Ш.Құдайбердіұлы «Жастарға» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 3-сабақ.


Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Шәкәрім – Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытушы

Дастан Қастай - 04.04.201709555

Шәкәрім – қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы.Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрімнің дүние көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шындалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Батыс, Шығыс әдебиеттерін жетік білген.Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстаған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын болған. Шәкәрім шығармасы сан-салалығымен ерекшеленеді. «Жастарға», «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлендері Абай үлгісінде жазылған. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар». «Анық асық әулие», «Шын сырым». «Арман», «Насихат» өлеңдерінің авторы.Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнынын өмірмен етене жақындасуына мол еңбек сіңірген.

Ақынның шығармашылығы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады.

Шәкәрім өзі өмір сүрген кездің, қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуын, өсу дәрежесін, кемшіліктерін т.б. жан-жақты саралап жете түсіне білген. Өз халқының болашағы үшін жанын ауыртып, тұйықтан шығар жол іздеумен болған. Келешек жастарға үлкен үмітпен қарап, сенім білдірген.

Шәкәрімнің «Жастарға» атты өлеңінде жақын ағасы Абайдың биік ақыл-ой-парасатын, білімін, халыққа, болашаққа жол сілтеуші ретінде ерекше бағалап, түсінгенін көреміз. Оның кемеңгер даналығына бас иеді, одан үлгі алуға, өнеге, ғибрат тұтуға бүкіл қазақ жастарын шақырады, үндеу айтады. Мыс:

Білімді сол кісіден ізденелік!

«Әдейі іздеп біз келдік сізге» – делік

«Өмір зая болмастық өнер үйрет,

Ақылыңды аяма бізге» – делік…

Өмірдің шам-шырағы, жарық, жұлдызы, бар қазақ үшін ұлы тұлға болатынын көрегендікпен дәл болжайды.

…Надандықтан еліріп босқа жүрсең,

Мына заман қөрсетер бізге тарлық», –дей философиялық тұрғыдан тұжырым жасай отырып, жастардың сана сарайын ашудың жолдарын іздестіреді.

Абайдың ұлылығын түсінбей, ұқпағандарды сынға алады, надандығын ашып айтып, олардан аулақ болуға шақырады. Халқының, жастардың болашақ тағдырына зор үмітпен қарап, алға ұмтылуға үндеуді азаматтық парызым деп ұққанын көреміз.

Қазақ халқының мәдениетті, білімді ел болып басқа елдермен тең болуын армандаған ақын, ел ішіндегі келеңсіз жайлардан қорқады, жаман әдеттен арылуды мақсат тұтады.

Қазақтың жайнар даласы,

Жетілер оқып баласы.

Шошытатын мені сол,

Олардың күнде, таласы, –деген өлең жолдарынан ақынның ащы даусын, жүрек жарды үнін анық танимыз. Бұл толғаныстың бүгінгі, ертеңгі заманның адамдары үшін қажеттілігі мен құндылығы, мән-мағынасы жарқырай беретіні сөзсіз. Ақын қорқынышы кімді де болса ойлантпай қоймайды. Күндестік, мақтаншақтық жақсы жолға апармайтынын жеріне жеткізе айтады.

Өз халқының тағдырына ерекше жаны ашыған ақын Абай сияқты айналасындағы келеңсіз жайттарға сын көзбен қарайды, озық елдердің тәжірибесін үлгі тұтады.

«Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп,

Қазақ қашан ел болар құдайым-ай, – деп жалқаулық пен еңбексіз, қыдырымпаз тоғышарларды паш ете отырып, өзінің лирикалық туындыларында қатты сынға алып көрсетіп, одан құтылудың жолын нұсқайды, өзіндік ой-тұжырымдарын білдіреді.

Шығыс пен Батыстың көптеген туындылары Шәкәрім шығармашылығы арқылы қазақ еліне белгілі болды. Ол XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің озық туындыларымен танысты. Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Л.Толстой, Некрасов, Салтыков, Щедрин т.б. еңбектерін шығармашылық тұрғыдан зерттеп үйреніп, терең үңіліп, нәрін түсінген. Өзінің тарихи-философиялық, эстетикалық ой-тұжырымдарын қалыптастыруға орнымен пайдалана білген, өзін «Толстойдың шәкіртімін» – деп мақтан тұтып, бірнеше әңгімелерін қазақ тіліне аударған; Пушкиннің «Дубровский», «Боран», повесін өлеңмен аударып, 1908 жылы жариялаған.

Тынбай ізденуінің арқасында Шәкәрім философ Шопэнгауердің, Ало Бичер Стоу Гариэттидің еңбектерімен танысып қоғам, өмір жайлы көзқарастарына сын пікір білдірген. Ақын ең негізгі артта қалар байлық ғылым, білім, өнер екенін айтып ерекше бағалағанын

Анық байлық дүниеге біткен өнер,

Білімдінің бәрі де соған көнер, – деген жолдарынан анық көреміз. Шәкәрім – өзінің ізгі ойларын, халқына деген адал махаббатын өлеңмен өрнектеп жеткізген ақын.

Ш.Құдайбердіұлы

http://bigox.kz/shakarim-kudajberdiuly-1858-1931/

 Қазақ әдебиетінің бес арысы – Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, М.Дұлатов, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев білім, жалпы ұлттың руханият саласында ерен еңбек еткен. Олардың қаламынан туған туындыларда әлеуметтік – қоғамдық жағдайлар, қазақ халқының азаттығы мен теңдігі кең орын алған.

 Шәкәрім Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында өмірге келген. Әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Ш.Абайдың немере інісі болғандықтан тәлім, тәрбиені мол алған. Ұлттық дәстүр-өнегесін көріп өскен. Әкесі өмірден өткен соң Шәкәрім Құнанбайдың тәрбиесінде болады. Абайдың ақыл-кеңесін тыңдап, жас кезінен өз бетінше ізденген. Бірнеше тілді (араб, түрік, парсы, орыс) еркін меңгерген.

 Шәкәрім-пәлсапалық өлең-поэмаларымен елге танымал болды. Ол өлеңді «өнер» деп танып, оған биік талап, талғаммен қараған. «Арман», «Жастарға», «Қазақ айнасы», және т.б өлеңдерінде, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмаларында, «Бәйшешек бақшасы», «Өзімшілдік» сынды прозалық туындыларында адамның өмірімен, еңбегі, тағдыры, талап, тілектері терең танылады.

 Шәкәрім –ұлы гуманист, кемеңгер, ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі. Ол Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп, дамыған демократиялық идеяларды, халықтың азаттығын ту ғып ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп еркін дамуын аңсаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі. Шәкәрімнің гуманистік, адамгершілік идеяларын-адал еңбекті, әділеттілікті, мейірімділікті жақтауы, зорлық-зомбылықты, қиянатшылдықты әшкерелеуі прогресшіл, жаңашыл қоғамдық күштердің озат ой-санасының жарқын көрінісі болғаны және халықтың түпкі түбегейлі арман-мүдделерін терең түсінуден туғаны анық. Шәкәрімнің дүниетанымы, қоғамдық ой-пікірлері, философиялық көзқарастары Х1Х ғасырдың екінші жартысында негізінен қалыптасты. ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде Шәкәрім ойшыл, ақын-жазушы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылған, Абай заманына өзгелерден бір табан жақын тұрған, екі ғасыр арасын жалғастырушы ірі тұлға болды.

 Шәкәрімнің қайталанбас өзіндік ақындық тұлғасын танытатын сипат-қасиеттер лирикасына тән нақыл насихатшылдық, фәлсапашылдық, поэмаларындағы дастаншылдық дәстүр, шығыс ақындарының көркемдік үлгі өрнектерін қызықтауы, орыс әдебиетінің сюжеттеріне бой ұруда, шежірешілдегі-бәрі де өз заманың тілек–талаптарына сәйкес қалыптасқан. Шәкәрімнің ақындық әлемі бай, көп қырлы, тақырыбы, жанрлық түрлері жағынан да сан алуан. Ақынның «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» сияқты дастандарынан халық өмірін терең білетін, сан ғасырлық халық поэзиясының, сөз өнерінің бай дәстүрлерін, бейнелеу тәсілдерін еркін игергенін айқын аңғарсақ, фәлсапалық лирикасына өте күрделі философиялық ойларды әсерлі жеткізудегі ақындық шеберлігін, жаңашылдығын сезініп тәнті боламыз. Шәкәрімнің өлеңдеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарыны да анық танылады. Бұл жағынан алғанда Шәкәрім қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзі әдебиетінде өте сирек құбылыс дей аламыз. «Жастарға» атты 1879 жылы жазылған өлеңінде:

  Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

 Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.

  Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

  Бір білімді данышпан жан табалық.

Ал, енді олай болса, кімді алалық,

   Қазақта қай жақсы бар, көз саларлық.

  Шын іздесек – табармыз шыны ғылым!

Жалыналық Абайға, жүр, баралық.

 Шәкәрім жастардың өмірлік мақсаты туралы айта отырып, өзінің өнерпаздық бағытын да айқындайды «Қазақта қай жақсы бар сөз саларлық?» деген сауал қойып, кім болса да үлгі аларлық «білімді, данышпан», шынайы ғылым «Абай» дейді. Өлеңнің негізгі идеясы-жастарды Абайдың жолымен жүруге шақыру. Абайдың арман-мұратын білім, ғылым үйренуді, адал еңбек етуді, адамгершілікті, әділдікті ту етіп көтеру, надандыққа, ала ауыздыққа қарап күресу.

 Шәкәрім өзіне Абайдың шыншыл сөздері қатты әсер еткенін тебірене атады. Абайдың салған ізімен жүру бірден-бір дұрыс деген шешімге келеді.

 Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көңіл-күйі, ішкі сезім әсерлері, махабббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын күшті.Шәкәрімнің ойшылдығының, ақылдығына тән фәлсапашылдығының сыры неде десек, бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жыраулармен қатар арғы-бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және батыс ақындарының шығармаларының өте жақсы білген.

 Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану салаларындағы түрік тілдегі, орыс тілдегі, араб тіліндегі ғылым еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан-жақты, энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты дана адам болған.

 Шәкәрім қазақ поэмасында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты. Ойшыл ақын адамның ақыл парасатына  айрықша зор мән береді.Ол адамның сезу, сезіну, дүние болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, не нәрсенің болсын ішкі сырын, көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердін арасын ажыратып,болмыстың, дүниетану мен моральдың негізі «ақыл» деп санайды. Ақыл, парасатты, қандай да нәрсені, құбылысты дұрыс түсініп бағалауға, ақ-қараны айыра білуге мүмкіндік береді, сондықтан «ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау» деп түйіндейді.

 «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» деген өлеңінде Шәкәрім сол нұрды, ақылдың керемет күш-қуатын адам жақсы іске ғана емес, сонымен қатар күн көріс үшін, пайда үшін зұлымдық пен айла жасауға да жұмсап тұр дейді. «Адал еңбек, ақпейіл, мейірім бар жерде ғана таза ақыл болады, яғни адал ниетпен ақылға билетіп, ешкімге қиянат қылмай істелген іс адамды мұратқа жеткізеді» деген ой түйеді.

 Шәкәрім «ойлау, ойлану» деген ұғымға үлкен мән береді, оны өмір- болмыстың, дүниенің ғажап сырларына терең бойлау, не нәрсені болсын  ақылмен  сынап, ұғып-түсіну мағынасында алып қарайды.

«Тау бойындағы ой» деген өлеңінде дөңгеленген жердің күнді айналып жүретіні көзбен көру арқылы емес, ойлау, топшылау арқылы анықталған дегенді айтады:

Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,

Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!

Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,

Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!

 «Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?» деген өлеңінде Шәкәрім дүниеде  таңғаларлық нәрсе өте көп, алайда бәрінде де заңдылық , қисын бар деген пікір айта келіп, «себебі толымдының ісі толық» дейді. Яғни, бұдан дүниенің кереметтігі шексіз болса, жаратушының кұдіреті де шексіз деген мағына туады:

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?

Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?

Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?

  Шәкәрімнің философиялық өлеңдері ой тереңдегі, пікір сонылығымен танымдық және моральдық адамгершілік мәселелерін ұштастыра білумен оқымысты ақынның өнерпаздық тұлғасына сай интеллектуалдық сипат алған.

Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның  мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да Шәкәрім ақыл-ой талабын, ақыл-парасаттылықты қандай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп қояды. Ол әр адамның ісіне өзі сын көзімен қарап, биік талап қоя білуі, қиыншылыққа төзіп, табандылық, қажырлылық танытуы қажет екенін баса айтады.

Өмірдің өкініші аз болмайтынын айта отырып, ақыл- парасаттылық,ой тазалығы адамның уайым-қайғыға бой алдырмай, саналы қылық қылуына басшы болады деп  пайымдайды ақын.

«Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл»,- дей отырып, әр адам өз қабілетін дұрыс бағалай біліп, өзінің қолынан келетін істі атқаруға ұмтылуы қажет екенін, өмірдегі нақтылы жағдайды, мүмкіндікті айқын түсіне біліп, соған орай әрекет қылғанда ғана адам сәтсіздікке ұшырамайтынын мейлінше дәлелді етіп көрсетеді.Адам өзіне сыншы болып, өмірге саналы көзбен қарауға үйренсе, әр нәрсенің себеп-салдарын анық танып, біле алады, сонда ол өз ісінің сәтсіздігін өзгеден көрмей, нақтылы жағдайды дұрыс бағалап, содан өзіне сабақ алады деген үлкен ғибараттылық  мәні бар түйінді ой қорытады.

Қазақ қоғамындағы, жағдайды, әлеуметтік ортаны, әртүрлі топты өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін жан-жақты барлап, терең түсінген шығармаларында шынайы бейнелеп берген Шәкәрім халықты ескілік шырмауынан шығарып, өркениетке бастайтын бірден-бір өнімді сара жол өнер-білімге қол жеткізу, ғылым үйренуді керемет уағыздап, ғұлама ғалымдарды, ойшылдарды қастерлейді.

Ақын елді өнер-білім мен ғылымға жұмылдыруға кедергі болып отырған араздық, берекесіз талас-тартысты, керенаулықты сынға алады. Өнеріңді, ғылымды елге жай,«пайдалансын өзгелер», «сусағанның сусыны бол», өнер, білім, ғылымның жетістіктерін ел игілігіне жұмсауды талап етеді.

Өнер – білім, ғылым үйрену мәселесін ойшыл ақын халықтың мүддесімен, биік адамгершілік, әділеттілік, махаббат, адал еңбек ете білу, талаптылық, жігерлілік секілді қасиеттерді үлгі тұтады. Бұл қасиеттер мейірімділік, имандылық арқылы толысып, жетілетінін атап айтады.

Адамдық борышың

Халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

-деген  сөздері Шәкәрімнің жоғарыда келтірген пікірлерімен тікелей жалғас, солардың қорытынды-түйіні деуге лайық.

Ұзақ жылдар барлық қүш-қайратын жұмсап, білім іздеген, ғылымды түсіріп, кейінгіге мұра етіп қалдыруды мақсат тұтады. Жасы ұлғайған шақта өнімсіз талас-тартыстан бойын аластатып, қалған өмірін оңаша, еркін творчестволық еңбекке арнағанды пайдалырақ көреді. Алайда, ақын  идеологиялық қүрес-тартыстарға араласпай, қанша шеттесе де, тоталитаризмнің зардабын тартып, заңсыздықтың құрбаны болды.

Шәкәрімнің асқан ақындық шеберлігі оның өлең өрнегін түрлендіру өнегесінен айқын байқалады.

Өлең сөздің қадыр-қасиетін, қоғам өміріндегі маңызын терең түсінген Шәкәрім ақындардың алдына қойылатын міндет қаншалықты зор екенін тебірене айтады. «Ескі ақындық» атты өлеңінде Шәкәрім бұрынғы жырау, жыршылардың, суырып салма ақындардың шеберлігін, өнерпаздық өнегесін аса жоғары бағалайды.

Шәкәрім шығармаларын бүгінгі күннің биігінен қарап талдап, бағалау, сөйтіп оларды өз тәуелсіздігін қолына алған еліміздің игілігіне аса беруіне  үлес қосу-әрбір зерттеушіге, өнер иесіне де ортақ міндет.

ДайындағанМұратов Айбол, арнайы Bigox.kz сайтын қолданушылар үшін.

Ш.Құдайбердіұлы

http://bilim-all.kz/olen/359-Ei-zhastar-qalai-deisin-bul-dunie

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние...

Ей, жастар, қалай дейсiң бұл дүние,

Мұны бүйтiп жаратқан қандай кие?

Бiлiмсiз, мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, бiлiм, ой шығар бар ма жүйе?

Керексiз жаралған бiр тозаңы жоқ,

Тәртiбi таң қаларлық зор мәшине.

Алыстан iздемей-ақ ойласаңыз,

Көру үшiн жаралған көзiңiз де.

Cебебi толымдының iсi толық,

Ең түпкi жаратушы – мiнсiз ие.

Күш, бiлiм, шеберлiктi iс бiлгiзер,

Естi, мiнсiз шебердiң iсi емей не?

Ұлықтарша қорқытпай законменен,

Молдаларша теңемей кәпiрменен.

Егер сөзiм қонбаса көкейiңе,

Жығарлық дәлелiңдi айт ақылменен.

Дағды, күншiл, өзiмшiл, айла, мақтан

Қайрылмай дос-жарыңа, жақынменен.

Ар, нысапқа не жауап берер едiң,

Түзу iстi қисайтсаң тақылменен.

«Құдай жоқ, қиямет жоқ» десең-дағы,

Арың жолдас емес пе мақұлменен?

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...

http://www.kazmuz.kz/index.php?id=6203&lang=rus

Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек,

Бұған – ұйқасты өлең, сөз керек,

Өзіне орайлы,

Денең -жан нұрлы болса жөнделмек,

Өлең- әнге өлшеп айтса өңделмек,

Ұйқасқа қолайлы.

Ән өлшеуіш, өлең күміс,

Қоспаңыз мыс аралас.

Артық елу, не кем салу,

Әрпі қалу жарамас.

Ауыр,- осы әнге тұщы сөз салмақ,

Тәуір,- татымды ұйқас жиналмақ,

Тереңнен толғанып.

Сырын бұл әннің айтып қарайын,

Түрін,-сипаттап тізіп санайын,

Өлең тап ойланып.

Буыны сегіз, алтауы егіз,

Үш ем деңіз,екеуі,

Кім дәл басты, кілтін ашты,

Жақсы ұйқасты нешеуі?



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу