Д. Исабеков «Әпке» шығармасы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 18-сабақ.
https://studopedia.info/4-22110.html
Дулат Исабеков
Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттің сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет орденінің» иегері.
Дулат Исабеков 1942 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Сайрам ауданы, «Ленин жолы» колхозында дүниеге келген (ол кезде Арыс ауданына қараған). Әкесі Алдабергенов Исабек екінші дүниежүзілік соғыста, Сталинград шайқасында қаза болады. Анасы Күміскүл 1956 жылы ауыр науқастан дүние салған. Сөйтіп болашақ жазушы Набиял, Пәрмен, Бибіқали, Күлайна тәрізді аға-әпкелерінің қамқорлығында қалады. Ол әсіресе жас кезінде осы Күлайна әпкесінің қамқорлығын көп көріп өсті. Жылдар өткен соң ол әпкелеріне деген махаббатын өзінің «Әпке» деген белгілі пьесасында үлкен тебіреніспен жазып шықты. Ол пьеса барлық қазақ театрларында сахналанды. Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Павлодар, Қарағанды театрларында 30 жылдан астам уақыт бойы көрсетіліп келеді. Кіші әпкесі Күлайна ертеректе (1974) қайтыс болады да, ол спектакльді көре алмады. Ал, үлкен әпкесі Бибіқали Ж.Шанин атындағы Шымкент драма театрындағы спектакльді көріп, көзінен аққан жасын ұзақ уақыт тоқтата алмаған.
Дулат Исабеков «Ленин жолы» колхозында 1-сыныпты бітірген соң, ағайын-туыстары қазіргі Арыс ауданындағы «Қараспан» колхозына көшіріп әкетеді. Сол жерде ол жетіжылдық мектепті бітіріп, Арыс қаласындағы интернат-пансионда оқуын жалғастырды. Бір жыл өткеннен кейін пансионат жабылып, ол әр үйде бір жатып оқиды. Бұл жағдай баланың оқуына кері әсерін тигізген соң, ағасы Набиял оны Бадам станциясындағы (қазіргі Ордабасы ауданы) нағашы ағасы Сейітқасымның үйіне әкеп орналастырады. Сол жерде ол онжылдық мектепті бітіріп шығады. Мектептен соң ол ағалары тұратын Монтай-Тас ауылында екі жыл монтер боп жұмыс істеп, 1961 жылы Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
Д.Исабеков көптеген жауапты қызметтер атқарды. 1966-1967 жылдар аралығында Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасында аға редактор, 1971 жылы «Жұлдыз» журналы редакциясында, онан соң «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде репертуарлық-редакциялық коллегиясының бас редакторы, Қазақ телевидениесінің бас директоры, «Жазушы» баспасының және Қазақтың мәдениет және өнертану институтының директоры қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда ол – «Мәдениет» журналының шығарушысы және Бас редакторы.
Дулат Исабеков жазушылықты ерте бастады. 1963 жылы оның «Жолда» атты алғашқы әңгімесі Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгімелер жинағына енеді. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгімесі «Лениншіл жас» газетінің үш номеріне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңінен таныстырып кетті. 1966 жылы, университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезінде оның «Бекет» атты повесть пен әңгімелер жинағы жеке кітап боп шықты. Содан бергі аралықта жазушының ондаған прозалық кітаптары, жиырмаға жуық драмалық шығармалары жазылды. Солардың ішінде оқушы қауымға кеңінен белгілілері – «Гауһар тас», «Дермене», «Пері мен періште», «Тіршілік», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз», т.б. повесть-хикаялары. 1980 жылы жарық көрген «Қарғын» романы студент жастардың зор қызығушылығын тудырды.
Д.Исабековтің «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуі», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпірлер», «Шалдар» т.б. көптеген әңгімелері – осы жанрда жазылған туындылардың көрнекті үлгілері.
Қаламгердің көптеген повесть-әңгімелері образдарының айқындылығымен, көркемдік ұстанымның тосындығымен өзгешеленіп тұрады. Оның әр шығармасының оқырманға ұсынылуы өз кезінде белгілі бір мөлшерде әдеби оқиғаға айналып отырды десек, ешқандай да артық айтқандық емес. Алғашқы шығармаларының бірі «Бекет» повесінен бері қарайғы уақыт ішінде «Кеш туған жұлдыз», «Гауһар тас», «Өкпек жолаушы», «Пері мен періште», «Сүйекші», «Мазасыз күндер», «Тыныштық күзетшісі», «Дәрмене» повестері арқылы жазушы өзінің көркемдік позициясын мейлінше айқындай түскен. Бұл шығармалардың кейіпкерлері – қазақи ортада өскен қарапайым жандар. Өздерінің күнделікті тіршіліктерінде кездесіп қалған ірілі-уақты проблемаларды шешу барысында олардың жан дүниелері мен мінез-құлықтары біртіндеп ашылады. Қарапайым оқиғаға құрылған тартыстың астарынан типтік әлеуметтік мәселелер бой көрсетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?