Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 8-сабақ.


https://lektsii.org/14-23711.html

Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы ономастикалық атаулар

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Орындаған: Есенгелді А.Ж., Баделова Р.М.Ғылыми жетекші: Тұрғанәлиева Г.Г.

Орал 2016 ж.

«Тіл саясатының жүргізілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің нығаюы тұсында ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Төрткүл дүниеге танылып, өзін біріне мойындатып, біріне сенім артып, әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде иықтасып, жиырма бірінші ғасырға батыл қадам басқан еліміз үшін өз мемлекеттік тілінің мерейін таныту да – аса маңызды міндет. Тіл – өркениетті қоғам құруға ұмтылған ұлттың ұлы мақсаттарының мәйегі. Сол себепті де ел-жер байлығын мемлекет үшін игеруді сол елдің рухани күшті өрлеуінсіз елестету мүмкін еместігін ұғу қажет. Осы ретте Қазақстан Республикасындағы ономастика, топонимика саласында жүргізіліп отырған тілдік саясат мемлекеттікті нығайу, мемлекеттік сәйкестікті қалыптастыру сияқты міндеттерді жүзеге асырудағы басымдықтардың біріне айналып отыр. Өйткені ұлттық ономастика рухани байлығымыздың, этникалық мәдениетіміздің ежелден келе жатқан құрамдас бөлігі. Есімдер мен атаулар – әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихынан, ұғым-нанымынан дерек беретін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құнды шежіре, ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түсетін тарихи зердеміздің айнасы.» [1,6;7]

Енді ономастика ұғымының анақтамасын беріп өтейік:

Ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі. Грек тілінен аударғанда «атаулар беретін өнер» деген ұғымды білдіреді. Осы ономастиканың өзі бірнеше бөлімдерді қамтиды:

Топонимика – географиялық нысандардың атауларын, олардың туындау, өзгеру, жұмыс істеу заңдылықтарын зерделейтін ономастика бөлімі;

Антропонимика – адамдардың есімдерін зерделейтін ономастика бөлімі;

Ойконим – топонимнің түрі, елді-мекендердің (ауыл, кент, қала) атаулары;

Короним – топонимнің түрі, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары.

 Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың алғашқыларының бірі, Республикадағы ономастикалық мектепті қалыптастырушы ұстаз, ғалым, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреты, академик, профессор, ф.ғ.д. Телғожа Сейдінұлы Жанұзақтың жер-су, адам есімдері мен тегі, тайпа, ұлыс, халық аттары мен аспан денелері және ғарыш кеңістіктері атауларының шығу, пайда болу және түп-төркіндеріне арналған еңбектері оқырман қауымға белгілі. Қазіргі таңда ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызға да ие болып отыр. [www.cdni-arhiv.vko.gov.kz]

 Қазақ көркем әдебиетінде қандай да бір шығарма болсын ономастикалық атаулардың кездесері ақиқат. Құрамы ба й, құндылығы мол тіліміздегі осындай еңбектерге шолу жасап көрейік. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасындағы мына бір шумаққа назар аударсақ:

Күдікті көңілдегі таста, Арыстан,Біз бе едік сенің жауың қасарысқан?Алып кеп Әлібекті жауабын ал, Өзің бол ендігі істі басқарысқан! [3:357]

 Бұл – пьесадағы Айманның сөздері. Байқап отырғандарыңыздай «Арыстан, Әлібек» сынды кісі аттары кездесіп тұр. Немесе:

«Баласы ек Маман байдың мыңды айдаған,Қызыл көл дүниені ен жайлағанСұр жорға, қара жорға теңселдіріпТұрманға меруерт маржан зер байлаған.» - деген Шолпанның сөздерінде де «Маман, Тұрман» сияқты кісі есімдері кездеседі.

 Сол сияқты: «А, мына указ туралы, петиция туралы не ойлайсыз? Басқа Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі болыстары да осы Жыланды болысы сияқты, біздің хабарға қарап қалды. Майқан елді осымен басып кетті.» [3:259] деген «Түнгі сарын» пьесасындағы Кәрім сөздерінде «Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі, Жыланды» елді-мекен атауы болса, «Майқан» кісі есімі.

Немесе, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы:

 «Бұлар осы есеппен Ертіс жағалай жүрген. Құмаштың үйінен аттанысымен Дайыр өз қасынан үш кісіні бөліп, киізші Сейсеке байдың үйінде жатқан Оразбайға шаптырды.» [4:354] –деген сөйлемдерде «Ертіс» - топонимикалық белгі болса, «Құмаш, Дайыр, Сейсеке» - есімдерді білдіріп тұрған антропонимикалық атау.

«Кішілеу өткір қой көзді, қызыл-күрең жүзді Жамбыл ақын Әбсәметке мәлім еді. Жамбыл Мағашпен енді танысып амандасты да, Торжорға аттың бүгінгі өнерін өз көзімен көрген жайын айтты.» [4:434]

 Бұл сөйлемде Жамбыл, Әбсәмет, Мағаш – кісі есімдері, ал Торжорға – жылқыға қойылған атау.

 Ендігі кезекте баяндамамыздың тақырыбына сай ХІХ ғасыр әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған зар заман ақындарының бірі Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы ономастикалық атауларға шолу жасайық.

Мысалы, «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазыұлына» өлеңіндегі:

«Тәуекел хақтың ісі бір Алладан,Хаққа шет Алла десе болмайды адам.Атамыз Адам ата Нәбиулла,Өтіпті одан бері неше сұлтан.Уақытында пайғамбардың болды құран,Әлемге он сегіз мың болды сұбхан.Шыңғысты Майқы әкеліп хан қылыпты,Жасалды содан берлі жетпіс бір хан» ,[5:63] деген жолдарда Алла – діни наным-сенім бойынша күллі ғаламды жаратқан ұлы хақ әмірші.

Адам ата – пайғамбарлардың әуелгісі, ең алғаш жаратылған пенде.

Шыңғыс – Азияда тұңғыш мемлекет құрушы хан, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері.

Майқы – 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі.

Немесе тағы осы өлеңіндегі:

«Атаңыз ойды да алды, қырды да алды,Былайғы Жемнің басы Сырды да алды.Үргеште Мәдәмиге хат асырып, Қара он мың қарақалпақ мұны да алды» [5:63] деген жолдарда Жем, Сыр – өзен атаулары, Үргеш – белгілі бір мекеннің, ал Мәдәми – кісінің атауы.

«Қазтуған» өлеңінде:

Ел қияға қонғай ма?Еділ, Жайық арасыКеңшілік қоныс болғай ма?!...Астраханды қоныс етпеңіз,

Шаһарын оның алады. [5:114] деген жолдарда да «Еділ, Жайық, Астрахан» жер-су аттарын білдіріп тұрған ономастика ғылымының ішіндегі топонимикалық атаулар.

Тағы бір өлеңінде:

Аққұмдының сағасы,Есенбайдың құмасы,Қос Қобданың арғысы,Ақсудың бергі маң дала – Қазақтағы Қалқаман,Ноғайдағы Мүлкаман,Еламан деген биіненЕнді қалай болар деп,Тарыққанда ақыл сұрай барған жер, - деп жырлаған.

Назар аударсаңыздар Мұрат ақын өлеңіндегі бір ғана шумақтың өзінен бірнеше ономастикалық атауларды кездестіреміз. Оған дәлел осы өлеңіндегі жалқы есімдер тізбегі. Мысалы Аққұм, Қобда, Есенбай, Ақсу – жер-су атауы болса, Қалқаман, Мүлкаман, Еламан – кісі есімдері.

 Мұрат ақын Тыныштықпен айтысындағы мына бір жолдарға мән беріп қарайық:

Ар жақтан Тілеубай мен Жолым өткен,Жерінде көкжал бөрі болып өткен.Нарында хан баласын итше сабап,Ер еді дүниеге қолы жеткен.Сен Жолымды білетін бе ең, неғып өткен?Жайықты талқан қылып жарып өткен.Нарында хан баласын итше сабап,Астына табанының салып өткен.Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,Бар жинақ қара орманын алып өткен.

 Ақынның бұл өлеңінде де біршама ономастикалық атаулар кездескен. Атап айтар болсақ: Тілеубай, Жолым – айтыста ақын қорғап отырған рулас белді азаматтарының есімдері болса, Нарын мен Жайық – жер-су атаулары.

 Мұрат – жезтаңдай шешен, жырау, төгілген ақпа ақын. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі. [6,608]

Әуелі жеңіп орыс елді алды,Сартау, Астраханның жерін де алды.Артынып Еділден соң Нарынды алды,Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.Ар жақтан Қайып алды, Науша қашып,Тарлықтың содан бері қаптағаны.

 Дәуірінің ащы шындығын алқымға тіреп қоймай, ақтара суреттеп, оған деген өз көз-қарасын білдіруден де тайсалмаған осы бір өлең шумақтарында да жоғарыда айтып өткеніміздей жер-су атаулары мен кісі есімдері кездесіп тұр. Байқағандарыңыздай біз сөз етіп отырған тасқа қашағандай дәл, анық, отты жырлардың авторы, әдебиет тарихында өз мөрі бар Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығында ономастикалық атаулар аз кездеспейді.

 

http://www.m-astana.kz/article/view?id=1043

Мұрат шығармалары - қазақ тарихының айнасы

Міне, содан бері табандаған 90 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынған жоқ. Ал, шындығында Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б.толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баяндалады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары - әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер-су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және басқа да мәселелердің басын ашып алу – біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса маңызды шаруасы. Сайып келгенде, Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше, бұл маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер кешенді түрде араласуы керек. Себебі, ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.Сонымен қатар, ақынның толғауларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. Осы тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер келтіре кетсек:

«Ақтөбе мен Қорғанша

Асан қайғы бабаның 

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып

Әңгіме құрып кеткен жер».

 Асан қайғы Сәбитұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Шора Нәрікұлы, Жаңбыршыұлы Телағыс бәрі де тарихта болған адамдар. Мұраттың «Сарыарқа» толғауының басты кейіпкерлерінің бірі – ер Есболай. Ол - жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы талай қанды жорықтарға қатысып, Кіші жүз территориясын жаудан азат еткен, Байұлы руларын атажұртқа қайтадан қоныстандырған, аштық, жұт жылдары халыққа қол ұшын беріп Атымтай жомарт атанған тарихи тұлға. Бұл жөнінде Мұрат:

«Бұл жерге содан кейін қазақ қонған,

Әдірә талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойына үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

Айтамын бұрынғының дабылынан.

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген»,-  дейді.

 Есболай өзінің үзеңгілес жолдастары Кете Әжібай, Адай Шотанмен біріге отырып, әрбір ұлыс, руларға жер бөліп, қоныстандырумен шектелмей, ең бастысы,  атамекенді қалмақтардан тазарту ісіне тікелей араласқан. Мұрат толғауларында кеңінен жырланатын Есболай ұрпақтары атасының ерлік дәстүрін қатаң ұстанған, оларда кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік үлгісін үзбестен жалғастырып келген.Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімұлы атап көрсеткендей, Итемгеннің Қарасы Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен батыр. Қараның Есеті – белгілі би, ақын-жырау, алшынның үш Есетінің бірі. Есболайдың шөбере, шөпшектері – Құлбарақ, Жапарберді (Дәрі қауымында жерленген), Жұматай, Дәрі, Кебіс, Құлшар жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарға қатысқан атышулы батырлар. Есболайдың ерен ерлігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі оның қисапсыз байлығымен қатар аталады.

 Есболай заманында өз байлығымен тек ет жақын ағайындарымен ғана емес, бастарына ауыртпалық түскен, жұтқа ұшырап, тігуге тұяғы қалмаған бүкіл әлеуметпен бөліскен жомарт адам болыпты. «Аққа құдай жақ» дегендей, Есболай әулетінің атадан балаға мұра болып келе жатқан, аңызға айналған байлығы кеңестік дәуірге міні құрымай жетіпті. Алайда, кешегі байларға аш қасқырша шапқан заманда мал-мүлкі талан-таражға түсіп, тағдыры тәлкек болған Құрық, Дәулетияр, Қарағұл, Байбосын, Тәлкен секілді Қарабау өңірінің ірі байлары Есболай әулетінің ұрпақтары көрінеді. Өкінішке орай, Есболай да, оны жырларына арқау еткен Мұраттың өзі де күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.Осы орайда өзімнің өткен жылдың шілде айында Англия еліне барған сапарым еске түседі. Өзінің ұлттық батырлары мен мақтаныштарын ұлығылау мен есте сақтау жөнінен ағылшындарға жететін халық жоқ па деп қалдым.Лондон қаласы толған ескерткіштер. Біздің дәуіріміздің ІV ғасырында римдіктерге қарсы күрескен ағылшынның қаhарман әйелі Боудиккадан бастап, адмирал Нельсонның, герцог Веллигтонскийдің, сэр У.Черчилльдің және басқалардың ескерткіштері ағылшын астанасына көрік беріп тұрғанын көргенімде, құдайым-ау біздің елімізде неліктен өз мақтаныштарымызға лайықты ескерткіштер орнатылмайды екен деп қынжылдым. Сол Есболай ғой кезінде Кіші жүздің мыңдаған тұрғындарын аштықтан құтқарып қалды. Неге оның атын Құлсары, Атырау қалаларындағы бір үлкен көшеге немесе толып жатқан сүреңсіз аттармен алмастырып не ауылдар мен елді мекендерге бермеске? Жылыой мен Мақат аудандарынан көшірілген немесе сол жерлерге орналастырылған қайсыбір елді мекендер ұлы бабамыздың атын алуға сұранып-ақ  тұр. Мысалы, Сарқамыс, Жаңа Қаратон деген атауларды Есболай сынды бабамыздың атына неге өзгертпеске?

 Сонымен қатар, бүкіл Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары «Едіге», «Қырымның қырық батыры» жырларын, бұған қоса Шалгездің, Қазтуғанның, Махамбеттің шығармаларын біздің заманымызға шашауын шығармай бірден-бір жеткізуші ұлы жерлесіміз Мұратқа лайықты ескерткіш орнату мәселесін де шешкен жөн болар еді. Мұраттың «Сарыарқа», «Үш қиян» толғаулары – шоқтығы биік туындылар. Бұл – тарих, берісі алшын, әрісі – алаш тарихы, сонау ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол – желмаямен жер қараған Асан қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге діндегілерден сескеніп, қонысты талақ еткен Қазтуған; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан.

 «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

 Сарытау, Астраханның жерін де алды.

 Артынан Еділден соң Нарынды алды,

  Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды...

  Қуалап Исатайды өлтірген соң,

 Заманның содан бері тарылғаны...

  Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей,

 оны да аңсыз жерде жазымдады...

 Соңынан Әлім менен Табынды алды,

 тоздырып ақсүйектің тағын да алды.

 Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,

 Тағынан хан тайған соң, бақыр қалды» -  дейтіні анық тарих.

 Қорытындылай келгенде, Мұрат жырларында қазақ тарихына қатысты көптеген деректер кездеседі. Жоғарыда берілген мәліметтер үлкен жұмыстың тек бастамасы ғана. Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл 170 жыл. Осыған байланысты республикалық конференция өткізілсе, игі болар еді.

Ш.НАҒИМОВ, Атырау мемлекеттік университетінің доценті, п.ғ.к., ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері

 

 

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу