Қазіргі қоғам. Миграция. Зияткерлік миграция.Шешендік сөздер. Қазақ тілі, 11 сынып, дидактикалық материал. 1 сабақ. 2 нұсқа.
3-тапсырма
Берілген мәтінді оқы. Сұрақтарға жауап бер. Мәтіннің жанрын, мақсатын, аудиториясын анықта. Анықталған бойынша тілдік белгілерін (термин сөздерді, тілдік оралымдарды) тауып, қолданысын түсіндір.
Оңтүстік Кореяның көші-қон қызметі визасыз режимге қарамастан биылғы 10 айдың өзінде 5 мың қазақстандықты әуежайдан кері қайтарған. Себебі, олар Кореяға заңсыз жұмыс істеуге келді деген күдік тудырған.
Кореяның көші-қон қызметі бүгін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына бірінші рет сұхбат берді. Осы кездесуден жаңа ғана шыққан әріптесім Дулат Абибуллаев қазір Сеулден байланысқа шығуға дайын тұр.
Дулат Абибуллаев, тілші:
Расында да Кореяда өзге елдің бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру сирек жағдай. Дегенмен, осы елдің көші-қон қызметімен сұхбаттасудың сәті түсті. Белгілісі, екі ел арасындағы визасыз жүріп тұру режиміне қарамастан корей шекарашылары 5000 қазақстандықты елдеріне кіргізбей әуежайдан кері қайтарған. Себебі, бұл азаматтар олардың күдігін туғызған. Олардың барлығы дерлік бұл елге келгендегі мақсаттарын шекарашылармен сұхбаттасу кезінде түсіндіре алмаған.
Жалпы Кореяда алыс-жақын шет елдерден 310 мыңнан астам заңсыз мигрант бар екен. Оның 12 мыңға жуығы - Қазақстан азаматтары. Корей көші-қон қызметі бұл мәселені шешуге Қазақстан тарапы да құқықтық құжаттар қабылдап, атсалысуы керек дегенді айтты.
Пак Джу Хен, Оңтүстік Корея Республикасы көші-қон қызметі тергеу бөлімінің хатшысы:
Заңсыз мигранттар санын азайту үшін әлемдік тәжірибеде екі елде құқықты шаралар мен өзге де шектеулер қолданады. Мысалы, депортация жасалған азаматтарды өз еліне оралған соң шетелдерге мүлде шығармау секілді санкциялар қолданылғаны дұрыс. Біздің заңнама бойынша оларға 20 миллион вонға дейін айыппұл салынады және 10 жылға дейін Кореяға кіруге шектеу қойылады. Сондықтан да, заңсыз жүргендер жасыл дәліз режимін барынша қолдануы керек.
Белгілісі, бүгінге дейін бірде бір Қазақстан азаматына ақшалай айыппұл салынбаған. Корей билігі бұл құқықтық құралда әзірге қолданған емеспіз деп отыр. Қолданған күннің өзінде айыппұл көлемі заңсыз жүрген мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. Яғни, 20 миллион вон немесе 6,5 миллион теңге бұл айыппұлдың шектік мөлшері.
Корея Республикасының Қазақстан азаматтарын елге кіргізбеу себебі неде?
Неліктен қазақстандықтар Корея еліне миграциялайды? Жасыл дәліз режимі қандай режим деп ойлайсыз?
(Түсінік: "Жасыл дәліз" акциясы аясында Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар, егер өз еркімен еліне қайтамын десе, ешқандай айыппұлсыз, депортациясыз еліне қайтарылады. )
4-тапсырма
Грамматикалық материал
Ресми стиль туралы ақпаратпен таныс, конспектілеп ал. Келесі тапсырмада берілген мәтіннен ресми стильге тән белгілерді атап, тілдік бірліктері арқылы дәлелде.
Ресми-іскери құжаттардың тілі – клише, стандарт, шаблон құрылымдардың жиынтығы. Онда тұрақты сөз орамдарының, стандарт тілдік бірліктері байқалады: тұрақтанған үлгілердің, қысқартулардың мол болуы, материалдың белгілі бір тәртіппен орналасуы, құжаттың белгілі бір қалып, үлгі бойынша толтырылуы, ақпаратты ықшам да дәл бере отырып, белгілі бір тілдік құрылымдарды орнықтыра түседі.
Ресми стильдің екі түрлі қызмет атқаратындығы түсіндіріледі: бірі – информативтік (ақпарат беру) қызмет; екіншісі – волюнтативтік (іске итермелеу) қызмет. Мәселен, анықтама үлгісінде ақпараттық немесе хабар беру қызметі басым көрінсе, бұйрықта бір іске итермелеу не болмаса сол істі орындауға міндеттеу қызметі анық байқалады; ал хаттама құжатында әрі ақпараттық (тыңдалды), әрі бір іске итермелеу (қаулы қабылданды, шешім шығарды) қызметтері қатар жүзеге асады.
Ресми стильдің үш шағын түрі айқындалып қалыптасқан:
- әкімшілік-кеңсе (іс қағаздары) шағын стилі (анықтама, өтініш, өмірбаян, түйіндеме, мінездеме, арыз, хаттама, хабар-ландыру, бұйрық, жеке іс парағы). Бұдан басқа азаматтық қатынастарды реттейтін сенімхат, қолхат, келісімшарт, тапсырыс қағаздары, еңбек келісімі, т. б.
- таза заң шағын стилі (заң, қаулы-қарарлар, жарлық, жарғылар, азаматтық, қылмыстық істер актілері,т.б.);
- дипломатиялық шағын стилі (келіссөз, мемлекетаралық шарттар, іскери хат, үндеу, нота, мазмұндама, меморандум, конвенция, т.б.).
Ресми стильдің түрлері белгілі бір қалыпқа түскен үлгі бойынша жазылады да, онда саяси-публицистикалық лексика, әкімшілік терминдер мен номенклатуралық атаулар жиі қолданылады (мекеме, ұйым, өкілеттік, ақпараттық хат, шарт, келісім, ереже, қаулы, нұсқау, өтінемін, сенім білдіруші, келісілген, төменде қол қоюшылар, қолхат, куәлік, күн тәртібі, шешім қабылданды, бұйрыққа жіберілсін, Ұлы мәртебелі, т.б.). Логикалық жүйелі құрылған ой құрмалас сөйлемдер арқылы беріледі, ондағы сөздердің орын тәртібі қалыптасқан құрылымнан тұрады.
5-тапсырма
Халықтың көші-қоны туралы Заңының 55-бабын оқы. Сұрақтарға жауап бер. Ресми стильге тән белгілерді тауып, түсіндір.
55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі
1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті ішкі істер органдарына:
1) әрекетке қабілетті азаматтар - өздері;
2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.
4. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді.
Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сауалдарын он күн мерзімде қарайды.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.
5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.
7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Берілген мәтіннің қызметін анықта.
Ресми стиль түрін анықта.
Ресми стильге тілдік белгілерді анықтап, түсіндір.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?