Табиғат және мен. Қазақ тілі, 11 сынып, таратпа материал. 7 сабақ. 1 нұсқа.
Ақын Қадыр Мырза Әлидің табиғат туралы өлеңдері
Сары парақ
Дүбірлеткен далада,
Қыраттарда
Қызығамын құлан мен құр аттарға.
Қызығамын
Қияға шығып алып,
Мүйіздерін қасысқан лақтарға!
Демеймін мен аңшыға өлтіріп бер
Көз алдыңа онан да келтіріп көр:
Маған сондай ұнайды
Боз далада
Бірін-бірі аунатқан бөлтіріктер!
Көремін деп қызығын сабаздардың,
Көк теңізге,
Көлге де біраз бардым...
Маған сондай ұнайды
Үрпиісіп
Шекіскені балапан қораздардың.
Қуанып та,
Қайғырып, күрсініп те,
Ыстықтап та,
Тоңазып, түршігіп те,
Өмір бойы келемін қызығумен
Табиғатқа,
Табиғи тіршілікке!..
https://bilim-all.kz/olen/10033-Sary-paraq
Табиғат және мен
Табиғаттан қол үзу де — бір қайғы.Күйбең тірлік қызығыңды ұрлайды,Банкеттегі хрустальдің сыңғырыЖапырақтың сыбдырына тұрмайды.Жырға құмар көмекейім сырнайлыГазды суды ішсем болды — құрғайды.Шоколадтың ең тәуіріТоғайданТеріп жеген бір жидекке тұрмайды.Он флакон әтіріңізБір уысКөк жусанның жұпарына тұрмайды!Руль емес,Мына маған бер қамшы.Мен боп саған айтар сырын бар малшы.Қайта туу мүмкін емес,ЕгердеҚайта тусам,Болар едім орманшы!..
https://bilim-all.kz/olen/9847-Tabigat-zhane-men
Табиғатқа табыну
Табиғат,
Көңілінде бар ма сынық?!
Сен мені —
Сахараның ардасын ұқ!
Бұл жолы шөлмексіз-ақ,
Қалбырсыз-ақ,
Мен саған келіп тұрмын дорба асынып.
Өзіңде өткізген ем бұла күнді.
Сағындым бөкеніңді,
Бұланыңды.
Үнінен бажылдаған машинаның
Дем алдыр менің сорлы құлағымды!
Ойлама бірі екен деп мені екінің.
Маған жат әрекеті әулекінің.
Іліп қой жел өтіне
Киімімді
Иісі сіңген әбден темекінің.
Бағалай алмады деп көк теңізді,
Табиғат,
Әшкерелеп сөкпе бізді.
Тазала, саумал ауа,
Самалыңмен
Заводтың мұржасындай өкпемізді.
Санадан гөрі кейде сезім жетік,
Сезімсіз болар менің сөзім жетім...
Табиғат,
Емде мені,
Оралайын
Өзіңсіз күн жоғына көзім жетіп!
https://bilim-all.kz/olen/9979-Tabigatqa-tabynu
Жаңбырсыз жаз
Бұрынғыдай Жайық емес Жайық та,
Жағалауда қаңсып жатыр қайықтар.
Көрмедім деп болмай-ақ қой күдікті,
Көңілі де орта түскен құдықтың.
Бір тамшы су бере алмайды ұрттарға
Шүберектей кеуіп кеткен бұлттар да.
Көк бет аспан безергеннен безеріп,
Шөлдеген жер жатыр ерні кезеріп...
https://bilim-all.kz/olen/9737-ZHanbyrsyz-zhaz
Орман
О, табиғат!
Хауанадай кәрі анам!
Орманыңа өзге көзбен қарағам:
Зәулім-зәулім перзенттерің болмаса,
Орта бойлы ұлдарыңның бәрі аман.
Менің өзім зордан емес, борданмын,
Зор боп тусам, мен де саған қорғанмын.
Сұлап жатыр самырсындар көк соққан
Опат болған батырындай орманның.
Төбесінде қыран ғана қалықтар
Тайгада бір мұңға шомған қалып бар:
Ана жерде,
Мына жерде
Әлгідей
Жасын түсіп,
Күйік шалған алыптар.
Мидай жазық жапан түзге тойған ем,
Мына нуға сосын әбден бойлап ем,
Орманнан да қалыңырақ
Ұйысқан
Жабағыдай
Батып қайттым ойға мен.
Ақылға бір сыймайсың-ау, ажал-ай!
Аспан кескен әділетсіз жазадай
Ну тайгадан таңдап-таңдап
Ең биік
Ағаштарға түсіпті ылғи найзағай!
https://bilim-all.kz/olen/9642-Orman
Қараша
Құстар да жоқ күні кеше шуласқан,
Қара бұлттан көрінбейді дулы аспан.
Ақ тұманға оранғанда хауыздар,
Алып айна сияқты екен бу басқан.
Жыр оқысаң бәрі де анық әріптің
Жаздың түні болушы еді жарық түн.
Күзгі парк жапырақсыз,
Гүлзарсыз —
Парк емес —
Әруағындай парктың.
Жастар құмар бақыт дәмін татуға,
Жазда олар асықпайтын жатуға,
Қазір енді, айтпағанда адамды,
Күннің өзі асығады батуға.
Күз бояуы өшірген бе,
Көріңдер:
Гүл сияқты емес күзгі еріндер...
Бірақ кеше ғажап көктем өткенін
Салады еске аяғы ауыр келіндер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?