Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 11-сабақ.
Мұрат шығармалары - қазақ тарихының айнасы
Міне, содан бері табандаған 90 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынған жоқ. Ал, шындығында Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б.толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баян-далады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары - әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және басқа да мәселелердің басын ашып алу – біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса маңызды шаруасы. Сайып келгенде, Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше, бұл маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер кешенді түрде араласуы керек. Себебі, ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.Сонымен қатар, ақынның толғауларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. Осы тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер келтіре кетсек:
«Ақтөбе мен Қорғанша
Асан қайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып
Әңгіме құрып кеткен жер».
Асан қайғы Сәбитұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Шора Нәрікұлы, Жаңбыршыұлы Телағыс бәрі де тарихта болған адамдар. Мұраттың «Сарыарқа» толғауының басты кейіпкерлерінің бірі – ер Есболай.Ол - жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы талай қанды жорықтарға қатысып, Кіші жүз территориясын жаудан азат еткен, Байұлы руларын атажұртқа қайтадан қоныстандырған, аштық, жұт жылдары халыққа қол ұшын беріп Атымтай жомарт атанған тарихи тұлға. Бұл жөнінде Мұрат:
«Бұл жерге содан кейін қазақ қонған,
Әдірә талай жұртқа азап болған.
Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,
Бойына үш қиянның қарап қонған.
Екі адам қарай шыққан ауылынан,
Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.
Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,
Айтамын бұрынғының дабылынан.
Есболай, Кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,
Керелді Есболай бай белгілеген»,- дейді.Есболай өзінің үзеңгілес жолдастары Кете Әжібай, Адай Шотанмен біріге отырып, әрбір ұлыс, руларға жер бөліп, қоныстандырумен шектелмей, ең бастысы, атамекенді қалмақтардан тазарту ісіне тікелей араласқан. Мұрат толғауларында кеңінен жырланатын Есболай ұрпақтары атасының ерлік дәстүрін қатаң ұстанған, оларда кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік үлгісін үзбестен жалғастырып келген.Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімұлы атап көрсеткендей, Итемгеннің Қарасы Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен батыр. Қараның Есеті – белгілі би, ақын-жырау, алшынның үш Есетінің бірі. Есболайдың шөбере, шөпшектері – Құлбарақ, Жапарберді (Дәрі қауымында жерленген), Жұматай, Дәрі, Кебіс, Құлшар жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарға қатысқан атышулы батырлар. Есболайдың ерен ерлігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі оның қисапсыз байлығымен қатар аталады. Есболай заманында өз байлығымен тек ет жақын ағайындарымен ғана емес, бастарына ауыртпалық түскен, жұтқа ұшырап, тігуге тұяғы қалмаған бүкіл әлеуметпен бөліскен жомарт адам болыпты. «Аққа құдай жақ» дегендей, Есболай әулетінің атадан балаға мұра болып келе жатқан, аңызға айналған байлығы кеңестік дәуірге міні құрымай жетіпті. Алайда, кешегі байларға аш қасқырша шапқан заманда мал-мүлкі талан-таражға түсіп, тағдыры тәлкек болған Құрық, Дәулетияр, Қарағұл, Байбосын, Тәлкен секілді Қарабау өңірінің ірі байлары Есболай әулетінің ұрпақтары көрінеді. Өкінішке орай, Есболай да, оны жырларына арқау еткен Мұраттың өзі де күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.Осы орайда өзімнің өткен жылдың шілде айында Англия еліне барған сапарым еске түседі. Өзінің ұлттық батырлары мен мақтаныштарын ұлығылау мен есте сақтау жөнінен ағылшындарға жететін халық жоқ па деп қалдым.Лондон қаласы толған ескерткіштер. Біздің дәуіріміздің ІV ғасырында римдіктерге қарсы күрескен ағылшынның қаhарман әйелі Боудиккадан бастап, адмирал Нельсонның, герцог Веллигтонскийдің, сэр У.Черчилльдің және басқалардың ескерткіштері ағылшын астанасына көрік беріп тұрғанын көргенімде, құдайым-ау біздің елімізде неліктен өз мақтаныштарымызға лайықты ескерткіштер орнатылмайды екен деп қынжылдым. Сол Есболай ғой кезінде Кіші жүздің мыңдаған тұрғындарын аштықтан құтқарып қалды. Неге оның атын Құлсары, Атырау қалаларындағы бір үлкен көшеге немесе толып жатқан сүреңсіз аттармен алмастырып не ауылдар мен елді мекендерге бермеске? Жылой мен Мақат аудандарынан көшірілген немесе сол жерлерге орналастырылған қайсыбір елді мекендер ұлы бабамыздың атын алуға сұранып-ақ тұр. Мысалы, Сарқамыс, Жаңа Қаратон деген атауларды Есболай сынды бабамыздың атына неге өзгертпеске? Сонымен қатар, бүкіл Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары «Едіге», «Қырымның қырық батыры» жырларын, бұған қоса Шалгездің, Қазтуғанның, Махамбеттің шығармаларын біздің заманымызға шашауын шығармай бірден-бір жеткізуші ұлы жерлесіміз Мұратқа лайықты ескерткіш орнату мәселесін де шешкен жөн болар еді.Мұраттың «Сарыарқа», «Үш қиян» толғаулары шоқтығы биік туындылар. Бұл – тарих, берісі алшын, әрісі – алаш тарихы, сонау ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол – желмаямен жер қараған Асан қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге діндегілерден сескеніп, қонысты талақ еткен Қазтуған; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан. «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Астраханның жерін де алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды, Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды... Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны... Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей, оны да аңсыз жерде жазымдады... Соңынан Әлім менен Табынды алды, тоздырып ақсүйектің тағын да алды. Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы, Тағынан хан тайған соң, бақыр қалды» - дейтіні анық тарих.
Қорытындылай келгенде, Мұрат жырларында қазақ тарихына қатысты көптеген деректер кездеседі. Жоғарыда берілген мәліметтер үлкен жұмыстың тек бастамасы ғана. Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл 170 жыл. Осыған байланысты республикалық конференция өткізілсе, игі болар еді.
Ш.НАҒИМОВ, Атырау мемлекеттік университетінің доценті, п.ғ.к., ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?