Д. Исабеков «Әпке» шығармасы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 20-сабақ.
«Әпкені» оқушылар сахналады
Алматыдағы №119 мектептің 8-10 сынып оқушылары Дулат Исабековтің «Әпке» пьесасын сахналады. Оқушылардың қойылымын көруге біз де бардық. Қамажайды, оның бауырлары – Тимур, Ермек, Нәзиланы оқушылар өте жақсы сомдады. Көрші әйел мен Қабеннің рөліндегі Олжас пен Әлмираның да ойындары шынайы. Балалардың шығарманың түп мазмұнын түсінгендері аңғарылып тұр. Қойылымды тамашалауға жазушы-драматургтың өзін шақыруды да оқушылар ұмытпапты.«Мектеп бағдарламасынан Дулат ағамыздың «Әпкесімен», «Дерменесімен» танысқан соң, кейбірі «Қарғынды» да өз беттерімен оқып жүр», – дейді ұстаздары Зәмира Өскенқызы. «Әпкені» көрген сайын көзіне жас алатын Дулат ағамыз бұл жолы да толқыды. Қойылым біткесін оқушылар Дулат Исабековке көкейде жүрген сұрақтарын қойып, еркін әңгімелесті. Біз №119 мектеп оқушыларының сол сұхбатын қаз-қалпында беріп отырмыз…
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:
ЛОНДОНҒА БАРЫП, НЕМЕРЕМНІҢ БІЛІМІН ТЕКСЕРМЕКПІН
«Әпкені» жылап отырып жазғам
Дулат ИСАБЕКОВ:
Балалар, «Әпкені» сахналағандарыңа толқып тұрмын. Қартайдым ба, білмеймін, көзімнен жас шығып кетті. Мен «Әпкені» жылап отырып жазғам. Өзім әпкелерімнің қамқорлығын көріп ержеттім. Әпкелерім болмаса, бүгінгідей жазушы болар ма едік, болмас па едік… Бұлай дейтінім, әкеміз соғыстан қайтқан жоқ. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде анамыз қайтыс болып кетті. Біз бес ағайындымыз. Екі әпкем – Бибіқали, Күлайна, сосын ағаларым – Нәбиалы, Пәрмен, кенжесі – мен. Анам кеткен соң екі әпкем бізді кезек-кезек келіп қарады. Тіпті, тұрмыста екендерін, үйлерінің барын ұмытып кетті. Ағам Нәбиалыны сол кезде үлкен кісідей көруші едім. Қазір ойлап қарасам, бар болғаны менен бес-ақ жас үлкен екен ғой. Нәбиалы ағам Арыста 10-сыныпта оқитын. Үйде Пәрмен екеуіміз ғана қалдық. Ол кездегі заң бойынша үздік оқығандарды бірінші жартыжылдықтан кейін институттар өздеріне оқуға қабылдайтын. Нәбиалы ағам Шымкент технологиялық институтының студенті ретінде тіркеліп қойған. Екі әпкем ағама «үйлен» деп қоймады. «Сен оқу деп кетесің. Ал мына інілерің кімнің есігінде жүреді? Екі ұлды интернатқа өткізсек, кейін оларды таппай, айырылып қаламыз» деп жылап, ауылдағы Сәуірбек молданың 17 жасар қызын айттырды. Әпкелерім келінді үйге әкеліп түсіріп, өз үйлеріне кетіп бара жатқандағы сөзі кейіннен «Әпкені» жазуыма түрткі болды.
Әпкелерім аттанарда жеңешемізді ортаға алып, былай дейді:
– Айналайын, Зүлпіш, сен Нәбиалының әйелі емессің, мына екі баланың анасысың. Осыны түсінесің бе?
– Түсінемін, әпке.
– Нәбиалы екеуің қол ұстасып, қыдырып кетіп, есік құлыптаулы қалып, балалар тамның түбінде отырып қалмасын! Осыған уәде бересің бе?
– Уәде беремін, әпке.
– Дулатжан әлі күнге апалап жылайды. Жетім бала өкпешіл. Екеуі өкпелеп екі жаққа кетіп қалмайтынына уәде бересің бе?
– Әпке, ол жағын айта бермеңізші, мен осының бәрін біліп келгенмін, қайда келгенімді жақсы білемін…
Осы әңгімеден кейін әпкелерім көз жастарына ерік беріп, «Екі бала жыламай өссе, саған разымыз» деп үйлеріне кетті. Әпкелерім айлап жатып, бізді қараған кезде бір күні Өкешбай жездем келіп: «Әй, Бибіқали, үйге қайтасың ба, жоқ па? Балалар биттеп-құрттап кетті ғой. Үй-жайыңды, бала-шағаңды ұмыттың ғой тегі» деді ренжіп. Сонда әпкем: «Бала жалғыз менікі емес. Сен олардың әкесісің! Нәбиалы үйленбей, мен бармаймын. Маған баладан гөрі бауыр қымбат. Бала табылады әлі, ал бауырды тауып беретін шешеміз қайтыс болып кеткен», – деді. Осындай сөзді қазір айта аламыз ба?! Ал менің әпкем айтты. Олардың осындай мейірімін көргесін, есейгенде мен қалайша әпке туралы жазбауға тиіспін?!. Пьесаның жазылу тарихы осындай.
Нұрсұлтан ӘБІЛБЕКОВ: «Әпкеңіз» сериал болып ұзарып, жуырда тамашаладық. Сериал көңіліңізден шықты ма?
Дулат ИСАБЕКОВ: Көп жерлері ұнамайды, әрине. 18 серияға ұзарып кетті. «Әпке» екі сағаттық спектакль, оқиғасы қою болатын. 18 бөлімге шашып жібергенде, қай жерде күліп, қай жерде жылайтыныңды білмей де қалатын кездер болды. Бүгін сендердің қойылымдарыңды көріп, «Әпкені» спектакль етіп қойғанның әлдеқайда тұщымды екеніне тағы да көз жеткіздім. Оның үстіне сериалға түсуге біздің актерлар әлі дайын емес екен. Қуанса да, күлсе де, жыласа да беттерінде өзгеріс жоқ. Осыған налыдым. Сериалда Қамажайдың атын Айза деп өзгерттік.
Филфакқа барам дегенімде, жақындарым қолын бір-ақ сілтеген
Әлмира ТӨЛЕБЕКОВА: Сіз қанша жасыңыздан бастап жаза бастадыңыз? Жазушылық қырыңызды қай кезде байқаттыңыз?
Дулат ИСАБЕКОВ: Кім біледі… Қызым, сен мынадай сұрақ қоймағанда, қай кезден бастап жазғанымды ұмытып та қалған екенмін. Оныншы класта бірдеңелер жазатынмын. Шимайымды ешкімге көрсетпей, ұрланып жаздым.Мұқағалидың «Жанды да жансыз, көрінген заттан сыр бағып, Өлетін болдым өзімнен өзім ұрланып» дегені тегін болмаса керек. Жазушылық деген – ұрлықы нәрсе екен. Ә дегенде досыңа, туыстарыңа көрсетуге ұяласың. Дұрыс қабылдамай қала ма деп қорқасың. Тіпті, филфакқа барамын дегенімде, жақындарым қолын бір-ақ сілтеген. «Ауылға келіп, әдебиеттен сабақ бері-і-іп жүрмекшісің бе? Тәшкендегі техникалық институтқа тапсыр одан да. Инженер бол» деген. Бірақ өзімнен инженер шықпайтынын о баста білдім. Әдеби көркем дүниелерге жақын едім. Алғашқы шығармам, шамасы, екінші курста оқып жүргенімде жарияланды-ау деймін. «Жолдар» деген әңгімем «Замандастар» атты жинаққа енді. Өңкей ығай мен сығайдың шығармалары басылған кітапта менің де әңгімем жүрді.
Секен САҒЫНЫШ: Сіздің «Қарғын» романыңызды оқып шықтым. Бірақ романның неліктен «Қарғын» аталғанын соңына дейін оқысам да, түсіне алмадым…
Дулат ИСАБЕКОВ: Көктемде қар еріп, өзен арнасынан тасығанда, сол маңдағы елді су шайып кетеді. Қардың суы үйді қиратып кетпегенімен, босағадан асар-аспастай болып жететін. Сол суды қарғын су дейді. Ол су таудан, өзеннің жоғары жағынан ағып келеді де, бірнеше күн жатады. Біраз күннен соң қайта тартылады. Су тартылған кезде ол өңірде өспеген жаңа өсімдіктер өсіп шыға бастайды. Сондай символикалық мағынамен шығарманы «Қарғын» деп атағанмын. Жазушылық дегенің өзі – түсініксіз бір профессия. Әсіресе, мен «Қарғынды» жазған 80-жылдары солай болатын. Жазушыны отыра қалып, ойына келгенін жаза беретін адамдар сияқты елестететін көбісі. Біреудің махаббатын, қайғысын, тағы біреудің қызметке қандай қиындықпен тұрғанын жазады деп ойлайтын кейбіреулер. Осындай арзан сюжеттерге құрылатын туындылар, жазушылықтың энциклопедиялық мағынасын ұға қоймаған кезіміз болатын. Жазушы деген қандай болуы керек? «Қарғынды» осы сауалдарға жауап беру үшін де жаздым. Жасынды Асқар Сүлейменовтің образы ретінде алғанмын.
Абай біздің заманымызда өмір сүрсе, өлең жазбайтын шығар
Назар ОЛЖАС: Бұрынғы ақын-жазушыларда өз заманының бейнесін көрсететін типтік кейіпкерлер болатын. Қаламгерлер әйел теңдігі, қазақ даласына ағартушылықтың келуі сынды ортақ тақырыптарда жазды. Ал қазіргі ақын-жазушыларда бүгінгі күннің тақырыптары бар ма, қалай ойлайсыз?
Дулат ИСАБЕКОВ: Қазір бәрін жазуға рұқсат. Осының өзі қиын екен. Тыйым салынған тақырыптар болса, жазушы сол тақырыпты жазуға құмартып тұрады. Кеңес Үкіметі кезінде цензура болды дедік. Бірақ сол кездің өзінде цензураға қарамай жазылған мықты-мықты шығармалар болды. Ал қазір «мынаны жазба» деп жатқан ешкім жоқ. Сонда да бүгінгі жазушылар кереметтей романдар тудыра алмай жатырмыз. Өйткені, бүгінгі күннің кейіпкері дейтіндей ортақ кейіпкер жоқ. Идеал адам жоқ. Идеалдың жоқтығы әдебиетке бағытталған қару сияқты. Ақын-жазушылар барлық тақырыпта қалам тартуда. Бәрін қамтып жатқан сияқтымыз. Тіпті, о дүниедегі өмірді жазып жатқандар бар. Бірақ, адамның жанын, кейіпкердің болмысын ашуда ақсаңқыраудамыз. Мысалы, Абайдың жазғандарын әр жаста әртүрлі түсінесің. Менің алдымда қазір өзімнің 30-40 жасымда оқыған Абайдан басқа Абай тұрады. Өзінің бір-ақ томдығымен Абай бүкіл өмірімізге азық болып келе жатыр. Біздің кейбір ақындар 15-20 том кітап жазады. Бірақ сол көптомдықтың ішінде Абайдың бір өлеңіне татитын өлең табылмай қалады. Кейде ойлаймын, Абай біздің заманымызда өмір сүрсе, өлең жазуды қоятын шығар. Өйткені, қазір өлеңнің қадірі кетіп қалды.
Саяжайымды көпбалалы отбасына сыйладым
Абылай ТАЛАПТАНОВ: Сіз үлкен жазушысыз. Қаламгерлердің қоғамдағы келеңсіздіктерге көңілі ауырады деп ойлаймын. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың жағдайы сізді толғандыра ма?
Дулат ИСАБЕКОВ: Адамдардың бір-біріне сатқындығын, кісәпірлігін көрсем, жүрегім ауырады. Абылай, құрғақ сөз болмасын, саған бір жайтты айтып берейін. Талғар жақта 2 қабатты саяжайым бар еді. Сол маңдағы ең жақсы саяжай менікі болатын. Сатсам ба деп ойланып жүргем. Бір күні Монғолиядан келген бір қандасымыз мені іздеп келіпті. Әңгімесін тыңдасам: «Саяжайыңыз бос тұр екен, бізге сатсаңыз қайтеді?» дегенге келтірді. 7 баласы бар екен. Бәрі де мектеп жасында. «Қаншаға аласыңдар?», – десем: «Ақшаңызды бірден бере алмаймыз, жүре қайтарайық. Ай сайын 60 мың теңгеден төлесек дегенбіз» деп төмен қарады. Отағасы ғана жұмыс істейді екен. Сарыөзекте жол жөндеуші болып жүріпті. Айлығы 60 мыңның ар жақ, бер жағында. «Айналайындар-ау, маған 60 мыңнан беріп тұрсаңдар, айлығыңның несі қалады? Балаларың ауа жұта ма сонда?», – дедім. Тұрып жатқан жерлерін көргенімде жүрегім ауырды. 7 баласы жаңа үйге көшеміз деп үміттеніп жүр екен. Жүрегім езіліп кетті. Мен жоқшылықты көп көріп өскен адаммын. Баламды оңаша шақырып алып: «Шиіттей балалары бар екен. Бұл саяжайдың ақшасымен байып кетпеспіз. Ақшасын алмай-ақ, басы бүтін берейік», – дедім. Үйді алмақ болған кісі алғашында сенбеді. Заңгерге барып, саяжайды өзінің атына заңдастырғанымызда, жылады. «Құрығанда 40-50 мың доллар болатын саяжайды тегін беріп жібердің»,– деп үйдегі апаларың біразға дейін құлақ етімді жеп жүрді. Ал маған ақшадан гөрі бір қазақтың болсын жақсы өмір сүргені, амандығы қымбат.
«Жазбай қою да – талант»
Нұрлан ӘЛМҰХАНБЕТОВ: Жазушы ретінде өзіңіздің басты шығармаңызды жазып болдым деп ойлайсыз ба?
Дулат ИСАБЕКОВ: Шығармаларым тарихта қала ма, жоқ па, ол сендерге байланысты, балалар! Туындыларымды оқып, жаңағыдай қойылым етіп сахналап жатсаңдар, сендерге татитын тұщымды дүниенің болғаны шығар. Жас ұрпақтың әңгіме повестерімді оқып, осындай кездесулерге шақырғаны сенімімді сәл де болса нығайтады. «Менің шығармаларым XXI ғасырдың ұрпақтарының қажетіне жараған екен ғой» деп қуанып қаламын. Әр жазушы өзінің шамасын білуі керек. Есіме Асқар Сүлейменовтің бір сөзі түсіп отыр. Асқар: «Жазбай қою да – талант», – дейтін. Өте дұрыс айтады. Өйткені, бұрынғы жазғандарыңды бүлдіресің.
Аружан МҰСАБЕКОВА: Бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?
Дулат ИСАБЕКОВ: Жастар көңілімнен неге шықпасын?! Бүгінгі ұрпақ көңілімнен шықпаса, менің өмір сүруімнің, оларға арнап кітап жазуымның қажеті шамалы. Мейлі «Нобель сыйлығын» алған жазушы болсаң да, сені өз ұлтыңның адамдары оқып, түсінбесе, жазушылығыңның құны көк тиын. Кеңес заманында Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды. Ол мектепке балалар сыймайтын. Кейін Ғ.Мүсірепов атындағы №86 қазақ мектебі ашылды. Егіз қызым Айман мен Шолпанды 1-сыныпқа сол қазақ мектебіне бергім келді. Алматының қақ ортасында, Сейфуллин мен Жамбыл көшелерінің қиылысында тұратын мен 6-ықшамауданға көшіп келдім. Себебі, ұрпағымды қазақша оқытуды қаладым. Ал қазір, Құдайға шүкір, қазақыландық. Жаңа қазақтың биін билегендеріңде көзімде жас тұрды. Сендердің әрқайсысыңның тағдырың жақсы болса деймін. Өмірге келгендеріңе, қазақ болып туғандарыңа қуансаңдар екен.
Алтынай ХАЛЫҚ: Немерелеріңіз туралы айтып беріңізші? Олар қандай мамандықтың иелері?
Дулат ИСАБЕКОВ: Мерей, Әлкей, Бөрте, Уәли, Әлішер, Дәния, Гауһар, Әли атты немерелерім бар. Кіші немерем Әлкей Малайзияда оқыды. Қазір оқуын аяқтап, қызметке кірісті. Үлкен немерем Мерей – Алматыдағы О.Жәутіков атындағы мамандандырылған физика-математика мектебінің түлегі. Қазір Шотландияның Эденбург қаласында білім алуда. I курста математика сабағына қатысқан жоқ. Өйткені, немеремнің 10-11 сыныпта оқып қойған бағдарламасы екен. Немерелерімді 9 айлығынан бастап қойныма жатқызып, қазақтың ертегі-жырларын құлақтарына құйдым. Қазақша тәрбиеленді. Қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақша түс көреді. Мен қазақша түс көрмеген адамды толық қазақ деп есептемеймін. Мерей де, Әлкей де үш тілді жетік меңгерген. Жақында әңгімелерім мен повестер жинағым ағылшын тілінде жарыққа шықпақшы. Сәуірдің 6-сы күні сол кітаптың Лондонда тұсаукесері болмақ. Ал 7-сәуірде Лондонның Корольдер сарайы театрының бөлімшесінде «Өкпек жолаушы» атты пьесамның премьерасы болады. Немерем Мерейге: «Сәуірде Лондонға барамын. Сенің біліміңді сынайтын кез енді келді. Жаныма аудармашы алмаймын. Аудармашым сен боласың. Ағылшын тілін қаншалықты білетініңді сонда тексеремін», – дедім.
Жазып алған
Қарлыға ИБРАГИМОВА.
Суреттерді түсірген автор
(«Ұлан», №6. 11.02.2014)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?