Мұрат Мөңкеұлы "Үш қиян" өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 6-сабақ.


Мұрат шығармалары - қазақ тарихының айнасы

Міне, содан бері табандаған 90 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынған жоқ.Ал, шындығында Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б.толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баян-далады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары - әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және басқа да мәселелердің басын ашып алу – біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса маңызды шаруасы. Сайып келгенде, Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше, бұл маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер кешенді түрде араласуы керек. Себебі, ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.Сонымен қатар, ақынның толғауларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. Осы тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер келтіре кетсек:

«Ақтөбе мен Қорғанша

Асан қайғы бабаның 

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып

Әңгіме құрып кеткен жер».

Асан қайғы Сәбитұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Шора Нәрікұлы, Жаңбыршыұлы Телағыс бәрі де тарихта болған адамдар. Мұраттың «Сарыарқа» толғауының басты кейіпкерлерінің бірі – ер Есболай.Ол - жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы талай қанды жорықтарға қатысып, Кіші жүз территориясын жаудан азат еткен, Байұлы руларын атажұртқа қайтадан қоныстандырған, аштық, жұт жылдары халыққа қол ұшын беріп Атымтай жомарт атанған тарихи тұлға. Бұл жөнінде Мұрат:

«Бұл жерге содан кейін қазақ қонған,

Әдірә талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойына үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

Айтамын бұрынғының дабылынан.

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген»,-  дейді.Есболай өзінің үзеңгілес жолдастары Кете Әжібай, Адай Шотанмен біріге отырып, әрбір ұлыс, руларға жер бөліп, қоныстандырумен шектелмей, ең бастысы,  атамекенді қалмақтардан тазарту ісіне тікелей араласқан. Мұрат толғауларында кеңінен жырланатын Есболай ұрпақтары атасының ерлік дәстүрін қатаң ұстанған, оларда кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік үлгісін үзбестен жалғастырып келген.Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімұлы атап көрсеткендей, Итемгеннің Қарасы Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен батыр. Қараның Есеті – белгілі би, ақын-жырау, алшынның үш Есетінің бірі. Есболайдың шөбере, шөпшектері – Құлбарақ, Жапарберді (Дәрі қауымында жерленген), Жұматай, Дәрі, Кебіс, Құлшар жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарға қатысқан атышулы батырлар. Есболайдың ерен ерлігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі оның қисапсыз байлығымен қатар аталады. Есболай заманында өз байлығымен тек ет жақын ағайындарымен ғана емес, бастарына ауыртпалық түскен, жұтқа ұшырап, тігуге тұяғы қалмаған бүкіл әлеуметпен бөліскен жомарт адам болыпты. «Аққа құдай жақ» дегендей, Есболай әулетінің атадан балаға мұра болып келе жатқан, аңызға айналған байлығы кеңестік дәуірге міні құрымай жетіпті. Алайда, кешегі байларға аш қасқырша шапқан заманда мал-мүлкі талан-таражға түсіп, тағдыры тәлкек болған Құрық, Дәулетияр, Қарағұл, Байбосын, Тәлкен секілді Қарабау өңірінің ірі байлары Есболай әулетінің ұрпақтары көрінеді. Өкінішке орай, Есболай да, оны жырларына арқау еткен Мұраттың өзі де күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.Осы орайда өзімнің өткен жылдың шілде айында Англия еліне барған сапарым еске түседі. Өзінің ұлттық батырлары мен мақтаныштарын ұлығылау мен есте сақтау жөнінен ағылшындарға жететін халық жоқ па деп қалдым.Лондон қаласы толған ескерткіштер. Біздің дәуіріміздің ІV ғасырында римдіктерге қарсы күрескен ағылшынның қаhарман әйелі Боудиккадан бастап, адмирал Нельсонның, герцог Веллигтонскийдің, сэр У.Черчилльдің және басқалардың ескерткіштері ағылшын астанасына көрік беріп тұрғанын көргенімде, құдайым-ау біздің елімізде неліктен өз мақтаныштарымызға лайықты ескерткіштер орнатылмайды екен деп қынжылдым. Сол Есболай ғой кезінде Кіші жүздің мыңдаған тұрғындарын аштықтан құтқарып қалды. Неге оның атын Құлсары, Атырау қалаларындағы бір үлкен көшеге немесе толып жатқан сүреңсіз аттармен алмастырып не ауылдар мен елді мекендерге бермеске? Жылой мен Мақат аудандарынан көшірілген немесе сол жерлерге орналастырылған қайсыбір елді мекендер ұлы бабамыздың атын алуға сұранып-ақ  тұр. Мысалы, Сарқамыс, Жаңа Қаратон деген атауларды Есболай сынды бабамыздың атына неге өзгертпеске? Сонымен қатар, бүкіл Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары «Едіге», «Қырымның қырық батыры» жырларын, бұған қоса Шалгездің, Қазтуғанның, Махамбеттің шығармаларын біздің заманымызға шашауын шығармай бірден-бір жеткізуші ұлы жерлесіміз Мұратқа лайықты ескерткіш орнату мәселесін де шешкен жөн болар еді.Мұраттың «Сарыарқа», «Үш қиян» толғаулары шоқтығы биік туындылар. Бұл – тарих, берісі алшын, әрісі – алаш тарихы, сонау ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол – желмаямен жер қараған Асан қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге діндегілерден сескеніп, қонысты талақ еткен Қазтуған; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан. «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Астраханның жерін де алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды, Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды... Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны... Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей, оны да аңсыз жерде жазымдады... Соңынан Әлім менен Табынды алды, тоздырып ақсүйектің тағын да алды. Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы, Тағынан хан тайған соң, бақыр қалды» -  дейтіні анық тарих.

Қорытындылай келгенде, Мұрат жырларында қазақ тарихына қатысты көптеген деректер кездеседі. Жоғарыда берілген мәліметтер үлкен жұмыстың тек бастамасы ғана. Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл 170 жыл. Осыған байланысты республикалық конференция өткізілсе, игі болар еді.

Ш.НАҒИМОВ, Атырау мемлекеттік университетінің доценті, п.ғ.к.,

ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері

http://www.rusnauka.com/14_NPE_2015/Philologia/8_192951.doc.htm

Ақатаева Ш.Б., ф.ғ.к., доцент

Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университеті, Қазақстан

 

МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ АЙТЫСКЕРЛІГІ МЕН ШЕЖІРЕШІЛДІГІ

 Мұрат Мөңкеұлы сонымен бірге айтыскер ақын болған. Баспа бетін көріп жүргені тек бес – ақ айтысы бар:Жаскелең, Бала Ораз, Жантөлі, Тыныштық, Ізім шайырмен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Олардың ең мәндісі ,біздіңше, Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл – екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта алатын туынды [1,42].

 Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жатөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.Басы таз, өзіне тең емес, кемтар адамға қосылғаны бетіне шіркеу болады. Таң сәрінен келіп, үй сыртынан Жантөліге тиіскен Мұрат оны ұтымды сөзбен торлап, бұлтартпайды. Жантөлі де оп – оңай шалдыра қоймайды .Амал не ? Өзі сүймей қосылған, тең емес күйеуінің қорлығы оның алдын орап кетеді.

 Мұрат:                  ...Жантөлі жас күніңнен болдық телі,

                                  Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі,

                                  Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

                                  Жантөлі үйіңнен шық көріскелі.

 Жантөлі:                ...Құда – еке жас күніңнен болдық телі,

                                 Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.

                                 Көп айдың көрмегелі жүзі болса ,

                                 Асықпай атыңнан түс сөйлескелі.

 Айтыстың сөздерін естіп тұрған Жантөлінің күйеуі намыстанып екі рет әйеліне «қой енді» ,- деп қолымен қақпалайды. Сонда ызалы Жантөлі күйеуіне:

                             Бір қақтың ақ бетіме ашуменен,

                             Жігітке ашу ұят асылы леген.

                             Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,

                             Мен бе едім ақ қара бас құрт басың жеген?!- деп қолындағы домбырасын лақтырып жіберіпті. Сонда Мұрат :

                              Бір түгіл екі соқса жаның шықсын,

                              Осыған кісі келерме , басын көрген, - депті .

 Айтыс осылайша аяқталады.Бұл арада Жантөлі сөз таба алмай жеңілмейді, оның да Сара сияқты еркіндігі болмағаны бетіне шіркеу болады. Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым айтыс формасы негізінен әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысатындардың біразы айтыстың осыбір халықтық түрін ұнатса керек[2,78-79].

 Мұраттың Жылқышы деген ақынмен айтысы оның жасырақ кезінде өткен. Төселген сақа ақын Жылқышыны жаста болса , тиісе сөйлейді. Оны тұтқынға түскен құлдан шықтың , тегің төмен деп кемітеді. Жылқышының сұрағына мүдірмей жауап беріп отырады. Айтыстың екі ақынның өлеңмен сайысы ретінде айтар сөзге бөгелмей тапқырлық танытқандығымен ғана ескерерлік.  Әйтпесе, үлкен мәселе көтерген айтыс емес.

 Мұраттың Ізім шайырмен айтысы да – созылмаған қысқа диалог . Өзі ұрынған Ізім шайыр алғашқы сөзден – ақ Мұраттың өктем де тапқыр сөзінен тосылып, енді аузын ашпай, өзінің жеңілгенін мойындайды. Ізім өзінің тамадан шыққан қарабура елінен екенін, - сом алтын, болат темірмін, қара қасқа қабанмын, - деп бастаған да , оған Мұрат:

                             ...Қара болсаң далада,

                              Қарауытып тұрған моласың,

                              Тама болсаң келімсек,

                              Жетіруға қонақсың.

                              Сол таманың ішінде ,

                              Ізім атты бір баласысың, - деп жауап береді.

 Мұраттың Жаскелеңмен айтысы да ұзақ емес.Үлкен бір тойды бастау рәсімі үшін таласқан екі ақын егесіп, соңы Жаскелеңнің жеңілісімен аяқталады.

 Мұраттың Бала Оразбен де айтысы бастала түсіп аяталған қысқа тіл қағыс. Таз деген елдің БалаОраз деген ақынын Үшіктегі жәрмеңкеде кездестіріп , айтысқа тартады.Сол басталған шақта Байұлының екі ақыны тартысып жатқанын көріп,жиын басылары бұларды тоқтатып тастапты. Айтыстан үзінді:

         Бала Ораз:   ...Жемнің бойын алдырмай,

                             Жемге қала салдырмай,

                             Дін қылышын сермедім,

                             Қарабау мен Қаракөл,

                             Тайсоған бүйрек ішінде,

                             Бұқпақтап көшкен берішке,

                             Тола ма менің шеңгелім?!

         Мұрат:           ...Ондай қашқын, ұрыны,

                             Мақтауда етіп келгенің,

                             Топ ішінде өлгенің .

                             Заманға қарай сөз керек ...

                             Және айтасыз берішті,

                             Беріштің ісі тегісті [3,280].

 Келтірілген ақын сөздері де елінің басты батыр ерлерін тілдеріне тиек етіп. әрқайсысы өздері шыққан ұлыстарының арын арашалап, сойылын соққан.

 Мұраттың Тыныштықпен айтысы да басқа айтыстармен сарындас .Елу жастағы Тыныштық пен жігіт Мұраттың айтысы тең түспейді.Сөйтсе де, екеуі де саңлақтар,Тыныштық та жүлде алып жүрген жүйрік,  Мұрат оны кемпірсің , елің, байларың сараң деп кемітеді.Өз елінің батырлары мен жомарттарын дәріптейді.           

                               ...Ау, кемпір, дүниенің өзі жалған,

                             Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман,

                             Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман...

                             Алыстан мойынын созып келген күні

                             Тап болдық тісі қайтқан кемпіріне – ай...

 Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.

 Мұрат шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыралар мен батырлар жырларын жатқа білген.Ескі ел тарихынан естіген , білген – түйгендерін шашау шығармай, әсерлі де , мәнді эостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел – жұрты сүйсіне тыңдап, көздеріне жас алып, қасірет шексе, екінші біреулері, бойларын жиып, ертедегі ер – азаматтарының існе қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан да Мұраттың шығармалары - өз кезіндегі тәрбиелік мәні зор, халқының мұңын көтерген , тәлім –тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.

 Мұратты өз көзімен көрген Мұрын жыраудың естелігі біздің сөзімізді растайды.Ол өзіне алғаш жыр үйретіп, ұстаз болған Мұрат екенін мақтанышпен мойындайды. Ескі тарихтық сөздерді, елдің шежірелерін Мұрат өте жақсы білген.

 Мұраттың елінде Есет деген би болған.Есет қазақ шежіре билерінің бірі екен. Жас бала Мұраттың белгілі Жылқышы ақынмен айтысамын деп жүргенін естіп,Есет би Мұратты шақырып алып, ақыл айтыпты: «Айтысу үшін өткен – кеткенді, ата – бабалардың бұрынғы істерін,қазақтың шежірелерін жақсы білу керек» деп. Есеттің осы ақылы Мұратқа қатты ұнаған. Қыдырып жүріп,шалдардан сұрап, Мұрат ескі әңгімелермен,қазақ шежірелерімен көп танысқан. Мұраттың көп үлгі алған адамы жоғарыда айтылған Есет би еді. Мұрат ескі сөздерді көп білген. Мұраттың сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайды. Бұлардың көбі ескі аттар. Осы аттардың бірқатары осы күнде Еділ – Жайық алаптарында ұшырайды. Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын , елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Мұраттың өлеңдерінің ішінде кіші жүздің руларының аттары кездеседі.Бұларды түсіну үшін аз – кем мағлұмат бере кеткенді жөн көрдік.

 Кіші жүз үш үлкен руға бөлінеді:1)әлімұлы; 2)байұлы;3)жетіру – болып бөлінеді.Бұлардың үшеуі бірігіп АЛШЫН болып аталады. Кейбіреулер жетіруды алшынға қоспайды, бірақ ел «үш алшын» деп сөйлей береді.

 Жетіру мынадай жеті руға бөлінеді:1)кердері; 2)табын; 3)тама; 4)жағалбайлы; 5)рамадан; 6)керейіт; 7)телеу.

 Кердері – Орал уезінде, табын – Орал мен Ақтөбе обылсында, тама -Орал, Ақтөбе, Атбасар, Түркістан уездерінде, жағалбайлы – Қостанай мен Атбасар уезінде, керейіт – Ақмешіт уезінде, рамадан – Ташкент уезінде, аз-кем Әулиеатаның төңірегінде һәм Ілбішін уезінде бар. Бөкейлікте табын, тама бар.

 Мұрат осындай рулардың шежірелерін жақсы білгенге ұқсайды [4]. 

 Мұратты біз жаза білген сауатты ақын дедік. Сөз болып отырған арнаулары мен хаттары – жазба мүліктер , елге, достарға, оқудан қайтқан жігітке жазған хаттары ретіндегі құнды шығармалар.

 Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз – оның тілге шешен , тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде – кем. Кең тынысты эпик , нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.

 Мұрат өлеңін жадында сақтап жекізген Ғылман Шөрекұлы ақын туралы мынадай қымбат сөз қалдырған екен:

                             Қадырбай, даңығыл Мұрат, Қуан өткен,

                             Жел сөзін тілден шыққан дуалы еткен.

                             Бәрінен қылсаң пікір, ажал жүйрік,

                             Түбінде дем алдырмай қуа жеткен.

                             Мұрекең – көл дария еді көзін алған,

                             Шашылып өзі өлсе де, сөзі қалған,

                             Болса да сан азамат, самсағанқол,

                             Бәйгені жүйрік еді озып алған.

 Иә, Ғылман тауып айтқандай, Мұраттың ақындық таланты – ешкімге ұқсамайтын бір туар дарынға ғана тән сирек құбылыс. Өзі туралы ақынның «Сөйлесем мен бір шешен сөз байлаған, жол айтып , тіл сайраған», - деуі де орынды сөз.

  

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Сейфуллин С. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары, Алматы -1931ж
  • Сүйіншіәлиев Х., Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері, Алматы -1991ж.
  • Үш ғасыр жырлайды, Алматы - 1965ж.
  • Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті, Алматы-1991ж.

ҚБ тапсырмалары

1-тапсырма. Ж.

«Үш қиян» өлеңі бойынша сұрақтарға жауап беріп, «Сюжеттік кесте» толтырыңыз.

Өлеңде қандай тарихи тақырып қамтылған?

Өмір шындығының көркем суретке айналған қалпын бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестеріне мысал жазыңыз. (кемі 5)

Өлеңнің өз заманындағы өзектілігі неде?

Өлеңнің қазіргі заманда өзектілігі бар ма?

3-тапсырма. Ж.,С.

«Автормен жүздесу»

Өзіңізді Мұрат Мөңкеұлымен жүздескендей елестетіңіз. Ақынмен кездескенде, «Үш қиян» өлеңіндегі материалдық және рухани құндылықтарды заманауи тұрғыда салыстырып, жаңашылдығына баға беретіндейсұқбат сұрақтарын құрастырыңыз. Сабақ барысында сұрақ қойғысы келген оқушылардың бірі «Мен Мұрат ақынмен кездессем, мынадай сауал қойған болар едім...» деп бастауы керек. Сол сұрақтың жауабын айтқысы келген оқушы «Сіздің сұрағыңызға ақын «... ... ... ... ... » деп жауап берген болар еді»,- деп өз сұрағын дәлелмен жалғастырады. Келесі оқушы «ақын тағы мынаны айтқан болар еді»,- деп сұхбатты жалғастырады. Сұхбат осылай жалғаса береді. Жауаптар міндетті түрде «заманауилық», «жаңашылдық», «бүгінгі күндегі ұлттық мінез» ұғымдарымен байланысты болғаны және осыған дейін оқыған ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық материалдарды пайдалану қажет.

Бағалау критерийлері

Дескрипторлар:

Шығармадағы материалдық және рухани құндылықтарды заманауи тұрғыда салыстырады; жаңашылдығына баға береді.

Сұхбат сұрақтарын талапқа сай құрастырады;

Өз пікіріне шығармадан, зерттеу еңбектерінен дәлелдер келтіреді;

Өз ойын көркем тілмен сенімді жеткізеді.

 

 4-тапсырма. «Төрт сөйлем» әдісі Ж.

1. Пікір. Өлеңдегі материалдық және рухани құндылықтарды заманауи тұрғыда салыстырып, жаңашылдығына баға беріп, өзіндік пікіріңізді бір сөйлеммен жазыңыз.

2. Дәлел. Пікіріңізді бір сөйлеммен дәлелдеңіз.

3. Мысал. Пікіріңізді өмірмен байланыстырып, мысал келтіріңіз.

4. Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды шығарыңыз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу