Абай өлеңдері. Қазақ әдебиеті, 6 сынып, дидактикалық материал.
Мұғалімге арналған қосымша ақпарат
Әдебиет сыны - әдеби сын, көркем әдеби сын — әдебиеттану ғылымының бір саласы.
Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық. Дана Абай туылғанына 170 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармалығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар.
Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбайұлынан кейін де талай дүлділ жарап шығып, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, хакім Абайдың жұлдызы биік тұратындығы неліктен? Ол ең алдымен Абай шыығармашылығың әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.
Абай заманынан бері, адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол елдерде дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адам баласының бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Қазақ қоғамы – адами қасиеттер, менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дами алды? Абай шығармашылығына арқау болған – жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық ұяты, қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, аярлық, күншілдік, надандық қасиеттерден толық арыла алдық па? Абай сынды ұлы қаламгерлердің ойларының құдіреті әрбір жеке адамның жеке қасиеттерін қозғаумен қатар, тұтас бір ұлттың, мемлекеттің адамгершілік келбетін таразылайды, тіпті ол шеңберден де шығып, тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Ақынның этикалық мөлшерлерінің адамзат баласына ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігі себебінен оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек.
Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т.б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан, діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды. Абай аңсаған Толық адам – идеалды адам ба? Өмірде толық адам болып өмір сүру мүмкін бе? Абайдың толық адамы тек діни-моральдық бағдарлы ғана адам ба?
Абай шығармашылығына арқау болған құндылықтар қай қоғамда үстемдік етіп, салтанат құрса, сол елдер барлық көрсеткіштер бойынша жақсы өмір сүруде. Абай ілімі құндылықтары аяқ асты болып, екіжүзділік, аярлық салтанат құрған қоғамдар шырғалаңға қадам басып, іріп-шіру сатысында тұр.
Дана Абайдың ұлылығы сол – жеке адамға қатысты өте нәзік, шетін қасиеттерді талдай отырып, ұлттық мінезден де осы қасиеттердің көрініс алатындығын аңғартады. Қырық төртінші қара сөзінде «адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады» деп адам баласының әлсіз тұсының тамырын дөп басады. Осындай «бәрекелді» тілегіштік біздің елде мемлекеттік сипат алды. Мемлекеттік телеарналар мен баспасөзде тек «бәрекелді» тілегіштік сарын, «бәрекелді» тілегіштік саясат. Қазақ қоғамында мәселе, не шешілмеген түйін жоқ па деген ой тудыруы да мүмкін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?