«Аяз би» ертегісі. Қазақ әдебиеті, 6 сынып, дидактикалық материал.
Оқушының аты-жөні________________________________________________________
Топтық тапсырманы жүзеге асыр. Сұрақтарға жауап бер.
- Топ тапсырмасы
Ертеде Мадан деген хан болыпты. Хан болған соң, оның қырық уәзірі болады ғой. Бір күні хан уәзірлерімен мәжілістес болып отырып:
- Уәзірлерім! Сендер қырқың да, асып туған ақылды, данышпан едіңдер. Мен сендерді бір жұмысқа жұмсаймын, сендер маған дүниедегі адамның жаманын және шөптің жаманын, құстың жаманын тауып келіңдер. Он бір ай уақыт беремін. Сол он бір айдың ішінде тауып келмесеңдер, жазалы боласыңдар! - деді. Хан бұйырған соң, амал жоқ! Уәзірлері өзара ақылдасып, іздеуге кіріседі. Көп іздеп, азап шегіп, шеңгел деген шөпті тауып: «Өзі - тікен, арасынан жүрсе, киім жыртады, мал жемейді екен, шөптің жаманы осы гой», - деп, шеңгелді алады. Қырғауыл деген құсты тауып: «Үстінде жүні жоқ, ұсқыны келіссіз, құстың жаманы осы екен», - деп, қырғауылды атып алады. Енді адамның жаманын таба алмай, қырық уәзір келе жатса, таудың етегінде, үстінде жыртық тоны, басында тері тымағы бар, бір адам бес-он қойды бағып жүр. Уәзірлер: «Адамның жаманы, сірә, осы болар-ау», - деп тұрганда, әлгі адам:
- Уа, мырзалар, жол болсын! - деді. Уәзірлер ханның сондай бір жұмысқа жұмсағанын, шөптің, құстың жаманын тауып, ал адамның жаманын таба алмай жүргендерін айтады. Жаман тұрып:
- Түсінікті! Адамның жаманы керек болса, мен боламын, - дейді. Олай болса, жарайды, – деп, Жаманды атына мінгестіріп алып ханға жөнеледі.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Ертегі тіліне тән белгілерді берілген үзіндіден анықтаңыз.
- Ертегінің негізгі кейіпкері кім деп ойлайсың? Неге?
- Ханның іс әрекетіне қандай баға берер едің? Ақымақтық немесе даналық, көрегендік деп танисың ба? Өз көзқарасыңды үзінді негізінде дәлелде.
- Уәзірлер құстың, шөптің, адамның жаманын қандай белгілеріне қарап таныды? Уәзірлердің шешімін дұрыс деп танисың ба? Неліктен?
- Неліктен Жаман өзін Жаман адам деп есептейді? Өз болжамыңды айт.
2-топ тапсырмасы
Ханға келе жатып, Жаман:
— Адамның жаманын тауып алдыңыздар, бірақ шөптің жаманы мен құстың жаманын таба алмаған екенсіңдер. Шөптің жаманы - қарақоға, құстың жаманы - сауысқан еді, – деп, уәзірлерге қырғауыл мен шеңгелді тастатып, олардың орнына қарақоға мен сауысқанды алдырған. Уәзірлер мәнісін сұрайын деп еді:
— Хан алдында айтамын, – деп Жаман сөйлемеді. Уәзірлер келген соң, хан әкелген адамға қарап:
— Әкелген адамдарың жарайды. Қазірге аспазшыға апарып беріңдер, көже мен нан берсін, сыйласын. Ертең ортаға алып, тамаша етеміз, – деп, Жаманды ас үйге жібертеді.
— Бірақ, – дейді хан, - құстың жаманы мен шөптің жаманын таба алмаған екенсіңдер. Құстың жаманы - қырғауыл, шөптің жаманы шеңгел еді. Осыны көре, бұларды әкелулеріңнің не жөні бар еді? – деп, хан уәзірлерге қатулана бастайды. Сонда уәзірлер:
— Тақсыр! Айтқаныңыз дұрыс! Біз, шөп жаманы деп - шеңгелді, құс жаманы деп - қырғауылды алып едік. Бірақ жолшыбай әлгі Жаман: «Шөптің жаманы - қарақоға, құстың жаманы - сауысқан», – деп, бізге оларды тастатып, қарақоға мен сауысқанды алдырды, – деп, жауап береді. Хан тоқтаңқырап:
— Е, Жаманның не білгені бар екен? Шөптің жаманы - қарақоға, құстың жаманы - сауысқан екенін қайдан біледі? Алып келіңіздер! Сұралық, – деп, бұйрық етеді. Жаманды ханға алып келеді. Хан Жаманның бетіне қарап:
— Мен құстың жаманы - қырғауыл, шөптің жаманы - шеңгел деп ойлаушы едім, сен оларды уәзірлерге тастатыпсың. Сен шөптің жаманы - қарақоға, құстың жаманы - сауысқан екенін қайдан білдің? – дейді.
— Тақсыр хан! Елу жасқа келіп жаман болған жоқпын, жасымнан-ақ жаман едім. Өмірім отын, су тасумен кісі есігінде құлшылықта өтті. Сол уақытта шеңгелді әкеліп отқа жақсам, кешке жаққан отым ертеңіне дейін, сексеуілдің шоғындай жайнап жататын еді. Сол уақытта «Киім жыртып, мал жемейтін шеңгел отын болып, пайдаға асады екен-ау», – деп, ойлаған едім. Ал енді қарақоғаны алып, отқа жақсам, жанбайтын еді, үрлесем, жалыны мен шоғы бірге сөніп, күлі бұрқырап үйдің ішін алып кететін еді. Отқа жанбаған соң апарып малға салсам, барлық мал мұрнын жиырып, жемейтін. Сонсоң: «Қарақоға тіпті пайдаға аспайтын шөп қой», – деп ойлаушы едім. Қарақоғаның жамандығын содан білдім, – дейді Жаман.
— Сауысқанның жаман екенін қайдан білдің? – дейді хан.
— Қырғауылдың қанаты бар да, жүні жоқ болса да, адамның пайдасына жарайтын құс еді. Біреудің сиықсыз болуы оның жаратылысынан. Қырғауылдың айыбы - тек сиықсыздығы. Ал сауысқанның жүні ала болғаны сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ. Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам пайдасына аспайтын құс еді. Сондықтан құс жаманы - сауысқан деймін.
— Сауысқан мен қарақоғаның жамандығын білдің. Енді өзіңнің жамандығыңды қайдаң білдің? – дейді хан.
— Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар әйел алып, бала көрді; келін жұмсап, қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге дейін әркімнің артына мінгесіп, басқа біреудің құлшылығында жүрмін. Енді мен жаман емей, жақсымын ба? – деп, Жаман ханға қарайды. Хан басын шайқап:
— Апыр-ай, осы жаман болса жарар еді, – деп ойлап:
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- «— Апыр-ай, осы жаман болса жарар еді» деп ханның күдіктенуіне не нәрсе болды деп ойлайсың?
- Адамның жаманы бола ма? «Жаман адам» деген ұғымға қатысты пікірің қандай?
- Неліктен Жаман өзін «жаманмын» деп есептейді? Жаманның орнында болсаң, өзіңді жаманмын деп баға берер ме едің?
- Неліктен халық ертегі кейіпкеріне «Жаман» деген ат қойды?
- Жаманың құстың жаманы сауысқан, шөптің жаманы қарақоға деп тануына не түрткі болды деп ойлайсың?
3-топ тапсырмасы
Хан біраз ойланып отырып:
Ал сен менің өзімді сынашы. Мен неше атамнан бері хан екенмін? – дейді хан.
Жаман:
— Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
— Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ, – дейді. Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:
— Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Жаман саспайды.
— Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, – дейді. Хан не дерін білмей, халыққа қарап:
— Апырым-ау, мына Жаман не дейді! Халқым, мен хан баласымын деп жүр едім, шақырыңдар анамды! – дейді.
— Ол о дүниеге біреудің қанын жүктеп барып, тәнірі алдында қара бет болмасын, не де болса шынын айтсын. Әйтпесе ашумен мына Жаманның басын кесемін! – дейді. Шешесі келген соң, хан шешесіне Жаманның сөзін айтады. Шешесі терең күрсініп, сөзге кірісті:
— Е, шырағым, жасым сексенге келгенде біреудің қанын жүктеп не қылайын. Бір сыр бар еді, оны тәңірінің өзі білетін еді, мен білетін едім. Мынау Жаманың біліпті, енді айтайын. Атаң сенің Зәрлі хан еді. Менен бұрын он тоғыз әйел алып, кілең қыз тапқаны үшін бәрінің де ішін жарып өлтірген екен. Соның үшін де «Зәрлі хан» деп халық ат қойып еді. Жиырмасыншы әйел етіп мені алды. Мен де екіқабат болған соң, жалғыз жанымнан қорқып, тәуіптерге қаратып едім: «Сенің ішіңдегі де қыз», – деді. «Қыз тапсам мені де өлтіреді ғой!» – деп, қайғы жедім. Сол күндерде аспаз наубайдың әйелі де екі қабат екен. Оның да тамырын ұстатып қарап едім: «Оның ішіндегі ұл», – деді. Жалғыз жаным үшін сол жерде маған ой келді. Ол әйелді оңаша шақырып алып, барлық мұңымды айтып, қазынадан табақтап алтын беріп: «Ақиреттік дос болайық, ұл тапсаң ұлыңды маған бер, менің қызымды ал. Бірақ бұл сырды ешкім білмесін!» – деп жалындым. Әйел табақтап алтын алып, бір жағынан мені аяп, сол жерде уәдесін берді. Туар кезімізде Зәрлі хан аңда еді, екеуміздің толғағымыз бір күнде келіп, бір сағатта босанып, сырды ешкім білмесін деп, басқа біреуді де жолатпай, біріміздің баламыздың кіндігін біріміз кесіп, сол қолыммен қызымды беріп, оң қолыммен алған шырағым сен едің! Енді бұл күнде мына Жаманың оны біліпті. Сыр ашылуға тәңірі жазса, не шарам бар?! – деп, сөзін аяқтай алмай, шешесі жылап жібереді. Хан:
— Сөз тапқанға қолқа жоқ! Олай болса, мен таққа лайық емес екенмін, осы оқиғаны оймен білген сіз лайықты екенсіз, – деп хан тағынан түсіп, тақты Жаманға береді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Неліктен хан өзін сынатты деп ойлайсың? Өзінен күдіктенгендіктен бе?
- Ханның қарадан шыққанын Жаман қай әрекетінен таныды? Шығармадан дәлел келтір.
- Ханның өз тағын Жаманға ұсынуы наубайдың баласы болғандығы үшін бе әлде Жаманды хан тағына лайық деп тануынан ба?
- Анасының әрекетіне қатысты шешімімен қаншалықты келісесің?
- «Зәрлі хан» деп атауы атына заты сай екендігімен байланысты ма?
4- топ тапсырмасы
Күндердің күнінде, бір күні Жаман сыртқа шығып тұрса, қаланың ортасында тігулі алты қанат ақ боз үй тұр; төңірегінде қаптаған кісі, үйге кіруге кезек күтеді. Жаман қайтадан үйге кіріп, ханнан:
— Бұл не жиын? – деп сұрайды.
Хан сонда:
— Қалада қара болса да, байлығы менімен қатар, Уәлібай дейтін бай бар Сол Уәлібайдың Менді дейтін қызы он бес жастан күйеу таңдап: «Өзімнен ақылы артық кісіге тием», – деп, жиырма жылдай отырды, қазір отыз бесте. Бұған дейін ешкім ақылы артып, оған күйеу бола алған жоқ. Бәрі де барып, қызға жауап қайтара алмай, қайтып кетеді. Ол жиын - қызды жеңіп аламыз деп жүрген бай мырзалардың жиыны, – дейді Жаман: «Мен де барып көрсем кайтеді?» – деп ойлап, кешке жұрт орынға отырған соң, жайлап қыздың үйіне барады Есікті қағып еді, бір әсем келіншек шығып:
— Не жұмысыңыз бар? – деп сұрайды.
— Менің жұмысым сенде емес, қызда. Бар, қызға айт! – дейді.
Келіншек күліп, қызға барып:
— Бикеш-ау, күйеу таңдаймын деп, сен де жұртты басындырып болдың-ау! Адам көргісіз бір жаман кісі сенде жұмысым бар, – дейді. Сенен ол да дәме етіп келген білем! – деп, калжыңдайды. Қыз жымиып күліп:
— Ол түрге жаман болғанмен қандай кісі екенін қайдан білесің? Мынаны алып барып бер, – деп жеңгесіне гауһар, пышақ, тәрелке және қайрақ тас беріп жібереді. Жеңгесі ол заттарды апарып берген соң, Жаман қолына алып қарап тұрады да:
— Бар, мұның құралын әкел, – дейді...
Сұрақтар мен тапсырмалар.
- «Өзімнен асқан ақылы артық кісіге тием» деуі қыздың қандай бейнесін ашады?
- «Гауһар, пышақ, тәрелке және қайрақ тас» арқылы нені жұмбақтады деп ойлайсың?
- Саған осы заттарды берсе қандай жауап айтар едің?
- Сенің ойыңша, оқиға әрі қарай қалай дамуы мүмкін?
- «Қалада қара болса да, байлығы менімен қатар, Уәлібай дейтін бай бар» Ханның Уәлі байды неліктен байлығын өзімен қатар бай деп баға береді?
5- топ тапсырмасы
— Онда Уәлібайдың қызының үйіне барғаның рас па еді?
— Рас еді.
— Алам деп, уәде беріп пе едің?
— Беріп едім.
— Ендеше, мана неге айтпадың?
— Тақсыр! Мана айтпаған себебім мынау еді. Мен барып, Уәлібайдың қызына сырттан хабарласқанда, ол маған бір тәрелке, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Ол оның: «Қайрақтай болып езілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып, басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі, мына гауһар тастай жарып мені алады», – дегені еді. Сол сырды: «Пышақтай болып басым кесілгенше айтпаспын!» – деп, пышақты жетесінен сындырып, «қайрақтай езілгенше!» деп, қайрақты уатып, «тәрелкедей уатылғанша» деп, тәрелкені қиратып, «гауһар тастай жарып, сені алам!» – деп, гауһар тасты қақ бөліп, уәде беріп едім. Сол себепті мана шынымды айтпап едім. Қыздың өзі мені аяп, ақ боз атқа мініп, бетіне перде жауып келіп, дардың жібін қиып, көкірегіме көлденең қылыш тастап кеткені: «Мен үшін кінәсыз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмейді деуші еді, антыңды қайтып ал», – дегені еді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Диалог кімнің арасында жүріп жатыр деп ойлайсың? Неліктен?
- Ертегі үзіндісінен ертегінің қай түріне (қиял-ғажайып, шыншыл, тұрмыс салт) жатқызар едің? Неліктен?
- Берілген эпизод Жаманның қандай бейнесін ашты деп ойлайсың? Дәлелде.
- Қалай ойлайсың, Жаман адамға берген сертін бұзбайтынын дәлелдей алды ма?
- Ханның әрекетіне қатысты қандай баға берер едіңдер? Неліктен?
6-топ тапсырмасы
Жаман тапқырлығымен ханға жағып, екеуі дос болыпты. Бір күні қырық уәзір кеңесіп отырып: «Бұл Жаман біздің жаман кісі іздегенде ат артына мінгестіріп алып келген жаманымыз еді. Бұл күндерде хан оны өзіне жақсы дос қылды; қыз әперді, бізді есепке алмай тастады. Қой, бүйтіп болмас! Біз бұл екеуін араздастырайық. Жаманның әйелін мақтайық, үйіне конаққа апарып көрсетелік. Сөйтіп, екеуінің арасына от жағалық», – деседі. Уәделері бойынша Жаманның әйелін ханға мақтайды.
— Тақсыр, шынында, ол әйел сізге лайық әйел! – деп, ханды азғырады.
Сұрақтар мен тапсырмалар.
- Қырық уәзірдің бір Жаманға татымайтындығын мысалмен дәлелдеңдер.
- «Тақсыр, шынында, ол әйел сізге лайық әйел» деп уәзірлер неліктен ханға лайық деп таныды?
- Ертегінің бас кезіндегі хан әрекетінің қазіргі кездегі әрекетіндегі айырмашылық бар ма? Неге?
- Оқиға қалай өрбуі мүмкін? Өз болжамдарыңды айтып, жалғастыр.
- Ертегінің соңы жақсылықпен аяқталады деп есептейсің бе? Неліктен?
7- топ тапсырмасы
— Уәзірлерімнің күнәсін кешірдім. Неше рет екеуміздің арамызға от салып, сенің қоныс аударып, көшіп кетуіңе себеп болып еді. Сонысына ызаланып: «Өздері әбден жеңілсін, кінәларын мойнына алсын!» – деп едім. Менің тілегім орындалды. Ал, халық, мен де біраз хан болып, қызық көрдім. Ендігі хандығымды мынау досыма берем. Сіз де, енді тартынбаңыз, таққа сіз мінуге уақыт жетті, қалған өмірде сізге қызмет етіп, сіздің хан болған қызығыңызды көрейін, – деп, Жаманды қолтықтап әкеліп, хан тағына отырғызады. Елі отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Жаманды ақ киізге салып, хан көтереді. Жаман Ақша ханның еліндегі үйін көшіріп алады. «Жаман таққа мінген соң, ешбір соғыссыз, бес хандықтың қонысын біріктіріп, ел арасында достық орнатыпты», – дейді. Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп, қосыла беріпті. Сол уақыттан бастап әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға: «Аяз би» деп ат қойып, сол аты өле-өлгенше қалды дейді. Аяз би әділ болды. Тура билік етті, нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басушы еді дейді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» мақалы Аяз биге қатысы бар ма?
- Ертегі неге «Аяз патша» емес «Аяз би» деп аталған? Неліктен Жаманға «Аяз би» деп ат қойды?
- Адамның пенделік әрекетіне қай әрекетін жатқызар едің? Неліктен?
- Аяз би адамның пенделік қасиетінен қалай сақтанғысы келді?
- «Аяз би» ертегісіндегі ертегілік сипаттағы сөз орамадарына және шыншыл ертегіге жататына нақты дәлел келтіріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?