Ахмет Йасауи «Даналық кітабы». Адамгершілік, имандылық, ұлттық болмыс. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 9-сабақ.
Берілген үзінділерді құрастырған TED әңгімелерімен (talks) салыстырыңыз, имандылық қағидаларымен байланыстырыңыз .
- Кластерде берілген пафос туралы теориялық ұғымды оқыңыз. Әдеби-теориялық ұғымды шығарма мазмұнымен байланыстырыңыз.
- Берілген теориялық ұғымдарды оқып, әдеби-теориялық біліміңізді жетілдіріңіз.
Тақырып – шығарма белгілі бір тақырыпты қозғайды, белгілі бір өмір шындығын өзіне арқау етеді. Тақырыпсыз шығарма жоқ. Ақын-жазушы алдымен тақырып таңдайды, өзін тебірентер өмір құбылысын талай ізденіс үстінде тауып алады. Сан алуан ой-пікірлердің ішінен біреуін негізгі ойының қазығы етеді. Сол – шығарманың тақырыбы болып табылады. Мысалы, батырлар жырының негізгі тақырыбы отаншылдық, ерлік болса, лиро-эпостық шығармалардың тақырыбы – жастардың бас бостандығы.
Идея – жазушының тақырып арқылы шынайы өмір көріністерін суреттегенде, оны өз көзқарасы, өз тенденциясы, өз дүниетанымы тұрғысынан бейнелейді. Сол арқылы өз мақсат—мүддесін, арманын білдіреді.
1-тапсырма.
- Оқулықта «Даналық кітабынан» берілген өмірдің мәні мен ақиқат туралы үзінділерді оқыңыз.
- Йасауи сақтандырған бес нәрсе негізінде шығарманың идеясы мен пафосын ұлттық мүдде тұрғысынан ашыңыз.
- Тапсырманы белгілі бір ғалым көзқарасы тұрғысынан орындаңыз.
- Әдебиетшілер – хикметтердің тақырыбы мен идеясын талдайды, идеясымен автор көзқарасымен келісіп-келіспейтіндіктеріңіз туралы пікір білдіріңіздер.
- Тарихшылар – тарихи кезеңге қатысты сөздер мен сөз тіркестерін, өлең жолдарын теріп жазып, тарихпен байланыстырып, авторлық пафоспен келісіп-келіспейтіндіктеріңіз туралы пікір білдіріңіздер.
- Этнографтар – хикметтердегі ұлттық және адами құндылықтарға зерттеу жүргізіп, автор көзқарасымен келісіп- келіспейтіндіктеріңіз туралы пікір білдіріңіздер.
- Лингвистер – автор қолданған көркем тіркестерді теріп жазып, автор қолданысына пікір білдіріңіздер.
2-тапсырма.
- «Даналық кітабының» Есенбай Дүйсенбайұлы аударған нұсқасынан ұсынылған үзінділерден адамгершілік, имандылыққа қатысты әрекеттерді тізбектеңіз.
- Ұсынылған үзінділерден адамгершілік, имандылыққа жатпайтын жат әрекеттерді теріп жазыңыз.
11-хикметтен
Дүние-мүлікке құмартып, жаһан малын жиғандар,
Құзғын жемін жегендер арамға әбден батпақшы.
Молла, муфти болғансып, жалған дұға қылғандар,
Ақты қара дегендер тамұққа барып жатпақшы.
Қазы, имам атымен қол қойса нақақ жалаға,
Сол үкімнің салмағы өздерін басып қалмақшы.
Арам жеген әкімдер, құныққандар параға,
Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы.
Таңдап тәтті жегендер, атлас-қамқа кигендер,
Алтын таққа мінгендер жер мен жер боп жатар-ды.
Даналардың айтқаны келер болды,
Қияметтің қияпаты төнер болды,
Ақымақтар айқаймен жеңер болды,
Бұл не деген замана болды достар.
Халайықтан мейірім мен рақым кетті,
Момынға телі-тентек зақым етті,
Тал түсте талапайда ақыл кетті,
Бұл не деген замана болды достар.
Үлкен-кіші адамнан ибалық әдет кетті,
Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті,
Мінез-құлықты бұзатын әлек жетті,
Бұл не деген замана болды достар.
Мұсылманды мұсылман түтіп жейді,
Бірін-бірі ұқпайды, түсінбейді,
Мұриттер пірге көз қырын түсірмейді,
Бұл не деген замана болды, достар.
Жамағаттың жақсыға құрметі жоқ,
Кішілердің үлкенге ізеті жоқ,
Патшаларға әділдік міндеті жоқ,
Бұл не деген замана болды, достар.
Дәруіштер дұғасының шипасы жоқ,
Тым болмаса үстінде лыпасы жоқ,
Құнарсыз қу тақырдай бұтасы жоқ.
Бұл не деген замана болды, достар.
Азған заман ғалымы залым болар,
Қошаметшіл қулықпен мәлім болар,
Анығын айтқан адалдар жазым болар,
Бұл не деген замана болды, достар.
Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,
Жалғандыққа шындықтың қайраны жоқ,
Шындықты айтып осылай шырқыраған
Құл Қожа Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.
Қас надан сөз қадірін қайдан білсін,
Қанеки ақ жолға бел байлар кісің?!
Иттесіп, адамдықтан тайған құрсын,
Пенде боп залымдарға, өлдің міне.
***
Арамды, күмәндіні тәрік қылып,
Адалдан дос талғай жүр парық біліп,
Залымға жүз мың пәле бердім міне.
Жаратқан залымның да мен түп-тегін,
Ұмытып Жаратқанды, сен күтпедің.
Ілестің Ібіліске елтіп керім,
Залымның бердім ашып жолын міне.
Жарлығым саған жаза кесті менің,
"Алла емес, нәпсі көкей тесті" дедің.
Сөйлеп ем хақиқат сөз - естімедің,
Залымның қылдым ұзын қолын міне.
Ей, мақұрым, Хаққа ойынды жуытпадың,
Қу нәпсі, харам дүние қуып қамын,
Безбедің, одан көңіл суытпадың,
Қан жұтып, қайран болып тұрмын міне.
Залымды сылтауратпа, өзің залым,
Өтпейді тамызсаң да сөздің балын.
Көз тоймас түгел берсем дүние малын,
Тоймастың көзіне құм құйдым міне!"
13-хикметтен
Кең Меулім кеңшілік қып кешіргенмен,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
He таптым жолдан тайып, есіргеннен,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Жақсы ғой жамандыққа ұрынбаған,
Алла Хақ құйды, рас, нұрын маған.
Пірім де жол көрсетіп, шырылдаған,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Маңдайға бұйырғанын көрем Хақтың,
Отан деп биік щықпай, төмен бақтым.
Өксіктен, өлмей тұрып, өрем қаптым,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Жалмардай жұтқынына жарты әлемді,
Құмарым ішпек-жемек арта берді.
Сазайын сұм құлқынның тартам енді,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Өмірдің дүние демей мағынасын,
Ашсам деп үмбетінің бағын асыл,
Тірлікте тыншымады Хақрасул,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Көрмей ме танда махшар зарпымды Алла,
Көз тіксе таразыға тартылғанда -
Қылмысым бастан асып-артылғанда,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Күндіз-түн тынбай жыла, Құл Қожа Ахмет,
Құрмет қыл, Расулға бол да үмбет.
Есіркер көңіліңдісонда бірлеп,
Бетім жоқ, Хазретке қалай барам?!
Сал мені өз жолыңа, о, Жасаған,
Өлгенше арып-ашып, талдым міне,
Қаралап жалмауыздар боқ асаған,
Қатер мен қорқынышта қалдым міне.
Қуалап қыр көтінен дүние боқтың,
Соңынан сүмең қағып, итше жорттым.
Ақ жол мен Хақ өмірін тұтқан жоқпын,
Ей, достар, батсын қайда қарам міне?!
Әзәзіл құртты адамды -"ілімменен"
Түйедей мұрындықтап мінуменен.
15-хикметтен
Ей, достар, жолдас болып қас наданмен,
Өлдім де - өз қадырым жойдым міне.
Түк шықпас тура жолға бастағанмен,
Қан жұтып, қайғы уына тойдым міне.
Кещемен күн өткізсең - кұнаң асар.
Тозаққа біргекірген - бұл адасар.
Наданнан тозағың да тұра қашар,
Қазандай суық ұрып, солдым міне.
Барма сен, бар ынтанды дұғаға сал,
Құтылсаң, бір жақсылық Құда жасар,
Жүре бер, сорласа да сұрама хал,-
Наданнан жүз мың қорлық көрдім міне
Қайғыдан жетті енді аһ ұрғаным,
Қайдасың, қайырымды сақиларым?!
Жақсыдан жүз садаға пақыр жаным,
Жаманнан қашып, жерге кірдім міне
Қайғысыз қапа қылды шырқымды алып
Жыласам, күлкі күйлер жырқыл қағып.
Аш бақа, ала жылан, сыртын бағып,
Наданнан сасып, саған келдім міне.
Жаманға жазатайым басқан кезде
Жалынсаң, жабысады аспан жерге.
Жарамас қол беруге сасқан жерде,
Наданнан жасып, күдер үздім міне
Жалғыздық, жақсы кетіп, маған қалды,
Еститін бір жақсы сөз заман қалды.
31-хикметтен
Ғашыққа баян қьшсам ғашық мұңын,
Қаза боп аза бойы, сезер, достар.
Елсіздің ебелексіз басып құмын,
Ел-жұрттан, үй ішінен безер, достар.
Ғашықтың азап-дертін ғашық білер,
Танымас артынан күл шашып күлер.
"Жынды" деп, таспен ұрып, тасып күлер,
Табанын табынғандар жалар, достар.
Иман жоқ сүймегенде, жаны да жоқ,
Болмайды Расул сөзін танып әлек.
Кереңге мың айтсаң да мағына жоқ,
Көңілі мақұрымның қалар, достар.
Түбінде дарияның жақұт жатыр,
Кім сүңгіп алса - сол жан бақытты ақыр.
Нәпсішіл нәпа таппас, сатып бақыр
Тиынға ар-иманың кетер, достар.
Алұрып күйдім-жандым, төзім қашты,
Бұл қай от: тіл байланып, сөзім қашты?!
Азабы махаббатгың көзімді ашты,
Мұратқа көзіашылған жетер, достар.
Жарылқар жанардан жас сырғығанда,
Адассаң, жүрер жолың нұр ғып Алла.
Қызмет қыл, қолынды алсын, Пірмұғанға,
Жемісін бейнеттенген көрер, достар.
Болды да заманақыр, рақым қалды,
Уағдасы Алларасул жақындады.
Жақсы құл құлақ асып, ақылды алды,
Жаман құл түра қашып, өлер, достар.
"Өмір шақ,- Мұстафа айтты,- бауырласып,
Үмбеттер, бірге тұрың қауымдасып!"
Жақсылар ертең ұшпақ тауын басып,
Жамандар сазайын бір тартар, достар.
Ораза, намаз білмей, тасырлығын
Танытып, таза жүрмес пасық, зұлым.
Пысқырмас сүндет тұтқан Расул құлын,
Күнәсі күннен күнге артар, достар.
Дүниеқор малға тойып секіреді,
Астамсып, аспан тірер көкірегі.
Күпір боп, көрінде ертең өкіреді,
Иманнан жұрдай болып өтер, достар.
Түбіне жетердей көз бойлатқанға -
Дүние жинауға бір тоймақ бар ма?!
Әзәзіл әңгіртаяқ ойнатқанда,
Жалғаннан жылай-жылай кетер, достар.
Құл Қожа Ахмет, асықтық ісіңді аңғар,
Алла деп садақа бер - қысылған бар.
Дұға қыл: мал қумасын мұсылмандар,
Мұратқа ақыретте жетер, достар.
35-хикметтен
Шарабын махаббаттың аса құнттай,
Аумаған дуана боп алды, достар.
Аш пен тоқ, пайда-зиян - бас ауыртпай,
Қызықпен сауық-сайран салды, достар.
Шадыман осынау бір шаққа бұлар
Пенде емес мал-мүлік пен таққа құмар.
Сиынып таңсәріден
Хаққа жылар,
Содан соң сауық құрып шулар, достар.
Ұмытып өзін өзі, ұшқындайды,
Байлықпен, ессіз жүріп, іс қылмайды.
"Тақсыр" де жүз мың адам - пысқырмайды,
Бір теуіп дүниені, дулар, достар.
Мақсатсыз ойын-тойға бұлай ынтық -
Аллалап ауызға алмас Құдайын түк.
Дүниеқор дәруішпін деп мүләйімсіп,
Думан қып дүние үшін жүрді, достар.
Дырдусыз ессіздерде маза болмас,
Ондайға Жаратқаннан жаза жолдас.
Көңілі, бойсұнса да, таза болмас,
Сауықты сайтандықпен құрды, достар.
Шашыңды жүгіргенде жұлып сонша,
Құлдық қой мұндайларда құлық болса.
Нәпсіқор,дінсіз, бұзық ұлық болса,
Әзәзілноқтасыз-ақ мінген, достар.
Болса егер айқай-шу қып шалықтасар,
Жер мөңкіп, Алла да бас алып қашар.
Жаратқан, жалбарынам: тамұққа сал!
Шалқып кіл, безді бұлар діннен, достар.
45- хикметтен
Ғарып халін ғарып біліп тұрады,
Бірін бірі жарық қылып тұрады.
Алыс демей, барып біліп тұрады,
Қарындасты қадыр тұту мұрады.
Сусағанда бір жұтым су деп келіп,
Мұқтаждықтан қанша сорлы кетті өліп.
Дүр кісі боп ашып алған маңдайын,
Білгісі жоқ кемтарлардың хал-жайын.
Дүниеде не бар дейсің мәңгілік,
Олар да ертең міскін болар қаңғырып.
Кел, Құл Қожа Ахмет, өзіңе бақ, обал тұт,
Кемсің сен де, міскіндерден нең артық?!
Хақ құлдары дәруіштер хақиқатты білмейді,
Аққа ғашық болса да, адал жолға кірмейді.
46-хикметтен
Алла деп құр жүргендер - алдап өмір сүргендер,
Аузы қанша айтқанмен, істе көзге ілмейді.
Құлқын құлы өмірді рақат кешу үшін дер,
Міскін Мұстафа айтқан-ды: "Пақырлыққа түсіңдер.
Көңіл бөлмей дүниеге, арамдықтан күсіндер!"
Хақты сүйген адал құл халық бабын табады.
Дүние менікі дегендер - малға иманын сатқандар,
Құзғын құстай нәжіске белшесінен батқандар.
Молда, мүпти атанып - арамнан мал тапқан бар,
Ақты қара қылғандар тамұқта ертең жанады.
Бос дұғамен қазы, имам босқа қинап бағады,
Боқ көтерген есектей боқташақ деп шабады.
Арам әкім араны бітеу жұтып параны,
Өз бармағын, өкініп, өзі шайнап қалады.
Жақсы киім киініп, жылы-жұмсақ піскен не -
Адыра қалар алтын тақ жер астына түскенде.
Аллаға адал құл болу - құр сөз емес, іспен де,
Дүние-малын сарп етіп, хор қызын сол өбеді.
Құл ҚожаАхмет, ұққайсың,
Хақтың жолын тұтқайсың,
Тұтқандарға Хақ жолын дидар нұрын төгеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?