Т.Ахтанов «Күй аңызы». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 56-сабақ.
Қосымша дидактикалық материалдар
ОБРАЗДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Көркем әдебиеттегі жинақтау- типке әкелсе, даралау- мінезге әкеледі дедік. Образ осылай туады. Мұның өзі, шын мәніндегі өнер адамы үшін әрі әдемі, қызық әрекет те, әрі “инемен құдық қазғандай” қиын әрекет. Суреткерлік шеберлік те осы әрекет үстінде көрінбек.
Әлемге әйгілі “Марсельезаның” ғажайып музыкасын француз армиясының әшейін бір қатардағы капитаны Руже де Лиль бір түн ішінде (түн ортасы ауа бастап, таң білінгенше) жазып бітірген. Бірақ ол қалған өмірінде осыдан өзге ештеңе жазып жарытпапты. Талант атаулының, бәрін осынау Марсель топырағында туған марғасқа музыкант секілді “бір түндік данышпан” деуге болмайды. Әсіресе қаламгер еңбегі шетсіз де шексіз: сөз өнеріне тұңғыш ден қою сәтінен соңғы демі таусылғанға дейін, оның барлық ғұмырының өн бойында толассыз созылып жатпақ.
Жазушының ғұмыр бойғы әрекеті - жазушылық шеберлік жолындағы әрекет. Шеберлік тағы да шексіз. Шығарма жазу нағыз шебер үшін шеберленген сайын қиындай береді.
Шеберлік демекші, қаламгер шеберлігінің түпкі түйіні - жазушының өз жан-жүрегіндегі сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейлінше әсерлі және сұлу жеткізу,ұтымды және дәл дарыту. Бұл үшін жазушыға керек нәрсе үшеу: “Тіл, дәлдік және қысқа жазу — шеберлік материгі осынау үш киттің үстінде тұр” (В. Инбер).
Шеберлікке жетілу жолының бұралаңдары да шексіз.
Нағыз образ - бедерлі бейне -тірі кісі дедік. Өз образының тірі кісі екенін ең алдымен автордың өзі түсінуге тиіс. Бальзактың өз геройларынан тыс өмірі болмауы тегіннен-тегін емес. Өзі жасаған образды тірі кісі деп түйсінбесе, айталық, Гете өзі мүсіндеп отырған Адельгейда сұлуға немесе Пушкин шеркес қызына “ғашық” болмаған болар еді. Диккенс өз геройының өліміне жыламаған болар еді. Образ тек осындай әрекеттер арқылы ғана туады.
Мінез- адамның ішкі бітімі болғанда, тип- сом тұлғасы екені мәлім. Осылардың нақтылану сырының біз айтқаннан басқа да көп-көп қырлары, яки нақтылау тәсілдері бар.
Тек мінез жағына ғана назар аударып көрелікші. Осының өзін жазушы іс жүзінде қалай жасайды? Әр түрлі тәсілмен жасайды. Бірі — тура мінездеу. Мысалы, жас қаламгер Е. Домбаев “Болмаған оқиға” деген повесінің бас кейіпкері Әбен Нысанбаевты былай мінездейді: “Дүниеде Әбекеңнің өлердей жек көретін үш нәрсесі бар. Оның бірі — музыка, бірі — шыбын, енді бірі —саясат” (“Жұлдыз”, 1964, №4, 30-бет). Бұл -кәдімгі “өгіздің мүйізіне” шап бергендей тура мінездеу. Өзі уытты юмор арқылы әжептәуір ұтымды шыққан: шыбыны - шыбын, ал оған қоса музыка мен саясатты да жек көретін адамның өзі кім, құлқы қандай екенін бұдан әрі созудың тіпті де қажеті жок.
Тағы бір тәсіл — ж а н а м а м і н е з д е у. Мұнда әлгідей төтеден сипаттау болмайды, жазушы мінез-құлқын, әдет-ғұрпын анықтағысы келген жеке адамның немесе бір топ адамның өзі емес, соның қатысы бар өзге заттарды суреттеу арқылы әлгінің өз құлқын не ғұрпын айқындайды. Мысалға Ғ. Мүсіреповтің “Этнографиялық әңгімесін” алып қарайық. Бұл әңгімеде жазушы Жаңбыршы деген ауылдағы төре тұқымдарының өмірге икемсіз, сөзге бар да, іске жоқ дәрменсіздігін, бүгінде сіңірі шыққан кедейлігіне қарамай, баяғы бай күндеріндегі құр кеуде, паң, керенау, кердең құлқы әлі өзгермегенін, “жыртық төбелерінен жүн жұлынып шығып тұрса да, тымақтарда бір тәкаппарлық бар” екенін уытты, ащы мысқыл мен масқара мазаққа айналдырады. Жаңбыршы ауылының ең ардақты үлкені — “опырық ауыз сары шал”,. одан кейінгі қадірлісі “сақалы ‘бар, мұрты жоқ еркек”, одан кейінгі аяулысы — “үңірейген көсе қара…” Сырт түрлеріне қарағанда, өзімізге таныс қазақылықпен “кең далада, аспан астында орын талғасып, үлкендік жасасып отырған” өңшең бір ақсүйек мықтылар. Тосын көрген кісіге өздерінің мінез-құлқын білу-ақ қиын: “көздері бүл дүниенің ар жағындағы бірдемеге қадалғандай, бет-ауыздарында қатып қалған тас менмендік” сірестіріп қойып, үлкенінің айтқанын қалғандары екі реттен аудармай қайталап, төрт құбыла-лары теп-тегіс отырған ылғи бір ығай мен сығайлар. Бұлармен қол алысып амандасудың өзінде жазылмаған заң, бұзылмаған сән бар. Бұл — өз күйлері. Ал енді осылардын, үйлері қандай? Енді соған келейік. Қонақтарды қадірлеп апарып түсірген үлкен үйінің сиқы мынадай:
Үлкен қара үйдің іші ертедегі байлықтың қазіргі күндегі жұтаң кедейліктің жайын айтып тұр. Ең алдымен бұл -киіз үй біткеннің ішіндегі ең жыртық-тесігі көп үй.. Бес-алты уығы алақандай жалпақ, бір кезде сырланғандығы, зерленгендігі байқалады. Өзге уықтары қырық ру - бірі жіңішке, бірі иінсіз, шаңырақка тік тіреліпті. Тағы бір бес-алты уықта жосаның ізі де жок, ыстың ізі ғана бар. Аңырайған іргеден бір төрт көз қара ала ит кіріп келе жатыр. Оң жақ босағада, аласа жүкаяқтың үстінде темірмен белдеуленген аруақты бір ескі сандық, бетінде екі-үш жерде ғана сүйектелген өрнектің ізі қалған ескі кебеже.. Көрпе-жастық дегеннің ізі байқалмайды. Екі басы қайықтай қақырайған ағаш төсектің үстінде сырмақ сияқты, құрамыс көрпе сияқты бірдемелер қоқып жатыр. Төр алдында тай, тайынша, ешкі, лақ терілері шикі күйінде төселген. Бір кезде көк сауыттатқан, күмістеткен үйрек бас ер осы үйдің төріне мың жыл бұрын ілінген күйі қала бергендей, қаусап тұр. Таралғылары қырқылып күмістеткен үзеңгілері үзіліп түскелі тұр.
“Үйін көр де, түсінен түңіл” дегендей, ең қадірлі қонақ қабылдайтын үлкен үйінің сиқы мынадай болса, әлгі жайсаңдардың әлгідей керіліп-созылып, “тәрбиені тай өгізге жегуінде” не мағына бар? Түк те мағына жоқ. Олай болса, бұдан асқан парықсыздық бола ма?..
Міне, бір топ төренің төл мінезін жазушы оқырманға осылай аңғартады. Бұл арада әр адамның не бар адамның мінезін тікелей баяндау жоқ, солар тұратын үйді суреттеу арқылы танытып отыр. Мұндай мінездеу-жанама мінездеу.
Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу арқылы ғана жасалмайды, типті тұлғалауға қажетті өзге тәсілдер де түгел осы мақсатта қызмет атқарып жатады. Адамның әлдебір күйініш-сүйінішін немесе кескін-кейпін, қимыл-әрекетін суреттеу, оның өз -өзін немесе өзгемен сөйлесуін келтіру, ең арғы жағы, түрліше табиғат құбылыстарын суреттеу…— осылардың бәрі, сайып келгенде, әдебиеттегі адамның сыртқы түрін анықтап, ішкі сырын ашу үшін керек.
“Абай жолының” екінші кітабында Абайдың Әйгерімді тұңғыш тануы ғаламат, қызық. Қонақ боп отырған үйінде Ерболмен бірге ұйықтап кеткен Абай түсінде өзінің зарыға сағынған ғашығы Тоғжанды көреді. Тоғжан да бұған “аңсадым ғой, зарықтым ғой” деп ынтыға жақындап, мұның өзі үйреткен “Топай көк” әнін айтады. Абай оған құшақ жая ұмтылып, “кел, келші, сәулем” деп барып, ояна келсе, әлгінің бәрі түс екен: Тоғжан жоқ, бірақ о, ғажап, үні құлақта,— дәл әлгі ән, дәл әлгі Тоғжан үнімен көрші үйде шырқалып жатыр. Ербол да оянады. Міне, Абайдың дәл осы ‘сәттегі сағыныш - мұң, қуаныш - сыр аралас құйындай ұйытқыған шым-шытырық көңіл -күйін, оның нағыз ақындық мінезін танытатын қиын да қызық сезімін - жан толқыны мен жүрек лүпілін жазушы тағы да “тілсіз сезім тілімен” былай суреттейді:
Қатты өзгеріп, жат толқынға түскен Абай әлі оңалған жоқ. Құлағы мен ынта-пейілі тыста. Жалғыз бір үнде. Әнде ме, әлде? Алғаш шапшаң түрегелген жерде буын-буыны қалтырап, жығылып қала жаздады. Ербол ғана сүйеп калып, зорға дегенде буынын бекітті. Бірақ сонда да өзін-өзі аңғарып жүрген жоқ. Бір тұман, түс ішінде, алдағы бір ғана сәулеге асығып, калтырап, ұмтылып бара жатқандай. Оқшау, сұлу ән үзілген жоқ. Содан кұлағын алмайды. Көңіл дені соған ауып, ұйып қапты. Есікті қалай тауып, үйден калай шыққанын да білмейді. Тысқа шыға сала, Абай тымағын жұлып алып, ән шыққан жаққа бар сүлдерімен ұмсына түсіп, қатып, жабысып, тыңдап калды. Ән -“Топай көк” Енді ғана нәзік ырғақ соншалық-бір сұлу сәнмен, еркеленіп, толқып кеп, баяулай басылды. Ән бітті. Абай Ерболға қарай ұмтылып қап:
— Тоғжан! Япырау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мынау! Дәл өзінің үні. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақышы ғой. Ербол-ау, мен қайда тұрмын осы? Мынау үйде мені шақырып отырған Тоғжаным ғой! - деп, бар сабырдан айрылып, тағы да өзгеше бұзылып кетті.
Адамның ішкі тұңғиық тереңін, адам психологиясының көзге ілінбес нәзік қалтарыстарын, адамға тән құштарлықтың жан түсінбес қиын құпиясын жарқ еткізіп ашып, қопара көрсеткен осынау керемет зергерлік - образ жасаудың тағы бір тамаша тәсілі - озғын үлгісі. А д а м н ы ң с е з і м і н, к ү й і н у н е
с ү й і н у х а л і н с у р е т т е у деп осыны айтады. Бұл - орасан қиын тәсіл. Бұл тәсіл кез келгенге меңгертпейді. Бұл тәсілді тек тарлан таланттар ғана игере алады. Әрбір шын суреткер әрқашан да ақын деп білсек, оның нағыз ақындығын сынайтын тәсіл де - осы тәсіл. Әдеби образды оқырманның жан-жүрегін баурап алар құдіретті күшке ие қылатын да осы тәсіл.
Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да мінез-құлқынан талай сыр түюге болады. “Адам сөйлессе” дегендей, әркімнің сөзі арқылы өзін танимыз. Өйткені әркімнің сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән психологиялық өзге-шелігі — ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті түп-түгел тұнып тұрады.
Бейімбет Майлин 1930 жылы жазған және дәл сол тұстағы қазақ аулының шындығынан туған, көлемі шап-шағын, бірақ мазмұны терең “Арыстанбайдың Мұқышы” деген әңгімесін былай бастайды:
Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдын Мұқышы екен де де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар: қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалып, соның маңынан шықпайды.
— Жақсы келдің, шырағым, сені көруге құмар болып отыр едік,- деп, өзіңе жастық қоя, сені мақтай сөйлейтіні де бар.
— Кеңес өкіметінің жұмысына қасық қаным қалғанша дайынмын! - деп, белсенділік көрсететіні де бар. Онда да түсіне алмай томырықтық істесең:
— Арыстанбайдың Мұқышы деген белсенді кедейің, мен боламын! -деп, төсін қағып қоюдан да тайынбайды.
Осының бәрін жаудырса, “Мұқыш осы екен ғой” деп өзін де қол қояйық.
Осы үзіндідегі Мұқыштың үш ауыз сөзінде оның күллі құлқы жатқан секілді. Өзінің айтып отырғанының бәрі өтірік. “Жақсы келдің, сені көруге құмар болып отыр едік” дегенінде ызалы мысқыл, қимыл- қулық жатыр. Әйтпесе, оның көргісі келмейтіні сол-қызмет басындағылар. “Кеңес өкіметінің жұмысына қасық қаным ‘қалғанша дайынмын” деген сөзінде шындықтан саңылау да жоқ: оның “қасық қаны қалғанша” қарсы боп жүргені сол — ауылдағы жаңа тұрмыс - колхоз құрылысы. “Белсенді кедейің мен боламын” деген көлгірлік- Мұқыштың ұяттан әбден жұрдай болған жері, әйтпесе “Арыстанбайдың атқамінер, қу, ел жегіш парақор болғаны, Мұқыштың соның ізімен жүргені” колхоз мүшелеріне айдан анық. Сонымен, ниеті жат, пиғылы нашар әрі арамза, әрі арызқой адамның бір алуан мінезін оқырман оның екі-үш ауыз сөзінен-ақ ұғып, таниды. Демек, бұл да әдеби шығармадағы адам мінезін жасаудың, типтік тұлға қалыптастырудың тағы бір әсем тәсілі.
Мінездеу, жанама мінездеу, адамға тән күйініш, сүйініш сезімдерді суреттеу, адамның өз сөзін (монолог) немесе өзгемен сөйлесуін (диалог) ‘келтіру — осылардың бәрі жеке-жеке тұрған, біріне-бірінің қосылшаңы жоқ дара мақсатты (самодель) нәрселер емес. Керісінше, бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі туып, біріне-бірі жалғасып жатқан дүниелер. Мұндай бірліксіз бұлар адам мінезін де, тұлғасын да жасай алмаған болар еді.
Бұлармен қатар көркем шығармада адамның қимыл-әрекеті суреттелмек. Бұл да “өйтті, бүйтті” деген тәрізді жеке көрсетілмейді, әлгідей ұштасулар, жалғасулар,тұтасулар арқылы көрсетіледі. Міне, Ғ. Мүсіреповтің бір әңгімесіндегі (“Сілекеевтердің кенжесі”) геройдың жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы:
Жас жігіт менің кабинетіме ордаңдай басып кірді.
— Сау боларсыз!..
Бұдан он минут бұрын телефон соққанда да, сөйлесу әлпетінде де бір ірілік барлығы байқалып еді, мен онысына қарамай, кел дегенмін.
Қағазға толы сұрғылт папка бар салмағымен менің столыма сылқ ете түсті. Жігіттің өзі кең креслоға шалқая отыра беріп:
— Темекі тартатыныңыз жақсы екен… Рұқсат болар? — деді, менің темекіме қолын созып.
— Рұксат!..
— Біз болсақ, “Беломор”, “Бүркіт”, “Прима” тартамыз ғой. “Лайка” деген ерекше бірдеме болар?
— Ерекше ештеңесі жоқ.
— Сонда да…
Екі аяғы есерлік, ессіздік дейтін екі баспалдақта тұрған адам сияқты екен.
Жазушы өз геройының қимылын жеке-дара алмай, оның сөйлеген сөзімен ұштастыра суреттеп, оған өзінің авторлық көзқарасын (эстетикалық бағасын) білдіріп еді, бұл геройдың кім екенін, қандай мінез-кұлықтын адамы екенін тасқа таңбалағандай білдік те алдық.
Қысқасы, әдебиеттегі адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жалғыз-ақ, жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болуы шарт, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді. Әдебиеттегі адамның ішкі бітімімен қатар сырт келбетін (портретін) де осы тұрғыдан түсінген жөн.
Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы геройлардың мінезін біліп, сөзін ести тұра сырт пішінін, кескін-кейпін де көргісі келеді. Портрет тәсілі осыдан туған.
Портрет дегенде біздің көз алдымызға кескін өнеріндегі (живописьтегі) портрет елестейді. Айталық, Ә. Қастеев салған Аманкелді Имановтың портреті (1950): батырдың басында қама бөрік, үстінде шолақ-тон, белінде •қайқы қылыш, қолында бірер парақ қағаз, ашық аспан астында оңаша отырып, жаңа ғана оқыған нәрсесін ойлап, алысқа қарап қапты. Сәукеле сақал, қияқ мұрт, қыр мұрын кісінің кең ашылған “өзінде батырға лайық ұшқын мен айбынынан гөрі, дәл осы жолы ойлыға тән жұмсақ кіреуке нұр басым ба, -қалай?.. Не болғанда да,әйтеуір, біз Аманкелді деген кісінің кескінін
Ә. Қастеев салған осы портрет арқылы білеміз. Бұл - кескін өнеріндегі портрет. Бұл портреттің ерекшелігі — өзгермейтіні, қозғалмайтыны, қашан көрсек те тек осы қалыпта ғана тұратыны.
Ал сөз өнеріндегі портрет бұлай емес, ол — бір қалыпта қатып тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін. Мынаған қараңыз: “Бұл жігіттің жасы отыз шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, шоқша сақалды, сұрғылт беті дөңгелек, жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз-қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады”М. Әуезов, “Қорғансыздың күні”). Көрдіңіз бе, мұнда кескін, келбет әр күйге бір түсіп, біздің көз алдымызда құбылып тұр. Бұл адамның сырт пішінінің өзінен ішкі мінезін аңғарамыз, күлгеніне қарап бозбалалық “құмарлыққа көп салынған” жігіт екенін байқап қаламыз. Осы секілді, әдебиеттегі адамның сырт бітімін, кескін-кейпін, жүріс-тұрысын суреттеуді портрет дейтін болсақ, бұл да - образ жасаудың өзгеше бір тәсілі, жолы, амалы. Бұған да айрықша суреткерлік, шеберлік керек. Портрет адамның бүкіл анатомиясын түгел қамтып, жіпке тізе беруі шарт емес. Әр портретте әр адамның ең бір ерекше сипаты ғана нақты, затты, қысқа, қызық суреттелгені жөн. Портрет -сонда ұтымды шықпақ. Мұндай ұтымдылықтың айта қалғандай үлгісі Чеховта бар. Мына бір әйелдің кескінін қараңызшы: “Оның беті теріге тапшы болатын, сондықтан көзін ашу үшін аузын жабуы, аузын ашу үшін көзін жұмуы .керек еді” . Қып-қысқа айтылған бірнеше сөз, ал оқи қалсақ суреттеліп отырған адамның ең айрықша белгісі көзге елестейді және жай елестемейді, көз алдымыз қимылға толып кетеді. Шебер сурет! Дәл осындай шеберліктің нәтижесі болуға тиіс, Лермонтовтың Печорины біздің жадымызда мәңгі-бақи өзі күлгенмен көзі күлмейтін, өзі жүргенмен қолы қозғалмайтын қалпында, Гончаровтың Обломовы әрқашан әйгілі шапанын шешпестен төсек үстінде кесе-көлденең көлбеген қалпында қалған да қойған.
Ал қазіргі қазақ әдебиетіндегі адам портреттерінің авторлық баяндаумен астасқан әрлі де әсерлі үлгісін “Абай жолынан” табуға болады. Мысалға мына бір ұзағырақ үзіндіні арнайы келтіріп, әрқайсымыз үнсіз ойлана оқып байқасақ, айтылмыш тәсілдің небір тамаша сыры мен сипатын айтпай аңғарып, тамсана тұшынуымыз мүмкін:
Тегінде, ертекші, өлеңші не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле карап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше кызық сурет тәрізденетін. Әсіресе әжімі мол үлкендер пішіні бір кызық хикая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз әжімінен, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан — өзінше неше түрлі жанды, жансыз дүние сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір тоғай ма? Не көде-көкпек пе? Кейде мал мен аң бейнесі ме? Бәріне де ұқсап кетіп отыратын адам мүсіндері болады.
Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғары жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, онын көтеріңкі жал тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші.
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана карайды. Кірпігін де сирек кағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлеген Құнанбай осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысында отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді.Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Абайға оның пішіні — көп кездесетін, әңгімесі аз пішін сияқты. Бөжей де оншалық өзгеше емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей — осы отырғандардын бәрінен де сұлу. Бетінде әжімі де аз. Бірақ Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе — мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері.
Кұнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ. Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді. Сондықтан оның ұйықтап отырғаны я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы қабағы кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сиякты.
Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырындай қарап отырған — дәл төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай. Көкшіл түсті үлкен көздері — әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы.
Осы ғасырдағы ең мәдениетті прозаның бұл секілді классикалық үлгісі бір ғана портрет жайы емес, әдебиеттегі адам образын жасаудың тамаша тәсілдерінің тоғысқан жері десек, артық айтқанымыз емес. Адамның сырт пішінін бастағы бөріктен аяқтағы етікке дейін баттастыра тізіп, санап шығатын әдеттегі стандарт мұнда атымен жоқ.
Сыр сандықты ашып қара, Сым пернені басып қара,
Ашып қара, сырласым, Басып қара, жырласын! —
деп, Сәкен Сейфуллин айтқандай, адамның сыртқы әр бедері ішкі көңіл күйінің “сым пернесі” секілді, басып қалсаңыз, “жырлай” жөнеледі. Құнанбай мен Сүйіндік, Байсал мен Бөжей тек сырт отырыстарының өзімен-ақ қандай іш-пікірдің адамдары екенін ап-анық аңғартқандай. Бұлардың бәрін және автор тіп-тіке өз атынан баяндамай, Абай көзімен бажайлайды. Сонда бұлармен қоса Абай мінезі де жарыса ашылып жатыр. Керемет дәл, аумаған ақын мінезі: көз алдындағы көріністерді әшейін көзбен көріп қана қоймайды, көкірекпен қабылдап, өзінше, өзгеше бір бейнемен кейіптеп, кестелеп, бе-дерлеп көреді. Мұндай суреткер шеберлігі әдебиеттегі әрбір әрекет тек адам бейнесін жасау, образын жасау, тұлғасын қалыптастыру әрекеті екенін, көркем әдебиеттің Горький айтқандай, “Адам тану” екенін ұққан үстіне ұқтыра түседі.
Әдеби шығарма не туралы (“Холстомер” ат туралы, “Ақ азу” ит туралы дегендей) жазылса да бәрібір, сайып келгенде, бәрі де адам, тек адам туралы ғана сыр шертеді. Сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек — өмір суреті жоқ және болуы да . мүмкін емес. Бұл ретте, көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әшейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз. Өйткені, адамның сыры мен сезімінен, өмір тіршілігі мен көңіл- күйінен тыс ешқандай пейзаж болуы мүмкін емес. Бұл арада да “Абай жолының” әдемі беттерінің бірін аудармасқа амалымыз жоқ. Міне, оқып қарайық:
Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем өзінің енді ғана келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көкжиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала сар дала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі-бақи жым-жырт боп, жай созылған сахраның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу қажыры ма? Сол бейнелі бөлек тау.
Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып, тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Денесі серги бере, сүйсіне бір күрсінгенде, сергек, сезімтал көңіл де өрби түскендей болды Абай жер көркін, өз көнілін еркін өлең етіп кетті.
Осындағы бар сөз тек бір ғана мақсатқа — адам образын жасауға қызмет етіп тұр. Көктемгі сұлу табиғат көркі адамның көңіл- күйімен астасқан шақта сол тірі адамның өзіндей тыныстап, ойлап, ойнап, күліп, күрсініп шыға келген. Мұндай суретті толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал оқырманды толқыту, тебіренту, яғни баурап алу — тек шебер суреткердің ғана қолынан келетін мықтылық. Сонда оқырман неге толқып, неге тебіренеді? Табиғаттың экзотикалық сипаттағы жалаң көшірмесіне емес, адамның көңіл- күйімен астасып, тіпті бірігіп, біте қайнасып кеткен ғаламат сұлу, сырлы, кәдімгідей жанды, тірі суреттеріне толқып, тебіренеді. Әлгі суреттің әр қалтарысында адам, адамның сезімі, ойы, арманы, қиялы, адамның көл-көсір философиясы толқып, төгіліп тұр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?