Т.Ахтанов «Күй аңызы». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 58-сабақ.
Оқушыларға арналған қосымша дидактикалық мәліметтер
Т.Ахтанов шығармаларындағы көркемдік ізденістер
http://group-global.org/en/node/61742
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтанов - әдебиетіміздегі кесек тұлғалы көп қырлы талантты тұлға. Жазушының тегеурінді дарындылығын алғашқы романы «Қаһарлы күндер» мен «Махаббат мұңы» повесі және әңгімелері табиғатынан қапысыз тани білген ұлы суреткер Мұхтар Әуезов оны өзінің ізбасарындай көріп, алдағы адымдарына құт тілеп, батасын бергені әдеби жұртшылыққа белгілі.
Мақаламыздың негізгі нысанасына тоқталар болсақ, жазушының «Боран» романы 1963 жылы «Дала сыры» деген атпен «Жұлдыз» журналында повесть болып жарияланған. 1966 жылы «Боран» деген атаумен роман болып өңделген. Сонымен қатар, бұл туынды сол кездегі ең беделді Одақтық журнал «Новый мирде» алғашқы нұсқасымен жарияланып, кейінен автор сыни ой пікірлеге құлақ аса отырып, роман етіп қайта жазды. Бұл нұсқа белгілі жазушы В.Аксеновтың аудармасымен орыс тілінде қайта жарық көрді. Кейінен бұл романы үшін жазушы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Т.Ахтановтың бұл «Боран» романы-жеке адамға табынушылық әшкерленіп, қоғам өміріне демократиялық процестер ене бастаған 60-жылдардың жемісі. 60-жылдардың өзекті проблемасы қой шаруашылығын өркендету мәселесін ұтымды пайдалана отырып, жазушы қойшы өмірін жазған болып, адам тағдырының қилы қалтарыстарын шығарманың негізгі өзегі етеді. Қоғамдық шындықтың бет пердесін ашқан, қоғамдағы адам тағдырына ерекше тоқталған төл әдебиетіміздегі кесек туынды Т.Ахтановтың «Боран» романы шығарманың тілінен бастап, әрбір характердің дараланып берілуіне дейін үлкен шеберліктің үлгісін танытқан роман болды. Т. Ахтанов «Боранда» қоғам алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілікпен қатар, кейбір адамдар бойына сүліктей жабысып келе жатқан пайдакүнемдік, жалақорлықты өнердің эстетикалық заңдылықтарына сүйене отырып көркемдік тұрғыдан бейнеледі. Шығарманың бас кейіпкері-Қоспан. Ол-қарапайым қойшы. Қойын далаға жайылысқа алып шығамын деп, боранға тап болады. Үш күн боранмен арпалысып жүріп, өткен өміріне көз жібереді. Оны бүгін мен болашақ алдында өзінің ішкі ойының таразысына салады. Жазушы «Боранда» негізінен ішкі психологиялық шиеленістер арқылы адамның моральдық биік мақсатын негіз ете ала отырып, оны рухани тазарудың жолы ретінде көрсетеді. Қоспан соғыстың алғашқы кезеңінен өтті, одан кейін өзіне тапсырылған әскери тапсырманы орындаймын деп тұтқынға түсті. Тұтқынның бар азабын тартты. Бірақ ол қандай қиындық болса да көтере білді. Азаматтық, адамгершілік рухын жоғары ұстады. Қоспан тұтқыннан босағаннан кейін алдынан шыққан алғашқы сенімсіздік пен күдікке де назар аудармайды. Оның бәрін елге, туған жерге деген сүйіспеншілікпен жеңеді. Бірақ елімен, отбасымен, ағайынымен аман қауышқан Қоспан айналасындағылардың «тұтқында болған» деген сенімсіздігінен еш құтыла алмайды. Бұл оған неміс концлагерінің азабынан да ауыр тиеді. Алайда ол ешкімге мен ақпын, адалмын деп төс қақпайды. Өйткені ол өз арының алдында таза екенін біледі. Елге келген Қоспан жұмыс іздейді. Ақыры қой бағуға сұранады. Қоспанға мал бағу, ешкімге тәуелді болмай, кең далада өмір сүру бақыт сияқты. Алдыңғы қатарлы шопан болады. Енді бір кездегі «сенімсіздік» уы тарқай бастайды. Алайда, ол өз жан-дүниесіне не керек екенін осы боранға дейін толық сезінбепті. Сөйтсе ол азаматтық үлкен жауапкершілік екен. Ол өз өмірінің қожасы тек қана адамның өзі екенін, адам білектің күшімен емес, жүрегімен, ой санасымен, өн бойында қалыптасқан барша игі қасиеттерімен ғана биік бола алатындығын осы боранмен айқас үстінде түйсінеді. Сөйтіп, үш күндік боранда Қоспан ішкі ойымен адамгершілік арының алдында тартысқа түсіп, рухани дүниесі қайта жаңғырады. Автор боранда тек Қоспанды ойға қалдырмайды, Қасболат та ішкі ойымен арпалысқа түседі. Үш күн, үш түн соққан «ақ дүлей» боран роман кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесінде де болып жатыр. Боран олардың осы күнге дейінгі бүкіл өміріне, адамгершілік болмысына әділ сын. Осы боранда өткен өміріне көз жіберіп, ойға шоматын жанның бірі – Жаңыл. Жазушының басты міндетінің бірі адам мінезін, оның ой-сезімдерін шыншыл, нанымды етіп бере білу десек, жазушының бұл туындысы осы тұрғыдан алғанда нағыз табысты шығарма болды. Кейіпкердің жан-дүниесін ішкі монолог арқылы таныту жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді десек, оған шығармадағы Жаңылдың ішкі күйзелісін сипатайтын мына мысалдарды келтірсек сөзіміз дәлелді болар еді: «Жаңыл қыбыр етпестен ұзақ отырды. Ойы екі жаққа жүгірді. Бірі Қаламұш, бірі Қоспан. Бала күннің бұзылғанын көріп тартып кетпесе... Әрине,осындай жалғыз елегзіп отырғанда оның келгені жақсы болар еді... Бірақ мына боранда жол таба ала ма? Далада үсіп, иә қасқырға ұшырап жүрсе... Япырмай балалық жасамаса не қылсын...» [2,17]. Осылайша жазушы кейіпкердің жан-дүниесін ішкі монолог арқылы сәтті беруде шеберлік танытады. «Боран» романы- автордың суреткерлік байқағыштығын, адамдар мінезінің қатпарлы терең иірімдерін жете тани білетін, психологиялық портрет жасаудың шебері екенін танытқан туынды. Бұл тұрғыда С.Әшімбаев: «Ол характерлер берудегі шалдыртпас жүйріктігін де еркін танытады. Жинақылық, қысқалық, бос сөзге, артық іс-әректке бой алдырмау да бұл романның сәтті жақтары»[3,25], -дейді. Сонымен қатар, «Боран» романында Т.Ахтанов психологиялық портрет ауқымын біршама кеңейте түседі. Көбінесе жазушы романда шұбалаңқы портретке баруға тырыспайды, шағын портреттік деталь штрихпен ойын ықшам жеткізіп отырады. Романдағы басты пейзаж – боран. Боран құбылысын еселей қайталау арқылы жазушы Қоспан характерін аша түседі. Жазушының осындай шеберлік қырлары жайлы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Т.Ахтанов адамдар жанындағы диалектикалық өзгерістерді уақыт арнасынан ала қашып әкетпей, заманалық болмыспен қабыстыра суреттейтін тарихи зерделегіштігі, сондай ию-қию жан арпалысының ешбір иірімін, қалқа-қалтарысын қағыс қалдырмай тінте бажайлайтын психологиялық зерттеушілігі -ұлттық көркем ойымызда бүгінге дейін тек санаулылар ғана көтеріле алған өрелі биік. Ахтанов- мұндай эстетикалық-этикалық альпиниадада ешкімге ізбасар болмай, тыңнан жол салған жолбастаушы суреткер» [4], - деп өз бағасын береді.
Қорыта келгенде айтарымыз, «Боран» романы Тахауи Ахтановтың адам характерін барынша шыншыл бере білетін психолог жазушы екенін танытты. Романда жазушы көлемі екі жүз бетке жетпейтін шығармада соғыстан кейінгі жылдарға тән үлкен шындықтардың бет-пердесін аша білді. Роман-өзінің көтерген мазмұны жағынан кең тынысты, жүгі ауыр туынды десек, шығарма жеке бастың қамы үшін халық мүддесін аяққа басушылықты әшкерелеген, ел тағдыры, халық болашағы туралы шыншылдықпен жазылған туынды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?