Ахмет Йассауи «Даналық кітабы» - адалдық жаршысы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 12-сабақ.
Мәңгілік шамшырақ: Яссауи ілімі мен Абай жолы
Айгүл Уайсова 23 Шілде, 2016
0 126
Бөлісу
Қазақ руханиятында орны бөлек дара тұлғаларымыздың бірі – Мекемтас Мырзахметов. «Мен ғылымға кеш келдім. Абайдың шығысын дәлелдеймін деп өмірімнің біразы өтті. Бірақ беріспедім, сөйтіп, ұлы Абайдың шығысын алып шықтым, ғылыми айналымға енгіздім» деген жазушы-ғалыммен сұхбаттасудың өзі ғанибет екеніне көзім жетті.
– Абайдың шығармашылығын зерттеп, Бауыржан Момышұлының жанында жүріп ер жеттіңіз. Халық руханиятының шамшырағы Яссауи ілімін де насихаттап жүрген ғалымдардың бірісіз. Осының барлығын қалай игеріп жүрсіз?– Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстікте болып, ел зиялыларымен кездескен кезде «Біздің рухани тірелер жеріміз – Яссауи, гуманистік тірегіміз – Абай, ал патриоттық тәрбие жайы сөз болғанда, Бауыржан Момышұлының батыр тұлғасына жүгінеміз» деген ойды ортаға салды. Біздің идеологтарымыз қаперіне алмаған осы тұжырымды мен таратып айтып берейін. Қазаққа ислам дінін дәстүрлі сенім салтымызға шақтап берген ұлы тұлғалардың бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи. Яссауи ілімі мен Яссауи жолы ұлттық санамызда бірге өріліп келеді. Ол – тақуалық, рухани тазару, адам жаны туралы ілім, адамның ар-ожданы, жеке тұлғаның жан дүниесі, өз болмысыңа үңіліп, жамандықтан безініп, кемелдікке жеткізетін ар ілімі.Қазақ руханиятының биік шыңы болған соң да, оның мұрасымен күрес сонау патша заманынан бері келе жатыр. Өткен ғасырда қаһарына мінген большевиктер де дінді мүлдем терістеп, жойып жіберуге тырысты. Санамыздағы атеизмнің уыты тарай бастағанда уаххабтар мен ислам дінін жамылғандар жиналып келіп, тағы да Яссауиді нысанаға алды. Неге бұлай?!Себебі, Қожа Ахмет Яссауи халықтың ұлттық салт-санасы мен дінді үйлестіре білді. Оның тұлғалық беделі мен ілімінің тартылыс күшінің мықтылығынан бүкіл түркі халқы Баба жолын жадында сақтап келеді. Қай заманда да халық оның басына құран оқып, кесенесін зиярат етті. Ал исламды жамылған жат ағымдарға салсаң, Яссауидің ілімін де, кесенесін де тас-талқан етіп, жер бетінен сыпырып тастағысы келеді. Өйткені, Яссауи тұрғанда өздерінің пиғылының ешқашан іске аспайтынын жақсы біледі, қазақ халқының санасын торлап, ұлт ретінде жойып жібере алмайды. Алайда, неше жүз жылдар бойына жүргізілген патшаның шоқындыру саясатына атеизмнің зардабы қосылып, бүгінгі уахабтандыру еселеп соққанда, рухани тірегімізден айырылудың алдында қалып, өз қазығымызға қайта байланудың сындарлы сәті туындағанын сезінуіміз керек.
Санамызда қақпан мен тұзақ бар
– Ал бұл үдерістер қалай басталды?– Алғаш рет патшалы Ресей біздің құнарлы жерлерімізді алып, ішкерілей енген соң, халықты алауыз ету үшін «сексеуіл әдісін» қолданды. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М.М. Сперанский патшаға хат жазып, «қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң кірмейді, балталасаң жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, быт-шыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек» дейді. Ол кезде кіші жүзде сұлтан правительдер, орта жүзде аға сұлтандар билік жасады. Отарына алған елді келген беттен шошындырып алмас үшін оларға облыс көлеміндей биліктің шетін ұстатты. Және елдің дәстүрлі дін ағартушыларын ескермей, «указной» молдаларын қаптатып жіберіп, ислам дінін таратқансыды. Бұл – саясат еді, салғаннан ислам дініне қарсы шыққан жоқ, дінге ашық қарсылық көрсетуге халықтан ықты. «Сексеуіл әдісінің» жарқын белгісі – болыстық жүйе болды. Төрт би, төрт ауылнай, онбасы, елубасы бар. Болыстыққа кіретін он екі ауыл он екі рудан құралады, онда екі мыңдай түтін болады. Партиягершілік басталғанда, аш иттерге майлы сүйек тастағандай қазақтарды солай таластырып, біздің мінез-құлқымызды бұзды. Жақында Әлкей Марғұланның мұрағатынан шықты. «Таласып босқа, жау болып досқа, қор болып құрып барасың» деп зарлаған Абай солкезеңдерде патшаға телеграмма берген екен. Онда «Мына болыстық елді бүлдіріп жатыр, болыстық сайлаумен емес, генерал-губернатордың тағайындауымен бекітілсін» деп жазыпты. Оған патша өкіметі өлсе де бармайды. Оның себебі, бізді қасиетімізден айырып, тағыға айналдыру еді. Елдің игі жақсыларын араздастырып, бұқараны бір-біріне қарсы қойып, арам пиғылдары іске асып, халық санасының тұнығын шайқағаннан кейін бірден миссионерлік саясат басталды. Яғни, қазақтарды шоқындырып, орыстандыру тетігі іске қосылды. «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген, кейінірек орыс тілінде шыққан «Совершенно секретно: тайны руссификации казахов» деген кітаптарымда солтұстағы мұрағаттық құжаттармен дәлелдеп келіп, оны барынша әшкереледім.Бір қызығы, Кеңес үкіметі де қазақты шоқындырудың «кілтін» іліп әкетіп, интернационализмді күшейтеміз деген желеумен аралас мектептерін ашып тастады. Бұл – патшалық орыс-тузем мектебінің заңды жалғасы еді. Міне, содан бері бұл білім орындарында қазақ та емес, орыс та емес дүбара буын, шала қазақтарды даярлап келеді. Қазір елімізде екі мыңнан астам аралас мектеп бар. Соңғы екі министрге де хат жазып түсіндірдім. Аралас мектептер көбеймесе, азайған жоқ. Сірә, жанайқайым жетер жеріне жетпей жатыр-ау… Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жеріне, елдігіне һәм дініне, құрылған талай тұзақ, талай қақпан» деп жырлағанындай, санамыздағы қақпан мен тұзақтан құтылудың қиындығын әлі күнге дейін сезініп отырмыз. Бұл – сөздің ретімен айтылып қалған жайт.– Ал Абай дәуіріне келсек…– Ұлы ақын халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, толық адам ілімін жасауға кірісті. Осы жерде Яссауи ілімі мен Абай көзқарасы бір арнаға құйылады. Түптеп келгенде, дәуірімізге дейінгі алтыншы ғасырдан Алып Ер Тоңға туралы жоқтау өлеңі біздерге жеткен. Сол кезеңде ахи деген аспанға көтеріледі. Онда ахилар қауымдасып өмір сүріп, өздері мен отбасынан артылған мал-дүниені жоқ-жітікке таратқан. Ахилық культі көтеріліп кетті. Бұл парсы не араб сөзі емес, түркінің жомарт сөзінің өзі. Міне, 11 ғасырда толық кемел адамның көрінісі Тұран жерінде дүниеге келді. «Кемел адам» ұғымы араб түбегінде 12 ғасырларда пайда болды. Ал біздің бабаларымыз бір ғасыр бұрын бұл ілімді таратып үлгерді. Яссауи осы ілімді исламмен ұштастырып, әрі қарай дамытады. Ал Абай толық адамын бізге жеткізді. Оны Шәкәрім жалғастырып, кемелдіктің нұрлы сәулесі Мағжанның да жүрегіне құйылып еді. Ол ерте солды. Сөйтіп қазақтың рухани әлемінде Яссауи жолы үзіліп қалды.
Абай – атеист-материалист емес, Абайды тану керек
– «Абай – атеист-материалист емес, Абайды тану керек» деп айтқанымен, Абайдың жаңа қыры қияда тұрғандай көз жетер емес. Себебі неде?– Тағы да тарихты таратайық. Яссауи хал ілімін жасады, пенделік кәмелеттігі деген қағидамен кетті. Ол «Iлiм екеу-дүр: жан мен тәнге басшы тұрар, Жан ғалымы хазiретiне жақын тұрар… Тән ғалымы залымдарға ұқсар-ермiс» деп жазады. Яғни, «Бұл дүние – жалған, адамды қызықтыратын тек о дүние, сол себепті бұл дүние емес, ана дүниеге дайындалу керек» дейді. Оның осалдау жері осы болды. Одан бөлек инсанаттың кәмалаттығы деген ұғым бар, «Құтадғу білікте» инсани кемелдігін бүкіл адамзаттың жетілуі туралы айтып, оның төрт ұстынын төрт адамның образы арқылы береді. Абай инсанияттың кәмәлаттығын қолдады. Абай «Екі дүниені де бірдей ұстап отыру керек» деді. Осылайша, кемел адам, толық адам – адамзаттың рухани дамуының биігі екендігін түсініп, Абайдың жұмбақ бейнесіне бұрыла бастадық. Абайды дінмен қабаттастырып алмасақ, ақынның жаңа бейнесі шықпайды. Сорымызға қарай, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайды атеист-материалист етті. Енді Абайдың мұрасын қайтадан қарап, материализмнің жамылғысын сыпырып тастай алсақ, онда ақынның жүрегінен шыққан сөз «құлақтан кіріп бойды алары» да, жүрекке жетіп, жанымызды тазартары да анық. Сонда ғана кемтік жеріміз бітеліп, кемелдене түсеміз.Құдай қаласа, Астана төрінде Абайтану институты ашылады ма деп отырмыз. Абайтану биігі айшықталып, жаңа қырымен халқына жақындай түседі деп ойлаймын. Абайтанушы ретінде осыдан бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орындарының ректорларына айта жүріп, алғашқы курстың шәкірттеріне «Абайтану» дәрістерін бастадық. Алдымен студенттерге түсінуге қиын көрінген. Сонда да, осы кезден бастап оқу керектігін алға тарттым. Уақыт өте келе бұл жұмысымыз нәтижесін берді. Жастардың рухани діңгегі бекіп, өзге діннің шылауына алаңдамай, дәстүрлі діннің бастауларынан сусындады. Абай мұрасы – дәстүрлі тәрбиеміздің негізгі құралы екеніне көзіміз жетті. Мұндай нәтиже қуаттандырмай тұра ма?! Орта мектептің бағдарламасына да 34 сағат қосылды. Содан «оқулық жазыңыз» деген тапсырыс түсті. Біссіміллә деп «Абайтанудан» оқулық жазуға кірістім. Байқасам, бір айдан кейін басқа «Абайтану» оқулығы жарық көріпті. Парақтап көрсем, Абай туралы жазылған мақалалар жинақталған, не оқулық, не хрестоматия емес, асығыс жазылған дүние. Ол ол ма, топтаманың тұсауын кесті. Ұйымдастырушылар «Сіз сөйлеңіз» деді. Не айтайын?!Ілгеріде Сәбит Дөнентаев деген ақын болған. «Сарыарқада» редакторлықта жүргенде, бір жігіт драма жазып алып келіп: «Кеше жаздым, бүгін баса ғой» деп Сәбеңді қолқаламай ма. Ол «оқиын» деп алып қалады. Қайдан тұшымды еңбек болсын. Сонда:«Драма ма, құрама ма?Сөз осылай құрала ма?Сендей тауық балапанды,Бір-ақ күнде таба ала ма?» деп Дөнентаев әзер құтылыпты. Біздің ғұламалар бір-ақ күнде Абайтану деген білімді туа салады» дедім.– Жалпы, Абайға қарсы майдан 1923 жылдары басталып, алтын қазығымызды қара таяққа ауыстыруға күш салған жоқ па?– Ақын тұлғасын зерттеуде оның шығармашылығына деген біржақтылық Абай мұрасын тануға көп кедергісін келтірді. «Абайдың батысынан шығысы басым» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі қаперге алынбаған себебі, 1949 жылы СОКП орталық комитетінің космополитизм туралы қаулысы шығады. Сонда «Батысқа бас игендерді де, шығысқа бас игендерді де талқандаймыз» деп өзін-өзі, сайып келгенде орысты ұлықтауды мақсат етті. Абайдың шығысына тыйым салынды. Кейін Мұхтар Әуезовтің мұражайында жұмыс істедім, сол қаулыны білсем де, ақынның шығысын зерттеп, диссертация жаздым. Сегіз жыл қорғауға жібермеді, тек Горбачевтың қайта құрулары кезінде ғана қорғаудың сәті түсті.Халықтың санасын шайып жіберудің небір құйтырқы амалдарын бастан өткердік қой. Латын жазуын алғаннан кейін кімнің үйінде араб жазуы сақталса, «халық жауы» атанып, айдалды. Содан қазақ қолында бар барлық рухани көздерінен айырылды. Қазақ жерінде бірде-бір кітап қалмай, тек шетелдерден тауып жатырмыз. Оның бір бетін 20 доллардан сатып аламыз. Керемет дүниелер шығып жатыр. Мысалы, ежелгі әдебиетті оқытқанда, Н.Келімбетов алты кітапты пайдаланады, біз оның қатарына жаңадан табылған 127 кітапты қостық. Осылайша біздің тарихи санамыз қалпына келіп жатыр. Табылған кітаптардың дені – қолжазба. Олар дін туралы, соғысу әдісі, төрт түліктің бабы, адамның мінез-құлқы, қыздарды өсіру, бала тәрбиесі, рудың шежіресі, қанның тазалығы деген мәселелерге арналады. Бұларды шетелдің он бір мемлекетін аралап жүріп таптық. 15 ғасырдың басында Шейх Тарази Ахмет Құрбандат «Көркем сөз өнері» деген кітап жазыпты. Бұл – «Теория стихосложенияны» Еуропадан үш жүз жыл бұрын жазғанымыздың дәлелі. Мұхаммед Хайдаридің кітабында айтады: «Баласұғында ғалым көп, Самарқандта он атақты ғалым бар, ал мұнда оннан аса адам бар» дейді. Бұл не құпия, қайда сол кітаптар? Бұл – арғы тарих, бергі заманда «зар заман» ақындарын «реакционный» деп қарады. Керісінше, қазақты шоқындыру үшін қысым жасап жатқанда, зар заман ақындары діни қиссаларды төпеп жазып, оны халық арасында насихаттап, удың бетін умен қайтарып отырды. Олардан 140 ақын бар. Енді олардың мұрасын да зерттеуіміз керек. Соның бәрін қайтадан жариялап, халыққа жеткізу – міндет. Біз рухани жолға, бабаларымыздың жолына қайта түсуіміз керек. Тарихи жадымыздан күштеп айырып, осынша мұрамызды жойып жіберіп, «надан, сауатсыз, ештеңе білмейді» деп бізді сендірді. Ұлтта тарихи жады мен тарихи сана болады. Тарихи жад – бүкіл халықтың білген дүниесі, жинаған тәжірибесі. Орыстың Николай Гродеков деген генерал-губернаторы бар, орыстың тарихи санасын қалыптастыру үшін алыс жерде бір жылтыраған жатқан нәрсе болса, соны жинау үшін барын саламыз дейді. Олар жылтыраған қиқымына дейін жинайды, біз қапшық-қапшық рухани қазыналарымызды жинап жатырмыз. Оның қаншасы құрып кетті.– Сонау патшалық заманнан бастап қазақ халқын жығып беруге күш салғандар нені көздеді?– Түркі халықтарының жон арқасы – қазақ ұлты. Сол кезде қалың қазақ жұртына жау тимесе, санымыз миллиондап артар ма еді?! Ғасырлар бойына сынақтың астында келеміз. Бірақ, сынған жоқпыз.Бала күнім Арыс өзенінің жағасында өтті. Жаз болса сол, өзеннің жағасы қызыл майдан болатын. Үстем ұлттың балалары жиналып, бізді ұрып-соғып, суға жолатпайтын. Кейде қол жинап келіп, оларға тұтқиылдан тиіп, ойран саламыз. Ақыры орта жеңді, өзен-көлімізге өзімізді жолатпайтын өзге ұлттың баласына жығып беріп, шовинизмді «интернационализм» деп бүркемелеп, еріксіз оны «бауырым» дедік. Сөйтіп жүріп есейдік. Жасымда анам «Құдай бар» деп санама құятын. Мектепке келсем, басқаша. Ақыры, мектеп жеңді. «Құдай жоқ» деп жүріп пионер болдым, құдайсыздардың қатарында болып, комсомол, партияда болдым. Сөйтіп жүргенде Баукеңнің тәрбиесіне түстім. Надандығымнан ұялып іздене бастадым. Көкірек көзім ашылып, ақ пен қараны ажыратып, халқымның рухани дүниесін ойлап, қам жедім.Арыстың жағасындағы шайқас әлі аяқталған жоқ, өмір бойына жалғасып келеді. Есейе келе олардың қатарына тоғышарлар мен тойымсыздар, табанының бүрі жоқ алаяқтар қосылды. Мұндайда Құтадғу Біліктің «ақылдылардың жауы көп болады» деген сөзі есіме түседі. Менің де жауым – надандық.Әлі де «Абайтану» оқулығын жазып, халқымның рухани азығына айналдырып кетсем деген ойым бар. Елорда төрінде Абай институты бой көтерсе, ол да қазақ руханиятының жеңісі. Сұлтанмахмұт айтқандай: «Сондай-сондай замандар өткендігін қазаққа әдебиеті айтып берген». Әдеби мұрамыз арқылы орта ғасырдың жылнамасын ұлық жыраулардың, ақын-жазушылардың шығармалары арқылы жазып шығу да көкейде жүрген бір арман…
Сұхбаттасқан: Айгүл УАЙСОВА
http://www.astana-akshamy.kz/manggilik-shamshyraq-yassaui-ilimi-men-abaj-zholy/
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?