С.Аронұлы "Сүйінбайдың Қатағанмен айтысы". Қазақ әдебиеті, 7 сынып, дидактикалық материал.
Теориялық материалдар
Айтыс — ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс XIX ғасырда ерекше дамыған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша орын алады. XIX ғасырдың орта шендерінен бастап қазақ айтысының орталығы Жетісуға ауады. Онда айтыс өнері өрен жүйріктерінің қуатты шоғыры қалыптасады. Солардың арасында Сүйінбайдың орны ерекше болған. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов оны «айтыс өнерінің алтын діңгегі» – деп аса жоғары бағалады. Сүйінбай – ірі айтыс ақыны. Ол ақындықты айтыстан бастап, талантының өлең сайысына бейімділігін байқатады.
Айтыс мәтіні (сабақ үшін үзіндісі алынған)
1848 жылдың қоңыр күзінде қырғыздың бай шонжар манабы Орманхан шешесіне ас береді. Бұл жиынға аралас құралас отырған қазақтың Тезек төре, Бөлтірік шешен бастаған игі жақсылары бір қауым ел болып қатысады. Астың ақындарсыз өтпесін білген ақын жанды Тезек төре елге атағы жайылып, таныла бастаған Сүйінбай ақынды ала барады.
Ас ішіліп қызық думан басталарда қырғыздың шоң манабы Қара Бәйтік Тезек төреге Бөлтірік шешеннің қасында отырған бадана көз, сұлу жігітті көрсетіп:
- Ана отырған бала Сүйінбай ақындарың емес пе деп сұрайды.
Бөлтірік: «Иә», - деп жауап бергенше, Сүйінбай домбырасын қағып-қағып жіберіп заулата жөнелді.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,
Мүбәрәк жүздеріңді жаңа көрдік.
Атақты ас жиынды құттықтауға,
Бауырлас қырғыз елі, саған келдік.
Жүйріктер қосылмаған қою шаңға,
Қосылар қыран бүркіт, қашқан аңға.
Хан Жантай, Қара Бәйтік, Әтекеңе,
Келіп ек амандаса Орманханға.
Арғы атаң ер Әтеке, батыр Жантай,
Басына киді бөрік қызыл алтай.
Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін,
Боларын осы астың күттік алты ай.
Бас қосқан екі халық бұл жиында,
Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай.
Қол жайып, құран оқып өткендерге,
Әруағын атаң, қырғыз, келдім жоқтай.
Алдына қалың қырғыз келгеннен соң,
Жарай ма қайтып кету көңіл айтпай?!
Қырағы аспандағы ақиықпын,
Құмары басылмайтын борандатпай.
Сүйінбай осылай деп тоқтағанда, Бәйтіктің тасасында отырған қағылез қайыстай қара жігіт қарғып тұрып пернесі жоқ қомузын жоғары төмен түсіре ойната сабалап, ашшы айқайдан бет ауызы құбылып ашуын тоқтата алмай:
Ау, Сүйінбай, Сүйінбай,
Тоқтат енді сөзіңді.
Ояйын ба көзіңді!
Ақынмын деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді.
Басыңнан өлең жаудырып,
Бір құрайын тезімді.
Барың болса қарышта,
Барар жерің сезілді.
Келіп қапсың байқамай,
Өлетұғын жеріңе.
Қазулы тұрған көріңе,
Көрсетейін көзіңе.
Ажал айдап келген соң,
Саған өлім тегінді.
Тентіреп жүріп қаңғырып,
Былғама шалқар көлімді.
Қара жалым Орманхан,
Жантай, Бәйтік бегімді.
Сыртыңнан іздеп, жүрші ем,
Келтірді Құдай кезіңді.
Түстіңбе бәлем, қолыма,
Үрлейін мес қып теріңді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?