай төрт нұсқаға бөледі. Біріншісі, өлген адамның табытқа салынған денесі көмілген жерде пайда болған оба, оған шығыс тұстан ішінде атының сүйектері мен бір-екі қыш құмыра бар шағын оба келіп жанасады. Бұл шағын обада өлген адамның денесін табытқа салып жерлейтін үйшік жоқ, топырақ үстіне үйілген. Екінші нұсқасы – солтүстіктен оңтүстікке қараған қатар екі оба, оның солтүстік жағындағысына өлген адамның денесі жерленген, ал оңтүстік жағындағысында аттың сүйектері немесе бір қыш құмыра бар. Аттың сүйектері бар обада өлген адамның денесі салынатын үйшік те болмайды. Обаның үшінші нұсқасы айрықша. Үлкен обада жерленген өлген адаммен бірге аттың сүйектері мен қыш құмыралары көмілген кішкентай оба бар. Төртінші нұсқасында үлкен обада өлген адамның денесі өзінің қыш құмыраларымен бірге жерленген. Бесінші нұсқаға жерлеудің ізі жоқ обаны жатқызуға болады. Мұндай обаларды алғаш рет орыс ғалымдары Л.Ф.Семенов, П.С.Рыков және И.В.Синицын тауып, олар жөнінде түсіндірмелер жазған болатын.Обалармен бірге жүйектердің өздері де түрлі-түрлі болып келеді. Көбісі бір-біріне жақын шағын тастардан үйілген. Бірақ кейбір құрылыстарда жүйектер тастармен үйілген кішігірім жеке обалардан тұрады. Сондай-ақ жүйектері екі қатар тас тақталардан құралған, бүйірлік тақтатастармен көлденең шарбақталған обалар да табылды.Қазба жұмыстары жүргізілген кезде табылған заттар бойынша, бұл құрылыстардың тұрғызылған уақыты дәл анықталды. Жүйекті обалар шамамен біздің эрамызға дейінгі VІІ-VІ ғасырлар мен біздің эрамыздың V ғасырына дейінгі уақытта, қола заманындағы мәдениетпен байланысты жасалғанын көрсетеді. Олар жергілікті исседон мен аримас тайпаларына, андронов мәдениеті мирасқорлары мен тікелей ұрпақтарына тиесілі деп саналатын. Бұл уақытта қазіргі Орталық Қазақстанда елді мекен, рудниктер, қабірлі құрылыстар, бейітке тұрғызылған ескерткіштер – ерте кездегі көшпенділер, малшылар мен ежелгі металлургия орталығы қалдырған жоғары мәдениет орнаған еді. Жүйекті обалар қай кезде де дүниеден өткен адам денесімен бірге жерленген түрлі қымбат заттарымен ерекшеленді және өзінің өзгеше типті құрылыс екендігімен, сақ-скиф типті мәдениеттің бет-бейнесін айрықша етіп көрсетуімен көзге түсті, Обалардың ішіне қойылған түрлі аса қымбат заттар обалардың сол кезде өмір сүрген тұрмысы тәуір, есімі белгілі адамдарға арналғанын көрсетеді.Жүйекті обаларды зерттей бастаған кезде олардың тек қана дәстүрлік мәні бар деп саналған болатын. Обаларды зерттеуші ғалымдардың мұндай пікірге келулеріне обалардан жамбас сүйектердің ізі ғана табылып, онда адам мүрдесі жерленбегендей көрінгені себеп болған еді. Кейіннен Орталық Қазақстанда обаларға жүргізілген қазба жұмыстары бұл пікірлерге қозғау салды, обалардың көпшілігінде дүниеден өткен адамның жерленген денесі бар болып шықты. Ғалым М.Қ.Қадырбаев сондай-ақ обаларға жанама салынған құрылыстардың тек таза дәстүрлік сипатта тұрғызылғанын және солярлық мәдениетті көрсететінін, өйткені олардың тармақтары көбіне, тіпті ылғи десе болады, шығысқа қаратылып салынатынын атап өткен.Обалардың басым көпшілігі тонаушылардың қолынан зардап шеккен. Сондықтан да археологтар зерттеген 100 обадан ғалым О.Ысмағұловқа 7 бас сүйекті ғана зерттеуіне мүмкіндік туды, олардың 3-уі ерлердікі, 2-уі әйелдердікі, 2-уі балалардікі. Бас сүйектер еуропидтік үлкен нәсілге жатады, бірақ өзінің бет-бейнесінде моңғолоид нәсілінің белгілері де бар. Айта кететін бір нәрсе, бас сүйектердің бірінен сүйекті тесіп операция жасаудың – трепанацияның ізі табылды, ал басқа біреуінің пошымы жасанды деформацияның салдарынан конус тәрізденіп қалған. Өздерінің морфологиялық ерекшеліктеріне сай бас сүйектер сақ-үйсіндер заманындағы бас сүйектерге көбірек келіңкірейді .1968 жылы Іле өзенінің орта ағысының оң жағалауында, жайдақтау келген Малайсары жотасының батыс ұшынан бір шақырым жерде, өзеннің үстіңгі жағында көрінетін жалпақтауда, Алматыдан 142 шақырым солтүстікке таман және осы қаланы аудан орталығы Бақанаспен байланыстыратын тас жолдан 16 шақырым жерде біз жалпы бет-бейнесі «жүйекті обаның» жалпы типіне келетін, көзге әлсіз шалынатын құрылысты таптық. Жүйектерді түзетін тастардың жерге еніп кеткендігі сондай, олар көзге әзер байқалады, оның өзі құрылыстың өте ертеде салынғанын айғақтайды. Егер сол тастардан үйілген жүйектердің бірін кесіп өткен сүрлеу жол болмаса, онда оны байқаудың өзі де қиынға соғар еді.Бұл обаның басқа обалардан ғажаптығы мен ерекше құрылымдылығы сонда, оның ішінде обаларға тән көмілген адам мүрдесі, оған қатысты басқа заттар да болмай шықты, жер бетінде де жерлеуге қатысты ешбір із табылмады, онда болашақ обаның контуры сияқты тастардан шеңбер үйілген. Тас жүйектердің біткен жерлеріндегі кішкентай төбешіктерден де жерлемді іздеуге негіз жоқ-ты. Бұлардан басқа шамамен орта сызықпен жүйектер аяқталған жердегі аралық пен олардан шығысқа қарайғы сәл шегіністе тастардан үйілген, кейіннен біз бағдарлауға арналғаны деп атап кеткен, көзге әзер байқалатын төбешік бар. Құрылыстың бас-аяғын көзбен жайлап шолып өткенімізде, ол ешқандай да дүниеден өткен адам денесі мен оның заттары жерленетін обаға ұқсамайды және оған дейін айтылған тас жүйекті обалар сериясының біріне де жуыспайды деген ой-тұжырымға келдік.Құрылыс элементтерінің орналасымы оның қарапайым астрономиялық прибор екеніне көз жеткізуімізге негіз болды. Тастардан сызылған шеңбердің бағдар төбешігі арқылы көкжиекке қарай кететін орта сызық Күннің көктемгі, наурыз айының 21-тәулігіндегі және күзгі, қыркүйек айының 21-тәулігіндегі күн мен түннің теңелуі тәулігіндегі Күннің шығыс көкжиектен көтерілер тұсына дәл келетін болып шықты. Ал оңтүстігіндегі аяққы бағдар төбешікті жалғастыратын сызық Күннің жазғы тоқырауы, маусым айының 22-тәулігіндегі, яғни Жеріміздегі ең қысқа түн мен ең ұзақ күніндегі Күннің шығыс көкжиектен шығар тұсына дәл келеді. Солтүстігіндегі төбешікті бағдар төбешігімен жалғайтын сызық Күннің қысқы тоқырауы, желтоқсан айының 22-тәулігіне, яғни жылдың ең ұзақ түні мен ең қысқа күніне дәл сәйкестенеді.Ой тұжырымдап қарағанда, құрылыстың қалған элементтерінің де өзге аспан шырақтары бойынша, атап айтқанда, Ай мен жұлдыздар, ғаламшарлар бойынша күнтізбелік күндерді анықтап білуде мәні болған, бірақ оны анықтау күрделі есепті талап етеді, өйткені одан бері өткен мың жыл ішінде аспан сферасындағы шырақтардың ығысуы болды. Сондықтан да табылған астрономиялық құрылысты тәжірибе жүзінде, сондай-ақ онымен өзге де тас жүйекті обаларды салыстырып қарау қажеттігі туды. Бірінші зерттеу ісімізді біз жыл бойында жүзеге асырдық. Осы іспеттес обаларды іздеп табу жолындағы ісіміз алғашында сәтсіз болды. Ғалым М.К.Қадырбаев ғылыми еңбегінде жазған Жамбыл облысындағы, сондай-ақ Қазақстанның Археологиялық атласында белгіленген Отар стансасының төңірегі мен Шу-Іле тауларының Ащысу сайларындағы жүйекті обалар ізім-ғайым жоқ болып шықты, олар болған жерлерде бүгінде ел қоныстанған. Тек арада сегіз жыл өткенде, 1976 жылдың жазында автордың Орталық Қазақстанда біршама уақыт болуына мүмкіндік туды. Мұндағы Қошқарбай мен Орджоникидзе елді мекендері төңірегіне жүргізілген зерттеулер де нәтижесіз аяқталды: обалар болған жер жыртылған, сөйтіп, олар да ізім-ғайым жоғалған. Бірақ оның есесіне, Толағай тауынан солтүстікке қарайғы жерде жақсы ажыратылатын жүйекті обалар онда археологтар қазба жұмысын жүргізгеніне қарамастан тұтастай сақталған. Осы жерде, үлкен обаның қасында, оның солтүстік және оңтүстік жағында тастардан үйілген екі титтей төбешік бар болып шықты. Бұл да ешбір күмәнсіз қандай да бір бағдарлық мәнге ие, оны анықтау – астрономдардың алдарында тұрған міндет. Бірақ мұнда бағдар төбешіктің орнында кварцтың жартылай жерге енген үлкен ашық ақ түсті тасы жатыр. Бұл обадағы басты бағдарлар бірінші табылған обадағы бағдарлармен таңғаларлық сәйкес болып шықты.Қазақстанның Археологиялық атласында, сондай-ақ М.Қ.Қадырбаевтың мәліметтеріндегі картада өзге обалармен бірге қағазға түсіріліп жарияланған жүйекті обаларға тұжырым жасап көрдік. Тас жүйектер күншығысқа қарай дәл де тура тартылғанын есепке алсақ, онда одан өзгешелеу түрленетін бағдарлары бар обалардың басқа аспан шырақтарының аспандағы қозғалыстарына сай жасалғанына сонда күмәніміз қалмады.Аспан денелерінің аспан күмбезіндегі қозғалысы адам баласының назарын сонау ерте-ежелден аударды және олардың адам баласының тағдырына ықпал ететіні аңғарылды. Ел арасында тараған аңыз-әңгімелерде аспан денелері Құдай немесе Құдайдың жасырынатын орны деп саналды. Олар аспан әлемінде адаса қозғалып, жердегі адамдар мен тұтас халыққа құпия ықпал жасайды деп айтылған. Ұлы Жаратушының дүние әлемі жүйесін ретімен жасағаны анық. Көптеген халықтар осы кезге дейін Жаңа жыл басталатын көктемгі күн мен түннің теңелу күндерін бір немесе бірнеше күн бойы атап өтеді. Қазақ халқы наурыз айының 21-інен 22-сіне ауысқан тәуліктегі жаңа таң, жаңа күн, жаңа жылды ерекше мерекемен қарсы алып отырады. Осындай мазмұнды дәстүр қазақ жерінде ежелгі заманның өзінде-ақ астрономиялық құрылыстардың салынуына негіз болған.Неолит заманындағы астрономиялық білім Жетісу аймағындағы Таңбалы тас сайында тасқа қашалып салынған суреттерден көрініс табады. Онда жан-жағына 12 сәуле таратқан Күн бейнеленген. Тас жүйекті обалар біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырлар мен біздің эрамыздың V ғасырына дейінгі аралығында салынған, яғни олардың өзіндік дәстүрлері 1200 жыл бойы жалғасқан. Ғалым М.Қ.Қадырбаев бұл астрономиялық ескерткіштердің осыншама ұзақ уақыт бойына сақталуын сол кездегі тайпалардың экономикалық және саяси тығыз бірлікте, ынтымақта болғанынан деп тұжырымдайды…Тас жүйекті обаларды археологтар астрономдармен, математиктермен бірлесе отырып әрі қарай зерттей берсе, бұндай ежелгі астрономиялық құрылыстардың әлі де талай таңданарлық ерекшеліктерін аша түсері анық.
Жүніс САХИЕВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?