Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 11-сабақ.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫН АЛМАҒАН
Б.Момышұлының күнделігінен:
Мен жоғары штаб академиясын 1948 жылдың басында бітірдім. Ойдағыдай, дұрыс бітірдім. Академия маған өте дұрыс, мақтаулы мінездеме жазып ұясынан ұшырды. ГУК алдымен нашар бітіргендерді бригадаға тағайындап, олардан құтылды. Мақтаулыларды таңдаулы қызметке жібереміз деп бір-екі айдай доғарып ұстады. Сол кезде реформа болып, армия біраз қысқартылды. Мені шақырып алып, маған бірнеше ұсыныстар айтты. Мысалы, «өзің бітіріп шыққан жоғарғы академияға оқытушы болып қалғын», – деді.
– Ол өте құрметті ұсыныс екен.
– Иә, дұрыс айтасыз, бірақ мен Мәскеуде қалғым келмеді.
Мен – 22 жасымнан бері әскер қатарындағы адамның бірімін. Ұлы Отанымыздың көп жерлерін маған қызмет аралатты. Төрт-бес жылғы өмірім қан майдан шебінде өтті.
Мен кеңсе офицері болғаным жоқ. Қатарда да, майданда да алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болдым. Қайда жүрсем де, солдаттармен араласып жүріп, олардың тобының ішінде болуға тырыстым. Қызметті жай қатардағы (рядовой) жауынгерден бастап 15 мың басы (дивизия командирі) болу дәрежесіне дейін жеттім.
З.Ахметованың әңгімесінен:
Көп жер атаның жазған кітаптарын қате жазып жүр. Мысалы, 2008 жылы «Өнер» баспасынан 15 том кітабы шықты. Сол кітаптың артына шыққан ақпарат түгел өтірік. Ал 2010 жылы шыққан кітабының артына дұрыс ақпаратты өзім бердім. Өкінішке қарай, қате ақпаратпен шыққан кітапты олар әлі сатып жатыр. «2005 жылы Халық қаһарманы атағын алды» деп энциклопедияға жазып жіберіпті. Бұл ұят қой. Әлі күнге дейін ондай атақты алған жоқ. Энциклопедиядағыны бәрі көшіріп алып, бере салады. Мысалы, Рақымжан аға Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Сонда әйеліне тапсырды. Ал атаға Батыр атағы берілгенде, «Алтын жұлдыз» бен Ленин орденін Президент Бақытжанға тапсырды. Егер Халық қаһарманы атағын алған болса, оны да Бақытжанға тапсырар еді. Ата 1962 жылы Мекемтас ағаны қасына алып отырып, өзінің көп дүниесін мұрағатқа өткізген. Онда да басы бүтін емес, уақытша сақтауға тапсырған. Сол сақтауға берілген заттарының тізімі менде тұр. Бірақ, айтуға, жариялауға болмайтын, ешкім көрмесін деген дүниесінің барлығы үйде қалды. Кейін Жәмила апайға үйленіп, кететін кезде кілтті маған тапсырып: «Мынаны өзіме айтпай ешкімге көрсетуші болма. Ашушы болма. Әйтпесе қолыңды сындырам! Егер маған керек болып жатса, мен саған арабшалап хат жіберем», – деді. Бірақ, ата оны сұратқан жоқ. Бір рет бір папка керек болып, алып бардым, бірақ қайтып орнына салдым. Мен оны ата қайтыс болғаннан кейін бір-ақ аштым. Ашқаныммен ештеңе беруге болмайтынын көрдім. Егемендік алғаннан кейін үйдегі бар сақтаулы тұрған дүниесін Мекемтас ағаның қолына ұстаттық. «Мынаны көшіріп алыңыздар» деп. Өкінішке қарай, олар менің ескертпемді құлағына ілмеді. Күнделікті кейбір адам кейін оқылсын деп жазады. Кейбір адам өзінің ішіндегісін ақтарып салу үшін жазады. Өзі үшін жазады. Мысалы, мен күнделігімді екі кітапқа пайдаландым. Пайдаланып болғаннан кейін өртеймін. Өйткені, оның ішінде өзгенің көзіне түспеуі керек дүние бар. Халыққа, ұрпаққа қажет нәрсе болмаса, оттың басындағы анау-мынау әңгіменің не керегі бар? Ата туралы кандидаттық қорғайтындар мұрағатқа барады ғой. Сонда оларға заң бойынша мұрагерден рұқсат сұралады. «Аға, кандидаттық қорғайын деп едім, рұқсатыңызды беріңіз» деп келетіндерге Бақытжан қолхат беретін. Сөйтіп, сол рұқсатпен жұмыс істейтін. Бұрын мұрагерлік 25 жыл ғана болған екен. 25 жылдан кейін өкіметке өтіп кететін болған. Қазір ұрпағының көзі тірі тұрғанда жалғаса береді. Бұрын атаның мұрағатына Бақытжан рұқсат беретін, енді қазір ол Ержанға өтті. Бәкең қайтыс болғаннан кейін, заң бойынша алты айдың ішінде қайта рәсімделіп, екіге бөліну керек екен. Маған және Ержанға. «Ендігі жерде Момышұлының бас иесі сенсің» деп, барлығын Ержанның атына аударып бердім. Қазір адамдар заңды біле бермейді. Бәукеңдікі ғой деп, бас-көзге қарамай құрастырып шығады. Мысалы, Мәскеуде №229 мектептің атын атаға берерде Ресей Бақытжаннан рұқсат сұрады. «Әкеңіздің атын мына мектепке беруге ризашылық беріңіз» деп. Бақытжан нотариусқа барып, қолын қойып, рұқсатын берді. Оны электронды поштамен жіберуге болмайды екен. Сонда Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген бір қағазды алып Мәскеуге ұшты. Бұл не? Бұл мәдениеттілік. Мұрагердің құқын қорғау. Ал біз ондайға жете қоймадық. Талай нәрсе шығып кеткеннен кейін көзіміз бақыраяды. Әйтпесе, баспалар бәрін білу керек еді. Бақытжан қол қойып, бәрін бір қарап шығуы керек еді. Мұның ішінде атаның ашуланғанда жаза салған дүниелері де кетіп қалды. Ал ұяты бізге келді. Мысалы, «1940-41 жылы «Ұшқан ұя» деген әңгімесін жазды» деп жүр. Мұны оқыған оқушы солай екен деп шатасады. Ол әңгімесі 1975 жылы шыққан негізі.
http://zhasorken.kz/
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?