Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя». Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 13-сабақ.


 Повесте ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің көрінісін Үбиянның ұзатылу тойынан аңғарамыз. Автордың балалық көңілмен қабылдаған, өзіне ерекше қызық көрінген «ұрын келу» салты шығармада мөлдіреп тұнық баяндалған.

 Жазушы қазақ дәстүріндегі құдалық, құда күтудегі кәде-жоралғылардың жасалу ерекшеліктерін де ерекше мән бере сүйсіне суреттейді: «Базар күні еді. Аюбайдың ауылынан жиырма шақты адам келді. Сөз бастары, жөн бастар, жол сілтері Аюбайдың немере ағасы Оңғарбай деген ақсақал екен».

Аңғал Аюбайдың қыз жеңгелері қойған сыннан өтуі оқырманға еріксіз езу тартқызады. Жұмбақтай сөйлеп, астарлы ой сұраған сауалдың жауабы қарадүрсіндеу болады. «Ай қай жақтан туар екен? – деп күлген бір жеңгесіне Аюбайдың тура жауап бергені бар:

- Кеш батқалы қашан, ендігі ай да шыққан шығар.

Аюбайдың аңғал айтылған адал шындығына біраз келіншектер шиқылдасып күлісіп алды.

- Шолпанның тұрағы қайсы екен, ай мекені қайда екен? – деді енді біреуі.

Аюбайдың жауабы тағы да қарабайыр болды. Тағы да көңілдегі шындығын айтып салды.

- Ай мен Шолпанның тұрағын үйде отырып қалай ажыратайын?

Келіншектер қайтадан күлісті. Аюбай қызарақтап, күйеу жолдасына қарай береді. Қысылғанда көмек сұраған сыңайы бар».

 Бұдан кейін оқырман аңғал Аюбайдың қыздармен айтыс кезінде жауап қайтара алмай амалы құрығанын, ақыр соңында оның қылықтарын досы Оңдастың «Ешкімге айта көрмеңдер» деп абдырағанының куәсі болады. Ақ отауға кірген Үбиянға тұрып сәлемдесудің ретін білмеген күйеу жігіттен қалыңдық көңілі әбден қалады. Осы бір сәт жазушының Үбиян аузына салған «қызға сөз салардан бұрын, сөз мәнісін түсінер болар еді. Сөз қадірін ұқпаған, өз қадірін қалай білмек» деген сөзі салмақты ойға жетелейді. Автор Аюбайға айтылған сөздің түп-төркіні отбасылық тәрбиеге тірелетінін аңғартады.

 Үбиянның ұзатылар алдындағы ағайын-туманы аралауға аттанғаны да автор назарынан тыс қалмайды: «Тойға екі апта қалғанда Үбиян ағайын-туған, жекжат-жұрағаттармен танысуға аттанады. Әпкемнің қасына екі жігіт, үш келіншек ерді. Байқап отырсам, осынау дәстүрдің үлкен мәні бар екен ғой. Ауылынан аттанып, қызықты дәуренімен қоштасар алдындағы қыздың ең соңғы рет емін-еркін салтанат құруы сияқты екен бұл».

 Шығармадағы қалың мал салтының суреттелуі де көңіл аудартпай қоймайды. Бұл салт ХХ ғасыр басында жазылған әдеби туындыларда кертартпалық жағынан суреттеледі. С. Көбеевтің «Қалың мал» романы, С. Торайғыров «Кім жазықты» т.б. көркем шығармалар арқылы бұл салттың кертартпалыққа айналған себептері біршама ашылған. Мұндай салттарды Кеңес үкіметі де өз мүддесіне шебер пайдаланды. Ұлтымыздың ұлттық санасына теріс бағдар беріп, ата дәстүрінен бездіріп, өздеріне қажетті идиологияның аясын кеңейтті.

 Жазушы қалыңға алынатын малдың қайда жұмсалатынын түйіндеп көрсетеді. Олардың жасау-жабдыққа жұмсалғандығын суреттейді. Аяулы әжесі «табақ-аяқ, көрпе-төсек, жасау-жабдықтарын түгендеп, ине-жіпке дейін қалдырмаймын деген сөздерін баяндай келе «қалыңмал қанша көбейсе де, қорамызға тұяқ қосылмай, азая берді. Бәрі жасау-жабдыққа жаратылып жатыр еді». Осы шығарманы оқығанда, қызын сатып, байып жатқан қазақты емес, болашақ перзентінің қамын ойлаған адал азаматты көреміз. Жас үйленген отбасы үшін қалыңмал дәстүрінің қаншалықты маңызды болғанын көре аламыз. Ұрпақ санасына теріс түсіндіріліп келген бұл салттың шынайы мәні тек «Ұшқан ұяда» ғана ашық та айқын анықталған.

 Әрине, қаламгер тарапынан қалың мал рәсімінің қазақ тұрмысының келеңсіздігіне де баға беріледі. Жазушы өз көзімен көрген, бұл дәстүрдің кері кері әсерін Зәрипа тағдыры арқылы шығармаға арқау еткен.

 Көнеден келе жатқан халықтың салт-дәстүрінің бірі – ұзатылар қыздың отауын тігу: «Жасау-жабдық түгелденіп болған соң әпкемді ертіп келді. Ауылдың үлкен жеңгесі алдынан қарсы алып, қолтықтады да отауға қарай беттеді. Осы сәтте әйелдердің толқуында шек жоқ еді. Бәрі қыбырсыз тына қалды. Демдерін іштеріне тартып салтанатты сәт күткендей кейбіреуі көзіне жас алып жатыр. Әлгі үлкен жеңгеміз босағаға жақындағанда Үбиянға тіл қатты:

- Отауыңа оң сәт тілеп, есігін аштырғалы тұрмыз, еркежан. Отауың бақытқа толсын, иелері қайғысыз болсын. Даусы біртүрлі қалтырап шықты».

 Қазақ дәстүрінде ұзатылар қыздың киіміне де ерекше мән берілген. Қалыңдық киімі он саусағынан өнері тамған ауыл шеберлерінің қолынан шығады. Қаламгер оқырман назарын ұзатылып бара жатқан Үбиянға дайындалған киім арқылы ұлттық киіміміздің куә-сырына қанықтыруды мақсат еткені байқалады: «Раушан түстес бүрме етек көйлекті кигенде әпкемді танымай қалдым. Керемет жарасымды екен. Көйлек сыртынан қынамабел көкбарқыт бешпет киді. Құндыз бөркінің төбесінде үкі желбірейді. Қос бұрымының ұшынан күміс тамшы төгілгендей, арқасында әсем шолпы сылдырайды. Аяғында биік өкше оюлы етік. Мойны моншаққа толы, кеудесін алқа көмкеріп тұр. Аппақ білегінде қос-қостан күміс білезік. Саусақтары сақинамен безенген. Тырнағына аздап сүрме жаққандай көрінді». Кейіпкер портретін жасаудағы шеберлік жалаң емес, ой, толғамға толы. Оның арғы жағында ұлттық дәстүрге деген терең сүйіспеншілік байқалады.

http://group-global.org/ru/publication/55070-bmomyshulynyn-ushkan-uya-shygarmasyndagy-ulttyk-pedagogika-korinisteri



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу